2023 жылғы 18 мамырда Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі &la...
Ұлттық музей «Музейлер түні» акциясын өткізді
18 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейлер түні» акциясы өтті.
«Музейлер түні» – бұл еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға, көпшілік асыға күтетін дәстүрлі шаралардың бірі. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – еліміздің ең басты әлеуметтік-мәдени мекемесі ретінде музейге деген көпшіліктің қызығушылығын ояту, тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламалар арқылы музейдің беделін арттыру. Ол жастардың шығармашылығын дамытуға, мәдени орта құруға үлкен септігін тигізеді.
«Бүгін мен археология залында жұмыс істеймін. Археологиядан бөлек өзімнің 17 жылғы зерттеу жұмыстарымның нәтижелері, яғни XV-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының ескі карталары туралы мәліметтермен де бөлісетін боламын. Мен ғылыми қызметкер, әке ретінде «Музейлер түнін» ешқашан өткізіп алған емеспін. Себебі осы жылдар ішінде әлемнің көптеген музейлерінде болдым. Еуропа, АҚШ, Таяу Шығыс, Азия...т.б. Біріншіден өзіме қызық, екіншіден бұл жерге отбасыңмен келу керек. Мұнда кішкентай балалардан бастап, үлкен кісілерге дейін кездестіруге болады. Бұл тарихқа жақындай түсуге жол ашады, одан басқа қаншама мәдени шаралар ұйымдастырылған. Бүгінгі шараны Ұлттық музей өте жоғары халықаралық деңгейде абыроймен өткізуде. Музей қызметкерлері үшін бұл түнді «Оскар түні» деп айтуға болатын шығар»,-деді тарихшы, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Елордамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін аталмыш шара музей әлемімен танысуға, музей коллекциялары мен экспозициясын көруге, мәдени бағдарламаларға қатысуға зор мүмкіндік берді. Келушілер тек тарихпен танысып қана қоймай, жүрекпен сезініп, көзбен көріп, көңілді тарқасты.
Биыл «Музейлер түні» акциясына жалпы саны 47724 адам қатысты.