Түркістан шаһарында Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен “Түркістан – Ер Түріктің б...
Жабал Шойынбет. Жамбылға неге жала жабамыз?
Атын атауға қорқатын жұқпалы дерт тағы бір досымды алқымнан алып, тынысын тарылтып, есін жидырмай қайтпас сапарға аттандырып жіберді. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінің меңгерушісі Тоқтар Әлібеков қазақтың ауыз әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан әдебиетші – ғалым еді.
Өмірден өткеніне аз ғана уақыт болған досым Рафат Әбдіқұлов екеуі инемен құдық қазғандай ғылымдық жолдың «қара жұмысшысы» еді. Ғылымда да әділетсіздік көп-ғой, бұл екеуі маңдай тері ағыл-тегіл тамшылап, күн демей, түн демей жұмыс істейтін, бір қызығы олар жасаған еңбектің мақтауын көбінесе басшылық жасаған пысықтар естіп малданса, бұлар мақтау дәметпейтін, істеген істерінің нәтижесінен нәр алып, қарапайымдылығынан танбайтын мейрімді жандар. Тоқтар бүкіл қазақ әдебиетінің асыл қазынасы жауһар жырлардың жүз томдығын құрастырушылардың негізгі маманының бірі болса, Рафат классик жазушы, шынайы академик Мұхтар Әуезовтың елу томдығын құрастырушылардың негізгі маманының бірі еді. Осы екеуінен он төрт жыл бұрын жыр алыбы Жамбыл атамызға жала жапқандарға қарсы мақала ұйымдастырып, сұхбаттасқан едім. Сол мақаланы бүгін көпшілікке ұсынып отырмын. Бұл мақала әлі күнге дейін мән-маңызын жойған жоқ деп білемін. Әрі әртүрлі пікір қайшылығында жүрген жастарға Тоқтар мен Рафаттың ауыз әдебиеті мен Жамбыл мұрасын ұзақ жыл зерттеп барып айтқан ой-пікірлері дұрыс бағыт беріп, ой өрістерін кеңейтуге ықпал етеді деп үміттенемін.
Жамбылға неге жала жабамыз?
Орыстілді «Собода слова» газетінің бетінде кейінгі кезде оқтын-оқтын қазақ ұлтының ірі тұлғаларының қоғамдағы беделін төмендетуге бағыт алған орынды-орынсыз, ғылыми негізсіз мақалалар жариялануда. Бұл мәселе мені де ойға қалдырды. Алғашқыда жеке пікірімді білдіріп, мақала жазғым келді. Бірақ өзіммен қызметтес, ауыз әдебиетін, Жамбылды зерттеп жүрген достарыма сұрағымды қойып, солардың пікірін бергенді жөн санадым. Менің сұрағыма байланысты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Тоқтар Әлібек, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Рафат Әбдіғұлов өз ойларын былайша өрбіткен еді.
Тоқтар Әлібек, филология ғылымдарының кандидаты:
– Жалпы, кейінгі кезде ұлы тұлғалар туралы көреғар пікірлер пайда болды. әсіресе Жамбыл Жабаевқа, оның өлеңдеріне байланысты, «ол өзі жырламаған, біреулер жазып берген» деген секілді дақпырт көп. Меніңше, бұл – Жамбылдың мұраларын, қазақ әдебиетін білмейтін адамдардың таратып жүргені. Себебі қалай айтсаңыз да, Кеңес дәуірі – үлкен дәуір. Оны біз тарихтан сызып тастай алмаймыз, жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, соның ішінде көптеген ақындар болды, халық ақындары қай кезеңде де қоғамнан тыс қала алмады. Кеңестік кезеңде, сол кезеңнің саясатын, идеологиясын, Ленинді, Сталинді жырламаған ақын жоқтың қасы, ендеше ондай өнерпазды табу да қиын. Мәселен, «Свобода слова» газетінің редакторы Гүлжан Ерғалиеваның әкесі – айтулы ақын Хамит Ерғалиев. Ол туралы Кеңес кезеңін, Ленинді жырламады деп айту қиын. Алайда ақынның қызы өз газетінде «Жамбыл ақынның жырларын өзге біреулер жазып берген», «тапсырыспен жазады» дегеніне таң қалып отырмын. Бізде мұрағаттарды қарасаң, том-том кітаптар Ленинге арналған. Күн-көсем туралы атақты ақындардың барлығы жырлады. Тіпті халық ақындары, Арқадағы Шашубай, батыстағы Нұрпейіс, Кенендердің бәрі де идеологиядан тыс қала қойған жоқ.
Жамбыл атамыз – Қазан төңкерісіне дейін Жетісуға ғана емес, бүкіл қазақ еліне, қырғыз еліне танылып қойған ақын. Әдебиетіміздегі мүйізі қарағайдай академиктердің арасында да ол туралы жазбағаны жоқ. Әдебиеттен сәл хабары бар адам Жабаевтың жырын жаттады десек, артық айтқандық емес. Жамбыл туралы кереғар жазатындар, қайбір топтардың мүддесін қолдап, әдейі жаңсақ деректер тарататын сыңайлы. Әйтпесе Жамбылды күстаналауға еш ілік жоқ. Мәселен, Жамбылдың 1881 жылы Құлмамбетпен болған әйгілі айтысын алайық. Сондай-ақ азулы ақын Сарыбаспен айтысы 1895 жылы болған, оның да хатқа түскен бірнеше нұсқасымен таныстық. Олар туралы жазылған мақалалар бар. Шашубаймен айтысы 1909 жылы Алматыда өткен. Жамбылдың Кеңес дәуірінен бұрын да ірі тұлғалармен бірге жүргені, Жетісудың батыр, билерімен, Тезек төре, қырғыздың батыры Шәбден, Ноғайбай, Құдайбергендердің жанында өлең айтқаны, жырларын, дастандарын шығарғаны белгілі. Біз кезінде бір ақынды «байды жақтады», бір ақынды «кедейді жақтады» деп таптық тұрғыдан қарадық. Шын мәнінде олай емес. Өз елінің, өз жерінің, өз руының жоғын жоқтаған Жамбыл Құлмамбетпен айтысқанда өз руының, Шашубаймен айтысқанда бүкіл Жетісудың, қырғыз ақындарымен айтысқанда бүкіл қазақтың атынан сөз айтып, солардың мүддесін көздеді, дәріптеді. Олай болса, мұндай деңгейлі ақынды «Ленинді, Сталинді мадақтады» деп жата қалып табалаудың реті жоқ. Мақтасын, мадақтасын. Өйткені ол да қоғаммен тыс өмір сүріп жатқан ештеңесі жоқ қой. Ал кеңестік саясат ақындарды Кеңес өкіметін мақтауға мәжбүрледі. Сондықтан бәрі де мұндай бастамадан тыс қалмады. Бүгінде «Совет өкіметін мақтаған» деп ақындарды жоққа шығара берсек, кіміміз қалады? Совет өкіметі Жамбыл атамызды үлкен мінберлерге алып барды, сол үшін айтқандарын жазатын хатшы берді. Рас, Жәкеңнің білімі төмен болғанмен, көкірегі ояу еді. Ол саясаттың тереңіне бойлап барған жоқ. Сондықтан оған арнайы адамдар бағыт-бағдар сілтеді. Өлеңдерін газетке шығарғанда да редакциялық заңдылық бойынша өңдеді. Бұдан «Жабаевтың жырларын хатшылары жазып берді» деу – мүлдем теріс түсінік. Себебі Жамбыл олардан өлең сұрайтын адам емес! Егер Жәкең ақындықтан ада не танылмаған жан болса, ол туралы бейталант дегендей пікірдің қисыны келер. Бірақ мына мақала «Свобода слова» қатты қателесіп, мүмкін қателескісі келіп отыр.
Рафат Әбдіғұлов, жамбылтанушы:
– «Свобода слова» газетінде жарық көрген Жамбылға, Қарасай батырға қатысты мақалаларды да, кейінгі жарияланымдарды да оқыдық. Бірнеше қазақ газеті жауап материалдар берді, олардың авторларының ішінде атақты ақын жазушылар, ауыз әдебиетін де, жаба әдебиетті де жетік білетін ғалымдар бар. «Свобода слова» газетінің бетінде мамандығы құрылысшы Серіктес Тоққұлов есімді азаматтың мақаласы шықты, жақсы уәждер айтылған. «Свобода слова» газеті бұл тақырыпқа бірнеше мәрте оралды, сұрау салып, айғай салып, ірілі-ұсақты тағы да мақалалар шығарды. Олардың ішінде газет бетіне мақала да беруге жатпайтын өте ұят мәселелер де кездеседі. «Свобода слова» газеті ұйымдастырған Жамбыл туралы мақала тарихи шындыққа керемет жаны ашығандықтан жазылып отыр деуге келмейді. Бұл жерде ұсақ пендешіліктің нышаны көзге ұрып тұр. «Свобода слова» газетіндегі осы тақырыпқа жазылған мақалаларда бірнеше рет Олжас Сүлейменовтің атына сілтеме жасалған. Біздің студент кезімізде «Аз и Я» кітабы жарыққа шыққан. Оны әрең дегенде сонау Атыраудағы курстас жолдасымыздың аулынан алдырып оқығанбыз. Сол кітаптың басында Олжастың «для благонамеренного читателя» дейтін сөзі бар болатын, сол кезде қатты ойланып ем, сөздің мағынасын онша түсінбеген де шығармын, қазір ойлап қарасам, Олжас кітабының үлкен жарылыс тудыратынын алдын ала сезіп, ескергендіктен «благономеренный» деп жазған шығар. Жамбыл мен Қарасайды тақырып еткен мақаладан ешбір терең ғылыми білімдарлықты көре алмадық, дәлел таба алмадық. Жамбылға, Қарасайға жаңағы Олжас айтқан «благономеренный» көзқарастың жоқтығы анық сезіліп отыр. Жамбылға тағылған негізгі екі айыптың бірі оның жырларын хатшылар, аудармашылар жазған дейді. Екінші айыптың түрі мынау: «Жабаев сталиншіл болған». «Қисыны солай-ау» деп, адамдар от басы, ошақ қасында отырып Жамбыл «сталиншіл» деген әңгімені жиі айтуы мүмкін. Бірақ ойлану керек қой. Ана жылы «ОРТ» телебағдарламасында орыстың атақты режиссері Никита Михалковпен өткен сұхбат есімде қалыпты. Журналист қайта-қайта бұрып әкеліп, айтулы балалар ақыны, әкесі Сергей Михалковтың Кеңестік кезеңде жақсы өмір сүргенін Никитаның алдына таңа берді, Сталинмен жақсы қатынаста болғанын айта берді. Сондағы кіші Михалковтың журналиске айтқаны:
- Сіз білесіз бе, Сталин жөнінде ең жақсы өлеңді кім жазды? Журналисте жауап жоқ. Никита Михалков сөзін жалғап әкетіп былай деді:
- Білмесеңіз айтайын. Сталин жайлы ең көркем өлеңді Пастернак жазды.
...Енді Жамбыл шығармашылығына сталиндік тақырыптың қалай енгені туралы. 1936 жылы Жазушылар одағының үлкен жиынында қазақ ақындарына Сталинді жырлауды міндет ету мәселесі көтерілген және осы жиналыс қаулысының бір пунктінде нақ Жамбылға Сталинді жырлатудың жайы арнайы көрсетілген. Сол кездегі Жазушылар одағы төрағасының қолы қойылған бұл құжат мұрағатта сақтаулы. Сондай-ақ президенттік мұрағат қорындағы бір құжатта Жамбылға "сталиндік тақырыптың" қалай үйретілгені жайлы үлкен материалдар бар. Жоғары шенділер, атақты адамдар Жамбыл аулына кесте бойынша кезек-кезек келіп, оған Сталин туралы дәріс оқыған. Тіпті Жәкеңе қандай кітап оқыту керек, қандай кино қарату керек деген мәселе бойынша бағдарлама жасақталған. Жамбыл болса, орысша білмейді, газет-журнал оқи алмайды ғой.
Бұл ретте Жамбылға түрлі дәрежедегі лауазым өкілдері келіп, «Жәке, Сталин – мынадай адам, Ворошилов деген – мынадай-мынадай. Сіз олар жайлы былай жырлауыңыз керек» деп, тапсырыспен жырлатқан. Осы кезді есіне ала отырып, 80-жылдардың ішінде Жамбылдың жақын келіні Қантай есімді апамыздың мынадай әңгіме айтып бергені бар:
- 1938-1945 жылдары Жамбылдың ауылына барып, үйіне қонақ болған адамдарға күтуші сияқты көп қызмет істегем. Со кезде күтпеген жерден дүр етіп есік алдына машина тоқтай қалатын да, алматылық өкілдер қаптап кететін. Жәкеңмен амандаса салып, о кісіні «мынадай-мынадайды айтыңыз» деп қинай бастайтын еді. Сонда Жәкеңнің айтқан мына сөзі әлі есімде: «Өй, сендер, мені неге зорлайсыңдар, сендер менің өз айтқанымды жазып алмайсыңдар ма?»
Жамбылдың Сталин тақырыбындағы өлеңдері өзінің көзі тірісінде жарыққа шықты да, олар кейінгі жинақтарының барлығында басыла берді. Өзімнің тиісті ғылыми тақырыбым бойынша соңғы он шақты жыл ауқымында 32-жылдардан бергі «Социалистік Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Казахстанская правда» газеттерін парақтап шығуға тура келді. «Правда», «Литературная газетаны» да қарадық. Осылардан Сталинді дәріптеу қай жылдан басталғаны анық көрінеді. Әдебиетке идеологиялық қысым, меніңше, 1932-1934-жылдары басталған, ал 1936-жылға жақындағанда Сталинді дәріптеу тіптен әсіреленіп кеткен, Ұлы Отан соғысы басталғанда бұл тақырып сәл саябырсығандай көрінгенімен, соғыс біткесін қайтадан күш ала бастаған. Сол газет-журналдарды ақтарған кезде ешқандай сталиншіл деп күдіктенуге болмайтын ақын-жазушылардың, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің Сталин туралы мақалаларын кездестіргенде таңқаласыз. Ең бір лирик деген ақындардың өзі Сталинге поэма да арнаған, толғаулар да арнаған. Сол кездегі көптеген жазба ақындардың өлеңдері, тіпті көлемі жағынан да Жамбылдың Сталин тақырыбындағы жырларынан асып түседі. Жалпы, XX ғасырдың 50-жылдары кітабын шығарған жазба ақындардың шығармаларын саралаған кезде олардың 60-70% Сталинді дәріптеу болғаны анық байқалады. Орыс әдебиетінде де солай болған. Арнайы түрде алғашқы кітабы сол кезде шыққан ақындардың кітабында әр 5-6 өлеңнің 3-4-інде Сталин дәріптеледі, поэмада да солай. Осыған қарап қазақтың мықты ақындарын «сталиншілсің» деуге болмайды ғой. Ескерерлігі, Сталин өлгеннен соң көзі тірі ақындар кейінгі жинақтарына әлгі «табынушы» өлеңдерді енгізген жоқ. Міне, олардың Жамбылдан айырмашылығы осында болды. Қай бір жылғы Ғабиден Құлахметтің «Жамбыл сталинист пе?» деген мақаласын оқыдым, сонда көп нәрсенің беті ашылып, жақсы айтылған. Әрине, «Свобода слова» газетінің журналисі Ғабиденнің мақаласымен таныс болмағаны көрініп тұр. Жамбылды сталиншіл десек, сол кездегі жазған, еңбек еткен ақын-жазушылардың бәрі сталиншіл болып шығады.
Аудармашы Павел Кузнецов Жамбылға өлең жазып берген деген дәйек ұсынады. Ал Жамбыл шығармаларының орысша аудармаларының көбі қазақша нұсқасымен көркемдік жағынан төмен екені белгілі. Сол себепті «аудармашылар өлең жазып берді деу» еш қисынға келмейді.
Жамбыл шығармалары жайында ең бірінші 1924 жылы Шамғали Сарыбаев жазған. Ол Жамбылдың қандай шығармалар айтатынын, ақындық тұлғасы туралы қысқаша мәліметтер беріп кетті. 1931 жылы Сәкен Сейфуллин «Қазақтың ескі әдеби нұсқалары» деген жинақ шығарды. Онда Жамбыл мен Құлмамбет айтысы берілген. Яғни бұл Жамбылдың әлі идеологиялық орамға алынбаған кезі ғой. осы айтыстың арабша жазылып алынған бірнеше нұсқасы Ғылым академиясының ғылыми кітапханасында жатыр. «Өтеген» жырының бір нұсқасы ұлттық мұрағатта саналуы. Олардың көбісі араб, латын әріптерімен жазылған. Қайдағы бір Шостаковичке, Брусиловскийге сенгенше, соларды саралау керек. Бұл тақырыпта мақала жазғыштар сондай-ақ, ең алдымен, Жамбылдың хатшыларының, аудармашыларының жазғандарын, естеліктерін оқуы керек еді. Біреу айтты екен деп, күллі қазақтың айтулы тұлғасына жала жабуға бола ма? Айтпақшы, Ленинградта туып-өскен Брусиловский соғыс жылдарында Қазақстанға келді. Соғысқа қатысқан жоқ. Нұрғиса Тілендиев, «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаев сияқты қазақтың біртума дарындары соғысқа аттанғанда Брусиловский соғыс кезінде де жақсы өмір сүрді, «оқ тиіп кетеді» деп уайымдаған жоқ. Ал Жамбылға үй салып беріп, материалдық көмек жасалынғаны кейбір адамдардың көңіліне сыймағаны байқалады. Мұрағатта сақталған хаттарды оқысаңыз, сол кезде белгілі адамдардың Жамбылға жасалған қамқорлықты қызғанғанына куә боласыз... Евгений Брусиловскийдің атын шығарған музыкалық шығармаларының дені қазақтың халық музыкасының негізінде жазылған. Қазақ музыкатанушылары осының бәрін зерттеп, еңбектер жазып жатыр, бірақ солардың біреуінің «Брусиловский – плагиат» деп айтқанын естіген емеспін. Мемлекеттік мұрағатта Брусиловскийдің естеліктері бар, соны оқысаңыз, тек Жамбылға ғана емес, қазақтың басқа да ірі тұлғаларына қатысты өте нашар өсек-аяң, ғайбат сөздерді айтыңқырап жібергені аңдалады. Бірақ Жамбыл Жабаев туралы болсын, халқымыздың өзге де тұлғалары туралы болсын, жүйелі түрде мақала жазуға бекінген адам біржақты кетіп қалмай, жан-жақты ғылыми ізденіс жасағаны жөн. Жамбыл жайлы Ғылым академиясының арнайы жіберуімен 3-4 жылдай Жамбылдың өмірін зерттеумен айналысып, материалдар жазған Сапарғали Бегалиннің еңбектерімен де танысуға болады емес пе?
Жабал Шойынбет,
Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры