Ақын Батырхан Сәрсенханның «Мәңгілік гүл» атты жыр кітабы оқырманға жол тартқалы отыр. К...
ЖАЗУШЫ ЖАНАТ АХМАДИ ТУРАЛЫ ЭССЕ
Қазақтың белгілі қаламгері Жанат Ахмади туралы ойлансам, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасындағы Күреңбай сейіс аузымен көркемделген сәйгүлік көз алдыма келеді.
Бұл тұлпар келіп тұрған әбден бабы,
Салбырап тұрғанына деме «Жабы».
Маңдайы жарқырап тұр жануардың,
Ашылып тұр осы аста мұның бағы…
…Мен Жанатпен, қазіргі қасында қосын жегіп жүрген көпшілік ақын- жазушылардың көбінен бұрын, Сырдарияның сағасына орналасқан «Келінтөбе» елді мекенінде ертерек ұшырастым. Ер азаматтың егері мойнына кетіңкіреп жүрген тұсы болатын. Өзі көпшілікпен ұшырасуға тайсақтаңқыраса, көпшілік те бұл азаматқа үрке қарайтын сияқты ма, қалай?Әйтеуір, осы екі аралықта анау айтқан жарасымды жылылық байқалмайтын. Тұрып жатқан үйінің иесі, өзінің туған ағасы Келінтөбе орта мектебінің мұғалімі Оразхан Ахмадиұлы біздің Айымторы деген бауырымыздың жолдасы болып шықты. Елде күйеу жігітпен әзіл өте қатты болады. Ол да соған әбден көндіккен жан. Ұшырасқанда тістесіп-ақ қалатын, ақысын жібермейтін. Сол ағасымен аз кем пікрлескенде, өзі де осы бір жауыр сауалдан қажып, шаршағаннан шығар, айтары қысқа болды. «Талдықорғанда шекаралық аймақта жүргені үшін түрмеге қамап, жындыханаға жатқызып, көресісін көрсетіп, маған қосып жіберді. «Ініңіз шекаралық аймақта бұлай жүруіне болмайды, кідіртпестен өзіңізбен бірге алып кетесіз, ол жаққа барған соң, ие болмасаңыз, жоғары білімді кадр ретінде бізге жауап беретін боласыз» деп әбден шегелеп жіберді. Содан жазушы боламын деп үйде бүк түсіп жатыр. Қазір де сырттай бақылауда…» деді.
Бұл жауап көңілді жұбата қоймады. Өйткені, бұл кездесуден бір-екі ай бұрын Жанат туралы аудандық «Коммунизм жолы» газетінде (арнайы тапсырыспен жазылған болуы керек), «Бұл неғып ел кезіп жүрген адам?» деген негізде жұрт назарын аударарлық оқшаулау мақала жарияланған. Әдетте мұқату мақсатында жазылған кейбір дүниенің кейде ел ықыласын арттырар ерекшелік жағы басым болып кететін жағдайлар болады.Жұмбақ Жанат жайлы жазылған бұл мақала да мен үшін осындай пікір қалыптастырған. Тегін адам, тектен тек жер кезіп, әулие әмбиелерді аралап, ел назарына түсе бермейді. Жанат сол кезде, күні кеше артында қалған өз ұрпақтары іздеп тауып, басына кесене көтерген Төлек ата бабасының қалың қамыстың арасында қалған, көзден ғайып болғалы тұрған мүрдесін тауып, құран оқытып, алғаш басына шағын белгі орнатқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Ел арасында осылайша аты аңызға айнала бастаған жұмбақ жан туралы жұрт аузынан естігеннен гөрі, маңында жүрген соң, өз көзіңмен көріп, ауызба-ауыз тілдескенге не жетсін. Жанат алғаш ұшырасқанда көзге ұршықтың сабындай ғана болып көрінгенімен, тобылғыдай шымыр тартты. Қанарының аузын сөге білсең, көмейінен біраз нәрсе төгіліп-төгіліп кеткелі тұрғандай… Ол үшін жанды тамырын басып, өзін біраз қыздыру керек сияқты.
«Орнынан сырғыған тас оп-оңай орныға қояр ма?..» Қытайдың Қызай–Шеру елінен келіпті. Әкесі, аты аңыз болып елге жеткен«Жауынгер Шеру» атанған Керімбек қазының інісі Ахмади зәңгі болып шықты. Жалған-ай десеңші, осындай ұялы терек, рулы елден шыққан апталдай азамат елге келіп көзге түрткі, жал-құйрықсыз жалқы кезбе болып отыр…Тыңдар құлақ болса, Мұхтардың «Абай жолы» романын, Шыңғыстың «Жәмиласын»ұзақ түнге жатқа соғатын қарилығынан жергілікті тұрғындар құлақтанып қалған екен. Бұндай тума қабілет қашан да ерді елден ерекшелендірер құдірет қой. Қара сөзбен жазылған эпопеямен сол кезде абыройы шарықтап тұрған Жәмиланы қырғыз тілінде жатқа соқпақ түгілі, шындығы керек, ол кезде өзіміз жазған өлеңді өзіміз әзер жатқа оқып жүрген болатынбыз . Сол сапардан есімде қалғаны Жанаттың «Өшпес іздер», «Зерделі кебіс» атты көлемді екі повесі мен «Дүрбелең» романының алғашқы тараулары осы ауылда жазылып,қолжазбасы қолтығында жүрген. Сол кезде мектеп табалдырығында оқып жүрген, бүгінде белгілі ақын бала Есенғали Раушановтың да қарасын алғаш рет осы Жанаттың қасынан көріп қалып, аз-кем қамқор болғаным бар… Сол кезде естелігімнің бір бетінде;
Зәңгіден қалған бөлтірік,
Қаридай сайрар желпініп.
Есенғали іліп кетіп тұр
Өлеңнің сәнін келтіріп… – деп жазыппын.
Ол кезде белгілі бір мекемеде жұмыс істемеген жанды милиция қадам бастырмайтын заман еді ғой. Жанат ауылдың шежіреші қарты Салмырза ақсақалды маңайлаңқырап жүр екен. Осы өңірдің жер-су атауы тарихын көкірегіне түйген көне көз қария болатын. Жазушының әдеті емес пе, қажетті деректерді түрткіштеп жүрген болар. Көп ұзамай,Түркістан ауданының Шорнақелді мекеніне қарай бой жасырып, асып кеткенін естідім…
Жанаттың 60 жылдығы Алматыдағы Жазушылар үйінде аталып өтті. Сол бас қосудан бір күн бұрын, ойламаған жерде темір жол вокзалында ұшырастырып қалдым.Өткелі жатқан мерей кешіне арнайы шақырды. Қысылмай бір-екі ауыз жылы лебіз білдіргенімді мақұл көрді. Ойланып қалдым. Жазушылардың қара шаңырағында ығай мен сығай қалың жазушылардың арасында жазушы туындысына, затына пікір айту оңай шаруа емес. Туып-өскен жерден жырақтау жердегі бөгделеу ортада мұндай бас қосу өткізу ойланған жанға оңай шаруа емес. Оның үстіне, кейінгі кітаптарынан да хабарсыздау едім…
Ертеңіне кездесуге кешігіңкіреп келдім. Кешті одақ төрағасының орынбасары Берік Шаханов жүргізіп отырды. Үлкен залда төраға Нұрлан Оразалиннің өзі бастаған, Қабдеш Жұмаділовтер қоштаған ығай мен сығай, зиялы жазушылар төбесі көрінді. Жанатты білетін жазушылар кезек-кезек сөз алып, мінбеге шығып, жақсы-жақсы пікірлер айтып жатыр. Сөздері мен пікірлері салмақты. Толымды болмаса да төгілген маңдай тер мен еңбекке берілген баға, жылы пікір Жанаттың да жанын жадыратып отырған сыңайлы. Жүзі жарқын. Сахнада отырған адамның көзі қырағы болады ма, әлде Жанаттың шалымдылығы ма, үлкен залдың соңғы жағына жайғасқанымды байқап қалып, жүргізуші Берікке өзі ескертіп, мені кезектен тыс сахнаға шақыртты. Қысылған кезде санаға сап етіп оралар кейбір жайттардың да адамға дем беріп жіберетін кезі болады. Елде жүргенде осы Жанат Алматыға кетер кезінде айтты деген еміс-еміс естіген бір аңыз әңгіме құлағымда қалған-ды. Сол кәдеге жарады. Кәдеге жаратқан әңгімем әлі күнге жадымда;
« – …Мен бүгін бәріңіз мақтап жатқан Жанатты жазушы еткен Жаңақорғанда, егері мойнына кетіңкіреп жүрген кезінде алғаш рет ұшырастырдым. «Жал құйрықсыз жалғыз кезбе» болып жүрген кезі болатын. Қазір, өзі көбірек келтіріп айтатын «Данышпанның көзі зынданға түссе, зынданның түбіне күннің сәулесі түседі» деген мақал есіме түсіп отыр. Осы Жанат кешегі Қонаевтың кезінде Жоғарғы Кеңестің төрағасы болған Исатай Әбдікәрімов ағамыз қызметінен түсіп, Қызылордада облыстық «Союзпечать» мекемесінің бастығы болып тұрғанда артынан іздеп барып;
— Исеке, әкем байғұстан құлағымда қалған, «Ақылды тақта отырған патшадан сұрама, тақтан түскен патшадан сұра» деген нақылы сізге жетелеп келді. Ел басшысы болып тұрған кезіңізде алдыңызға бұлай жетіп кіре алар ма едім, кіре алмас па едім, Жаратқанның маған жасаған жақсылығы, бүгін алдыңызға қиналмай кіріп, еркін әңгіме айтып отырмын. Осыған жасап отырған шүкіршілігімді өзімнен артық дәл қазір кім білсін деп қолтығындағы көтере барған қолжазбасын алдына тартады ғой… «Жыланды қанша кессе де кесірткедей қауқары бар» деген емес пе, алғашында «Кәрінің тілін жас алмайды, өлінің тілін тірі алмайды» деп отырған қара тілдің су жорғасы Исекең соңында уәжге жығылып, үйіне ертіп барып, түстік шәйін ішкізіп,көзбе-көз Алматыдағы Олжасқа телефон соғыпты. Жанаттың Олжаспен, әлемнің Айтматовы атанған Шыңғысқа барып жолығуы, соңынан бір кітаптан соң бір кітабы шығып, жазушы атануы осы кездесуден соң басталды…
Менің айтпағым, жеріміз қанша кең деп мақтанғанмен, қытайдан келген соң, бүкіл Қазақстанға сыймай жүрген Жанат бауырымыз алғаш біздің Жаңақорғанға сиып еді. Алғашқы үш кітабының қолжазбасы Жаңақорғанда жазылды. Жаңақорғанда жазушылығы қалыптасты. Жаңақорған Алматыға жазушы етіп шығарып салды. Қытайда туылып, Жаңақорғанда шыңдалған азамат, бүгінге дейін жазған үш романына сол өзі туылған қытай жерінде болған тарихты желі етті. Кітаптың көркем тілі туралы бүгін біраз шешендер бірінен соң бірі жарасымды айтып берді. Олардан асырып ештеңе айта алмаспын. Осы азаматтың затын танып байқағандағы айтарым,болмысындағы жұмбақ-сұлу құлагерлік қасиеті. Жанат жазушылар жарысына кеш қосылса да , өздеріңіз мойындап отырғандай, бүгінде көптің алдына көсіліп шығып үлгірді. Осы топқа шаппай-ақ бәйге алар бабымен қосылды. Менің бұл пікірім — 1982 жылы «Дүрбелеңді» қолжазба күйінде оқып шыққан әлемнің Айтматовы – Шыңғыс ағамыз Қалтайға жазған хатында «Бұл біздің қырғыз генералы Ысқақбек қатысқан үлкен тарих. Кітап мерзімінен біраз жыл кешігіп шыққалы отырғанымен әлі-ақ Қазақстан ғана емес Орта Азия мемлекеттерінің барлығы үшін өз орыны бар өнегелі шығарма болады» деген көреген пікірін қуаттау ғана. Алып жазушының қаламымен таспаға түскен осы баға – ертеректе айтылғанымен, дуалы ауыздан шыққан орынды да таза баға. Осы бағаны біз әлі толық мойындамай жүрміз. Біреу қызметін пұлдап, біреу дос-жаранын жалдап, алып жүрген анау әдеби атақтың бірін, бүгінге дейін қиналмай осы Жанаттың қанжығасына байлап жіберер уақыт болған еді. Бірақ әлі байланған жоқ… Алдағы уақытта осыған іштарлық жасамайықшы…
Ал, Жанатқа айтар әзілім, өзін осындай дырдай жазушы етіп шығарған Жаңақорғанды ұмытса, құдайды да ұмытар. Ендігі жазары Жаңақорғаннан көрген жақсылығы болсын, – деп мойнына салмақты аманат артып, сахнадан түскенмін. Бұл пікірім шын ниетім де болатын.
Кездесудегі осы әңгімеден соң Жанатпен арамыз қайта қауышты. Қайта қауышқан соң, жаныңда жүрген жазушының шығармаларын көзіңнен қалай таса етерсің. Оның үстіне, заты жаман жердің шиырын баспай өскен азаматпен қатар жүрудің өзі осыған итермелейді. Жалпы,Жанаттың кішкентай бір шығармасына көзі түскен оқырман, одан кейін оның басқа шығармаларын да іздеп жүріп оқитын «дертке» ұшырайды. Әсіресе алты тарихи романдарындағы кездесетін қази, билерге тән шешендік үрдістер мен халықтық афоризмдік тапқырлықтар қайнар бұлақ көзінен бүлкілдеп шыққандай сұлулығымен таңдай қақтырады. Бұрын соңды көп естімеген, бірақ зейінділердің зердесінде қалған мақалдар мен мәтелдерді өз көкірек қоймасынан ала салып, ділмарлықпен қамшының таспасындай өргенін көргенде, көптен бері көзден бал-бұл ұшқан осындай көркем шығарманың құрдымға кетпеген құдіретіне еріксіз бас иесің. Сөзіміз жалаң болмас үшін айтары мол алты романнан емес, «Сөз күйігі жүректе» деген этнографиялық әңгімесіндегі тізбеленіп келіп көркем сөйлемдердің өрілуіне негіз болған мына мақал сөздер мәйегіне аз кем ғана назар аударалықшы; «Ойлының алдында көкірек керме — жазасына ұшырайсың, қайғылының алдында қарқылдап күлме — назасына ұшырайсың», «Ақсақалдың назасына қалма — сақалының ағы ұрады, хан иенің жазасына қалма — өзі ұрмаса астындағы тағы ұрады», «Жығылсаң естіден жығыл, жықтым демес — күрестім дер, жеңілсең шешеннен жеңіл, жеңдім демес — тірестім дер», «Қарауға күнің түспесін – қыл бермес шылбыр есуге, жаманға ісің түспесін – жаныңды сұрар кешуге»,«Түйе туласа, бір есектік жүк қалады», «Тас -таразы, Тәңір- қазы», «Ашу үстіндегі сабыр — алтыннан қымбат», «Қозыны түлкі жесе қасқырдан көреді», «Тілмен байланған — қолмен шешілмейді», «Ұрының тұсауы түнде алынады, түнгі ұры күндіз табылады»,«Қараңғы жолмен қара ниетті жүреді»,«Құтырған иттің күшігін асырамайды», «Қысырында қимағанды — буазында қиясың»,«Белдеусізден үй тігіп, белгісізден би шығып», «Сыр ашылайын демейді — шын қоймайды», «Есірікке есе тисе, ойнап жүріп кісі өлтіреді», «Қара тұяқ қарында жатпайды», «Кемімеймін деген патшаның да бір татым тұзы кем болатын күн келеді», «Болат семсер қынға тоқтайды»,«Қызырлы қонақ қыдырып келеді, қыдыры соңынан шұбырып келеді», «Жақсыны көрсең — көзіңнің нұры кіреді»,«Жақсыны көргенде — жаман буына мас болады», «Күміс тапса- түйерге түйіншек таппаған, ат тапса — жетелеуге жіп таппаған», «Тіл — кәпір, діл — мұсылман», «Тарпаңды тәк демесең — орға жығады, тентекті тек демесең — көрге тығады», «Адасқанға ашылмаған есік, әділетке де ашылмайды», «Жаз- жарлынікі, қыс — әлдінікі», «Қожа — құлақтас, төре — сабақтас, қожадан ілім аласың, төреден тәлім аласың», «Мыңның айтпағанын бірдің айтар кезі болады», «Өлушінің ажалы жетпесе, өлтірушінің құрығы жетпейді», «Қолыңдағы құсты қусаң орманға кетеді, жаныңдағы досты қусаң дұшпанға кетеді», «Жалғыз ауыз сөздің жыланның құсығы сықылды, кісіні өлтірер уы болады»,«Байыған қайыршы, жаңа қайыршыға зекет бермейді», «Қатыны өлген, қызы бар ауылға қарап жылайды», «Қалыңсыз келген келін қырыстанғанын қоймайды», «Мол берсең молда да бәйек болады», «Қолында билік барда қолпаштаушың қасыңнан табылады», «Әміршінің өтініші де бұйрық», «Ақылгөйлік тілде, нәпсігөйлік ділде», «Лашығы жоқ — орданы, желері жоқ — жорғаны көксейді», «Құдай жазғырғанды, пайғамбар асасымен түртеді», «Көсеумен түрткеннің кегі бітпейді», «Жақсы би жаудың шетін ел етіп жүреді, жаман би елдің шетін жау етіп жүреді», «Айдай ажарыңды иттей нәпсі тоздырады», «Сыланайын десем байдан қорқамын, сыланбайын десем жүргіш тоқалдан қорқамын», «Әйел өзін қанша бекзат санаса да, еркектің алдында өз жынысын ұмытпауы керек», «Ұста қатынымен темірі қызғанша ғана ұрыса алады», «Ұрыны қонаққа шақырсаң, қораңа көз салып отырады, қарыны қонаққа шақырсаң, қатыныңа көз салып отырады», «Кісісі буынып өлген ауылда, жіпті аузыңа алып сөйлеме», «Адамнан ағат өтпей, Алладан азап жетпейді», «Тозақты көрмеген, ұжмаққа мұрнын шүйіреді», «Би екеу болса, дау төртеу болады»,«Жаман мақтанса, жақсының жағасынан алдым дер», «Кәрінің жөтелгені – күлгені», «Қасқыр қорыққан төбеттен қаншық қорықпайды», «Жемді ат жеп, жүкті есек көтереді»…Осылай кете беріпті, кете беріпті… Қандай маржан тіркес мақалдар мен мәтелдер. Жазар болсаң сөздің мәйеген қосып, осылайша төгіп жаз…
Өткен жыл Жанат Ахмади үшін өте жемісті жыл болды.«Жарылғап би» романы жарық көрді. Әдебиетте кештеу болса да марапатталып, Халықаралық «Алаш» сыйлығына иелік етті. «Наурызбай батыр» романы мен Алматы қалалық сотының 40 жылдығына орай шығарылған «Тағдыр» атты деректі хикаялар жинағына редактор болды. Осылармен қабат жыл соңында қазақ тарихында Жолбарыстан соң, қарадан шығып, хан болған хан – Нұрабай туралы жазылған «Айтұмар» атты жаңа романын қолыма тигізді. Білетінім, хан Нұрабай тарихта бар жоғы ширек ғасыр ғұмыр кешкен батыр. Осындай қыршын ғұмырдың қайта тірілгеніне қуандым. Кітапты оқып шықтым. Тағы бір оқуым керек. Мұны айтып отырғаным, кезінде «Дүрбелең» мен «Шырғалаң» роман-идеологиясына жоңғар Алатауының күнгейіндегі Шеру руы жеріндегі 1944 жылғы ұлт-азаттық шаруалар көтерілісін жазумен бірге, өзі туып өскен жерінің ұңғыл-шұңғылын көркем галерея етіп көрсете білген жазушы бұл шығармасында да Жетісу жері жайлы көркем әдебиетке тән тілмен көсіле көркем сурет салыпты. Бұл менің жалпы пікірім. Бірақ кітапты оқыған жан түбі осы пікірге келері сөзсіз. Сондықтан шығарманы әдеби талдауды сыншылардың еншісіне қалдыралық. Менің айтпағым елім деп келгенде, өткен күндері қаншама тар болып келген Жанаттың, осы шығармадан соң, жазушылық болашағының соншалық кең болатындығы.
Мақаланы Ілиястың «Құлагерінен» үзінді келтіріп бастап едім, сонымен аяқтағым келіп отыр. Поэмадағы мынадай шумақтар есте қалыпты;
Қанында шығысың мен батысың жоқ,
Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.
Қашаннан қазағымның қолтумасы,
Араптың дүлділінің қатысы жоқ.
Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған,
Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.
Жануар шапса жүйрік, мінсе берік,
Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан.
Сүйегі жануардың жалқыдан жат,
Бұл емес теке жәумет, не қазан ат.
Күй киіп көзге қораш көрінсе де,
Шапқанда шалдырмастай бітер қанат…
Ұлттық әдебиетті бала жастан бір кісідей сүйіп, елге оралғанда, бақыт атаулыны әдебиет киесімен-ақ «ұрып алатындай» жігермен келген жазушы Жанат сол мақсатына бүгінгі таңда толық жетті! Мұны айтып отырғаным Жанаттың осындай адымды творчествосын көре алмаған бір ағасының «жеті кластық қана білімі» бар деп орынсыз мүйіздеп, мұқатқанын БАҚ бетінен көріп қалдым. Ұят ақ! Қазір қазақ әдебиеті — қос-қос оқу орындарын бітіріп,шығыс пен батыс классиктерін есі кеткенше оқып, оны үлгі тұтып, солардан аумаған, бір қалыптан шыққандай, қазақы ұлттық қаны жоқ, солғын дүние жазған мұжық бас жазушылардан аз-кем «шаршай» бастады.Табиғи қазақы қаны бұзылмаған, жастарды тәрбиелеуде ұлттық иісі бұрқырап тұрған осындай шығармалар берген авторға бұлайша тасадан тас атып тиісу еш жазушыға абырой әпермейді. Қайта мұндай кесек шығарма жазатын жазушыларды — кеніштен алтын мен алмаз қазғанда жұдырықтай болып ұшырасатын самородок сияқты сақтап, аса құрметтеуіміз керек.
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ