Атақты неміс хореографы Раймондо Ребектің қойылымындағы «Күлбике» замана...
Айзат Қадырәлиева. Өзексіз өнер, бейрухани руханият
Қазақ театрындағы өзекті де өткір мәселелерді батыл айтып жүрген театр сыншысы, Айзат ханымның - Мәдениет порталына берген кезекті, дәстүрлі сұхбатын ұсынып отырмыз.
Сұрақ: «Театр киім ілгіштен басталады» деген К. Станиславскийдің сөзі бейнелі түрде айтылғаны белгілі. Жалпы қазақ театр өнеріндегі басты құндылық яки алғышарты не де деп ойлайсыз?
Жауап: Эстетикамен астасып жатқан бұл қанатты сөз сахнасы бар барлық өнер ошақтарына қатысы бар. Менің ойымша, театр өнері киім ілгіштен емес, репертуардан басталады. Әдебиет пен өнер, соның ішінде театр өнері қоғамнан тыс қалмау керек. Томас Манның «Театр тобырды халыққа айналдырады» дегені бар. Бүгінгі күнде пенденің рухани кедейлігі, дүниетаным тайыздығы құлдырап жатса, оның себебін рухани әлем деңгейіндегі әдебиет пен өнерден іздеу керек.
Сұрақ: «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген халық тәмсілі бар. Осы орайда қазіргі қазақ театры сыны туралы ойыңызбен бөліссеңіз.
Жауап: Ауыр болса да әңгімені ащы шындықпен жалғасақ, театр сынының шекесі шылқып тұрған жоқ. Сыншылардан іргесін аулақ салатын таным-түсініктеріне қайранмын. Жайшылықта сыншылар керек қой дейді, ал іске келгенде селқостық танытады. Театр қызметкерлері мен сыншылардың арасында ынтымақтың жоқтығын әржолы дәлелдеп келеді. Қаллеки мен Жастар театрының басына жаңа басшылар келді. Қаллекиге келген Е.Жұматаев директорлығын Жастар театрынан бастады. Ол жақта пәлендей бір іс атқарды деуге қиын. Өйткені, сол театрдың көркемдік жетекшісі әрі ұстазы Н.Жақыпбайдың айтқанынан шыға алмады. Қазірде Нұрғанат ағамыз сырттан адам келтірткісі келмей, іштен өз актерінің бірін қойды. Ал Қаллекидің директорлығымен бірге жетекшісі де қоса ауысып, креслоға актер Қ.Қыстықбаев келіп отырды. Жарайды, жұрт үйренді, жиі ауысып жатқан бастықтардың біреуі тақта, біреуі атта шіреніп, төбесі көкке тіреліп жүргендердің. Кім келсе де үміт күтеріміз белгілі ғой. Мысалы, өткен жылдың соңғы айларында астаналық театрлар премьераларын ойнатып, маусымдарын ашып жатты. Қарап отырсам, бір сыншыны шақырмапты. Қаллеки театры көптен күткен жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Бұл үлкен бақыт. Сол қуанышқа орай үш күн қатарынан маусымашарын жасады. Енді сол үш күн бойы көрсетілген қойылымның бір күніне сыншыларды шақырмағандары ұятты-ау болды. Сыншыларының бірлестігі бар екенін біледі. Осынау зор қуанышқа сол бірлестіктегі тым болмаса бір адамына арнайы айтпағандары қалай десек те қисынсыз. Ал шақырусыз барсаң, отыз шабарманына, қырық көмекшісіне қоңырау шалып әрең кіресің. Шақыру тізімінің басында тұруға тиіс кәсіби мамандарды елемеу, ескермеу театрға көрсеткен құрмет деп есептемеймін.
Сұрақ: Бұндай көзқарастың немесе қарым-қатынастың қалыптасуына не себеп?
Жауап: Басы ашық себептер көп қой. Рухани өнерді шенмен бағалайтындар театрдың жағдайына аса бас ауырта бермейді. Ол сахнадағы шығармашылығыңды емес, соңында жаятын дастарханның жайын ойлап тұрады. Сыншы бар екен ғой, ол біздің қасымызда болсын деп ешкім ойға алмайды. Әркім өзінше жүр... Сахнадағы қозғалысты ақпарат күйінде емес, кең тұрғыда тұжырымдайтын, талдайтын, түсіндіретін және тарихта қалдыратын тек театр сыны екенін ұмытпаулары керек. Ұстазым Әшірбек Сығайдың тамаша сөзі бар: «Сынның елегінен, сүзгісінен өтпеген адам ешуақытта шығармашылық тұлға бола алмайды. Ылғи мадақпен жүрген адам - адам емес, ол бір робот, механизм» дегені. Ешқашан жаңылыспайтын адам сияқты ренжиді. Сынды бір жақты қабылдауға болмайды. Көп жағдайда сынға өсекшінің көзімен қарайды, тұрмыстық деңгейде қабылдайды. Поэтикалық көңіл-күймен, суреткерлік көзқараспен қараса бәрі басқаша болар еді.
Сұрақ: Кешегі Әшірбек Сығайдың лабароториясына ұқсас қазіргі таңда ізденіс пен жұмыстар бар ма? Режиссерлер мен актерлердің еңбектерін насихаттайтын сабақтастық туралы не айта аласыз?
Жауап: Әшірбек Сығайша жазу мүмкін де, міндетті де емес. Ал кешегі талантты Қ.Қуандықов, Б.Құндақбаев, Ә.Сығайдан мұралыққа қалған сыншылық дәстүрді жалғастырып, жазып жүрген сыншылар бар. Еңбектері жарыққа шығып жатыр. Ал өз басыма жауап берер болсам, сахна иелерін жазуда самарқаулық бар. Ол жағынан өзімді қамшылау керек боп тұр. Осы сәтте айта кететін бір мәселе, мен кейде естіп қалып жатамын «Әшекең облыстық, аймақтық театрларға жиі баратын, сосын жазатын» дегенді. Иә, Әшірбек Төребайұлының көзі тірісінде шыққан он сегіз кітабының жартысы портректке арналғаны рас. Оның да негізгі себебі бар. Әшірбек Сығай Алматы театр және көркемсурет институтының (сол кездегі атауы) ректоры, Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары, бірінші орынбасары болды және арасында театр бөлімін басқарды. Яғни ресми жұмыстарда жүру арқылы Қазақстанның барлық театрларына бару жолы ашылды. Режиссер, актерлерді, суретшілерді жақынырақ тануға, театртану ғылымымен етене араласуға мүмкіндік туды. Ал қазір облыс-аймақтарды аралап жүруге сыншылардың мүмкіндіктері жоқ, ал бір сыншыны алдыртып шығармашылық бағыт-бағдарын анықтатып алуға театрлардың мүмкіндіктері мол. Сондықтан, сыни шығарма және жекелеген портреттер игі ниетті халықты бір-бірімен етене жақындастыратын көркемдік дәнекер екенін театр басшылары білсе екен деймін.
Сұрақ: Режиссерлеріміз қандай да бір шығарманы сахналаған кезде түпнұсқадан ауытқып, өзіндік «қолтаңба» салуға тым әуестеніп кеткен сияқты. Алдыңғы толқын ағалар қалыптастырған режиссурадағы дәстүр ұмыт қалып бара жатқандай.
Жауап: Маған сол дәстүр жалғастығы үзіліп қалғандай көрінеді. Бәрін жаңашалаймын деп түпнұсқаның жұрнағында қалдырмайды. Бұл жерде режиссерлердің өзім білемге салынуын айтамын. Біз драматургтердің пьесаларын алдын ала оқып аламыз. Театрға барғанда сол оқығаныңды танымай қаласың. Мынау бала қай бала, кімнің баласы деген проблема алдыңнан шығады. Дұрыс, режиссерлік нұсқа деген болады. Бірақ, қолымда тұр екен деп қалай болса солай қайшылауға болмайды ғой. Көзсіз қысқартатыны бар екен, онда отырсын да өзі жазсын. Кім қой деп жатыр.
Сұрақ: Алдыңғы бір сұхбатыңызда «... Бірақ мен драматургиялық туындыны жоғары деңгейде сахналаудың тетігі – бәрібір де сол драматургияда деп айтар едім» депсіз. Осы ойыңызды тарқата кетсеңіз.
Жауап: Иә. Шикізат жақсы болмаса, жұмыстың жартысы бекер деп аяқтағаным бар. Мысалы, сіз денеңізге қонымды киім тіктіру үшін, әуелі матаның сапасына қарайсыз ғой. Сол секілді қойылымның материалы да мықты болуы керек. Драматургия – ең ауыр жанр, соған орай театрдағы жақсы қойылым кәсіби драматург пен дарынды режиссер бірлесіп жұмыс істегенде ғана дүниеге келеді. Өкінішке қарай, қазір мұндай байланыс барынша азайған. Оның есесіне драматургиядан хабары шамалы авторлардың сапасыз пьесаларын сахналау көбейіп барады.
Сұрақ: «Көш жүре түзеледі» демекші, қазақ драматургиясы алдында қандай мақсаттар тұр?
Жауап: Әр драматург адамның өмірі, әлемдегі түрлі оқиғалардың бүгінгі қоғамға әсері туралы өзінше толғайды. Театр сахнасындағы замандастар келбетiн айқындайтын қойылымдардың түгелге жуығы жоғары адамгершiлiк қасиеттерге баулуға бағышталды. Ұлттық тіл мен ұлттық мінез ерекшеліктерін, салт-дәстүрлерімізді сақтап қалуға зор мән береді. Кім не жазса да уақыт пен қоғам, ар мен ождан мәселелері төңірегінде ой қозғайтыны рас. Ендігі кезекте, жас драматургтерге айтарым, замандас бейнесін суреттеуде жаңа әдіс-тәсілдерін тапса, драматургияның техникасын жетілдіре түссе. Бүгінгі таңда театр спектаклінің ауқымы едәуір кеңейе түсті, оған кино элементтерімен бірге әртүрлі өнер түрлерін кіргізуге болады. Бұл өте қызықты. Театр көрерменін сенсорлық деңгейге дейін әсер ететіндей күйге әкелу керек. Оған талпыныс бар. Құдайға тәуба, жас драматург, режиссерлердің ой-өрісі өсіп келеді.
Сұрақ: Театр репертуарын қалыптастыруға Көркемдік кеңес, Сыншылар қауымы сияқты ұйымдардың әсері бар ма?
Жауап: Бар ма дейсіз бе?)) Әрине жоқ! Сырттан тәуелсіз екі-үш сарапшыны қосып қойған ақылды басшыны әлі кезіктірмедім. Театрлардың өздерінің ғана құрамында кеңес бар. Бұл не деген сөз, өз қазанында өзі қайнап жатыр деген. Неге театрдағы көркемдік кеңеске сырттан мүше қатыстырмайды, өйткені жаңа пьеса қабылдауда және қоюда әр театр өзінше жүргізеді. Ол еркіндігне сырттағы адам қол байлау болуы мүмкін. Сол себепті, көркемдік жетекші я болмаса директоры айтқанына көніп, айдағанына жүретін адамдарды таңдайды. Ал негізі кеңес мүшелерінің жартысы тәуелсіз сарапшылар болуы керек қой. Бұл проблема талай айтылды да, жазылды да, еститін басшы болса ендігі естір еді ғой. Сондықтан, тағы да қайталаймыз, театр репетуарларына үкімет ақша бөлетіндіктен, бұрыңғы Мәденитет министрлігіндегі репертуарлық-редакциялық алқасын қайтадан қалыпқа келтіру керек. Театрлардың басқару жүйесіндегі олқылықтардың орнын толтыру үшін, келген пьесалардың көркемдік сапасын анықтап, репертуар саясатын бір орталықтан реттеп отыруды қолға алатын уақыты баяғыда келді. Сосын көп театрлар ертең премьера дегенде «сдачасын» өткізеді. Күнін, уақытысын бәрін белгілеп, жарнамалап қойған қойылымға не айтасың? Сен айтқан кем-кетікті түзеу үшін де уақыт керек емес пе?. Менің бір түсінгенім, барлығы жәй формальды түрде екен.
Сұрақ: Ауызды қу шөппен сүрте бергеніміз дұрыс болмас, қазақ драматургиясы сусындайтын біздің де көркем әдебиетіміз бар ғой. Неге десеңіз, көрші ресейліктер өз классиктерін сахналау жөнінде өте шеберлік танытады. Сіз қалай ойлайсыз?
Жауап: Біз негізі қуана білмейміз. Әйтпесе, бар ғой бізде. Әдебиет – бай ауыл. Кезкелген жерін теуіп-теуіп жіберсең ат басындай алтын шыға жаздайды. Дүниежүзіндегі поэзияны алып қарасаңыз бізден асып кететін бірі де жоқ. Осы орайда орыс халқын тілге тиек етуге болады. Олар біз сияқты драматургия жоқ деп қарап отырмайды. Лермантов, Пушкин, Островский, Тургенов, Горький, Чехов, Гогольдердің пьесалары тұрмақ, романдарынан, повестерінен, әңгімелерінен тіпті жазған күнделіктері мен хаттарына дейін драма арқауы – әрекетке әкеліп жатады. Ұлы жазушыларының жазбаларынан бір жылт еткен сәулені көре қалса болды, дереу сахнаға лайықтап жататындарына ішің жылиды. Репертуарларына қарасаң аудармалардан гөрі өздерінің ұлттық дүниелері басым. Ал біздікілер «алма піс, аузыма түс» деп қарап отырады. Ізденіс жоқ. Ерінеді іздеп жатқанға, сондықтан оларға «жоқ қой» деп айта салған оңай. Барымызды бағалап, өзіміздің мықты екенімізді не айта алмай, не таныта алмай жүргеніміз – намыссыздықтан ғой.
Сұрақ: Фестиваль – жарыс екені мәлім. Бірақ сондай жарыстардың театрды алға жетелейтін мотивациялық қуаты қандай? Сол жарыстардан алған атақ пен шен тек даңғазалық үшін ғана керек сияқты. Театр фестивалдерінде де жұрт білмейтін бір құпия бар ма?
Жауап: Расын айту керек, қазылықта жиі жүретін бір-екі ағамыздың «арқасында» сыншылардың пікірлері аса ескеріле бермейді. Соңғы нүктесін солар қояды. Несіне жасырамыз, көп жағдайда көңіл жықпастықпен өтіп жатады ғой. Біздегі фестивальдердің көбісінің аты бар да заты жоқ. Фестивальге қатысатын спектакльдерден гөрі, оларға берілетін номинациялардың көптігі таңқалдырады. Лайықты болмаса да беру керек екен, себебі ол алдына ала бекітіліп қойған, бөлініп қойған екен. Бұл сұмдық қой. Содан ол фестивальден бәрі бірдеңе алып қайтады. Сосын олар «бәлен фестивальден мынандай номинация алдық, лауреат атандық» деп, жүрген жерінде жарнамалап әуре. Қаптаған номинациялардың қажеті қанша? Фестиваль – жарыс. Әр театр, әр режиссер өзіне тәуір көрінген дүниесін көптің талқылауына түсіреді. Бәйгеге түскен қойылымдарға қызу пікір талас жүргенде ғана олардың қою-сұйылығы анықтала түседі. Әрине, жүлделі орынға бәрі дәмелі, бірақ жарысқа түскендердің бәріне жамбас бұйыра бермейтіні рас. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген нақылдан аттап кетпес үшін «кімдікі күшті» соған орын беру керек деп ойлаймын. Өнер – жарыс деп жар салған соң, ол қашанда озғандікі болуы керек қой десек те, шетінен майшелпек таратуымызды қоймаймыз. Мұның барлығы театрларға қойылған талаптың төмендеп кетуінен, асыра мақтауға етіміз үйреніп кеткендіктен. Сондықтан ешқайсысы сын көтермейді. Сын көтермейді демекші, сыншылардың пікірін қабылдаудағы қайсыбіреулердің мәдениеті төмен. Оң пікір білдірген сарапшымен салғыласып сөз жарыстырады. Төрешінің дұрыс пайымымен келіспей өңешке салып жанжалға барады. Сыншы көтерген мәселенің әділеттілігіне зәру болмағандықтан біраз нәрсе ақсап тұр.
Сұрақ: Қазақ театрын әлемдік мәдени кеңістікте шығара алатын мамандар қажет пе?
Жауап: Қажет болғанда қандай.. «Қазақ театры - Ыстамбулда, Мәскеуде, Миланда» деп барлық аялдамаларда, метроларда афишалар ілініп тұратындай байланыс құратын мықты менеджерлер ауадай керек. Бұл жағынан жекелеген продюсерлердің орталығы жақсы жүріп жатыр. Мененджер, продюссер секілді түйсікке ие Талғат Есеналиев, Айболат Сексенбаевтарды айтуға болады. Мен қазір бірін айтып біріне кетуім мүмкін. Десек те, негізгі проблема – әлеуметтік-ұйымдастырушылық жоспардың орындалмауында. Билікпен байланыс, диалог жоқ. Билік театр өнеріне аса қызығушылық танытпайды. Нәтижесінде, театр өнері қоғамдық өмірдің алдынада емес артында жүр. Театрдың қоғамға әсері болмай тұр. Мысалы, әдебиет пен театр туралы сөз қозғағанда, ол апарып ұлттық интеллигенцияға тірейді. Ал ұлт зиялылары туралы ой таратқанда - өмірінде театр есігін ашпаған тарихшылар, философтар, ғалымдар, жазушылардың барына немесе баяғына бір барғанын (есінде жоқ не көргені) айтатындарына көз жеткізесің. Ал соларың Қайраттың, Төреғалидің концерті бола қалса отбасымен шарқ ұрып билет іздеп жүреді. Бұл нені білдіреді? Бұл қоғамдық деңгейде кетіп жатқан ақау және де сауатты мененджерлердің аздығы.
Сұрақ: Әлеуметтік желіні шулатып жатқан айтыс-тартыс - батыс өңіріндегі қазақ драма театрына абырой әкеліп жатыр дегім келмейді. Бұндай жағымсыз көрініс, жалпы өнер саласына жараса ма?
Жауап: Директордың көркемдік жетекшімен я болмаса ұжыммен жанжалы көрші елдерде де, шетелде де кезедесіп жатқан жағдай ғой. Бір-бірінің үстінен арыз жазу, шағым түсіру біздің қазақтар тіпті бейім бе деп қалдым. Дегенмен мұндай қақтығыстардың жиі қайталауы жақсы емес. Жиі айтысып, жаға жырытыса беретін болса, онда жұрттың еті өліп бір күні былқ етпейтін жағдайға жетеді. Сөйтіп, онсызда еңсесі көтерілмей жүрген қасиетті өнердің қадірін одан ары түсіреді. Әрине, тым созылып бара жатқан бұл келеңсіздіктер театрды дүр сілкіндіріп-ақ тұр. Басы қасында болмаған соң, біреуді ақтап, біреуді қаралаудан аулақпын.
Сұрақ: Театр басшылығы мен көркемдік жетекші рөлі туралы не айтасыз?
Жауап: Әр театрдың қожайындарына тікелей қоятын сұрақ екен. Жалпы,театр директоры, көркемдік жетекшісі қандай қасиетке ие болу керек деген сауал тұру керек. Жақсы болсын, жаман болсын ұжым қалады, ал бастықтар ауыса береді. Екі басшыға да қажетті қасиет – мың мінездің басын біріктіретін қабілеттілік. Өкінішке қарай, медальдің екі жағын ғана емес, үшінші жағын да іздейтін қырағылық, зеректік, сабырлылық, көрегенділік көп адамның бойында тоғыса бермейді. Біразында салмақтылық жоқ. Барлық жерге қатысып, «бір төбенің шаңын бір төбеге қосып» бәріне үлгергісі, көрінгісі келеді. Мөрі бар қызметке келген соң, сол төріне лайықты байсалды мінез көрсетсе екен дейсің. Биік мақсаттарға жету үшін, ең алдымен театр ішіндегі таза атмосфераны, микроклиматы қалыптастырса екен, өз мақасат-міндеттерін жете түсінсе екен, айналасындағы күрделі проблемаларды шын сезінсе екен дейсің ғой.
Негізі, заңнамада театрдың шешуші тұлғасы ретінде көркемдік жетекші бекітілу керек деп ойлаймын. Кеңес кезіндегі көркемдік жетекшілікте әрі бас режиссерлікте жұмыс істеген Г.Товстоногов, Ю.Любимов М.Захаров, С.Прохановтар тек актерлерді таңдап қана қоймай, сонымен қатар театрға кім директор болып келетінін де шешетін секілді. Директор - көркемдік жетекшінің көмекшісі болу керек, ал бізде керісінше. Дегенмен, "Жас келсе - іске" дегендей, қазақ театр әлеміне жаңа есімдер келіп жатқаны дұрыс. Бірақ осыны кей жағдайда бір-ақ адам шешіп жататыны дұрыс емес. Енді бейнелі түрде айтар болсам, театрдың әкесі – директор, ал анасы – көркемдік жетекші. Әкесі мен анасының отбасындағы орнын жақсы білесіз ғой. Театр директоры қателесуі мүмкін (ақша, материал), ол ішкі драманы шешуге болады. Ал көркемдік жетекші нашар болса, ол тек қазақ театрының соры емес, ол қазақ өнерінің соры. Неге? Өйткені ол тек қана қай спектакльдің жақсы-жаманын сараптайтын емес, театр өнеріндегі мәдени даму сатыларына жауап беруші басты тұлға.
Байқап жүрмін, анау-мынау деп қанша зар қақасасақ та, сол тақ-тұқ көңіл, сол тар қимыл, сол там-тұм мінез, өнерге көрсетіп жатқан сол өгей қылық қалар емес.
Сұрақ: Өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп жатырсыз. Тегі шәкірті ұстазынан озған жағдайда ғана - еңбек ақталды деуге болатын сияқты. Жыл сайын оқуға түсуге мыңдаған жастар келеді, солардың барлығы қолдарына диплом алып үлкен өмірге аттанады. Бұл бір - есеп-қисабы мен сапасын анықтауға мүмкін емес, алып конвейер тәрізді. Руханият әлемі осылай толықтырылып жатыр деп айтуға бола ма?
Жауап: Себепсіз салдар жоқ. Кешегі күнге дейін мен жастардың өзін кінәлайтынмын, оқымайды, ізденбейді, сыйламайды деп. Сөйтсем олай емес екен (жеке көзқарасым). Жастардың рухани өзек әлсіздігін аға ұрпақтың бейқамдығынан, немқұрайлығынан көремін. Қателіктерді көріп-біліп тұрсақ та «қойшы, қазақтың бір баласы ғой» деп көп нәрсеге көз жұма саламыз. Осы көз жұма салу немесе қолды бір сілтей салудың кесірінен мыңдаған жастардың, студенттердің рухани өзексіздігін түптің түбінде халықтың бейруханилығына апара ма деп қорқамын. Кеңес кезінде оқыған адамдардан жиі естимін «біз оқуға түсуге 100 боп келдік, 50-60 боп тапсырдық, 20-25 боп түстік, 11-13 боп бітірдік» деп. Сол кездің өзінде кәдімгідей сапаға мән беретін. Ал қазір біз, ақсағын да, тоқсағын да, бәрін тегіс бітірткізіп жатырмыз. Тазалау жоқ. Тазалаудың жоқтығынан «рухани мүгедектер» қаптап келеді. «А неге тазалау жоқ» деген сұрақ туындау мүмкін. Енді айтайын, соңғы кезде ақылы дегенің грантыңнан көбейіп кетті. Оқу орындарында «ақылы» деген сөз мүлде жүрмеу керек Әсіресе жан мен тәнді емдейтін өнер мен медицинада. Құдай берген таза талантымен түсу керек. Сосын кейін үлгеріміне қарай тазалап отыруға оңай болады. Ал ақша кірген жерді тазалау қашан да қиын. Оқу-білімге құштар жастардың қатары осының кесірінен сиреп барады. Жасырып қайтеміз, өнер ордасын да бизнеске айналдырып жіберді ғой.
Сұрақ: Шәкірттеріңізге сыншылық қабілет дарытуға тырысасыз ба? Алдағы шығармашылық мақсатыңыз қандай?
Жауап: Мәскеудегі ГИТИС-тің бұрыңғы ректоры С.А.Исаев айтқан екен, «Театртану – мамандық емес, бұл білімнің жиынтығы» деп. Бұл солай. «Театртану» факультетінде өте жақсы гуманитарлық білім береді. Жан-жақты алған біліммен өнердің барлық түрлерімен араласып кетуге болады. Менің айтпағым, театртануда оқитындардың барлығы бірден сыншы болып кете бермейді. Оған уақыт керек. Тәжірибе керек. Ал шығармашылығымда айтарлықтай жаңалық жоқ.
- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет! Жаңа Жыл құтты болып, жаңа шығармашылық табыстарға жете беруіңізге тілектеспін!
Заман Төлеуов