Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақ...
Жазушының жары. Ол кім?
Ана бір күндері әйгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің қызы Айкен Жұмекенқызымен сұхбаттасып қалғаным бар. Сол сұхбатында Айкен: «Шешем әкемнің талантын, шығармаларындағы тереңдік пен иіріміді, қала берді әкемнің мінезін жақсы түсінген адам», – деп естелік айтты. Сол сәтте менің ойымда «Қазіргі қаламгерлеріміздің зайыптары талантты жарларын қаншалықты түсіне алады екен немесе түсініп жүр екен?» деген сұрақ туа қалды. Әрине, қалам ұстағандар мен өмірдегі қарапайым адамдардың мінезі, өмірге көзқарасы мүлдем басқа болса керек.
Осы арада бізді қызықтырғаны: «Жазушының жары. Ол кім? Ол отбасындағы қаламгер отағасы туралы не ойлап, өмірде не түйді екен?» деген сұрақтардың жауабы еді.
Сұхбатқа ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлының жары – Шағангүл Жанаева, Қазақ поэзиясының көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақын Әмірхан Балқыбектің жары – Мархабат Шойбекова, ақын Мұрат Шаймаранның жары – Гүлзира Шәрбатқанқызы және жазушы Бейбіт Сарыбайдың жары – Бану Дәулетбаева қатысып отыр.
Шағангүл ЖАНАЕВА: ҚАРА ӨЛЕҢГЕ КЕЛІНМІН
– Кей оқырмандар «Тыныштықбек ақынның кейбір өлеңдерін түсінбедік», – деп жатады. Сіз түсінесіз бе?
– Шешем кітапханашы болды, кішкентайымнан кітапханада өстім. Әкем әдебиетті, ақын-жазушыларды өте жақсы көрді. 1972 жылы жазда біздің үйде әбден күйі кеткен әйгілі Төлеужан Ысмайылов бір жұма аунап-қунап жатты. Әке-шешемнің о кісіні жаны қалмай күтіп, су жаңа киіндіріп, шығарып салғаны есімде. Қайран ақын со жылы көкірек дертінен қайтыс болған екен. Өзім пединституттың филология факультетін қызыл дипломға бітірдім. Қадыр Мырза Әлінің балаларға арналған шығармалары бойынша ғылыми еңбек қорғадым. Басшылық қызметіммен қоса, әлі күнге дейін әдебиеттен сабақ берем. Өтілім – 34 жыл, Тыныштықбекпен алғаш танысқаныма – 37 жыл, яғни жан жарымның «өлеңдерімен ауыра бастағаныма» 40 жылдай уақыт болыпты. «Қара Өлеңнің келінімін» дейтінім де сондықтан.
Тыныштықбектің поэтикалық әлемі өте күрделі. Ол өзінің алғашқы жыр жинағынан бастап-ақ, ойлау жүйесінің ерекшелігімен құбылыс болып келген қаламгер. Соңғы ширек ғасыр бойы мыңдаған жылдар бұрынғы бағзы бабаларымыздың мүлде зерттелмеген көркем философиясымен айналысты. Көп оқыды, көп ізденді, көп нәрсені зерделеді, зерттеді. «Экзистенциализм, мистика, діндер пәлсапасы, трансцендентті дүние, экзотеризм мен эзотеризм, метафизика дейсің бе, солардың бәрінен де біздің байырғы бақшы (бақсы) бабалар дүниетанымы кемел» деп отырады қазір. Ұзақ жылдардағы сол ізденісінің нәтижесін ғылыми еңбек ретінде баспаға дайындау үстінде. Жалпы, ақынның әуелгі «Ақшам хаттарындағы» «Жан-Ар» толғамынан бергі тұтас поэзиясынан өзі «Аңқыма» деп атайтын ілімдегі өзтанымға, табиғаттану мен күнтанымға және ғарыштаным мен Құдайтанымға қатысты бестанымдық көне тылсым сырлардың көркем образдарға толы жұмбақ қағидалары – түйсікті арбарлық ерекше қуатпен үнемі жалт-жұлт етіп көрініс беріп жатады. Сол рухани дәулетті жан-дүниемен жете түсініп, жадқа әдемі жазып ала қоярлық қабілетке ие болу – оқырманнан да өте көп ізденісті, аса біліктілікті, алғыр түйсікті, аса сезімталдықты талап етеді. Өз басым интеллектуалды ондай поэтиканы бір кісідей-ақ түсінем. Шыңғыстау топырағы, Абай елі, әке-шешемнің тәрбиесі, өзімнің ұстаздық еңбегім және, ең бастысы, Тыныштықбек ақынмен 30 жылдан астам бірге өмір сүрудегі қиын да қызық тірлік пен баянды тұрмыс хикметі мені сондай дәргей-дәрежеге көтерді. Сондай сырлас та қимас ортақ ғұмырымызда, тіпті, «Шөп те – өлең, шөңге де – өлең, Өлең де – өлең» тәмсілінің де бір ғажап танымдық сыры барын ұғындым. Фольклорға да, басқасына да өзгеше қарай бастадым.
– Гарсия Маркестің әйеліне бір тілші: «Маркес мырзаның жиі сөйлесетін достары кім?» – деп сұрақ қояды. Әйелі: «Оның жиі сырласатын достары – оқығысы келген кітаптары мен қағаз-қаламы», – деген жауап береді. Сізге де осы сұрақты қойғым келіп отыр.
– Әлбетте, отағасының да «сөйлесетін басты досы» – кітап. Өзі қалжыңдап, отбасылық кітапханамыздағы кітаптарды «ақылшы-көмекші жындарым» деп атайды. Негізінде, ол айналадағы құбылыстардың кез келгенінен өзінше бір тың жаңалық пен жақсылық тани қоюға, таба қоюға тым құштар өте тынымсыз, тапқыр жан. Сондайда оның «ойша тілдесетін періштелері» де өте көп. Қанатты сөздер жазуы да – өзінше бір ғылымы. Айбүбі (Көкәләй) деген тұңғыш немересі туралы жазбалары бір кітап көлемінде, қолжазба күйінде жатыр.
– Тыныштықбек ақын қай уақытта жазғанды ұнатады? Жазудан шаршағанда, қалай демалады?
– Ауылда, малда жүргенде тау басында шабыттанады екен. «Тауда «Хақтықтың сәулесі бар» – дейді. Бір сүйікті нақылы – «Тәңірді танығың келсе, тауға бар». Сондай-ақ, бұрындары өлеңді түнде төсекте, «көз жұма, көңіл аша» санасына жазып алып, ертесінде ойына түсіре салады екен. «Жын көшетін іңір қызылында» да небір қызық өлеңдер жазылушы еді» деп те есіне алады. Қалаға келген соң, өзгерді. Көп жылдар бойы «Аңқыма»-сымен шұғылданды. Он бесінші жылдан бастап, тосын күйге түскендей еді. Таңғы асын ішіп алған соң, балконда темекі тартып келе сала, жазу үстеліне барып, бірден өлең жаза бастайтын. «Мен өлең жазбаймын, өлең менің миыма оқылады. Мен соны қағазға көшіріп жазушы ғанамын» – дейтін болды.
Құдайға шүкір, үш немереміз бар. Әке-шешелерімен бөлек тұрады. Қолымыз босай қалса-ақ, солармен бірге серуендеуге құштармыз…
Автордан бір өлең:
Қара Жер мен Күн арасы – Құдайдың соққан бір мұнарасы. Оның басына жақсы болсаң да, жаман болсаң да, шыға аласың. Алайда, онда да пешенеңе не жазылған, соны құп аласың. Мында – Күз. Бұл да – уақыт, қасиетті жел-сөздің әдемі көрінісі. «Көңілді қоштау» деп аталады – күзгі жүзімдердің шарап түріндегі шерін ішу. Үрпілері қайыра бүршіктенген ағаштарға қараймын. Сұмдық сұлу – тоқсанкүндік ұйқы алдында жалаңаш керілісу!.. Соның бәрі – өмір туғызатын өлім іші. Ойланасың еріксіз. Ой да – самалды нұр, тамаша оқылатын. Жанарлы ауа бәрін бақылап тұр. Қандай бақыт еді – Күн көзіне жымия ұшып бара жатқан Жанын көру сарғайған жапырақтың!..
Ақын Әмірхан Балқыбек пен жары – Мархабат Шойбекова
Мархабат ШОЙБЕКОВА: ӘМІРХАН РУХЫ МЫҚТЫ АҚЫН ЕДІ
– Ақын Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез», «Ақын апологиясы» кітаптары ол кісінің шығармашылықтағы «қос баласы» іспетті. Біздің әдеби орта осы еңбектердің шынайы бағасын бере алды ма?
– Әмірханның «Қасқыр құдай болған кез» кiтабына жиырма жылдан аса уақытта жазылған дүниелерi топтастырылған. Бабалар тарихына ақындық көзбен қарап, батыл болжамдар жасалған. Кітабы шыққан соң дүниеге сәби келгендей қуанып жүрді. Кітабын оқыған оқырман қауым өзінің жылы пікірлерін білдіріп, газеттерге жазды.
Ал «Ақын апологиясы» – Әмірхан өмірден өткен соң 2015 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Дәстүр» баспасынан жарыққа шыққан кітап. Кітапты шығаруға мұрындық болған ақын Қасымхан Бегманов ағамыз. Бұл кітапқа Әмірханның әр жылдары жарыққа шыққан аудармалары, тарихи эсселері мен әдеби мақалалары енген.
Өкінішке қарай, бұл еңбектерінің шынайы бағасы берілді деп айта алмаймын.
– Жұмабек әкесінің кітапханасын тауысып оқыған Әмірхан ақынның «Ұлттық кітапханада жұмыс істесем» деген арманы болыпты деп естуші едік. Неге олай армандады екен?
– Әмірхан кітаптар әлемінде өмір сүрді. Бос уақытының бәрін кітап оқуға арнайтын.
«Әкем кітапқұмар адам. Содан болар, біздің үйдің кітапханасын ауылдық жердегі бір отбасы үшін үп-үлкен, қоры мол кітапхана деп айтуға әбден болатын секілді. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда. Әкемнің жинағаны, негізінен, қазақша, өзбекше кітаптар. Омар Хайям рубаиларының үш тілдегі жинағы да осы кітапхананың сөресінен орын тепкен. Тіпті, ара-тұра кім әкелгені белгісіз, урду-хинди тілдеріндегі кітаптар да кездесіп қалатыны бар. Кейде «қарапайым диқанға осының бәрі неге керек болды екен?» деген де ойға қаласың. Асылы, бізден, балаларынан үміт күткен болса керек», – деген еді Әмірхан бір сұхбатында. «Ұлттық кітапханада жұмыс істесем» деген арманы, меніңше, әлемдік әдеби, тарихи кітаптардың тереңіне үңіліп, сырлассам деген бала кездегі арманнан туған.
– Сіздің көзқарасыңызша ақын деген кім? Ал Әмірхан Балқыбек ше?
* * *
Еркiн жел ем жаз шалқитын жайлауда, Күй дегенiң күйшi қолын байлау ма? Тағдыр менi нән шаһарға ап келдi, Құрекеңдi жiберткендей айдауға. Басыңдағың болмағасын нәби ми, Көңiлдегiң қайдан болсын арий күй. Жүрек жалғас өңешiммен шыңғырам, Бiрақ ол да боп шықпайды табиғи. Тас сүрлеуге табанымды жара қып, Қу молама кiрем кешке қабарып. Қыл көпiрдiң азабынан өтетiн, Мұнда менi деп атайды қалалық. Қайырмасын тас дуалдар тонаған, Тереземдi соққылайды самал ән. Аяғанмен есiгiмдi ашпаймын, Сөнген шырақ жанбайды деп жаңадан. Тар бөлмеде кең тынысым тарылып, Жалғыз ғана отырамын жабығып. Жаным еркiн жайлауымды сағынам, Бiрақ та құр не iстей алам сағынып. Жанды тербеп мәңгiлiктiң ағыны, Тән арыды, Арман бiрге арыды! Жанарымды қытықтайды нұрымен, Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы. Жаным жұлдыз жылдамдығын қосқанда, Сәлем айтып кейiн қалған достарға, Бұл қаладан кетем түбi көкке мен, Кетемiн мен Сегiзiншi Аспанға. Деймiн iштей, Дейдi iшiмде бiр дауыс.
Ақын деген – Құдайдың сөз құдіреті қонған адам. Өлеңге адал адамды айтар едім. Ал Әмірхан өлеңге, әдебиетке үлкен дайындықпен келген, рухы мықты ақын болды. Бергенінен берері мол еді, әттең өмірі қысқа болды.
Ақын Мұрат Шаймаран мен жары – Гүлзира Шәрбатқанқызы
Гүлзира ШӘРБАТҚАНҚЫЗЫ: МҰРАТ НЕНІ СҮЙСЕ ДЕ, ҚҰЛАЙ СҮЙДІ
– Мұрат ақынның алғашқы жинағы «Түнгі сарынды» қытайдағы қазақ оқырмандары жастанып оқыды. Тұңғыш кітабы шыққанда ақын қандай көңіл-күйде болды?
– Бұл кітабы 2003 жылдың соңында жарық көрді. Ең алғашында «Іле халық баспасы» шығаратын болған. Өзінің жақсы көретін ағасының бірі үлкен жазушы, сыншы Серік аға Қауымбай алғысөзін жазды. Ақын, суретші досы Шәкен Бөкетай кітаптың мұқабасын жобалап, қыстырма суреттерін салды. Кейінірек бұл кітап Шинжаң халық баспасынан жарық көрді. Әрине, қуанды. Әулетімізбен қуандық. Бұның алдында өлеңдері бірнеше альманахқа шықты ғой. Бірақ Мүкең өз қуанышын аса қатты білдіре бермейтін адам. Әсіресе, мақтан мен мадақты көп қабылдай бермейді. Бір жерлерде сыншылар не оқырмандары оған мақтау айтса, абдырап қатты ыңғайсыз жағдайға түсіп, сол ортадан тезірек кетуге асығатыны бар. Мұратқа оқырман мен сыншылар тарапынан бір талай жылы лебіздер айтылды. Ол дүниелер басылымдарға жарияланды. Ең қызығы, Мұрат сол дүниелерді бізге көрсетуден, мақтанудан ыңғайсызданып жүретін. Біз ол туралы жазылған пікірлерді басқа адамдардан не достарынан еститінбіз. «Мұның не? Бізге неге айтпайсың?» – десек, «Ұят емес пе?» – дейтін де қоятын. Ал арғы бетте жүргенде «Түнгі сарынның» қызығын көп көре қоймады. Кітап шыққаннан кейін жарты жылдай уақыт өткен соң осы жаққа көшіп кеттік. Келе салып Алматының маңындағы бір ауылға қоныстандық. 2004 жылдар ғой ол. Әлеуметтік желі тұрмақ телефон байланысының өзі нашар кез болатын. Жұмыссыз жүрдік бір-екі жыл. Мүкең анда-санда: «Менің әлгі кітабымды жұрт оқи ма екен деші? Әй, оқымайтын шығар», – деп «Түнгі сарынын» есіне алып қоятын. 2006 жылы Мұрат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмысқа тұрды. Сол кез болу керек, бір күні Мүкең қатты қуанып келді. Себебі арғы беттен бірнеше жас ақын, қолдарында мұқабасы әбден тозған «Түнгі сарын» бар, Мұратты іздеп келіп қолтаңба алып кетіпті. Сонымен бірге бұл кітаптың өтімінің өте жақсы екенін, кітап дүкендерінде таусылып кеткенін айтыпты. Бұл туралы кейінірек Қуанәлі Алмасбек деген ақын інісі осы «Түнгі сарынды» іздеп алашапқын болғанын жазды-ау деймін. Кітап үшін Мүкең осы күні шын қуанды. Өзін оқырманның оқығанын естіп қуанды.
– Өмірлік жолдасыңыздың ақын екенін алғаш рет білгенде қандай күйде болдыңыз?
– Біз 5 сыныптан 8 сыныпқа дейін бірге оқыдық. Ол кезде Мүкең көп дүниемен шаруасы жоқ, сабақ кезінде партаның астына кітап жасырып оқып отыратын. Біздің шынайы араласуымыз Күйтің деген қалада басталды. Араласып жүріп бір-бірімізді қатты ұнатып қалдық. Мен де өнер адамымын ғой. Мамандығым музыка саласына қатысты. Сол жердегі жоғары оқу орнында вокалдан сабақ беретінмін. Десе де, мен Мұраттың ақындығынан бұрын азаматтығын жақсы көрдім. Ақындардың өмірі мен мінезі туралы басылымдардан оқимыз ғой кейде. Бірақ сол «мінездің» көбін Мүкеңнен көрген емеспін. Қарапайым, отбасына адал. Кейде қалжыңдап: «Ақын құсап жүрмейсің бе?» – десем, «Маған әртіс бол дейсің бе!» – деп тиып тастайды.
– Мұрат ақынның шынайы өмірдегі келбетін бір ауыз сөзбен бейнелеп берсеңіз.
– Бір сөзбен айту қиын шығар. Десе де, қысқаша айтайын. Ол – нені сүйсе де құлай сүйетін бірбеткей, адал, опалы адам. Тез әсерленеді және онысын өзгеден жасыруға тырысады. Қарапайым. Әзілді қатты жақсы көреді. Ақ көңіл, қолы ашық. Ешкіммен көзқарасы үшін ренжісіп дауласпайды. Кейде бала секілді тез өкпелей қалады, онысын тез ұмытады. Өзін өзі көрсетуге құмар емес және ондай мінезді адамдарды ұнатпайды.
– Жарыңыздың алғашқы оқырманы өзіңіз бе?
– Жоқ. Шынын айтқанда, біз әулетімізбен Мұраттың өлеңдерін басылымдарға жарияланып кеткеннен кейін көп уақыттан соң барып білеміз. Оның өзінде өзіміз байқап немесе басқа біреулер айтқанда ғана. Мүкеңнің бірдеңе жазып жатқаны көп байқала бермейді. Далаға шығып темекіні жиі шеге бергенін көріп, өлең жазып жүргенін топшылаймыз. Жазған өлеңдерін бізге оқуға берген емес және өзі де оқымайды. Мұрат өлең оқудан қатты қашады. Талай кештер, телеарналар өлең оқуға шақырып жатады. Соның бәрінен бас тартатыны бар. Ол өзінің жүрек қалауымен ғана өмір сүруге дағдыланып қалған. Өзін еркін ұстағанды жақсы көреді.
Бану ДӘУЛЕТБАЕВА: БЕЙБІТТЕ ЕШ ЖАСАНДЫЛЫҚ ЖОҚ
– Бейбіт Сарыбайдың өнердегі мінезін оқырман жақсы біледі, ал өмірдегі мінезі ше?
– Жақсы адамның мінезі өмірде де, өнерде де бірдей болады. Өнерде қандай Бейбітті танысаңыз, өмірдегі Бейбіт сондай. Шығармасында өзін басқа етіп, көбіне жақсырақ етіп көрсетуге тырысу адамды жасандылыққа ұрындырады. Жасандылықпен өмір сүретін адам ақыры өз болмысынан ажырап та қалуы мүмкін. Бейбітте еш жасандылық жоқ.
– Осыған дейін шағын әңгімелерімен танымал болып келген жазушы жарыңыздың болашақта роман жазу жоспары бар ма?
– Әрине. Роман жазуды армандамайтын жазушы жазушы ма? Алайда айта кететін бір мәселе – әр жанрдың өз қиындығы бар. Ол роман жазу қиын, әңгіме жазу оңай немесе керісінше деген сөз емес. Әрі жазушыдан «Сен жазушысың, жазбайсың ба?» деу де қисынсыздау болар еді. Айтар ойы болса, жазар. Дәл қазір ештеңе айтқысы келмесе немесе ойындағысы піспеген болса, ол да жасанды шығар еді. Уақыты келгенде жазар. Немесе жазып та жатқан болар.
– Бейбіт Сарыбай шынымен «Романтик» емес пе?
– Меніңше, әр адам жан дүниесінде романтик. Романтизм дәуірі өтіп кетті ғой. Бірақ қиялға қанат бітіру, бір сәт ертегіге сену адам жан-дүниесінің байлығын, адамгершілігін, жанының ізгілігін білдіреді деп ойлаймын. Бірақ солай екен деп өмірде жоқ, қолдан жасалған қиял-ғажайып әлеміңде өмір сүре алмайсың ғой. Шынайы өмір салқынқанды көзқарасты талап етеді. Сондықтан Бейбітті және жалпы кез келген адамды романтик немесе мүлде романтик емес деп кесіп айта алмаймын. Романтикпін десе – романтик, емеспін десе емес болар.