Жайтөбеден шыққан жайсаң ер – 60 жаста

Жаңалықтар
2444

Қасиеті дара Шығыс Қазақстан топырағында туып, ұлттық рухта тамырланған елеулі тұлғалар баршылық.  Құсман Кәрімұлы Шалабаев – өмірі өнегеге толы қазақтың сондай дара азаматтарының бірі. 

Құсман Кәрімұлы Шалабаев

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген тарихи кезеңнің басында жаңа нарық жүйесі заңдылығын меңгеріп, кәсіпкерлікпен айналыса бастайды да, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында, ұзамай бизнес биігін бағындырады. ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының мемлекеттік құрылымын жаңа өркениеттілік тұрғыда қайта құруды мақсат еткен Алаш қайраткерлерінің идеясын қолдап, қаржылай көмегін аямаған қазақ байларының жолын жалғастырып, еліміз егемендігін енді алған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін Құсман Кәрімұлы ұлттық руханиятымыз бен мәдениетімізге өзіндік үлесін қосумен келеді. 

«Қазақ едік туған түгел бауырға алған басқасын,
Әрбір қазақ жалғызымсың, қымбат маған бас-басың», - деген өлең жолдарынан қазағы үшін жанын беретін азаматтық тұлғасын айқын көреміз.

Еліміздің рухани-мәдени тынысына әуел бастан саналы түрде араласа бастаған Құсман Кәрімұлының ақындығы да, композиторлығы бір бөлек. Сол сияқты, Шәкен Аймановтай кино генийінің «Тақиялы періште» фильмінің жалғасын түсіріп, жаһандану дәуірінде ұлттық бет-бейнесін жоғалта бастаған қазақ қоғамының дертінің дауасы іспетті, ұлттық бояуы қанық «Тайлақтың тақиясы» фильмінің дүниеге келуіне тікелей себепші болды. Қино өнерінде өзіндік ізін қалдыруда Құсман ағаның ендігі ойға алған мақсаты – «Қабанбай батыр» тарихи фильмін түсіру. 

«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Президенті ретінде тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау және дамыту мақсатындағы басқа да жоба-жоспарлары аз емес.

«Қазақ тілінің дәрежесі көтерілуі үшін алдымен, ұлттық рухты көтеру керектігі айтпаса да түсінікті. Алайда, «Абылай хан», «Батыр», «Түркістан», «Қазақстан» сынды ұлттық рухты асқақтататын қасиетті атаулар адамды аздыратын ішімдікке беріліп, дүкен сөрелерінде тізіліп тұруын қалай түсінеміз?! Ішімдік шығарып сататын «Бахус» сынды кәсіпорындар бұл атауларды пайдалануға рұқсатты кімнен алады? Ішкі нарық маркетингіндегі осындай жүгенсіздіктерге біз тек заң арқылы ғана тыйым сала аламыз. Ол үшін қазаққа ерекше ардақты салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар, рухани жауһарлар мен тарихта қайталанбас із қалдырған тұлғалардың есімдерін патенттеп алудан басқа жол қалмайды. 

Менің өзім ұлттық ерекшелігімізді айшықтайтын тақияны, сондай-ақ, елі мен жері үшін білектің күшімен, найзаның ұшымен күрескен қайсар ата-бабаларымыздың қаһармандығының символы болып қалған садақты патенттедім. Ендігі жерде ешбір елдің өкілі бұл құндылықтарды иеленіп кетпесі анық», - деп, патриотизмнің үлкен үлгісін көрсеткен Құсман ағамыз бүгін 60-тың асқарына шығып отыр. 

Адам баласының ұзақ өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Жайтөбе тауының бауырындағы кіндік қаны тамған жерін қалай сүйсе, елін де солай сүйетін Құсман ағамыздың бергенінен берері көп. Ердің бұл кемел жасы Құсман ағамыздың екінші шығармашылық  тынысын ашқай деп тілейміз! Себебі, Құсман ағаның алға қойған сүбелі де сүйекті шығармашылық жоспарлары жүзеге асар болса, олардың барлығы да тәуелсіз қазақ руханиятына қосылатын өлшеусіз үлес болып қалары анық. 

 Анар Қабылқақ

әдебиеттанушы

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...