Клод Моне. СеруенТолғану Мүмкін сырттай былайша тағылды мін: "Мұңды ақынсың, шықпай ма жалынды...
Қапез салдан қалған сөз
Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, «Қыр баласы» ҚҚ мүшесі, әдебиеттанушы, жазушы-драматург.
ҚАПЕЗ САЛДАН ҚАЛҒАН СӨЗ...
XX ‒ ғасыр адамзат үшін, сондай-ақ қазақ жұрты үшін ауыр, зұлмат-зобалаңға толы ғасыр болды. Кер заманның кесірі кімге тимеді десеңізші?! Нақақтан-нақақ атылып, қудаланып, жазықсыз айыпталғандардың қарасы ‒ мол. Солардың бірі ‒ Алаш қайраткері, ағартушы, ұстаз, Шығыс әдебиетінің білгірі, әнші-композитор, көсемсөзші – Қапез Байғабылұлы.
Қапез Байғабылұлы – 1896-жылы Алматы облысы, қазіргі Кеген ауданы, Тоғызбұлақ ауылы маңындағы Ақтоғай елді мекенінде өмірге келген-ді. Ол бала кезінен-ақ өлеңге, жырға, қисса-дастанға, әншілікке құмар боп өседі. Тарихи тұлға ауыл молдасынан сауат ашып, қара танып, 15-17 жасында Түркиядағы Ыстамбұл медресесінде білімін жетілдіреді. Қапезбен қатар ол жаққа ұйғыр Сауытақын, Шәршікен деген ауылдасы, тағы екі баланы есепке алғанда, бесеуі шетелге аттанады. Ол діни ілімін тереңдетіп, түрікше, парсыша, шағатайша, арабша үйреніп, кейін шәкірт тәрбиелейді. Алаш қайраткері «Меркі» әнінде былай дейді:
Білім алдым Стамбол, ахоу, қаласынан,
Алаштың тәлім бердім, ахоу, баласына.
Өлгеннен соң құр жылар, ахоу, тірісінде,
Кім жетер азаматтың, ахоу, бағасына.
Ол туған жеріне оралған соң ағартушылықты қолай көріп, бірнеше мектеп ашып, бала оқытып, ұстаздық қызмет атқарады. Аталмыш тұлғаны алғаш боп, әрі терең зерделеген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы мен Т. Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының профессоры, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, музыкатанушы, дәстүрлі әнші, ұстаз, Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиевтың «Қапез кім болған?» атты мақаласында былай делінген-ді: «Қайраткерлігі сол – мұғалім болып барған жерінің бәрінде – Жалаңашта, Торайғырда, Сүмбеде, Екашада, Ақтоғайда, Тоғызбұлақта, Подгорныйда (Қырғызсайда), Кегенде міндетті түрде мектеп салуды қолға алған адам. Сол мектептерде, яғни Қапез ашқан мектептерде ол «халық жауы» атанып, ұсталып кеткенге дейін, «Социалистік Қазақстан» колхозынан 17, «Жаңа бағыт» колхозынан 11, «Сталин» колхозынан 69 адам оқып, сауаттанған. Барлығы 108 адам. Біз осы еске түскен 108 адамның тізімін жасағанбыз. Тізім жасауға 1989 жылы желтоқсанда Қапездің шәкірттері 85 жастағы Зиба Жетенова, Мұқан Жетпісбаев (1926 ж.т.), Мұқаш Аманжолов (1919 ж.т.), Бұқабай Тиінов (1908 ж.т.), Мамыт Мошығұлов (1908 ж.т.), Біләл Мәдірәйімов (1922 ж.т.), Ақай Серікбаев (1920 ж.т.), Мәзім Абаев (1923 ж.т.), Кәмила Әбішева (1932 ж.т.), Капа Нәсірова (1929 ж.т.), Баймұқан Адасбаев (1927 ж.т.), Оңтайбек Әбішев (1923 ж.т.), Оразай Көпбаев (1921 ж.т.), Мұқан Молдасынов (1927 ж.т.), ұлы Ерден Қапезов (1936 ж.т.) қатысты. Кейін бұл тізімді толықтыруға Байтайбек Әбішов, Шөкей Әбішева, Нұржігіт, шәкірттері Әріпбай Өскенбаев, Әужан Ниязбеков ақсақалдар да атсалысқан болатын. Тізімге енген шәкірттердің арасынан академик Ақай Нүсіпбеков және мемлекет қайраткерлері Әужан Ниязбеков, Самсалы Қожабеков, жыршы Нұрақын Қасымбеков, т.б. тарихта аты қалған тұлғаларға айналған. Қапездің тағы бір қайраткерлігі – Қарқара жәрмеңкесінің жанынан мұғалімдердің білімін жетілдіру мектебін ашқандығы. Жазғы демалыс кезінде ауданның барлық мұғалімі осы мектепке келіп білімін жетілдірді. Қапез сонда дәріс оқыды». Әнші-композитор 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде алпыс үйден құралған «Облатком» ауылын ұйымдастырып, ашқа ‒ тамақ, жалаңашқа ‒ киім үлестіріп, адамдарды аман-сау алып қалады. Нәтижесінде, ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, халық арасында абыройы зорайып, оны үлкен-кіші тегіс «Қапем» деп еркелетеді. Бұл жөнінде тарихи тұлға өзі баян етеді:
Он жасымда қайтейін, ахоу, бала болдым,
Он бесте жолымды іздеп, ахоу, дала қондым.
Отызымда ағайын, ахоу, ашыққан жоқ,
Бір өзім алпыс үйге, ахоу, пана болдым, ‒
десе, енді бірде:
Аналары айрылған, айхай, баласынан,
Айрылған балалары анасынан.
Жетім, жесір, жетімек, айхай, ашыққан соң,
Сабанның дән іздеді арасынан! ‒
деп сол қиын шақты суреттейді. Қапез сал 1937-жылғы қуғын-сүргін, «қызыл террор», сталинизм тұсында «халық жауы» деп айыпталып, 1939-жылы Коми АССР-інің Ухта қаласында атылады. Жастайынан «бала молда», кейіндері «ұстаздардың ұстазы», жиырма бес жасында «сал» атанған Қапез Байғабылұлы өзінен соң «Айхай», «Дүние-ау», «Қапездің әні», «Меркі» секілді өлмес әндер қалдырды. Бұған қатысты әнші, өнер зерттеушісі Жәнібек Кәрменов былай деп жазады: «Жамбыл, Кенен, Бөлтірік, Жүсіпбек қожа сынды ақиық ақын, әнші-композитордың алдын көріп, бірге жүріп тәлім алады. Өмірінің көбі ағартушылықпен өткен Қапездің ел арасына көп тараған әндері мен өлеңдері сталиндік репрессия жылдарынан бастап айтылмай қалады да, көбі ұмытылады. Бүгінде «халық әні» аталып жүрген кейбір әндер Қапездікі деген болжамдар да бар». Оның әндері 1990-жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан жарық көрген, әнші, өнер зерттеушісі Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген артисі Жәнібек Кәрменов құрастырған «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты 2 томдық жинаққа және 1998-жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан жарық көрген, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылған, филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеушісі, ғалым, ұстаз Сағатбек Медеубекұлы және өнертану ғылымдарының кандидаты, Жетісу күйшілік мектебін зерттеген ғалым, шертпе күй шебері, фольклортанушы Базаралы Мүптекеев құрастырған, Жетісу өңірінің дәстүрлі халық әуендері мен халық композиторлары әндеріне арналған «Жетісу әуендері» атты жинаққа енген болатын. «Кешегі қапас заманда еңбекші елдің тағдырын, қайғы-қасіретін, үміт-арманын тебірене толғап, өмірінің соңғы күніне дейін жырлап өткен Қапез шығармалары ‒ өшпес мұра боп саналады. Оны жинап, халыққа таныстыру ‒ бәріміздің борышымыз», – деп әнші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ержан Қосбармақов орынды айтқан-ды.
Қапездің әндерін жарыққа шығарған әнші, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі ‒ Ғалымжан Досанұлы еді. Ал, ақын, көсемсөзші Нұрлан Қалқаның «Қапыда кеткен Қапез» атты мақаласында Қапез «орта бойлы, сарғыш өңді, қыр мұрынды, үлкен өткір көзді, дембелше келген, үнемі таза, әдемі киініп жүретін мәдениеті жоғары адам, шаш қоймайтын кісі» ретінде сипатталған-ды. Алаш қайраткері 1958-жылы ақталады. Десек те, Cағатбек Медеубекұлының орны толмас өкініші біздің де өзекті өртегені анық: «Елінің ертеңі үшін саналы түрде күресіп өткен арысымыздың өмірі мен еңбегі, шығармашылық жолы әлі де болса терең зерттеуді, талмай іздестіруді, мұраларын жинастыруды талап етеді. Өйткені, «халық жауы» атанған азаматтың өзімен бірге тірнектеп жинаған мол мұрасы, кітаптары мен дәптерлері, қолжазбалары да репрессияға ұшыраған. Өзі кеткен соң тұрған үйі өртеледі. Өрт ішінде талай дүние күлге айналады. Бір жағы Шығыстан, бір жағы Батыстан алынған, жиналған небір ғажайып кітаптар сөйтіп жоқ болады». Бүгіндері Алаш қайраткерінің аты Алматы облысы, Кеген ауданы, Тоғызбұлақ ауылындағы орта мектепке берілген. Бұл ‒ жаңғырудың нышаны. 2023 жылдың 7 желтоқсанында Qyr balasy қоғамдық қоры Ә. Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты «Алаш кітапханасы» сериясы аясында Qyr balasy ҚҚ баспасынан «Қапез Байғабылұлы. Алаш қонған ақбоз үй» атты жинақ жарық көрді. Кәсіпкер Еркін Әтейбектің демеушілігімен шыққан кітап «Қапез Байғабылұлының әдеби әлемі», «Қапез Байғабылұлының публицистикалық мұрасы», «Қапез Байғабылұлы туралы зерттеулер», «Қапез Байғабылұлының шығармашылық мұрасын насихаттау, таныту мәселелері», «Фотошежіре» атты 5 бөлімнен тұрады. Жинақты баспаға дайындап, құрастырып, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазғандар ‒ Ертай Біләл, Самал Айыпжан жән мен. Пікір бергендер: ф.ғ.д., профессор Айгүл Ісімақова, ф.ғ.д., профессор Бекен Ыбырайым, жауапты редакторы: алаштанушы-ғалым, жазушы Елдос Тоқтарбай, баспаның директоры: алаштанушы-ғалым, әдебиеттанушы Заңғар Кәрімхан, корректоры: Меруерт Сафаева, редакторы: Гүлжайна Ыстыбаева, беттеуші: Мадияр Серікбай.
«Алаш қонған ақ боз үй» атты кітапты құрастыру барысында көмек берген, ақыл-кеңесін аямаған Шөке Қапезқызына, Әділбек Нұржігітұлына, Есхат Ерденұлына, Динара Ерденқызына, Ермек Ерденұлына, жалпы Қапез Байғабылұлының ұрпақтарына, Алматы облысы, Кеген ауданы, Тоғызбұлақ ауылындағы Қапез Байғабылұлы атындағы орта мектептің директоры Ернат Құсайынов мырзаға, аталмыш мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің түлегі Рахметова Бейнегүл Әріпқызына, сол мектепте фотограф болып қызмет ететін Данияр Құсайынов мырзаға, Алматы облысы, Кеген ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында кітапхана меңгерушісі болған, қазіргі кезде зейнетке шыққан Құдайбергенова Нұркүлсін Сәлемқызына, Абай Мырзағали, Елдос Тоқтарбай, Ертай Біләл, Самал Айыпжан сынды ғалымдарға алғысым шексіз. Кітап оқырман қолында тозып, елдің қажетіне жарасын деген тілек айтқымыз келеді. Мұратымыз ‒ «Халқым деген Қапезді» көпшілікке таныту, мұрасын кең-молынан насихаттау. Ендігіде, жаңа Пішән, жаңа Сәдіқожа, жаңа Қапез кейінгі жас арасынан шығады деген зор үмітіміз бар.
ӘКЕМДІ БҮКІЛ ЕЛ МАҚТАЙТЫН
Алаш қайраткерінің ұрпағы Шөке Қапезқызымен сұқбат
‒ Әкеңіз түсіңізге еніп тұра ма?
‒ Иә, анда-санда.
‒ Қалай кіреді?
‒ Кейде ойлаймын, егер жетектесе, мен де кетіп қалатын едім деп. Бірақ, әкем байқұс мені аяп жүр екен. Өзі жастай кетті ғой, шіркін. Әйтеуір, менікі тоқсаннан асты деген мақтан ғана. Құдайға тәуба, өзім тұрам, өзім жүрем.
‒ Қапез ата 41 жасында өмірден өтті ғой, иә?
‒ Иә. 1939 жылы атылды. Ата-тегі жақсы болған. Тегі жақсы болғанның баласы жаман бола ма? Бауырларымның бәрі де әкеме тартқан. Бәрінің бір тектілігі бар. Қақ-соқта істері жоқ. Әкеме ұқсаған, әкемнің қаны тараған деп разы болам!
‒ Қапез атамыздың мінезі, болмысы, табиғаты қандай еді?
‒ Атаңның мінезі жібектей еді. Өмірде ашуланған кісі емес. Дүние күйіп жатса да топан су тобығынан келмейтін, өмірі көтерілмейтін, бірқалыпты жүретін. Үнемі күліп қана шешетін, мәселені. Әркезде басымыздан сипап, маңдайымыздан сүйетін. Әкемді бүкіл ел мақтайтын. Шешем де сондай жақсы болды. Байдың қызы еді. Есімі – Жібек. Аты дүрілдеп тұрғанда таңдап алған ғой. Шешем қанша қиыншылық көрсе де, балаларды бағып-қақты. Қазір төрт баладан қалған жалғыз тұяқ ‒ мен ғана.
‒ Ал, Жібек апамыз қандай еді?
‒ Ол кісі де керемет болатын. Жібек десе, жібек қой. Өзі кішкентай ғана сары әйел-тұғын. Мінезі ‒ тамаша. Шешем: «Әй, әдірем қалғырлар-ай, дастарқан басында құж-құж етіп қатты сөйлеп, берекені алмаңдар», ‒ деп үстелді ақырын ғана ұрып-ұрып қойып: «Тыныш отырыңдар!» ‒ дейтін. Тоқсан үш жасқа жетіп қайтты ғой.
‒ Ағайындарыңыз туралы айтып берсеңіз, апа?!
‒ Төрт ағайындымыз. Екі ұл, екі қыз. Менен басқасының бәрі кетті. Үлкені ‒ Нұржігіт деген бауырым. Ол кісі әкемді алып кеткенде 8-сыныпта оқиды екен. Ол өте білімді болды. Білімді болғанының арқасында бәрін тексертіп жүріп, шешемізді зейнетке шығарды, «халық жауы», «халық жауының ұрпағы» деген жаман атақтан құтылдық. Басымыздағы қара дақты алғызды. Бұған зерттеуші, ғалым Сағатбек Медеубекұлының да қосқан үлесі зор. Сосын Мәйкө деген әпкем болды. Одан кейінгі інім – Ерден. Ерден де жас кетті. Құдайға шүкір бала-шағалары бар. Анда-санда келіп көңілімді көтеріп тұрады. Мәйкө де қайтыс болды. Жуас болатын. Әкем мен туралы: «Осы қызым зерек!» ‒ деп айтып отырушы еді. 6-сыныпқа дейін оқыдым. Кейін әкем айдалып кеткен соң оқу жайына қалды. Колхоздың жұмысына жегілдік.
‒ 1937 жыл, атаны ұстап кеткен кез есіңізде ме?
‒ 1937 жылдың қақаған қаңтарында әкемді алып кетті. Әкем барда үкімет үй берген-ді. Ол кісіні алып кеткен соң екі ай тұрғызды да: «Үйді босатыңдар!» ‒ деді. Сол кезде әкемнің туған інісі ‒ Әбіш: «Қапездің бала-шағасын далада қалдырмаймын, қаңғытпаймын», ‒ деп бізді Кегенге әкетті. ‒ Жамылатын көрпе-жастығыңды ғана ал, қалған дүниенің бәрін таста, төрт балаң аман болса бәрі оңалар, ‒ деді. Үйіліп тұрған дүниенің бәрі қалды. Шешем біреуін де алған жоқ. «Қапездің өзіне опа болмаған дүниенің маған не керегі бар? Алмаймын!» ‒ деді. Әкемнің өзінде үй болған жоқ. Қызметте жүрді. Сөйтіп жүріп үй де соқпапты. Солай Тоғызбұлаққа келдік. Әкемнің көзін көрген, жақсылығы өткен кісілердің бәрі көмектесті. Кейіннен мектептен бір бөлмелі үй бұйырды. Ол кезде үлкен бауырым да он алтыға келіп, азамат болып қалған. Бірақ, оны да кейін сегіз жылға соттап жіберді. Әкемнің түйе терісінен жасаған бір жақсы ішігі болатын. Сол ішігін біздің астымызға төсейтін. Сол кезде екі жас милиция келді. Әкем: «Айналайын азаматтар, менің айтарым, балаларымды шошытпаңдар. Олардың кінәсі жоқ», ‒ деп құшақтап, бізді көтеріп төсекке жатқызды да, ішігін киіп кетті. Тура қарлы боран күні әкетті. Шешем күнде Кегенге тамақ апарып жүрді. Үйге келеді де жылайды. Сол кезде мен: «Жібе (ата-әжеміздің қолында болғасын шешемізді Жібе дейтінмін) не үшін жылайсың?» ‒ деп сұраймын. Шешем: «Әкелерің кетті, жетім боп қалдыңдар ғой. Енді ауылға, «Сталин» колхозына кетеміз», ‒ дейтін. Сол кезде ауылдағылар: «Қайран Қапемнің балалары-ай. Қапезден талай жақсылықты көргенбіз. Оны ешқашан ұмытпаймыз», ‒ деп ашық-жарқын қабылдап, туысқандық жасады. Шешеміз: «Әкелерің пысық болған, бала оқытқан. Сендер де әкелерің сияқты болыңдар», ‒ деп айтып отыратын. Әкеме үнемі Нұржігіт ағам мен шешем барып тұратын. Мәйкө әпкеміз екеумізді сыртымыздан құлыптап: «Кеген суық. Жаурайсыңдар», ‒ деп үйде қалдырып кететін. Бір рет шешем мен ағам әкеме тамақ алып барғанда милициялар қарап тұрған екен. Әкем оларға қарап: «Келіншегіммен әңгімем бар еді. Бала-шаға қамы ғой. Оңашада тілдесіп алайын», ‒ депті. Жас милиция балалар: «Жарайды, жарайды, Қапе. Сізді бәрі таниды ғой. Еңбегіңізді білеміз. Аз-маз сөйлесіп алыңыз. Біздің қолдан не келеді? Тапсырма берді, орындауымыз керек», ‒ деп рұқсат беріпті. Сонда әкем қолымен он саусағын алдыға бір рет, артқа бір рет қаратып: «Әй, Жібек, мынаған қара да түсін. Осынша уақытқа кетіп барам. Сендерді мүмкін көремін, мүмкін көрмеспін. Бала-шағамызды жақсылап бақ», ‒ депті. Сонда 20 жылға сотталғанын еркін айта алмайды ғой. Зерек ағам шешеме қарап: «Жібе, әкем тура жиырма жылға айдалып барады. Қолымен он дегенді екі рет көрсетті ғой», ‒ депті. Бірақ, қайдағы жиырма жыл. Айдалған соң екі жылдан кейін «қара қағаз» келді. Нұржігіт ағам шешемді ертіп, әкем Алматыдағы түрмеде болған кезде барып, көріп келген еді. Ағам: «Әкемді көрдім. Аспанда жұмыс жасайды екен. Жүрген жерін көріп жүрегім ауырды», ‒ десе, шешем: «Әй, қайдам. Қапез осыдан оралмайды ғой деймін. Ана жоғарыдан құласа өледі», ‒ деп екеуі жылап-сықтап келетін. Сөйтсе, төбеде жұмыс істетеді екен. Қайта қазіргі түрмеде тамақ алғызады. Ол уақыттары апарған тамақты да кіргізбейтін.
‒ Қапез ата үйде ән салушы ма еді?
‒ Иә, даусы жақсы еді, домбыра да тартатын. Бұл өнері тағы болды. Керемет жан еді ғой. Елдің бәрі мақтайтын. Тоғызбұлақ ол кезде «Сталин» колхозы деп аталған. Сол ауылдың тұрғыны біткен мені көрген сайын: «Қайран Қапеңнің қызы ғой!» ‒ деп басымнан бір сипап қоятын. Жиырма жылды беріп, Алматыға жаяу айдап кеткен болатын, әкемді. Шешем сол кезді көзіне жас алып, былай дейтін: «Ақ қар, көк мұзда жаяу әкетті. Көк ішігін киіп алған, тер басып, көзін қайта-қайта сүртеді. Өзі жүйрік еді ғой, топтың алдында екінші болып жүріп отырған». Сөйтіп жылап алып, өзіне-өзі: «Қой, балаларымды қорқытпайын», ‒ дейтін. Сол кездерде «халық жауының отбасын да өртейміз» деген заң шықты ғой. Мұны шешем естіп алып, екі күн бойы жылаған: «Өртесе мені-ақ өртесін. Сендерге тиіспесін. Сендердің жандарың аман болса екен. Тәуекел. Қапезден жаным артық емес. Алса алсын!» ‒ деп отыратын. Содан Құдайдың жақсылығын айтсаңызшы: «Халық жауының» өздері кінәлі, отбасы, бала-шағасының кінәсі жоқ» деген приказ шығады. Содан дін аман қалдық. Өкіметтің алды ‒ тар, арты ‒ кең деген осы ғой. Шешеміз өртеп жібереді деп қорқып, түн ішінде жертөлеге қамап қояды, бізді. Үйімізді аңдып тұратын ғой есік сыртынан. Анам балалар жөтеліп қалар ма екен, дыбыс шығарып қояр ма екен деп қорқып отыратын. Кейін әкемнен «қара қағаз» келді. Нұржігіт ағамды әкемнен кейін алып кеткен еді. Ол жаяу қашып үйге келді. Солкездері милициялар күнде келіп тексереді. Шешем ағамды шатырға шығарып қоятын, кейбір кездері тауға барып, кешкісін бір-ақ келетін, тіпті сол ауыл шетінде мола болатын, түнде сол жаққа барып түнейтін. Бір күні сол шатырға тығылып жүргенін қураған бір қу тұяқ біліп қойды. Ағамның өзіне дос болып жүріп, аяқ астынан сатып жіберді. Досының өзі дұшпан болып шықты, жауды алыстан іздемедік. Содан кейін 8 жылға сотталды да кетті, өтеп келді, елге оралды. Ол да қорлықты көп көрді ғой.
Сұқбат алғандар: Әлібек Байбол, Ертай Біләл, Самал Айыпжан. Жазбаны қағазға түсірген: Самал Айыпжан. 2023 жыл, 22 наурыз, Алматы облысы, Талғар ауданы, Ақтас ауылы.