Заида Елғондинова. Ескі қыстау (әңгіме-эссе)

ӘДЕБИЕТ
3779

Күн батып бара жатты. Сыбызғының сазын тыңдап отырмын. Далада үп еткен жел жоқ. Терезе алдындағы тал-дарақтар мүлгіп тұр. Есіме тағы да балалық шағым түсті. 

Ұмытпасам, бес-алты жаста болсам керек. Ол кездері қар қалың түсетін. Аналарымыз пешке отты лаулатып жағып:

-Бүгін далада 40 градус аяз,-деп отыратын. Сол күні қас-кірпігіне қырау қатқан әкеміз жұмыстан ерте келді. 

Ол кезде Лабасы тауының етегіндегі колхоздың сиыр фермасы орналасқан шағын қыстауда отырған едік. Әкем сиыр фермасының меңгерушісі болып жұмыс істейтін еді. 

-Балаларды тезірек киіндір, Құмар! Ескі қыстаудағы Дәу ата бізді соғым басына шақырды. Ат-шанамен келген екен, есік алдында күтіп тұр,- деді.

Анамыз бізді тез-тез киіндірді. Біз далаға шыққанға мәзбіз. Есік алдында бізді Дәу ата қарсы алып, әрқайсымызды көтеріп, маңдайымыздан иіскеді. Сосын:

-Балаларды қасқыр ішікке орап отырғызайын! Жаурап қалар,-деп әкеме қарады.

-Дұрыс-дұрыс, ақсақал! Балалар жаурап қалмасын! Келініңіз жылы киінген. Әуре болмай-ақ қойыңыз,- деді әкем.

-О не дегенің, айналайын Әміре-Қошақан! Келіннің иығына жабайын деп үйдегі апасының түлкі ішігін алып келдім. Дала 40 градус суық. Қалың таудың ішіне барамыз. Жол ұзақ,-деп Дәу ата мейірімді дауыспен сөйледі. Сосын шағындау түлкі ішікті анамның иығына жапты.

Күн тез батып кетті. Дала аппақ қар. Шанаға жеккен ат желе жортып келеді. Әлі есімде, қыстақтан біраз ұзаған соң, бір топ "ит шәуілдеп" шанаға жақындап келе жатты. Мен тыныш отырмадым, бала кезімде өте пысық едім.Орап қойған ішіктен басымды шығарып алып:

-Әке, мына иттер бұл далада неғып жүр?! - дедім. 

-Балам-ау, бұл ит-құс қой, - деді әкем.Мен тағы да сұрақ қойдым.

-Ит-құс деген не?! - дедім.

-Ит-құс деген қасқыр ғой, балам! Қазақ қасқырды ит-құс деген. Ал адамға зиян келтіретін жылан, басқа да шағатын жәндіктерді құрт-құмырсқа деген.

-Ой-й, неге олай деген? - деп әкеме дауыстадым.

Даусым қатты шығып кетсе керек:

-Тұра тұр, балам!-деп әкем қысқа тіл қатты. Сөйткенше болмай, тарс еткен мылтықтың даусы шықты. 

-Бұл ұлыған қасқырлар ғой, иттің баласы! Айдың жарығымен бізге қарай жақындап қалды. Әміре-Қошақан, бар даусыңмен айқайла, айқайлап қой,-деп Дәу ата тағы да екі-үш рет мылтық атты. Әкем ат-шананың сол жағында өзінің күнделікті жұмысқа мінетін тор атымен келе жатқан еді. Әкем қараңғылықты қақ жарып, бар дауысымен айқайлады:

-Ей-й, айтақ! Айтақ! - деп.

Сөйткенше болмай, біз қарлы таудың етегіндегі, терезесінен шамы жарқыраған жалғыз үйлі қыстауға келдік. Шанадан секіріп түскен мен ертегілер еліне келгендей болдым. Ай жап-жарық. Алыстағы жұлдыздар бұлдырап көрінеді. Аспанға қарап, аузымды ашып тұрған маған, анам:

-Кір үйге! Кір!-деді. Сыртқы есікті ашқаннан бастап бетімізге жып-жылы леп келді. Аққұба келген әдеміше апа мейірленіп, біздің бетімізден сүйіп, қолымызды жуғызып, төрге шығарды. Ет желініп, сорпа ішіліп, артынан шәй ішіліп, жандары жарқыраған үлкен кісілер енді мал-жайын, ауа райын әңгіме ете бастады. Мен тағы да тыныш отырмай:

-Әке, сіз қасқырдан қорықпайсыз ба? - дедім.

-Балам-ау, ол ит-құс қой! Одан несіне қорқамын. Қажет болса қасқырды соғып аламын. Мына алдарыңда отырған Дәу аталарың қанша қасқырды соғып алған. Қасқырдың терісі бүлініп кетеді деп, мылтық атпаған. Дәу атаның сондай бір қасқыр ішігіне оранып келдіңдер,- деп әкем күлді.

-Әке, сіз айтпадыңыз ғой! Неге қасқырды ит-құс деп, адамды шағатын жыланды құрт-құмырсқа деп айтасыздар!-дедім. 

Сабырлы әкем езу тартып күлді де:

-Балам, ата-бабаларымыз көбейіп кетпесін деп қасқырды ит-құс деп, жыланды құрт-құмырсқа деп атаған. Тағы да сұрақ қойдым:

-Атын атаса қасқыр мен жылан үйге келе ме? - деп.

Менің жолдағы қасқырлардан шошып қалғанымды түсінген анам:

-"Ел жатса да елекем жатпайды" деген, Заида! Енді тыныш отыр! Апа төсек салып қойды. Ал, қане, жүріңдер балалар, ұйықтаңдар!-деді. 

Содан бері де талай жылдар өтті. Мен кейін ақын болдым, жазушы болдым, журналист болдым, жалпы қаламгер қыз болдым. Анамның "Ел жатса да елекем жатпайды" деген сөзі менің бала кезімде маған жиі айтылатын. Себебі, мен бала кезімнен өлең жазып, кеш жататын едім. "Елекем" деген сөздің мағынасын өмір бойы ойлап жүрдім. Кейін ұмытып кеттім. Содан бір күні сөздік кітаптарды ақтарып отырып, "елекемнің" сиырдың мүйізі екенін көріп, ішек-сілем қатып күлдім. "Мүйіз" ұйықтамайды ғой деп. 

Мен осы шағын әңгімені жазып болғанда, әлі жарық жақпаған едім. Терезеден шамдалдардың жарығы түсіп тұрған, балконы бар үлкен бөлмеде отырғанмын. Баяғыдан ойнап тұрған сыбызғының сазы жан-дүниемді тербетіп кетті. Түтіні түзу шыққан ауылымның, мұртына қырау қатқан әкемнің, қазандыққа лаулатып от жағып, ас дайындайтын анамның, бізді қасқыр ішікке орап, қыстың көзі қырауда ат-шанасына отырғызып, қарлы таудың етегіндегі жалғыз үйлі қыстауына алып келген Дәу атаның мейірімді жүзі, шамы жарқыраған жалғыз үйдегі мейірімді апаның бет-жүздері елес бергендей болды. 

Балалық шақтағы жанымның бір тал нұрының ескі қыстаудағы мейірімді жандардың ортасында қалғанын сезіндім. Олардың мейірімдерін сезіндім. Ал менің ана тілімді ерекше сезінуіме, киелі қазақ тілінің көркемдігін бойыма сіңіруіме, ақын болуыма болмысы бөлек анамның әсер еткені сөзсіз еді. 

Екі дүниені зерттейтін уфология-теология ғалымдарының айтқандары рас болса, сол бір ескі қыстаудағы бір сәттік өмірдің де өзді-өзі қиылыспайтын ендіктердің бойында бір сәт көшіп жүргеніне мен сенімді болдым. 

Ал ескі қыстаудағы бойдақ сиыр бағатын Дәу атаның үйіне қонаққа барар жолдағы бір үйір қасқырдың оттай жанған көздері менің түсіме ұзақ жылдар бойы кіретін еді. 

Заида Елғондинова

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...