Ақжан Машани – қазақтың үлкен геолог ғалымдарының бірі. Геология, минерология саласына қосқан...
3 - наурыз. Қазақ әдебиеті. Ақындар мен жазушылар.
3 наурыз – Дүниежүзілік жазушылар күні. Бұл кәсіби мейрам – «Төртінші билікті» демократиялық баспаның жағымсыз аспектілеріне қарсы шығуға, жалған жарияланымдардан бас тартуға, қасақана жасалған фальсификациялардан фактілерді әдейі бұрмалау немесе саяси, топтық және жеке мүдделері үшін оларды арам пиғылмен интерпретациялауға қарсы болуға шақырады. Жазушылар күніне орай "Мәдениет порталы" бірнеше қазақстанық ақын-жазушыларға арнайы сауалнама ұйымдастырып еді. Олардың ой-пікірлерімен таныса отырыңыздар!
Сауалнаманың сұрақтары:
І. Бүгінгі Қазақстандық қаламгерлердің қоғамдағы рөлі қай деңгейде?
ІІ. Жаңа заман жазушысы қандай болу керек?
ІІІ. Еліміздегі Пен клубтың жұмысын қалай бағалайсыз?
Ахмет Өмірзақ, ақын:
І. Қаламгерлердің қоғамдағы рөлі туралы айтпас бұрын ондай ықпал-әсер деген бар ма, жоқ па дегеннің басын ашып алу керек шығар!
Қалай десек те капитализмге көшіп бара жатқан елміз, ал ондай қоғамда жұрт біреудің ақылымен өмір сүріп, жеке басына қажеті жоқ нәрсеге қызыға бермейді. Материалдық құндылықтар алға шығып кеткен заманда жұртқа қандай жазушы керек? Меніңше, ендігі қазаққа Әуезов, Нұрпейісов, Кекілбаев, Мағауин секілді әдебиетті өнериет тұрғысынан бағалап, сол үшін еңбек ететін қаламгерлер керек емес-ау. Өйткені қазір көркем әдебиет туындыларын емес, «Екінші болма», «Ойыңды өзгерт, өміріңді өзгерт», «Богатый папа, бедный папа» секілді мотивациялық кітаптарды оқитын жастар көбейді. Неге? Оларға баюдың жолын үйрететін, материалдық игілікке қол жеткізуге себі тиетін кітаптар керек. Сондықтан классикалық тұрғыда қаламгерлер деп аталатын қауымның қазіргі қоғамға ықпал-әсері мүлде төмен. Болашақта тіпті қажетсіз болуы да мүмкін. Дүние қуған, өмірінің мәнін ақшамен бағалайтын ұрпақ өсіп келе жатқанда жазушылық керексіз кәсіптің қатарына қосылатыны сөзсіз. Біздің қазіргі әдебиетке деген ынтамыз кеңестік кезеңнің инерциясы ғана...
ІІ. Бүгінгі заманда қоғамды тәрбиелеуден гөрі соның сұранысына сай әрекет жасап − өнім шығару әлдеқайда оңай. Оны жұрттың көбі түсініп келе жатыр. Демек, жазушылар да өз кәсібінен табыс табам деп ниеттенсе, жұртқа не керегін зерттеп, ел оқығысы келетін тақырыпта кітап жазу керек шығар. Сондай-ақ, ендігі жағында өз талантына мастанып өмір сүретіндер емес, істеген ісін халыққа жеткізу жолында тер төгіп, былайша айтқанда, пиар жасай білетін қаламгерлер озады. Халық қазір кімді таниды? Теледидардан көп шығатын не интернетте шу шығарып жүретін қаламгерлерді біледі. Бір жерде артық сөйлеп қойған не біреуге тиісіп жатқан қаламгер болса, бүкіл БАҚ соны жалаулатып, халықтың назарын аударады. Демек, бүгінгінің қаламгері үнемі елдің көз алдына жүретін болуы тиіс.
ІІІ. Шынымды айтсам, Ұлттық кітапханада өткен ПЕН-клубтың жиналысына бір-екі рет қатысып көрдім. Біз, қаламгерлер дегенде, танымал ақын-жазушылар есімізге келетін ұрпақпыз ғой. Ал мен еліміздегі ПЕН-клуб мүшелері қатарында газет-журналда, телевидениеде жұмыс істейтін журналистер мен режиссерлерді көріп таң қалдым. Оларға тек кәсіби жазушылар мүше бола бермейтінін кейін білдім.
ПЕН-клуб арқылы оның мүшелерінің шетелдерде аударылып жарық көріп жатады ғой, бірақ соның нәтижесі қандай екенін көпшілік біле бермейді. Осы сұраққа жауап берер кезде интернет ақтарып қарадым, сонда қазақ ПЕН-клубы туралы жартымды нәрсе жоғын байқадым. Тек өткен жылдың мамырында еліміздегі ПЕН-кубтың басшысы Бигелді Ғабдуллиннің zonakz.net сайтына орысша берген сұхбаты ғана тұр. Онда соңғы жылдарда М.Әуезов, М.Мақатаев, Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев, О.Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, С.Елубай, С.Жүнісов, Г.Бельгер, О.Бөкеев шығармаларының Англия мен АҚШ-та аударылып басылғаны жөнінде айтылыпты. ПЕН-клуб басшысының айтуынша, әр аударма кітап қатты мұқабамен 150-200 данамен шығарылып, тұсаукесер жасалады екен. Кейін жұқа мұқабамен шыққан кітаптар және олардың электронды версиялары Amazon, Barnes&Noble, Ingram арқылы сатылатын көрінеді. Ал мен бұл мәліметтерді осыдан үш жыл бұрын ПЕН-клубтың жиналысында естігем. Демек, жаңа ештеңе болмай жатыр деген сөз.
Ұйымды басқарып отырғандардың ерік-жігері мықты болып, оған іскерлігі қосылса, Қазақ ПЕН-клубы қазақ қаламгері жасаған мықты туындыларды әлемге танытуға себі тиер еді деп ойлаймын.
Мерей Қарт, ақын:
І. Армысыздар! Халықаралық жазушылар мерекесімен қаламгерлерді құттықтаймын. Шығармашылық жетістік тілеймін. Қоғамның сұранысы өзгеріп, тыныс-тіршілігі кеңіген сайын жазушы қауымның да артар жүгі ауырлай береді. Сана мен болмыс арасындағы біртұтастық тұлғалық имидж қалыптастырады. Ал, қоғам ілгері дамыған сайын, кемшілік те қоса жүреді. Кез-келген жазушы қоршаған ортасына интелектуалды деңгейде әсер етіп, оқырманды ойландырып, парасат пайымының жоғарлауына ықпал жасап, ұлттық құндылықтың да жоғалумауын тілге тиек еткен жөн. Ең бастысы қоғамдық психология, билік пен халық арасындағы мәңгілік тақырыптардан да сырт қалмауы тиіс. Міне сонда жазушының шынайы келбеті ашылады. Қоғамдағы рөлі де айқындалып, азаматтық ұстанымы мен ар алдындағы борыш ақталады.
ІІ. Әр жазушы әр түрлі ойлағандықтан ортақ миссия болмайды. Көркем шығарма арқылы заман шындығын яки қоғам келбетін әр жазушы қалай жеткізгісі келеді өз еркіндіктерінде. Оқу мәдениеті төмендеп кеткен заманға тап болдық. Сондықтан қазіргі жазушылардың алдындағы үлкен сын осы өтпелі кезеңнен оқырманды алып шығу. Қоғам психологиясын терең меңгере отырып, сұранысқа ие шығармаларды зерделеп тұрып жазу жүкетеледі. Ескілікті көксеген дүниелерге қызығушылық аз. Жаңа заман келбетін ашуымыз қажет.
ІІІ. Қолынына қалам ұстаған кәсіби жазушылардың ынтымақтастығын арттырып, халықаралық әдеби байланыстарды кеңейту мақсатында Пен клуб жұмыс жасайтынын білеміз. Жоғарыдағы артылған міндетті қаншалықты атқарып жатқаны қарапайым оқырманға белгісіз. Тек жазушылар арасындағы байланысты емес, оқырманға да назар аударғаны жөн деп ойлаймын. Халықаралық ұйым болған соң қазақ жазушыларының шығармаларын шет елге де кеңінен насихаттауға күш салуы тиіс. Кезінде Ә.Кекілбайұлы, О.Сүлейменов, Қ.Мырза-Әлі, Ф.Оңғарсынова, Г.Бельгер, Д.Исабек, Т.Әбдік т.б. классиктер мүше болып, Пен клуб жұмысы ілгерлегенін де байқағанбыз, қазір бұл іске білек сыбана кіріскен жазушы көрмеппін. Қазіргі заманға ең керегі еді.
Бақытжан Алдияр, ақын:
І. Қазақстандық қаламгерлерді қайдам, Шымкенттік қаламгерлердің азғантайының сіз айтпақшы, «рөлі» «сценарий бойынша» да, қалғанының билікке сөзі өтпейді. Қоғам, халық тыңдаған сөзді билік тыңдамаған соң «бозторғай басымен».
ІІ. Жаңа заман жазушысы кәзіргі тілмен сөйлесек, өз-өзіне pr-менеджер, жеке кәсіпкер, саудагер, әр ситуациядан, кез келген тығырықтан жоғарыға алақан жаймай, ләппәй тақсырмен сытылып, солай ғана күн көре алатын пысық болуы керек шығар?!
ІІІ. Пен клуб дегеннің атын ғана естігем...
P.S. Бұл кезінде пәлен жыл жоғары мәртебелі мәмләкәтіміз бен һурматлу һәм иззатлу партиямыз үшін жастық шағын берген, түген басшы қызметтерді де атқарған, сол үшін сотталған, бүгінде 13 жылдан бері жұмыссыз жүрген көп қазақстандық ұлт деген көптің бірінің сөзі деп қабылдаңыздар. Құдай әркімнің де, әрнәрсенің де ақырын бергей!!!
Есбол Нұрахмет, жазушы:
І. Қазақстан қаламгерлерінде қоғамдық рөл жоқ деуге болады. Ересек ақын-жазушының көбін халық «жағымпаз» деп ұнатпайды. Жастардың көбін танымайды және танитындай деңгейде жұмыс жасалып жатқан жоқ. сондықтан Қазақстандағы қаламгерлердің ешқандай да қоғамдық рөлі бар деп айта алмаймын.
ІІ. Жаңа заманның жазушысы шыншыл болу керек. Шығармашылықта да, өмірде де. Бүгінге дейін баруға жасқанатын немесе ұялатын тақырыптардың бәріне қажет болса еркін бара білу керек. Білімді, еркін ойлы, қиялшыл болу керек деп білем.
ІІІ. Өз басым ешқандай да Пен клубты естіген емеспін.
Жанат Жаңқашұлы, ақын:
І. Бұл күнде ақын-жазушының қоғамдағы рөлі ХХ ғасырмен салыстырғанда екі есе төмендеді. Ал одан арғы дәуірмен салырғанда көп төмен десек болады. Асан қайғыдан бері тартқандағы жыраулардың қоғамдағы орыны қандай еді? Абай заманында да ақын тақтан тая қойған жоқ. ХХ ғасырда ең көп қуғын көрген, теперіш көрген осы қаламгерлер еді. Басқа мамандық иелерінен қарағанда көп атылған да осылар. Асау арынын Совет үкіметі осылай басты. Жуасытып, идеология құралына айналдырып қойды. Бірақ толық тұқыртып, құрта алған жоқ. Азат ойлы ақын-жазушылар болды. Жұбан Молдағалиев, Бердібек Соқпақпаев, Олжас Сүлейменов, Сағат Әшімбаев, Мұхтар Шаханов сынды ағаларымыз және тағы басқа тарпаң мінезді жандар. Ал бүгінгі ақын-жазушылар бірнәрсеге ықпал етіп жатыр деп айту қиын. Айтқанды билік тыңдамайды. Жазғанды халық қана оқиды. Тыңдаса Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов аталарымыз айтты ғой... Халық ақындарға жаутаңдап қарайды. Әлденеден үмітті. Алайда сол халқымыздың өзі өз арманы үшін күресу керегін ұмытып қалған. Ұмыттырған. Ұмыттырып келеді. Ал ақын-жазушы не істеу керек мұндайда? Баяғыда Польшада бір дүмпу болатын болып, туған жеріне келген Фридерих Шопенді польшалықтар «ертең елде дүмпу болады. Сен композиторсың. Сен мұны көрмей-ақ қой» деп елден шығарып салыпты. Ал біздің кейбір арандатушылар керісінше үлкен ағаларымызды алдыға салып арандатқысы келеді. Еремін десе Шаханов ағамыз неше жыл күресті ғой. Кім ерді? Қазір Шаханов өз мүддесі үшін күресті деп сыртынан пыш-пыштаймыз. Рас, кейбір ақын-жазушы ағаларымыз Советтік психологиямен ақын-жазушы биліктің идеологиялық қаруы болу керек, үнемі оның сөзін сөйлеу керек деп түсінеді. Қоғамға қадіріміз кеткені сол шығар. Мұндайда ғажап жазушы Төлен Әбдік ағамызды ұстын қылғанымыз жөн. Ол кісі айтады: «Біз мақтасақ көкке көтереміз. Даттасақ жерге кіргіземіз. Айналайындар-ау, үшінші жолы бар ғой. Қарсы шығып айта алмасаң, айтуға болмайтын болса үндемей-ақ қойсаңшы» деп. Біздің ақын-жазушылар осы үшінші жолды ттаңдаса дейміз. Биліктің қателігін көре тұра көпіртіп мақтамай, үндемей-ақ қал. Біз өткен дәуір мен ХХ ғасырдағы даңқ пен атақтың буымен жүрміз.
ІІ. Жаңа заман жазушысы мынандай болу керек деп қағида құрғанымыз болмас. Әр заман өз жазушысын туғызады. Әйтсе де біз өз танымымызға қайтуымыз керек. Қазіргі әлемдік атақты жазушыларды оқыңызшы. Қайсын алсаңыз да біз ХХ ғасырға тастап кеткен дүниені қаузап жүр. Габриэль Гарсия Маркес, Пауло Коэло, Ю Хуа, Орхан Памук, Холед Хосейни дейтін жазушылардың еңбегін оқып отырсаң бәрі қазақта болған баяғы ертегішінің баяны. «Ғажайып реализм» (Чудесная реализм) біздің қиссаларда толып жатыр. Не бір ғажап бар қазақтың ауыз әдебиетінде. Соған оралуымыз керек. Тек жазбаша. Тобық Жармағанбетов атамыздың «Отамалысы» секілді дүниелер керек. Мысалға Ю Хуаның «Өмір сүруі» (Жить) мен Холед Хосейнидің «Мың жалқын күн» (Тысяч сияюших солнц» кітаптары ұлттық трагедия, ұлттық апатты баяндайды. Ал қазақтың көргені аз ба? Қанын шығарып жазсаң біз көрген ашаршылықтың өзі қаншама бестселлерге арқау. Біз қайткенмен түп-санаға оралуымыз керек. Жаңа заман жазушысы дегеніміз бабалар өткен соқпаққа қайта түскен жазушы.
ІІІ. Пен клубтың бірде бір отырысын көрмегендіктен оған баға беруімізге болмайды. Жұмыс жасап жатыр деп үлкен ағалардан естиміз. Сәттілік тілейміз!
Досхан Жылқыбай, жазушы:
І. Біздің халық ақын мен жазушыны халықтың мұң-мұқтажын айтушы деп ұғады. Мұны кеңес өкіметі қалыптастырған стеротип деушілер бар. Бірақ халық санасындағы бұл стеротипті кешегі өкіметке жаба салу әділетсіздік. Өйткені, хандық дәуір кезінде-ақ хан мен халық арасындағы көпір ақын-жыраулар болған еді. Бұл сол кездерден қалыптасқан түсінік. Айыбымыз сол, осы түсініктен арыла алмай жатырмыз. Оған қаламгерлер де кінәлі. Әрқашан саяси көзқарастарын ашық жариялап, оны публицистикалық стильде үн қатып отырады. Мен жазушының не ақынның көркем мәтінге, көркем шығармаға түспеген пікірін, көзқарасын мойындағым келмейді. Мойындаудың да қажеті шамалы деп ойлаймын. Қаламгер көркем мәтін тудырушы адам. Оның қоғамға, саясатқа көзқарасы да сол шығармаларынан ғана көрініс табуы тиіс. Ал қазір қазақ қаламгерлері көркем шығарма мен публицистаның ортасында. Қоғамдағы рөлі де осындай аралық күйде деп ойлаймын.
ІІ. Жаңа заман жазушысына қойылатын бірінші талап – интелект. Кең әрі кешенді білім. Әдебиет тұрғысында ғана емес, жан-жақты. Тіпті білімді адам эталоны болуы керек шығар жазушы.
Өзіме жазушы ретінде қояр бірінші талабым осы болса, екінші принциптерден ада болу. Қатқан қағидамен жазуға болмайды бүгін. Оның үстіне принципшіл адам – көп жағдайда білімсіз келеді. Сол білімсіздігін «әлдебір» принциптермен жасырушылар.
ІІІ. Естігенмін. Ұшырасқам жоқ.
Жәлел Қуандықұлы, ақын:
І. Бүгінгі қазақстандық қаламгерлердің қоғамдағы рөліне жақсы деген баға беруге болады. Қоғамдық пікір қалыптастырып, елді соңынан ерте алатындары баршылық. Қазақстан жазушылар одағын, облыстық филиалдарының, еліміздегі іргелі газет-журналдар жұмысын қаламгерлер жақсы жүргізуде. Парламенттегі Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан сынды сүйегіне сөз сіңген ағалар елдің мұңын жоғарыға жеткізіп, билік пен екі ортаға алтын көпір болып жүр. Айта берсек көп. Бірақ, жазушы қауымның қоғамдағы қадірін арттыратын, Тыныштықбек ағам айтпақшы, ұлттың рухани байлығын ұлттық идеологияның темірқазығы етіп алып, баяғы кітап оқитын қоғамды қайта қалыптастыруға күш салу керек. Қазір осы жағынан келгенде өліара кезеңде тұрғандаймыз...
ІІ. Меніңше, жаңа заман жазушысы жан-жақты болуы тиіс. Өйткені, шығарманы жазып тастап, жүре беру деген жарамайды. Алдымен көп ізденуі керек. Ізденгенде де, қазақ әдебиетінің озық үлгілерін және әлемдік классиканы сүзіп оқып шықса құба-құп. Кейін, қазіргі «айтаққа еру» деген жаман кеселден аулақ болуы қажет. Әйтпесе, әркімнің қолжаулығына айналып, өзін жоғалтады. Оның орнына әр минутты бағалап, өзін дамытсын. Заман талабына сай, нарық заңына бейімделіп, шыққан кітабын оқырманға жеткізуді де білгені жөн. Әрине, біздің қаламгерлерге бұл оңай тимесі анық... Сонымен қатар, ескі кеңестік дәуірден қалған көзқарастардың керегін ғана алып, жаңа дәуірге бейімделе отырып, ешкімге жалтақтамай, жұмыс істеп, табыс тауып, еңсесін тік ұстап жүрсе екен.
ІІІ. Шынымды айтсам, елімізде ПЕН клубтың бар екенін білемін, алайда, оның жұмысынан мүлдем хабарсызбын. Қырып-жойып жұмыс істеп жатыр десе, құлағдар болатын едік қой...
Есесіне, Қарағандыда «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығы, Таразда «Авангард» клубы, Нұр-Сұлтанда «ТӘЖ» клубы жақсы жұмыс істеп жатыр. Мәселен, «Жыр-Жауһар» орталығының құрылғанына биыл 15 жыл. Мирас Асан, Жанат Жаңқаш, Ерқанат Кеңесбекұлы, Алмаз Мырзахмет, Жадыра Байбұланова, Ерболат Қуатбек, Жәнібек Әлиман сынды талантты қаламгерлер осы «Жыр-Жауһарда» қанаттарын қатайтқан. Сосын осындай шығармашылық клубтарда құр мақтай бермей, көбіне шығармаларды талдап, сұрыптауға мән берілсе екен. Сонда даму болары анық...