ҚАРАУЫЛ – ҚАРАОЙҚайтпас болдың райдан –Қарауылда жеңдің, Мұң!…Қай-қайдағы о...
Эдогава Рампо. ЖҮЗІК
Эдогава Рампо (21 қазан 1894 — 28 шілде 1965) Шын есімі Таро Хирай. Жапон әдебиеті детектив жанрының негізін қалаушы. Детективтік жанрының Батыстағы алыбы Едгар Поға деген қайран-құрметінің ықпалымен өзіне Эдогава Рампо есімін таңдаған. Әсіресе 1920-1930 жылдары Когоро Акэтиді қаһарман етіп бейнелеген көптеген роман, әңгімелерімен Жапон қоғамына кеңінен мәшһүр болды. Жапония детектив жазушылары қоғамының шешімімен 1955 жылы тағайындалған «Эдогава Рампо сыйлығы» кезінде осы қоғамның негізін қалаған қаламгердің құрметіне аталып, жыл сайын беріліп келеді. Жазушының шығармаларының көбіне фильм түсірілген. Рампоны құрмет тұтқан Юкио Мисима жазушының «Куротокаге» атты шығармасын пьесаға айналдырады және оның желісімен түсірілген фильмде өзі басты рөл ойнайды.
А: Айып етпеңіз, бұрын сізбен бір поезда сапарлас болып па едік?
В: Аа иә, айыпқа бұйырмаңыз, сізді байқамаппын. Енді таныдым. Бұрын да осы бағытта жолаушылап бара жатып кездесіп едік, солай ма?
А: Иә. Тосын бір бақытсыздыққа ұшырағансыз.
В: Сондай бір қиын жағдай болған-ды. Ол кезде не істеп, не қоярымды білмей, әбден абдырап қалып едім.
А: К. Станциясынан енді ғана өткенбіз, сіз жанымдағы орындықта отырғансыз. Чемодан қойғыштан сумкаңызды алып, ішінен бір дорба мандарин шығардыңыз. Сосын маған да мандарин ұсындыңыз. Шынымды айтсам сізді дәл сол сәтте соншалық сыпайы қабылдадым десем, өтірік айтқан болар едім.
В: Әрине, солай түсінген боларсыз. Әдетте ондай емеспін. Сол күні бәлкім, шайтан түртті мені.
А: Біз мандарин жеп жатқанымызда, алдымыздағы бірінші номерлі вагоннан біздің вагонға бір топ адам іркес-тіркес кіре берді. Ілезде вагон іші абыр-сабыр боп кетті. Араларында бір әйел барды және жанындағы кондукторға сізді ишарат етіп бірдеңелер сыбырлап жатты.
В: Мәссаған, есте сақтау қабілетіңіз күшті екен! Кондуктор маған: «Ей сен! Бері кел, менімен», дей бергенде-ақ ішім бір сұмдықты сезді. Содан кондуктор, әйелдің алмас жүзігін жоғалтқанын және мені де қалта ұрысы санап айыптағанын естігенде бек қайран қалдым.
А: Бірақ, ұстамды екенсіз. Егер мен болсам, барынша түс суыта, мұныңыз қай-жайдағы қисынсыз сандырақ. Бұл ханымның мені басқа біреумен шатастырып тұрғаны анық. Қаласаңыз, қойны-қоншымды тінтіп көріңіз, деп тікесінен қайырар едім.
В: Өтінем, бұлай қалжыңдамаңыз.
А: «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» деп, кондуктор да сіздің төбеңізден тырнағыңызға дейін тіміскілеп бақты ғой. Әйелдің күйеуі де қомпылдап, тап ойыншығын жоқтаған баладай жанқалтаңызды ақтарды. Бірақ сонша тінтіп ештеңе таппаған соң, жұрт ұяттан кірерге тесік таппағандай болды. Сізден қалай ғафу өтінерін білмей, әбден састы. Сол сәттегі бейнелері қатты күлкілі еді.
В: Бірақ кінәсіз екенім дәлелденген соң да, жолаушылар маған үдірейіп, бір түрлі қарай берді. Тіпті, ешкім жол бойы жұмған аузын ашпады.
А: Шынымен бір түсініксіз жағдай еді, солай ма? Жүзікті еш жерден таба алмады.
В: ... ... ...
А: ... ... ...
В: Аһаһһаһа! Жоқ, артық ақымақша ойын ойнауды доғарайық. Мұнда бізді ести қоятындай ешкім жоқ. Енді сіз, біз деп сызылудың да еш қажеті қалмады.
А: Сонда, шынымен де сен...
В: Әй, сен де бір. Сау сиырдың боғы емессің-ау! Сол сәтте, менің терезеден мандарин лақтырғанымды ешкімге айтпадың. Тек қана терезеден сыртқа көз салдың. Құдай ақы соңынан келіп жүзікті алу үшін қайда лақтырғанымды әбден есіңе сақтап отырған боларсың. Тап бір профессионал сияқты едің.
А: Шындығында, мен тісқаққан қу әрі орайшыл (оппортунист) адаммын. Бірақ сен алдымды орап кеткенің үшін, затты алу бақыты маған бұйырмады. Бес тал шіріген мандариннен басқа ештеңе таппадым мен.
В: Мен де терезеден бес тал мандарин аттым.
А: Жүзікті батырып жасырған жеміске бір тесік салдың бәлкім. Әккі неме менен бұрын апыл-ғұпыл ұшып жетіп жүзікті алдың ба, сонда?
В: Аһһаһаһаһаһ! Еһ, саған неге күліп жатқанымды әлі аңдамадың ба? Бәрін керісінше түсінгенің үшін күлдім.
А: Пах, мұнда тағы бір қитұрқы гәп бар де. Онда мандариндарды терезеден сыртқа не үшін лақтырдың?
В: Байыптап ойлап көрші өзің. Жанымды салып бірдеңе ұрладым. Оны бір мандаринның ішіне жасырдым делік. Ол жемісті темір жолдың жағасына, ойланбастан лақтыра саламын ба? Лақтырсам кім алар оны, кімге бұйырады? Жығылып-сүрініп жеткеніңше ол сол жерде сені күтіп тұра ма?
А: Ендеше жүзікті жасырған мандаринды айтпадың. Жүзікті таба алмаған соң өзім де солай жорып едім.
В: Тыңда, былай істедім. Жүзікті қымқыру барысында аяқ-асты епсіздігім ұстап, әйелді секем алдырып алдым. Содан бәлеге ұрынғанымды түсініп, уайымдай бастадым. Ойланып жатуға уақыт жоқ-ты. Сенің орындығыңның қасына келіп, біраз аңдап қарадым да, соңымнан келетінін білдім. Міндетті түрде кондукторды ертіп келер еді, ұсталып қалсам, біткенім осы дедім іштей. Ашығы, қорыққаннан жүрегім аузыма тығылардай болды. Қалайда жол тауып құтылуым керек-ті, бірақ қырсыққанда сенген ақылым, қарманарға қармақ қаптырмады. Құдай ақы, айтуға ұяламын, өне-бойымды үрей буды.
А: Әрине, ондай да болады.
В: Бірақ қалайда бірдеңе ойлап табар едім. Анау өзіңе жақсы таныс бір дорба мандарин мәселесі. Әрине жеміс ішіне жүзікті жасырғанымды байқағаныңда сенің үнсіз қалатыныңа мүлде сенбедім. Іштей бұл адам жүзікті жасырған жерді бүтін жұртқа жайып салады дедім. Сосын мандарин дорбасына жасырғанымды білсе, әркімнің назары дорбаға ауады. Себебі, мандарин ішіне бірдеңелер жасыру – кітаптағы ең ескі тәсілдердің бірі. Бұны әркім біледі. Ал, түсіндің бе, енді?
А: Ооһ, ойың жаман екен найсап. Мені де ит құрлы көрмедің, жолың болғыр.
В: Сонымен мені неге қолды қылмай жасырып қалдың? Үсті-басымды тінте бастағанда-ақ, енді, енді айтып салатын болды деп көзім бақырайып сілейіп де қалдым. Бірақ сен жұмған аузыңды ашпадың. Қойны-қонышмды, жанқалтамды ақтарғанда да, ләм деместен сазырайып соңын күттің. Мен де, «Пай, мына оңбаған жемді жалғыз жұтпақ», деп ойладым. «Орайды оңтайлы пайдаланып, мандаринды өзі жинап ап, тайып тұрмақ». Тап сол сәтте күлкі қысқанда, өзімді зорға ұстадым.
А: Аһеһ һеһ һеһ... Мен де қатырған екенмін. Тоқта, тоқта. Сонда, жүзікті сен қайда жасырдың? Кондуктор өне-бойыңды қоймай тінтті. Аузыңның ішіне, құлағыңның тесігіне дейін қарады. Бірақ ештеңе таппады.
В: Сен ба, сен барып тұрған қансорғышсың.
А: Тоқтасайшы, сен. Мұны шешуміз керек. Әйтеуір, қайта кезігетінімізді білдім, сондықтан сені сатпадым. Қылжақтамай, айт. Қандай айла жасағаныңды маған да үйрет, бір керегі болар.
В: Аһ һаһ һа... Қоя сал.
А: Айт, енді. Тағатымды тауыспа. Құдай ақы, шынымен білмеген соң сұрадым.
В: Жақсы. Айтайын. Маған әсте, ашулана көрме. Негізі оны, сенің беліңе асқан темекі қапшығыңның ішіне салғам. Сен де бейғам боп шықтың, мүлде байқамадың. Аһ һа һа! Сосын жүзікті сенен қашан алып үлгергенімді білесің бе? Сен әлгі «құтты» мандаринды асығып-үсігіп жинауға кеткенде.
1925ж.
Аударған: Естемес Шакіржан