Біз «Отырардың зерттелмеген тарихы немесе Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаянына қатысты күмәнді д...
Ақын Жанар Нұрғалиеваның қазасына
.. Суық хабарға сене алмадым. Ол менің қарындасымнан кем болмады. Мен отыз жасымды атап өткенде қасындағы дос қыздарымен үйге келіп, дастархан дайындауға көмектесіп кеткен еді. Өйткені, оның әкесімен дәмдес, ағасы Маратпен журфакта курстас, ұзақ жыл доспыз. Жанар ұяңдау болса да маған жаңа өлеңдерін оқып беретін. Менің шығармашылығымды да жалықпай, ұйып тыңдайтын. Әсіресе, руханият, тылсым дүние жөнінде көп әңгімелесетінбіз. Философияның бір қырына адасып, дауласып та қалатынбыз. Ол өзінің жырларында да дүние құбылыстарын нәзік жаратылысымен қабылдайтын. Сосын мен де оның сыршыл да сезімтал жан әлеміне лайық өлеңдерімді оқитынмын. Әзілдеп суырып салма жыр арнаған кездерім де болды. Мен 1992 жылы ҚазМУ-ді бітіріп кетерде:
...Аға" деген елесің бе? -
Дидарыңнан жанады әлем,
Сағындырып келесің бе? -
Күтем әлі жағада мен..." - деп, ән де арнаған едім. Оған да ұнады. Бірақ, біз әлі күтудеміз. Жанар енді қайтып оралмайтын сияқты. Ән 1995 жылы композиторлардың республикалық "Үкілі үміт" фестивалінде іріктеу сайсынан ақтық айналымға өтті. Бірақ, ақтық сапарға бет алған Жанар жастықтың жарқыраған тұсының жемісті де жеңісті белесіне өте алмады. Оның өзі қандай болса, қасындағы иманжүзді дос қыздары да қарындастарымдай сыйласып тұрды. Жан-тәнімен сұлулық шоқтығына айналған сол Жанардың жұлдыздай жарқын бейнесі енді жұмақтың төрін де жарқырата берсін демекпіз. Амал қанша!...
Аманғазы Кәріпжан