Түркі халықтарының әдебиеті бүгінде, әлемде беделді орынға ие. Тарихта әдебиет поэзиядан, әңгімелерд...
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ИIРIМ
АФото автордікі
Поэзия – уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыратын өміршең де жанды, тірі құбылыс. Қазақ поэзиясының да бағзы замандарда-ақ қалыптасып үлгерген, дәуірлер мен ғасырлар өтінде қарыштап дами түскен құдіретті де өміршең поэзия екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ілкі дәуірлерде тасқа қашалған бабалар сөзіндегі інжудей поэтикалық көркемдік, поэтикалық тіл қазақ поэзиясының қайнар бастауы деп санауымызға әбден болады.
Қазақ поэзиясын дәуірлеген қазақ әдебиетшілерінің барлығы да тастағы жазуларды қазақ поэзиясының басы деп білген. Халық ауыз әдебиетіндегі, оның ішіндегі батырлар жырындағы өлең үлгілері де қазақ поэзиясының көтерілген зау биігі. Қанша заман өтсе де заңғарынан түспейтін батырлар жырында заманауи әдебиеттің жаңа талаптарына, түрлі әдеби ағымдардың категорияларына жауап бере алатын көркемдік бар.
Ежелгі дәуір әдебиетіндегі қазақ поэзиясы сол дәуірдің бейнесін шебер суреттей білген көркем поэзия. Заман өтіп, ғасырлар ауысқан сайын әдебиеттің де өзгеріп отыратындығы, өлең мазмұны мен формасының жаңа сипатта көрініс беретіні заңды құбылыс. Қазақ поэзияның динамикалық даму кезеңінде айрықша орын алатын дәуір ол –жыраулар дәуірі. Жыраулар поэзиясының құдіретті тілі, айшықты, бейнелі көркем образдары қайталанбас құбылыс.
Қазақ поэзиясы тарихында новоторлық қасиетке ие жыраулар поэзиясы, атап айтсақ, Доспамбет, Шалкиіз поэзиясы қазақ өлең құрылысына жаңалық әкелген жаңашыл поэзия. Жыраулар поэзиясының поэтикалық тілі қазақ поэтикалық тілінің ең биік деңгейінің бірі. Жыраулар жырындағы ой еркіндігі, тіл еркіндігі тиісінше жыр формасын да құлаштап, кеңінен көсілетін еркін формаға айналдырды. Жыраулар поэзиясынан заманауи әдебиеттегі түрлі ағымдардың элементтерін де байқауға болады.
Әсіресе, Қазтуғанның сомдаған «автопортреті» қазақ поэзиясына формалық та, мазмұндық та, идеялық та жаңалық әкелген соны, кесек поэзия. Әлемде анологы жоқ қазақ жыраулар поэзиясын өз деңгейінде аударып, батысқа таныстыратын болсақ, әлем әдебиетіндегі қазақ поэзиясының орыны биіктей түсер еді. Зар заман поэзиясы да қазақ поэзиясына мазмұндық тұрғыдан тың жаңалық әкелді.
Зар заман поэзиясының сентименталисттік көрінісі қазақ поэзиясын жаңа сатыға көтерді. Қазақ поэзиясына сыншыл реализмді әкелген Абай жырлары қазақ өлеңіне үлкен революция жасады. Өлең құрылысына енгізген жаңа формалары, мазмұндық, образдық жаңалықтары Абайдың орынын қазақ поэзиясы тарихында асқақ биікке көтерді.
Абай заманында, Абайдан кейінгі заманда да қазақ поэзиясы үлкен өзгеріске ұшырап, Батыс әдебиетіндегі әдебиет үлгілері қазақ топырағына да жетіп, қазақ поэзиясында батыстық ағымдар көрініс бере бастады. Әсіресе, Мағжан әкелген символизм, Сәкен Сейфуллин қаламынан құлаштап туған сом дүниелер, ұлттық болмыстағы айшықты ойлар қазақ поэзиясын жаңа сипатта дамыта түсті.
Күндей көркің көңілге медеу бекем,
Сырсандығын сезімнің бебеулетем.
Сұңқар дейді Сәкенді самғайтұғын,
Сұңқар деген Сәкенге теңеу ме екен?!.
Ақбоз атты құлатқан жала-керме,
Магаданға мола іздеп бара берме!
Сәкен деген – халқымның рухы ғой,
Рухтарды көмбейді қара жерге.
Аққулардың арман бар ұясында,
Ор, Абаның зарлы ән бар қиясында.
Маңдайына сыймап ең алты алаштың –
Алты шумақ өлеңге сыясың ба?! - деп ақын Ғалым Жайлыбай Сәкен рухына өлеңмен күмбез қояды. Осы өлең жолдарындағы Сәкен ақынның өр болмысы, тар жол, тайғақ кешудегi алмағайып тағдыры «Сыр сандықтың» түбінде жатқан естелік парағы iспеттi.
Сәкен Сейфуллин – жаңа дәуірді ерекше жырлаған жаңашыл ақын. Қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен теңеулер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдеби дәстүрдің негізін салушы болды. Өкіметтің мақтаушы ұраншысына айналмай, қоғамдық өмірдің көлеңке жақтарын да күйзеле суреттеді. «Ауыл байғұс, мінеки», «Келіншек ойы», «Ақсақ киік», «Сыр сандық» т.б. тамаша жырлары мен «Аққудың айырылуы» атты символикалық көркем поэмасы – сол кезеңнің шынайы көркем туындылары.
«Көк торғын, Көкшетауды мұнар басқан.
Кербез тау көкке бойлап бұлттан асқан.
«Оқжетпес» етегінде бейне найза
Адамзат жасағандай құйған тастан.
Тау бүркіт көк қаршыға көкте қалқып,
Шарықтап шыңында ойнап шаңқылдасқан.
Қызықты Көкшетаудың ертегісі,
Сілекей ағызады сырлы дастан» (Оқжетпес, Бурабай, Жұмбақтас)
Ақын поэзиясында сөздер сөйлейді. Жарытылымына сай мінез танытады. Болмысына біткен бояуы, табиғатына тән үні де бар. Қас ақынның құдіреттілігі – сөздер сазынан симфония ойната алуында. Ұлы ақынның жасампаздығы – Сөздер бояуынан тылсым картиналар тудыруға қабілеттілігінде. Ал, сөздердің мінезін тани алу, түрлі мінездерді бір-бірімен үйлестіре білу, өлген сөзді тірілту шын шебердің ғана қолынан келеді.
Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын қазақтың нағыз атан жілік азаматына, ақынына айналды. Оның шығармашылық көзқарасы эстетикалық сипат алып, этикалық шеңбердің аясында болды. Қоғамның қасіреті мен қайғысын ақ қағазға төгіп, оқырманының жанын түсінді, көңіліне медеу болды. Шығармашылығының қай кезеңдерін алып қарасақ та, жазушылық шеберліктің айқын екені аңғарылады.
Сәкен Сейфуллин – тұлғалы қайраткер, өмiрдiң қалтарыстары мен бұлтарыстарын ақындық жүрекпен сезiнiп, азаматтық көзқараспен қабылдады. Ұлт әдебиетіндегi ұлттық иiрiммен, ұлттық поэзиямен тыныстады. Әдебиет кеңістігінде қаламын құлаштап сермеп, жазушылық кредосын қалыптастырды. Қалың оқырманның ықыласына бөленуі де тегіннен тегін емес. Себебі, оның потенциалы мен шеберлігі айқын көзге ұрып тұратын. Қазақ әдебиетінің алуан жанрында қалтықсыз қызмет еткені де жылдар салып мінбеге көтерлді. Жас буынның қадірлі аға-ұстазына айналды.
Ұлтымыздың өшпес алауы, сөнбес шырағындай болған Сәкен Сәдуақасұлы Сейфуллиннiң ғұмырнамалық дастаны – тарихтың таңбалы тастарында күмбірлеп тұрары сөзсіз.
Азамат Серікұлы,
Сәкен Сейфуллин музейінің ғылыми қызметкері