Халқымыздың сонау замандардан бастау алған музыкалық мәдениеті аймақтарға қарай жіктеліп, Жетісу, Ма...
Ерлан Төлеутай. Қош бол, қобыз дәуірі!
2705
Ұлы Қорқытпен бастау алып, араб басқыншылығына қарсы (хан, қарасы түгел басқыншы дінге мойын ұсынғанда) жалғыз өзі майдан ашып, араб, татар, сарт миссионерлерімен 1200 жыл (12 ғасыр!) соғысқан ҚОБЫЗ дәуірі аяқталды бүгін.
Дүниеден Қорқыт қобызының иесі – Сматай сері көшті.
Тәңірі – тарихтың дырау қамшысы – салт атты көшпелілерге семит халықтары секілді сансыз көп пайғамбарлар жіберген жоқ. Ол – адамзатты ақырдың күніне дейін алауыз қылып қойған, аврамдық діндердің миссионерлері қылыштың жүзімен, молда мен поптың улы уағызымен таратқан бір-бірінен көшірілген төрт кітап түсірген жоқ. Тәңірі – әуелде әуен түсірген еді түркі жұртына.
Көшпелілер Көк Тәңірімен күй тілінде сөйлесті. Күй – Тәңірдің күбірі еді, қобыз – Тәңірдің елшісі еді. Сол себепті ол – байтақ сақарадағы ең таңдаулы өнерпазға қонатын. Алғаш ол абыз Қорқыттың даңғыл көкірегіне дарыды. Көкірегіне Тәңірдің сәулесі күй боп қонған Қорқыт абыз – ұзын аққан Сырдың мың үйірілген асау толқынына ұзақ ойлана қарап отырып, қара қобызын аруанадай аңырата боздатып небір жойқын, толқынды күйлер төкті. Араб миссионерлері қобыздың ақ жусандай ақырған ащы үнінен зәре-құтты қаша жаман қорыққан-ды. Тәңірдің тілі – қобыз сөйлеп тұрғанда семит дініне көшпелілердің өлсе де мойын ұсынбайтынын сезген Аврам нәсілінің аяр молдалары қобыз жынның аспабы деген қатал үкім шығарды. Ақкөңіл, сенгіш сақара жұрты аңқау ғой, қожа молдалардың бұл масқара өтірігіне мың жыл сеніумен келді. (Әлі де сенетіндер көп) Соның айғағындай қобыз шалғандарды бақсы деді, оларды ел ішіненен аластатты, өлсе – бөлек жерледі. (Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным" (Абай) Осылайша қаншама өнерпаз өлтірілді, нешеме мың қобыз отқа тасталды. Сондағы тағылған айып біреу – қобыз Тәңір тілінде сөйлейді! Қобыздың тағы бір кінәсі – ол аят-хадистерді "жырлаудан" бас тартқаны. Өйткені ол Тәңірлік болмысқа адал болды. Содан ба екен – осы заманға дейін қолына қобыз ұстаған бір қожа молданың тарихта аты жоқ. Сөйтіп мың жыл бойы араб миссионерлерінен, кейін қазақтың надан молдаларынан мың жыл қуғын көрген (тарихта мың жыл қуғын көрген бірде бір музыкалық аспап жоқ)қасиетті һәм қасіретті қобыз Ықыласқа қонды. Шын мәнінде Ықыласқа қонған Қорқыттың аруағы еді. Сөйтіп қобыз өз күлінен өзі қайта жарала беретін Феникс құсы сияқты қайта тірілді. Сонау Түркі заманында көшпелілерді ғарышпен тілдестірген ұлы сарындар қайта жаңғырды.
Осылайша қара қобыз Ықыластан Дәулет Мықтыбаевқа, Жаппас Қаламбаевқа дарыды. Қобыз соңғы қонған көшелі өнерпаз Сматай еді. Бірақ Сматайдың қадірін қазақ білген жоқ. Тәңірдің тілі түгілі өз тілін ұмытып бара жатқан байғұс қазақ қайдан білсін, Сматайды! Өйткені бүгінде Тәңірдің елшісі – қара қобыз қазаққа жат болған. Иегінде ербиген үш-төрт тал сақалы бар қазақ баласы еш түсінбесе де көзі мөлиіп уағыз тыңдап отырады, ал, қобыз тартылған жерден шайтанның аспабы деп шыға қашады. Өзінің рухы, өзінің төл өнері өзіне жат болған жұрттан не үміт, не қайыр?!
Сматай өмірден жылап кетті. Бұл жөнінен ол Мұқағалимен тағдырлас. Бірақ Мұқағалиды қазағы өлгеннен кейін түсініп, төбесіне тұтты ғой. Ал Сматайды өйтеріне шәгім бар.
Өз заманында тумаған бақсыз талант, бапсыз дарын ер Сматай-ай, өнеріңнің құнын кімнен даулаймын, есеңді кімнен аламын! Елеусіз өткен есіл ерім-ай!
Ол Тәңірі мен қазақтың арасындағы жалғыз дәнекер еді. Қара қобызын саулы інгендей боздатқан Сматай Тәңірімен талай тілдескен еді, талмай үндескен еді. Бірақ Тәңірлік дүниетанымды тәрк еткен алаш баласы оның күйін ұққан жоқ, ұққысы келген жоқ.
Бақұл бол, Сматай сері! Қош бол, Қобыз дәуірінің ақырғы перзенті, Қорқыттың соңғы тұяғы!
Надан молданың улы уағызымен уланған алаш баласы Сматай өлді деп жоқтай қоймас, тым құрымаса сен жыла Тама жұрты, қара қобыздың әуелгі иесі сендер едіңдер ғой....