28-мамыр күні сағат 19-00-де Астана қаласындағы Оқушылар сарайында белгілі жазушы-драмат...
КҮН МЕН АЙ: ТӘҢІРЛІКТЕН ИСЛАМҒА
Әркімнің өмірден алатын ырзық-несібесі болады. Ақындық – Алла тағала мен табиғаттың бірен-саран адамдарға беретін артық өнері, ерекше қасиеті, таланты. Өнерлі адамның қоғамда алар орны қашанда бөлек. Қазақтың әдеттік құқығында өнерлі адамға залал келтірсе, азулы билер айыптыға «өнер құнын» үстеме төлеуге үкім шығарған. Адамның тапқан, алған, білген білімін өзгелерден жасырып қалуының, жұрттың игілігіне пайдаланбауының ауыртпалығы, жауапкершілігі болады. Ақынның өзі іздеп тапқан ілімінің жарығын жаға отырып, халыққа рухани ілім, рухани азық беруі, пешенесіне жазылған міндеті, - деп білеміз.
«Тақсыр, Күн!» жинағындағы өлеңдерді оқығанда Төле би бабамыздың:
«Қой асығы демеңдер, Қолыңа жақса сақа ғой. Жасы кіші демеңдер, Ақылы асса аға ғой», - деген сөздері Ержан Алаштуған сынды ерте есейген, 90-шы жылдары жас болса да, есті сөз айта білген азаматтың болмысын бергендей екен деген ойға келдім.
Қазақ халқының дүниетанымы көне Зороастризм, Анимизм, Тотемизм, Тенгри (Тәңірлік), Фетишизм, Шаманизм діндерінен бастау алып, Ислам дінімен тоғысып, астасып жатыр. Байырғы политеизмнен (көп дінге сенушілік) монотеизмге (бір дінге сенушілік) өтпелі дәуірінің сарқыншақтары бүгінгі танымымызда сақталып қалған. Бағзы заманда адамдардың тұрмысы мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді болғандықтан, тылсым күштерді құдіретті деп білді. Адамзат баласы ежелден Күннің қараңғылықтан, үрейден, зұлым рухтардан қорғайтын қасиетті күші бар таныды. Күн – Тәңір! Тәңір – Жаратушы! Күн – жер бетіндегі тіршілік иелеріне нәр беріп тұрған Жаратушы – Тәңір сыйлаған Көктегі дене. Бағзыдан бері адам баласының дүниетанымында үлкен мәнге ие құбылыс – Күн, өзіне «Тақсыр, Күн!» деп тағзым еткізеді.
«Табиғат – Ана! Тәңір – Көк! Тіршілік бердің, төрт құбылада жағылды от...» (Тіршілік)
Археолог ғалымдар жартастардағы атқа жегілген арба дөңгелегінің кегейін күн шапағымен байланыстырады. Бағзыдан Күн де, арба да дүниенің төрт бұрышын шарлайтын, ұдайы қозғалыстағы дене саналған. Қазақы танымда жер-дүниені «диірменнің шыр айналған тасына теңеуі», жер – жаһанның күнді айнала қозғалуын меңзегені.
Кесене қабырғасына Күн мен арба дөңгелегінің астасып салынуы. Шат қорымы. 18 ғасыр. Маңғыстау экспедициясы.
«Төрт құбылаң тең болсын» танымы әлемнің төрт ғалымына ашықтықты көрсетеді. Күн Көктен әлемнің төрт ғаламына шапақ отын шашады.
«Күн шапағы мен төрт құбыла» символының астасып берілуі. Күйеу там кесенесі қабырғасындағы сызба. ХІ ғасыр. Маңғыстау экспедициясы.
Көне дүниетаным бойынша от пен күн бір-бірімен тығыз байланысты, жарық, жылу беретін қасиеттері ортақ. Күн от тәрізді өртеніп тұрады. Бағзы заманда адамзат баласы от жарық беретін күн көзінің бір бөлігі деп танып, отқа табынған. От адамның жанын тазалайды, отты негізгі тіршілік көзі деп таныған қола дәуірлік тұрғындар ғұрпында өлген адамды өртеп, күлін құмыра салып қабірге қойып жерлеген. Байырғы тайпалар осылайша өлген адамның жанын көкке ұшырған, бұл ритуал күнге және отқа табыну ғұрпымен байланысты орындалған. Ежелгі тұрғындардың Отқа табынуы кейін ислам дінімен кірігіп, бүгінгі тұрмысымызда «шырақ жағу», «аластау», «отқа май салу» ғұрпынан көрініс тауып отыр.
Оттың қазақ халқының дүниетамындағы алатын орнының ерекшелігі Мағжан Жұмабаевтың «Сырдағы Алашқа» (Алаш зиялыларының Қызылорда қаласы астана болған жылдары Қызылордаға бет бұруы кезінде жазылған) атты өлеңінен анық көрінеді.
«Атаң отқа табынған, Өзің бірге бағынған. Тәңірің оттан боп үміт, Атаң отқа табынған. Атаң отқа май салған, Жан ба еді жыннан тайсалған?» – деген өлең жолдары қазақтың оттың қасиетін тануы атадан балаға беріліп келе жатқан дәстүр жалғастығы екендігінің дәлелі. «...Салық салған Сырдағы ел, Көрге мүлгіп болма қол, Атаң сүйген отты сүй! Шаппағанға шаң жұқпас, Шаппағанға қан жұқпас, Күйдірме десең өзің сүй. Отқа табын, Тәңір От, Оттан басқа Тәңірі жоқ. Сөзім – Сырдағы Алашқа: Жаның жасып кірлеген, Отпен аспанға өрлеген, Жаныңды, Алаш аласта...», – деген өлең жолдарынан қазақтың жаны қысылған кезде, күйзеліске түскен кезде де отпен аластау арқылы Тәңірден бір жеңілдік күтетіндігін көреміз. Мағжан Жұмабаевтың бұл өлеңі Алаш азаматтарын қыспаққа алған «қызыл кеңестің» қысымынан шығуға «отпен аластау» арқылы жол табуға талпынғандай. Алаш арыстарына «жаныңды отпен аласта», - деп кеңес беруі қазақ халқының көне нанымдық ғұрыпына сүйенгендігі (Жұмабаев М. Таңдамалы. – Алматы: Ғылым, 1992. - 98-99 бб). Мағжан Жұмабаевтың «от танымының» жалғасын Ержан Алаштуғанның «Шырақ» өлеңінен тапқандаймын.
«...Ұлыңның Рухы тірі әлі, Мұңданба, тартсаң ғұндарға! Аманат Алаш-Анама – Ақ сүтін маған кешпесін, Парызым болмай өтелген! Шыбын жан саған – садаға, Шырағың, Елім, өшпесін... Шырақшың болып кетем мен Шырайы кеткен Далама!, - деп, Ердің сөзін берген Ер, өз уәдесінде тұрады. «Тақсыр. Күн!» қайта басылып, «Қырдағы шырағданға» өлеңмен қайта шырақ жағылады. Шырақ жағудың архисемасына (түпкі мәні) кезінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов үлкен мән берген еді (Әуезов М. Шығармалар. 16 том. Алматы: Жазушы, 1985, - 39-40 бб).
Шырағданда шырақ жағу қазақ жерінің қазақ жерінің батысында «әулиелік культімен» астасып жатыр. Әулие басына барған адамның қойдың майымен шырақ жағып, тәу ету рәсімін орындауы - жергілікті жерде күнделікті тіршілікпен біте қайнасқан ғұрпы.
Күн мен Айдың қозғалысы ықылым заманнан бері аңыздарға арқау болған. Қазақтың космогониялық аңыздары жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, ізгілік пен зұлымдықты қатар алып жүреді. Аңыздың бірі Күннің күндізге, Айдың түнге куә болып жүруін Күн – Ер, Ай – Ару болып, бір-біріне қосыла алмаған қос ғашық екенін айтады. Екі ғашық бір-бірін қанша қуалып, жүрсе де кездесе алмайды. Бірақ үмітін үзбейді. Батқан Айдың артынан Күн күлімдеп шуақ шашады.
«Көкжиек біткен киелі Күн Төлін көрген! Көк Аспан едің, Айың – Ер,Үркерің – Мерген, Кіл Білге болып,бір туған Күлтегіндермен». (Көктүрік)
Ғашығына қосыла алмаған күйініш, әсіресе Ай аруға қатты батады. Көңілі күңіренсе Көкті бұлт басып, көз жасын жаңбыр ғып төгіп алады. Үмітпен толып, қайғымен солып, үмітпен қайта туады. Ай шыққан жерге Күн күйеу келгенімен, Айдың көші алыстап кеткенін көреді.
«Таң. Тұман. Бу тарап,
Шық тұнды құраққа.
Күн көзін уқалап,
Қол созды бұлаққа...»
«Паң қораз ұрыншақ,
Дауыстап еріне...» (Пейзаж)Ия, бізге келіп жеткен тағы бір аңызда Күн, Ай және қораз үшеуі ағайынды деседі. Үлкені Күн адамдарға жарық сәуле шашуға кеткенде, Ай мен қораз үйде қалыпты. Ай мінезді болыпты, кенже қоразға тыным бермей, ақырында тәжінен ұстап алып, Жерге тастап жіберіпті. Күн қайта оралғанда, оқиғаның мән жайын біліп, Айға ренжіп, «енді сенің бетіңді көрмеймін, мен енді аспанда күндіз ғана жүремін, сен түнде жүресің», - деп шешім қабылдапты. Содан бері Қораз, қызарып атқан таңнан үлкен Күн ағасын көріп, «қо-қо қолап» шақырып, амандасады екен де, Ай ағасы көрінгенде, тезірек қорасына тығылуға асығады екен.
Қанша жыл өткенін есептеуге сан жетпейтін заманда Күн, Ай, Үркер туған әпкелі, сіңілілі, Күн үлкені, Ай ортаншы, Үркер кенжесі екен. Күн мен Үркер сұлу Айдың бетін тырнап алғалы, Айдың беті дақ болып қалған. Бетіндегі дағы толықсығанда көрінеді, сол дағымен Сұлу Ай түнде саған серік. «Түнгі хат»-ты жаздырған Ай – Ханша, Ай – Сұлу, Сағым – Ай, қалам ұстауға сәуле берген Ай – Жарық. Түнде жарық беретін Толған Айды бағзы тұрғындар жартасқа қашағанда, адамзатты Көкпен байланыстырушы «тау аңдарымен» бірге көрсеткен.
Аңыздың қай желісінде де Күннің ағайындылар ішінде үлкені болып сипатталуы, жер бетіндегі тіршілік көзінің Күннен нәр алуымен байланысты.
Көк-Тәңір денелері Күн, Ай, Жұлдыз Исламдық танымда да басты символға айналды. Күн шапағы, Ай сәулесі адамның о дүниелік өмірде қабірін нұрландырады, жарық қылады. Тас мүсіндердің күн басты болып келуі арғы дүниемен байланысты сенімді айғақтайды.
Қазақтың өсімдікті пайдаланудағы дәстүрлі танымы күнделікті өмір тәжірибесінен туындаған. Тобылғы бұтағы жіңішке болса, діні қатты, қасиеті соншалықты жоғары. Қамшы саптауға бұтағы жіңішке болғандықтан, үш кесіндісін қайыс таспамен орап, біріктірген.
Дінің де берік тақта ма ең? Осының бәрін білгенде бұрын Қамшымды сенен саптар ем! (Тобылғы)
Тобылғыдан «неміс қызының» қызыл шырайын, торы өңін, қоңыр меңін, үскірік сазды үнін «көзі қарақтылар» ғана көре алар. Қырда өскен, «қыз тобылғының» шәрбәт шырыны шөлді қандыратынын, тарбиып, аласалап өссе де, бойыңды қылығы шарлайтынын, көгілдір көзі болатынын енді біз де білдік...
Қазақтың «өмір ағашы» танымы «қайың» ағашынан көрінеді. Дәстүрлі емшілікте қайыңның шырынын қайыңның бүрленген шығында алған. Қайыңнан шырын сауу үшін, қайың діңінің адам бойындай болатын жерінен қабыршақ сызаттары арасын өткір пышақтың ұшымен немесе тескішпен тесіп, жілік немесе шүмек арқылы шығарып, құтыға құйып алған. Қазақта «қайың сауған, ел ауған» деген сөз бар. Қиын қыстау заманда, қайың шырынын талғажу еткен. Халық емшілігінде ағзасы титықтаған адамға ішкізіп көңілін тоқ еткен. Дәстүрлі мал дәрігерлік білімде, көтерем болған малға көктемде қайың шырынын аузына құйғандығын қариялардан естідік. Қазақы ырымда «қайғы әкеледі» деп, қайыңды аулаға екпейді, қайың далада не көшеде өсуі тиіс. Ақындық танымда қайыңның шырынын аңсатпай-ақ, сені жұбата алатынын, саған дос, құрбы бола алатынын сезіндік.
Ойымды қорытындылауға «Аян» мен «Иман» өлеңі жетелейді. «Осынша көркем сөздің бір ақынның кеудесіне қалай сиып жүруі – даналық», деген ойыма «Аспан мен Жердің арасын мекен еттім», - деген жолдардан жауап таптым. Ақындық іздемпаздықпен бірге жүретін ілім. «Төтелеп Күнге көк күмбез тіккен» іздемпаз ақынға әрбір күн өз өлеңін әкеледі. Көк күмбездің кірпіштерін қаламының ұшымен қалап, биікке көтергенін көрдік. «Ғажайыптарды көрсеткен Тәңірі, Аян беретіні рас па еді?», - деп сұрайды. Аян келетіні «рас» дер ек!.
Құран Кәрімнің 26-шы сүресі «аш-Шу'ара» сүресінің мағынасы – «Ақындар». Мұхаммед Пайғамбарға осы сүреден түскен аятта «...шайтан өсек-аян айтушыларды, күнәкарларды, тың тыңдаушылар, өтірікшілерді басады... (Құран, Шуара: 221-223), ...иманға келген, ізгілік жасағандар, зұлымдық көрген, дұрыс жолға түскен ақындар бұған жатпайды...», - делінген (Құран, Шуара: 227).
«...Бір Құдірет төніп, Сүйінемін, иманымды үйіремін...».
Құдырет төндіретін, сүйіндіретін, иманды үйіртетін де бір Алла!
Тәттігүл Ерсайынқызы, этнограф-ғалым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ