-Оуянг Ю мырза, ана тіліңіз қытайшадан бөлек ағылшынша да әдеби шығармалар жазатыныңызды білеміз. Әл...
Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)
Басын мына жерден оқи аласыз
7 тарау
Бұлар ұрланып жолға шыққанда, жалғыз бөлмелі шопан үйіндегі үш-төрт жан – ұйқы құшағында алаңсыз жатқан-ды. Түнімен ит-құспен айтысқан бөрбасарлар да мауқиып, шалы қораның ығын пана ете тыншыпты.
Екі бала елең-алаңды бүркеніп, ұзап барады. Бойлары ала-құла болғанымен, жастары тете екі ұл – мектептегі сабақтан қалғалы жарты айдан асты. Қаратаудың қойнауындағы «Қарамеңді» қонысында қоңсы отырған қос шопанның дара талды ұлдары еді.
Көктем шыға, жол – жүруге жарамай, түсіп кететұғын әдет бар-тын. Аттылы, жаяу болмаса өзгедей көлік қатынасы ақ татыр сорғып, жол танабын жел қағып, сорғығанша доғарылады. Әлгіндегі өздері шыққан тау бөктеріндегі Алтуайт қонысы бірте-бірте көзден тасаланып, біраздан соң қараутқан тау сілемінің бояуына сіңісіп кетті.
Екі ұлды әкелері арттарына мінгестіріп, Алтуайттағы «быт-быт» деп жылдам сөйлейтін шопанның үйіне өткен аптада әкеліп тастаған-ды. Ары-бері ағылған көліктің бірі осы таудың аузындағы отарға соғып, ала кетер деген үмітпен. «Быт-быттың» да осы екі ұл қатаралас бір қызы бар еді. Ол да мектептен кешігіп, қамауға түскен құстай амалсыздың күнін кешуде екен. Үшеуі бастапқыда екі-үш күн алаңсыз ойнап, өз беттерімен жүргендей болды. Бірақ, уақыт өткен сайын әсіресе Сәрсенбектен дегбір кете бастады. Ол жұқалтаң пішінді, қағылез бала. Үлкендердің іс-қыймыл, әңгімелерін қалт жібермей бақылап, оны қасындағы Ғалам досына жеткізіп отырады. Отағасы мазаққа ілігіп «быт-быт» аталғанына қарамастан екі әйелді. Бәйбішесі – салдырлаған, қолы ашық адам. Кейде жөнсіз тарылып қалатын кесір мінезі де бар. Ал, тоқалы екі беті жез табақтай сап-сары, етженді келген, әмісе терлеп жүретін, ешкімде шаруасы жоқ, жуас әйел. Ол, көмекші қойшы ретінде тіркелген. Шалынан бір мүшел жастау. Көбіне қой күзетеді.
Жалпы сол кездегі шопандардың үйі бір бөлмеден артылып көрген жоқ. Тегі, қазақ үй де сол бір бөлме емес пе. Ас үйі де қонақ бөлмесі де жатын жері де сол – бір қуыс. Кешкі тамақтан соң әрі-бері қажап, әңгіме айтылған болады да пөзірлі шамды майын үнемдеу үшін сығырайта басып, ұзыннан ұзақ салынған төсекке ауады. Бір қанатында екі ұл, одан кейін шопанның қызы, бәйбіше, отағасы, сосын тоқал жайғасады. Тоқал көбіне киімшең жатады. Себебі қызметі күзет болған соң, ит үрген сайын жиі сыртқа шығады. Оның өзінде де иттің үрісін адамның әңгімесіндей әбден танып алған. Иттер кейде шынымен қауіп-қатерді аңғарып үрсе, кейде өз беттерінше оттап үреді екен.
Үш бала бір үлкен көрпенің астына сияды. Олар талайға дейін бір-бірін түрткілеп, тырқ-тырқ күлісіп, үлкендерге маза бермейді. Сол кезде апа: – Әй жүгірмектер, не болды? Ты-ыш жатыңдар! Әйтпесе, қой күзетесіңдер! – деп қорқытады. Сәрсенбек өзінен кейін жатқан балпанақтай толық қыздың әр-әр жеріне қолын сумаңдатып, қытығын келтіреді. Сосын Ғаламның қолын алып, қарсыласқанына қарамай қыздың бір жеріне апарып тигізеді. Қыздың денесінен өзгеше бір күшті қуат – тоқ соққандай солқ еткізеді. Біраздан соң әлгі сезімді таңсық көріп, Ғалам қолын өзі созады. Қыз кімнің қолы екенін іштей сезетін сияқты. Қымсынып, кері қақпай, бұның қолын өз алақанымен жауып, ара-тұра сипап қояды. Сәрсенбек қыз бен екі ортада пыс-пыс демалып, өзінің үстінен асылған Ғаламның қолын біраздан соң қағып тастайды. Сөйтіп шұқыласып жатып, ұйқыға батқандарын білмей қалады.
- Сен байқадың ба?
- Нені?
- Неше бауырсақ жегеніңді апа санап отыратын сияқты.
- Біліп қойған шығар, ұрлап жүргенімізді? Бірақ, ол апа менің кіндікшешем ғой. Ұрыспайды. Мен байқамадым.
- Сенің аузыңды аңдымаса да менікінен көзін алмайды. Ей, түндегі қызықты айтайын ба? – деп Сәрсенбек аузын тамсана сылп еткізді. Ғалам оған ынтыға қарады. Анау әңгімесін арыдан бастағысы келген адамша ырғалып барып:
- Тоқал тәте, түн ортасынан ауа бергенде қора жаққа шығып, мылтық атып келді де бәйбішенің ар жағында жатқан атаның қойнына сүңгіп кетті. Бір кезде ата: «Өй, жаным-ай, күнім-ай!..» деп мекіреніп, ыс-пыс басталды. Сені түртіп едім, оянбай қойдың. Қызықты жалғыз өзім көріп, ғанибет болдым!
Ғалам ештеңені түсінбеген кейіпте досына қарады.
- Сол да қызық болып па?
- Сенің басың қақпайды ғой деймін осы! – деп Сәрсенбек бұлқан-талқан болды. Бірақ, артынша Ғаламды да таңсық сезім билеп, сол ғанибетке куә болғысы келіп, келесі түні талайға дейін көз ілмей, уақиғаны тосқан-ды. Бірақ, өкінішке қарай, оянса – таңертең екенін аңғарып, қасындағы досына сыр білдірмеді.
Бұл екеуі, әке-шешесіне демалысқа келген кезде әлі қар жатқан-ды. Күн аяқ-асты жылып сала берді де отырып қалған қасаң қар күрт егіліп, бірер түннен қалмай жерге сіңіп кетті. Қара күздің суығын билетпей, ерте түскен қалың қар жердің төсін тоңға айналдырмапты. Өйтпесе, сай-саланы қуалап сарқыраған қар суы ойдымның бәрінен көл-көлшік жасар ма еді. Уақытында алып кетпек болған көліктің келе алмауына себеп – жолдың осылай ерте түсіп кеткені болды.
* * *
Тісі бар, дікілдек доңғалақтан итерме арба жасап, қыстық киімдері, екі-үш құмыра су, неше күн бойы үнемдеп жинаған бауырсақ пен нан тілімдерін артып, екі ұл кезектесе итеріп келе жатты... Қаратаудың етегі тастақ, жері қатқылдау. Бірақ, бір-жар шақырымнан соң дікілдек арба ақ сор боп кілегейленген татырға малтығып, итеруге келмеді. Тыңға да салып көрді. Қыстан қалған жусан, шыларжын, изен, көде сынды ұсақ шөптер мен аракідік топтаса кездесіп қалатын көкпек пен тобылғы адым аштырмады. Әр-әр тұстан ақсүңгі қабырғалары ырсиып, сексеуіл де жолығады. Кей жерден жаңа көктің жаршысы болып: инедей ұсақ көк пен сасыр да жалбыр ұшты тілдерін шығара бастапты...
Ақыры шылқ терге малынған қос жүргінші арбаны жол бойынан әудем жерге апарып тастап, киім-кешектерін түйіншектеп арқаларына салды. Жолдың сағасын жағалай, іркес-тіркес ере, сапарларын жалғастырды.
- Қанша шақырым жүрдік екен, ә? – деп тыныс алып, ауыз шаюға бір кідіргенде, Сәрсенбек соңына қарады. Жүрген сайын биіктей түскен Қаратаудың кескіні – соңдарынан қуған қуғыншыдай қарауытып, сұсты көрінді.
- Шіркін сағатым сынып қалмағанда айтар едім... – деп армандай сөйлеп, түйіншегіне отыра кеткен Ғалам көздерін қалқалай күнге қарады. – Кемінде екі-үш сағат жүрген секілдіміз.
- Күн құрық бойы ма, әлде арқан бойы көтеріліп пе? Бұл қанша уақытты көрсетеді?
- Е-е, әкем болса айтар еді... Маған арқаны да құрығы да бәрі бірдей секілді.
- Әбден техникаға сеніп кеткенбіз. Сағат болмаса өлетін түріміз бар...
- Түнге қалсақ қайтеміз? Не бір жұлдызды танымаймыз.
- Жетіқарақшыны білем! – деп Сәрсенбек жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті. – Жетіқарақшы шөміш тәрізді емес пе? Соның ауыз тұсындағы соңғы жұлдызға бес аралықта Темірқазық тұр. Ол...
- Ол солтүстікті көрсетеді! – деп Ғалам да қуанышы кеудесіне сымай айғай салды. Екеуі атып түрегеліп, түйіншектерін иығына тастап, бір-бірінен оза жарыса жөнелді. Арттарында қарауытқан Қаратау, алды және оң мен солы мый жазық дала. Қыбыр еткен жан баласы жоқ. Бұл екеуінің көздегені Шыңғай қыстауы. Ол соноу көз ұшында сағым болып ойнаған көкжиектің ернеуінде болуы тиіс. Қанша шақырым болатынын да бұлар анық білмейді. Тек, машинамен бір-жар сағат арасында өте шығатын әудем жер ғана секілденген. Өз жоспарлары бойынша кешке қарай сонда жетулері тиіс-тін.
Келесі бір тізе бүккенде бұлар түскі астарын ішпек болды. Қалың киімдерін астарына төсеп, газеттің жартысынан дастарқан жасап, қойын-қоныштарына тығып жинаған азықтарын ортаға салды. Екеуі осы тірліктеріне мәз болысып, тырқ-тырқ күледі.
- Мен кәмпит пен қантты аузыма салған болып, көбіне қалтама сүңгіте бергем, қарашы арасында құрт пен ірімшік те жүр! – деп Сәрсенбек құмалақ тартқан бақсыдай дәмдерді ары- бері қуалап, реттей бастады.
- Шығып бара жатқанда қазанжаппайдан бір опырып алдым!
- Жәрәдің! Атаңа тартқан батыр екенсің!
- Менің арғы атам мерген және барымташы болған! Қиын-қыстау кезеңде бір ауыл елді өзі асырап шыққан деп әкем айтып отыратын.
- Менің аталарым да кілең батыр бопты. Қайсыбірін айтайын, – деп Сәрсенбек ішіне ел қонғанын аңғартып, жантая берді. – Көзім ілініп кетсе мазалама, әл жинап алайын... айтпақшы, тамақ пен суды түгесіп тастама. Құдай білсін, алдымызда не күтіп тұрғанын...
- Өзім де білем, мені бір мешкей деп тұрсың ба?
- Шамданба. Сені айдап отырмасаң, өз бетіңше қолыңнан не келеді? Осы ақылдың бәрін үйреткен мен ғой, – деп Сәрсенбек өз әкесінің мақамына салып, әдейі досының жынына тиді. Ғалам оған жауап қатпады. Өкпелегені айдан анық. Дастарқанды жинамастан өз киіміне жата кетті. Тас төбеге көтерілген күн: қызуын молынан шашып, көлеңкесіз даланы еркінше маужыратады. Екі ұлдың көздері ілініп кетті...
Ғалам басын оқыс жұлып алды. «Ғалам!» деп саңқ ете қалған анасының дауысын ол анық естіді. Үйде жатқан болармын деп ол, ұйқылы-ояу жан-жағына қарады. Ай далада көкпек пен тобылғыны қалқа етіп жатқан жатыстарын көргенде жүрегі зу етіп, осы жерге қайта топ ете түсті.
Ол жалма-жан Сәрсенбекті жұлқылап оята бастады. Анау ұйқысын қия алмай, оянудан қашқақтап, бұнымен ұрсысып, теріс қарай берді. Таң бозынан тұрғандықтан екеуі де шала ұйқы еді. Күн манағыдай тас төбеде емес, қиялай бастапты.
- Ойбай, кетейік! Көктемнің кеші тез батады. – деп Ғалам жан ұшыра жиналды. Сәрсенбек екі көзін ұқалап, әкесінің төрінен біреу зорлап тұрғызғандай ренжулі. Біраздан соң, ол да шошыған кейіп білдірді.
- Сұмдық-ай, құдай түртіп оятқан ғой! Өйтпесе, түн ортасында бір-ақ оянар едік, – деп қыймылын тездетті.
Суыт жүріспен біраз жерді өндіріп тастағандай көрінді. Бірақ, өлшемі белгісіз кеңістіктің азаятын түрі көрінбейді. Мынау көлкілдей жайылған далада шет те, шек те жоқ тәрізді. Бұнан гөрі төбедегі көк аспанның қайда тіреліп тұрғаны көрнеу секілденеді. Азықты жемеуге келісіп, қалған бір құмыра суды бір-бір жұтыммен үнемдеп, тобарси бастаған тілді жібітуге ғана арнады.
Бұларды діңкелеткен: арқалаған қыстық киімдер мен жүрген сайын салмағы артып, аяқтарын ойламаған жаққа алып қаша бастаған тарпылдақ ауыр етіктері еді. Бұны да шешіп алып алмақ болып ойланған-ды. Қара жердің ызғарлы сызы мен сояу-тікенді өсімдіктер жалаң табандарына опа бермесіне көздері жетіп, ойларынан айныған. Бір тыныс кезінде Сәрсенбек:
- Енді осыдан осылай жүктерімізді біріктіріп кезектесіп арқалайық.Өйтпесе, екеуміз де қатар болдыратын түріміз бар, – деп ақыл тастады. Ғалам әлденеге кезекті өзінен басталатынына күмәнсіз түрде басын изеп, келісім танытты. Келесі тынығу уақыты таяғанда Сәрсенбек:
- Тағы кішкене жүріп тастайық. Сосын мен арқалаймын. Сен маған қарағанда қарулысың ғой, – деді алды да қутыңдап келе жатып. Ғаламға досының сөзі қуат беріп, тағы біраз жүрді. Сәрсенбек расында жұқалтаң, аласа бойлы, сүйектері жіңішке, кейде кластағы қыздардан да таяқ жеп қалатын әлжуаздау еді. Сонысына қарамай мінезі шақар, әлі жетпей бара жатса тырнап, тістеп, әйтеуір қарсылық танытып өлетін – өлермендігі бар-тын. Оған қарағанда Ғалам – кезінде бұқаның мойнын бұрап құлататын әкесі сынды шынымен шымыр, тау мен тасқа тау ешкіше секіретін ұшқыр боп өсті. Ал, мақтау сүйгіштігі нағашы жұртынан жұққан болар. Нағашы атасы атақты палуан болған деседі. Ғаламның өзі де кішкене кезінде ол кісінің бір-жар күресін көрген-ді. Екі иығына екі кісі мінгендей қапсағай денелі, аққұба өңді адам еді. Күреске шыққанда иелері арқасын қоздырып, тұла-бойын қалшылдатып, тісін шақырлатып, аузынан ақ көбік атқызатын-ды. Жамбасы жер иіскемей кетіпті, жарықтықтың. Соның жұрнағы Ғаламға – бұл жүк бұйым болсын ба? Тау көтерген Толағайдан несі кем...
Буалдыр тұман төңіректі сұйқылтым көкке бояп, көз алдылары әрекідік түтінденіп сала беретін болды. Өзекті өртеген шөлде бір түкірік сілекеймен жібір емес. Әппақ қақтары қаңсыған дала секілді аңқа кеуіп, ашсаң ғана салқын ауа желпіп, әл береді. Екі бала кезектесуден парқадар таппай, заттарын қайта бөліскен-ді. Астарына көпшік қып салып, екеуі қарама-қарсы отыр.
- Достым, сен маған ренжіме. Менен гөрі мықты екенің рас. Егер сен болмасаң, баяғыда ай далада сұлап жатар едім. Бұл киімді тастауға болмайды. Тірі болсақ келесі қысқа да керек. Рас па?
- Әрине...
- Біз осы, тыңмен жүреміз деп жолдың сорабынан ауытқып кеткен сияқтымыз? Жол қайда қалды?
- Сен ғой, шошаңдап біресе ар жағы, біресе бер жағына он шыққан! Саған еріп мен де жүре беріппін... құдай білсін қайда қалғанын...
- Осы, құдай барына сенесің бе?
- Білмеймін, ойланбаппын.
- Менің әкем кейде жікжаппар боп сене қалады да кейде, мал бас бермей кеткенде: «қу құдай, шұнақ құдай!» деп боқтанып қалады.
- Әкелеріміз бірдей екен ғой. Менікі де керек кезінде болмаса, өзге уақытта аса жаратпайтын сияқты. Тек, жатарда ғана «Біссәміллә лахи, рахмани рақым, е Аллам өзің жар боп, тыныштығыңды бере гөр, Аллам...» деп жалбарынып жатқаны.
- Сенікі жақсы екен! Менің әкем кәзитті әдейі теріс ұстап, өтірік оқуға шебер!
- Неге өтірік оқиды?
- Хат танымайды ғой!
- Менің әкем шын оқиды. Тек, оқыған кезде әріптерді бір-бірлеп шәйнәғандай, еріндері қоса жыбырлап отырады.
- Қой тұралық. Малтамызды езіп отырғанда күн батып кетер, – деп Сәрсенбек керіле түрегелді. Ғалам да тұрды. Айтар әңгімелері түгесілгендей екеуі ұнжырғалары түсіп, сылбыр баса сапарларын жалғады. Екеуі де іштерінен осындай хәлге душар болғандарына өкініп келе жатты. Біреуден көретіндей – сырттан азғырған ешкім де жоқ. Екеуі қатар ойласып, қатар келісті. Бәрінен де үлкен абырой, ана қызды ала шықпағандары. Ол да көйлек-көншегін жинап бұлармен бірге аттанбақшы болған-ды. Ұйқысы қатты қыз түгілі, таң алдындағы тәтті ұйқы үлкендердің де сақтығын сан соқтырған еді.
- Домалақ қызды ертпегеніміз қандай жақсы болды, – деді Сәрсенбек, осы сөзі қазіргі жағдайларына бір жеңілдік әкелетіндей үмітпен.
- Мен де соны ойлап келем...
- Түнге қалсақ қасқырға жем боламыз-ау!?
- Атын айтпа! Ит-құс деу керек. Әйтпесе, шақырып жатыр екен деп қазір жетіп келеді.
- Ойбай, анаң қара! Шоқиып бізді тосып отыр!
- Қайсы? Қайда?
- Алдыңа қарасаңшы. Құлағы ербиіп, бізге қарап отыр!
- Топ-топ тобылғыдан өзге дым көріп тұрғам жоқ.
- Туу, расында ұйысқан тобылғы екен ғой!
Бұлар жүрген сайын дала кеңіп, күн көкжиекке қарай сырғып, айнала алакөлеңкелене бастады. Біраздан соң, ымырт үйіріледі. Сол кезде, осы көз алдыңда айқын, бет-бедерімен таныс сурет болып жатқан табиғат жарығынан айырылып, қайда қармансаң да түпсіз қараңғылық – жалмауыз кемпірше өзіне шақырып, тақ-тақ еткен табан астыңды ғана сезетін боласың. Тіпті жылт еткен оттан да шошисың. Себебі қараңғы түнде түз тағысының ғана көзі от болып жанады. Немесе бұлардың жолын тосып, бұта-бұтаның арасында шайтандар да от жағып отыруы мүмкін...
Осындай ой екеуінің басына да қатар келген іспетті. Солғын тарта бастаған күн жарығы бұлардың бір-біріне шоши қараған келбеттерін онан сайын сұрландырып, алдарында тек, жан түршігерлік келешек қана күтіп тұрған секілденді. Сәрсенбектің дауысы қырылдай шықты:
- Есіңде ме? Кішкентай кезімізде «Жабайытал» иірімінің шетіне ғана түсуші едік қой. Сондағы бір қу баланың екеумізді алдап, тереңіне апарғаны?
- Иә. Сен иірімге ілінбей аман қалдың. Ал мені түбіне тартып әкетті.
- Құдай сақтады десеңші!
- Оны неге есіңе алдың?
- Осы жолы да құдай сақтайтын шығар деп үміттенемін...
- Әкем айтады: «Құдай сақтанғанды – сақтайды» деп. Ол жолы сен сақтандың, мен өліп қала жаздадым.
- Сонда не сездің?
- Құйын көтеріп аспанда ұшып бара жатқан ебелек секілді айналғаным ғана есімде...
- Бұл жолы қайтер екенбіз?
- Түсінбедім?
- Егер бір үйір қасқыр қоршап алса дегенім ғой...
- Тағы мен жем болатын шығармын. Саған қарағанда еттілеумін ғой.
- Арық-тұраққа қарамай ма?
- Сен қызық екенсің! Мен бір солармен қосылып, торуылға шығып көргендей.
- Сенің анаң айтып отыратын «Бұл қасқырдың бөлтірігі. Түсімде бес бөлтірікті қуалап жүріп, ішінен ұстап алғаным осы Ғалам.» деп. Сен солардың туысысың. Демек, сені жемейді. Осы жолы мен құрбан болам.
- Туыстарыма досымды жегізіп қоймаспын!
- Шын айтасың ба?
- Осы сенің есің дұрыспа, өзі?
- Тұла-бойым қалтырап келе жатыр! Қорыққаннан ба? Сенің жаңағыдай бір ауыз қоштаған сөзің маған рух беріп, аяғымды алдыға бастыратындай...
- Тіпті, рух беріп деп қойшы! Әлі қараңғы түскен жоқ, мына түрімізбен түскен кезде қайтер екенбіз?
- Маған қараңғыда бәрібір секілді. Бәрінен де мынадай жарықта, сұмдықтың көз алдыңда болғаны зәремді ұшырады! Тоқташы, көзіміз тіріде саған имандай шынымды айтқым кеп тұр!..
- Мен де жетісіп келе жатқан жоқпын! Жоқтан өзгені бастамашы!.. Иманы несі? Өлген адам құсап?..
- Сол өліп қалмай тұрғанда айтып алайын... кейде бар ғой, көзімді ашқанада – әке-шешемнен бұрын сені бірінші көрген секілдімін. Құдай осылай, екеумізді арамыз ажырамас дос қылған секілді. Егер алда-жалда мен бірінші жем боп кетсем, атымды өшірмейтін бір амал қып жүргей!
- Молдаларша сөйлеп кеттің ғой? Кейін намаз оқитын жасқа жеткенде әр дұғамда атыңды тастамаймын...
- Ей, осы сен, шынымен өлгенімді қалайтын сияқтысың ба? Дұғаң не, сандырақтап отырған?!
- Өзің ғой... – деп Ғалам шырт еткен болды. Бірақ, бұның ренжіп-кейіс білдірерліктей қайраты қалмай бара жатқан-ды. Сәрсенбек те екі иығы салбырап, ұнжырғасы жерді сызып, әрең ілбіп келеді. Таңертеңгі құлтыраңдаған ширақтықтан қылау да қалмаған. Ол өзін әлден қасқыр жеп қойған адам сияқты сезіне бастады. Өз ойымен өзі болып, қасындағы досының кешеуілдеп қалғанын да аңғарған жоқ. Әлгіндегідей тұла бойын қаза, жанын аза еткен бір сұрақтың жауабын білгісі келіп, кідірген кезде өзінің жалғыз екенін көріп, төбе шашы үрпиіп, көкке өрмелей жөнелді.
- Ғалам, Қайдасың? Ойбай-ай қайда кетіп қалдың? Жалғыз досым-ай, қапыда іліп әкетті ме?
- Не болды? – деген ту сыртынан Ғаламның дауысы естілгенде ойбайын кілт доғарып:
- Ту, тірі екенсің ғой! – деп досын құшақтай алды.
- Мені жеп қойғанда саған тиіспес еді.
- Рас па?
- Рас. Тек, тамақтап кетеді.
- Қиыстырмайтының жоқ екен! Мені әдейі қорқыттың ба?
- Жоға... Осы әзірде ғана бір салт атты ата өтті ғой тұсымыздан, көрмедің бе?
- Жоқ. Қасқырдың қарнына қалай сияр екем деп уайымдап келе жатып, байқамаған шығармын.
- Ертегідегідей секілді сені бір-ақ жұтса жақсы ғой.
- Соны айтсаңшы. Жіліктеп, жұлма-жұлмамды шығарады-ау! Жаңағың не, салт аттың кім?
- «Жабайыталға» тұншығып өліп қала жаздаған соң, біраздан кейін бір түс көргем. Сонда осы ата сол мен тұншыққан иірімнің бетінде тұр екен. Мен оның қасына бардым. Ол маған қамшы ұстатты.
- Малтап бардың ба?
- Судың бетімен құрғақ жер секілді жүріп бардым.
- Ол саған не деді?
- Түк те деген жоқ. Бәрін іштей ұғып тұрдым.
- Сосын?
- Сосын не болушы еді, оянып кеттім.
- «Түс – түлкінің боғы» дейді менің әкем. Жаңа көргенің сол ата ма?
- Иә.
- Өй, қызық адам екен өзі, артына мінгестіріп ала кетпеді ме?
- Маған айтты: күннің соңынан ере беріңдер, алдарыңнан шығады деді.
- Сөйлейді екен ол шал да! Күнді қуып жеткен кісі бар ма?
- Жан керек болса, қуып жетеміз!
Екі баланың бойларына аяқ-асты қуат бітіп, қос құлаштары қанатқа айналғандай жайылып, күннің соңынан жүгіре жөнелді. Әбден титықтаған кезде ғана аяқ суытуға тізе бүкті. Шоқ-шоқ көкпек астыларында бытырлай сынып, бұлардың алқынған демдері аспанды басына көтерді. Тыныстары жайланған кезде, қарсы алдыларынан пыс-пыс еткен бөгде тыныс естілді. Гүтір-гүтір басып бұларға таяп келеді. «Алдарыңнан шығады» дегені осы екен ғой деп екі дос бір-біріне жабыса тұтасып, бат-бат шегірткеше ақ татырды тырнақтап қазып, кіріп кетуге әзір еді. Осы кезде дүрсілдеген дабыс шықты. Аттың жүрісіне ұқсайды.
- О, қу қарасандар! Екі кештің арасында қайда жортып барады-ей? «Сиырдың жол ауыруы бар» дейтіні осы екен ғой? – деген адамның дауысы естілді.
Бұл жәй ғана дауыс емес, екі балаға өте таныс дауыс еді. Өздерімен бірге оқитын баланың дауысы. Сәрсенбек қуанғанынан атып түрегіліп, өзіне қарсы бүкеңдеп келе жатқан екі-үш сиырды тым-тырақай үркітті. Ойда-жоқта жер астынан сопаң етіп шыға келген сұмдықтан әлгі баланың аты жалт беріп, иесін жерге топ еткізді. Енді жығылған бала гөй-гөйге басты. Айдалада бұны тосып, бұғып отырған шәйтанның қолына түстім деп ойлаған болуы керек.
- Бісміллә, бісміллә, рақманы рақым! Кет сайтан! Қызыр бабам қайдасың?! Ғайып ерен қырық шілтен қорғай гөр! – деп ол басын көтерместен сарнай жөнелді.
Сәрсенбек пен Ғалам іштерін басып, күлкіден домалап, шиқылдап аунап жатыр. Анау сайтандардың дауысын естіген соң, мүлдем дұғасын үдете түсті. Бір кезде Сәрсенбек есін елден бұрын жиып:
- Әй, нақұрыс! Бұл, бізбіз, – деді.
- Бұ қайсың, ей? Сәрсек емессің бе? Шіңкілің ұқсап тұр!
- Иә солмын!
- О сандалтқан құдайым-ай! Күлкі-мазаққа қалатын болдым-ау! Қайдан жүрсіңдер? Қасыңдағың кім?
- Қалам ғой.
- Тілі байланып қалғанба өзі неге айтпайды?
- Саған күлем деп талып жатырмын! – деді Ғалам. Бұлар әдетте өз араларында азан шақырып қойған есімдерін емес, жанама аттарын атайтын-ды. Жығылған бала да бойын жинақтап алған сыңайлы:
- Расында жын-шайтан екен деп қалдым, – деп бұларға таяп келіп қол алысып амандасты. Сосын анадай жерде танауын пыр-пыр желбіретіп, үрке қарап тұрған атын жетекке алды. Шәруаны ымсыз ұғатын, үшеуі де малшы балалары. Жондары қарайып, тосырқаған сиырларды алдыға сап, бір белдің астындағы қара қосы шошайып, малы жусай бастаған отарға қарай беттеді. Жүгінен және қасқырдың азуынан құтылған Сәрсенбекті қуаныш кернеп, бір оңға, бір солға ойдалақтатып келеді:
- Сен неғып, әлі жүрсің? – деп ана балаға тиісті.
- Осы бір-екі күнде көлік келмесе, әкем артына мінгестіріп тас жолға апармақшы болған.
- Сабақтан оңбай қалдық! – деп Ғалам мұңайды.
- Сабақтан қалмай тұрғанда, оқып жарытып едік... – деп күмілжіді ана бала. – Мен сегізден соң тастаймын. Әкеме обал болды!
- Мен онды бітіріп жоғары оқуға түсем, – деді Сәрсенбек. Ғалам үндемеді. Оның тым-тырыс қалғанына Сәрсенбектің жыны келді.
- Сен не? Келешек туралы ойламайсың ба?
- Ойлағаннан не пайда. Ол сенің дегеніңе көнбейді ғой.
- Көнбегені несі? Сол үшін қимылдау керек! Талпыну керек...
- Бүгін оқуды аңсап талпындық қой... Аяғында өліп қала жаздадық!
- Ей, бұл сөзіңде де жан бар... Егер мынау кездеспесе, расында бір уыс сүйегіміз қана қалар ма еді?
Бұл екеуінің тәжікесіне ана бала да араласты. Ол алдымен әдемілеп жөткірініп, тамағын тазалап алды.
- Бар ғой, ана... Шынымды айтсам, мен бұл қарасандар қыстай үйренген қыстау жаққа қарай кеткен шығар деп, теріс кетіп бара жатқам. Содан бір бейтаныс салт атты жолаушы жолығып, осылай қарай жөн сілтеді.
Сәрсенбек аңырайып Ғаламға қарады да:
- Иә, ол кісі бізге де жолықты. Осылай қарай жүрсеңдер алдарыңнан сиыр іздеген біреу шығады деді!
- Рас па? Ол кім болды екен? – деп анау түкірігіне шашала әрең сұрады.
- Сен көп нәрсені білмейді екенсің! Ол Қызыр ата деген болады. Осылай адасқан, мал жоғалтқандарға жөн сілтеп отыратын – кие.
- Астапыралла! Бағанағы елең-алаңдағы кездескен жарықтық сол болды-ау, ә? Түр-сипатында дұрыстап көре алмадым. Қандай кісі екен?
- Қандай болушы еді... әлгі, иә, тура менің әкем сияқты жұдырықтай ғана шал. Шоқшиған сақалы бар. Біз де көп сөйлескен жоқпыз. Айтсаңшы, ей, – деп Сәрсенбек Ғаламның бүйірінен түртті. Ол әдейі қырсығып үндемеді.
- Үйге барған бұл әңгімені көтермелік. Сендер біреулерге мінгесіп келіп, осы жерден түсіп қалдыңдар. Келістік пе? – деп құтқарушы бала бұларға ескерту жасады. – Өйтпесеңдер, әкемнің мінезі жаман расында жын-шайтан екен деп үйден қуады!
Ертеңінде түске таман зарыға күттірген көлік те жетті. Бір шолақ етек есеп-қисабын жинап, соның арасында оқушыларды да тере кетуге арнайы шыққан көрінеді. Көлік үстіндегі шопандардың әр түрлі жастағы ұл-қыздары шүпірлеген көңілді топқа – осындағы үшеу де қойып кетті. Өздері қашқан қыстауға жақындағанда екі қашқынды ұят қысып, бұғынып жата қалысты. Томпақ қызды алып, кері қарай ағызды...
Ғаламның көңілі алағызып, осылай бара жатқанда да, кері қайтқанда да жол ернеуінен аттың ізін көрсем деп аңсап еді. Оның орнына жүктерін артып, біраз жүрген соң өздеріне бейнет болған дікілдек доңғалақты итермелері ашамай таяқтары ербиіп, ары-бері өткенде қос қабат ұшырасты. Көңіліндегі аңсауын ешкіммен бөліспеді. Бөліскен түрі анау ма, Сәрсенбек иемденіп кетті ғой...
Заман Төлеуов