Гүлмәрия Барманбекова. Параллель (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
3071

Мүлгіген қараңғылық. 

Күңгір-күңгір! Дыбыр-дыбыр! Естілер-естілмес бір дыбыс алыстан үзіліп-үзіліп жеткендей. 

Тірімін бе өзі? Өлімін бе? Өлі болсам, ана дыбыс қайдан келді? Тірі болсам, неге дым сезбеймін? Басым, көзім, қол-аяғым, денем... түк жоқ!

Бір сәт жоқ болып кетем де, қайта бар болам... Бар болып тұрып, қайта жоқ болам... Белгісіздік. Қара түнекке тұмшаланған меңіреу тыныштықтың тынысы қандай ызғарлы еді! Пәни дүниеде де осыншама қараңғы түнек болады екен-ау! Әлде бақи дүниедемін бе? 

Бұлар мені тірідей көміп тастағаннан сау ма?! 

Еміс-еміс бір көріністер жылт етіп, болар болмас елес береді де тас қараңғы кеңістікке сіңіп жоқ болады.

***

Үйдегілер ұйқыға жатпақ болып, төсекке жаңа бас қойған. Ауызғы бөлмеде тұрған қара телефон безектеп қоя берді. Дауыс:

- Тез, төртінші ауруханаға жетіңдер! - деді.

- Не?! Ол жақта не бар жарым түнде?

Гүлдәрия сұрауын сұрағанмен, сол сәт бір сұмдықтың болғанын сезіп, жүрегі лық ете түскен. 

- Балалар жол апатына ұшырапты! Мен сол жаққа шығып барамын. Айшаны он екінші ауруханаға әкетіпті! Рауана мен Дана төртіншіде!

Гүлдәрияның тұла бойын тоқ соғып өткендей, қол-аяғы ұйып, денесінен әл кетіп бара жатты. Бар күшін жинап:

- Біз қай жаққа барайық?- деген сөзді зорға айтты.

- Төртінші ауруханаға келіңдер!

***

  Мүлгіген қараңғылық. 

 Құдды біреу зіл қара таспен бастырып тастағандай, тырп ете алар емеспін. Бірақ Менім «мен мұндалап» болар-болмас белгі береді. Ол кеудемде ме, әлде маған беймәлім басқа бір жақта ма, білмеймін. 

 Дыбыстап көрсем қайтеді, а? Мүмкін қабірдің қасынан өтіп бара жатқан біреу-міреу естіп, қайырылар. 

 Бар даусыммен шыңғырмақ болам. Түк жоқ! О, Құдай, шынымен өлген екем! Мәңгі өлмейтін Жан ғана (Мен ғана) осының бәрін жан-жүрегімен сезіп жатыр екен ғой! Бітті! Қазір Мүңкір-Нәңкір келеді де сұрақтың астына алады! 

 Санамда сапырылысқан ойлар бірінен кейін бірі зуылдап өтіп жатыр. 

 Ааай, Құдай-ай, нелер күнә жасамадым мен!.. Тірі күнім болса, «сен де, мен де – пенде...» деп, бар кінәні пендешілікке аудара салар едім. Ал ана сұрақшыларға пендесің бе, періштесің бе, бәрібір. 

 Осы Құдай да қызық! Өзі бүкіл пендешілігіңмен қоса адам етіп жаратады. Соңыра Өзі Мүңкір-Нәңкірімен қинайды. Осы да әділдік пе? «Адамның басы – Алланың добы» деп айтатыны осыдан шығар. 

 Шыны-ғұмырдың шытынай салуы тіптен де қиын емес екен-ау! Жұлдыздай ағып түсуің демде. Өмір мен Өлімнің ара қашықтығы қас пен көздің арасындай-ақ деуші еді қариялар. Рас екен! Басқаша айтқанда, есікті ашып, қайта жапқандай. 

 Өмір мен Өлім қамшыдай өріліп, жарық дүниеге сенімен қол ұстасып бірге келіп, бірге кетеді. Өмір секілді ажал да – адамның ажырамас досы. Тірлігіңде жаныңнан бір елі қалмай қатарласып жүріп отырады. Жалған сапарыңның өлшеулі сағаты соққан сәтте бір секунд кешікпестен, өз миссиясын бұлжытпай орындайды. Желкеңнен шеңгелдей уыстаған қалпы «мәңгілік жұртыңа» шығарып салады. Тырп етуге шамаң болмайды. Міне, көрмейсің бе, қалай белгісіз әлемге бет алғанымды сезбей де қалдым. 

 Ә-ә-й, адамдар-ай, осыншама бейшара бола тұра он сегіз мың ғаламның жалғыз қожасы өзі секілді тұмсығын көкке көтере өктемситіні несі екен?! Құдіреттен жұрдай, тәкаппар қу кеуде ғана екенін білсе ғой!..

***

Ұлы, күйеуі, Гүлдәрия екі өкпелерін қолдарына алып ауруханаға жеткен. Ентіге ұмсынып, кезекші дәрігер отырған бөлменің босағасын аттай бере: 

- Қызым қайда? Оларды көруім керек! Дана ше?.. – деді Гүлдәрия. 

Даусы ышқынып шықты. Енді болмаса боздап қоя берейін деп, булығып тұр.

Дәрігер орыс әйел екен. Байсалдылық па, әлде немқұрайдылық па белгісіз, қағаздан басын сәл көтере, үрпиіп тұрған үшеуге жәймен ғана көзілдірігінің үстінен қарап:

- Қызыңыз операция бөлмесінде, оған ота жасап жатыр, - деді.

-Дана ше?

-Дана? Ол кім? Аа, ана кішкентай қыз ба? Ол оқиға орнында-ақ өліп қалыпты.

-Жо-о-о-қ! Жоқ! Данабайыыым!

 Гүлдәрия күйеуінің иығына басын сүйей беріп, талып кетті.

***

 ...Қазір мына қап-қара тылсым түнектің түкпірінен ұзы-ы-ын қара қуыс көрінетін болар. Сол қуысты бойлай көз ілеспес жылдамдықпен белгісіз бір жаққа қарай зымырап ұшатын шығармын. Бәлкім тозаққа, бәлкім жұмаққа. 

 Тозақ оты! Аяусыз жаза! Жоқ, жоқ, Құдіреті күшті Жасаған иемнің өз жаратқандарын соншама қатыгездікпен жазалай алатыны санама сыймайды! Адамды күнәға бастайтын пендешілігімен қоса жаратқаны рас болса, артынан өзі берген пендешілігі үшін өзі аяусыз жазалауын қалай түсінуге болады? Мүмкін емес! Сірә, де гәп басқада болар-ау... 

 Жә, қойшы! Жұмағы бола ма, тозағы бола ма, бір баруын барам деші. Ал дәп қазір қайтсем де бала-шағамның қасына оралуым керек. Бітпеген шаруаларым көп. 

 А-а-ай, сорлы басым-ай! Мәңгілік мекеніңе ораласың ба, жоқ уақытша тұрағыңа қайтасың ба деп, менен кім сұрайды екен? Тіршіліктегі шаруамды толық аяқтадым, енді ана жаққа кете берсем де арманым жоқ деген адамды қайдан көріп едің? Бұл қу тірліктің бірі бітсе екіншісі дайын тұрады емес пе. Мың жыл жасасаң да түбіне жетпессің. Тірліктен бұрын өзің таусыласың. Бес күндік жалған жалғаса береді. Соған қарағанда мына жұмыр жердің ғұмыр-сәулесі анау айтқандай «бес күндік» емес-ау! Осынша жасқа келіп, «бес күндік» деген сөздің нағыз мәнін түсінбей-ақ қойдым. Неге бес күндік?  

 Жауабы жоқ жайлар көп қой. Мына менің кеудемдегі бір түйір нұр қайдан келіп, қайда кетеді? Жан мен ойдың төркіні қай жақта? Пенденің Хақтан сауға сұрауға неге хақысы жоқ? Адам бұл өмірге не үшін келіп, не үшін кетеді? Туып, одан кейін өлу үшін бе? Бұл мүлдем ақылсыз дәйек қой. 

***

 Құдағиы мен құдасы қолтықтап машинаға отырғызып жатқанда да, ауруханадан қайтқан жолда да, үйдегі зар еңіреген адамдардың арасына келгенде де, Гүлдәрия тіл-ауыздан ажырап, мүлде үнсіз қалды. Жанарынан бір тамшы жас та шықпады. Көзі бақырайып, ешнәрседен бейхабар кейіппен әркімге бір жалтақтап қарай берді. Айналадағы азан-қазан, жылап-еңіреген адамдарды естімейтін сияқты. Дәрігер келіп көктамырдан ине салғанда да ауырғанын сезбеді. Тұла бойын жайлаған тылсым тыныштыққа ұйыған қалпы сазарып отыра берді. 

  Жұрт оны есінен алжасты деп ойлады. 

***

  Қара тунель көрінер емес. Еш жаққа зымырап ұшпадым да. Әлгі жанымды көзіме көрсететін Мүңкір-Нәңкір де кешіккен сияқты. Шынымен келе ме екен өзі? 

 Тоқта, тоқта! Әне, келе жатыр! Келді!

 Қараңдаған бір сұлба төбемнен төніп тұр! Дәл кеуде тұсымнан жұдырықтай бір нәрсе тесіп жіберердей дүрсілдетіп барады. Ана сұлба менен бірдеңе деп сұрады. Не дегенін ұғар емеспін. Шала естимін. Мұнарта қарауытқан әлгі сұлба жақындай берді. Ее, енді байқадым! Япырмау, Мүңкір-Нәңкір дегеніңнің пошым-бітімі ептеп адамға келе ме, қалай?! Жоқ, мынау Мүңкір-Нәңкір емес, кәдімгі адам ғой! Иә, адам! Онда мұның бет жүзі неге көрінбейді? Көз, мұрын, ауыз – мүлдем жоқ! Бастан аяқ ақ матаға оранып алғаны несі? Ой, жазған басым-ай, бұл адам емес, кебін киген мәйіт қой! О, Тоба! 

 Тағы да меңіреу тыныштық орнады.

 Терең құдықтың түбінен беймәлім үн жаңғырып жеткендей болды. Қыбырлаған бірдеңе бұлдырап көрінді де, әп-сәтте қайта жоқ болды. Дәрігерге ұқсайтын сияқты ма, қалай? 

 Санама осындай ойдың оралуы сол екен, бұған дейін барып-келіп жатқан ес-ақылымды бір сәт нұрлы сәуле шуақтандырып жіберді. Өн-бойымды әлденендей қуат толқыны шарпып өтіп, әп-сәтте тіршілік нұрs жайнап шыға келді. 

 Бәсе! Тірі екенмін! Міне, енді нағыз Өзіммін. Япырау, жаңа ғана қабірде жатқан сияқты едім, аяқ астынан мұнда қалай келіп қалдым? 

- Мен қайда-а-мын?

 Үнім өзіме естілген жоқ, бірақ ернімнің жыбырлағанын сездім. 

 Кенет:

- Реанимация, - деген жалғыз ауыз сөз құлағыма шалынғандай болды. Әлгі ақ жамылғыға оранған жүзі көрінбейтін сұлба құдық түбінен сөйлеп тұрғандай, дауысы алыстан талып жетті. 

 Жарытып ештеңе түсінбедім. Реанимациясы несі?

 Әлде мені НЛО алып кетіп, белгісіз бір планетадағы аурухананың жансақтау бөліміне әкелді ме екен? Әбден мүмкін! Өмірде мұндай оқиға болғанын естігем.

 ...Төңірек қайтадан бұлдыр сағымға оранды.

***

...Тоқсаныншы жалдардың басында Гүлдәрияның Қазақстанға Оңтүстік Кореядан келген бір теолог-профессормен сұқбаттасқаны бар. Өзі теология ғылымының докторы. Абай атындағы Алматы педагогикалық ұлттық университетінде сабақ беретін. Дүние жүзінің біраз елдерін аралап, көптеген аномалиялық құбылыстарды зерттеген ғалым. Ол көп суреттер мен бейнежазбаларды көрсете отырып, адам айтса нанғысыз бір қызық оқиғаны баяндап берген. 

- Нағыз сенсация! Параллель әлем туралы телехабар жасауға қалай қарайсыз?

Гүлдәрияның көзі шоқтай жайнап шыға келді. Қашанда әуестіктің қалың орманын белшесінен кешіп жүруге құштар журналиске бұдан өткен қызық жай бар ма. 

- Болмайды! Кешіріңіз, олай етуге мүлде болмайды! - деді профессор үзілді-кесілді. 

Гүлдәрияның желдей ескен екпіні су сепкендей басылды. Сонда да көне қойғысы келмей:

- Неге болмайды? Телекөрермен табиғаттағы өте сирек кездесетін аномалиядан хабардар болса несі жаман?

- Параллель әлем жайлы шындықты қабылдауға адамдар әлі дайын емес.  

- Дайын емесі қалай?

- Солай! Сенбейді. Мистика деп қабылдайды. Ал, сіз бен бізге ақылынан алжасқан біреулер деген айдар тағады. Мұны қаламайтын шығарсыз?

- Жоқ, әрине! – деді Гүлдәрия жұлып алғандай, - Құдай сақтасын, жындыханадан бірақ шығып жүрерміз!

Алғашқы арыны басылып, бәсеңси қалған журналистің қабағы түсіп кетті. Ол сәл ойланып тұрды да: 

- Неге сенбейді екен?- деді, - Бізбен қатарлас әлемнің бар екендігі ғалымдарға әлдеқашан белгілі емес пе? 

Ол риза емес кейіппен төмен қарап, күбірлей сөйледі. 

- Сіз бұл жайды ғалымдардың емес, қалың көпшіліктің назарына ұсынғалы отырсыз. Өзіңіз ойлаңызшы, Германияның айдаладағы бір ауылында тұратын бір қолы иығынан жоқ шолақ, медициналық білімі де жоқ, белгісіз бір тракторшыны НЛО тарелка-корабльге салып алып кетіп, белгісіз планетаға апарады. Ота жасаудағы пышақсыз хирургия әдісін үйретеді. Сосын осы үйреткенімізді жер планетасында қайтала деп, қайтып алып кеп тастапты дегенге кім сенеді?

- Негізінде шынымен болған оқиға ғой. Неге сенбеске? Сіз өзіңіз сол тракторшымен кездесіп сөйлесіпсіз, бірге суретке түсіпсіз. Куәгер бар. Сонымен, ары қарай не болды?

- Тракторшы, жалғыз қолымен-ақ, небір күрделі оталарды пышақсыз жасай беретін қабілетке ие болыпты. Ол ол ма, жалғыз қолымен компьтерде екі қолы бар адамнан жылдам мәтін теретінін көргенде қатты таңдандым. Әуелдем, ол тындыратын көп шаруаны денсаулығы мығым екі адамның бірі атқара бермейді екен.

***

 Әнебір адамға ұқсас бейненің дауысы бір түрлі күңгірлеп, үзіліп-созылып естілді. Өзі еңгезердей алып денелі екен. Түрі де біртүрлі. От шаша бадырайған үшбұрышты көздері өңменнен өтердей өткір. Көзінің түсі не көк емес, не қара емес, әйтеуір бұрын-соңды көрмеген беймәлім бір бояуға малынған. Өзі ақ кенепке оранып алыпты. Басы денесімен тұтасып кеткен. Адамның басынан гөрі тым сопақ, әлдеқайда ірі. Түсініксіз бір тілде сөйледі. Дұрыс қой! Бөтен планеталық қазақ тілін қайдан білсін? Не де болса тілдесіп көрейін мұнымен деген ой келді де, бар күшімді жинап:

- Қы-қы-ззым қай-дда? – дедім.

  Ары қарай сөйлеуге шама жоқ, көзімнің алды тағы да бұлдырап сала берді. 

  Мүлгіген қараңғылық. 

***

Ұшы-қиыры жоқ уыз сәулеге малынған кеңістік. Ай да, күн де, аспан да, жер де жоқ. Қалқып тұрған нұрлы әлем. Үнсіздіктен сорғалаған үнсіз сұлулық көкірекке «тіл» болып орнығып, тылсымның да өз кеңістігі, өз сыры барын жариялап тұрды. 

 Төскейі гүлге оранған түрлі-түсті таулар бірде көрініп, бірде балқып барып, жарыққа сіңіп, жоқ болып кетеді. Қайдан пайда болатыны белгісіз, саумал самалмен тербетілген көк шалғынның жібек шашақтары нұрға шағылысып, күміс сәуле шашырата көздің жауын алады. Құдай-ау, бұл неткен ғажайып көрініс! Мың-миллион нәзік жылтылға жан бітіп, сыңғырлай күледі, шуақ шаша жымия қалады, әуезді үнмен сызылып сөйлей жөнеледі. Тыңдаған сайын сусынды қандырып, жанды рақатқа бөлейтін сүйкімді үн. 

 Осынау сырлы көріністің сиқырына тұнжырай ұйып, есім ауа елітіп тұрдым. Өмірі естімеген беймәлім сазды әуен тамылжи құйқылжып, алпыс екі тамырды бойлай, тұла бойды балқытып барады. Мың құбылған мәрмәр көрініс.  

 Ана-а-дайда екі сәби шат-шадыман ойнап жүр. Өздері көбелек секілді, жеп-жеңіл. Бұтадан бұтаға қалықтап барып қона қалады. Желбіреген әппақ жібек көйлектерінің етегі біресе періштенің қанатына, біресе гүлдің қауызына, енді бірде бақ-бақтың ұлпасына айналып кетеді. 

 Әу, мынау Айша мен Дана емес пе! Бұлар мұнда қайдан жүр? Япырау, дәп сол тірі күнгі қалыптарынан бір өзгермеген! Айша – төрт, Дана екі жаста еді ғой. 

 Қос періштенің менімен ісі жоқ, томпаңдап, өздерімен-өздері ойнап жүр. Осынау мамыражай табиғаттың шаттығына бөленгені соншалық, маған мойын да бұрар емес. Әлде танымады ма екен, ә? Бір түнде қара шашы аппақ қардай ағарып, ақша маңдайын арса әжім айғыздаған сормаңдай әжелерін шынымен де ұмытып кеткені ме?

- Мен ғой, мен! Өздерің Тиапа (титтей апа дегендері) дейтін нағашы әжелеріңмін! 

Айша ұмытса да, сен мені қалай ұмытасың, Данашым? Көзіңді тырнап ашып, жарық дүниеге келген сәттен бастап, өзіңді бауырына басқан әжең келіп тұр!- деп, жан ұшыра соңдарынан ұмтылып ем, орнымнан қозғала алсамшы! Қорғасын денем зіл батпан. 

 Бар даусыммен айғайлап шақырайын десем, үнім шығар емес. Қол бұлғайын десем, білегімді, саусақтарымды сезбеймін. Әйтеуір Өзімнің бар екенімді анық білем, тәнім байқалмайды.

 Айша мен Дана барған сайын алыстай берді. 

 Көмейіме кептелген тас түйін тамшыға айналып, жанарымнан домалап бара жатты. 

*** 

 Кең ауланың іші адамдарға толып кетіпті. Гүлдәрияның екі қолтығынан екі әйел сүйеп тұр. Бұл әлі сол меңіреу қалпында. Дүниені түгел өрт шалып сел қаптаса да, сол безірейген күйінен өзгерер емес. Қолтығынан демеген екі әйелдің ырқына көнген. Ештеңені көрмейді, естімейді, сезбейді.

 Қатарласа тізілген ер адамдардың алдындағы тақтай зембілдің үстінде кілемге оралған мәйіт жатыр. Бас жағында екі адам, аппақ матаға құндақталған екі құйтақандай мәйітті білегіне салып тұр. 

- Жаназа! Жаназа! Алло-о-о-ху акбар! Алло-о-о-ху акбар! 

 Кенет... 

 Жер әлемді дүр сілкіндіре гүрс-гүрс ете қалған алапат дыбыстан аспан қақ айырылып түскендей болды. Құдды, бір мезгілде көп зеңбіректен оқ атылғандай. Бұйра-бұйра сабылған бура бұлттар лезде қошқыл күлгін түске малынып, себелеген тамшылар жерге қарай ағылды. 

 Үш періштені бірден қабылдау Аспан әлеміне де ауыр соққан сыңайлы. 

- Рауана-а-а-аа! 

Гүлдәрия не болғанын енді ғана ұққан. Қайғыдан қарс айырылған сорлы кеудеден лап ете қалған сұрапыл жалын қасірет торлаған жанжүрекке у болып жайылды. Жан даусы шыға шырқыраған зарлы үні аспан мен жердің ортасында ұзақ қалықтап тұрды.

*** 

 ...Құлағыма күңгір-күңгір әлдебір дыбыс келеді. 

 Әлгі ақ киімді бөтен планеталық қайда? Ұшып кетті ме, балқып кетті ме? 

 Танауыма тығылған бірдеңе мазамды алып бітті. Бірақ сол тұстан жеткен салқын леп кеудеме қуат құятындай. 

 Жайлап оң жағыма мойнымды бұрып, жоғары қарадым. Төбедегі тіреуішке асып қойған шыны құтыдан тамған мөлдір тамшылар жіңішке түтікшеге үзіліп түсіп жатыр. Түтікшенің екінші ұшы оң білегіме жалғасыпты. Тамырдан жіберетін дәрілер-ау, шамасы. Ұзыннан-ұзақ созылған кең бөлмедегі қатар-қатар қойылған бірнеше төсекте науқастар жатыр. Сұлқ жатқандарына қарағанда ес-түссіз сияқты. 

 Тағы да мүлгіген қараңғылық...

*** 

 Туу, мына жер не деген шулы еді! Пик-пик деген бір ащы дыбыс миымды шағып барады! Әлдеқайдан қыз-жігіттердің дауысы жарқын-жарқын шықты. Кәдімгідей қазақша сөйлейді. Бір-бірімен әзілдеседі. Енді бірде жырқ-жырқ күле ме?!. 

 Е-е, тірі екем! Көретін жарығым бар болғаны да! 

 Аналардың сыбыр-дыбыры, үздіксіз шиқылдаған мына жағымсыз үн онсыз да шиыршық атқан жүйкемді алмас қылышпен тілгілеп жатқандай.

 «Тынышталыңдаршы!» дейін десем даусым шығар емес, әл жоқ. 

 Медбике болу керек, шақыр-шұқыр еткізіп, бірдеңелерді алып-салып, бір тынар емес. Өзі тым көңілді. Бір уақытта ыңылдап әндете бастады. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ». Біреуге жан керек, біреуге ән керек. Хал үстінде жатқандарды күнде көре бергесін еті өліп кете ме екен?

 Әлдененің үздіксіз шиқылы мен медбикенің ырғақты ыңылы қосылып, тұтас бір оркестрге айналды. Біреу басымның ішіне кіріп алып, әңгір-таяқ ойнатып жатқандай. Енді біраз осылай жалғасса, басым быт-шыты шыға жарылып, миым шашырап кететін шығар. 

 Жан-жағыма зер салуға тырыстым. Ана жатқан бейшаралардың халі де менікінен ары болмаса бері емес-ау! Өмір мен өлім арасындағы үлбіреген үміт шырағданының әлсіз сәулесі үзіліп кетуге шақ тұр. Қас-қағым сәт. Мынау жарық дүние жалп етіп өше салады. Ал ана қаннан қаперсіз медбике ыңылдай әндетіп, жалғанды жалпағынан басатындай. Алма-кезек теңселген алтыбақан тіршілік күндердің бір күнінде оны да табанымен таптай салатыны ойына да кіріп-шығар емес. Көздің жауын алған гүл дәурен бір-ақ сәтте күрт тартыла саларын пенде атаулы бір сәтке ойға алар болса, мына дүниенің шырайы мүлдем басқаша реңкке енер ме еді...

***

 Қасіретін төсек, қайғысын жастық етіп, Гүлдәрияның орнынан тұра алмай жатқанына талай болды. Тамақтан қалды. Түйір батпайды. Бір-жар қасық сұйық асты қыстап жұтқанымен, дереу қайта құсып тастайды. Дәрігерлер алғашында асқазанда бір кәдік бар ма деп, жан-жақты тексеруден өткізген. Ештеңе таппады, бәрі қалпында. Ақыры бұны күйзелістің зардабы дегенге тоқтаған. 

 Жағдайы күннен күнге нашарлай берді. Әлсірегені соншалық, өздігінен жүре  алмайтын халге жетті. 

 Шырт ұйқыда жатқан ол кенет оянып кетті. Төбесінен төніп, аспанда ілініп тұрған Айшаны көрді. Сол-ақ екен, кеудесін кернеген сағыныштың құдіреті ме екен, шалқасынан жатқан қалпы төсегінен жоғары көтеріліп бара жатқанын анық сезді. Айшаның аппақ екі қанатын да анық көрді. Ой, Аллай-ай, менің Айшам періштеге айналып кеткен бе деп ойлап үлгергені сол еді:

- Апа, жетеді! Тұр орныңнан! – деп, шаңқ ете қалған немересінің даусын құлағы шалды. 

 Осыны айтты да, Айша көзден ғайып болды. Жарты метрдей жоғары көтерілген Гүлдәрияның денесі гүмп етіп, төсекке қайта құлап түсті. 

Бойына бір қуат пайда болғандай. Ол жеп-жеңіл көтеріліп төсегінен тұрды да, терезенің алдына келді.

«Айшам! Періштем сол! Сен параллель әлемнен келіп, апаңды орнынан тұрғызғың келгенін білмейді деймісің! Білем! Үнемі айналшықтап қасымнан шықпайтыныңды да сезем. Маған көрінбегеніңмен, сен мені күнде көретініңе де сенем. «Тұр орныңнан!» деген бұйрығыңды да анық естідім. Солай жиі көрініп тұршы! Келесі жолы анаң Рауана мен сіңлің Дананы да ерте келші! Үшеуіңді қалай сағынғанымды білсең ғой! Сендерді ыстық құшағыма басып, жүрегімнің нұрлы шапағына орағым келеді!».

 Бозала таңның төсінен өніп шығып, терезенің әйнегінен саусағын созған жарық сәуле Гүлдәрияның жанарын қарықтырып бара жатты. Шерлі кеудеде үлбіреген үміт сәулесі мен селдіреген сүмбіл сенім пайда болды. Сол сәт ол өмірдің мөлдір демі мен нәзік күбірін сезінді.

Гүлмәрия Барманбекова

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...