«Топжарған» хикаясының кейіпкері кім?

ӘДЕБИЕТ
4360

Мұхамбетжан Сералиннің «Топжарған» поэмасындағы хан Кенесарыны атының жүйріктігімен таң қалдырып тұтқынынан құтылатын адай жігіті кім болуы мүмкін?

«Жігіттер сұрасаңыз, затым –Адай,
Астымда жүйрік емес атым ондай.
Ұйқыда қапы жатып тұтқын болдым,
Мен дағы ер жігіт ем алпамсадай.

Тайынан бұл торымды бағып едім,
Үкіні құйрық-жалға тағып едім.
Тұтқын ғып текке жүрген жолаушыны,
Үш жігіт мен сендерге неғып едім?..» - деп жағдайын айтқанмен тыңдамай олар ұйқықтап жатқан жерінен ұстадық демей, ұрысып жүріп қолға түсірдік деп Кенесары ханның алдына алып келеді. («Жеті ғасыр жырлайды», Алматы, «Жазушы», 2004, 2 том, 338 бет).

Жігіт: «ұйықтап жатып қапияда қолға түстім, датым бар, Хан ием, мені атыма бір мінгізіңіз, нөкерлеріңіз қусын, жетіп қолдарына түсірсе не жазаңызға да ризамын», деген өтініш айтады. Хан астында көзге қораш жаман жабысы бар жалғыз жігіттің тілегін беріп, кілең сайдың тасындай сардарларына қудырады. Жігіт қашарында ханның қайын атасы Өтетілеуден көптен атпай насыбайға зейіні ауып тұрғанын айтып, шақшасын сұрап алады да, насыбайды атып болған соң оны иесіне бермей қалтасына салып алып қаша жөнеледі.

Астындағы жаман жабы сәйгүлік болып шығып, қуғыншыларды шаң қаптырып, құтылып кетеді де, келесі күні ер жігіт Ханға қайта өзі барады. Ханның қайын атасына «мынау кешегі шақшаңыз» деп алдына тастайды. Олар шақшаға қарап, келіп тұрған қашқын жігіт екенін таниды да, жігіттің жөнін сұрайды. Өзінің Кенесары Ханның жасағына қосылу үшін іздеп келе жатып, ұйқы құшағында қолға түскенін баян етеді:

«..Сөйле деген ұлықсат ап Хан мен көптен,
Бастайды жігіт кеңес өткен кептен:
Жеменей – аймағымыз, Адай – затым,
Қараойын Маңғыстаудың мекен еткен.

Маңғыстау қараойында қыстауларым,
Қашаннан сол Қыдырбай жайлауларым.
Күзекке күз салқыны түскен шақта,
Қырыққұдық жинаушы еді елдің бәрін.

Жаратқан мені жалқы бір Құдайым,
Жалқыға жарлылықпен түскен уайым.
Немере меніменен Жеменейде,
Бар еді Мыңбай, Салбай екі байым.

...Салбайдың бәйбішесі қалған өліп,
Алып еді бір жас тоқал қалың беріп.
Кезінде жас шамасы он алтының,
Құдайым артық берген ажар –көрік.

Мен жүріп сол жеңгеме болдым ғашық,
Айтайын бар сырымды сіздерге ашып.
Көргенде олай –былай әңгіме айтсам,
Жеңешем жеңдірмейді сөзге машық...» (сонда, 348 бет).

Сөздің қысқасы бір кездесуде келіншек мұның сөзіне көнбей тұрғанда үстерінен Салбай шығып, ойы белгілі болып қалады да алыс-жұлыс кезінде қолындағы мылтығы атылып кетіп, немере ағасын өлтіріп алады. Содан Мыңбайдың «Құбақан» деген жүйрік атын ұрлап мініп елінен қашып, ханның орыс патшасымен соғысып жүрген жасағына келе жатқан беті екен. Тұлпарын Ханға сыйлайды. Ханнан тұлпарды інісі Наурызбай қалап алады.

Бұл оқиғаны әуелде Мұханбетжанның әкесі Сералы ұзақ жыр қылып ауызша жырлаған екен, соның сюжетімен баласы қысқа дастан жазған ғой. «Топжарғанның» алғашқы өз нұсқасын қарап көрер ме еді? М.Сералин қазақтың тұңғыш журналистикасының негізін қалаушы, «Айқап» журналының тұңғыш Бас редакторы.

Оқиғаның негізінде шындық жатқаны, оның кейіпкерінің адай жігіті болғаны да даусыз болса керек. Бірақ нақты кім екенін айта алмаймыз. Мыңбай, Салбай (мүмкін Селбай) аттас адамдар Адайдың қай руында да жетерлік. Ол үшін Кенесары ханның көтерілісі жылдарындағы адай ішіндегі оқиғаларды саралап көрген жөн. Ескерту: Тексте ру – «Жаманай аймағы» деп жазылған, біз Жеменей болар деп түсіндік. Сонымен бірге Қыдырбай жайлауы, Қырыққұдық деген жер-су атаулары да бар. Мүмкін осы атаулар бір нәрсе ұғындыратын шығар...

Ойланалықшы, сіздерден пікір күтемін, бауырлар.

Айтуар ӨТЕГЕНОВ

author

Айтуар Өтегенов

АҚЫН

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...