Әкеммен теңесуге жеткен жоқпын (Эссе)

ӘДЕБИЕТ
4219

Бұл-менің мектеп жасындағы сонау алпысыншы жылдары болған жағдай еді. Бірде үйдегі үлкен сандықты ашып, ішінде не бар екенін көрмек болғаным бар, бұндай кебежелер әр отбасында бар болатын. Бұнда ең бір қадірлі деген заттарды алып сақтайтын, мен де өзіме керек бір дүниені іздегенмін. Сандық ішінен орамалға оралған бір қат құжат шықты. Қандай қағаздар екен деп бір-бірлеп ақтара бастадым, қолыма әкемнің әскери билеті түсті. Әкемді отбасының ұйтқысы ретінде қадір тұтатынмын, осындай қиын-қыстау шақта көп балалы шаңырақты асырап-жеткізу де оңай шаруа емес екенін білемін. Біз аш-жалаңаш бола қойған жоқпыз, бірақ осы жағдайды жасау әкеме жеңіл түспегенін кейін есейген шақта ғана аңғардық. Сол тұста әкемнің өткен-кеткені, оның ата-тегі жайлы әңгіме қозғамалмаушы еді. 

Манағы табылған әскери билетті қарап отырып, марапаттары жазылған тұсқа көзім түсті. Ұлы Отан соғысы туралы толық мәлімет алған оныншы сыныпта оқитын кезім еді-бұл, әкем «Орден Славы 2 степени» және «Орден Славы 3 степени» ордендері және «За отвагу» медалімен марапатталыпты. Бұндай құрмет сержанттық және қатардағы солдаттарға тек айрықша ерліктері үшін ғана берілетін-ді. Бір ығыты келгенде әкемнен соғыс туралы сыр тартпақ болдым, ол от пен судан өткен кәнігі ғой, соғыс жайлы сөйлеуге құлықсыздық танытты. Тегі әкем тез араласып кететін, бауырмал адам, кейде әңгімесінің шыны мен қалжыңын айыру оңайға түспеуші еді. Ол өзінің «Орден Славы 1 степени» құрметіне ұсынылғаны жайлы айтатын, бірақ оны алмапты, иесін таппаған орден осы күнге дейін Қорғаныс Министрлігі мұрағатында жатыр ма екен, соны іздеуді ешкім қолға алмады, мүмкін әлі де қарастырса кеш емес шығар? 

Майданнан аман-есен оралғанын қуаныш санап, әкем орден-медальдерін кейін балаларына үлестіріп берген еді. Салпыншақтарды кеудесіне таққанды мақтан санамайтын, қарапайым адам еді, сондығы болар өкіметке де ешқашан алақан жайып, қан төктім деп жеңілдік сұрап көрмеген жан. Оның туыс қарындасы Бибатырова Ғайныкен Айдарханқызы обком хатшысы болып істейтін, бірақ оның демеушілігін де әкем қаламады. Толық дәрежелі атаулы орден-Кеңес Одағы Батыры атағына сай келетіні белгілі. Бұндай атақ-шенсіз де әкем мен үшін батырлардың батыры. 

Жайдарыланған бір сәтінде ол маған өткені жайлы суыртпақтап айтқаны бар-тын, әкем соғыста атпен жүріп шолу жасайтын барлаушы болыпты. Украина жерінде олардың бөлімі қоршауға түседі. Бір топ барлаушылар орман ішінде украиндықтардың хуторы маңында бой тасалайды. Күндіз орманды паналап, түнге қарай хуторға барып тамақтанып, жараларын емдеп, тіпті қалауын тапқандар қыз-келіншектермен көңіл де қосқан көрінеді. Жастық шақты қойсайшы! Әкем аққұбаша адам еді, сақал-мұрты мен шашын қоя берген соң мүлдем еуропа өңдес болып шыға келеді. Ол бір жолы хуторда қалып қояды. Түннің бір кезінде автомат асынған немістер сау ете түседі, үй иесі пысық әйел көрінеді, әкеме: «сен мылқау болып пеш үстінде тыбыр етпестен жата бер» деп кеңес береді. Сонымен немістер бөтен біреулер бар ма, жоқ па деп үйді астан-кестен қылады. Пеш үстінен әкемді сүйреп түсіріп, денесіне штык қадап сұраққа алады, бірақ оны «мылқау бауырым» деп таныстырған үй иесі шыр-шыр етіп арашалайды. Қанша азаптаса да әкем мойымай, шын мылқау адамша мыңқылдап, немістерді сендіреді. Осындай өмір мен өлім арасында туындаған талай оқиғаны әкем басынан кешірген көрінеді. Кейінгі бейбіт күндерде де небір хиқаялар болған екен, бірақ оны да өз жөні келгенде айта жатармыз. 

Қалжың-шыны аралас әкем кейде шешеммен керілдесіп қалған кезде: «Ана жақта ұлым бар, миымды жей берсең соған кетіп қаламын!» деп қоқан-лоққы жасайтын. Қазір өзім алпысты алқымдап қалған шақта көп нәрсеге өзгеше қарап, әкемнің сол бір сөздерін жас болғандығымнан түсінбегендігімді енді аңғарамын, сөйтемін де іштей өкінемін. Кіндіктес он тоғыз баланың ішінен қанды соғыстан соң тек әкем ғана аман қалыпты, өзінен туған мен балаларының ең үлкені едім, мүмкін ол мені өзінің інісіндей көргісі келді ме екен, «інісі бардың-тынысы бар» демекші, қасында өзіне тете бір жақын адам жүрсе деп аңсайтын да болар ол, сондай-ақ соғыс көріп қаны қарайса да, бар болмысы әлі бала сынды әкем ата-анасының аялы алақанын аңсап жаны жүдесе де жақсылықтан күдер үзбеген сыңайлы. 

Сол кезде әкемнің жан дүниесін түсіне алмағаныма қатты өкінемін, аракдік ол менің түсіме кіреді, бірақ ол мені тек қорғап-қоршап қана жүретін секілді. Әкем есіме түскен сәтте жүрегім сыздап қоя береді, оның алдындағы өтелмеген парызым мұхит сынды болар сірә, Жаратушыға әкемнің көңілін қалдырған жерім болса кешірім ете гөр деп, мың қайталай жалбарынамын. Әкеме деген бойымдағы рия сезімнің тазалығы мен дархандығына шек жоқ. Міне алпыстың ауылына таяп, самайды ақ шалып, біраз белді, біраз дөңді асып, біраз жетістікке де қол жеткізген кемел шақтамын. Жиырма шақты кинофильмнің продюсері және директоры болдым, ҚР-дың еңбек сіңірген қайраткері, Кинематографистер одағының мүшесімін осыған қарамастан мен әкеммен теңесе алмаймын. Оның бойына біткен тума талант тағдыр тәлейіне орай толық ашылмады, мүмкін ол генерал да болар ма еді, әлде мемлекет қайраткері, не десекте ол ӘКЕ, осы бір ғана атау оны бәрімізден биіктетіп, ұлы көрсетеді.  Тасболат Мерекенов

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...