Менің сүйікті мекенім – Алматы шаһары. Саяхат. Жаздың аяғы, күздің басы. Жапырақтар енді...
Жұмабай Шашайұлы. Шал мен жылқы
Буырылға үйренген жылқылардың Қайыптан бiр-ақ шыққанын естiгенде: «Бiреу-мiреу айдады-ау, әйтпесе бiр жақтағы Қайыпта несi бар?» деп шалдың ойы сан-саққа жүгiрдi. Күш қайта бастаған соң кежегесi кейiн тартты ма, әне-мiне көздеп қайтам деп жүрiп, күздi де өткiзiп алды. Төске түнi бойы жаңбыр жауып, арты қарлы боранға айналғанда : «Төменгi жаққа бiржола қар түскен шығар?» деп ұйғарған. Сөйтсе, онда да тура осындағыдай болыпты. «Басқалары күнiн көрер-ау, әлгi күрең байталдың ұсқыны нашар едi, қайтер екен бишара» деп уәйiмдей бастады. Үйдегi бес-алты уақжан да бiр кiсiнiң қолын байлайды. Кемпiрдiң сұры анау, далаға кiрiп-шығуының өзi мұң. Тығырыққа осылай тiрелген сайын шал қалада тұратын балаларын есiне алатын әдетi. «Иттердiң ең құрымағанда бiреуiнiң малға үйiрсек болып шықпағанын қарашы!» Мұндайда өз-өзiнен өзегi өртенiп, түңiлiп кетедi.
Кiшi ұлы Әнуар әскерден оралып, ыстық-суығы әбден басылды-ау дегенде қасқа атты алдына көлденең тосты.
– Балам, мынау елге аман-есен оралғаныңа атағаным, ат қып мiнем дейсiң бе, жоқ, құс боп ұшқың келе ме, әйтеуiр, не қылсаң да өзiң бiл.
Көп ашылып-жарылмайтын әкесiнiң бұл бейiлiне разы боп кеткен ұлының қара торы, жұқа өңi алабұрта жөнелдi. Табалдырыққа жайымен жайғасып алып, қасқа тайға iшiп-жеп қараған әкесiне бiр, қалғып-мүлгiп монтаны тұрған жануарға бiр қарап, жұтына түстi. Шыбындаған тайдың тынымсыз шыпылдаған құйрығы етiн осып, шымылдатқанын елемеген Әнуар жұнттай жұмыр бiтiмiне сүйсiнiп, қасынан үйiрiлiп шықпай:
– Көке, шынымен күзеген жоқсыз ба? – дедi.
Баласының сұрағына iшi жылып сала берген шал «Бәсе, көрген-баққаны мал емес пе едi» деп ойлады.
– Жаралғаннан солай. Тұяқтарына қарамайсың ба, тура қолмен құйғандай. Далиған омырауына қарашы, атты кiсi еркiн өтiп кететiндей кең. Тағы өзi барып тұрған бұзық. Қашса, тура бар ма, атқа жеткiзбейдi. –Құдды немересiнiң қылығын әңгiме қылып, етжүрегi елжiреп кеткендей шалдың дөп-дөңгелек шырайы әлденеше құбылды. Әңгiме өзi туралы екенiн сезгендей басын кегжең еткiзе жұлып алған қасқа тай Әнуарға бұрылып, тұмсығымен бiр түртiп қалды да, бастапқы қалпына көштi. Тайдың мiнезi әбден өзiне сыралғы болғандықтан ба, шал жымиып қана қойды.
– Көке, мен мұны ауылға әр келген сайын мiнiп, тауға шығып тұрамын, – дедi бiр өңкей тiкiрейген жалды құлатып жатып. Шошына селт ете түскен шал Әнуарға одырая қарап, қатты да қалды. Түк сезбеген күйi ол тайды төңiректеп әлi жүр. «Құдайдың ұрғаны-ы, бұл да далабезер болмақ па? Жетпiстегi әкесi желкiлдеп тұр дей ме екен?» Әшейiнде ырғалып-жырғалып асықпай баппен жүретiн кемпiрiнiң осы әңгiменiң үстiне сап ете түскенiн қарашы. Өрекпiген көңiлiн баса алмаған Әнуар лекiлдеп лепiре сөйлеген бойы:
– Апа, мына тайды көкем маған бердiм дейдi. Осындағы Әдiлет пе, Қуан ба, әйтеуiр, бiреуге табыстап қоямын, бағып беретiн шығар. Келiп-кетiп жүргенде ара-тұра мiнiп, тауға барып қайтармын.
Дүниенiң бәрi орын-орнында тұрғандай етжеңдi кемпiрiнiң әңгiмеге емен-жарқын араласқанына бұл әлi күнге дейiн таң.
– Е, халық аман болсын, бiр лажы болар. Шал сендердiң бақтарыңа бола тiрi жүр ғой, әшейiн.
Ендi, мiне, сөйткен кемпiрдiң қабағы салыңқы, кiрбiң-кiржiңi де көп. Бiр шай бергеннiң өзiнде көкiрегiн қарыс айыра аһылап-үһiлеп, у iшкiзгендей қылады. Ал анда-санда балалары келе қалса жайраң қағатынын қайтерсiң, тағы. Ортанша ұлы басқаларынан өзгешелеу дызылдақ па, жоқ, шынымен ойлап қамыға ма, әйтеуiр, iшке қонбайтын тосаңдау сұмдықтарды айтады. «Көке, балаларыңыздың сұры анау, өзiңiз болсаңыз қартайдыңыз. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертеңгi күнi бiрдеңе болып кетсеңiз, бар ғой, ештеңенiң есебiн таппай елге күлкi боламыз да қаламыз» – дейдi. «Апы-рай, күн суытқанда Қайып қай бiр оңған өрiс дейсiң. Аңыздың орны болса бiр жөн, күзде-ақ, шаңын шығарып айдап тастамаушы ма едi» деп, шал ендi жылқылардың жағдайын ойлауға көштi. Күн төтеннен суытқалы баяғы қатты қыстағы жылқы баққаны ойынан шықпайтын болды. «Жылқыдан әулие мал жоқ-ау, жарықтық» дедi өзiне-өзi. Сай мен жыра-ны қалқа, ық деп жайғастырып, көз байланғанда бiр-ақ үйге оралатын. Таңертеңгiсiн кешегi жерiне қайтып келе жатып «түннен қаншасы ұшып жығылды екен» деп қамығушы едi. Онда жердiң құты қаша қоймаған кез бе, желдiң ығына қарай шыр айнала жайылған жануарлардың дүркiн-дүркiн пыр-пыр етi, қарды күрсiлдетiп тепкiлеген жойқын қимылын тумысын-да алғаш рет көрiп тұрғандай таңырқаулы сыңайда ұзақ бөгелетiн.Тынымсыз уiлдеген желге қылқұйрықтардан шыққан сырылдаған дыбыс қабаттасқан уақытта жүйе-жүйесi босайтын күйге душар қылатын. Кiшкене аумақтың қарын әуелi теуiп аршып болған соң тоңази қалтылдап шыға келген бетеге, жусанды күрт еткiзiп бiрден қырқып алмастан ернiмен жымқырып жұлатынына бiраз алданып бақты. Боз, қылаң жоқ, баран ба, ширатыла қырау тұрған ақсүңгi-ақсүңгi жылқы бiткен жарықтық танауларынан бұрқ-бұрқ бу атып, айнала төңiрек шаңытып жатады. Сондай күндердiң бiрiнде ертеңгiсiн келсе – кешегi орнында жылқы үштi-күйлi жоқ. Тепсең жер көртышқанның iндерiндей үйме-жүйме де, шыққан iз бiреу-ақ. «Бұл не сұмдығың?» деп қатты састы. Күнбатыстан соққан жел өңменнен өтердей суық. Түйетайлы сай мен ой-шұңқырдың бәрiн аузы-мұрнын толтыра асып-төгiлген оппа қардың жиек-жиектене қабыршықтанған мың сан түрлi бедерлi өрнегiне қанша алданбайын десе де, көзi амалсыз түсе бердi. Беткей-беткейдегi бетеге мен жусан жазмышқа құлдық ұрғандай қалт-құлт етiп бiр уыс, бiр уыс болып бүрiседi. Бiр тұяқтың шеңбер шаршысына дөп келетiн iзбен сонда көп жүрiп едi. «Апыр-ай, бiр кәдiк болды-ау» дегендi iштей әлсiн-әлi қайталай берген. Бiр белдi асып, ойпаңға түскенде тарам-тарам жосыған көп iз алдынан жамырап шыға келдi. Таң қалмасқа шарасы қайсы. Айналасын жал-қырат қаумалаған кең қолтықты жазықта пырдай болып жатқан жылқы ұшыраса кеткенде сыздап қобалжыған көңiлi бiрден жай тапты. Жылқылар елеңдесiп бастарын жұлып-жұлып алды. «Құзғындатып тағы жеттi ме» деген сыңайда одырайыса қарасып, қаудиған үрпиiңкi дене-лерiн бiр-бiр сiлкiп, жер тебуге қайтадан қызу кiрiсiп кеттi. Жайылған тұстары құмырсқаның илеуiндей үйме-жүйме, қардан аршылған жерлерi сау тамтығы жоқ таздың басындай шұрық тесiк. Дәл сонда қандай күй кешкенiн кiм бiлсiн, қазiр шалдың төбе құйқасы өз-өзiнен шымырлап, тұла бойын қалтыратқан дiрiл жүгiрiп өттi. Осы жасқа дейiн көңiлiнде түйткiл секiлдi нәрсенiң көбi болды ғой. Жалғанда жақсы көретiн дүниесiнен бiрақ бұлайша ажырап, алыста қалғандай сезiнбептi өзiн. «Әлгi айғырдың қоқаң-соқаңы көп болғанымен, шындап келгенде он биенi шығаруға шамасы келе қояр ма екен? Әй, қайдан...» Жөнi жоқ жерде сестенiп, шенiне жан баласын жуытқысы келмейтiн құр көкiректiгiн жақтырмайтыны рас. Он қаралы жылқыны сөйтсе де, бiрiншi құдайға, екiншi соған тапсырғанда: не бопты, атасы айғыр ғой, шағын жылқының шашауын шығара қоймас» деп ұйғарған. «Ойпырай-а, Қайыпқа қалай барды екен, бiр бәлеге кез болып қалмаса жарар едi де».
Сырттағы уақжанды жайғап үйге кiргенде шай қамдап қойып, өзiн күтiп отырған кемпiрiнiң жалпақ бетi солғын, шығыңқы шықшыты пышақпен сылығандай тiк жарланып, әжептеуiр жүдеп қалғанын байқады. Суықтан кiрген шал пешке әуелi екi алақанын жайып, жылынбаққа ыңғайлана бергенде, кемпiрiнiң күйзеле қабағын шытқанын аңғарып, қалт тынды. Қитығуын қитықты-ақ. Бiрақ ештеңеден байыз таппаған көңiлi құлази бердi. Малымның басы да, құты да деп қажетке жаратпай жүрген тұқыл жалды, мес қарынды манғұл шалыс жиренқасқа биенiң бiтiмi кенет көз алдына келе кеткенi. «О, қайран қасқа бие!» Көкiрегiнде оттың қозы қалғандай тұтас қызынып кетiп,жалыны қолқасына дейiн шапты. Алты ай жазды өткiзiп, күзге салым көздеуге барғанда, бәрi кiсi көрмегендей одырайысып қарсы алса, қасқа бие ғана тапжылмастан жайылып тұра бередi жануар. «Бейшараның азу тiсiне құрт түскен сияқты едi, мына суықта қайтып жүр екен.» дедi.
– Опырмой, күннiң қағынғаны-ай, жалап тұр тегi. – Шалдың мұнысы – қолайсыз үнсiздiктi бұзғандағысы. Жылқы жайы тiлiнiң ұшында тұрғанымен «малыңның көзiн баяғыда-ақ құрт демеп пе едiм» деп өзеуреген табашыл сөзiн еститiнiн сезiп, амалсыз тыйылды.
– Ендi не қыл дейсiң, жақсы бопты. Жылқы бiткеннен айрылып, ел-жұрттың бетiне қарай алмай әлi-ақ тотиып отырарсың.
«Ел-жұрттың бетiне қарай алмай не көрiнiптi» дей жаздап барып, қоя қойды. «Бұл құрғыр от алмасын де, алда-жалда от алса көр-жердегiнi қопарып, бiр-ақ тынады. Бәрiнен де ана жылқы Қайыпқа не табам деп барды екен?» дедi iшiнен тағы. Көкейiне қайта-қайта орала беретiн осы бiр түйткiлдiң жауабы табылса ғана көңiлi тыншып, жайланатын сияқты.
– Жылқыңды сат, сат деп ала жаздай қақсадым, кiсi орнына да көрген жоқсың. Соятынын сойып бердiм, шетiнен кертiп жеп жырғап отыр деп ойлайтын шығарсың. Айналайын, мiндетсiнсең, соймай-ақ қой, жемей-ақ та қойдым. «Сенiң тапқан, сенiң тапқан балаларың» деп көзiмдi ертелi-кеш шұқисың да отырасың. Мен, не соларды даладан тауып әкеп пе ем?! Осы күнi кiм баладан опа көрiп жатыр? «Бүйткен бала құрсын» деп зар қақсаған ел.
Қараторы өңi қуқыл тартып, көзiн бұған алайтып, тайдырмай қадаған кемпiр өршеленiп-өршеленiп сөйледi. Шал сазарып отырып қалды. Бiр уыс дөңгелек кескiнiне тоқтамды ой үйiрiп, дереу қатуланды. «Ашуланған уақытта адам не демейдi. Бұл, бәсе, бiр нәрсенiң қоясын қазып, қопарып шығарып отырмаса көңiлi көншiмеушi едi».
– Сандалған неменiң денi сау ма, өзi? Жегенi жылқының етi, тағы маған соймай-ақ қойшы деп кергидi.
– Сұмдық-ай, сонша жылқың тұрып, бiреуiн жемесек елден ұят емес пе?
«Қой, құрысын, мұнымен дауласып жеңбеспiн» дегендей шал назарын төменшiктетiп, үн-түнсiз қалды. Жылқыны көздеп келудiң жөнi қалай болар екен? Мынаның сайраған қызыл тiлi ғана, үйдегi малға өлiп кетсе де қарамайды». Шалдың бәрiнен де көңiлдiң аяқ астынан құлазуынан жүрегi қатты шайлыққандай. Жарымжан бейшарадай шамаң бiтiп, шараң таусылып, көпке дейiн өзiңе-өзi келе алмай, меңiрейесiң де отырасың. Ары-берi ауыр қозғалып, күйбеңдеген кемпiрдiң анда-санда аһ-ұһ ауыр күрсiнiсi болмаса бiр жайсыз үнсiздiк. Шәлкем-шалыс, iлiк-қақпа сөзге ендi екеуiнiң де зауқы жоқтай кескiндерiнде көлеңке кiрбiң мол. «Қайып Буырылдан қырық шақырым, Буырылың мұнан жүз. Мiнiп баруға құнан жарар ма екен? Орта жолда болдырып, қара басып қала ма? Жүрiсi де жайсыз, ұрып тастайды-ау». Адам да мезгiлге қарай құбылып отыра ма дейдi кейде шал. Қыстың қысылтаяң шағында ойдың шарламайтын жерi, бармайтын ықпыл-жықпылы қалмайды екен. Мiне, ашуы бел ала бастады. «Үшеуiне үш жылқы еншiлегенiме ешқайсысы да пысқырмайды. Жалғыз маған ғана мал керк. Мынадан бастап бәрiнiң сат, сат дегеннен басқа ештеңе бiлмейтiнi несi? Ал сатайын... Сонда мынау бекзада, аналар өңкей бек пе? Өле кетсем ошақ қоңырсытуға жарамайтындарын ойламайды тағы өздерi». Ортаншы ұлы бiрде : «Көке, қанша жылқыңыз бар?» деп сұраған. «Он! Бiреу сiздi кулак, бiздi кулактың баласы десе жақсы көресiз бе?» деген. Сұлтанқұл белсендi баяғыда екi сөз айтса бiреуi кулак болушы едi. Ақыры онысы жақсылыққа апарып соққан жоқ. Сондықтан да кулагы құрғыр құлағына түрпiдей тиедi. «Менi сонда жылқыны көрге бiрге алып кете ме деп ойлай ма екен?». Малының жайына шал қайтадан қамыға бастады. «Ең құрыса үйренген жерi болса екен, сонда оларды Қайыпқа не айдап апарды?» Ортаншы ұлының сондағы сөзi жиi-жиi жадына орала бердi. «Жұрт менi сонда құлақ дей ме?» Iшi бiр жылыса сол ортаншы ұлына жылитын-ақ тәрiздi. Қалада, өзi сирек қатынайды. Ал келсе амандық-саулықтан соң-ақ: «Көке, жылқыңыздан хабар алдыңыз ба?» дейдi. Iстеген жерi де онша жаман емес тәрiздi, кiм болса соған жалбақтап, далбақтамайды. Бiрақ өзiнше тiк болып, турасын айтам деп, кейде кiдiлiкке салынып, бұра тартатыны жаман. Ал кiшi ұлын жөнiне қой. Қарайып тiрi жүре берсе болғаны. Бiреудi аяқ астынан аға қылып ала қояды да, құданың құдiретi тез-ақ айнып шыға келедi. Тағы өзi талайға келiп қалды, не алған қатын, не бiтiрген жұмысы жоқ. Ең үлкен ұлы тұрған бойы манап. Дүние көшiп жатса қозғалмайды-ау. Ел мың сөз айтқанда, бiр сөз айтпай, отыра беруге дәтi қалай жетедi сабаздың. Әй, ол да асып бара жатқан қай бiр жақсылық дейсiң. Кемпiрiне салса: «бәрiн бұйрық бiледi» дейдi. Осы елдiң баласының бұйрық-сұйрыққа қарап жатқанын көрген жоқ. Қолдары бiрдеңеге iлiге ме, соған жабысып, ақырына дейiн айрылмай тiстей қатып қалады. Қың еткен сөз сыртқа да шықпайды. Осылай болуды ел қалай үйрендi, бiздiң тiршiлiгiмiз соларға неге ұқсамайды. Алысқа бармай-ақ, мына көршiнiң балаларына қарасаң, жап-жақсы-ақ өсiп-өнiп жатыр. Жандарын аямай жұмыс iстейдi. Кiмнен кем, кiмнен сорлы. Ал бұлар болса бас-басына тентiреп кеттi. Сопайып-сопайып отырған бiздiң сиқымыз мынау. Жылқының жайы не болды, бәрiнен де соны айтсаңшы».
Шал мұншалықты күйдi басынан өткере бермейтiн. «Соймай-ақ та қой, жемей-ақ та қойдым» деген кемпiрi жаңағы азғантай қыбыр-жыбырды көтере алмады ма, қарсы бөлмедегi диванға сұлық түсiп жатып қалыпты. Қуаты қайтпай тұрғанда даңғыратып салған үлкен үйiнiң қақ төрiнде жападан-жалғыз қоқиған отырысының өзiнен секем алғандай, жан-жағына алақ-жұлақ етiп бiр түрлi үрке қарады. Осы күнге дейiн қайнаған қан базардың ортасында жүрiп, ырду-дырдумен ештеңенi елең қылмаған сұмдық өкiнiшi өзегiн от боп қарып өткендей болды. Қырғызға тау асып барып келетiн баяғы жас шағында көрген бiр құқайы, неге екенi белгiсiз, қазiр ойына сап ете түстi. Екi кештiң арасында ат шалдырғаны бар. Төңiрек шымырлап қарауытқан мезгiлде үйреншiктi тау-тас, шоқы-төбе, қия-қапталға дейiн барлығы еңселене ыздиып шыға келiп, жат пиғыл, жұмбақ тұңғиық дүниеге айналып кете бергенде-ақ жалғызсырап елегзи бастады. Кенет өзiне қарай қорбаңдап тұра жүгiрген құбыжық секiлдi әлденеден шошына қатты айғайлап жiбердi. Анау да оқыс шыққан дауыстан жалт бұрылды. Сөйтсе, кәдiгiмгi кiрпiкшешеннiң үлкенi жайра екен. Шал осы қазiр өз-өзiнен айғайлап жiберуге шақ қалды. Көзiне ащы жас кептелдi. Басы әңкi-тәңкi. Маужырай мүлгiген тыныштықты асыр-тасыр бұзып, сыртқы есiктi жұлқып аша кiрiп келген кiшi ұлы әуелi күлiмсiреп қарады. Әкесiнiң көңiлсiз кейпiн аңдап, солғын амандасты. Аузын болымсыз жыбырлатқан шал қабағын кiржите шытынды. Оң жақтағы бөлмеде қимылсыз жатқан шешесiне үрпиiп, тiксiне тосылды. Бiр нәрсенiң ретiн бұзып алатындай: «Амансыз ба, апа?»- дедi ақырын. Жастықтан басын жұлып алған шешесi бiр мезет шүйiле түйiлiп, Әнуар екенiн айырғанда барып, ажарына ерекше жылылық үйiрдi.
– Күнiм-ау, келiп қалдың ба?!
Осы бiр сөзден кейiн-ақ Әнуар дүниенi өз орнында тұрғанға ұйғарды. Лезде жайдары мiнезiне көшiп, әкесiне көзiн күлiмсiрете қадады да, төргi бөлмеге сып берiп кiрiп кеттi. Әшейiнде жай ауыр қозғалатын кемпiр етжеңдi денесiмен қалқып басып, ұлының соңынан тұра жөнелдi. Отыра-отыра жалыққан шал сүйретiле орнынан тұрды. Есiктiң жақтауына сүйене бойын жазды да, сыртқа беттеп бара жатқан. Осы кезде кемпiрiнiң сөзiн құлағы шалып қап, қалт тоқтады.
– Сендердiң мына әкелерiң жылқының етiн жалмауыздай жейсiң, сенiң тапқан балаларың дей ме, әйтеуiр, ажалымнан үш күн бұрын өлтiретiн болды.
– Өзiм де не iстерiмдi бiлмей басым қатып жүргенде маған осындай әңгiме айтпаңызшы, апа! Жылқы да, бәрi де құрып кетсiн!
Көзi тая берсе-ақ өзiн жер табандата жамандап шыға келетiн кемпiрiнiң ежелгi әдетiне етi өлiп кеткен сықылды, елең қыла қоймады. Бiрақ ұлының не бiлгенi бар? «Бәрi құрып кетсе шекемiз қызады екен!» Ақкөзденген арсыз ашуға ерiк бермегенмен шал iштей кiжiнiп, шиыршық атты. «Басы ауырып, балтыры сыздайтындай не боп қалды бұған? Телiм-телiм боп жүр дейтiндей асырап-бағып жатқан қатын-баласы да жоқ. Қызметке таза барып, таза қайтады. Мойнына бiз мiнiп алсақ бiр жөн. Өз күнiмiздi өзiмiз көрiп жатырмыз. Сонда мұның басы неге қатады?» Осының бiрiне де лайықты жауап таба алмаған шал түңiлiп кеткендей қолын сiлтей шытынып, сыртқа беттедi. Осы кезде ар жақтан шыққан күңкiл-сүңкiлге құлағын қайтадан тосты.
– Андағы киiмiң жұп-жұқа екен, жаурап жүрген жосың ба? – Өзгелерiнен гөрi осы баласының тiлiн кемпiрi оңай табады. Шешелiк қамқор үнiн жылы-жылы шығарса жайылып салатын ұлы, неге екенiн кiм бiлсiн, бұл жолы ұстамды. Дегенмен жыланның аяғын көрген кемпiрi де зымстан емес пе. «Азып қалыпсың, тамағыңды уағында iшiп жүрсiң бе?» Құдай сендердiң алдарыңда алса екен бiздi. Шал алжуға айналды. Ақырымыз қалай болар екен, содан қорқамын». Осы сөздердi кемпiр төпеп айтпай әрбiр жасаған үзiлiсiне байлам-байыбын қоса үйретiндегi дауыс ырғағы ұстамды. Оның үстiне бұрын ешкiмге тiс жарып, аузынан шығарып көрмеген жайды ең сүйiктi ұлына ғана жайып салған кейiпке ендi. Жаңағы ренiшi ұзаққа бармай-ақ Әнуар лезде жадырап шыға келдi.
– Жағдайым жақсы, ағаның үйiнде жүрмiн.
– А-а, жақсы болған екен, бала-шағалары аман ба?
«Ағасы кiм тағы? Әлгi қу тұяқты сөз етiп қалып едi, соны айтып тұрған жоқ па?» дедi шал алға ұмсынған күйi. Аталас ағайынның баласы – Сопыбектi бастан жаратпайды. «Ыстықтың тамырындай ылпылдаған неменiң бiр есебi болған ғой, әйтпесе жолатар ма едi. Өзiнiң туған әке-шешесiне жақсылық жасамаған ол ешкiмдi де жарылқай қоймас. Бiр шаруасын бiтiрiп алған соң бiздiң дәлдiрлектiң құйрығынан бiр-ақ тебер». Денесi ықшам, бетi дөп-дөңгелек, көзi және ойнақшып бiр орнында тұрмайтын Сопыбек сайтанды кiшi ұлының аға деп әлдеқандай қылғаны шалдың көңiлiне сөйтседе сыймай барады.
– «Менiң бауырыма жөндеп қара, төркiн жағыңа тарта бермей» деп жеңгейге аға ылғи тиiсе бередi.
– Байғұс-ай, қайтсын ендi. Ел не десе о десiн, өзi бауырмал.
Ұлынан да өтiп лекiлдей жөнелген кемпiрiнiң қылығын неге жорырын бiлмей шал дал болып тұр.» Бұлар неге лезде бiреуге жақын бола кетiп, екiншiсiнен айнып шыға келедi екен? Қазiр байқап қарасаң, Сопыбектен жақын адам бол-май тұр. Ертең ол да жайына қалады». Маңыз-мәнiсi шамалы бос мылжыңға шалдың ынтығы құрып тұрған ештеңе жоқ, ағайыншылықтың титтей ләззатына бола ұлы мен кемпiрiнiң жүрек жарды әңгiмеге көшкендерiне таң. Осы кезде кiшi ұлы:
– Апа, мен үйленбесем болмайды екен, тiршiлiк қиындап кеттi. Көкеммен ақылдасып көресiз бе? – дедi.
– Қыстың көзi қырау, заманақыр, жер тақыр, қаңтар да қабаттасып тұр, кiм бiлсiн, балам-ау.
«Бүгiндiкке айтқан жiбi түзу сөзi осы болды» деп қойып, шал қозғала бергенде, ашық-шашық жатқан ыдыстардың бiрiне аяғы тиiп кеттi. Даңғыр-дұңғыр боп үйдiң iшi жаңғырыға жөнелдi.
– Анау бәрiн қиратты-ау, а! – деп, кемпiр берi шыға берiп, шалымен бетпе-бет жүздесiп қалды. Кемпiрiне ұзақ бедiрейiп қарағанмен ләм деп тiл қатпады. Көптен алынбаған сақал-мұрты жүзiн тұтас жауып, өңiн салғырттық меңдей түсiптi. Секем ала сескенген кемпiрдiң қара торы жалпақ кескiнi қызылкүреңiтiп:
– Анауың қатын алам деп жатыр, оған не дейсiң? – дедi.
Шал сазара бөгелiп барып, бiр кезде сыртқа шықты. Соғыста оқ тиген оң шынтағының жаны кетiп қалғандай, шымылдап ұйи бастағанын да елемедi. Қолға қараған уақ малға қайталап шөп салды. Жаңағы не әңгiме деген де жоқ. Мұнша ұзақ тiрлiгiнде абыр-сабыр ештеңе болмағандай. «Жас демей, кәрi демей бұл бенде шiркiн қарақан басының қамын ойлай ма, қайтедi?» – дедi бiр кезде. «Көке, сiз жылқыны жақсы көресiз, бiз қаланы жақсы көремiз. Берсеңiз жеймiз, бермесеңiз «ой, осы бiздiң әкемiз қызық, сонша жылқыны не қыламын дейдi екен, төрiнен көрi жуық қалғанда» деп ренжимiз. Бәрiбiр жылқыңыз тек өзiңiзге ғана керек. Байқап қарасаңыз, бiз бәрiмiз сұмдық өзiмшiлмiз» деген ортаншы ұлының сөзi ойына орала кеттi. «Ол неге сонша заржақ болып туды? Анау неге сонша санасыз, есi дұрыс адам қаңтарда қатын ала ма? Жер қара, күн жылыда қайда қалып едi? Әй, осыдан бар ма, бәрiн айдап келiп, шетiнен сатырлатып соймасам ба, осындағы елдiң бiреуi болмаса бiреуiне ет керек шығар?».
Шал осы ойға тас бекiндi. «Қаңтар тұрмақ одан зоры болып кетсе де алатын қатыныңды ал, мен жылқыларды айдап келейiн, оған шейiн үйдегi малға қарай тұр» деп, шал бесiн шамасында атқа қонды. «Кештетiп шыққаны несi?» деген кемпiрiне де жауап қатпады. «Құдай жолды оңғартса, ертең тура осы уақытта Қайыпқа да жетермiн», – дедi. Құнан тебiнгенде ғана қолқ-қолқ желедi, онысының өзi қолқаңды түсiретiндей тым қатты. Бiр атқа жүк болатындай сеңсең iшiгiн қайта-қайта қаусырынып: «Төменгi жақ суық екен-ау», – деп қойды. Ойға қар қалың түсiптi. Дүние шетсiз де шексiз аппақ. Аттың басын төте жолға бұрған шал iңiр қараңғысында Самсыдағы ескi жекжатының үйiне бiр-ақ iрiктi.
– Ойпырмай, ақсақал-ай, қартайғанда осыңызды қоймадыңыз-ау. Одан да соятынын сойып, сататынын сатып, үйде тыныш жатпайсыз ба?! Қайып деген жердiң түбi емес пе, жарықтық. Жаман айтпай жақсы жоқ, орта жолда құлап, немесе атқа қайтып мiне алмай айдалада қатып қалып жүрсеңiз, балаларыңызға таңба боп түспей ме, – дедi ескi жекжатының баласы.
– Осы жолы тұқым-тұяғымен құртпасам ба, қарап тұр, – дедi шал кiжiнiп.
Таң сәрiден шал атқа мiндi. Көк пен жердi айырып болмайтындай дүние ақтүтек. Демi үскiрiк аяз ашық жердi осқылай шымшылап, дыз-дыз еткiзедi. Iшiгiнiң жағасына бетiн бүркеп, қанша жасырынып баққанымен лап-лап қоятын суық леп қойны-қонышына сумаңдап кiрiп, тұла бойын сәт сайын шымырлата қалтыратады. «Күрең байталдың етi ояз едi, мынадай суыққа ұшып кетiп жүрмесе» дедi iшiнен. Демi жетпегендей құнан да жиi-жиi пысқырына бастады. Тоңазиды-ау, шамасы, денесiнен жүгiрiп өткен дiрiлiне дейiн сезiнiп келедi. Балаң жылқы жүрiсiнiң ырғағын қайта-қайта бұзып, бiрде шиыршық атып қаздаң қақса, бiресе лыпып жөнелетiндей маймаңдай басады. Күлтеленген жалының дегбiр таппай қалт-құлт еткенiне бiрауық алданып бақты. Осындай ұзақ жолда көп ойдың бiреуiнiң ұштығынан ұстап, соның аяғына шығу қашанғы бiр дағдысы едi. Қазiр береке-тиянағы жоқ әлденелер санасын алма-кезек киiп-жарып, бiр нәрсенi дiттей алмай көп әлектендi. Қыстың күнi баяу көтерiлiп, сонау тау жақты қиястай көлбеген шақта манадан шаңыта тұманданған ауа шұғыл сейiлiп, адыр-қырат – бәрi тұрған-тұрған орындарында сiресiп-сiресiп қалыпты. Сұлық түскен аппақ азалы дүниенiң бетiндегi жат-жұлт еткен мың-миллион шыны сағым көзiн қарықтырып бара жатқан соң таптаурын қасқа жолды нысана етiп алды да жүрiп отырды. «Ертеңгi күнi көзiм тайып кетсе, бұларда ауыз бiрлiк бола ма, жоқ, тұқымы тұздай құрып, тоз-тозы шығып, тентiреп кетер ме екен? Менiң балаларым сөзге неге үйiр екен осы? дедi бiр кезде. «Ана қатын алатын дәлдiрекеңнiң өзi «дос-дұшпаным бар» деп, аузын алты қарыс керетiнi қалай?! Дұшпан болатындай сонда бұларға не жетпейдi? Осы күнгiң адамы сөздi қуарын қуғанмен, артын тоспайтын шығар, бәлкiм?».
Шал ойдан да жалығып, бiрауық ыңылдап ән салды. «Көтердiм елу бiр пұт кiрдiң тасын». Осы кезде құнан оңбай сүрiнiп кетiп, тұмсығымен жер сүзе құлай жаздады. Қамсыз отырған шал ұшып кетуге шақ қалып барып, жөнделiп алды. «Әй, бiр құрып қалған жылқысың ғой», – деп, қамшыны сауырына көмiп-көмiп жiбердi. Ытқып-ытқып кеткен құнан әудем жер шоқырақтай желiп барып, китiң-китiң жүрiсiне көштi. «Ойпырмай, сұмдық-ай, айдалада құлап қала жаздадым-ау!» деген ойдан жүрегi су ете түстi. Көз ұшынан көрiнген сонау бел-белес, адыр, шоқы шаңыта көлбеген сағым мазағынан қалбалақтай қалқып, тербетiле шайқатылады. «Әй, қайран қасқа ат-ай!» дедi. «Мына иттердiң бiреуi мал баққанда қолдан шығаратын жылқы ма едi, жануар!» «Ауылға келген сайын мiнiп тұрамын» деген әлгi дәлдiрбай «баяғы қасқа тайым қайда?» деп сұрап та қоймады. Мұнда жасы ұлғайған кiсi аттың екпiнiне шыдамайды екен».
Жол-жөнекей кезiккен қыстаулардың ешқайсысына бұрылмаған шал: «Не де болса Қайыпқа бiр-ақ барып жығылайын» дедi. Зiл батпан iшiгi екi иығын жаншып, қарын талдырып-ақ тастады. Қос жауырыны аши ұйып, денесi салдырағанын да ерен санамады. Қарсы алдындағы жотаны асса – Байқоңыр, содан сүт пiсiрiм уақыт жүрсе Қайыпқа тұмсық тiрейтiнiн топшылап-ақ келедi. «Жас болса да белi мықты екен жануардың» деп, құнанға да бiр риза болып қойды.
Iңiр қараңғысында ойпаңға орын тепкен шағын қыстауға бiр-ақ тоқтады. Сыртта қыбырлап бiреу жүр. Сембей дарылдаған моторға арпылдап үрген бiр-екi иттiң үнi қосамжарласып, дүние у-шу. Қораның аузына орнатылған шамға жақындаған жолаушының бейуақыттағы суыт жүресiнен секем ала состиған үй иесi көрiндi. Аттың үстiнде сiресiп қатып қалған жүргiншiнiң дөңгелене қаусырынған жағасынан бастап, сақал-мұрты мен түлкi тымағының бәрi ою-өрнектi ақ қырау.
– Салаумаликум, ақсақал, иә, жолыңыз болсын! – Бiр қауызға сыйып кететiндей дүниенiң апшысы қуырылған шақта қонағуар сергек дауыс шалдың көңiлiн желпiнтiп өттi.
– Айтсын! Е-е, батырекесi, мына суығың қайтедi, жан ала ма? – дегенде iшi-бауыры қалтырап, жүгiрiп өткен дiрiл тұла бойын тоңазытып жiбердi.
Үйге кiргенде бетке ұрған жылы леппен бiрге былқып қайнап жатқан жылқы етiнiң дәмдi исi мұрнын жарып өттi. Аузы төске қараған төрт бұрышты темiр пеш алыс жолдан арқырап-сарқырап жетiп, ысылдап-пысылдап баяу тоқтаған тепловозға ұқсайды. Торға түскен кекiлiктей кiсiге жаутаңдап қарайтын келiншек дереу iргеге қарай шегiнiп, бұған жол бердi. Сырттан бiр құшақ суықты ала кiрген үстi-басы ақ қырау мұны жатырқай үрпиiп қалған екi қарадомалаққа:
– Бә, аяз ата келдi ме? – деп шал мейiрiн үйiре жылы шыраймен қарады.
Белбеуiнiң орамдарын аспай-саспай әлденеше тарқатып жазғанына ана екеуi әуелi таңырқай бағжиып тұрды да, бiр-бiрiне қарап, сықылықтап күлiп жiбердi. Кiсiнi тосырқамай шақшиып тұрған ана бiреуiнiң ұсқыны мына кекiлiк кейiптi келiншекке келiңкiрейдi екен. Төрге көрпе төселiп, басына жастық тасталды. Шал жайғасып отырған кезде балалар бұрышта ширатыла бүктелiп жатқан белбеуге тұра ұмтылыс-ты. Осы кезде сырттан үй иесi кiрдi. Iрi кескiнi көп сөзi жоқ томаға-тұйық адамның кейпiне келедi. Киiмдерiн орын-орнына қойған болымсыз қимылдың өзiнде шықшытының бұлшық еттерi түйiнделе бұлт-бұлт ойнайды. Белбеудi тартқылап арпалысқан балаларына көзiн аларта қадап:
– Тиiспей, орнына қойыңдар! – деп зекiп тастады.
Бiр мезет абдырай состиысып қалған кiшкентайлар әкелерiнiң бейтаныс кiсiнiң қасына жайғасқанын көрiп, белбеудi қайта жұлқылап, тартқылауға көштi. Манадан берi көз жазбай баққан шал: «Өздерi егiз бе?» дедi.
– Қап, мыналар қоя ма, жоқ, таяқ жейiн деп жүр ме! – Әкелерi шұғыл қимылға баратындай тұрмаққа ыңғай танытқанда аналар жым бола қалды.
– Тиiспе, ойнай берсiн, баланың шалды қызық көретiн, шалдың жас иiстi аңсайтын заманы ғой бұл, – деп, шал екеуiне күлiмсiрей қарады.
Жай-жапсарға қаныққан үй иесi әлi сенiңкiремегендей басын қайта-қайта шайқай бердi.
– Самсыдан бүгiн шықтым дейсiз бе, ой, жарықтық-ай, а! Жүз шақырым жерге атпен жүргендi қайдам, төске машинамен барып келгеннiң өзiнде ертеңгiсiн сүйек-сүйегiмiз салдырап, берекемiз кетiп қалады. Жылқының қарасы көп. Жер тақыр, бейшаралардың не тауып жеп жүргенiн бiлмей-мiн, әйтеуiр, аңыздан шықпайды. Бiр мезгiл суатқа келгенде көремiн, iшiнде көкжаны да бар сияқты. Мына суыққа ұшып кетiп жүрмесе жарады да.
– Бар, бар, – дегеннен басқа шал ештеңе айтпады. «Бұл жаққа қалай келiп қалды екен?» деген сұрақ тiлiнiң ұшында тұрғанымен сөздi одан әрi соза түсуге жүрегi дауаламады. «Жирен байталдың ұсқыны күзде-ақ нашар едi» дедi iштей. Алдына келген еттен де кiнәз жедi.
– Ұзақ жолдан келген екенсiз, алыңыз, ақсақал, – дегендi үй иесi әлденеше рет қайталады.
Шал шайды жақсы iштi. Күнi бойғы суықтан сiресiп, құрысқан денесi жазылып, көңiлiнiң хошы да келе бастады. Үй иесiнiң түйткiлдi сұрағына да қитықпады.
– Сонша жылқыны қайткенде, қартайған адамға тамақ керек пе, керек. Қусырынып үлгермеген бала бар тағы. Жөнi келсе осы жолы өзiм де бiразының көзiн құртатын шығармын, – дедi ренiшiн жасыра алмай.
– Ана қысыр емген тайдан басқасында ет жоқ қой.
– Айғыр ше? – дедi шал жұлып алғандай.
– Жылқыларыңыз иесiз қалмай ма? – дедi түкке түсiнбеген райда аңырып қалған үй иесi.
Жiгiтке ұмсына түскендегi қимылдың өзiн ауырсынған сыңайлы шал қабағын шытынды да, түзелiп отырды. Жан баласына жақ ашпай, жасырып келген жайын осы қазiр айтатындай шүйiле төнiп, болымсыз езу тартты.
– Сексенге келiп селкiлдеп отырса да әке әкелiгiнен танбайды, бала балалығын қоймай ма деп қалдым ғой. Көзiм тайып кетсе бiр бұйыртқаны болар, ендi маған жылқы мал болып жарытпас.
Кекiлiк кейiптi келiншектiң қалыңдап салып берген төсегiне жатқанда шалдың санасын сан-сапалақ ой кимелеп, кiрпiгi айқаспай қойды. Ортаншы ұлының әлi күнге дейiн баласы жоқтығын ойлады. «Осылар неге өздерiндей жiгiттi көрмейдi екен? Бейнетi ащы, сонысына қарай жегенi қазы-қарта, жал-жая. Тағы өзiнiң екi баласы кiсi жатырқамайды екен». Кенет сонау атамзаманғы өтiп кеткен соғысқа аттанып бара жатқан кезiн есiне алды. Тас жолдың бойындағы таныс үй көзiне оттай басылғанда : «Қарауылбек, қош, аман бол!» деп, осы қазiр айғай салғандай көзiне ыстық жас кептелдi.
Шал бүгiн де ертелетiп шықты. Бiр белгiлi аумақта ғана тiршiлiк белгiсi бардай, ал осынау түтеген суықтан жер мен аспан тұтасып кеткендей айнала меңiреу шексiздiк. Әр-әр жерде көзге шалынған жусанның басы iсiнiп-кебiнгенiне қарамастан селтеңдеп елпелек қағады. Мұқал жоталар ұшы-қиырсыз сiлемденiп, дерегi жоқ қиянға созылып кететiндей. Шал бiр бел асып, кiшкене жалды тiк өрлеп бiраз жүрген соң қарсы алдындағы тұйық қалқада бүрiсе-бүрiсе жайылып тұрған жылқыға кезiктi. «Әй, жазғандар-ай,а!» дедi. Осы кезде астындағы құнаны кiсiнеп жiбердi. Бастарын жұлып-жұлып алып, одырая қарасқан қалыптарынан ширақтықты аңғарды. «Қорықпаңдар, мен бармын ғой» дегендей мойнын доғадай иiп, қасқайып тұра қалған айғырдың ажарына қарап, шалдың көңiлi бiрден тыншыды. Түндегiнiң қарасы көп дегенi рас екен. «Мыналардың ұзын саны жиырмадан асып-жығылмасын де әуелi. Бәсе, бөтен жылқылар бастап келген екен ғой, әйтпесе бұлар үйренбеген жерiне тұрмаушы едi». Баяғы әдетiне бағып, шетте саяқ жайылып тұрған қасқа биеге қарай аттың басын бұрды. Екi бүйiрi солыңқы, қарны салбыраңқы екен. «Алда жазған-ай, ерте буаз-ау,а. Биылша жанын бағып шыққаны жөн едi» деп ойлаған шал қасқа биенiң тұсына тақағанда тiзгiндi амалсыз тежедi. Жазғанның қоңы тайыңқы да етi ояз. Қос құлағын қайшылап, кенет бұған оқыранып қалғанда, шалдың етжүрегi езiле елжiреп, арқасы тұтас шымырлап өттi. «Қайран жануарым-ай!» дедi. Аттан түсiп, жал-құйрығынан сипап, еркелеткiсi де келдi. Бiрақ қайтып мiне алмайтынынан қауiптендi. Көз көргеннiң аты көз көрген. «Ана шiркiндер кiмнiң қадiрiне жетедi дейсiң. Шендерiне де жуытпайды». Қасқа бие бiр кезде жылқыларға қарай бет алды. Басқан сайын артқы сүйектерi шодырайып шығып, екi саны шалбарлана керiлiп-созылады. «Тоқтамай қалған жылы жоқ бейшараның. Он екi құлындады-ау, өзi» дедi соңынан көз алмай қадалған қалпы. Кей қатындардың ұсқыны келiспесе де баланы балпанақтай-балпанақтай ғып табатыны сияқты бұл жазғанда да жаман құлын болған жоқ-ау, мола кәрi, сонда да буаз. Ал ортаншы ұлының әйелi келiн боп түскенiне көп болды-ау, бiрақ әлi көтерген ештеңесi жоқ». Құла байталдың да ұсқыны нашар екен. Сидиып-ақ қалыпты. Басын кегжитiп алған айғыр ғана бұған бiр мезет парық сала қарап бөгелген тәрiздендi. Содан мойнын созып жiберiп, басын жыландай сумаңдатып барып қайтадан қақшия қалды. «Кiм болсаң ол бол, мына үйiрде ешкiмнiң шатағы жоқ, өзiмдiкi» дейтiндей кейпi тәкаппар. Бiр кезде қысыр емген тайды, бiрен-саран жабағыны үйiрден аластығысы келгендей қуып бердi. Бүкiл бiр қапталының сау-тамтығы жоқ ол да топ жылқының iшiне өңмеңдеп енiп барады. Түктерi ұзара қаудиып, сап түзей қатарласа жайыл-ған жылқылардың арасынан биенiң бiрi айғырға тұяғын сермеп қалды. «Кiмнiң жылқысы екен?» деп, тұрқы бөтен қарагер биеге ұзақ қарады. «Өзi жас екен, құйрық-жалы төгiлген келiстi-ақ бие болады-ау, жануар». Қысыр емген тайдың артқы тұяғына бiрдеңе тиген бе, жiгi ажырап, қызыл етi көлдiреп, ырсиып қалғанын байқады.
Төске айдамаққа бекiндi. «Жөнi келсе бөтендердi қалдырармын, қалмаса қайтпекпiн, iлескен жерiне дейiн iлесер» деп топшылады. «Мұндай суықта айдап кету де оңай емес-у», – дедi тағы iшiнен. Жылқыны орнынан дүркiрете қозғап, көлденең белге жайлап қаптата бастады. «Қақаған қара суықта жiтi қимылдамаса басыңа шығып кетiп жүрер» дедi. Осы кезде айғыр бiр шетке сытылып шықты. Шарасынан шәлкем-шалыс ұшқынды байқап, шал лезде сезiк алды. Сөйткенше болған жоқ, айғыр басын шайқақтата келген жағына қарай шаба жөнелдi. Қалғандары да осыны күткендей тұс-тұстан жырылып, оның соңынан iлестi. Ал қасқа бие бәрiнiң кеткен жағына қарай басын кiлт бұрып, таңырқаған сыңайда бiраз бөгелiп барып, кiсiнеп жiбердi де салқылдап кете барды. Құнанның бүйiрiнен түртiп қап соңдарынан тұра шапты. Сеңсең iшiгiнiң далбақтаған етегiнiң қойны-қонышын суық жел кеулеп, көкiрегiн көк сүңгi мұз түйреп өткендей тұла бойы тiтiренiп кеттi. Iшi-бауырының қалтырап, тоңазығанын да елемей орағыта алдынан айналып, алған бағыттарынан ойсырата керi қайтарды. Жылқы жарықтықтардың тiршiлiкке дыбыс бере пысқырынғандарына дейiн көтере алмаған нәуетек шыңылтыр ауа сәл нәрсеге қарш-қарш айрылатындай тырсия шатынап тұр. Қаңсыған қатқақ дүниенiң төскейiн топылдата төпеген болат тұяқтар дамылсыз сықырлатқанда – шыңылдаған ұшқынды дыбыс зыңылдап тынбай iлеседi. Басын кегжитiп ап осқырынып одыраңдаған айғыр аясы қызғылттанған үлкен көздерiн кәдiк ойнақшытып, жан-жағына алақ-жұлақ тастайды. Ара-арасында наразы адамдай бұрылып қараса сәл ғана жиырылған мойны жуандана тырсиып, тұтаса көрiнедi. Қоқаң-соқаңға көшiп, бiресе о шетке, бiресе бұ шетке шыққанда, бұлтыңдап ойнаған жұнттай жұмыр жаясы шықтанып, сүмбiледей жылтылдайды. Бүкiл жылқы шалдың ыңғайынан шықпай жүрiп бергенiне қитыға ширыққан айғыр үйiрдiң алдын кенет кес-кестей тосып, қасқайып тұра қалғанда: «ай-һай жануар, ай-һай» деп шал қатты дауыстап жiбердi. Көзiн алайта осқырынып, мойнын доғадай идi. Жалын күжiрейте жердi тарпып-тарпып қап қойқаңдап тұрды. Бұған тiке шапшитындай бiр кезде ышқынып барып, жалт бұрылды да құйын-перен шаба жөнелдi. Көлденең төбешiкке жеткенде басын қақашитып, құйрығын көтерiңкiреп, қалт тоқтап, кiсiнеп жiбердi. Жуастау үйiр әлденеден сезiк алып қалғандай жалт-жалт қарасып, солай қарай бәрi бiрден лап қойды. Шал бiр орнында қалшиып қатты да қалды. Баяғы күш-қуатының жоқтығына осы жолы шын көзi жеткендей болды. «Апыр-ау, мынау атты адамды қаға-маға кете беретiн түрi бар ғой» деп ойлады. Леп алу қиын мына үскiрiк суық ауада көңiлi құлазыған соң ба, жоқ, шынымен дүние сондай сұрықсыз қытымыр ма, шал сұлық түскен сонау қырат-адырлар тұрмақ, ие бермей кетiп, келген iзiмен сырғып бара жатқан жылқыға дейiн жатырқап шолды. Баяғы айғыр ғана бұған қыр көрсеткендей басын кегжиткен күйi осқырынып-осқырынып қояды. Бiр орнында тұрмай тықырши берген құнан осы кезде шырқырап кiсiнегенде баяғы соғысқа кетiп бара жатып: «Қарауылбек, қош, аман бол!» деп айғайлағаны ойына сап ете түстi. Тұла бойы қалтырап кеттi. Сөйткен Қарауылбектiң не болғанын кiм бiлсiн, одан берi қырық жыл деген уақытың зу деп өте шығыпты. Сондағы немере жеңгесi Қозының шашын жайып жiберiп: «Он тоғыз бастан айрылып, жалғыз қалған тұяқ ең, кенжем-ау, кебiн киген келмейдi, кебенек киген келедi, жолыңды оңғарсын, жолыңды!»- деп зар еңiреп жылағанын есiне алды. Демi жетпегендей қыстыққан шалдың сеңсең iшiгiнiң жағасын айқара ашып, көкiрегiн қарыс айыра күрсiнгенде кеудесiн ыстық жалын қауып, көзiнен жас ыршып шықты. Осыдан көп жыл бұрын қырғыз асып бара жатып, екi кештiң арасында өзiне тұра ұмтылған мыстан кейiптi жайрадан қатты шошынып, баж ете қалғанындай қазiр де айғайлағысы келiп кеттi. «Қосшыбай деген шалмын, Қосжан деген бала болғаныма кiм нанар дейсiң қазiр. Осы селкiлдеген күйiмде туа салғаным жоқ қой. «Тiрiлердiң бәрi әулие деушi едi» жарықтық бiр жамағайыны. Сонда мен де әулиемiн бе?» дедi кенет өзiне-өзi. Сталинградтың маңындағы ұрыста бес-алты күн қатарынан жаяу жүргенi бар. Қанға көрiндi ме, сол жылғы суық та қатты-ақ қағынды. Алдыңғы сапта кетiп бара жатқан командирдiң есiне бұл анда-санда түсiп кете ме: «Жүзгенбаев» деп дауыстайтын. Бұл дереу үн қатса: «А, значит, живой» дейтiн. Бiр үрiм-бұтақтан жалғыз қалғанымды бiлдi ме екен сонда ол жазған» деп ойлады шал. «Тiрi жүргеннiң бәрi әулие болса әулие шығар, екi дүниенi бiрдей тауысып, мойнына қан жүктеген анау Жанапия да әулие». Iлiк-шатыс ойлардың бiрiнен соң бiрi киiп, әрi-сәрi күйде отырған ол аяқ астынан серпiлiп, атын тебiнiп қалды. Жерге топ-топ тиген тұяққа үздiксiз сықырлаған дыбыс қосамжарласа iлесiп келедi. Жолдың тым ұзақ екенiн сәттiк оймен болжауын болжағанмен санасының бiр түкпiрiнде Жанапияның кейпi сұлбаланды да тұрды. Осы жолға шығардың алдында сол Жанпия төсек тартып қалды деп едi. Әнеукүнгi әңгiменi ұмытып, көңiлiн сұрап кiрiп шығайын десе де бiр күш тежеп, беттеткiзбей қойды. «Бас қосқан жерде менен жақсы жоқ» деп көкiрегiн өрге айдайды да отырады. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейдi. Өз-өзiнен келiп ұрынды ғой, әйтпесе онда нем бар? «Әй, сен осы ауыл мен төмендегi жылқыңнан басқа не бiлiп, не көрдiм дейсiң, қыстырылмай тыныш отыр» деп басқысы келген жоқ па. «Әй, пәндi, қой ендi» дедiм. Төрде отырған жерiнен құнжыңдап тұрмаққа оқталған Жанапияның шоқша сақалы көстеңдеп, аясы қып-қызыл көзiн тесiрейте қадағанда қариялылыққа жуыспайтын зады жақсылық емес суық ұшқын өңменiңнен өтердей едi. Қосшыбай шал Жанапиямен бетпе-бет келгендей арқасы өз-өзiнен шымырлап: «Кәпiрдiң ұсқынының жаманы-ай» дедi. «Не көрiп, не қойды екен сонша?» Көп болса өкiмет жылқысын алып, жер аударғаны шығар. Одан Қытайға қашып кетiп, отыз жылдан кейiн қайтып оралғаны ма?».
Төске тартқан құнан қараса басын шұлғып-шұлғып қойып, төпеп ұрып келедi. Сәл доғалана иiлген мойнының түгi ақкiреукеленiп, төгiлген жалы сусыл қағады. Тағы да әлденелер кимелеп әлегiн шығарды. Орнынан қалтаң-құлтаң атып тұрып, мұны тарпа бас салатындай боп бiресе Жанапия ежiрейедi, «он тоғыз бастан жалғыз қалған тұяқ ең, кенжем-ау» деген Қозы жеңгесiнiң даусы құлағына келгендей болады. Қанша белдi артқа тастап, қанша қырдың алдында керiлiп-созылып жатқанының көлемiн ойша мөлшерлегенмен көңiлiн оған да дiттетпедi. Сонау алыста үйiрiлiп-төңкерiлген сағым аумағы кейде аспан мен жердi тұтас алып көлбесе, кейде түйдектелiп-түйдектелiп барып, есiле жазылып кетедi. Көз ұшындағы беткейдiң қабағында қимылсыз қалшиып тұрған жылқыны шалдың көзi шалды. Қасында жабағы ма, әлдене қараяды. «Алда жазғандарай-а, әл қалмаған соң қайтсын» дедi. Жүрек тұсы өз-өзiнен шым ете түстi. «Кеудесiнде жаны бар қыбырлаған тiршiлiк иесiне жаманат деген,әйтеуiр, бiрдей боп келедi екен ғой. Жан-жануарға бұл ашаршылық емей немене ендi. Адам баласы өлместiң амалын тапқанына кекиiп қалатын не жөнi бар? Жарықтық, бұрынғылар айтушы едi, аш боп бара жатсаң бiр тоқтығы бар деп, тоқ боп бара жатсаң бiр аштығы бар деп. Ойпыр-ой, осы күнгi жұрттың кесiрi бас жара ма, тас жара ма? Баяғыда бiр үзiм нанға зар болған бауыр етi баласын жеп қоюға дейiн бармап па едi. Сен не көрдiң деп кергитiн жөнi ме, Жанапияның». Қырғыз асып бара жатқан баяғы шақтың бейуағында өзiне қарай қорбаңдап жүгiрген жайраның ұсқынсыз кейпiнен шошына баж ете қалғанын ойына тағы да алып: «Сонда қара басып, неге қорықты екем?» дедi. Жаңағы екi жылқы жаққа әлсiн-әлi назарын салып, бұлдырап қарайғандардың тұмсығымен жер сүзе қалтылдап құлап қалуға шақ тұрғандарын сезiндi. Көңiлi босап, көкiрегi қызынды, жан жүрегi сыздап ауырып кеттi. «Тiске iлiнер түгi жоқ қу тақыршылық заманда iлдәлап жанын бағып, осы күнге дейiн жеткен жылқы жарықтық әулие десе әулие. Әй, бiрақ жаның да, малың да тастан жаратылған ба деймiн. Неше түрлi зобалаң бастан өттi ғой». Қыстың ежелгi мiнезiне қанша көндiккенiмен шыңылтыр аяздың сұмдық суық лебi шалдың iш-құрылысының қуыс қалтарысын түк қоймай түгел шарлап, көзiнiң айналасына дейiн тастай боп кеткенiн де елемедi. Тек бiр азынаған құлазу сезiмi ғана тұла бойын тоңазытатын сықылды. «Баяғы ашаршылықта жылқы қайда, бақа-шаян, құрт-құмырсқа жоқ болды ғой». «Он тоғыз бастан айрылып, жалғаз қалған тұяқ ең, кенжем-ау» деп зар еңiреп жылап, соғысқа аттандырып салған Қозы жеңгесiнiң сөзi жадына оралғанда: «Өлген-жiткеннiң есебiн ала берген бе, жазғаның» дедi әуелi жақтырмай. Он тоғыз бас бiр әулетке тым көп болып көрiндi. Әкесi мен шешесi, бес ағайыны, олардан өрбiген балаларды ойша тiзiп, санап қараса, шынында да солай. «Апыр-ау, сұмдық, бiр қауым ел болмақ екенбiз-ау. Солардың бiрiнiң орнына мен кетсем әлдеқалай болар едi? Адамның еркiне қойсаң құзғын боп жүре бертiн түрi бар ғой. Өткен-кеткен әруақтарды бұрын бұлай ойламайтын шал: «өлерiме көрiндi ме, мұным не?» деп бiр қойды.
Әкесiнiң ескi жұртын бiр жаз жайлағаны бар. Арыны басылмай тұрып, сай-саланың қойнау-қойнауын түгел шарлап, тыным таппаған едi. Жамбастана бiткен еңселi тепсеңге көтерiлгенде астындағы аты болдырды. Еңiске жетектеп түсiп, қозыкөш жердегi шұғыл бұрылма кезеңге келгенде құранды ерiн сыпырып алып, тартпамен бунап-түйнедi де үйiне қарай беттедi. Есiктiң алдында тұрған естияр баласы – Дарқан әкесiнiң беймезгiл уақытта ер-тұрманын көтерiп алғанына таңырқаған күйi:
– Апа, көкем ерiн арқалап келедi, – дедi қатты дауыстап.
Етжеңдi қараторы әйелi есiктiң көзiнен сығырая қарап:
– Кешелi берi қабағы қарыс жабылып қалып едi, сонысына көрiнгенi шығар, – дегенi де құлағына анық жеттi.
Қосшыбай әйелi мен ұлына бiр қарап, төрге оза жайғасты. Он үш, он төрт жасар баласы әкесiнiң ер-тұрманын арқалап келуiнiң мәнiсiне жете алмай селтиiп тұр. Әкесi мен шешесiне жалтақ-жалтақ қарағанмен тiл қатуға жүрексiнетiн тәрiздi. Күйеуiнiң салғырт, сынық жүзiне ұзақ телмiрiп, жаманатты естуге дәтi жетпейтiндей именiп барып, үнсiздiктi ақыры әйелi бұзды.
– Атыңа не болды?
Бұл ләм демедi. Ортаға дастарқан жайылды. Жаңағы баласы сырттан самаурын әкелдi. Шешесi шыны-аяқтарды сүртiп отырып:
– Ана екеуi қайда кеттi, жоғалды ғой, шақыршы! – дедi.
Шешесiнiң тынымсыз жұмсай беретiнiне қабағын кiржитiп, сыртқа атып шыққан естияр бала жiңiшке даусын барынша созып:
– Жарасбай, Әнуар, – деп айқай салды да, әкесiнен төменiрек орынға келiп жайғасты.
Бiр кезде бiрiнен соң бiрi ентелеп кiрген екi бала бiр сұмдық жңалық айтатын кейiпте бағжия қарап қатып қалысты.
– Күнi бойы үй көрмей қайда тентiреп жүрсiңдер?!
– Көке, апа, – дестi олар ентiккен күйi.
– Е, не!
Мына сайда тасқора бар екен, соны барып көрдiк.
– Қайда? Өтiрiк айтасыңдар, – дедi үлкен ұлы.
– Нан ұрсын! – Бiреуi сенбейсiң бе дегендей кеңiрдегiн қолымен орып жiбердi.
– Тек! – деп, шешесi шоршып түстi. – Жақтарың қарысқырлар-ай, қайдағыны қайдан шығарасыңдар! – Сонан кейiн бұған бүкiл денесiмен бұрылып, алара қарады. – Әтиiмнiң ескi жұртына келiп отырмыз. Бiр мал сойып, құдайы тамақ бермейсiң бе? Әруақтар дәмететiн шығар! Осыларды қайбiр жетiсiп жүрiп көрдiк дейсiң, – дедi.
Iшiп отырған шайын кiлт доғарған Қосшыбай үндемеген бойда сыртқа шығып жүре бердi. Тасқораға кешелi берi келуге жүрегi дауаламаған. Қазiр қарсы алдындағы тiк текшенi жалдатып шығып, құлама жартастың тұсына келдi. Ендi, мiне, әкесi мен шешесiнiң, бауырларының табандары анық тиген араны басып тұр. Көңiлi босап, көзiне жас үйiрiлдi. Әкесi шыға келетiндей елегзiп, айналасына алақ-жұлақ қарады.
Жер өзгермейдi дегенмен анау андыздаған тiк жоталар аласарып, шөгiп қалғандай. Ал күн көзiнен бой жасыра алмаған күнгей тастарының оңған түсi тым сұрқай. Лыпасының сау-тамтығы жоқ кәдiгiмгi дуанадай ұсқынсыз. Бесқоныстың жұмыр тiк шоқысы ғана «осы өңiрдiң бары да, нары да өзiм» дейтiндей маңғаз. Мал аяғынан таптаурын болған сызық-сызық,тарам-тарам жолдардың түпкi арқауын әрең ажыратып алған Қосшыбай: «Жердiң құты қаша бастапты, малды қалай болса солай жайып, өрiстiң түте-түтесiн шығарып жiберiппiз. Мына терең сайдың өзегiн жарып өтетiн жалғыз аяқ жол бар едi. Көзден тайған көп нәрсе көңiлден де кете ме?» дедi. Аспанға шапшыған Бесқоныс шоқысына түйiсетiн Күшiкбай сайының құлдилаған тұйығына ұйысқан көлеңке бұйығы әрi самарқау.
Күнгейi жадағай, жалаңаш, терiскейi қалың ну-жыныс екi сайдың ортасындағы тасқорадан көз алмаған күйi селтиiп тұрды да қалды. Анау еңiске астасқан жырада имене аққан бұлақ бар. Ал тасқора салбыраңқы жартасқа сұғына қаланған. Әуелi ұра қазылып, содан текшеленсе керек. Қожыр тастар пышақтың қырындай өткiрленiп, жерге жапсарласа тамыр алып бiтiсiп кетiптi. Күнгей мен терiскейге бiрдей салынған қойды көздегенмен Қосшыбайдың көңiлi басқада. Шалқайған төскейдiң беткейiнде бүлдiрген терген бала болдым дегенге қазiр өзi де сенбейдi. Қой көздерiнiң қарашықтары бiр мезет ерекше жылтырап өттi. Әкесiнiң ең кенжесi екенiн ойлады. Ертеден қара кешке дейiн бүлдiрген терiп жеп аузы уылып, тамаққа зауқы соқпай, жүрегi айни беретiн. Шолжаңдау өскен бұл тасқора аузының қырына шығып алып, қоймай жылайтын. Қапсағай денелi, атжақты қарасұр әкесi есiктiң көзiнде тұрып, шүңiрек көзiн кенжесiне шүйiлте қадайтын.
- Кел, әй, кел! Жылқының майына тары шылап берсем сап басылады. – Тымырайып алған бұл әкесiнiң жылы лебiзiн қасақана тағы күтетiн. Қарқарадай кiршiксiз аппақ күндiгiмен одан сайын сұңғақ көрiнетiн шешесi шалының елпектеуiн жаратпай:
- Тоқалыңнан туғандай осыңды елден ерекше серкештеп, бөле-жара беретiнiң не? – дейтiн. Бәйбiшесiнiң сөзiн құлағына қыстырмайтын әкесi – майға шыланған тарыны ұсынып, жұбататын.
«Бес ағайынды емес пе ем, қайда кеттi бәрi?» – деп орнынан ұшып тұрғанда жүрегi аузына сыймай демiгiп кеттi. Еркiнен тыс күш ылдиға қарай итермелеп, дедектеп жүгiре жөнелдi. Тасқораның жартасқа сұғынған тұсына жете бере шалынып жығылды. Қолын тiрей қалмағанда тұмсығымен жер сүзетiн едi. Тас жырған алақаны удай ашып, тызылдай бастады. Оны да елемедi. Жүйе-жүйесi босап, егiлiп жылап жiбердi. Парлаған жасы жүзiн айғыздап ағып, тiкенек жирен мұртына мөлт-мөлт iлiнiп қалды. Дел-сал бойын жия алмай, қимылсыз отырды да қойды. Мұжылып, кетiлген тұстарға қарап, бiраз жылдан соң тасқора белгiсiнен түк қалмайтынын ойлады.
Шалдың ойы әлденеден бөлiнiп кеттi. Көз талдырар ширатыла есiлген бұлыңғырдан басқа төңiректе көңiл желпiнтер жылт еткен ештеңе жоқ. Құнанның қырау тұрған қылшықтарына көзi түстi. Тынымсыз бұлтылдап ойнаған бұлшық еттерi қыстың қытымыр ызғарына сыр берместен шиыршық атады. Өрге қарай омыраулай өршеленiп ұмтылған жас мал басын оңды-солды бұлғаңдатып, сәт сайын пысқырынғанда – жайсыз дыбыстан гөрi кiсiге ес болатын сарынды аулап, көңiлi түсiнiксiз алып ұшады. Аңдап қараса, Қопаның ұлан жазығына да жетiптi. Мұншалықты жерге жаңағыдай ойлар алданыш болып келгенiне бiр жағы қатты таңырқады. «Көтердiм елу бiр пұт кiрдiң тасын» деп арасында ыңылдап ән салды. Сталинградтың түбiнде баяғы командирiнiң : «Жүзгенбаев, Жүзгенбаев» деп дауыстайтынына дереу үн қатқанда, оның:
«А, значит, живой» дейтiнi санасында жаңғырығып өттi.
Живойымыз живой ғой», – дедi шал кенет өзiне-өзi.
Әкесi, одан үш ағасы бiрдей өлген жылы бұл Орысбұлағының төменгi сағасындағы Көктекшеде жаңадан құрылған мойынсерiктiң азын-аулық малын бақты. Ендiгi бар мият тұтатын Бөлеген ағасы жаңадан ұйыса бастаған жатақта дуал соғып, сонда тұрды. Шешесi соның қолында, ал мұның соқа басы ғана. Анда-мұнда жайланып барып, жатып-жастанып қайтып жүретiн. Осындай күндердiң бiрiнде Бөлеген iнiсiнiң қамсыз-мұңсыз тiрлiгiне сәл налығандай:
– Күн көрiс қалай болар екен, бидай дегенiң ырымға жоқ. Ұраға тығып қойған соңғы қапты кеше ұрлап әкетiптi. Сенiң жүрiсiң мынау, арғы-бергiнi бiр мезгiл ойламайсың, – дедi. Анасына келiңкiрейтiн аққұба жүзi толқулы сәтiн жасыра алмай, тебiндеп шыққан бояудан өңi қып-қызыл болып кеттi. Жалт-жұлт еткен қарашықтары зәрлi ұшқын атады. Мынандай сөздiң төркiнiне бiрден дендей алмай қипақтаған Қосшыбай ағасының ненi мегзеп отырғанын бiлмей дал. Әудем уақыт жауап тосқан Бөлеген бiр кезде ауыр күрсiнiп, мұны барлап сынай қарады.
– Менi алаңдатып жүрген ойдың не екенiн бiлесiң бе?
Өңменiне қадалған жанардан дәтi шыдамай, көзiн тайқытып әкеттi. «Бұл кiсiнiң не бiлгенi бар?» дедi iшiнен. Бөлегеннiң сұлуша келген жүзi қуқыл тартып, қалың қара мұртының бiр талын әлдекiм жұлқып тартып қалғандай жыбыр-жыбыр етедi.
– Әкем айтушы едi, әуелi пиғыл-ниетiң бұзылмасын деп. – Даусы бiр түрлi қарлығып шықты. Сұсты қалпынан айнымай шарта жүгiнiп отырды. – Не көрiнетiнiн кiм бiлсiн, күннен-күнге тарынып барамын.
Қатпа қара келiннiң суық райынан қаймыға бастаған шешесi ұлының сөзiн жаратпағандай қабағын күйзеле шытынды.
– Тек, онысы несi! Ер жiгiттiң басына не келiп, не кетпейдi. Одан да құдайдан түп-тiршiлiгiңдi сұра.
Бөлегеннiң әйелi басын жұлып алып, енесiне жалт бұрылды.
– Қаптың түбiндегi тары таусылған соң топырақты обарсың.
– Қарағым, саған сөйлеген жоқпын ғой! – Шешесiнiң иегi кемсеңдеп кеттi.
– Сөйлемесең, жайыңа отыр!
Ағасының жер шұқылап, үн-түнсiз қалғанына қатты қорынған бұл: «Мына жүзiқара байғұс анамды әбден-ақ тұқыртып тастаған екен-ау» деп ойлады.
– Қарлыға-ау, сонша не болды...
Бұған бүкiл денесiмен жалт бұрылған жеңгесiнiң жүзi түтiгiп, сыны қашып кетiптi.
– Шешеңнiң тiлеуiн тiлемей-ақ, тыныш отыршы, қарағым. Шалын, үш баласын бiр жылда жұтқан бұл мыстан сендердiң де әлi арттарыңда қалады, асықпа.
– Болды ендi, ей, тура... – Бөлеген шыдай алмай сөзге килiктi.
– Сен өлiк немеге не жоқ, одан да бiр қап тарыға ие болмадың ба, – деп, күйеуiне шабаланып шыға келдi. Орнынан атып тұрған Бөлеген:
– Жоғал, арамқатқыр! – деп айғай салды.
– Өлмесең өмiрем қабыңдар! –деп, Қарлыға бұрышта ойнап отырған екi баласын дедектете жетектеген күйi сыртқа шығып кеттi. Тоқтатпақ болып ұмтылған бұған Бөлеген ақырып тастады да, даусын бiр түрлi бәсең шығарды.
– Барсын, атасына нәлет, содан-ақ көрдiм, – дедi де бұрыштағы домбырасына қол созды. Бұрауына келiп тұрған болса керек, ащы-ащы дыбыстарды үстемелетiп жiбердi. Ыңыранған баяу саз тамылжыған тәттi әуезге ұласқанда шешесi де, Қосшыбай да елтiп кеткендей тым-тырыс. Домбырасын оңтайына алып, құнжың қаққан Бөлеген өзiн бүтiндей оқшаулап, дүниеден қара жанына жарқын сарыннан ғана демеу табатындай тым бейiлдi. Күйлi-мұңлы әуен жаңадан соғылған дуал тамның ылғалына сiңiп, одан сайын жұмсарып шығып, құлаққа жағымды естiледi. Осы кезде Қосшыбай анасы жаққа назарын ерiксiз бұрды. Әр адымын санап, кербез басатын бiр кездегi тәкаппар, сән-салтанаты келiстi бәйбiшеге шешесi мүлде ұқсамайды. Опалаң-топалаңы шыққан мына үйдiң кiр-қоқысынан бойын аулақ салып, өлсем – отырған орным киелi дейтiн көзжұмбайлыққа көшкенiнен ғана бұрыннан бойында қалған кесектiк байқалатын тәрiздi. Көкайыл келiннен бетi қайтып, қайраны таусылып, бiржола қарекетсiз қалған ұлынан түңiлiп бiткен шешесiнiң қой көзiнен тiршiлiкке деген жылт еткен ынтызар нұр бiлiнбейдi. Тырсия керiлiп тұратын кимешегiнiң жақтары сөлпiлдеп бос қалыпты. Түсi оңып кеткен өрнек кестелерiне дейiн айырып болмайтындай – баттасқан кiр. Арып-ашып, азып-тоза бастаған анасының ұсқыны Қосшыбайдың жүрегiн сыздата ауыртып өттi.
Апа, аға, мен Iлеге мал айдасып барып қайтып келейiн, оған дейiн күндерiңiздi көре тұрыңыздар.
Шешесi үн қатпады. Тартып отырған домбырасын кiлт доғарған Бөлеген iнiсiне таңырқағандай бағжия қарап, қабағына кiрбiң үйiре құнжиып, домбырасын қырғызшалап ашумен ұрғылай бастады. Жылауық үннен шекесi шыңылдап кеткен Қосшыбай одан әрi тұра беруге дәтi жетпей сыртқа атып шықты. Анасы мен Бөлеген ағасының қатты қажыңқы кейiптерi көз алдынан кетпей көңiлiнiң шырқы бұзыла бердi.
Араға екi-үш күндi салып Қосшыбай қайтты. Тырс етiп тамшы тамбаған сұрқай жаз. Жер-дүниенiң бәрi құп-қу. Бүкiл өңiр буалдырлана шаңытып тұрады да алады. Сарайды ашпайтын бiр аңызақ құрғақ леп кенезесiн кептiрiп, шөлiркете бередi. Мойынсерiктiң азын-аулақ малын совхозға өткiзгенде ондағылар бiр қадақтай арпаның ұнын, бiр дорба талқан, бiр-екi бөлкенi қоржынына салып аттандырған-ды. Шүкiршiлiк еткен Қосшыбай: «өлмегенге өлi балық, мұны қаужап бiткенше ар жағында бiр жақсылық та болып қалар» деп өзiн-өзi демеп қойған.
Ел отырықшылыққа айналып, тары егiп, мал ұстап шаруаны оңдай бастағанда салық дегеннiң түрi көбейдi. Қап-қап тары, азын-аулақ бiткен мал да мойынға салынған борыштың бодауына кеттi. Сұлтан сияқты әпербақан белсендi шықты. Бұрындары адамның жуасы көрiнiп едi, қолына билiк тиiсiмен-ақ, құдай сақтасын, кiм көрiнгеннiң басына әңгiртаяқ ойнатып, Сұлтанқұл-Сұлтанқұл батырға, одан Сұлтан төреге айналып жүре бердi. Ел байғұс не iстесiн, қалған-құтқан азықпен қысты шықпа жаным шықпалап әупiрiмдеп өткердi. «Өлмеген құлға келдi жаз» деп арқаны кеңге ендi салайын дегенде екi ортадан құрғақшылық килiктi. Қосшыбайдың санасын кенет үрей билей жөнелдi. Қоржындағысы – мықтағанда он күндiк қана азық. «Қарлыға айтпақшы: қаптың түбiндегi бiтсе топырақ обамыз ба, қайтемiз?» Жеңгесi екi баласымен кiмге барып сыймақ? Алматыдағы төркiнiн сағаламақ па? Аузын балапандай ашқандарды қазiр кiм жақсы көрсiн? Апам мен ағамның халi нешiк?» Мың сан ойдың түп-тұянына жете алмай дал. «Шама барда қырғыздағы әкесiнiң ескi жекжатын iздестiрiп көрсе қайтедi?».
Шолаққарғалы өзенiн жағалап отырып, қасқа жолдың өкпе тұсынан бiр-ақ шықты. Осы сәт сабыр-тағаты таусыла көңiлi алып-ұшып, тiзгiндi үстi-үстiне қағып, тебiне бастады. «Дүние бiр қисық жол бұраңдаған» деген сөз көкейiне әлдеқалай оралды. Сонымен алданып, бiраз жердi артқа тастапты қараса. Үлкен бекеттiң қарасы мен мұндалап көрiне бастағанда әлдекiмнiң тауды бетке алып қыбырлап бара жатқанын көрдi. «Шалық тиген бiреу болмаса елсiз тауға лаға ма?» дедi. Қарайламай кете беруге дәтi бармай, амалсыз бұрылды. Желе жортып жетсе мұның аманына селт етпей бедiрейген сақал-шашы аппақ қудай қария. Қарсы алдындағы арықтан аттап өте алмай жүрексiне кiбiртiк-кiбiртiк басып, тура көмейiне жеткенде iркiлiп тұрып қалды. Қосшыбай дереу атынан түсiп, қолтығынан демемек боп ұмтылғанда тартыншақтап, әлсiз бұлқынды. Соның өзiн әлжуаз дене көтере алмай тәлтiректеп, құлап кете жаздады. Жөнделе нықталып тұрған соң бұған тiршiлiк белгiсi жоқ үңiрейген көзiн төндiре түсiп:
– Көсегең көгерiп, көрпең ұзарғыр, жағың түскенше жамандық көрмегiр, бағанағы есегiмдi өзiме қайтарып бершi. Айдалада арам өлiп қаламын ғой. Болмаса, тура осы арада өлтiрiп кет те көм, сауабым тиедi,-дедi. Әл-дәрменi бiткен соң даусы да талмаусырап шығады. Тiрi әруақтай қалтылдаған шалдың алдында Қосшыбайдың аза бойы қаза болды. Қанша сыр бермейiн десе де өнбойынан үздiксiз дiрiл жүгiрiп,дегбiрi қаша бастады. Қоржынға асып-сасып қол салды да нанның орауын тарқатып, үлкендеу үзiмiн жұлып алып шалға ұсынды. Ешқандай ықылас бiлдiрмеген шал қайтадан жалбарынуға көштi. Түсiндiрiп, жөнiн айтудың ретi жоқтығын ұққан бұл нанды қолына ұстатты да, атқа қонды. Бiр белгiлi аумақтан жаңылмай аспанда қарақұс қалқып ұшып жүр. «Құзғын деген сұм адамның бойынан күш-қуат кете бастағанын қайдан бiледi екен?» деп ойлады. Бiраздан соң артына бұрылды. Шалдың сұлбасы нысана обадай қалқиып әлi тұр. Ал баяу қалқыған қарақұс шеңбер ауқымын кiшiрейте қарияның дәл төбесiнен торылдауға көшiптi.
Қарсы алдынан және бiр қарақұстың қопаң етiп ұшқанын көргенде жүрегi су ете түстi. Асығып жетсе – жасамыс әйел отырған күйi көз жұмыпты. Кiшкентай екi баланың бiрi – етпетiнен де, екiншiсi – шалқасынан сұлапты. Жаңағы құзғын шалқасынан жатқан баланың екi көзiн бiрдей шығарып, үңiрейтiп тастапты. Қосшыбай көңiлiнiң жүйрiктiгiмен емес, бiр сұмдық түсiнiксiз қорқыныш арқылы жол бойы мұндайдың әлi көп кезiгетiнiн сездi. Сөйтсе де аялдамай жүрiп кеттi. Жол-жөнекей қирай жығылған адам екен. Кейбiр жазғандар осы өлiмнiң өзiнен құдды ыңғайсызданғандай жүзiн көрсетпей iшке тыға жайғасыпты. Бiр қартаң әйел тура жолдың үстiне қылжия жығылыпты. Мұны жүзiн жасырып, көмiп кететiн бiреу кезiгер деген дәмеге жорыды. «Құзғын-қарға мен қорқау қасқырлар бiр жырғаған екен» деген ой санасында қылаңытып өттi. Шытыр жеп, iшi кеуiп өлген малдай әр-әр жерде теңкиiп жатқан адам. Тiрi қалғаны болып қыбырламай ма екен деп қарағыштап келедi. Дүниенi өлiк исi алып кеткендей. Iш дүниесi де кеуек, қуыс. Тiршiлiкте ешқашан мағына болмаған тәрiздi. «Манағы бейшара шал арам өлуден неге сонша қорқады? Пенде баласының өлiмге дейiн өзiмшiл болғаны ма?» Осыдан үш-төрт жыл бұрын Жанапияның әкесi Мүлкiбайдың алты жүз жылқысын қазынаға алып, өзiн жер аударған кезде елдегi ағайын тәңiрдiң жазуы осы деп ұйғарған. Сонда Мүлкiбай жарықтық: «Қарагер айғыр жылқымның құты едi, соны өзiме қиыңдар» деп өтiндi. Оған Сұлтан одан сайын қағынып, айғырды дереу ұстатып, ерттеткiздi де өзi мiнiп алды. Қатты қорынған Мүлкiбай әруақ, құдайды атап,еңiреп жылап жiберген едi. Қалыс ағайын жаппай жерге қарасты. Қарагер айғыр Сұлтанның айбынын асырып, айдарынан жел естiрiп жiбердi де, көп ұзамай орта шаруаға да ауыз салып, қырына ала бастады. Бұлардың да киелi санайтын құла жорғасын тартып мiнiп, қызылмай ғып зорықтырып өлтiрдi. Сонда бұл да өгiздей өкiрiп жылаған. Ойлап қараса, ол – ит басына iркiт төгiлген заман екен ғой. Адам баласының осындай күйге ұшырайтынын бiлгенде Мүлкiбай қарагер айғырға бола сақалды басымен жылар ма едi, жыламас па едi?
Өзiнен-өзi елегзiп, айнала төңiректi жатырқай шолған шалдың сиықсыз суық дүниеден iшi-бауыры қалтырай азынап, құлази жөнелдi. Топылдаған тосаң дыбыс шыңылтыр шыны аязға сiңбестен айдалаға лаға қаңғып, түк таппай ақыры жолаушыны қара тұтып, құлағының түбiнде сықырлап шуылдады да тұрды. Шымырлаған сағым көз алдында жыбырлап, түйдек-түйдегiмен қордаланып қарауытады. Үйiрде жүрген жерiнен құла жорғаны ұстап мiнiп, Қопаға дейiн тоқтамай шапқан ақикөз Сұлтанның жындысүрей кейпi қазiр қарсы шыға келетiндей атқақтап соғып кеткен жүрегi аузына тығыла бердi. Ақкөбiкке малынған жануардың шарасына сыймай атырыла айналып кеткен көзi қып-қызыл. Енеден жаңа туғандай қалталақ-қалталақ етiп, шатқаяқтап тұрған құланы ылаушылардың бiрiне ұстата салып,жөнiне кете барған Сұлтанның сондағы порымы өрт сөндiргендей едi. Бiр-екi жетi алынбаған сақал-мұрты тiкiрейiп-тiкiрейiп, шешек дақты сұр жүзi қатқақтап әбден шөлдеген кiсiдей түтiгiп кеткен. Дегбiр таппай ақилана ойнақшыған қоңыр қарашықтары нысанаға дiттеп қадалған уақытта тiксiнетiн зәрлi уыттан гөрi ештеңенiң мәнiсiне бармай кәдiк әпербақан ұшқын жалт еткен мезет – мейiрiм шуақтан ада, тұңғиық түпсiз жыртқыштың ызбарлы елесiн әкелген едi. Бiр болыс елге белгiлi құла жорға қорқырап құлап жатқанда: «Иттiң балалары, маған ат әкелiңдер» деп Сұлтан тепсiнiп шыға келiп едi. Жылқысын алып болған соң Мүлкiбайдың өрен-жаранын алдына салып айдап, ұра-ұраны қоймай тiнтiп, тықтырған алтын-күмiсiн iздеттi. Ақыры түк таппайтын болған соң Мүлкiбайдың бәйбiшесi мен келiндерiнiң ұрқырап-шұрқырап жылағандарына қарамай бiлезiк, сырға-сақиналарының бiрiн де қалдырмай сыпырып алды. Басты жарып, көздi шығаратындай Сұлтанның сондағы екпiнi қатты едi, ойласа. Ылаушыны да күндегiсiн күнде өзгертiп, атты да солай ауыстырып мiнедi. Сұлтанның қарасы сонодайдан көрiнсе-ақ, жұрт жан-жаққа бас сауғалап, безiп кететiн. Кәрi-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға демей бастарына қамшы үйiрiп, алдына салып бiр шыбықпен айдайтын. Үйден үй қоймай тiнтiп, ұраға тығылған астықты арбаға басып ап, есiктiң алдындағы уақжандықтарды айдатқызып әкететiн. Аш өзектерiне түспей тұрып босып жөнелген жұрттың бiразы аман қалды. «Көппен көрген ұлы той», не болса да тәуекел деп жылы орнынан қозғалмағандар қырылды ғой, не керек. Әй, көрiңде өкiргiр Сұлтан-ай!» Шал осы бiр қарғысын дауыстап айтып жiбергенiн сезбептi. Ыза-кек те емес, өзегiн өртеп өтер өшпендiлiкке де ұқсамайтын бiр шарасыздыққа тап болған шал ештеңенi ойлауға зауқы шаппай басын бұлғаңдатқан күйi жүрдi де отырды. Көкiрек тұсы қызына ашынып, әлдене деп тiл қатса – қақырап-қақырап кететiндей ауырсынғандық бар. Селт етпес сұлқ түскен дүниеден де жерiнiп, денесi дел-салдана марғау тартты. Кенет: «ақыретке барасың не деп төре?» деген Сүйiнбай ақынның сөзi ойына сап ете түстi. Құнжыңдаған иығын қозғап, ерге жөнделiп отырды. «Сұлтан ақыретке не деп барды екен?» дедi кекесiндi мырс етiп. «Елдiң қарғысына қалғандар түбiнде соның зауалын тартпай қоймайды деушi едi, ештеңе жоқ, Сұлтан да өлдi, екi кез кебiн мен елден топырақ бұйырды. Одан артық оған не керек? Әй, сол Сұлтандарыңның қорықпағандарына қарағанда, ақырет дегенiң әшейiн жай нәрсе шығар?» Ел тойынып, ауқатын түзей бастаған жылдары мұның Алматыға жолы түстi. Райымбек атаның бейiтiнен былай Тәшкен көшесiнiң төменгi сағасы онда қаптаған мола. Ал маңайы қазiргiдей ел жоқ, қаңыраған қу дала болатын. Мал өткiзiп келе жатқандағы баяғы құқайдан қалай шошыса, бұл жолы да сондай сезiнiстi басынан өткердi. Мұрын тұратын жер аңғал-саңғал сәңкиiп, көздерiнiң орны үңiрейiп кеткен бас сүйектер ырсиып әр жерде жатыр. Тек ендi-ендi жидiп, сыпырыла бастаған шаштардың iрiп-шiрiп кетпей осы күнге дейiн сақталғанына бұл бiр жағы қатты таң қалды. Саудыраған қу сүйектердiң тұсынан өтiп бара жатып, әйтеуiр, сұмдық сезiк алғанын бiледi. Адам баласының бас сүйегi мұншалықты ұсқынсыз болатыны бұрын ойына кiрiп-шықпапты. Аңдап қараса, көр бiткен ойылып-опырылмаған, бүп-бүтiн. «Сонда бұлар осы жерге қалай келiп қалды ?» деуiн дегенмен, Алматының көк базары ашаршылық жылы қайыршыға толып кеткенi жөнiндегi естiген әңгiме кенет есiне түстi. Бiр қу қарынның қамы үшiн бiреу онда балгерлiкке көшсе, келесi бiреу құмалақшылықты кәсiп қылыпты. Сөйтсе де бәрiне бiрдей бiр жапырақ нан қайдан табыла берсiн, көше-көшеде iсiп-кеуiп жатып өлген ғой көбi. Иiстенiп, бүлiне бастаған соң осы маңайға сүйреп әкеп тастағанға ұқсайды деп ұйғарды ақыры. «Екi дүниенi бiрдей тауысса да кәрiлiктен жеңiлмей қақаң қаққан Жанапия сол жылдары менiң орнымда болса не iстер едi?» деп өзiне-өзi сауал қойған шал лайықты жауабын таба алмай, дал бола бастады. «Әй, дегенмен де Жанапия да тегiн жаратылмаған пенде шығар, бөтен елде жүргенде өлiп, көмусiз қалса қайтер едi? Дәм тартып тұр ғой, әйтпесе елге оралуы да екiталай нәрсе». Сексенге таяп селкiлдеп тұрса да аттан түспей өстiп жортып жүргенiн шал әжептәуiр тәубе еттi. Қыстың көзi қырауда әйел алғалы жатқан кiшi ұлының жөнсiздеу қылығына ашуы келмей: «Бәрi жан тоқшылықтың арқасы» дедi.
Иә, со жолы жартоғанды бойлап өскен қалың талға атын бекiттi де, қоржынын арқалап, Бөлегеннiң үйiне қарай беттедi. Ұзынағаш өзенiнен бөлiнген кiшкене тармақша су құлдыраңдап баяу ағып жатыр. Дөңге шығып, жан-жағын шолды. Тас төбедегi шаңқиған күн қуарып құлазыған дүниенiң одан сайын апшысын қуырып, күйдiрiп – жандырып барады. Оқшау төбенiң басында қалшия қатып қалған әйелге көзi түскенде денесi тiтiренiп, кәдiктеу қалпынан бiр жаманатты сезе жүрегi тынышсыз соқты. Шешесi мен ағасын көргенше байыз таба алмаған Қосшыбай ылдым-жылдым жүрдi. Әйелдiң тұсынан өтiп бара жатып қараса, екi ұрты суалып, арып-ашқан. Аясы қып-қызыл көздерiнiң зәрiнен қорыққан Қосшыбай:
–Амансыз ба? – дедi.
Әйел селт етпедi. Қосшыбай аң-таң. Қылтаң еңiсте аузы күн шығысқа қараған жертөленi көрiп, жалма-жан соған жетiп барды. Есiктiң көзiнен iшке еңкейе кiре берiп, маңдайы тасқа тигендей қалт тоқтады. Бойы мұздап шымырлай жөнелдi. Төргi бұрыштағы ересек бала қабырғаға жабыса түсiп, жарық дүниеге сыртын бере жан тәсiлiм етiптi. Әлденеден секем ала артына жалт бұрылып едi, көзi шарасынан шыға атыздай болып, шыңғырып жiберуге шақ қалды. Бұдан көз айырмай қадалған қалпы қалт-құлт басқан әйел жақындап төнiп келедi. Жертамның аузындағы алакөлеңкеде кейпi мамырлап жылжыған әруақтай. Желкесiне қарай жылжыған жаулығынан қобырап шығып кеткен шашы жүдеу өңiне одан сайын суық рең берiп, сұстандырып жiберiптi. Үрейi ұшқан Қосшыбай артына қарай шегiншектеп:
– Шешей, – дедi денесiндегi тоңазыған дiрiлдi баса алмаған күйi. Тарамыс денесiн сүйрете қыбырлаған әйелдiң қып-қызыл көзiнде шалықты сәуле ойнайды. Алқа-салқасы шыққан бiтiмiнде ой-аңғардан түк жоқ.
– Шешей, не iстейiн?
– Өлiктi не iстеушi едi?!
Қосшыбай кiдiрместен iшi-сыртты тiнтiп жүрiп күрек тапты да, тысқарырақтан барып көр қазуға кiрiстi. Жаз бойы жауын тимеген жер – кесек-кесегiмен опырылмайтын тас шемен. Зор күшке түсiп қазып бiтiрдi де, жертөленiң аузында қимылсыз тұрған әйелдiң қасына барды. Әйелдiң ұсқынынан бастапқыда құты қашып, үрейлене берсе, қазiр бәрiне үйренiп, көндiккен көнбiстiкпен қарайды.
– Әке мен бауырлардан айрылған сен бiр мұңдық, бала мен байдан айрылған мен бiр мұндық. – Мұң-наласын шағатын адамы ендi табылғандай әйел көз жасына ерiк бердi. Бiр уақытта сап тыйылып,ақырын тiл қатты. - Әй, қарағым-ай, жылағанмен ештеңең орнына келмейдi екен. Пенде болған соң ойлайсың, үш жарығымның ең болмағанда бiреуi тiрi қалса деп. Құдды қоскiндiк болған қозыдай тыпырлап-тыпырлап шетiнен өлдi де қалды.
Бұдан кейiн үндемей томырылып бедiрейген қалпы балаларына беттедi. Бұл да соңынан үн-түнсiз iлестi. Өлiктердi екеулеп жүрiп сыртқа шығарған соң қазылған шұңқырға бiр-бiрлеп жайғастырды. Балалардың бетi топырақпен жабыла бастағанда-ақ әйел ессiз шыңғырып жiбердi. Осы бiр азапты сәттен тез арада құтылғысы келген бұл тез қимылдады. Төмпешiктi үйiп боп, күректi жерге тастағанда екi қарының ұйи салдырап қалғанын сездi. Әйел де тыншып, бастапқы безерген кейпiне көшiптi.
Қосшыбай одан ары көп кiдiрмедi. Бөлегеннiң үйiне барған соң алдағы тiршiлiктiң қамын ақылдасып алуды ұйғарып келедi. «Түнеукүнi тұлданып кеткен жеңгесi сабасына түсiп, қайтып келген шығар?» деп те үмiттендi. Артына ерiксiз бұрылып қараса, отырған орнынан әйел әлi тапжылмапты. «Бiр жылы сөз айтып, жуатпағаным болмады-ау» дедi.
Бөлегеннiң үйiне кiрiп келгенде бұған басын көтерiп қарамаған шешесi бiр уыс болып босағада бүрiсiп отыр екен. Мұрнына мүңки бастаған өткiр иiспен қоса дуал тамның көктенген ылғалды лебi де келедi. Домбыраны тартып-тартып шаршаған Бөлеген мызғып алуды ұйғарған пендеге ұқсаса да, Қосшыбай бiр сұмдық болғанын бiрден сезiндi. Жан-дүниесiнiң терең түкпiрiнде бұғып жатқан күйзелiстiң өре түрегелмегенiнен қуыстанса, да: «Адам жаман ойға жүйрiк бәлкiм, содан да шығар?» деп, өзiн бiр жағы ақтап та қойды.
– Бұларыңыз не, апа?!
Жалт етiп бiр қараған сәттегi анасының реңi сұп-суық екен. Көзi түп-тұяны жоқ, тұңғиық жұмбақ. Көзi мағынасыз алайып кетiптi, жүзi көкпеңбек. Булығып, үнi шықпай қалған Қосшыбайдың көкiрегi кенет сұрапыл қызынып Бөлегенге жалма-жан тұра ұмтылды.
– Апа! – деп, жанұшыра айғайлап жiбердi. Дуал тамның қабырғасынан үгiтiлiп түскен сарғыш топырақ құрым киiздiң үстiне төпелеме үйiлiп қалыпты. Адам барлық жағдайдың үстiнде төңiрегiндегi нәрселердi көзi шала беретiнiне iштей қатты таңырқағанмен дүниедегi сорлылықтың бәрi бiр өзiн ғана төңiректеп, шықпай қойғандай сезiнгенде Қосшыбай еркiнен тыс әрекеттерге бара бастады. Домбыраны лақтырып жiберiп ағасының кеудесiне басын қойып, тың тыңдап көрдi. Құдды жүректiң соғысына елтiгендей бiрер уақыт қыбыр етпедi. Тар қапастың iшiнде тұншығып өлгенше құдайдың кең жерiнде аяқ-қолыңды еркiн соза жан тапсырған әлдеқайда жақсы екендiгi санасында қылаңытты. Сол сәтте анасы жаққа жалт бұрылды. Бетiнiң шалбарланған бос еттерi салбырай түсiп, шүңiрейген көздерi көңiлсiздiкке толы. Анасының дәл қазiргi кейпiн кенет қауқар-қуаты таусылып, ұша алмай шоңқиып шөгiп қалған кәрi құстың бейшара кейпiне ұқсатты. Неге болса соған көндiккен сұмдық құлықсыздықтан шошынып кеткен Қосшыбай ақылынан алжасқан кiсiше шешесiне қарай жамбастап жылжыды. Жақындап келгендегi аңдағаны анасының жанары қып-қызыл екен. Кимешегiнiң жағынан қобырап шыққан шашы аппақ. Өне бойғы үнсiздiк тұңғиық түнекке шым-шым батыратындай санасы қараңғыланып, көз алдындағының бәрi шымырлап есiле жөнелдi. Байқаса, шешесi өзiне қадала қарап қалыпты. Қызылы кетпейтiн шырайлы ажары қазiр күп боп iсiнiп, былшықтанған көзiнiң аласы лайланып тұманытады. Бастапқы қадала қараған кездегi жанарынан жөргегiнен бергi етене жақындықты танығандай болғанда жүрегi өрекпiп соғып, шекесi шыңылдай жөнелдi. Одан ары бөгелуден жүрексiнген Қосшыбай сыртқа ақырын шыға бердi.
– Менi де бiрге көмгiн, – дедi шешесi осы кезде. Осында келгелi тiл қатқаны бұл. Буыны беки қоймаған сәбидей қолын ербеңдетiп, сыртты оралымсыз нұсқаған кезде иегi кемсеңдегенмен көзiнен жас шықпады.
Бөлегеннiң жиған құрал-саймандарының iшiнен күректi алып, жер тамның тұсындағы төбешiктен көр қазуға кiрiстi. Шегiнен шыға ашуланған кезде қариялар: «Көмусiз қалғыр» деп қарғыс айтады деушi едi. «Жарықтықтар-ай, өйтiп назаланғандарының түбi жаман болатынын бiлмеген ғой, бiлсе, олай деп айтпай қалсын». Жарқ-жұрқ еткен күректiң жүзi жерге қарш-құрш тиiп, шыңылдап миын шағады. Безгегi ұстаған балаша Қосшыбай да дамыл-дамыл селк-селк етедi. «Бауырым-ау, ақ жуып, арулап көме алмағанымды кеш! Топырағың торқа болсын!»-дедi. «Мына жалған дүниенi тәрк ете баз кешiп кетудiң бiр жолы өлiм болса – ол алыс емес, ұзамай бәрiмiз қайта табысамыз» деген ой көкейiне берiк орнығып алды.
Жер бiраз қазылған соң айналасын қырнап,тегiстеп боп Бөлегеннiң денесiн алып шығуға iшке кiрдi. Өлiктiң жанына барып бүктүсiп отырған анасы: «Сен әлi жүр ме едiң» дегендей басын көтере сап Қосшыбайға ажырая қарады. Тұрғысы келiп ұмтылып та қалды. Әуелi дененi алып, қазылған көрдiң жиегiне апарып қойды. Содан кейiн шешесiн ертiп шықты. Өлiктi бесiкке бөлейтiн нәрестедей қол-аяғын жазып жатқызды. Шошайып отырған шешесiне қараған сайын тыңнан килiккен жаңағы бiр ой қара жанына әжептеуiр демеу болатынын сездi. Бiр кезде әлi бiтiп, талмаусыраған шешесi қолын ербеңдетiп, аласұра арпалысып кеттi. Қосшыбай қасына батылсыздау барып, алғашқы топырақты ұсынды.
– Менi де тастап жiбер!
Үздiк-создық шыққан даусы бiр түрлi қарлығыңқы. «Ойпырмай, екеумiздiң ойымыз бiр жерде шыққаны ма сонда» дедi тағы iштей. Сөйтсе де ұсынған топырақты алған ана қолдарын әлсiз шошаңдатып, жылжымаққа ұмтылды. Қолтығынан сүйемелдеп жақындата түскенде уысындағы топырақ Бөлегеннiң денесiне сусып төгiлдi. Шешесiн орнына қайтып апарып, өзi де бiр уыс топырақ тастап, баппен қимылдай бастады. Ағасының жүзi көрiнбеуге айналғанда: «Апыр-ау, мен не iстедiм?» дедi. Бiр-екi сағаттың iшiнде төрт адамды көмiп үлгергенiн ойласа да, қауырт қимылынан танбады. Төбесi кәдiмгiдей шошайып шыққанда күрегiн сылқ еткiзiп тастай салды. Демiн ауыр алған сайын қолқасын от қауып, кеуде тұсы удай ашып барады. Басы ауған жаққа тентiреп кеткiсi келетiн ниетi жеңсiк бермейтiндей көрiндi. «Сонда бұл дүниеде кiмдер қалмақ?!» дедi кенет өзiне-өзi. Әлi қанша адамның шырағы өшiп, көзi жұмылатынын ойлауға да дәтi жетпедi. «Жұт-жетi ағайынды» дегеннiң өзi осы екен-ау» дедi. Қосшыбай мазасыздана шешесiне жалт бұрылды. Өзiнiң өлiм сағатын көмбiстiкпен күтiп алуға тас бекiнген анасы басымен жер тiреуге шақ қалыпты. Мұның өлуге де хақысы жоқ екен-ау, ойлап қараса. «Жан тоқшылықта айтылған сөздердiң бәрi өтiрiк» дедi бiр кезде. «Күйiк деген адамды өлтiредi демеушi ме едi. Шешем болса шоқиып отыр. Мен – көр қазушы болып кеттiм. Өлген ешқайсымыз да жоқ». Дәл осы сәтте әлдене деп үн қатпаса тынысы бiтiп, қыстығып кететiндей Қосшыбай:
– Апа! – деп айғайлап жiбердi.
Тiптi даусы өзiне жат естiлдi. Бағанадан iштей арпалыса булығып, аласұрғандықтың бәрi сыртқа шыққан кезде анасының алдына өкiре сұлап түстi. Қанша уақыт жатқанын да бiлмедi. Орнынан тұрмаққа оңтайланғанда шешесiнiң тарамыстанған арық саусақтары бет-жүзiн сипап өткенiн сездi. Басын жұлып алса – жүдеп-жадаған қорқынышты кейiп өзiне төнiп келедi екен. Осының алдында ғана жат сезiм иектеп, жанын жегiдей жеген күдiк бәрi лезде ұмыт болды. Шама-шарқы қаужыраған шешесiн ес тұтып, серпiлiп, сергиiн дедi. Тағы бiр пәлеге ұшырамай тұрғанда Қырғызға жылжып кетудi ойлап, сүйретiле көтерiлдi.
Анасының қолтығынан демеп, бiраз жерге дейiн жетектеп көрдi. Соның өзiне тұла бойы дiрiлдеп, қалталақтап ентiгiп кеттi. Бұл сұрымен жер өндiмейтiнiн бiлдi. Қоржынын бiр иығына асынып, арқаламаққа ұйғарды. Шамасына қарамай шешесi бұлқынып, қарсылық жасап бақты. «Әй, шiркiннiң кеудесi-ай, тура баяғыдай» деп ашуланып кеткен Қосшыбай қышап тұрып арқалағанда-ақ зiлмауыр салмақ белi мен тiзесiне түскенiн бiрден сезiндi. Былқ-сылқ еткен анасының денесiн ұстау оның үстiне ыңғайсыз екен. Қарақұсы ұйығандай көзi қарауытып, шымырлай жөнелдi. Белi сынып ауырып, тiзелерi қалтырағанына қарамай ақырын-ақырын жүрдi. «Сүйегi ауыр екен-ау, жарықтықтың. Әкемiздiң әлпешiн көп көрiп едi, содан да шығар? Әйтпесе бұ кiсiнiң нәр татпағанына бiрталай күн боп қалды-ау. Аузына кiшкене талқан салып қою керек едi, бiр демалғанда көрермiз. Әуелi атқа жетiп алалықшы, содан бiр бұйыртқаны болар» деп ойлап, қаракөтермедегi жартоғанға қарай беттедi. Бiр кiшкене аралыққа жүргеннiң өзiнде маңдайынан бұршақтаған тер алқымына құйыла бастады. «Кiшкене жер жүре түсейiн» дегенмен де шамасы жетпедi. Шешесiн жерге қоя салып, ентiккен күйi қисайып жата кеттi. Кiшкене қисайғанның өзiне шiлденiң тапжылмайтын күнi тиген тұсын күйдiрiп, ойып түсетiндей тым ащы. Басы зеңiп, көзi талып кеткен Қосшыбайға дүние қап-қара сағым боп есiлiп, жер шыркөбелек айналып бара жатқандай көрiндi. Маңдайымен жер сүзуге шақ қалып отырған шешесiнiң болымсыз тербелiп қоятынын аңдады. Қоржынның аузын шешiп, бiр уыс талқанды ап дауыстап ұсынғанына бiрақ селт етпедi. «Ал-саңызшы, апа, кiшкене қуат болады» дегенiне де көнбедi. Уысындағы талқанды не iстерiн бiлмегендей бiраз iркiлiп барып, бiр кезде аузына ытып жiбердi. Күтiр-күтiр шайнап, сөлiн тiлiмен үйiргенде таңдайына татып, бүкiл жан-дүниесi тiршiлiктiң сиқырлы нәрiн тойымсыздықпен қажетсiне түстi. Көкiрек сарайы ашылып, көзi шырадай жанды. «Шешемдi осы жерге қалдыра тұрып, атты алып келсем қайтедi?» дедi кенет. Тұтқиылдан басына келген осы ойға қуанып кеткенi сонша, атып тұрды да қоржынды иығына асына салып, жартоғанды тiкеден-тiке бетке алды.
Атақонысқа барып, бiр-екi күн қалған-құтқанды талғажау қып тыныққан соң, ары – Қырғызға аспақ. Күйiп кеткен бүкiл өңiрден мына жыра ғана аман қалғандай көкпеңбек. Жайыла тарбиып өскен талдың сарғыш жапырақтары тынымсыз елпелек қағады. «Ат әбден тойынған шығар?» дедi iшiнен. Ұйысқан қалың шөпке тағы бiр сүйсiне қарады. Ат жуық арадан көрiнер емес. «Төмендеп кетсе керек» деп өзектi бойлай iздедi. Ұшты-күйлi жоқ. Көлденең қара көтермеге шығып, iз шалды. Бiр кезде тұс-тұста шашылып жатқан ер-тұрманға ұшырасты. Терең жыраның тұйығында бауыздалған аттың қаны жерге көпiршiп сiңiп, көбiгi ғана қалыпты. «Осыншалық қырсық шалатындай тәңiрге не жазып едiм?!» дедi тiстенiп.
Сұрлана түтiгiп кеткен ұлының пiшiнiн көзiнiң астымен бiр қарап, кемпiр жайына көштi. Анасының ажарынан бақуатты тұрмыстың бұрынғы белгiлерiн iздестiрiп әлек болатынына өзi де қайран. Көзiнiң қызыл етi өсiп, қыр мұрны қоңқая зорайып кетiптi. Көйлегiнiң тiгiстерi ыдырап, болбыраған бос еттерi әр жерден жылт-жылт етiп көрiнедi. Ұлының әлемтапырық жүзiнен секем ала бағжаң етiп бiр қарады да, лезде үйреншiктi кейпiне ендi. Тiршiлiктiң ыстық-суығына бiрдей көндiккен шешесiнiң осы сәтте тағы бiр жаманатты пайымдағандай жүзiне ой iрiккенiн анық байқады.
– Балам, адамзат баласына кесiр жақпайды деушi едi. Жасымда айпау-шайпау сөйлеп, дуалы ауыздардың қарғысына ұшырасам керек. Бөлегеннiң қолына бармағанда ол өлмейтiн бе едi, кiм бiлсiн. Ендi сен кет, қарайлама. Көмусiз қалсам да тастағын. Жан сауғалап, қайткенде тiрi қал!
Әлжуаз қарт әйел қолтығынан ақырын демеп, көтерiп тұрғызған ұлына таңырқай қарағанда тым бозарыңқы қан-сөл жоқ өңiнен Қосшыбай тосылып қалды. «Жол-жөнекей өлiп қалады-ау» деп ойлады. Қоржыннан тағы да кiшкене талқан алып ұсынып едi, дәмнен құдды шошынған кiсiше үрпиiп қарады да қойды. «Мұнысы несi?» дедi. Бағанағы жұмырына жұқ болмаса да ашқарақтанбады. Шешесiнiң салмағынан жүрегi қатты шайлығып қалыпты. Жүрелеп отырып, арқасын тосқанның өзiнде iшiнен қасарысып ұмсынбай қойса екен деп тiледi. Бiрақ әлсiз қолдар мойнына оратыла кеткенде не iстерiн бiлмей бiрер сәт шоқиып отырды да қойды. Жаратушы құдайға ма, жоқ, мынау жалған дүниеге ме, әлде арқасына мiнiп ап жүруiн үн-түнсiз күтiп отырған шешесiне ме, сұмдық ашуы келiп кеттi. Әлденеше ұмтылып барып орнынан тұрып, шайқалақтап-шайқалақтап барып түзелдi. «Бұл жарықтықтың сүйегi сонша неге ауыр болды екен?» дедi тағы. Бiр қиян түкпiрге жету үшiн сабыр-шыдамды тауыспай, түбiн, ақырын күту ғана қу жанға демеу болатындай көрiндi. Бар дiттеген ойы – әке жұртына жету. Iш дүниесi бос, қуыс қалғандай төтенше қызынып, шекесi шыңылдап, көз алды қарауытып кетедi. «Осының бәрi аштықтың салдары шығар? Мұндайда тамақты тоя жеуден де қорқасың. Ертеңгi күнiңдi не күтiп тұрғаны тағы белгiсiз».
Қосшыбай ой жетегiне ерiп, бiрқатар жер жүргенiн сезбептi. Сәл демiн алды. Жолдың ендi ылғи өрге тарта беретiнi есiне түссе бiттi, көңiлi қобалжи бастайды. Қақпатастың екi ортасындағы жалғыз аяқ жолмен тiк өрлегенде күркiрей аққан Ұзынағаш суының сарыны қалмай iлестi де отырды. Арғы беткейдегi жартастардың қара айнадай жалтыраған беттерi шаңқиған күнге шағылысқан сәтте жан-жаққа өткiр сәулелер шашырайды. Биiк сүйiр шоқыны көлеңке алқымдай бастапты. Тау өңiрiнiң қойнау-қойнауы бiртiн-бiртiн шымырлап күңгiрт тартса, бүкiл жаратылыс салғырттыққа көшедi. Сәл жүрсе бiттi, дымы құрып дем алатын Қосшыбай ай туғанша Орыс бұлағына iлiгудi көздедi. Ары қарай Күшiкбай сайына тұмсық тiреу онша қашық емес. Тек қалжырауға бой алдыртпаса болғаны. Ендi шешесi мазасын ала бастады. Ауыр кiсi арқасында сәл тыпырласа бұл өз еңсесiне ие бола алмай қалып, тәлтiректеп кетедi. Даусы жұмсақ шыққанымен сөзi уытты. Ұлының мұнысы құр бекершiлiк екенiн ұқтырғысы келе ме, жанға жайсыз тиетiн қайдағы бiр сөздердi терiп айтады. Бiр мезгiл тыншығандай көрiнгенмен сөзге қайтадан кiрiскенде Қосшыбай өзiн әрең-әрең ұстайды.
– Соры қалың балам-ау, қу шешеңдi қайда апара жатырсың? Ақ сүтiмдi ақтауға тыраштану ма, сенiкi. Әдiрем қалсын. «Жаман еркек тiрi болса алтын қасықпен су iшедi» деушi едi шал. Менiң орныма сол әкеңдi көтерсең жараспаушы ма едi. – Шешесi Қосшыбайдың арқасында тағы тыпырлап, босанғысы келiп жұлқынып бақты. Шамасы келмей шарасы бiтiп, қайта қимыл әрекетсiз қалды.
– Әйтеуiр тiрi қалуыңды ойлашы.
«Мына жазған пенделердiң мұнысы несi» дегендей жоталар барған сайын ыздиып, қаумалай анталады. Өркеш-өркеш өр Қосшыбайды әбден титықтатып-ақ тастады. Сөйтседе «көш жер дем алмай бармасам ба, қарап тұр» дедi тiстенiп. Бет жүзiн тер жауып, тынысы жетпей уырлап бара жатса да қисая кетудi көксемедi. «Тек апам сөйлемей қоя тұрса екен» деп тiледi.
– Көрсеткен ұшпағың сол болса, таста менi, қинама жанымды, – дедi дiрiлiнен айнымайтын бiр әлсiз дауыс.
Қосшыбай амалсыз тiзе бүктi.
Қоңырқай тiрлiктiң iргесi сетiнегелi көп уақыт болған сияқты. Бүкiл бiр үрiм-бұтақтан қарайып жалғыз қалам деп тiптi ойламаған екен. Көлеңке қоюлана түскен сайын айнала жаратылыстың айбыны аса түсiп, шоқылар мен жалдар аяқ астынан еңселенiп кеттi. Қыбырлаған тiрлiк иелерiнiң қаракеттерiне барлығы да шекесiмен қарайтындай. Жалғаннан жан жүрегiмен жерiнген шешесi басын төмен тұқыртып алыпты. Құр сүлдесiне әрең ие болып, қимыл-әрекетсiз бүгжиiп қана отыр.
– Апа!
Ұясына кiрiп бара жатқан күн сәулесi бұлар отырған еңiстiң шоқысымалына емiн-еркiн төгiлiп өттi. Сай-сайдың бұлың-бұлыңына көлеңке толық бекiнiп алды.
Көзiнiң айналасы көлкiлдеген iсiк шешесi осынау өңiрдi тумысында көрiп тұрғаны осы тәрiздi жатырқап, бiр түрлi кәдiк қарайды. Сонау даладан тауға арқалап көтерiп келген тiптi бұған да қайуана қазақтай көз қиығын екiұшты тастайды. Айғыз-айғыз әжiмдерi өрмекшiнiң торындай тарам-тарам. Шөжiп-шөгiп бiр уыс болып кiшiрейiп кеткен шешесiне жүрегi езiлiп, елжiрейтiндей босаң күйге тап болды. Кенет анасын мола күзеткен байғызға ұқсатып, өз ойынан өзi қатты қуыстанды. «Шама-шарқы бiткен адам әлде санасынан шатаса ма» дедi Қосшыбай. «Әйтпесе, туған шешенi дәл өстiп ойлайтын не жөнi бар?». Осы ойдың жетегiне iлесем деп ештеңе байқамай қалыпты. Қараса шешесi тоңқалаң асып құлап жатыр. Бiрден тұра ұмтылуға да құлқы шаппай iркiле берiп, орнынан ақыры ауыр көтерiлдi. Бүкiл денесi салдырай ұйып, құрысып қалыпты. Қол-аяғын жазып, шешесiнiң қасына кiбiртiктеп келдi. Тұрғызып, буынын қатайтты. Осының бәрiне ләм деп тiл қатпағанынан секем алған Қосшыбай шешесiнiң жүзiне шүйiле төндi. Iңiр қараңғысында ана пiшiнiндегi құбылыстарды аңғаруға тырысқанымен еш нәрсенiң байыбына бара алмады.
– Мола күзеткен құзғынға неге сонша үйiрiле бересiн, балам? – Даусы сергек шықты. «Жаңағы бiр ойымды дауыстап айтқаннан саумын ба?» дедi iшiнен таңырқаған күйi. Сөз айтуға батылы бармай арқасын жүрексiне тосқанда ұмсынбаған күйi сүлесоқ тұра бердi.
–Апа, жүрелiк, – үнi бiр түрлi толқып шықты. Ауыр-ауыр сөздердi еститiндей құты қашты. Әйтсе де шешесiнiң басы арқасына еппен тигенiн сезгенде әупiрiмдеп тұрды да, бiраз аралыққа әлтiк-тәлтәк басып барып түзелдi.
Кешкi салқынды төске алғандықтан ба, үздiксiз жүруге көштi. Дәржi сайының етегiне тақағанда Орыс бұлағын қуалаған жалғыз аяқ жолмен қайта табысты. Ара-арасында тiзесiн бүгiп, демiн алғанмен ата жұртты нысана тұтты да, соған барып бiр-ақ жығылуды көздедi. Қанша уақыт өткенiн де бiлмедi. Белi сынып ауырып, екi қары бiрдей талып, сiлелеп бiттi. Бiр кезде шымырлаған тас қараңғы түннiң етегi түрiлiп, қараң-құраң көзге айқын шалына бастады «Өлмеу парыз. Бiр үрiм-бұтақтан тұқым-тұяқ қалмау деген не сұмдық» дедi.
Тiк тепсеңнiң етегiне аяқ басқанда жанын жегiдей жеген ойлардан пышақ кестi тыйылып, сергек адымдады. Алдыңғы көлденеңнiң арғы саласы- мұның ата жұрты. Туған өңiрi көңiлiн де сайрап тұр. Өрге тырмысып шығып, тура тасқораны бетке алды.
Шешесiн жайғастырып болған соң беткейден қурай терiп келдi. Екi тастан iлдәлап ошақ жасады. Белiне байланған шәугiммен су әкелдi, от жақты. Бiр уыс бидай талқанын шылап, бiр үзiм нанды майдалап турап қойды. Бағанадан бергi бейғамдығынан шошынып кетiп, анасы жаққа жалт бұрылды. Басын тiк көтерiп отыр екен. Ай тас төбеге таяп, дүниедегi екеуара қыбырлаған тiршiлiк иесiне мейiрiм-шуағын мол төге елжiрей толысып, қызқұлақтанып үлгерiптi. Қосшыбай шешесiнiң тұсына еппен сақ басып барды. Ағыл-тегiл жылап отырғанын көрiп, тосылып қалды.
– Апа, неге жылайсыз?! – Шешесi ләм демедi. Ал Қосшыбай бiр өзгерiс барын аңғарды. «Құдай-ау, тағы бiр жамандығынды көрсете көрмешi!» деп жалбарына бастады.
– Апа! – Даусы оқыс ышқынып шыққандықтан ба, күнгей беткейдегi жартас қаңғыр-күңгiр жаңғырығып өттi. Жақсы сәтiнiң шырқын алғанын жаратпағандай ана ұлына ұзақ тесiлдi. Ай сәулесi мен оттың жарығына шағылысқан жүзi алаулап көрiнедi. Қарқарадай күндiк орап, аппақ кимешек киетiн, әр адымын санап басатын баяғы бiр анасын танығандай Қосшыбай абдырап қалды.
– Жай әшейiн, әкеңдi ойлап отырмын, – дедi бiр кезде. Үнi анық, сергек шықты. – Жан бар жерде қаза бар деушi едi, дүниенiң алдын болжап, кесiп-пiшiп жүрiп, бiздi жұртқа тастап кеткенiне налимын.
Емеурiнiн ғана бiлдiрiп, астарлап сөйлейтiн дәуiрiндегi қалпын тез тапқанына қайран қалған Қосшыбайдың анасына деген сезiгi күшейе түстi. Аштықтан да, өлiмнен де құдiреттi бiрдеңе бардай, бiрақ ол не, бiле алмай әлек.
– Балам, несiбе-ырзығың таусылмасын, – деген сөзге селт етiп, жалт бұрылса, шешесi шалқалап құлап бара жатыр екен. Жан ұшыра тұра ұмтылған Қосшыбай:
– Апа! – деп айғайлап жiбердi. Қарауыта бедiрейген жартас мұның ышқынып шыққан даусын сол күйi қайталап, әр тұстан қаңғыр-күңгiр еткен тосаң дыбыс әудем уақыт өшпедi.
Нақ осы сәтте шалдың шекесi шыңылдап, көз алды буалдырлана қарауытып кеттi. Шайқатыла тербетiлiп барып ерге түзелiп отырды. Сеңсең iшiктiң зiлдей салмағы өне бойы екi иығына түскендiктен бе, қарына дейiн талып, тұла бойы бөлек-салақ салдырап қалыпты. Шешесiн сол тауға арқалап апарған жолы бар-жоғы он сегiзде екен ойласа. «Әй, дегенмен шаршадым-ау», – дедi кенет. Қайткен күнде аман қал деп аманаттап кеткен шешесi мұның бұл күнде жетпiстен асып, сексенге таяғанын қайдан бiлсiн. Бұл ой жетегiне iлескелi берi бiр тебiнбептi. Құнан бiр сыдырғы төпеп келедi екен. Шаңытқан тұман сейiлiп, дүниенiң барлығы көз мөрiне анық басыла бастапты. Суық ауада ұшы қиыры жоқ қырат адыр бүрсеңдеп тербетiлiп тұрғандай. Бұл төтенi көздеп, дiттеген жерiне қия тартып отырғандықтан көлденең көк аттыға ұшыраспады. Бiрдi-екiлi қойшы-қолаң кезiккенiмен бұрылмай жүре бердi. «Бiреуi өстiп мал бақса селкiлдеп отырған мен жоқ, бiр шетiне жарамас па ем» дедi. Ортаншы ұлы Жарасбай сонда тасқораның жанында мұның егiлiп жылап отырғанының үстiнен түскенiн кенет есiне алды. Қып-қызыл боп жасаураған көзiн көрсеткiсi келмей жасырып, абыржыған күйi:
– Ана тасқораның шетiндегi кiшкене төмпешiкке қарашы, – деген.
– Тiк тұрған қалақ тастың жанын айтасыз ба?
– Иә, сол жерде әжең жатыр.
Жарасбай үлкен кiсiдей томсарып, бiресе әкесiне, бiресе тасқораға жаутаң-жаутаң қараған. Әлденеден қаймыққандай бiр кезде бұйығы тiл қатты.
– Өлген адамдар қайтып тiрiлетiн болсашы!
Қосшыбай қызарған көзiн ұлына тiктеп, қабағын күйзеле шытты.
– Балам, өлгендердiң қайтадан тiрiлуi қайбiр жақсылық дейсiң. Екiншiлей бұлай беталбаты сөйлей көрме.
Еңiстегi жылғаға құлдилап түсiп, арғы бетке өрмелеп шықты. Ұлы жаңағы орнынан жылжи қоймапты. «Осы баламның бойынан Бөлегеннiң қылығы ұшырасады» дедi iшiнен. Мына бiр терең аңғарда өзiнiң құлындағы даусы талай мәрте шырқырап шыққан екен-ау, ойласа.
– Балам, жiгiт болған кезде мына жерге келiп тұруды ұмытпа!
– Жарайды, көке, – деп едi сонда Жарасбай.
Одан берi де отыз жыл дегенiң зу етiп өте шығыпты. Балама бiр жайды мұқият аманаттап едiм деп бұл ойламапты. Дәуде болса Жарасбай да оны ұмытып кеткенге ұқсайды. «Қайта ана дәлдүрдiгiм тәуiр» дедi шал. Жөнi келсiн, келмесiн: «Үлкен атамның жұртына барып келгенде болатын едi» деп тұрады. Сонысына да рақмет. Осы күнге дейiн жұрттан бөлiнiп, саяқсып жалғыз қалатын кездерi неге көп болды екен мұның? Бұрын үш баласын бiр бөгде зұлмат қыршынынан қиятындай қатты сескенетiн. Қазiр де жүрегi кеудесiн ұрғылап, жиi-жиi соқты. Үйiрге қосылмай, тек соны қара тұтып, маңайлап жайылып жүретiн жылқы болушы едi. Шал қазiр өзiн нақ солай сезiндi. Дегенмен де мұның балаларының не бiлгенi бар? Жоқ, бұл алжиын дедi ме? Бiр тараншы шалдан балаларыңның қайсысын оңды көресiң деп сұрағанда: «Қайсысы өз бетiнше күнiн көрiп кетсе, сол жақсы» деп едi. «Өз бетiнше кiм күнiн көрмей жатыр? Ит екеш ит те... Ал мұның үлкен баласы бiреуге жақаттығым тие ме деп ойлай ма екен осы? Ана ортаншысының шыр-пыр болып жүргенiне қарағанда көкiрегiнде саңлау болғаны ғой».
Шал жолға атпен қанша шығып жүрсе де өткен-кеткендi бұрын-соңды бұлай таусылып ойламайтын. Бұл жолы әйтеуiр түсiнiксiз күй кешiп келедi. Бұл кезде көз ұшындағы таудың сонау терiскей қолтығынан белгiсiз тараптың тұңғиығына гүмп берiп сүңгiп кетуге ыңғай танытқандай күн жер бауырлап барады. Ертеден қара кешке дейiн атқа отырып, арғы-бергi дүниенi көп ойлағандықтан ба, шалдың iшi қуыс қалғандай азынап тоңази бередi. Бiр мезет алданыш тұтқан күн өлiмсiрей қызарып барып, бұлт бере бой жасыра қалған сәтте iңiр шымыр-шымыр қонақтай бастады. Қаптал-қапталдың қары кiршiгi жоқ аппақ тартып, үйiрiлiп-төңкерiле жалт-жұлт етiп көздi арбайды. Көңiл деген шiркiннiң жөнсiз нәрсеге алданатынына шал қайран. Нақ осы жолдың үстiнде бiреу жақсылық айтатындай аяқ астынан жүрегi лүпiл қаға соғып кеттi. «Бәрiнен бұрын Самсыға жетiп алайыншы» дедi.
Самсыдағы ескi жекжатының үйiне ел орынға отырған кезде келдi.
– Ойпырмай, әйтеуiр, жеттiңiз бе, ендi болмаса қорқайын деп ем. Бәсе, мұндай уақытта жылқыны айдап келу тұрмақ, салт кiсiнiң жол жүруiнiң өзi қиын, – деп, ескi жекжатының баласы шалдың асты-үстiне түсiп, бәйек болды.
– Бәрiн бүлдiрген айғыр...
– Ол сiздiң көзiн құртатыныңызды бiлген ғой. – Жекжатының баласы қуақылана күлiп, iстiң жөн-жосығын бiлетiн шаруақор сыңайда шалға бiрауық тесiле қарады.
– Ата, осынша жолға атпен жүрiп, қалай iшiңiз пыспайды. Сонда не ойлап отырасыз?
Iшiп отырған шайын кiлт доғарып, мына сұрақтың не қитұрқысы бар дегендей бiр нүктеге сазара қадалды. Оңтайлы жауап таба алмай жүзiне қиналыс iркiп, бiр-екi дүркiн ырғатыла тербетiлiп алды.
- Өткен-кеткендi ойлағаннан басқа не бар, – дедi солғын ғана. Жаңағы сұрақ түйткiл боп көкейiнен әйтседе кетпей қойды. «Шынында да өмiр бойы ат үстiнде келемiн. Бұрын не ойлап едiм, бүгiн не ойладым? Мынау зады жаман адам болмайды-ау. Менiң ана балаларымның аузына осындай сөз неге түспейдi екен? Ананы өйтсек, мынаны бүйтсек деп олар шаруаны сөзбен тындырып тастауға шебер. Алғашында соған әжептеуiр алданған жоқ па».
Қол-аяғы ұйып, сыздап, денесi ауыр тартқанын елемей шал ертелетiп тұрды. «Оразаңызды ашып кетiңiз» деп жекжатының баласы жата-жабысқанына да қарамай: «Тәңiр жарылқасынын» айтып, атқа қонды. «Әлгiлерге бiр-екi күнге ғана дем ем, әй, безiлдеп-ақ жатқан шығар?» дедi. Жылқыларды айдап келiп, тұқымын тұздай құртамын деп тепсiнiп кеткенiне қарай соқа басының сымпиып қайтқанынан ыңғай-сызданып-ақ келедi. Төменгi жақ пен тау арасының суығы бiрдей секiлдi. Кешегi көзталдыратын мұқал жоталардан гөрi кең-молынан сөгiлген сайлардың аңғар-аңғары әжептеуiр қалқа, ықтасын екен. Жоқ, әлде бiр-екi белдiң ар жағында ауыл тұрғандықтан ба, көңiлi бiржола тыншыды.
Сәске шамасында шал үйге жеттi. Iшiгiнiң етегi жер сызып, денесiн зорға сүйретiп iшке енгенде дабыр-дұбыр әңгiмелесiп, шай iшiп отырған балалары мен келiндерi атып-атып тұрысты. Шал тапжылмаған кемпiрiне назарын суық тастап, қабағын қинала шытынды. Шешiнбекке ыңғайлана бергенде оқ тиген шынтағы тоқ ұрғандай дыз ете қалды. «Ойбай-ай» деп екi қолын түсiрiп жiбердi. Тұра ұмтылған балаларының бiрiне: «Қоя бер!» деп даусын сыздатып шығарды. Көп жайды онша ерен санай бермейтiн Әнуар:
–Көке, әкел жеңiңiздi мен тартайын, – дедi. – Ортаншы ұлының сиқы қитығыңқы, ал үлкенi – Дарқан бұл қайда барып, қайдан келдi дейтiн сыңайда аңқайып қалыпты. «Заман мұнда мынаныкi. Жылқының етiн жеп отырып, жемей-ақ қояйын деген осыны көрдiм» деп ойлады шал. Ұзын-сонар ойдың ұштығына жете алмаған кейiптегi кемпiрiнiң кескiнi сазарыңқы. Әбден қаталап шөлдеген кiсiдей шайын сораптап ұрттайды. Бұл төрге асықпай баппен жайғасты да, бажайлап балаларына қарады. Әңгiменiң ау-жайын байыптағанмен «қосып-алар ештеңем жоқ, бәрiн өздерiң бiлiңдер» дейтiнге ұқсайтын қашанға қалыс мiнезiне бола ма, шал, әйтеуiр, үлкен ұлын көп ойламайды екен. Бiр-екi жаман күшiгi бар. Енесi жаққа қайта-қайта еңкейiп, әлденелердi сыбырлап айтып, анда-санда күлiп қойып отырған анау осының әйелi. Ал Жарасбай бiр ойдың iзбiнiне түсiп, содан дерек таппағандай қалшия шақшиып қалыпты. Жел қақпаған дөңгелек кескiнi боп-боз. Шашының маңдай тұсы аппақ болып кетiптi. Босаға жақта бес биенiң сабасындай кеңмол пiшiлген әйел – келiнi. Қабағы әлденеден қабаржулы. «Қайтсiн, ойында әр нәрсе бар ғой» дедi. Осы кезде кемпiрi бұған көз қиығын немқұрайдылау тастап, лезде тайқытып әкеттi.
–Жылқың қайда? – Бiреу естiп қоймасын дегендей даусын ақырын сақ шығарды. Аяз сорып, iсiнiп күреңiткен жүзiн кемпiрiне тiктеген шал езуiне ызбарлы кекесiн үйiрдi.
– Бәрiн айдап әкелiп, қораға қамадым, бытырлатып шетiнен соя брiңдер!
«Ұзақ жолда қалай iшiңiз пыспайды, сонда не ойлап отырасыз?» деген жекжатының баласы құрлы жоқ болды-ау, бұлар». Аяқ астынан кеудесiн ашу-ыза кептеп, демi жетпей бара жатқан соң алқымындағы түймесiн ағытты.
– Әй, жылқы тұрмақ қара басым бар ғой, қара басым әрең жеттi осы жерге! – деп, шал айғайлап жiбердi де дереу сап тиылды. Қашанғы әдетiне бағып, үнiн соза жайлап шығарды. – Саған жылқы керек, менiң өлген-жiткенiм бәрiбiр ғой.
Жөнсiз жерден осылай жапа шегетiнiне қорынған кемпiрi жыламсырай үн қатты.
– Жылқыны айдап келем де, сатып көзiн құртам деген өзiң. Сонда маған не қыл дейсiң. Бiр жерде құдай ұрып құлап, қатып қалып жүрсе елге не бетiмiздi айтамыз деп үш күн бойы ұйықтамай аласұрып шықтым.
– Жарайды, қойыңыздаршы ендi, – деп ортаншы ұлы сөзге килiктi. – Бәсе бiздiң үйдiң iсi осылай ылғи керiсiнше жүрушi едi. Сексендегi шалды тентiретiп, ит өлген жердегi жылқыға жiберемiз,қақаған қыста қатын аламыз, ендi бiрiмiз маған не iсте дейсiңдер деп жайбарақат отыра беремiз.
Бұл сөздiң өзiне еш қатысы жоқтай кiшi ұлы бейқам отырған сияқты едi. Орнынан қалай лып етiп тұрып кеткенiн де байқамапты. Қараторы жүзi түксие сұрланып, Жарасбайға ежiрейе қарады.
– Әйел ал, әйел ал деп құлағымның етiн жеп, ендi былай шыға келетiндерiңдi кiм бiлген.
– Есi дұрыс адам осындай қыстың көзi қырауда қатын ала ма, күн жылы, жер қарада қайда қалдың, соны айтшы?!
– Бүйтiп зарлап-қақсап той жасағандарың құрысын сендердiң, – дедi Әнуар жұлқынып.
Жарасбай әлдене деп тағы тiл қатса ашуы ерiк бермей елiрiп кететiнiнен сезiктенiп,тығылып сазарды да қалды. Бұйығы райынан бiр айнымайтын Дарқан назарын ешкiмге тiктемей төменшiктеп, өзiмен-өзi боп отырған. Қағынып-ұшынып кеткен Әнуарға ақырын басын көтерiп, түксиiңкi әлпетпен шытынып қарады. Екi жерде селтие шошайған келiндерi ештеңенiң мәнiсiне бармағандай бiрiн-бiрi сұраулы жүзбен бақты. Дөңгелек үстелге екi қолын жайып сап, балаларына шарасыздықпен қараған кемпiрдiң шырайы алабұрта күреңiтедi. Бұларды бәтуаға шақыруға оқталғанмен есiл сөзiнiң зая кететiнiн алдын ала бiлiп, сол үшiн тек iштен тынғандай боп отыр. Шал кенже ұлының ұсқынына қарап таң-тамаша. Шабына от түскендей секiрiп, шошаңдап кетудiң түк ретi жоқ едi, бiрақ анау дәйек таппай тықыршып, ақыры Жарасбайға түтiге төнiп келдi.
– Менiң қашан, қай уақытта әйел алатынымда шатағың болмасын сенiң! Алатын қатындарыңды алып, жасататын тойларыңды жасатып алған соң, ендi, әрине, бәрiбiр сендер-ге.
Көздерiн кең ашып, ошарыла таңырқаған Жарасбай бiр сұмдық әдiлетсiздiкпен ұшырасып, жүрегi қан жылаған қиналысты реңге ендi.
– Сен бiзбен теңсiң бе, жиырмадан ендi-ендi асқанда үйлендiк. Онда әке-шешемiздiң қуаты қайтпаған кез. Ал сен отыздан асқан жiгiтсiң, кiшкене алды-артыңа қарап, жағдайды ойлауың керек емес пе?!
Тап бiр түк түсiнбес көрлiктен түңiлiп кеткендей Әнуар күйзеле басын шайқады. Осы кезде кемпiр қалыс сөздi айтуды мiндетi санады ма, араға, әйтеуiр, күтпеген жерден килiктi.
– Бәрiн құдайдың бұйрығы бiледi. Мұның да бiр нәсiбi бар шығар. Оған бастарыңды қатырмай-ақ қойыңдар. Аманшылық болса көресiндер ғой, әлi ақша да табылады, жылқы да келедi, той да өтедi.
Бiр мезет үнсiздiк орнады. Осының алдында ғана қағынып-ұшынбаған сияқты Әнуар басалқалы. Әңгiменiң арты насырға шабатынынан сескенгендей Дарқан түкпiрде сөлпиiп тұр. Өзiнiң сөзi бәрiн сабасына түсiргенге жорыған кемпiр сәл алға ұмсынып, дөңгелек үстелге екi шынтағын сүйедi. Көздерiнiң алды iсiнiп, екi бетi домбыққан шалдың жел қағып, суық сорған жүзi қарақошқыл тартыпты.
Әуелi ештеңеге мән бермегендей өзiмен-өзi отырған. Бiр кезде басын кегжең еткiзе жұлып ап, кемпiрiне көздерiн алайта қадады.
– Осының, әйтеуiр, бұйрығы мен несiбесi келiп бiтпедi. Келсе келсе екен, мына суықта құлазыған қу далаға тентiремей үйде тыныш отыратын.
Ақшия жалт бұрылған кемпiрдiң қараторы кескiнi күреңiте шымырлап өткенiмен ұстамды қалпын жоғалтпай шалды iшке тарта мамыражай тiл қатты.
– Әй, байғұс-ай, бiлмейсiң ғой, жаның да, малың да, дүниең де маған құралып тұрғанын.
– Құралып тұрса тап, кiм қой дедi саған! – деп шап ете түстi шал.
Осы шаңырақтан өрбiген өздерi де, дүние-мүлiктiң барлығы шешелерiне құралып тұрғанынан кәдiк алып, көңiлдерiне төтеннен сезiк кiргендей үшеуi үш жерде селтиiп тұрды да қалды. Томсырайған Дарқанның тоңмойындау әлпетi жаңағы әңгiмеге парық салып пайымдауға келмейдi, тек рас-өтiрiгiн айыра алмағандай қиналыс бар. Әнуардың түп-тұнық көзiнiң мөлдiреген шарасы әдемi қараторы кескiнiне дүниенi кеңiнен толғап, ойлайтын саялылықты сыйлайтын-ақ сияқты. Бiрақ шеше сөзiне лезде делеңдеп елтiген болмысы ұшқалақ. «Кикiлжiң осымен бiттi, шешемнiң айтқаны дұрыс, бәрiн уақтысында көремiз» дейтiн шұғыл тоқтамға келгендей сұрланған ұсқыны жазылып, жайбарақат тапса, бiр нәрсенiң түйiнiнен ұстай алмай соны оймен безбендеп, ақыры түк дерек таппаған Жарасбай түгi бетiне шығып, ашуланып түнере бастады.
– Бiздi құртып, түбiмiзге жеткен апамның сол бұйрығы мен несiбесi. Бәрiн құдай бередi деп қамсыз жүрдiк. Елдiң иеленген нәрсесiнiң бiзде бiрi де жоқ. Менiң өз басым ел қатарлы бала да сүйгем жоқ, үй де ала алмай кiм көрiнгеннiң есiгiнен сығалап, тентiреп жүрмiн.
Жүзiн төмен салып ұйып тыңдағандай кейiпте шешесi отыр. Өзiне таңырқау шалыстана қараған әкесiнiң көзiмен ұшырасып қалғанда Жарасбай шалдың тұрпатынан бейқам немкеттiлiктi оқып қойғандай одан сайын ширығып, шиыршық атты. Ойын аяғына дейiн айтуға тырысып, асығып-аптығып кеткенде тұтығып, түкiрiгiне шашалып қала жаздады.
– Ешқандайда бұйрық, несiбе жоқ. Үйде қарап қалқайып қана отырған адам дүние маған ғана құралып тұр деп қайтып шiренедi.
– Мен өлем, өлгеннен кейiн көресiңдер бәрiн, – дедi шешесi.
–Көретiн-мөретiн түгi де жоқ. Ақшаны бiзге ешкiм де әкеп бермейдi. Осындай қыста жылқыны сату да қиын. Ал қарызданып-қауғаланам десеңдер сөз басқа. Бiрақ сол қарыздың өзiн кiм бер қояр екен? Сондықтан үйленудi де, тойды да жазға қалдыра тұру керек.
Алдымызда әлi жаз бар екен-ау» дегендей шал елең етiп кемпiрiне, кемпiрi кiшi ұлына қарады. Бiр нүктеге сазара қадалған Әнуар кесiмдi сөзге ден қойып, жуасып көндiккендей бiр мезет томырылып отырды. Iшкi жан арпалысынан бозаңыта құбылған өңiне бiр кезде қан ойнап шықты. Жұлқынып атып тұрды да, шалбарының қалтасына екi қолын салып жiберiп, шалқая нықталып алды.
– Маған ештеңе жасамай-ақ қойыңдар, үйленбеймiн, тек жылап-еңiремеңдершi!
Шат-шәлекейi шығып, осынша сөзге барысып жатқан ұлдарында тiптi шаруасы жоқтай шал бiр қырына қисая жантайды. Қараторы кескiнi сәт сайын күреңiте шымырлап өтетiн кемпiр дөңгелек үстелдiң үстiн сипалағаннан басқа артық қимылға бармады. Әлi бiр рет те тiл қатпаған Дарқанның сопақ пiшiнi де алабұртып, екi iнiсiне көз қиығын алма-кезек тастайды. Түк мәнiсi жоқ дау-дамайдан бiр кезде жерiнiп кеткендей терезеден сыртты шолуға кiрiстi. Шарасыздыққа тап болған Жарасбай ғана ары-берi жүре бастады.
– Өмiр бойы жетiм-жесiр боп, не iшкенге, не кигенге жарымаған Жаңыл да дүркiретiп той жасады. Шиеттей бала-шағалы Күлән да байының өлгенiне қарамай келiн түсiрдi. Ол да қатардан қалмай, елдiң басын қосты. Намысқа тырысты деген сол емес пе. Соларды көрiп отырып, қалай ұялмайсың?!. Он жылқысы тұрып Қосшыбай да той жасамаған деген атаққа қаласыңдар, айтпады демеңдер!
Кемпiрiнiң асып-саспай жайымен айтқан сөздерiнiң әсерi тура ондыққа тигендей болды. Шал қисайып жатқанынан жөнделiп отырды. Көкейiне төтеннен сезiк кiргендей ойлы пiшiнге көшiп, сақалын саумалады. «Үйленбеймiн, жылап-еңiремеңдершi!» деген Әнуар қанша сездiрмейiн десе де көздерi қутың қаға бастады. Жүзiнде манағы ызбар iзiм-ғайым жоқ, сол бойы сейiлiп, iлiк-шатыс әңгiме болмағандай жадырап келiп, шешесiнiң қасына жайғасты. Асаулығынан тұқырып, жуасыған сыңайлы Жарасбай да ары-берi жүрiсiн кiлт доғарып, шешесi мен Әнуардан сыр аулағандай бiр мезгiл аңтарыла қарады.
–Ендi сонда не iстеймiз? – дедi шал да бәтуаға келгендей даусын жұмсарта шығарып.
– Не iстеушi ең, той жасайсың, – дедi кемпiрi бұл жолы жалтақтамаған сенiмдi райда.
– Жасайтыныңды жасайсың ғой, мал мен ақшаны қайтесiң ал?
– Бiрдеңесi болады да, – дедi кемпiрi тағы түк қиналмаған күйi.
Осы бiр жауапты күтпегендей абыржи тосылған шал кемпiрге ажырайып, түсiн дереу суытып жiбердi. Содан ұлдарына алма-кезек көз тастап:
– Ешкiмге көрсетпей бұрыннан тығып қойған қазынаң бардай шалқақтайсың ғой, кеп-кеп, атаңның аузын ұрайын! Ал, жаса, жасағыш боп бара жатсаң! – дедi де орнынан сүйретiле тұрып, сыртқа шығып жүре бердi.
Шал даладағы ұсақ-түйек шаруаға айналып, көп бөгелдi. Малға жаңғыртып шөп салды. Қора-жайды аралап, шошақтың төңiрегiн тазартты. Құлағының түбiнен бiр өңкей қатқыл дауыстар кетпей шыңылдады да тұрды. Ашу-налалы сезiмдер көкiрегiн сыздатып, көңiлi босайды. Ырың-жырың әңгiмеден жүрегi шайлыққандай, тiптi, беттемей қалыпты. Балаларының пиғыл-ниеттерiн түсiнсе бұйырмасын. Бiр селт етпейтiн құлықсыздық. Тұяғын қимылдатпаса да бәрiнiң белiнен басып, билiк айтуға құмар кемпiрiне деген өшпендiлiгi үдей түстi. Мал-жан, дүние-мүлiктiң барлығы өзiне ғана құралып тұрғанына сенiмдiлiкпен кергiген кемпiрiнен кенет шал әжептәуiр кәдiк алды. «Құдай, пендем десең соның алдында алып кетшi!» – дедi жалбарынып. Малдың сықпыты келiспей тұрғаны анау, үйде ырыс-құттан түк жоқ, бәрiн көрiп тұрып, әйел алуға тәуекелi жеткен кiшi ұлын не десе болады? Шыр-пыры шығып шырылдаған ортаншы ұлының жаңағы бiр сөзiне де қарны ашты. «Бұлар менiң сексенге келiп қалғанымды бiлмей ме, сонша қолыма неге қарай бередi? Үйiм де, балам да жоқ дейдi. Мынау үй емей не, келсiн де отырсын. Бала керек болса басқа қатын алсын, ал мынасын қимайды екен, пешенесiне не жазды, соны көрсiн» дедi. Жосықсыз ойлардан сандалып сансырап, басы шуылдады. Көз алды жыбырлап, қарауыта бердi. Құр сүлдесiн сүйретiп iшке кiрiп келе жатып, кемпiрiнiң сарнаған даусын естiп, қалт тоқтады. «Өзi де оңып тұрмаған кiсi едi, алжытқан соң не сорым. Қария боп бiр нәрсенiң жөнiн де айтпайды. Жылқыңды сат деп ала жаздай қақсадым. Тыңдамақ қайда, сол үшiн өзiмдi ұра жаздады». «Дұрыс-ақ! Бiр армансыз ағытылшы», – дедi шал. Кемпiр сөзiнiң дұрыс-бұрыстығын iшкi сарабына салып та жатпады. Бойында ашу-ыза да жоқ, жайлап басып келiп, есiктi ашып қалғанда, кемпiрiнiң даусы бiрден семдi. Жасқа шыланған көзi қызарып, ашаң тартқан жүзi бiресе сазара, бiресе бозара дәйексiз құбыла беретiнiн аңдады. Жарасбай бүгiнгiнiң бәрiн ой елегiнен өткiзiп, көңiлi соған қоңылтақсып, қолын маңдайына сүйеп, шайқатыла тербетiлiп қояды.
– Елдiң көрген күнiнiң бәрi осындай ма, жоқ, бiзiң үйде ғана заманақыр, жер тақыр ма екен, – деп, тыныш отырмай араға сөз қыстырып жiбердi.
Шал бiр түрлi жалғызсырап кетiп, көз қиығын келiндерiне тастады. Екеуара жыбыр-жыбыр әңгiмеге көшкен олардан еш қайран жоқтай жаймен кiшi ұлы жаққа бұрылды. Бiр нүктеден көз алмай тас боп қадалған оның тау жыққандай екпiнi қайтып, қашанға дейiн екенiн кiм бiлсiн, дәл қазiр әйтеуiр сынық. «Бұл батырың қатын ала алмай қалатын болдым деп уәйiмдеп отырған шығар, әуелi» деп ойлады. Шал кiшi ұлының осындай ұстамды бола қалған кейпiне бiр жағы таңырқағанмен, бiр жағы жаңағы күдiктi ойы көңiлiне мықтап орнығып алды. Терезенiң жақтауына сүйенiп алып, ештеңеде iсi жоқ өзiнше оқшау тұрған үлкен ұлына шал назарын ұзақ кiдiрттi. «Бәрiнен осым жарайды. Мыналарға ұқсап шыжбақтап-тыжбақтамайды, айтатынын бiр-ақ айтады. Алда-жалда ашуына тие қалсаң, жуыр маңда басыла қоймайтын тоңмойын тағы» деп ойлаған шал:
– Ал ендi неге келiстiңдер? Құдаларыңды шақырып, киiттерiңдi кигiзiп, тойды атқарып тастаған шығарсыңдар? – дедi.
Мұндай мәнақаның бары жадынан мүлде шығып кетiп, есiне ендi түскендей Жарасбай әлдене айтпаққа емiнiп қалды. Қазақтың осынау ырым-сырымына жұмсалатын есепсiз қаржысынан жүрегi май iшкендей кiлкiп, қынжыла, ұзақ томырылып отырды. Әңгiме ары қарай өрбiмедi. Әркiм өзiмен өзi. «Жағдай бұлай болса жазға дейiн қойсақ қоя тұралық» дегендi шал кесiп айтпады. Осының бәрiн түсiнiп, онда солай-ақ болсын деген жiгiттiк сөздiң кезегiн Әнуар әдейi өткiзiп жiбергендей үн-түнсiз.
– Сендердiң не ойлайтындарыңды қайдам, мен бiр нәрсеге көз жеткiзiп келдiм, – дедi шал кенет. Бұған әуелi кемпiрi, одан бала-келiндерi аңтарыла қарасты. Жуасып пұшайман кейiпке көшкен шалдың жолсоқты бiр уыс жүдеу жүзi шалбар-шалбар. Тұтасып кеткен қауға сақалы бетiн тегiс жайлағандай қияпаты жат, көңiлсiз. – Маған мына тiршiлiктiң бар ғой, түк қызығы қалмапты. «Алпыстан асқаннан ақыл сұрама» дейдi екен бұрынғылар. Алпыс тұрмақ сексенге таядым, ендi қалғанын өздерiң бiлiңдер, - дедi. «Ол олай, бұл былай деп iстiң жөнiн айтатын қария – менiң сықым мынау, сөздi апырып-сапыруды ғана бiлетiн шешелерiң анау, былай етейiк деп суырылып шығатын бiреуiң жоқ, ендi не iсте дейсiңдер, айтыңдаршы, қане?!» – деген сөз шалдың тiлiнiң ұшында тұрғанымен үндемей бiр қырына қарай қисая кеттi.
Сол баяғы орнаған ыңғайсыз үнсiздiк. Тапжылмаған кемпiрдiң кейпi ойлы. Екi аяғын алға созыңқырап, арқасын қабырғаға бере жайғасқан Әнуар қабағын түйiп, көзiн бiр белгiсiз қиырға шүйiлткен сайын аңғары терең болмысқа ұқсайды. Бағанадан бергi әңгiменiң әсерi жанына жайсыз тигендей Дарқан сыртқа қарай түксиiп шығып барады. Орнынан асықпай көтерiлген Жарасбай Әнуарды iшiп-жеп қарап бөгелiңкiреп тұрды да, қолын бiр-ақ сiлтеп жүре бердi. Келiндер үйдiң оны-мұны қыбыр-жыбыр шаруасына кiрiстi.
Түскi асқа бәрi қайта бас қосты. «Сонда тойды қайтпекпiз?» деген сұрақты Жарасбай бәрiне жалпы тастады. «Менiң алатын қатынымның әңгiмесi бiтпейтiн болды-ау» дегендей Әнуар қабағын шытты. Бәз-баяғы түксиген қалпы табаққа сараң қол соған Дарқан тағы не бәле басталғалы отыр дегендей Жарасбай жаққа көз қиығын ұрлана тастады. Томсарыңқы ұсқынымен әкесi мен шешесiн барлай шолады.
– Шақыратын кiсi көп, қойдың етi түк те болмайды. Оның үстiне жылқының бiр-екеуiн сатпасақ ақша да жоқ, – деп шешесi сөзге араласты.
–Келмеген жылқыны сатпасақ дейдi, мынаның өзi есi дұрыс па? – деп, шал ренжи тыжырынып алды. «Бүгiн кешке дейiн осының-ақ десi жүре бермек пе?» дегендей кемпiр шалына айбаттана жалт бұрылды.
– Жылқым шығып кетедi деп, сенiң той жасағың да келiп тұрған жоқ, –дедi. Кемпiрiне бiрауық бағжия қарап барып шал басын шайқады.
– Сұмырай-ақ адамсың ғой, сен-ақ айдап келiп тұқым-тұяғымен түк қоймай құртшы, қың десем не қыл дейсiң! Үйде отырған бұған әшейiн бәрi оңай.
– Көке, – деп, Жарасбай әке-шешесiнiң үйреншiктi ұрсысын одан әрi өршiткiсi келмегендей сөзге ортадан килiктi. Қатты шамданып қалған шал ұлының сөзiне тiптi құлақ аспады.
– Жоқ, тегi адамның қанын қарайтқаннан басқа бiлерi жоқ. Қап, шiркiн-ай, жылқыға осының өзiн жiбермей...
– Көке, мен бiр үлкен, бiр кiшкене машинаға сөйлесiп келдiм. Ертең тура осы арадан шығып кетiп, жылқыға барсақ қайтедi? Жөнi келсе басып алып қайтармыз.
– Шешелерiңнен бастап бәрiңе басып алып қайтудың оңайы-ай, осы, – деп шал қабағын ренiштi шытты. Белгiсiз тарапқа көз қиығын қадай iркiлiп барып, басын көтердi. – Ана айғыр бар ғой, алдындағы кiсiнi тура таптап өтуден тайынбайды. Сендердiң ұят, ұят дегендерiң ештеңе емес, бiреу жазым болса, қас масқара сонда!
– Сол айғырда атып алсақ қайтедi?
– Ендi атып алуға шықтыңдар ма? Жамсатып қырып тастасаңдар да өздерiң бiлiңдер.
Шалдың қабағы қату. Ақыры өз дегенi болатынына кемпiрдiң көңiлi көншiгендей ажары ашық. Жарқын-жарқын шыққан даусына Әнуардың дабырлай сөйлегенi, келiндерiнiң сыңғырлап күлгендерi қатар iлеседi. Нобайы келiспей отырған баяғы ортаншы ұлы. Күлкiден де, сөзден де қалып ұрынарға қара таппағандай әркiмге бiр көзiнiң астымен шұқшиып қарайды. Терең ойдың шырмауынан шыға алмағандай үлкен ұлы әлi түксиiп отыр. Кемпiрi мен екi келiнiнiң, оларға қосылған кiшi ұлының айтқандарына құлақ түрiп көрсе – «қашпаған қысыр сиырдың уызына қараған» сол есекдәмелi әңгiме. Шал бiр нәрсеге түсiнбей дал. «Жарайды, кiшi ұлынiкi бiлместiк-ақ болсын. Ал мынаған не жоқ. Табан ақы, маңдай терден басқа артық ештеңе келмейтiнiне көзi жетiп тұрып: « кең болсаң кем болмайсың, құдай бередi» дегендi қақсап қоймайды. Осындай жан қысылғанда бермей ме бергiш болса!» дедi шал iштей шиыршық атып. Өз ойының жетегiне ерiп, бiраз сөздердi жiберiп алған-ау, шамасы. Келiндерi мен кiшi ұлы кемпiрдiң аузына қарап, ынты-шынтысы қалмай ықылас бұрыпты.
– Мен сен екеуiң түсетiндерiңде көрген түсiм айнымай келдi. Құдай амандығын берсе, жаман емессiңдер. Алдыңғы күнi таңға жуық Әнуардың алатын әйелiн көрдiм. Қадамы құтты болады екен.
Жанына майдай жағып бара жатқан сөздерге үздiккен Әнуар одан ары тыңдағысы келiп, ындыны құри түстi. Қайдағы-жайдағы қолайсыз әңгiме тiптi болмағандай. Тебiндеп шыққан қаннан алаулаған жүзi еш алаң жоқ жайдары да жайбарақат тәрiздi. Көңiлi көтерiңкi тартқанда ұшқалақтана қалатын қашанға әдетi бойынша қолын ары-берi сермеп, сөзiн үзiп-жұлып айтуға көштi.
–Айтқаныңыз келсiн, апа! Өңi қандай екен көрмедiңiз бе?- Қалжыңы жанына жағып кеткендей жымиып қойған Әнуар әлдененi есiнен тарс шығарып жiбергендей опынулы кейiппен қалт тынды. Сұқ саусағын шошаң еткiзiп жоғары көтерiп қалды. – Апа, айтпақшы, оның жақын туыстарының бiрi Қазақстанда үлкен бастық.
– Қазақстаннан кiшкене төменiрек облысқа, ауданға түсшi, бiзге сол да жетедi, – дедi Дарқан түксиген қалпынан танбай.
Мұны еш ар көрмеген келiндер де, кемпiр де, тiптi Әнуар да күлдi. Шалдың да екi иығы тынымсыз селкiлдеп, көзi жасаурап кеттi. Тек Жарасбай суық жымиып қана тынды. Елдi қыран-топан күлдiргенiн малданбай өзiн сабырлы ұстаған үлкен ұлына шал қатты разы болды. Аздап серпiлiс бiлiнiп, әңгiме жарасты өрбуге айналды. Әсiресе реңi жадырап-жазылған шал:
– Бәрiнен де Дарқандiкi сөз-ақ, аудан да тиiмсiз. Бiзге сол колхоз-совхоз-ақ дұрыс. Ағасы бүкiл Қазақстанды билесе, бiз сияқты кәрi-құртаңдарды, үйi жоқ, күйi жоқтарды қолай көре қояр ма екен? – дедi.
– Көредi, көрмей көрсiн, – дегенде Әнуардың үнi бұзыла сызданып шықты.
Сызданған дауыс жақсы бола бастаған отырыстың тұнығын шайқап жiбергендей қайтадан үнсiздiк орнады. Шешесiнiң көрген түсi сенiмiн нығайтып, марқая, емен-жарқын бола бастаған Әнуар лезде сұрланып, жанарының жалт еткен ашулы жарқылы темiрдiң балқыр алдындағы алқызылданған елесiнен аумайды.. Кiшi ұлының жүзiндегi жайсыз құбылысты елемеген шал:
– Ой, қызық-ай,а! Ендi не iстеймiз? Бопты, жылқыны мәшинеге басып келелiк. Ал киiтке, тойға ақшаны қайдан табамыз, соны айтыңдаршы. «Кедейдiң кеңесi бiтпейдi» деп неге айтты десем, осы екен ғой, – дедi.
– Бiз Дарқан екеумiз қайдан тапсақ онан табайық, мың сом беретiн болып келiстiк. Одан артыққа шама жоқ. Жетпiс сом төлеп пәтерде тұрамыз, үйдiң ауылы әлi алыс, – дедi Жарасбай.
Көзiн белгiсiз қиянға қадаған шал сақалын саумалаған күйi бұған елең ете қоймады. Әшейiнде жүрекжарды сөздi айтуға шебер кемпiр де ерегiскендей тым-тырыс. Мұны азсынғандыққа жорыған екi келiн бiр-бiрiне таңырқаса қарасты. Әке-шешесiнiң осы бiр үнсiздiгi шымбайына батып кеткендей Жарасбай:
– Ақша жоқ, ақша жоқ, оны қайдан табамыз деп қақсайсыңдар да, мынаны бiз тауып беретiн болдық десек тағы мелшиiп үндемейсiңдер, – дедi.
– Оларыңа рақмет, ендi не деймiз, – дедi шал.
– Бiзге рақметтiң керегi жоқ. Балаларыңның алғаш бiрдеңеге жарағандарына жарылып қуану керек қой, ата-ана. Азсынсаңдар қайтемiз. Бұдан артық барар жер, басар тауымыз жоқ. Осының өзiне бiлсеңдер, артымыз ашылып қалайын деп тұр. Бiз Дарқан екеумiз ары ақылдасып, берi ақылдасып кеп былай деп шештiк. Келiннiң тойға арналған киiмiн Әнуардың өзi көтередi. Киiтке деген ақшаны айғырды сатып ажыратамыз. Тойға – тайды соямыз.
Дәл осы сәтте көңiлдi күптi етiп, көлденеңiнен килiккелi, тұрған ештеңе жоқ сияқты едi. Күнi бойы ары-берi тартқан әңгiме де саябырсып, ата-ана, келiн-бала – барлығы бiр мәмлеге келгендей еркiн тыныс ала тыншып отырған, Қыр мұрнының үшкiрлеу ұшынан дiрiл бiлiнiп, көзi шақырая шатынаған Әнуар аяқ астынан түлен түрткендей атып тұрды.
– Ақшаны мен қайдан таппақпын?!
– Бiз қалай тапсақ, сен де солай тап, – дедi Жарасбай ананың айғайына орай даусын қаттырақ шығарып.
– Өйтiп мiндетсiнетiн болсаң, сенiң ақшаңның тiптi керегi де жоқ!
Езуiне зәрлi кекесiн үйiрген Жарасбай Әнуарға кекиiп, керенау қарады.
–Тойдың киiмiне ақша таба алмай тұрып, керегi жоқ дегенiң қызық екен.
Әнуар әуелi тосылып қалды. Бүкiл шарасыздықтың бәрiне кiнәлi Жарасбай сияқты көрiнiп, тұла бойы тұнған харамдықпен ұшырасқандай оған бiр мезет сұмдық жеккөрiнiштi көзбен қарады. Өшпендiлiгi кенет сұрапыл өршiп, өзiн-өзi ұстай алмаған бойда ағасының жағасына жармаса кетiп, сiлкiп-сiлкiп жiбердi.
– Қалтаңнан ақша шығып кететiн болған соң жаңағының бәрiн әдейi ұйымдастырдың.
Әнуардың тегеурiндi сiлкiсiне шайқалақтап, қаны басына шапқан, Жарасбайдың өңi өрттей қызарды. Әй-шайға қарамай оңды-солды сiлтеген жұдырығына Әнуар да қарымтасын түйдек-түйдегiмен қайтарып үлгердi. Араға шыңғырып кеп түскен келiндер тас қып қапсыра құшақтап алды. Қан-қан аузын жеңiнiң ұшымен сүрткiлеген Жарасбай Әнуарға тап-тап берсе, жеңгесiнiң шеңгелiнен босанып шығуға ол да жанталасып бақты. Екi кеуденi екi қолымен тiреген Дарқан болмай өршiп бара жатқан соң:
– Қойыңдар, әйтпесе бар ғой, тура өлтiремiн! – деп, ақырып жiбердi.
Тоңмойын айбардан екеуi де сескенiп, бiрден сылқ ете түстi. Күтпеген жерден шыққан ұрысқа аң-таң күйi әлi дүдамалдана отырған шал:
– Той болмай жатып қырылысып қала жаздадық, бара-бара не боларымызды бiр құдайдың өзi бiледi, – дедi. Қағынып-ұшынған балаларының ет қызуы әлi басыла қоймағанын шал қаперiне де қыстырмады. Көкiрегiн қарс айыра күрсiнiп, терең ойға кетiп, бiр нүктеге қадалды.
Кемпiрдiң де назары пәс. Iшкi жан арпалысынан бүкiл ар-иманы сыртына шыққандай от боп жанған кескiнi шымырлап, күреңiтiп тұр. Сендерге не жазып едiм дегендей екеуiне бiр түрлi назаланып қарайды. Кенет иегi кемсеңдей жөнелдi. Бұршақ-бұршақ жас көзiнен ытқып-ытқып шыққан бойда бiрiнiң iзiн бiрi қуалап, төмен қарай заулап домалай жөнелдi.
– Бiзден құтыла алмаған соң ақыры осылай өлтiргiсi келiп жүр бұлардың. Әйтпесе, неге әкем отыр, шешем отыр демейдi! Осылардың көңiлi жаман болмасыншы деп, бiр ойлап қойса қайтедi. Бiз өлген соң бәрi белгiлi болып тұр ғой. Сендер бiр-бiрiңдi көрмей кетесiңдер! Берген ақшаңа қуанып, неге жарылмайсыңдар дейсiң. Бiздiң асырап-баққанымыз, оқытып-шоқытқанымыз, сол сенiң берген ақшаңа тұрмай ма, құдай?!
Зар қақсап ағыл-тегiл жылаған кемпiрiнен бастап шал барлығын бажайлап бақылауға көштi. «Долылық буғанның арқасында көңiлiнде жүрген бiраз нәрсенi сыртына шығарып, кемпiрдiң жаны тыншып-ақ қалды. Қожекең айтпақшы, бұл да бiр бiткен шаруа болды. Ал ендi бұларға көкейiмдегiнi мен қайтып жеткiзсем екен? Жоқ, мынау сияқты жылайын ба? Ол ұят-ау» дедi iштей. Бар-жоқ дегендi дүние-мүлiктен гөрi адамға қазақы балап түсiнетiн шал күнi бойғы қызылкеңiрдек кикiлжiңдi сол «кедейдiң бiтпес кеңесiне» жорыған. Нақ осы сәтте дүниеде жападан-жалғыз қалып ем, өсiп-өнiп, өрбiсем екен деген тiлегi де құр бекершiлiк сияқты көрiнiп кеттi. «Қатын да алынады, iздесе ақша да шығады, бiрақ бауыр табылмайды ғой, бауыр» дегендi шал iштей айтса да, айқайлап жiбергендей сезiндi. «Ертең бiр-бiрiнiң беттерiн көредi ғой, тағы ұялмай» дедi кiжiнiп.
Кемпiр даусына зор келiп,қарлыққанына қарамай шажылдап-бажылдап барып, әрең басылды. Көзiнiң алды ептеп көгерiп қалғанын ғана айып санап, әйтпесе жөн-жосыққа, кiсiлiк пен кiшiлiкке қылау түсiрмегендей Әнуар шешесiнiң сөзiне тәлiмси елтiдi. Осының алдында ғана төбелесiп, ағасына қол жұмсап, аузын қан жалатқанын, тiптi, жадынан шығарып та жiбергенге ұқсайды. Басын жерге салып, бүгжие бүктүсiп отырып қалған Жарасбай ендiгәрi ештеңеге кiрiспейтiндей–томырық. Әдепкi бұйығы мiнезiнен арылып, едiрейiп тұрған Дарқан көзiн екi iнiсiне алма-кезек суық тастайды.
Беймаза арсыз күн өйтiп-бүйтiп өтiп, кеш батты-ау ақыры.
Әлгi айтқан екi машинасы ертелетiп жетiп келдi. Осы есiк-төрде бұрын көп болмаған бәкене шикiл сарыны шалдың суқаны сүймеушi едi. Қасына ерткен бiр-екi жiгiтiн ара-арасында күлдiрiп қойып, жолаушыларға арнап асылған тамаққа емен-жарқын отырып, бiрiншi болып бас салды.
– Әнекең күнде қатын алып, күнде жылқыға бара бермейдi, кел, жiгiттер!
– Андағы iшке барған соң жылқы қайда, өздерiң қайда боп жүрмейсiңдер ме? – деген бiреуiне екiншiсi басу айтты.
– Ғайпекеңнiң көрген құқайы бiр осы деп отырсың ба?
Қырлы стакандағы iлпiлдеген арақты шикiл сары қағып салғанда, төтен әлемет күш миын шайқап, ақыл-естен жұрдай айырғандай бiр сәт безере меңiрейiп барып, құп-қу өңiне бiртiндеп қан жүгiргенде иманжүзденiп, жайбарақат тапты. Манадан көз айырмай бағып отырған шал: «Мына бейшара аяқ астынан кәнтөжiн боп қалғаннан сау ма?»дедi. Лезде күлiм қаға қутыңдап кеткен көзiн бұған бiр шүйiрiп:
– Ақсақал, жол көрсетiп отырасыз ғой, қанжығамыз майланбай қайтпаспыз, – деп, қазының бiр кесегiн қарбыта асап жiбердi.
Бiр нәрсенiң жөн-жосығы қалай өзi деген даң кейiппен бiр шетте құлықсыз отырған Жарасбаймен шалдың көзi түйiсiп қалғанда – өз-өзiнен жүрегi солқ ете түсiп, кеудесi тұтас шымылдап аши жөнелдi. Әке кескiнiндегi жайсыз өзгерiстi қарап тұра беруге ұлының дәтi шыдамаған-дай жүзiн бұрып әкеттi. «Әй, балам-ай, кешегi әңгiмеден кейiн басың дал болып отыр ғой. Әйтпесе шикiлсары пәлеге қайдан тап болып жүрсiң деп айтатын-ақ ем. Ел мұны, бiлсең, «Ғайыпбек» дейдi. Шал көзiн Ғайыпбектен айырмай бағып отырды. Тағы бiр стаканды қағып салған ол орнынан шұғыл көтерiлiп,ешкiмге ләм деместен сыртқа беттедi. Қалғандары да қотарыла қозғалып, оның соңынан iлестi. Осындай бiр шаруаның оңайдан табыла кеткенiне дабыр-дұбыр боп, бәрi жайраң қағады. Көкiрегiн ызғарлы суық леп қарып өткендей шалдың көңiлi одан сайын ортайып, жайсыздана түстi. Ғайыпбек секiлдiлердiң алдында әлi қанша өмiр тұрғанын ерiксiз ойлады. Бiр сүйкiмсiз нәрсенiң нобайы санасында қылаңытып:»Түһ, ит-ай, сонша ғұмырды осылай өткiзе берсе, оны қалай тауыспақ?» дедi iштей.
– Көке, сiздi күтiп тұрмыз ғой, жүрмейсiз бе?-дедi ортаншы ұлы есiктен басын қылтитып.
– Қайда?!
–Қайдасы несi?! Жылқыға барамыз деп кешелi берi қақсап жатқан жоқпыз ба! Менi бiр барғысы келiп жұлқынып тұр деп ойлайсыз ғой деймiн, кешегi күнi келiсiп қойып, бүгiн айнып шыға келгенiм ұят шығар деп тұрмын.
«Бұларға Ғайыпбек те, машина да қалай оңайдан табыла кеттi?» деп ойлаған шал атсоқты салдыраған денесiн сүйрете созалаңдап тұрды. Келiндерi әкеп берген киiмдi аспай-саспай киiндi. Белбеуiн ұзақ оранып, бiр нәрсенi ұмытып кетпейiн дегендей жан-жағына жiтi қаранып алды. Дебiрi қашып, таңырқау шалысты кейiпте тұрған кемпiрiне ала көзiн бiр атты. Содан соң манадан өзiн бағып тапжылмаған ұлына назарын құлықсыз тастады. «Мұның түбi жақсылыққа апарып соқса жарады. Басқанымыз жылқы, қасымызда тағы Ғайыпбек, милиция кезiксе кәдiк алып жүрмей ме?» деп бiр ойлап қойды. Баласы жеңiл машинаның алдыңғы есiгiн айқара ашып, өзiн күтiп тұрғанын қасақана байқамағансып, үлкенiне қарай беттедi. «Мынаған отырыңыз, мынаған отырыңыз»,– деп бәрi жамырай шуласқанына былқ етпестен қиқайып барады.
– Әй, шал, ана қытай кiсi қатты жығылыпты, жолай көңiлiн сұрай шықпайсың ба?– дедi.
– Ойпыр-ой, апа, тура осы қазiр ме?! Қайтып келген соң да сұрайды ғой, – деп, ортаншы ұлы ренiш бiлдiрдi.
Қалт тоқтаған шал кемпiрiне асықпай бұрылып, өте маңызды шаруа айтатындай нышанына байыптылық үйiрдi.
– Көңiлiн сен-ақ сұра барып, сен барып сұрасаң әлi-ақ қаздаң қағып жүгiрiп кетедi.
Бұл сөзге бәрi қарқылдап күлдi. «Естiгiң келгенi осы ғой, онда болды» дегендей шал ендi ештеңеге қарайламай бұрылып жүре бердi.
– Әй, сорлысың ғой, сорлы, өз аталарың айтпап па едi, «ертеңгi ұрсың түске, түскi ұрсың кешке жетпесiн» деп, кiрiп шық, ұят болады.
«Өз жөнiмен өлетiн Жанапияға менiң бармағаным да ұят», – деп шал ащы мырс еттi. «Әлде ұят дегенде парық қалмай бара ма? Ойбай-ау, кенжесi мен ортаншысы бiр-бiрiнiң жетi атасынан түк қоймай боқтасып, қырылып қала жаздаған жоқ па? Сонда ол ұят емес». Осы кемпiрi ұят дегеннн басқа сөздi бiлмейдi, шамасы? Ендi қараса, балалары да сол ұятқа көшiптi. Сонда бұл не қылған қаптап кеткен ұят? «Ғайыпбек Қосшыбайдың тағы боп кеткен жылқысын атып құлатыпты деген атақ ұят емес. Жетпiстен асып, сексенге тақаған кiсiнi қу медиен далаға әуелi жалғыз-жарым жiберiп, өздерiнiң үйде отырғандарында түк жоқ. Ал Жанапия өлгелi жатыр дейдi, оған бармағаным да ұят».
Ананы-мынаны қажап сұрағанды тәуiр көретiн шал бұл жолы бөгде сөзге еш ықыласы жоқ едi. Оның үстiне шофер баланың қабағы салыңқы екен. Машина қақпадан шығып, көшеге түскенде де, сырт жолға бұлт берiп бұрылып, бiрқыдыру уақыт заулағаннан заулап үлкен жолмен түйiскенде де, содан тiк төмен құлдилай ызғығанда да түксиген қалпы ләм деп жақ ашпады. Қартайған кiсi неге болса соған қуанып, не ренжитiн деп ойлайтын шал. Қазiр көңiлiнен еш желпiнiс сезiлмейдi. Машинаның екпiнi қатты ма, сұрқай үскiрiк дала аспанмен тұтаса шаңытып, тек бұлар келе жатқан ашық алаңқай тұс мынау апшыны қуырған сұрапыл жылдамдыққа шыдамай ақыры жан-жаққа тым-тырақай қашып-пысудың алдында жалт-жұлт етiп үйiрiлiп-төңкерiлiп қалып барады. «Пәндi Жанапия менiң орнымда болса не iстер едi? Әй, оның жылқысына Ғайыпбектен де зоры мылтығын кезенуге дәтi бара қоймас. Жылқыны атты деген не сұмдық, әуелi құланды атты ма екен бұ қазақ? Атпаған шығар? Осы мен әкемнiң жасынан қанша астым?» дедi кенет өзiне-өзi. «Ойпыр-ой, сұмдық-ау, жетi жыл ма? Сонда қайда бара жатырмын? «Тiрiнiң бәрi әулие» деп, әлгi жарықтық шын айтты ма екен, жоқ, көңiлдi демеп қоюдың әшейiн амалы ма?». Кең көсiле жазылып жатқан далаға, сонау көз ұшындағы адыр-қыраттарға шал әйнектен телмiрдi. «Осы арада талай ғұмыр өттi-ау. Машина екеш машина мына тұрған Аюкеге жете алмай ентiгiп келедi». Шалдың есiне соғыстағы бiр оқиға сап ете түстi. Әлгi «Жүзгенбаев, Жүзгенбаев», «а, значит, живой» дейтiн офицер бiрде мұны ми қайнаған шiлденiң ыстығында – қолына котолек берiп, суға жұмсағаны бар. Бұқпантайлап жанұшыра жүгiрiп келе жатқан бетте немiс самолетiнiң аспаннан құйғытып шыға келгенiн көрдi. Баяғының самұрық құсы мұның жанында түк емес шығар, түсi көкшiл суық неме зәре-құтты ала гүрiлдеп келiп тура үстiнен өте бергенде –балық нобайлы бомбаның әлденешесiн тастап жiбердi. Бұл етпетiнен жата кеттi. Құлақ тұндыратын күштi жарылыс тұла бойын солқ еткiзiп, толқынды тербелiс лықсып кеп ұрғанда, қоңырсыған иiс мұрнын жарып жiбердi. Сонда орнынан тұрып, лезде шұңқырайып-шұңқырайып қалған жердiң тереңдiгi қанша болды екен деп мойнын созып қараған. «Тастай қатты жердi қасқырдың апанындай үңiрейтiп тастаған бомбаң осал емес екен-ау» деп те ойлаған. Әйтсе де нақ сонда «бомбаң дөп тимесе түк те қылмайды» деп көкейiне келген астамшылық ойын осы қазiр күпiршiлiк көргендей тобасына бiр-ақ түсiрдi. «Мiне, сөйткен бомбаң дажал болып тұр. Құйтақандайының өзiн тастаса-төсiң мен төменiңнiң бәрiн тып-типыл қылады дейдi, сұмдық-ау». Шал өз ойынан өзi шошына селт ете түстi. Әлдебiр жағдайды ескермей қағажу қалдырып, ақыры сол алдын орап кес-көлденеңдеп тұрғандай көрiндi. «Ғайыпбек жылқыны құрық сап ұстайтын шығар?» дедi кенет. Алға қарай ұмсына түскен шал жан-жағын бажайлап шола бастады. Қыс деген жарықтықтан кiсiнiң көңiлi ештеңенi аулап жарытпайтынына налыды. Осындай суыққа төтеп берген дәл жылқыдан әулие мал жоқтығына ерiксiз мойынсұнды. Жолға шыққанына қаншама уақыт өттi, бiрақ ләм деп тiл қатпай, түксиiп отырған шофер балаға да бiр жағы таңырқап қарап қояды. Адам қартайғанда емен-жарқын, арсы-гүрсi мiнездi ұната ма дейтiн. Қазiр ойлап қараса, өзi балаларының да сөзi көп, Ғайыпбегiң де одан кенде емес көрiнедi, күпiнiп-ақ отыр. «Тiрiнiң бәрi әулие» дегенде әлгi жарықтық болжалсыз жақсылардың бәрi өле берген соң айтты ма, кiм бiлсiн?» Тұс-тұстан кимелеген iлiк-шатыс ойдың бiрiне де түйiндi жауап таба алмай, томырылып тоң-торыс отырды. Жол тым ұзарып кеткен секiлдi. Анау қол созым жерде тұрған Буырыл шоқысы – машина бiр ойпаңнан көтерiлгенде тура алдынан жамырап шығады да, ойға қарай қайтадан қойып кеткенде iзiм-ғайым жоғалатын алдамшы нысанаға ұқсайды. Зерiгiп елегзiген шал түйткiл ойдың бәрiнен әбден зықысы шыққан, әрi соған жүрегi қайтып беттемейтiн түсiнiксiз күйге тап болды. Тек екi жолдың айрығына тақаған кезде шофер бұған сұраулы жүзбен қарады. Төменгi сағаны иегiмен нұсқап, шал қайтадан жайына көштi.
Екi ара жақындай түскенде шал мазасыздана бастады. Таныс қия-қапталдан асқаннан кейiн-ақ, машина жемге асыққан жануардай жанұшыра замғай жөнелдi. Алда-жалда болмай жатса атып аламыз деп, мыналардың мылтықты қоса алғандарынан алаң көңiлi тыншымаә жайсызданды. Ғайыпекеңнiң еркiне қойсаң, бәрiн қырып салудан тайынбас. Жылқының киесi болады, ол ұрса оңдырмай ұратынын бiлетiн жасқа келдi ғой» деп, өзiн бiр жағы жұбатып та қойды. Кенет адам баласын шенiне жуыт-қысы келмейтiн жирен айғырдың сестенген тұрысы көз алдына келе қалды. Жылқы түлiгiнiң тектiлiгiн ойда жоқ жерде сезiнген заматта етжүрегi елжiреп, езiлiп кеткендей болды. «Сенген адамым сен болсаң...» деген тәрiздi ғып шарасы үлкен жанарын наразы да ойлы қадаған жылқының бiтiмi дегбiрiн қашырып, жон арқасы жайсыз шымырлап өттi. Бiр кезде осыдан екi күн бұрын өзi қонып кеткен қыстаудың қарасы көрiндi. Үйдiң маңынан бiрталай қашыққа шөп шашып қойса керек, пырдай боп бiр отар қой жатыр. Алдыңғы күнi түнде келiп, ертелетiп кеткендiктен бе, байқамапты: үйдiң тура iргесiнде берзентпен жабылған машина тұр екен. Елдiң баласының мұншалықты игiлiгiне шал iштей қатты қызықты. «Мал деген жарықтықтың берекесi әнi» дедi. Бұларға үйдiң жанында машина тұрмасын деген кiм бар? Өздерiндей-ақ жiгiттiң не iстеп, не қойып жүргендерiн көрмей ме? Сөзi қандай ұстамды, iсi қандай мығым. Балалары да сүйкiмдi. Үлкенiнiң бiр ұл, бiр қызы бар, құдды кiсiкиiк болып қалғандай адамға жуыспайтынына кейде қайран қалады. Өздерi бiр ауыз қазақша бiлмейдi. «Әйтеуiр, аман болсыншы, бәрiнен бар жақсы, дүниеде жоқ жаман» дедi тағы.
Машина үйдiң тұсына келiп тоқтағанда – алдыңғы күнгi сопақ пiшiндi жiгiт сыртқа атып шықты. Жеңiл машинадағылар жол-жөнекей тағы iшкен бе, дабырласа даурығып, ара-арасында қарқ-қарқ күлгендерiн шал жаратпады. Соған бола қабағын кiржитiп, үй иесiне көз қиығын қияс тастады. «Мал дегенiң адамды тосаң қылатыны тосаң қылады-ау» дедi шал iштей мына жiгiттiң селт етпес аңқайған тұрысына қарап. Шалды танығанда барып, оның да өңi жылығандай болды.
– Салаумаликум, ақсақал! – Адам қарасының мұнша молдығының мәнiсiне жетпеген сыңайда таңырқана: – Дәу де болса жылқыңыз бiр жаққа ауды-ау, кешелi берi бұл маңайдан көрiнбей қалды,– дедi. «Күн болса суық, жер болса тақыр, ендi аумағанда қайтсiн, бiрақ бағытын қайда ұстады екен?» деп ойлады шал. Осы кезде бұлардың қасына ортаншы ұлы келдi. Оның малшы жiгiтпен ернiнiң ұшымен ғана селқос амандасқанын шал жаратпады. «Жолаушының жолы жөн сұрағанда ғана өнушi едi». Осындайлардың бәрiн тiзiп, терiп айта берсең кәрi адамда не парық қалады дегендей шал алаңдаулы райда:
– Ойпырмай-а, олар әуелi Қопаға тартып жүрмесiн, – дедi. Мазасыздана тықыршыған ұлы жылқының тiлiн бiр бiлсе осы екеуi бiледi дегендей, бiресе әкесiне, бiресе бейтаныс жiгiтке жаутаңдап қарай бердi. Үй иесi шал сөзiнiң астарын арғы түкпiрiнен түсiнгенiн байқатқысы келгендей iле тiл қатты.
– Ол жерден жейтiн бiрдеңе таба қояр ма екен, күзде қой жайылған, не қалды дейсiз.
– Кiм бiлсiн?!
– Көке, ендi не iстеймiз? –дедi ортаншы ұлы.
– Қой, онда қалай қарай тартқанын iзiнен шолайық, – деп, шал машинаға ыңғайланып отырды. Қабағы түксиiңкi шофер бала шалға ажырая қарады. Шал қолын күншығысқа қарай шошайтты. Қар үрлеп тастаған ескi сүрлеу жолда машина түрлi бұралаңға салып, әзер-әзер жылжып келедi. Бұлардың соңынан бiраз жер iлескен аналар бiр кезде тоқтап қалғанын байқады. «Iз шалып үйренген Ғайыпбектен басқасы не бiледi дейсiң, қалса мейлi» деп ойлады. «Қара басып неге ойламадым екем, бәсе, бұл жерге қайтып тұрсын». Шофер қары жоқ жалтаң тұстарды қуалауға көштi. Ойпаң-ойпаңдағы тығыз оппа қарды бұзып-жарып өткен сайын зор келедi-ау, шамасы, машина болдырған аттай қалтырап-дiрiлдеп гүжiлдеп кетедi. Алдындағы жотаның арғы қапталына қарай аса бергенде жосылған көп iздi көзi шалды. «Тоқта!» деген белгiнi үстi-үстiне берiп, шал машинадан домалап түстi. Әшейiнде әр қадамын санап, асықпай басса, қазiр iздi қуалаған бойы бiраз аралыққа жылдам барды. «Кешелi берi көрiнбейдi» дейдi ана жiгiт, соның алдындағы түнде ауған ғой онда». Баяғы жастау кезiнде осындай қақаған қыста колхоздың көп жылқысы бiр ғана iзбен бiрнеше белдi асып кеткенде көңiлi күптi болып па едi, болмап па едi? Ширатыла есiлген бұйра сағым мен дүниенi тұмшалаған ақсүңгi қырау жалғанды қайта бас көтертпес ауыр қыспаққа алғанына шалдың көзi жете түскенде жирен айғырға деген ашуы күшейiп кеттi. «Ғайыпбектiң жалғыз оғы тура қақ шекеңнен тисе екен», – деп тiстене сыбырлады. Содан ләм деп тiл қатпастан кабинадағы орнына келiп жайғасты. Жiгiт те осыны күткендей машинасын келген жағына қарай заулата жөнелдi. Орта жолда ошарылып тұрған Ғайыпбектердiң тұсына құйындатып келiп бiр-ақ тоқтады. Өздерiне өңмеңдеп жүгiрiп келген шалдың баласы мен Ғайыпбекке есiктi шалқита ашып жiберiп, көзiнiң астымен қарады.
– Жылқы тұрмақ сайтан да жоқ, сендердiң бұларың құр әурешiлiк, осындай кiсi өлетiн суықта қайдан таппақсыңдар, қайтайық.
Жақ жүнi үрпиiп, бүрсең қаққан ортаншы ұлын шал бiр мезет жақтырмай қарады. «Бұлардың ешкiден қай жерi iлгерi. Өзiндей Ғайыпбек омырауы алқа-салқа, сонысына қарамай демiне нан пiскендей» деп ойлады. Шофердiң сөзiн Ғайыпбек шыбыншаққан құрлы көрмедi. Қой көзiнiң құбылып ойнақшымайтын қунақ ұшқыны лезде тоңазып, соның зардабы түк болып бетiне шығатындай кейпi сұп-суық.
– Ата, сiз жылқыңыздың жылдағы өрiсiн жақсы бiлесi ғой, сол жаққа қарай жүрейiк те.
– Осыдан құр қайтсақ елден ұят болатын болды, – дедi тыныш тұрмай ортаншы ұлы. Шал назарын баласының өңменiне бөгеп, содан жүзiн шытына бұрып әкетiп, көзiн Ғайыпбекке тiктедi.
– Олар қалай қарай ауатынын менiмен ақылдасады дейсiң бе?
– Өй, ақсақал-ау, бұрын қай жердi қыстаушы едi, айтсаңызшы, сол жаққа барайық.
– Сен шынымен бiлмей тұрсың ба, Ғайыпбек, өзiң талай көктей өткен Белғақ қой. – Осы сөздi шын ашуға берiлiп айтқан шал артық кеткенiне еш опынып, қуыстанбады да. Тек ұлының құты қаша қыбыжықтап қалғанын анық сездi. «Ұры Ғайыпбек, кезеп Ғайыпбек» деген тұспалын қаперiне қыстырмастан:
– Онда не тұрыс, Белғаққа тарттық, – деп Ғайыпбек жеңiл машинаға қарай жалт бұрылды.
– Әй, ол жаққа жылқы ауған жоқ, бiр барса сол Мосқопаға барады. Басқа қисыны жоқ, өйткенi iздiң бағыты солай.
– Өй, ақсақал, тағы жүз шақырым жерге жөнi жоқ тентiрей беремiз бе? – дедi шофер шыр-пыры шығып.
– Шал айтты – бiттi, жүрiңдер кеттiк, – дедi Ғайыпбек жеңiл машинаға серiктерiн бастап.
Бiр қолы рульде, бiр қолы шапшаңдық тұтқасын ұстаған қалпы қатып қалған шофердiң кескiнi түтiге шымырлаған күйi бұған ала көзiн суық тастады.
– Сiздiң ана балаңыздың басында шайнам ми бар ма, жоқ па өзi, мұндай жолға Ғайыпбектен басқа жiбi түзу бiреудi таппағаны несi?!
Жiгiтке жүзiн бейiлдi аударған шал аяқ астынан кеңкiлдеп күлiп жiбердi
– Қарағым,ендi қайт дейсiң, қасымызда аты жер жарған Ғайыпбек, қолдарымызда бiр-бiр мылтық, бiреу-мiреу баяғы Жанапия бастаған пәндi деп жүрмесе болды да, әйтеуiр.
Машиналарын үстi-үстiне бипiлдеткен Ғайыпбектердiң тынымсыз берген белгiлерiне шофердiң шарасы бiтiп, шалға қарады.
– Ақсақал, жылқыңыздың Мосқопаға кеткенiн анық бiлесiз бе, жоқ,әшейiн долбарлап соғып тұрсыз ба?
Шал райына таңырқаушылықты мол үйiрiп, иегiндегi сақалын көстеңдете жол жақты нұсқады.
– Аяқты малдың қайда кетiп, қайда жүргенiн кiм бiлсiн, iзiнiң бағытына қарай айтқаным ғой. Мына Қопаның төңiрегiнде ажырық деген шөп өседi. Өзiн қой жемейдi, ащы болады. Жерде түк жоқ екенiн көрiп тұрсың, соған барады дегеннен басқа еш қисыны жоқ.
– Құр сандалыс десеңшi бұл. – Қас-қабағы одан сайын түксиiп кеткен шофер газды басып қалып,машинаны орнынан ышқынта қозғады. Таптаурын жолға түскен соң рульге жабысып алған жiгiт әр кезiккен қылтаңда машинасын жалт-жұлт бұрған сайын артынан бұрқ-бұрқ көтерiлген ақ-түтек шаң тозаңытып барып сейiледi. Енесiнен жазатайым жырылып қалған құлындай құйындатқан «Москвич» әр тұстан жарқ етiп көрiнгенде, шалдың елегзулi көңiлiн әлдене желпiп өтедi. «Сонда бұлар қайда кеттi? Мұндай суықта Белғақ – жалтаң, ендеше ол жаққа өлiп кетсе де аттап басып бармайды. Дәу де болса Мосқопаның төңiрегiнде қаужап тауып жейтiн бiрдеңе бар ғой. Аяқты малға не деп болады. Қысыр емген тайдың артқы тұяғы оңбағандай жараланған көрiнiп едi, қайтты екен? Жирен байтал осы күнге дейiн бiр жағына қарай шыққан шығар?» Шалдың тынышы қапелiмде өз-өзiнен қашты. Үскiрiк аязда сiресiп сұлқ түскен тас мылқау дүниенi бiр түрлi жатырқап шолды. «Әй, дегенмен машинаға жол алыс емес-ау, бiр күшенсе Буырылға да жетiп барады. Оның ар жағында Байқоңыр да онша қашық емес. Жолай Буырылға соғып, сондағылардан жөн сұраса қалай болар едi?» деп ойлаған шал сұраулы жүзбен шоферға бұрылды. Жолдан көзiн тайдырмай отырған ол – өз ойымен өзi әлек секiлдi. Жақ жүнi үрпиiп, әр-әр жерде сорайған қылтанақтарына, жаңадан тебiндеп шыққан балапан мұртына сазара қараған қалпы: «Бұл көсең дүңк неме екен, зекiп тастап жүрер» дедi де жөнiне қойды.
Машинасын үздiксiз заулатып отырып, екi жолдың айрығына тақай бергенде шалға тағы да ажырая қараған шофер:
– Қалай қарай жүрейiн? – дедi.
– Аюкеге...
Шоқы-шоқы адырлы тұстың етегiн айнала бергенде қарсы алдарынан кең көсiлiп жатқан жазық құлдыраңдап шыға келдi. Көз сүрiнер тұлдыр жоқ, жып-жылмағай қу жапаннан түңiлiп кеткендей қолын бiр-ақ сiлтеген шофер:
– Кеш батып қалғаны мынау, бақандай бiр күнiмiз жолға кеттi. Ал жылқыңыздың қарасы көрiнер түрi жоқ, ақсақал, – дедi.
Шал ләм деместен сонау қиырға көз жiбердi. Ешқандай iздiң сүрлеуi көрiнбейдi. «Бұл ескi аңыздың орны. Мұнда талғажау етер не бар дейсiң? Мына адырдың көдесi мен жусанының басын шалса да өлмейдi, тағы бораннан ық».
Шофер ашуының екпiнi бастапқыдай емес, қайта бастаған сияқты. Шапшаңдатқыш тетiктi ары-берi бейiлсiз қозғап, газды керенау басқан сайын кiсiнiң еркiне құлдық ұрып көнген машина ыңырана баяу жылжиды. Бiрқатар жер жүрген соң көлденең кезiккен тұмсыққа сұғына салынған қыстау кезiктi. «Мұндағылардың көзiне, бәлкiм, жылқы шалынған шығар?» деп ойлағанмен күмәннан арыла алмаған көңiлi әлi күптi. Осы жасқа келгенше көрген-баққан сыры мәлiм нәрсенiң мұншалықты қиғылығын түсiнсе бұйырмасын. Қабағын бiр ашпай өне бойы түнерiп отырған мына шофер, қойқаптағыны қозғап, кiсiнiң құтын қашыратын ортаншы ұлы, құдды бөкен атуға шыққандай бес қаруын асынып алған Ғайыпбек – бәрi, ақыр-соңында алжыған шалды тыңдап әуреге түскенiмiз-ай деуден тайынбас, әуелi. Осындай мазаң күйде отырып, қыстауға қалай жетiп келгенiн байқамапты. Қораны жағалап жүрген малшы бұларға одырая қарады. Шал тоқтайды екен деп қамсыз отырған. Шофер ай-шайға қарамай бұл жерден де зу етiп өте шықты. «Мынадан жөн сұрағанда-ақ болатын едi» дедi iшiнен. Еш қайраны қалмаған соң артына жиi-жиi қарағыштады. «Москвичтегiлер» де кiдiрмей заулап келедi. «Жоқ қараудың жөнiн қасындағылар бiлмесiн-ақ, ал жердi құртқан Ғайыпбектiң мұнысы несi?» Шал жоқ қарау деген ойынан шошынып, селк ете қалды. «Белғаққа бара қоймас, тым жалтаң. Оның үстiне-тақыр. Бұл жақта қаптаған сай, ық десе ық». Осы бiр сөздi шал бүгiн қанша мәрте айтқанын ойлаған жоқ. Сөйтсе де оны таяныш тұтқандай шұғыл серпiле жөнделiп отырды. Кең көсiле құлдилап жатқан жазықтың қырат-қапталына дейiн қалдырмай сүзiп қарады. Көзге кiшкене бiр ноқат iлiксе ше. «Әлгi бөтен қарагер бие басқа жаққа бастап кетiп жүрмесе де, құдай ұрып. Бiрақ олай деудiң түк қисыны келмейдi».
– Ақсақал-ау, жылқыңыз қайсы? – дедi бiр кезде қасындағы серiгi үнсiздiктi бұзып. Шал кейiп, қабағын шытынғанмен ләм деп жауап қатпады. Қарсы алдынан көз жазбай иегiмен нұсқап жүре бер деген белгi бердi. Сонау көкжиектегi күннiң қызыл шапағы сынып түскен тұсы айнадай жалтыраса, ал қалған өлкенi тұтас қаусырған қаракөлеңкеден ызғарлы суық леп келетiндей бойы ерiксiз тоңази қалтырайды. Дүние жаһан жатқан бiр сонар. Жарық кезде шал бәрiн шамалап алғысы келгендей жан-жағын жiтi шолып келедi. «Осындай уақытта мал екеш мал жайылмайтын болған ба, бiр жылқысы жоқ, сол да бола ма екен?». Шофер жiгiттiң өзiне деген қарасынан шал қипақтай бастаса, онысын сезе қойған ол тыныш тұрмай, өтiнген райда жалбарына тiл қатады.
– Ақсақал, осы ит әурешiлiктi қойсақ қайтедi?
Шал жерге бiрдеңе түсiрiп алғандай бiр ауық аяғының ұшына қарап, басын еппен көтердi де көзiн сығырайта ұяң тастады. Үрпиген күйзелiстi нышанын шарасыздық билеп, даусы бәсең қысылып шықты.
– Бұл жаққа жылқы Аюкемен түспеген екен, онда мейлiң, мына төменгi жолға түсiп, Жетпiсалтыға қарай тарта бер.
Шал нұсқаған жаққа бұрыла бергенде, «Москвич» бұларды басып озып барып тоқтады. Iшiнен Ғайыпбек пен ұлы апыл-ғұпыл түсiп, бұлардың тұсына дiрдектеп жетiп келдi. Жұтынып тұратын Ғайыпбектiң дөңгелек бидай өңi түтiгiп, қой көзiнiң жарқылы айнығандай нұры өшкен солғын, салғырттық сейiлмейтiндей кескiнi немкеттi. Бiр нәрсенiң байыбына бара алмай тұрғандай қайта ұлы жұқалтаң жүзiнен лыпыған ұшқалақтық сезiледi.
–Ақсақал, мен Қайыпта-ақ айтпадым ба, жылқыңыз үйренген жағына қарай тартты деп. Мына жерiңiзде қыбырлаған тiршiлiктiң белгiсi жоқ.
– Белғаққа барып, оларды жын ұрып па? Онан не жемек?!
– Ол мал ғой, мал, аюуан деген сол ақсақал!
Әшейiнде дызалақтап сыр берiп қоятын шал қазiр ұстамдылығын көрнеу жоғалтпаған кейiпте шоферға бүкiл денесiмен бұрылды.
– Осы жолмен жүр. Шойын жолдың төңiрегiндегi елден сұрастырып көрермiз. Басқа түк қисыны жоқ.
– Қисын, қисын, басқа айтатын сөзiңiз жоқ па?! Күнде-күнде машина сұрап беретiн кiм бар сiзге. Қазiр мына Ғакеңнiң айтқан жағына қарай тартайық та, – дедi ортаншы ұлы. Қос танауы делдиiп, көзi шақшиып барады. Сыншыл сыңайынан жаңылмаған шал ұлының ұсқынына жақтырмай қарады.
– Әй, мынадай қыста үйренген жер болмайды. Атасы жылқы ғой, саясы бар орынды iздейтiн шығар. Белғақ деген жалап тұрған жадағай, өлгiсi келсе мейлi, онда барсын.
Қолайсыз үнсiздiк орнады. Ғайыпбек пен ортаншы ұлы ендi не iстеймiз деген сұраулы кейiпте бiр-бiрiне иек қағысқаннан басқа әрекетке бармады. Шофер бiр нүктеге тас қадалған қалпынан айнымапты.
– Қой, онда қайталық. Бәрiмiздiң үй де тiршiлiк бар. Сайда саны, құмда iзi жоқ жылқыны iздеймiз деп,бақандай бiр күнiмiздi жоғалттық, – деп, Ғайыпбек машинаға қарай шұғыл бұрылды. Оның соңынан ұлы да үн-түнсiз iлестi. Шал да қатты қитықты. Алдында шоферға жалтақтап басыңқы қараса, қазiр оған суық райда шүйiле төнедi. Бiраз аумақты айналып өтiп, бұлар Жетпiсалтыншы разъезге апаратын қасқа жолға түстi. Қараң-құраң көзге зорайып-зорайып көрiнедi.
Шофердың түксиiңкi кескiнi жазылып, жайдары тартты. Жолдың қилы-қилы бұрылысында бастапқы шалттығын тастап, жұмсақ бұрылады. Жазық жайлы тұстардан қалқып, ағып өтедi. «Е, Қосшыбай, жетпiс асып, сексенге таяған шағыңда машинамен жылқы iздейтiн әлетке де жеттiң», – дедi өзiн-өзi мұқатып. Мана ерте жарықта төбеден қараған уақытта осы жазық оймақтай ғана көрiнiп едi. Iшiне дендеп енгенде бiр шетiне әлi шығып болар емес. Жолдың түнге қарай ұзарып кететiнi жаман. Әйтпесе осы арадан көп ұзамай қыстау кезiгуi керек едi. Шал және мазаң күйге көше бастады. Ойсымал тұстан ырғып өтiп, машина көлденең белге шыға келгенде, жаңағы үлкен қыстауы алдынан жамырап шықты. Көңiлi өрекпiген шал қыстауға қарай бұрыл дегендi айтып үлгермей, қолын қайта-қайта шошаңдата нұсқады.
Екi бiрдей машина беймезгiл уақытта есiк аузына келiп бiр-ақ тоқтағанына сыртта мал жайғап жүрген қойшы абыржи аңырса, үйден атып шыққан жасамыстау әйел жай жүргiншi бiреулер екенiне көзi жетiп, iшке қайта сып берiп кiрiп кеттi. Шал машинадан аспай-саспай түстi. Қол-аяғының ұйығанын ауырсына қабағын кiржитiп, созылып алды. «Иә, батырекесi, бұл қай совхоз? Е, мал заводы де, малдың күйi қалай? Жай-ылмайды де. Бiр-екi мезгiл жем жеп, қалған уақытта шөп қаужайды де». Шал осындай сұрақ берiп, оған өзi де қоса жауап қатып бiраз бөгелдi. Ал машинадағылар тықырши бастады. Ғайыпбек пен ұлының өзiне қарай беттегенiне дейiн қалт жiбермей бағып тұрды. Iңiр қараңғысында қойшының кескiнiн анықтап қарап алғысы келгендей және аялдады. Жаңағы еркiндiгiнен лезде айрылып, даусын жүрексiне ақырын баяу шығарды.
– Ендi бiздiң бұйымтайды сұрамайсың ба?
– Айтып көрiңiз, тыңдалық, – дедi үй иесi күлiмсiреп.
– Кеше, бүгiн осы маңнан жирен қасқасы мен қарагерi бар бiр үйiр жылқы көзiңе түскен жоқ па?
Қойшы қолғап киген қолымен құлағын басты да, шалға емiнiп жақындап келдi. Жүрегi лүпiл қағып соққан шалдың тынышы одан сайын қашты.
– Кеше мына өр жақта шойын жолды жағалап бiр үйiр жылқы жайылып жүрдi. Iшiнде өзiңiз айтқан жирен, қарагерi бар едi, бүгiн көрiнбей қалыпты ғой.
– Бәсе, мына жоғары жақта тегi белгi жоқ. Шойын жолдың жағасында талғажау ететiн бiрдеңе табылатынын тiптi ойламаппын. Осы күнге дейiн пойыз турап тастамаса, сай-сайды ықтап кеткен екен ғой, бейшаралар. Қап,бағана төменгi жолмен жүрмей,– деп шал санын соқты.
– Онда не тұрыс, аттанайық, – деп Ғайыпбектiң өңештегенiне мiз бақпады. Жылқының жүрер жолын бiлмей қалғанының өкiнiшi әлi басылмаған сияқты.
– Мына адыр-адырды қуалап отырып түсетiн шығар деп ойласам, шойын жолды жағалап келген екен ғой, алда жазғандар-ай,а!
– Ендi соны кешке дейiн айта бересiз бе, жүрейiк те, – дедi ұлы тықыршып.
– Қайда?! – Шалдың даусы оқыс шаңқ етiп шықты. – Шетiнен атып, жамсатып тастауға ма, жетi түнде мен қайдан таппақпын?
Үн-түнсiз иiрiлiп қалған бұларды қойшы тамға бастап алып кiрдi.
Таңертеңгiсiн тұрған шал қойшының атын сұрап мiндi. Көптен мiнiс көрмеген көбең ат әуелi басы ауған жаққа алып жөнелетiндей ауыздықпен бiраз алысып бақты. Туу деген түкiрiк жерге түспейтiндей қақаған аяз.Қылаулаған қар үздiксiз өрмек боп төгiлiп тұр. Тек аттың танауынан атқылаған бу ғана тоңазыған бойын болымсыз жылы лебiмен бүркеп өтетiндей шалды бiр алдамшы әсерге бөлейдi. Жүрiсi лыпыған жылдым қойшы аты тоң қарды топылдата төпеп, тынымсыз сықырлатып келедi. Әр-әр тұстан ербиiп-ербиiп шыға келетiн бағанадан үркiп, жалт бұрылатынан ашуы қозған шал: «О, ит неме, жолдағы ағашты көрмегендей не болды сонша» деп тақымын басып қалғанда тағы ытқи жөнеледi. «Қап, мынаның қорлығы-ай» деп, тiзгiндi күштеп тартып, аттың басын қасқа жолға қарай бейiмдедi. Ақ қырауды тұмшалай оранған желiлер үскiрiк аяздан керiле түсiп, үнемi тырс-тырс еткен дыбыс қалмай серiктесiп келедi. Қанша уақыт жүргенiн де шамалауға асықпады. Төзiмнiң көтенiшегi үзiлетiндей болғанда барып, қиыр-шиыр iз кезiктi. Мынау шағын үйiрдiкi емес, бiр қостың жайлаған жерiне ұқсаған сайын шалдың секемi күшейе түстi. «Түнде қонған үйдiң иесi осы алдыңғы күнi ғана бiр үйiр жылқыны көрдiм демеп пе едi?» дедi таң-тамаша болып. Бiрқыдыру аралықты желдiрте шауып аралап шықты. Темiр жолдың бойын қосаяқ атаулы сыпыра iн қазып тастағандай тиген-тиген тұстардың бәрi қопарылған қар. «Ойпыр-ой, жарықтықтың қимылының жойқыны-ай» деп ат басын сүйсiне тежедi. Қас қағым сәттiк осы бiр күйiнен лезде айрылып, көкiрек тұсы сыздай жөнелдi. Содан iшi-бауыры тоңазып, қалтырап кеттi. Еңiске құлдилай құлаған мұншалықты жосылған көп iзге назары тұрақтаған сайын бiр әлеметтiң төтен еркiмен ғана болатын сұмдықтан шошынған сыңайда ат үстiнде аңырып, селтидi де қалды.
Ұшы-қиыры жоқ жазықтың ықпыл-жықпылын түк қоймай сүзiп шыққан шалдың шарасы бiттi. Шиыр-шиыр iзден басқа дәтке қуат ештеңе таппады. Астындағы аты тарпаң мiнезiнен әлдеқашан айрылып, жай аянға көштi. «Жердiң тесiгiн тауып кiрiп кетпесе, ендi қайда бұлар?» Осы бiр сұрақты өзiне мың мәрте қойғанымен қолдан келер қайран жоқтығына амалсыз жүгiндi. «Кiсiнiң көлiгiн болдыртып алып, ұят болып жүрмесе екен» деген ой санасында қылаңытып, берекесi ұшты. Қыстаудан шығандап шығып, жол-жөнекей қойшы-қолаңнан жай-жапсарды сұрастырғанымен мандытып ештеңе айтпады. Шағын үйiрлi жылқыны бiр-екi рет көзiмiз шалғаны рас, одан арғысын бiлмеймiз дейдi бәрi құдды келiсiп алғандай. Сонау Қайыптан берi ауып келгендегi iзге түсiп отырып, темiр жолдың жақтауыны бiр-ақ шықты. Шал ақыры түк өнбейтiнiн бiлдi. «Бұл бiр кәдiк екен. Жөндеп iздемесе болмас» деп кешегi түнi қонған қыстауға қарай атының басын бұрды.
Қас қараяр мезгiлде қыстаудың өкпе тұынан шыға келген шал сайрап жатқан тарау-тарау жылқы iзiне кезiктi. Тiзгiндi iркiп ары қарады, берi қарады. Күнi бойы тентiреп, сандалғаны санасында қылаңытқан заматта бас шекесi солқ ете түстi. Денесi қозғалуға келмей сiресiп, iш дүниесiн түгел суық кептедi. Жон арқасы үздiксiз шымырлай дуылдағанда – тұла бойы төтенше қалтырап кетедi. Қыстаудың қарасы көрiнгеннен-ақ жүрiсiн шапшаңдатқан аттың екпiнiн көтере алмай, ауырсына бастады. Бей-жай құлықсыздыққа тап болды. Жылқының бiр барған жерiне он барып, дүниенiң жерiн шарлап тастағанына қынжылды. «Бәрi қарасы көп екен деп алданғаннан ғой. Ақылдан алжасу деген осы шығар? Әйтпесе ертеңгiсiн-ақ бiлiп, мұнша ит әуреге түспеуi керек едi. Әлде өзiме өлгенiмше тиесiлi ырыстың басымнан тайғаны ма?» Шал шошынып, селк ете түстi. «Менде қайбiр асып-тасқан ырыс болып едi? Тәңiрiң пенде ғып жаратқан соң кейде өзiңе-өзiң сұқтанасың. Сексенге таяп селкiлдеген шағыңда секиiп атқа отырған деген жақсылық па екен?» Бағы мен ырысының басынан тайғаны ойына қайдан келгенiн кiм бiлсiн, шал, әйтеуiр, қатты қамығулы күйде отырып, қыстауға қалай жеткенiн де байқамапты. Сыртта жүрген үй иесi бұған тұра ұмтылып келiп, қолтығынан демеп аттан түсiрдi.
– Әй, ақсақал-ай, көкбалақ болып, әбден тентiредiңiз-ау! Сәл аялдағаныңызда болатын ба едi. Құдай айдап жылқының өзi келген жоқ па. Еркек тайдан басқа пышаққа iлiнетiнi қалмапты. Нөкерлерiңiз сойып, жайғап алып, сiздi ары күттi, берi күттi. Әсiресе балаңыз қатты қамықты. «Күте тұрайық» деп те көрдi. Бiрақ ана бiреу көккөз құртық неме құдайдың қып-қызыл бәлесi екен. Едiреңдеп болмаған соң бағана сәскеде кеттi.
Шал ләм деп тiл қатпай, үйге сүйретiлiп кiрдi. Ерлi-зайыптылар бәйек болып, төрге көрпе төседi, басына қос қабаттап жастық қойды. Дастарқан жайылып, шай әкелiндi.
– Күнi бойы нәр татпаған да шығарсыз, шай iшiп, бой жылтыңыз. – Осы сөздi бұлардың әйелi, болмаса еркегi айтты ма, айыра алмады. Басы зеңiп, көзiнiң алды тұмандана шымырлап тұрып алды.
– Бойыңызды әбден суық алып қалған ғой, күнi бойы қақайып, атта отыру кәрi адамға оңай дейсiз бе?!
Үй иесiнiң даусы миын шағатындай қатқыл естiлдi. Қабағын қинала кiржитiп шытқан шал басын құлықсыз көтерiп, жөнделiп отырды. Нарттай қызарған өңi домбыққан iсiк. Әбден суық сорған шырайын пештiң қызу жалыны желпiген сайын қанкүреңденiп, кiсiге сүзiле қарағандағы кескiнiне екiойлылық iркiлiс тауып, алабұртты. Ақшулан сақалын күнi бойғы аяздың қырауы тұтып қалғандай аппақ. Шайды ұрттаған сайын жақ сүйегi дызылдап, бетiнiң ұшы шым-шым етедi. Сонан кейiн жылымшы тартып, сүйсiне алмай кесесiн төңкерiп, болдым деген ишара жасап, сұлық түсiп жатты да қалды. Iрге жақта отырған үй иесiн бiр ауық сыртынан бақылап, желқақты сопақ жүзiнен өзiн сырт теппейтiн етене жақындықты сезiп, көзi iлiнiп барады. Шымырлай атқылаған тас қайнарға шым-шым батып, дүниенiң еңсесiн басқан ауыртпалық атаулыдан лезде жеңiлейiп шыға келгендей алаңсыз бiр тәттi ұйқы. Қопаның ұлан-асыр жазығы екен дейдi. Шөп басы ұзарып, жусан балағынан шиендеп шыққан балапан өскiн кiнәратсыз мөлтектеген көгiлдiр реңiмен кiсiнiң көзiн жаулайды. Раң, бетеге, киiкоты, балықкөз, ебелек жердiң құйқасын қалың тұтастырып, табанға жұмсақ тиедi. Қараса,оңы-солы бiрдей жылқы. Құлын бiткен құлдыраңдап шауып, шығандап кетедi де, енелерiмен қайтадан шұрқырасып табысып жатыр. Қанжығалары тоқ жылқышылар топ-топ болып, қауқылдаса әңгiмелсiп барады. Өңкей қамыс құлақ арғымақ шалыс қылқұйрықтар дәу де болса жылқы заводынiкi-ау. Ендi бiрде қараса, шешесiн мiнгестiрiп алыпты. Баяғы тауға арқалап шыққандағыдай жүдеп-жадамаған. Шаңырақтай күндiгi мен кимешегi қылаусыз таза, ажары бордай аппақ. Жан-жағына көз қиығын санаттана тастайды, мына жарбиған жаман шалды қомсынатын, сыңайда назарын елеусiз тiктейдi.
– Қосжан-ау, өйтiп-бүйтiп жүрiп сен де сексенге келдiң-ау, – дедi анасы ұлының тұрқына көңiлi толмағандай.
Анасының немкеттi тәкаппарлығы мұны ерiксiз тежейдi. Әйтпесе әңгiмесiн ағылып-төгiлiп айтқысы келiп-ақ тұр. Өз-өзiнен тығыла бұлқынған бұл бiр түрлi көңiлi босап, еңiреп жылап жiбердi. Оянып кеттi. Көзi жасқа шыланған күйi жан-жағына алақ-жұлақ етiп қарады. Қазан-ошақтың маңында әйел тыным таппай зыр қағып жүр де, еркегi пышағын дайындап қойып, әлекiдей жаланып:
– Дайын болса ана кiсiнi оятып, қолына су құяйын, – дедi.
Шал өзiнiң ет пiсiрiмдей уақыт ұйықтағанына сенер-сенбесiн бiлмегендей бағжиып қана отыр. Қолын да құлықсыз шайды.
– Ақсақал, ақы иесi өзiңiз ғой деп бағана сойылған тайдың маған қалдырылған азат омыртқасын астырдым. Бiрiншi өзiңiз ауыз тиiңiз, – деп шұжықтың үлкен кесегiн ұсынды. Шал бiрден аузына апармады,шұжықты iшегiнен ажыратып алып, ары-берi ұзақ қарады.
– Мына тай мықты айғыр болмақ екен-ау, – дедi бiр кезде.
Ерлi-зайыпты екеуi бiрдей елең етiсiп, шалға таңырқай қарасты. Бар дiтi iшекте болған шал бұлардың жауап тоса селтиiп отырғандарын да байқамады. Үй иесiнiң ақыры шыдамы бiтiп, шалға қарай ұмсынып, төне қадалды.
– Оны қайдан бiлдiңiз?
Шал суықтан домбыға iсiнген көзiн iшекке шүйiлткен күйi:
– Қайран нәрсенiң iшегi жуан екен, –дедi.
Үй иесi таңырқағанын жасыра алмай басын шайқады, ал әйел төрде отырған томашадай шалға қайта-қайта ұрланып қарай бердi.
«Осы жасқа келгенiмше шешем түсiме бiр кiрiп көрмеп едi, жарықтық әлденеге қамықты ма екен? Түсте жылқы деген не болушы едi?» деп ойлады Қосшыбай.