Рақыш Айзат Серікқызы - ҚР Журналистер одағының мүшесі, жазушы, ұстаз. Қаламгер 1983 жылы Шығыс Қаза...
Заман Төлеуов. Алуан нақышты Алматым (Екі актылы драма)
Қатысушылар:
Ақсақал - жасы тоқсандағы қария
Қырма сақал – зейнетке жуырда шыққан адам
Мұртты жігіт – студент
Бұрымды қыз – қала тұрғыны, жұмыс жасайды
Қызыл жігіт – базарды сағалаған жігіт
Көк қыз – байдың еріккен қызы, студент, шет елде оқиды
Демалыс бағы. Көлеңкелеу тұстағы орындықта екі ақсақал отырады. Олардың сыртын ала ары-бері өткен бірен-саран адамдардың қарасы байқалады.
Ақсақал: Кешегі екі балам келеміз деген соң, кеудемді сүйретіп келіп едім... (Ақсақалдың жүзінде кірбің бар. Дімкәстеніп отырғаны байқалады).
Қырма сақал: Мен де сол кешегі бітпеген әңгімеңіздің жалғасын тыңдайын деп құстай ұшып жеткем. Үйде жата берсең, ауру мойныңа мініп алады, өстіп бой сергітіп жүрген жақсы, ақсақал.
Ақсақал: Әрине. Оған мына тоқсанның төбесіне шыққан жасың көне қойса!
Қырма сақал: Сыртыңыздан сізді тоқсанда деп ешкім айтпайды. Тың көрінесіз. Сіз, тегі осы Алматының түпкілікті тұрғынысыз ба?
Ақсақал: Иә. Ата-анам бұрынғы Верный қаласының тумалары. Ал мен кейін Алма-Ата атанған кезде дүниеге келіппін. Алматыда туғаным болмаса, ол кездегі Одақтың түкпір-түкпірін шарлап, талай қызметтің басын шалдым. Енді міне ара-тұра Кеңсайға көз тігіп отырған жағдайым бар...
Қырма сақал: Бала-шаға бар шығар?
Ақсақал: Е-е, олардың өздері зейнетке жетіп, шөберелерін бағып отыр. Біз кемпір екеуміз қуатымыз сарқылғанша ешқайсысына масыл болмайық деп жеке тұрып жатырмыз.
Қырма сақал: Ол да дұрыс шығар...Е-е, ауылдан көшіп келгелі бес-алты жыл болды. Балалардың бәрі осында. Кіші ұлдың қолындамыз.
Ақсақал: Ауыл тозып кетті деп естимін. Қазір қалай?
Қырма сақал: Тоқырау жылдары расында тоз-тозы шықты. Енді құдайға тәуба! Ел есін жиды. Қолы қимылдағанның аузы да қимылдап жатыр.
(Осы кезде екі қария отырған орындықтың екінші басына қыз бен жігіт келіп жайғасады. Қыздың шашы көкке боялған. Жігіттікі қызыл түске. Олар аяқтарын орындықтың үстіне қойып, арқауына отырады. Құлақтарында салпыншақтары бар. Бастарын шұлғып, тыңдап отырады. Темекі шегіп, бет алды түкіреді. Қастарындағы екі кісіні мүлдем елемейді).
Ақсақал: Біздің балалар ма десем, оларға ұқсамайды... (Аңырып аналарға қарайды. Ақсақалдың қарасын жақтырмаған қыз шытынап сөйлейді).
Көк қыз: Қыз көрмеп пе едің? (Ақсақал үндемей теріс бұрылып, басын шайқайды. Қасындағы Қырма сақал шыдай алмай атып тұрады).
Қырма сақал: Көргенсіз неме! Түсір аяғыңды жерге! Сосын атаңнан кешірім сұра!
Көк қыз: Мен ба?! Анау маған ата ма?
Қырма сақал: Иә, сен! Ол кісі сен түгілі маған да ата!
Көк қыз: Керек еді, маған ондай ата! Мазамды алмашы, ә!
Қырма сақал: Мазаңды неге алаймын, алам! Сен қазақтың қызы емессің бе? Мына түрің не? Жын-шайтан құсап... (Бұларға Қызыл жігіт араласады).
Қызыл жігіт: Ей, шал! Тыныш отырған елде нең бар? Біз қазақпыз ба басқамыз ма шаруаң қанша?
Қырма сақал: Ақсақал таяғыңызды берші мына екеуін көкала қойдай қылайын! (Ақсақал тағы басын шайқайды. Қолындағы таяғын бермейді).
Ақсақал: Сөз шығын болған жерге таяқ та өтпейді. Тыныштал. (Ана екеуі құлақ тығындарын қайта тығып алып, изейдей береді).
Қырма сақал: Қайдан жаратылған сайтанның сапалақтары?!
Ақсақал: Олар да нең бар. Құдай түйсік берген күні тәубасына бір келеді. Қой, бұл жерден кетейік... (Екі қарт орындарынан енді көтеріле бергенде олардың күткен жастары келеді).
Мұртты жігіт: Ассалаумағалайкүм, аталар! Күтіп қалдыңыздар-ау! Кешіріңіздер!
Бұрымды қыз: Сіздерге алма ала келдік. (Қырма сақал қалбалақтап қолын бірінші созады. Бұрымды қыз оған ұсынбай, алманы Ақсақалға ұстатады. Сасып қалған Қырма сақал ақталады).
Қырма сақал: Ақсақалға қол жалғайын дегенім ғой... Сосын мына бір тексіздер есімді шығарып, қанымды қарайтып жіберді! (Одырая бұрылып, орындықтың арқалығында секеңдеген екеуге қарайды. Мұртты жігіт Қызыл жігіттің алдына барып, адам сияқты болып отыр деген ым жасайды. Анау басы былғақтап отырып, бұны бір тепкісі келеді. Қызыл жігіттің аяғын бұрайды. Анау ойбайлап, төмен сырғиды. Көк қыз да жерге секіріп түседі).
Көк қыз: Что за беспредел? Oh, my God! (Мұртты жігіт Көк қыздың бетіне тесіліп қарайды да қос алақанын ашып дауыстайды. Оған үңіле қараған Көк қыз да екі алақанын жайып, жігіттікімен түйстіреді).
Мұртты жігіт: Babbo!
Көк қыз: Babbo! Сен қайдан жүрсің?
Мұртты жігіт: Демалыстамын. Өзің ше?
Көк қыз: Мен де солай... Әбден ішім пысты!
Мұртты жігіт: Егер уақытың болса, ана үлкен ата қызықты әңгіме айтады. Бірге тыңдалық.
Көк қыз: Okay. Тыңдасақ тыңдалық. Түк таппаған соң, мына біреуді ертіп, сейілдеп жүрмін. Кә, күшігім... (Қызыл жігіт ыржалаңдап күледі де оның қасына барып, жабысып тұрады. Көк қыз жақтырмай итереді). Сен қазір әңгіме тыңдайсың. Сосын маған түсіндіресің. (Қызыл жігіт мақұлдап басын шұлғиды). Сосын Babbo мені ресторанға апарады.
Қырма сақал: Ақсақал, тынышталған сияқтымыз. Сонымен қай жерге келіп едік?
Бұрымды қыз: Алатау туралы айтып берем дегенсіз...
Қырма сақал: Иә, жер бетіндегі таулардың құдіреті осы Алатау ғой!
Ақсақал: Алатау о баста жер бетіндегі жалғыз төбе болған көрінеді. Етегін ұшы-қиыры жоқ су басып жатады-мыс.
Қырма сақал: Ертегіге ауып кеткен жоқсыз ба?
Ақсақал: Сөзге қонақ берсеңші... сонымен біздің пайымымызша Жұмақ деген аспанда ғой?
Қырма сақал: Әрине аспанда! Енді қайда болмақшы?
Ақсақал: Мәселе сонда! Әу баста Жұмақ жер бетінде болған.
Қырма сақал: Оған дәлеліңіз бар ма?
Ақсақал: Бар болғанда қандай? Сиверс алмасы дегенді естулерің бар ма?
Қырма сақал: (Ол басын шайқайды. Жастар сөзге араласпайды). Менің білетініім: ақ алма, қызыл алма, көк алма... орысша аттарын білуші едім, қапелімде есіме түспей тұрғаны...
(Ақсақал кеңкілдеп күледі).
Ақсақал: Он сезігінші ғасырда орыстың ботаник ғалымы Иоганн Сиверс деген Үржар өзенінің бойынан ғажайып алма бағын кездестіреді. Ол алмалар негізінде осы Алатау төскейіндегі өсетін жабайы алмалардың бірі еді. Әлемге таралған алма атаулының ата-бабасы - осы біздің Алатаудың жабайы алмасы.
Қырма сақал: Ой астапыралла-ай! Бала кезімізде жабайы алманы көп жедік қой. Оның бұндай қасиеті бар екенін білмеппін...
Ақсақал: Сонымен логика деген ғылымға сүйенсек, алғашқы алма Алатауда пайда болса, біздің ата-тегіміз тарайтын Адам ата мен Хауананың жегені де сол алғашқы алманың бірі болып шығады емес пе?
Қырма сақал: Демек, Жұмақ та осы Алматының маңында болғаны ғой?
Ақсақал: Дөп түстің! Алматыны - Жұмақ қала деп те атауға болады.
Қырма сақал: Әй қайдам? Бұрын жұмақ болса, жұмақ болған шығар... қазір экологиясы нашарлап кетті деп жатыр ғой.
Ақсақал: Оны жасап отырған өзіміз, адамдар...
Қырма сақал: Егер өстіп түтіндей берсе, бұл жұмақтан да қашармыз!
Көк қыз: Бұл Нью-Иоркпен салыстырғанда кәлеулгі ауыл емес пе? Менің Манхеттенде жеке пәтерім бар. Терезелері Гудзон шығанағына қараған. Ғажап деп соны айт! Алматы - Жұмақ қала болса, мен – жыланның азғыруымен пенделік ләззат үшін, Жаннаттан қашқан Хауананың қызымын!
Қызыл жігіт: Мен Хауананың алмасын жеген Адам атаның ұлымын! (Екеуі есіріп, ұятсыз қимылмен бұраңдап, ортаға шығады).
Қырма сақал: Мына жалаңбұт қыз қайтеді-ей? Ұят қайда?
Көк қыз: Менің анам Хауана ұят дегенді о баста мүлдем білмеген! Жылан құлағына сыбырлап ақыл айтпағанда, ұятты жерін мүлдем танымас та еді! Жапырақ жабыстырған алғашқы анама қарағанда мен әлдеқайда ұяттымын. Жаратушының берген сұлулығын несіне жасырамын? Қараңдар! Түк көрмей ұйықтап қалған нәпсілеріңді оятыңдар! Мен сияқтылар ғана әлемді қатерден сақтап қалады. Өмір, сүю үшін берілген! Айда кеттік!
(Рок па сол сияқты музыка ойнайды. Ана екеуі бұраңдап билей бастайды. Екі қартқа қайта-қайта төніп, мазаларын алады. Қырма сақалдан сабыр кетіп, қаша жөнелмек болғанда оны жеңінен тартып Ақсақал тоқтатады. Қалған қыз бен жігіт беттерін басып, ұялғандарын байқатады. Көк қыз қолдарын жыланша иреңдетеді. Бұырмды қыздың қапшығынан бір алманы алып, өзі тістеп, сосын гримасалар жасап, Қызыл жігітке тістетеді. Қызыл жігіт дауысын естірте дауыстайды).
Қызыл жігіт: Әбден жалықтым! Шаршадым мына үлкен ауылдан! Қайтам Лондоныма!
Көк қыз: (Көк қыз оған ғана естірте сөйлейді). Әй әзілкеш! Сен Лондонды түсіңде көрмесең қайдан көрдің?
Қызыл жігіт: Т-с-с, понты ғой! Құлақтан тебу керек мамбеттерді!
(Екеуі онан сайын еліре түседі. Орысша, шетелше небір сөздерді айғайлап, экстазға беріледі. Олар өздерінше билеп, бұлардың қасынан алыстай береді. Сөйтіп бірте-бірте сахнадан шығып кетеді. Музыкада әлсіреп барып, өшеді. Есеңгіреген екі қариядан екі жас кешірім сұрайды).
Бұрымды қыз: Аталар режімеңіздерші!
Мұртты жігіт: Шегіп алған ақымақтар ғой! Назар аудармай-ақ қойыңыздар.
Қырма сақал: Ана қызды қайдан танисың? Сені баба деді ме, не деді?
Мұртты жігіт: «Babbo» - Нью-Иорктағы италян рестораны. Қыз Колумбия универінде оқиды. Жігітті білмеймін.
Қырма сақал: Бай-манаптың қызы болар. Қайбір оқу дерсің... Ол жақта да өстіп қиқулатып жүрген шығар. Қайда оқитынын қайдан блесің?
Мұртты жігіт: Қызбен Нью-Иоркта танысқам. Ресторанда.
Бұрымды қыз: Сен маған бұндай әңгіме айтпадың ғой? Тегіңді жасырып жүргеннен саумысың?
Қырма сақал: Мен білсем, мына қызталақ та сау сиырдың бірдеңесі емес!
Мұртты жігіт: Жасыратын түгім жоқ. Ауылдың шаңында өскен қарадомалақтың бірімін. Әке-шешем әлі сол, өз ауылымызда тұрады. Қарап отырған азын-аулақ мал-жаны бар.
Қырма сақал: Можантомпай қазақтың баласы Америкаға қалай тап болдың?
Ақсақал: Саған не болды? Дұп-дұрыс баланы қызталақ деп! Америка қазір ешкімге таң емес. Таң болса саған таң шығар, кеңестің қалдығы!.. (Қырма сақалға көрсетпей, қасындағы ұлға бұрылып жымиып күліп қояды).
Мұртты жігіт: Шетелдік оқу грантын ұтып, Ирландиядағы Дублин универіне түскем. Содан жазғы демалысқа шыққан соң, әке-шешеме салмақ салмайын деп Нью-Иоркке барып, ресторанда даяшы болып істедім. Жылда сөйтіп тиын-тебен тауып, артылғанын ауылға салатынмын. Биыл әке-шешем елге қайт «Ішің пысса Алматыдан да кәсіп табылады. Өйтпесе, өзіміз де өлейін деп жатқан жоқпыз, жол-ырысқұтыңды тауып береміз! » деп ренжіген соң келгем. (Бұртаңдап қалған қыздың жүзі жайнап, жігітке жақтыра қарайды).
Бұрымды қыз: Ата, жаңағы айтқан аңызыңыз қызық екен. Біздің Алматы расында жұмақ қала болуға лайықты. Ойыңызды жалғайсыз ба?
Мұртты жігіт: Мүмкін, біз білмейтін тағы бір сырларын айтарсыз.
Қырма сақал: Баяғы мен білетін Алматы оймақтай ғана жер еді. Қазір театрының қай жерде екенін білмеймін.
Ақсақал: Театрдың қай жерде екенін сұрасаң айтар... ал театр дегеннің не екенін өзің барып көрмесең, ешкім айтып бере алмайды.
Қырма сақал: Оныңыз рас, ақсақал. Мені қойшы, мына балаларға керек қой. Ел-жер тарихын білмесе, қазақтың қайдан шыққанын айтпағанда, ең құрмаса жеті атасын білгені дұрыс па деймін?
Ақсақал: Жеті атаның үйрету - әке шаруасы. Мысалы, сен тарих деп отырсың. Тарих деген не? (Қырма сақал қипалақтап көмек сұрағандай жастарға жалтақтайды. Мұртты жігіт көмекке келеді).
Мұртты жігіт: Тарих деген - біздің өткеніміз. Бабалар жолы...
Ақсақал: Дұрыс айтасың, қарағым. Дәл қазір біздің басымыздан өтіп жатқан әр сәт те - сол тарих деген үлкен мұхитқа құйылып жатқан жылға тәрізді. Бізден бұрын да ел болды. Олар да дәл өзіміз сияқты өз бүгінімен өмір кешті. Уақыт - анау төбедегі көк тәрізді шексіздік. Адамзат жаралғалы қаншама кезеңді басынан өткерсе, соншамасы сол уақыттың аранына жұтылып кетті.
Қырма сақал: Астапыралла-ай, тұла-бойым түршігіп кетті ғой, мына сөзіңізден! Біз де бір күні сол «тарихтың» аранына жем боламыз-ау?
(Ақсақал тамағын жөткірініп, ыңғайлана отырды. Сосын оң қолындағы таяқты жерге тықылдатып, біраз ойланып қалады. Кенет, сол қолын алдыға созып, басын аспанға көтереді. Алдындағы әйнекті сүрткендей амал жасап, қоңыр дауыспен сөзін бастайды).
Ақсақал: Адам ата мен Хау ана жұмақтан куылған күні Жаратушы қатты ашуланды. Зілінің салмақты болғандығы соншалықты, жер дірілдеп, әр-әр тұстан қақ айырылды. Сондай бір жарықтан: тұла-бойын мұз бен қара тас құрсаған осы Алатау пайда болды. Ал, алмағашы сыңсыған ғажап бақ - етегіне ысырылып, аң мен құстың мекеніне айналды.
Бұрымды қыз: Сонда біздің асқаралы Алатауымыз - Жаратушының ашуынан туған туынды болғаны ма?
Ақсақал: Туынды болып аталуға жарайтын әр нәрсе, үлкен тебіреністен, жан күйзелісінен барып жаралады. Расында Алатауды - Жаратушының ашуы десе де болғандай... (Ақсақал басын изеп, қыз баланы қоштаған рай білдіреді).
Қырма сақал: Енді түсіндім, неліктен Алматыда жер сілкінісі жиі болатынын... Жаратушының назары ерекше түскен аймақ болды-ау, ә?
Ақсақал: Мүмкін, солай да шығар. Тек, оның да өз себебі болуы тиіс. Ел есінде қалғаны: он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы болған ауыр зілзалар. Жер қабығы күркірей айырылып, кенезіген ақ татырша тілімденді. Осы сәтке дейінгі дәулеті мен сәулеті және жайлы орны болған баспаналары төбеден басқан тажалға айналды. Күтірлей күйреп, үйінді болды. Жан-жануар мен адамдар қырғынға ұшырады... Жер жарығына құлдырай құлаған пенделердің шыңғырған азасы мен қарғысы құлақ тұндырады. Мынадай сұмдықты көріп, жан-жаққа қалбалақтай ұшқан қарғалар: «Қарғыс шалды! Қарғыс шалды!» деп қарқылдасып бара жатты!
Қырма сақал: Апырау, бір жерден сығалап, көріп отырған адамша сөйлейсіз ғой? (Екі жас та таңғалыстық танытады).
Ақсақал: Сен де көріп отыр екен десем? Дұрыстап қарасаңшы. (Ақсақал оны өзіне тарта икемдеп, жоғары нұсқайды). Енді көріне ме? (Жастар да Қырма сақалдың ығына жығылып, солай қарай қарайды).
Қырма сақал: Бірдемені көрсем, көзім шықсын! Құйғытып көгершіндер ұшып бара жатыр. Төбеде ақ шарбы бұлттар ғана қалқиды. (Жастар да солай деп мақұлдайды).
Ақсақал: Одан арырақ қарасай... (Бәрі аспанға қарайды. Аналардың көздері ұялып, жасаураған соң, шыт орамал, жеңдерімен сүртеді).
Бұрымды қыз: Ата расында ештеңе көріп тұрған жоқпыз. Әзілдеп отырған жоқсыз ба?
Ақсақал: Әзілдеуімде мүмкін. Жер бетіндегі барлық ақпарат аспан тақтасына жазылады.
Бұрымды қыз: Ата, сонда аспанда да дисплей бар ма?
Ақсақал: Дисплейіңді білмедім. Тегі, жердегі бар нәрсе, аспанда неге болмасын.
Қырма сақал: Сіз жердегінің бәрі аспанда жазылады дедіңіз. Осыдан кемінде елу жыл бұрын Алматыға алғаш келген кезім жазылып па? Қараңызшы.
Ақсақал: (Ақсақал сол қолымен алдын тағы бір сипады да сөйлей бастады). Ауылдан оқуға түсуге үш-төрт бала келіпсіңдер. Фурманов көшесінің бойынан пәтер жалдапсыңдар. Үлкен тегенеге қызынақ турап, соны нанмен қосып соғып отырсыңдар. Тамақтарың біткенше біріңнен үн шықпады. Міне, тегене түбіндегі сөлді кезектесе ішіп, түгескен соң, мәз-мәйрам болып, әзіл-қылжаққа бастыңдар. Іргелеріңде сыңғырлап бұлақ ағып жатыр. Ожаумен көсіп, таудың мөлдір суын сен бірінші іштің. Сосын қалғандары ожауға қолын созды.
Қырма сақал: Міне, тамаша!? Тура осылай жазылып па?
Ақсақал: Иә, өзің де қарауыңа болады. Әне, көктің тұңғиығында көлкілдеп әлі тұр. (Қырма сақал көк аспанға күшене қарайды. Бірақ ештеңе көре алмаған соң, көкірегі қарс айырыла өкіне күрсінеді).
Қырма сақал: Сол кезде бір қызға құлай ғашық болып едім... Ол көріне ме?
Ақсақал: Ол қыздың алдында қалай қалтырап, ес-түсіңнен айырылғаныңды айтып берсем, балалардан ұялмайсың ба?
Қырма сақал: Ойбу, сорлы басым-ай, не сандалып кеттім? Аулақ! Жүрегім-ай! Кешіріңіз! (Екі жас қосылып күледі).
Мұртты жігіт: «Алғашқы махаббат» деп талай рет әндеткен шығарсыз?
Қырма сақал: Біздің студент кезіміздегі Алматының қоңыр кештері ғажап еді! Көшелерінде тек арманның самалы ғана есетін-ді.
Ақсақал: Өй, батыр! Сағыныштан тым елжіреп кеттің ғой! (Кеңкілдеп күледі).
Қырма сақал: Ұмыт болды дегенді ғайыптан қайта шақырып отырған өзіңіз ғой. Ту-у, көзіме жас келді!
Бұрымды қыз: Ата, ожаумен арықтан су ішкендеріңіз рас па?
Қырма сақал: Имандай шындық, бәрі рас! Ол кезде су да, ауа да мөп-мөлдір болатұғын-ды. Қазіргінің алмасын әуелі құрт та жемейді! Төңіректің бәрі малынған көк желек еді. Енді әйнекпен қапталған тас үйлер төбеңнен үңірейеді...
Ақсақал: Алма демекші... «Қарға тамырлы қазақ» деген тәмсілдің мағынасын білесіздер ме?
Қырма сақал: Қырық рулы туысқандығын айтатын шығар? (Жастарға қарап, сұраған сыңай көрсетеді).
Мұртты жігіт: Мен де солай ойлаймын... (Күмілжиді).
Ақсақал: Әзірде әңгіме қылған жабайы алманың таңғажайып бір қасиеті бар. Етек пен биік тау басындағы алмағаштардың тамырлары бір-бірімен бітісіп өскендіктен - қажетті құнар мен судан ешқайсысы тапшылық көрмейді.
Қырма сақал: Сонда, ағайынды адамдар сияқты бір-бірін асырайды демексіз бе?
Ақсақал: Иә. Біздің қазақ жұрты да әрқайсысы өз түбін қазбаламай, түп тамыры тұтасқан ұлт екенін ұмытпауы үшін, осы - бір де бір талы семіп, қурамайтын жабайы алмағаштардан өнеге алуы тиіс.
Мұртты жігіт: Әсерлі теңеу екен! Рақмет, ата!
Қырма сақал: (Ақырын әндетеді. Қалғандары бұрылып тыңдайды. Әннің қайырмасын ғана айтып қоя салады).
Алматының бағы қандай,
Алмасының дәмі балдай!
Алма дидар арулар,
Қыз Жібек пен Баяндай!
Бұрымды қыз: Осы, «Қайықта» деген әнді сіздердің кездеріңізде шырқады емес пе?
Қырма сақал: Иә, біздің қылшылдаған жас кезіміздегі сүйікті ән! Оның шығу тарихы туралы қазақтың өрен саңлақтарын түгелдей суретке түсіріп, ғажап қазына жасаған Болат Омаралиев деген атақты фотограф досымнан алғаш рет естігенмін... (Ол да Ақсқалға еліктеп тұңғиыққа көз тастап, сәл үнсіз қалады).
Мұртты жігіт: Ата, егер сіздің дисплейден Шәмші атамыз көрінсе, айтыңызшы. Қалай болған екен.
Ақсақал: Мақұл, қарап көрейік... Е міне, Шәмші Қалдаяқов ағаларың ақын Нұрсұлтан Әлімқұловпен екеуі Максим Горький атындағы демалыс бағындағы сыраханада жайғасқан. Шәмші орнынан тұрып, іргедегі көл жағасына барды. Жиектегі орындықта бір қыз отыр. Ол әлсін-әлсін бетін алақанымен басып, егіле жылай береді. Шәмші оған таяп барып, «Қарындас, неге жыладыңыз?» деп сұрап еді, қыз Шәмшінің ішкенін байқап, ештеңе деместен кетіп қалды. Көлде қайық есіп, демалып жүрген жастар көп. Шәмші соларға қарап тұрғанда, қасына Нұрсұлтан келді. «Мен, бір ән шығарайын, сен соған сөз жаз» деді Шәмші...
Бұрымды қыз: Қыздың басынан осы көлге байланысты қайғылы жағдай өткен екен ғой? Өйтпесе, неге жылайды?
Қырма сақал Ол көлде, қыздарды қайықпен сан қыдырттық қой. Е-е, заман-ай десеңші! Студент кезімізде бос уақытымызды сол жерде өткізетінбіз. Кейін мына сен сияқты мұрт жіберген соң, Шәмші ағамызға ұқсап, сыра іштік. Бір, таныс ақын жігіттер болды. Олар Мұқағалиға ұқсаймыз деп арақ ішті. Мұқаңа жету қайда? Бауырлары ісіп, қан құсып, өліп қала жаздады.
Ақсақал: Сен де араққа жақын болған сияқтысың ғой?
Қырма сақал: Біздің заманның салты солай болды ғой...
Ақсақал: Мына қызықты қараңыздар! Алатаудың етегіндегі көк-орай шалғынға малынған бел-белестерде мыңғырған төрт түлік мал жайылып жүр. Әр-әр тұстан ағарған ақ шаңқан қазақ үйлерге қоңсылас жапсарласқан қоңыр төбел киіз үйлер мен қостар көрінеді. Ауыл ауылдың арасында аттылы-жаяулы абыр-сабыр тіршілік. Сол ауылдан қомына жүк арттылған бір ақ түйе жетексіз өз бетімен кетіп бара жатыр. Араларын алшақтау ұстап, соңынан ерген біраз жұрттың қарасы көрінеді...
Мұртты жігіт: Бұл – Райымбек атамыздың сүйегін артқан ақ түйе ғой!
Қырма сақал: О жарықтық! Еліміздің жеріміздің киесі осы ата-бабаларымыз ғой! Аруағыңнан айналдым! Тәуелсіздік алғалы Алматының көшелері киелі бабаларымыздың есімдерін иеленіп, «Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Наурызбай батыр» деген атауларды естігенде - арқаңнан айбатты қолдың демеп тұрғаны анық байқалады...
Ақсақал: Мына шалқуыңа қарағанда, сен расында: ақын болайын деп барып, бола алмай қалған жан екенсің!
Қырма сақал: Амал-нешік, елу мылион қой өсіреміз деген ұранға еріп кетпегенде, менен яки ақын, түк болмағанда әнші шығар ма еді? Әп-әдемі дауысым да болған. Жүр ғой, неше түрлісі «фанерамен» шиқылдап, арнау жазып ақын болып!.. (Армандаған адам құсап, алысқа көз тастап, жеңіл күрсінеді).
Ақсақал: Оның рас. Мүмкін, осы ару қала туралы шығарған өлеңің де бар шығар?
Қырма сақал: Баяғыда балаларға арналған «Пионер» деген газет болған. Бір-екі өлеңім соған шыққан. Аудандық газетте басылып тұрдым. Жалпы ақын болатын жөнім бар еді... (Қырма сақал қутыңдап қойып, бір өлең шумағын бастап кетеді).
Жақсы екен ғой Алматым,
Алтын үйек астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.
Келдім сені сағынып,
Алтын ұям - Алматым.
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың.
От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен.
Жер құшам деп көр құшқан
Жауды жеңіп келдім мен.
Сағынышын солдаттың
Сен сұрама, мен айтпан.
Кетті шығып бір ұшқын
Кеудемдегі шыңайттан.
Күлкі-жасы аралас,
Ақын да бір жас бала.
Тербет өзің, мауқын бас,
Алтын бесік - астана.
Жүрмін жортып қызықтап,
Көше қоймай баспаған.
Сыбырлайды жапырақ,
Жалт қарайды тас маған.
Өкпе, назға - манафест,
Жатыр құшып достарым.
Сары алтын күн, думан кеш,
Қанар емес құмарым.
Ән мен күйді сапырған
Сал домбыра- сал ожау;
Сабырлы оймен отырған
Бір қария Алатау.
Неткен сұлу өмір ең!
Қарай берем үңіліп.
Ғажайып бір мейірмен
Келешегің тұр күліп.
Жақсы екен ғой Алматым
Алтын тулы астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған!
Ақсақал: Е-е, бәрекелде! Тамаша жыр екен! Әй қу тықыр, Қасым Аманжол ағаңды бір аунатып тастадың ғой! (Ақсақал кеңкілдей күледі).
Бұрымды қыз: (Оның екі бет алаулап, жырды беріле тыңдап тұрады. Сосын атып түрегеліп, алдыға шығады. Қатты эмоцияға берілгені көрініп тұр).
Аталар, мектепте жүргенде әдеби жыр байқауларында жиі айтатын Алматы туралы бір өлеңім бар еді. (Екі ақсақал мен мұртты жігіт те айтуын қоштай жөнеледі. Қыз сахынаға шыққандағыдай, саңқылдай оқиды).
Мұқағали Мақатаев!
ТҮНГІ АЛМАТЫ
Түнгі Алматы тұманы ашылғанда,
Алатауға ай келіп асылғанда
Нұр жанады, аспанның жұлдыздары,
Алматының үстіне шашылған ба?!
Сүйіседі көшелер көшелермен,.
Бір рақат сезесің еселенген.
Осы сиқыр қалада өскеніңмен,
Таңданасың туристей кеше келген.
Емен, терек еркімен қауышады,
Қайың менеи қарағаш танысады.
Алатаудан басталған ақ бұлақтар,
Алматыға жеткенше жарысады.
Алматыға жеткенде аң-таң болып,
Арықтармен ақырын тартар жолын.
Ашуланып бір сәтте тұра қалып,
Ағылады аспанға фонтан болып.
Судың аты - су ғой, ол бұғына ма,
Тау бұлағы көлшікке тығыла ма?!
Су сәулеге ұмтылып, сәуле суға,
Айналады ғажайып шұғылаға,
Сонда Алматы ұқсайды Құбылаға.
Ұзатылар қыздайын үлпілдеген,
Шақырасың назыңмен, күлкіңменен...
...Жоқ!
Алматы - жүрегі Алатаудың!
Тау ұйқыға кеткенде бүлкілдеген.
Қырма сақал: Осындай өлеңнен соң, ақын болуды армандағанның өзі күпірлік! Айтпақшы, жаңа әзірде сіз не туралы айтып жатыр едіңіз? Ә-ә, ақын-жазушылар!.. Тағы ештеңе көрінеме, қараңызшы.
Ақсақал: (Ақсақал сол қолын сермеп қалып, оң қолындағы таяғын еденге тақ еткізіп, сөйлей жөнеледі). Апырай, қайтсем екен? Қазақтың небір марқасқалары өтті-ау, бұл дүниеден! Солардың көбісі көктей орылды. Аспаннан қан тамып тұр! (Қыз бен ұлдың көздері шарасынан шыға үстерін сипалайды. Оларға ілесіп Қырма сақал да жеңін сүрткілейді).
Ары таманнан сурытпақтауға өзімнің де дәтім жетер емес. Беріректегі бір сорақылық көлбеңдеп, сұранып тұр.
Қырма сақал: Соны айтсаңыз да жетер... Бір-бірін жауға байлап берген кезең болды ғой!
Бұрымды қыз: Аталар-ау, сондай озбырлыққа баратындай не күн туды екен?
Мұртты жігіт: Көреалмастық шығар? Ақын-жазушы, жалпы өнер адамдарын өте таза, арлы деп ойлайтынмын. Қазір инетті аша қалсаң, кешегі тұлға тұтқан адамыңды жерден алып, жерге салған деректі оқып, тұла-бойың түршігеді!
Ақсақал: Ал ұстанып отырыңдар, бастаймын! 1953 жылдың көкек айының 11-15 жұлдыздары. Республика Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының қазақ эпостары жайында бірлесіп өткізген конференциясы өтіп жатыр. Конференцияны Академияның президенті Дінмұхаммед Қонаев ашып, жазушы Мәлік Ғабдуллин мен ғалым Мұсатай Ақынжанов баяндама жасады.
Қырма сақал: Енді мынадай асыл азаматтар бар жерде бассыздыққа жол беріле қоймас? Сіз шатасып кеткен жоқсыз ба?
Ақсақал: Сөзді бөлме. Әліптің аяғын тоссаңшы. Сонымен осы бас қосуда Мұхтар Әуезовке «буржуазияшыл, феодалшыл, ұлтшыл», «кертартпа» деген қаратаңба басылып, конференция соңында оны тұтқындауға құпия шешім шығарылды.
Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкері Абдолла Қылышыбаев інісі Әнуар Әлімжановқа: «Мұхтар ағаларыңды бүгін түнде ұстайды. Ұстазыңа ара түскің келсе, қимылда.» деді. Әнуар Әлімжанов жедел, жолдастарын жинап, ақылдасты. Бірі Мұхтар Әуезовті Тастақтағы елеусіз бір үйге жасыра тұрайық десе, енді бірі Қырғыз немесе Тәшкен асырайық десті. Ақыры Әнуардың ұйғаруымен Әуезовті Мәскеуге жөнелтпек болды. Орталықтағы Мұхтардың досы Александр Фадеевтен ғана үміт бар деп шешті.
Абдолла Қылышыбаев тек қана хабар беріп қана қоймай, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қалибек Қуанышбаевтың үйіне барып, оның депутаттық құжатын әкеліп берді. Аэровокзалда қызмет істейтін бір таныс әйелдің көмегімен Қалибектің атына ұшаққа билет алынып, Мұхтар жау қолынан сусыды.
Мұртты жігіт: Детектив фильм көргендей болдық қой! Менің түсінігімше, Мұхтар Әуезовті бүйтіп қорламақ түгілі, ол кісінің басқан ізіне көлеңке түсуге тиіс емес - қазақтың ардақтысы, алаштың арысы деп білуші едім!..
Ақсақал: Солай қарақтарым... Қазақтың басынан не өтпеді. Сондай бір өз ішінен жау іздеген кезеңді де кешті. Беті ашылған бұны - «қаратаңдақ» десек, әлі қаншама сырын бауырына бүккен «ақтаңдақтар» жатыр... Мына келешек ұрпақ сендер қайталауға болмайтын қарау қылықтарды әрекідік, жарасының қанын сорғалата жыртып, айтып қойған да жөн. Пендешілік жүрген жерде осындай көрсоқырлық орын алады. Саналарың тұрмыс деген батпақтан таза болсын, қашанда.
Бұрымды қыз: Әумин, айтқаныңыз келсін, ата! (Қалғандары да қосылып, бата жасап, беттерін сипайды).
Ақсақал: Менің қайтатын уақытым болып қалған сияқты. Рұқсат болса, жылжиын... (Ақсақал орнынан жайлап тұра бастайды. Сол кезде ар жақтан дабырлаған дауыс естіледі. Қайта оралған манағы екеу бұлардың қасына келеді. Масаң секілді екеуі де).
Қызыл жігіт: Екі шалдың қасында әлі қиялдап отырсыңдар ма? Біз сендерді адам құсап тосып жүрміз.
Мұртты жігіт: Ренжімеңдер, ішіп-шегу бізге қол емес.
Қырма сақал: (Түрі ежірейіп кетеді). Ей сендер наркошасыңдар ма? Жібі дұрыс балаларда нелерің бар? Әйда, жөндеріңе кетіңдер!
Көк қыз: Бізге жөн сілтейтін сен кімсің? Білемісің мені, кімнің қызы екенімді?
Қырма сақал: Мына түріңе қарағанда ит асыраған иттің қызысың!
Көк қыз: Ей шал, қайталашы тағы! (Білегін сыбанып, стойкаға тұрады).
Бұрымды қыз: Жететін шығар осы маскарад! Байдың қызы болсаң өлуіміз керек пе? Иә, әке-шешеміз ауылдың қара сирақ қазағы. Сендер қайдан шықтыңдар? Сенің миллионер әкең, бала кезінде қозы бақпаса мұрнымды кесіп берейін!
Көк қыз: Сен оны қайдан білесің?
Мұртты жігіт: Алматылықпын деген кез келген қазақтың түп-тамыры ауылдан. Демек, бала кезінде қозы бақты.
Көк қыз: Очень логично! Но тупо! Сендер сияқтылар қозы баққандарын мақтан етеді! Жол жиегінде қалып қойған сорлысыңдар!
Ақсақал: Ай, балаларым! Бекер дауырықпаңдар. Біз ру мен жүзге бөлініп болған сияқтымыз. Одан ешқандай опа таппадық. Енді қала мен ауылға бөлінуміз қалды ма? Әлде, бай мен кедей болып, тапқа айырылып қақырауымыз керек пе? Жаңа біраз әңгіме айттым мына екі балаға. Сендерге де соны айтқым келеді. Өткеннен сабақ алу керек. Алдыңғы буын жіберген қателікті сендер қайталамаңдар.
Қызыл жігіт: Ол немене қателік?
Бұрымды қыз: Атаның керемет қабылеті бар! Аспандағы дисплейден өткен өмірді көріп, бізге айтып берді.
Көк қыз: Аталарың алжыған ғой. Мүмкін бұл да шегіп алып, көзіне елестегенді сандырақтаған шығар?
Қырма сақал: Әй, қарағым, байдың қызы! Сен шаңыраққа қара! Үлкен адамға олай сөйлеуге болмайды!
Көк қыз: Ата, аманыңда жолыңды тап! Шаңырақтың шын иесін көрмей тұрғанда!
Қырма сақал: Мына шөпжелке не дейді-ей?
Қызыл жігіт: Ей шал! Саған адамша айтып тұр ғой, кетсейші жолыңмен!
Мұртты жігіт: Саған не жоқ? Ауылдың ең бір сүмелегі екенің былайда көрініп тұр! Мына жылтыраған қызға жабысып, өзіңше болудан ұялмайсың ба? Қайда оқисың?
Қызыл жігіт: Онда шаруаң қанша? Ақша тапсам болды. Бұл қызға мен жабысқам жоқ. Өзі таңдады. Айтшы рас қой? (Көк қызды құшақтайды. Қыз оның қолын кері серпіп тастайды).
Көк қыз: Ішім әбден пысқан соң, төменгі сатыдағы халықпен араласып, сергім келіп еді. Байқаймын, оның да реті келетін түрі жоқ. Сен осылармен қал. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген. Мен кеттім! (Көк қыз бөксесін бұлғаңдатып, аяқтарын шала басып кете барады. Оның соңынан мөлие қараған Қызыл жігіт не істерін білмей жалтақтайды).
Қызыл жігіт: Мынау шынымен кетіп бара ма? Әкеңнің ақшасы болмаса, сен де қазақтың бір қисық аяқ қызы болар едің! (Осы сөзді Көк қыз естіп, артына бұрылып, бұларға ортанғы саусағын шығарып, кете барады).
Мұртты жігіт: Ақылың енді кірді ме?
Қызыл жігіт: Табалап тұрсың ба? Иә, жолым болмады! Оқу оқитын ақшам жоқ. Ата-анам сіңірі шыққан кедей! Сөйтіп, топ бала асырап отыр! Базарда тәшкі итерем. Қалта қағып, ұсақ-түйек ұрлық жасаймын. Осындай бір байшікештің ақымақ қызына үйленіп, ірі ұрлыққа көшсем бе деп армандайтыным рас!
Қырма сақал: «Мен деймін, домбырам не дейді?» Сұмдық қой!? (Сұқ саусағын шошайтып Қызыл жігітті нұсқайды.) Адамды баршылық та, жоқшылық та аздырады деген осы шығар? Біз қалай күн көріп келдік, осы уақытқа дейін?
Қызыл жігіт: Сіздердің тәрбиелеріңіз солай болды. Еңбекті бағаладыңыздар. Ал менің еңбегімді кім бағалайды. Тапқаным тамағымнан аспайды!
Бұрымды қыз: Оқитын адам универ мен колледжге байланып қалған жоқ. Нешетүрлі интенсив курстар бар. Шын ниетің болса, мекен-жайын бере алам. Өзім де соның бірнешеуін оқып тастадым. Соның арқасында жұмысым бар. Және әлі де оқып жүрмін.
Қырма сақал: Міне, дұрыс ақыл! Оқы. Дұрыс жұмыс тап. Менің де өзіңмен тете балаларым бар. Құдайға шүкір, сен сияқты ұрлық деген сөзді аузына алмайды. Әлде, әке-шешеңнің біреуі ұрлықшы болды ма? (Қызыл жігіт айтар сөзін айта алмай булығып, теріс қарайды. Осы арада Ақсақал араға түседі. Ол таяғын көтеріп, Қырма сақалға сөзді доғар дегендей ишарат жасайды).
Ақсақал: Балада нең бар! Құрғақ ақыл ешкімге пайда әкелген емес. Дайын ақша да ұшпаққа апармайтынын жаңа көрдіңдер. Бұл баладан мүлдем түңілуге болмайтынын бір нәрседен байқадым. Мана «Сен, сен!» деп еліріп тұр еді, енді «Сізге» көшіп ақылға кепті. Ана қыз да астамшылық басына тиіп, бір күні есін жияр. Тек, кеш қалмаса болды...
Мұртты жігіт: Ол қыз Нью-Иоркта жүргенде үш уақыт тамағын мен істейтін рестораннан келіп ішетін-ді. Кейде көрінбей кетеді. Қайда болғанын сұрасам «Сендердің ас-мәзірлеріңнен жүрегім айнып, мексикандықтардан тамақтандым» дейтін...
Бұрымды қыз: Алматының бір ресторанын аттамаппын. Асты, бөлмеде өзім әзірлегенді ұнатамын. Және ондай шашылуға ақша қайда?
Ақсақал: «Аса қайрат жанға қас!» деген сияқты аса байлық - адамды аздыратын індет! Тойғанын біліп, қажетін алып, міндетін атқару да оңай шаруа емес. Адамның аңнан айырмашылығы ақылында.
Қырма сақал: Сөзіңіз жөн. Бірақ, мына заман - қорқаулықты дәріптеген, адами ізеттен жұтаған заман болып кеткен сияқты?
Ақсақал: Оның қателік! Қай заманда болмасын ойлы адамның көңілі өз заманына толмаған.
Мұртты жігіт: «Зар заман» деген содан шыққан ба?
Ақсақал: «Зар заманды» тектен-тек зарлау, қайғы-мұңға батып, ертеңнен түңілу деп қарамау керек. Ол кездің өзіндік сыры болды. Оны, басынан бостандығы кетіп, еркіндікті аңсаған жұрттың қайғысы деп есептеген жөн.
Қырма сақал: Оныңыз рас, ақсақал. Ол қайғы мен бұл қайғыны салыстыруға болмайды. Біздікі – кейде, еріккенің ермегіне ұқсап кетеді.
Мұртты жігіт: Сізбен аса келісе алмаймын, кешіріңіз! Әлеуметтік жағдайымыз дамыған елдерге қарағанда талай мәрте төмен...
Қырма сақал: Сенің сол дамыған елдеріңді кезінде қалай деп атағанын білесің бе? «Шіріген капитализм» деді. Аса байлық адамды аздырады деп жаңа мына атаң да айтты. Ұлтымызға жат небір сұмқадан қылықтарды солардан сіңіріп жатқан жоқпыз ба? Олардың өйтіп дамығаны құрысын!
(Бұрымды қыз Мұртты жігіттің жеңінен тартып, «қой» дегендей басын шайқайды. Қызынып алған Қырма сақал сөзін ары жалғайды). Әй, сен осы манада Алматыны үлкен ауылға теңеген сияқты едің. Аузыңның суы құрыған Лондоныңның қай жері артық? (Томсарып, теріс қарап тұрған Қызыл жігіт бұрылып жауап береді).
Қызыл жігіт: Шайтан шатастырып, аузыма келгенді көкіппін! Қайдағы Лондон. Осы Алматыма жететін қала жоқ жер бетінде!
Ақсақал: (Мырс етіп күледі. Маңында тұрғандарға жеке-жеке бажайлап қарайды). «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» деген. Менің де кемпірім алаңдап отырған шығар. Қайтайын...
Қырма сақал: Менің бір құрдасым айтушы еді: «Үйі бар үйіңе, үйі жоқ шидің түбіне» деп... Күн де кешкіріп қапты.
(Бір-бірімен қоштасып, тарасады. Жастар бір бөлек соңында. Ал екі қарт қатарласып бірге бара жатады).
Бірінші актының соңы
Эпилог
Біраз уақыт өткен. Тағы сол орындық. Мұртты жігіт пен Бұрымды қыз отырады. Сәлден соң солардың қасына Қызыл жігіт келеді.
Мұртты жігіт: Сен немене адасып жүрсің бе? Ана жолғы сұлуың қайда?
Қызыл жігіт: Сол кеткеннен көрген жоқпын. Мен тоңып секірсем, ол тойып секірген біреу ғой... (Қызға қарап, шын ниетімен сөйлейді). Саған көп рахмет! Бала кезімнен қалаған бір кәсіптің оқуын оқып, жұмысқа алындым. Базардан ұзап шықпаған соң, Алматының құшағында қандай мүмкіндіктердің бұғып жатқанын білмейді екенсің. Енді арасында уақыт тауып, ағылшын тілі мектебінен дәріс алып жүрмін.
Бұрымды қыз: Ақыры, Лондонға баруға бел буған сияқтысың ғой?
Қызыл жігіт: Иә. Кімнен кеммін? (Бұрылып Мұртты жігітке қарайды. Ол да қощтаған сыңай танытады).
Мұртты жігіт: Шынымен бел бусаң, мен таяуда оқуыма аттанамын. Кеттік бірге. Дайындық курсына түсуге септесем.
Қызыл жігіт: Рахмет, саған! Уақыты келгенде кездесерміз.
Бұрымды қыз: Біз өткендегі екі атаның бірі жолығар ма деп келіп едік, екеуі де көрінбеді.
(Келе жатқан адамның аяқ дабысы естіледі. Анадайдан Қырма сақал келе жатады. Жастар үйіріле сол кісінің алдынан шығады. Дабырласа сөйлеп, орындыққа келіп тізе бүгеді).
Мұртты жігіт: Үлкен атамыз қайда?
Қырма сақал: Жарықтық ол аталарың ұзақ сапарға кетті. Кеше ғана қырқын берді. (Жастар бата жасап, беттерін сипайды. Қырма сақал күрсініп, сөзін жалғайды). Қызық адам еді, өзі... Қылжақпастау, білмейтіні жоқ. Біздің кезімізде әлемге танылған Алматының үш ғажабы болған... Білесіңдер ме?
Бұрымды қыз: Әрине, білеміз. «Қазақстан» қонақ үйі, «Медеу» мұз айдыны сосын...
Қызыл жігіт: Телемұнара!
Мұртты жігіт: Сен оны қайдан білесің? (Қолын шапақтап, күледі).
Қызыл жігіт: Мені мүлдем мақау санайтын сияқтысың-ау, деймін? Алматының тұрғыны емеспін бе!
Қырма сақал: Өркендерің өссін! Алматығы жететін шындығында қала жоқ! Әлде ешқайда шықпаған соң солай ойлаймын ба? Ұлым сен айтшы. Жас та болсаң талай жерді шарлапсың. Қазір де қала көз қарықтыра көркейіп кетті ғой!
Мұртты жігіт: Жаңағы аталған үш керемет өзінің бірегей сәулеттік үлгісімен бәрінен ерекшеленеді. Тегі, заманауи үлгідегі ғиамараттар күллі әлемнің қалаларына тән. Бірінен-бірі асып түседі деуге болады. Менің байқағаным, қаланың құрылысынан гөрі оның бойындағы рухтың ерекшелігі. Алматы жұрты: кең пейілділігімен, соңғы кезде қазақи бауырмашылдығының артуымен бағалы сияқты.
Қызыл жігіт: Егер халықтың тұрмысына сәл-пәл сәулелі нақыш қосып жіберсе, біздің елге жер бетінде ешкім тең келмес еді!
Бұрымды қыз: Тек, тұрмысына ғана емес, санасына да...
Қызыл жігіт: Түсінбедім?..
Мұртты жігіт: Санаңа сәулені өзің құюың керек. Ізден. Өзіңді өзде. (Қызыл жігітті өзімсіне арқасынан қағады).
Бұрымды қыз: Сен түсінген соң тәшкіні тастап, білім іздедің. Тәшкі тартуды - қордың жұмысы деп санамаймын. Ол келесі қадамға бастайтын баспалдақ қана болуы тиіс. Әркім бір нәрседен бастайды. Сен қолың тисе, менің жұмысымдағы психологиялық тренингке келсеңші.
Қырма сақал: Менің жасымдағыларға бола ма?
Бұрымды қыз: Жас шектеу жоқ. Сіз де осы заманның адамы емесіз бе?
Қырма сақал: Көштен қалған жаман арбаға ұқсамау керек дейсіңдер ғой?
Мұртты жігіт: Марқұм ата, сізден де үлкен бола тұрып, көңілі жүйрік еді. Бізді бала сияқты алдарқатып, ойнатып отырып өз ойын жеткізуші еді ғой.
Бұрымды қыз: Сол тапқырлығы арқылы ойлантты. Егер біз ойланбасақ, осы жерге ол кісіні іздеп келмес те едік. (Көңілдері босағаны көрініп тұрады. Қырма сақалды аса қомсынбағандары да аңғарылады. Жастар Қырма сақалмен қоштасып жөндеріне кетеді. Қырма сақал жалғыз қалады).
Қырма сақал: Аруағыңнан айналайын расында киелі кісі екенсіз? Гүлге жиналған бал арадай мына балалар да өзіңізді аңсап, отырған орныңызға келіпті. Мені адам құрлы да көрмеді. Олар түгілі өзім өнеге алуға даяр ағам едің! Айғыз-айғыз әжімім ғана ата екенімді танытып, ал, ар жағымда салдыр-күлдір бос қуыс жатқанын енді байқадым. Өзіңіздей ақсақалдыққа жету үшін қандай қаракет қылсам екен? Сақал жіберіп, басыма тақия, үстіме шапан киейін бе? Қайтейін?..
(Орнынан түрегеліп, келген жағына қарай жылжиды).
Шымылдық
Заман Төлеуов