Бірінші бөлім: Депутаттық сауалдар2007 жылы желтоқсан айында Елбасы Н. Назарбаевтың атына сауа...
Голи Тарағи. Анар Бану мен ұлдары (повесть)
Меһрабад әуежайы, №726 әуе рейсі. Air France.
Түнгі сағат екі. Бұл түнімен ұйықтамауды, абыржу мен шаршауды, асығу мен сағынуды, «Кете алам ба? Сол жақта біржолата тұрақтап, енді қайтып келмеймін бе?» деген жөнсіз алаңдау сияқты жалған ойларды немесе керісінше, «Осында, осы сүйікті Теһранда барлық жақсылығы және жамандығымен қалып, орнымнан қозғалмаймын» деген өтірік шешімдерді білдіреді.
Қысқасы, құрысын мұндай кезбелік: сансыз барып-қайту; түн ортасындағы әуе рейстері, шабадан сүйреп, кедендік тексеріс – «сират» көпірінен өту; денені, аяқ киім мен қалта, сумка, құлақ пен мұрын тесіктерін қорлықпен тінткізу; сөзсіз, көзқарассыз, салқын, жылдам, кейбіреулермен жасырын қоштасу; көрсетуге болмайтын себепсіз ашу; жұтып, жалтару керек ащы сезім...
Әйелдер енетін есік. Сыртқы түрім онша емес. Бас орамалым артқа сырғып кеткен, сырт киімімнің төменгі түймесі ашылған. Жарайды. Сіздердікі жөн. Үстімді жөндеймін.
Шабаданым мен қол сумкамды жеткізіп берген жүк тасушы асығып, ақшасын күтіп, келесі жолаушыны іздеп тұр. Оған: «Кеденге дейін менімен баруың керек», – деймін. Келіскен болатынбыз. Енді өз сөзін сөйлеп, кетуге ыңғай танытады. Сканерден өткізу үшін шабаданымды конвейерге қойып, басқа жолаушыны көрсетеді.
Ішімнен: «Ашуланба ханымжан. Жібере сал. Сөйт, кете берсін, ақшасын бере ғой», – деймін.
Шыны қабырға мына жақтағыларды арғы жақтағылардан бөліп тұр: қалатындар мен кететіндерді. Екі топ та көңілсіз. Ұнжырғалары түскен. Үнсіз сөздері мен сөзге толы көзқарастары шыны қабырғадан өтіп, беттеріне шаң сияқты қонады. Шабаданымның қойны-қонышына дейін мұқият тексереді. Не екенін білмеймін, шабаданымда күдікті, қорқынышты бір нәрсе бар дейді. Менің шабаданымды сұқ саусақтарымен көрсетеді. Қару бар...
- Қандай қару? Менің шабаданымда ма?
Инспектор басқа бір офицермен сөйлесіп, еңкейіп, сканер аппаратының бетіндегі түсініксіз суретке үңіледі. Шығарып салушылар шыны қабырғаның артынан бастарын созады. Айналамдағылар сыбырласып кетті. Жүздерінен түсініксіз сұрақ менмұндалайды. Олардың көз алдында өзгеріп, қауіпті адамға айналдым. Қылмыскермін, айыпталатыным шәксіз. Басыма неше түрлі ой келді.
«Суық қару» дегені – Исфаһанда ұсақ-түйек дүкенінен ұлыма арнап сатып алған кішкентай сары қол балта. Құнсыз бұйым. Онымен біреуді, әсіресе ұшақтың ұшқышын өлтіру мүмкін емес.
Шабаданымды шетке қойды. Ішіндегі заттарды дұрыстап тексеруі керек. Жолаушылар маған күдік-күмәнмен, таң қалып, бәлкім, қорқынышпен қарайды. Барлық жанар маған, менің шабаданыма қадалған.
«Бұл бар болғаны ескі қол балта. Дәруіштердің заты болған. Ұнаған соң сатып алдым. Шабаданымның ішінде жатыр. Мен онымен ештеңе істей алмаймын ғой. Не істеуге болады?» – деймін.
Құлақ асар емес. Қол балтаны, «суық қаруды» шабаданымнан еппен шығарды. Жұрт қарап тұр. Кеден инспекторы оны көне, қазып алынған, қымбат, мәдени мұра деп атады. О, тоба!
Сатып алған түбіртегім қолымда. Бес тұман да тұрмайды. Бетіне араб сөздері жазылған, бәлкім Құран аяттарымен безендірілген. Оны Тоты мырза бағалауы керек екен.
Дауыс зорайтқышпен Тоты мырзаны шақырды. Бір-екі адам күлді. Тағы біреу сыбырлап, «Тоты» сөзін қайталап тұр. Білегімнен әлдекім тартты.
- Ханымжан!
Мосқал әйел. Бірнәрсе өтінеді. Түсінбеймін. Асығып тұрмын. «Суық қару» мәселесін шешуім керек.
- Маған бұл қол балта керек емес. Сіздерге бердім, мені жіберіңіздер.
Тағдырым Тоты мырзаның қолында. Сабыр сақтауым керек. Өзіме де обал жоқ.
Кейуана иығымнан тартты.
- Ханымжан, құдайым-ау, құрбаның болайын. Кешігіп барамын. Қалып қоямын ба деп қорқамын...
Кемпір ауылдың адамы. Абыржып, сасқалақтап, кеденнің сауалнамасын толтырып беруімді жалынып сұрайды.
- Ханымжан, көзім көрмейді. Дұрыс сауатым да жоқ. Ұлдарым: «Апа, ұшаққа отыр да кел», – деді. Осындай қиын екенін білмедім. Төлқұжат тексеретін кеңседе екі рет талып қалдым. Өліп қала жаздадым.
- Күте тұрыңыз. Жұмысым бітпей жатыр. Басқа біреуден сұраңыз.
- Кімнен? Ешкімнің уақыты жоқ.
Мұнтаздай, шыт жаңа киінген жігітті нұсқадым.
- Одан сұрағам. Еуропада өскен. Парсыша жазуды білмейді. Менің ұлдарым да сауатсыз болып қалған шығар деп қорқамын. Парсышаны ұмытып қалды ма деп алаңдаймын. Құдай маған рақым етсін.
Дауыс зорайтқышпен тағы Тоты мырзаны шақырды. Кейуана менен айрылар емес. Есі шығып, қайда барарын, не істерін білмейді.
- Ханымжан, Швецияға баратын ұшақ қайда?
Төлқұжатын парақтадым. Бос. Алғашқы сапары. Аты жөні – Анар Бану Ченари. Қағазын жылдам толтырдым. 1917 жылы туған. Сексен үш жаста. Менің сапарласым. Бір рейспен Парижге, ары қарай Швецияға менсіз барады.
- Ұлдарымды көрмегеніме он жыл болды. Дегбірден айырылдым. «Құдайым-ау, құрбандарың болайын. Ит өлген жаққа неге кеттіңдер? Өзіміздің Йаздың несі жаман?» – дедім. «Кеткіміз келеді» деп табандап тұрып алды. Айтты бітті. Құдай жарылқағыр күйеуім айтатын, жастықтың желігі деп. Айтқандарынан қайтпады.
Тоты мырза мені іздеп келді. Қысқа бойлы. Арық. Бойы он жастағы баланыкіндей. Мұрыны үлкен. Көзілдірігінің шынысы стақанның түбіндей қалың. Қол балтаны тексеріп жатыр. Сөйлемейді. Жарықтың сәулесінің астына апарып қарайды.
- Бұл көне қол балта.
Басымды изеймін.
Анар Бану да жағаласып, қол балтаны қолымен сипайды.
- Ханымжан, басқа сәлемдеме табылмады ма? Мынау дәруіштердікі ғой...
- Көне дегенде қашанғы?
Тоты мырза менің табандылығыма наразы.
- Басы – көне. Сабы – жаңа.
- Һақаменеши дәуірінің қол балтасы сіздікі.
Қабылдамайды. Оны қайтару керек. Кейуана менің қасымнан тапжылмайды. Тоты мырза асығып тұр. Ұйқысы келіп, есінейді. Қол балтаны мені шығарып салған досыма бермек болып, жолаушылармен қоштасатын салонға бет алдым. Ол кісі кетіп қалыпты. Шыны қабырғаның ар жағында тұрғандар күліп, маған қол бұлғады. Ұялғанымнан қызарып кеттім.
Қырық-елу шақты бір топ: кәрісі мен жасы, бойлары ұзын-қысқа тамам бала қолдарындағы солып бара жатқан гладиолус гүлдерімен Үндістаннан келген жолаушыларды күтіп тұр. Ығы-жығы, иін тірескен халық.
Бір бала аяғымнан теуіп қалып, жүгіріп кетті де қолындағы солғын гүл шоғын шаттана сермеді. Қолбалтаны есіктің жанында тұрған жүк тасушыға сыйладым. Ентігіп, ыза болып, қайтып келсем, кейуана есі шығып, алаңдап бағанағы орнында айналаны шолып тұр екен. Жолды білмейді. Мені көзі шалысымен қуанып кетті. Қолын бұлғап, қасыма келді.
- Ханымжан қайда болдың? Сен кетіп, мен қалып қойдым деп ойладым.
Соңымнан еріп келеді. Қол жүгі ауыр. Алқынып қалды. Үсті-басын қара тер жапты. Сырт киімінің қалтасынан шақпақ орамалын шығарып, бетін құрғатты. Бір үстелдің бетін жартылай жабатын үлкен орамал.
- Суһейла ханым – біздің ауылда мектепте мұғалім. Әлемнің бар қаласының атауын біледі. Маған: «Анар апа, Швецияда жазда да мұз қатып жатады. Жүз елу градус суық. Сиырлар мен қойлар тұрған күйде қатып қалады», – деді. Мен қорыққаннан қандай жүн киімім бар, соның бәрін бірінің үстіне бірін қабаттап киіп алдым. Енді ыстықтан өліп барамын.
Рейс бір сағатқа кешігеді. Мүмкін екі сағатқа. Белгісіз. Шығарып салушылар қиналса да сабыр сақтап, шыны қабырғаның артында күтіп тұр. Мына жақтағылар ана жақтағыларға қарайды. Дауыстары бір-біріне жетпейді.
Рейстің уақыты мен сағаты алдына ала анықталғанымен, оның қашан ұшатыны беймәлім. Оған мыңдаған бәлкім мен күмән, алаңдаушылық қосылған. Басымды жаман ой қаумалады. Мүмкін, елден шығуға рұқсатым жоқ шығар? Жақсы көретін адамдарды бәлкім енді көрмеспін? Мүмкін, «пәлен» мен «түген» мен жоқта өліп қалар? «Бәлкім» сөзінің соңы «ешқашан» сөзімен байланысты. «Ешқашан» – өлімнің көмескі көрінісі сияқты ойыма жуырда келген, жадымның ұңғыл-шыңғылда өзін көрсетуді күтіп отырған ащы да қамықтыратын сөз.
Анар Бану үнсіз, мылқау кейіппен көлеңкем сияқты соңымнан еріп жүр. Ақырын сөйлейді. Сергелдең көзқарасынан алаңдаушылық, қолының дірілдегені сезіледі.
– Балалары тіл алғыш адамдарға қандай жақсы. Менің ұлдарымның бала кездерінен далаға аңсарлары ауды. Бір байыз тауып отыру дегенді білмеді. Ауылдың адамдарын жақтырмады. Қалаға баруды армандады. Теһранға кеткілері келді. Басқа жерде тұруды қалады. Қайда? Өздері де білмеді. Біз жас болғанда бір мекеннен басқаны білмедік. Йазд біз үшін әлемнің алғашқысы мен ақыры болды.
Әлемнің біріншісі мен соңғысы! Анар ханым, өз орныңды тапқан сен қандай бақыттысың!
Есіл-дерті ұлдарында. Қайда екені, алдында қандай ұзақ жол жатқаны қаперіне кірмейді. Көзіне ұйқы тығылған: Йаздан бергі ұйқы, бара жатқан бөтен қаладағы ұйқы.
- Ұлдарыма хат жолдадым. Өзімнің сауатым жоқ қой. Мен айтып тұрдым. Суһейла ханым жазды. «Ит арқасы қияндағы сендер аман-саусыңдар ма?» – деп сұрадым. Олар: «Біздің мұнда жақын-жуығымыз жоқ. Аяз сүйегімізден өтеді. Кейде түнде еңіреп жылаймыз. Енді Америкаға барғымыз келеді», – деп жауап хат жіберді.
Суһейла ханым Американы шайтан дейді. Күйеуім қайғыға салынып: «Менің ұлдарым жатжерліктерге айналды. Табандары туған жерден ажырап кетті. Қай жерге бармасын, бөтен…» – деді.
- Жылдамдат… Қол жүгіңді көрсетуің керек.
Анар ханымның екі қол жүгі бар. Біріншісінің ауызын ашты. Ұсақ-түйекке толы: бірнеше қорап тәтті дәм, оралған екі үш Йазд матасы, бірнеше пластик кәсе, ерлерге арналған екі аяқ киім, ұлдарға сәлем-сауқат. Екінші қол жүгіне анар мен баялдыны сықап алыпты.
- Өзіміздің бақтың анары.
Жұмысымыз аяқталды. Бұл қиындықтан да өтеміз. Шабадандарымызды алып, жолымызды жалғастырдық. Анар ханым артымнан келе жатыр. Оның билетін өз билетіммен бірге көрсетемін. Орнымыз анықталды. Жоғары қабатқа көтерілдік. Төлқұжатымды дайындап, қолымда ұстадым. Көңілім еш себепсіз, бәлкім әдет болар, елегізіп тұр. Жағымсыз оқиға болатындай сезілді. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Бір нәрсем кем немесе артық болудан қорықтым. Төлқұжатыма мөр соғылмай, арнайы белгі кетуіме кедергі болудан алаңдаймын. Неге? Білмеймін. Неше түрлі болуы мүмкін. Барша жолаушыға тән сауал мен алаңдаушылық. Бәрі жақсы аяқталады.
Жолаушылардың үстін тінту қазір бұрынғы уақыттағыдай емес, жеңілірек. Анар Бану қытықшыл. Денесіне қол тисе, жиырылып, күлкіден ішегі түйіліп қала жаздайды. Екі қолында екі алтын білезігі мен ақық тасты жүзігі бар. Соларын ғана жылтыңдатып көрсетеді. Алаңдап, айналасына, маған қарайды. Онша құны жоқ жақұт тасты сырғасын қалтасына тығып қойды. Зергерлік бұйымдар контрабандасы деп ұстап алып, қамап қоюдан қорқады.
Зәре-құты қалмайды.
– «Бұл сырғаларды келініме апара жатырмын. Суһейла ханым берді. Егер өтірік айтсам, көзім көр боп қалсын. Келінім еуропалық. Мұсылман болды. Намаз оқиды», – деп жалынады. Онда кеденшілердің ісі жоқ. «Бара беріңіз», – деп сырғаларды өзіне қайтарып берді.
- «Үлкен ұлым еуропалық әйел алды. Швецияның ауылынан. «Ұлым, еліңе орал. Йаздың қыздары айдай сұлу. Біз швед тілін білмейміз. Сенің әйеліңмен қалай сөйлесемін?»» – дедім.
Күту залына жеттік. Қасымдағы орындыққа отыра салысымен Анар Банудың көзі ілініп кетті. Ернінің ұшымен күбірледі. Басы кеудесіне салбырап, аяқтары салақтап отыр. Ұлдарын, мұз басқан өлкелерде жақсы өмір іздеп жүрген, желіккен ұлдарын түсінде көріп жатқан сияқты. Еңкейіп, алға қарай орындықтан сырғып құлап бара жатты. Атып тұрдым. Қасындағы жолаушы да оған көмекке асықты. Орнынан тұрғыздық.
Мелшиіп, меңірейіп, қайда екенін түсінбей тұр. Кішкентай ұл бала сықылықтап күлді. Әйел мұңайып басын шайқады.
- Ханымжан...
Дауысына өксік араласқан. Бас орамалын дұрыстап тағамын. Өзі де үстін жөндеген болып, мойнын жоғары көтереді. Күлуге, тым болмаса күлімсіреуге тырысады. Сырт бейнесін жақсы ұстауға тырысқанымен, көзіне ұйқы тығылып, шаршап тұрғаны байқалады. Кәрі денесі құлауға шақ қалды.
Жолаушыларды шақырып жатыр. Ұшаққа отыру керек. Ұзын-сонар, ығы-жығы кезек шығатын есікті кептеп тастады. Анар Бану кетуге асығып, жолаушылардың арасына сығылысып енді.
Ұшақ баспалдақтарының түбінде үрейленіп, әуе кемесінің үлкен қанаттарына таңдана қарайды. Қол жүгі ауыр. Орнынан қозғауға шамасы жетпейді. Екі баспалдаққа шығып, тоқтайды. Жолды бөгеп қалды. Ұшақтың жердегі қызметкерлері көмекке жетті. Қолтығынан демеп, баспалдақпен әупірімдеп жоғары шығарды. Орыны менің қасымда. Қуанып кетті. Жайғасып жатып, қол жүгін күштеп аяқтың астына орналастырды.
- Әй, ұлдар... Бар болыңдар әйтеуір... Сендерді жақсы көрмегенімде ғой, осындай сергелдеңге түспес едім...
Аяқ киімін шешіп, налыды. Аяғына қалың қара шұлық киген. Ыстық. Бет-жүзін тер жауып кеткен.
- Орным сіздің жанында болғанына Құдайға шүкір. Суһейла маған: «Анар апа, егер жолың болса, өз қызың сияқты бір сапарластың қасына отырасың», – деді.
Қызым жоқ болғаны өкінішті. Қыз шешеге жақын. Мені тастап Швецияға кетіп қалмас еді. Сіздің балаңыз бар ма?
Теріс айналып, оған арқамды беріп, бетімді жастыққа тығамын. Ұйықтауым керек. Анар апаның босаң, етті білегі иығымды ақырын итереді. Жұмсақ, шаршаған денесі орындыққа жайылып, менің орнымның жартысын алды. Көп уақыт ас ішпегендіктен демінен аштық иісі сезілгенімен, өзінің иісі жақсы. Көрпенің ұшын көзіме тартып, қабағымды басқан ұйқыға ырық бердім.
- Ханымжан, сіз де Швецияға бара жатырсыз ба?
Басымды изеймін.
- Қалып қоямын ба деп қорқамын...
Жауап бермеймін.
- Ханымжан, Швецияға жеткен кезде маған айтшы.
- Анар ханым ұйықта, ұйықташы…
Стюардесса жолаушылардың белдіктерін тексеріп жүр. Менің белдігім тағылған. Анар бану ұшақпен сапарлаудың жөн-жоралғысын білмейді. Есеңгіреп қалды. Шынтағы бүйіріме қатты тиді.
- Ханымжан, мен шет тілін білмеймін...
Стюардесса оның белдігін тақпақ болды. Белдіктің басы Анар апаның астында қалған. Шықпайды. Қолымды оның ыстық, шаршаған денесінің астына тығамын. Қытығы келеді. Жиырылып, ішегі қатып, күледі.
- Тұршы, өтінемін.
Белдіктің басын саусақтарыммен қысып, тартсам да шықпайды. Қаттырақ тартамын. Пайдасы жоқ. Семіз, ауыр. Белдік пен менің қолыма отырып алған. Қозғалатын ойы жоқ. Ұшақтың стюардессасы көмекке келді. Қолын апаның арғы жағына салды. Анар бану қытықшыл. Орнында ұшып-қонып, секіреді.
- Ой, ханымжан. Өлдім-ау, зәрем ұшса да, ішек-сілем қатты-ау... Ұлдарым көргенде ғой...
Тағы күлді. Қолымды алып, кедір-бұдыр, жылы алақанында ұстап отыр. Мейірімді, түрі жақсы. Дөңгелек, қара көзі ұшқын атады. Тағы: «Ханымжан, Швецияға жеткен кезде маған айтшы. Қалып қоямын ба деп қорқамын», – деді.
Ол кісіге ұшақ автобус сияқты емес, он жерге тоқтамайды деп түсіндіремін. Теһран әуежайынан көкке көтерілген соң Шарль Де Голь әуежайына қонады. Түсіп, басқа ұшаққа отыруы керек.
Есі шығып, маған аңтарыла қарайды. Сөзімнің байыбына бара алмайды. Швеция – естіген, қаперіне сақтаған жалғыз жер.
- Жолға шыққаныма үш күн болды. Йаздан Теһранға автобуспен шықтым. Жолда автобусымыз бұзылып қалды. Дөңгелегі жарылды. Бағытынан тайып, есегін лауға беретін кәрі шалға тиді. Бейшара қария жан тапсырды. Қысқасы, басыңды ауыртпайын. Түнде жолда ұйықтадық. Қандала мен маса таңға дейін талады. Жол ортасында өліп қалармын деп ойладым. Менің мың ауруым бар. Жасым сексеннен асқан. Бірақ екі ұлымды көремін деген махаббат маған қуат береді. Мына көріп тұрған қол сумкам күріш пен анарға толы. Бірнеше бөтелке анар тұздығын да әкеле жатырмын. Қандай тұздық десеңізші… Өзіміздің ауылдікі. Сол үшін маған «Анар апа дейді»», - деп сылқылдап күлді. Қолын созып сумкасынан екі үлкен қызыл анар алып: «Алыңыз, жеңіз», – дейді.
Басымды шайқаймын. Анарды қолымен қысады. Көзім жарылуға шақ қалған анардың жұқа қабығына қадала қарайды.
- «Жоқ, жоқ қаламаймын. Қыспа», – деп тартынамын. Сырт киімім ақ.
- «Қорықпа ханымжан. Бұл анар – кәдімгі анар емес. Махаббат анары», – деп мықты саусақтарымен оның шығыңқы бұрыштарын қысады.
- Мен анар ағашының түбінде өстім. Әке-шешем болған жоқ. Анамның сүтінің орнына маған анардың шырынын берді. Ағаштың бұтағын төмен тартып, қысқан анарды емдім. Анамның емшегі деп ойладым. Жұрт: «Анарак[1], мына ағаш – сенің анаң. Махаббат ағашы», – десті. Оның қасында шынар ағашы өсіп тұрды. «Мынау – сенің әкең», – деді. Осылай анам мен әкем пайда болды. Жеке куәлік алуға барғанда: «Есімің кім?» – деп сұрады. «Анарак», – дедім. «Әкеңнің аты кім?» дегенде: «Ченарак»[2], – дедім. «Кет, жоғал! Немене, сен ағаштан тудың ба?» – деді. «Иә», – дедім.
Дауысы биязы, көзі күлімдеп тұр. Кейуана домалақ, шомбал, шағын. Аяғы ұшақтың еденіне жетпейді. Беті де қызыл анарға ұқсайды. Қызылшырайлы, жағымды, көңілді жан. Қайта-қайта қозғалып, кішкентай, быртық аяқтарын қозғай береді.
Ұйқым ашылып кетті. Ұшып бара жатқанымызға бір сағат болды. Таңғы ас әкелді. Анар апаның қарыны аш. Нан мен тосапты бірден жеп қойды.
- Ханымжан, аш емессің бе? Неге жемейсің?
Менің рұқсатыммен қалған асымды алдына қойып, шалпылдатып жеді.
- Сіздің де балаңыз бар ма?
Бар екенін білдіріп, басымды изедім.
- Балалар қасыңда ма?
- Иә.
- Бақытыңыз ұзағынан сүйіндірсін. Қандай бақыттысыз. Бала – адам өмірінің шырыны. Ұлдарымды көрмегеніме он екі жыл болды. Балаларым, Анар апаның балалары Еуропадан не іздейтініне менің қысқа ақылым қашан жетеді? Кенже ұлым жылына бір рет хат салып: «Апа, екеуіміз кафеге барып, билейік», – деген тәтті сөздер жазады. Өтірік айтады, антұрған... Бірақ сол өтірігінің өзі адамның жүрегін елжіретпей ме? Үлкен ұлым екі рет еуропалық қатын алды. Бірінші әйелі мысық сияқты болатын. Құр сүлдері. Күйеуім түкірді. Келіннің суретін жыртып, әжетханаға тастады. Бір күні кіші ұлдың суреті келді. Шашын сарыға бояпты. Қыздар сияқты әдемі болып кетіпті. «Апа, мен еуропалық музыкалық аспапта ойнаймын. Үйлену тойларында ән айтамын», – деп жазыпты. Күйеуім: «Абыройдан айырылдық», – деді. Қасын жұлып тастапты. Опа жаққан. Күйеуім: «Бұл менің ұлым емес», – деді. Қайғыға салынып: «Менің ұлдарым өлді», – деді. Күйіктен шынымен өліп қалды. Мен де «Күйеусіз, баласыз өмір – жәһәннам», – дедім де анар ағашының түбіне барып жатып, Әзірейілдің келіп, жанымды алуын күттім. Кенет ауыл адамдарының мені шақырып жатқанын естідім. Пошташы екен. Белесебеттің дыбысы әлі құлағымда. Шиық, шиық, шиық... Ауылдың балалары дуалдың үстінде отырып, қолдарын шапалақтады. Әкім де келді. «Анар апа, неге отырсың? Саған Еуропадан хат келді», – деді.
Хатты әкіміміз алыпты. Конверті мен маркасын өзіне қалдырды. «Құжат мұрағатқа тіркелуі керек», – деді. Хат кіші ұлдан екен: «Апа, кел. Сені сағындым. Сен де өліп қаласың ба деп қорқам», – деп жазыпты. Сенесіз бе? Ханымжан, білесіз бе, жүз жылға жасарып кеткендей болдым. Орнымнан атып тұрдым. «Ұлым, сенің ауыртпалығың маған түссін. Әйел сияқты болдың ба, бәрібір. Түрің қандай болса да, бауыр етімсің», – дедім. Швеция қайда деп сұрастырдым. Біздің ауылда Швецияның қайда екенін ешкім білмеді. Әкім: «Барма! Жолда өліп қаласың», – деді. Мен: «Барам! Жаяу-жалпы болсын, Швецияға жетем», – дедім. Ауылдастарым: «Жеті теңіздің үстінен ұшып өтуің керек», – деді. «Өтем!», – дедім. Құдай менімен. Балаларым күтіп отыр. Үлкен ұл ашулы, қызба. Соқыр тәуекел іздеп жүреді. Шаһтың уақытында екі рет зынданға түсіп шықты. Бір күні біздің ауылға бірнеше сақшы ұлымды іздеп келгенде жертөлеге барып жасырынды. Қырық күн тығылып жатты. Ақырында тауға кетіп, босқынға айналды. Үш жыл хабар-ошарсыз кетті. Өлді деп ойладық. Үш жыл аза тұттым. Жұртқа оны қайтыс болды дедік. Бәрі келіп, бізге көңіл айтты. Аяғымыздың астындағы кілемді сатып, аза рәсімін өткізу үшін мешітке бердік. Бір күні Құдайға шүкір, «Швециядамын» деген хабар келді. Алғашында Швецияны Ирандағы бір жер деп ойладық. Солтүстіктегі ауылдардың бірі шығар дедік. Ит өлген жерде екенін кейін түсіндік. Содан бастап кіші ұл да желігіп алды. Аяғына жығылдым: «Сен мен үшін аяулысың. Тек сен кетпе», – дедім. Сөзім әсер етпеді. «Мен де басқа жерге барғым келеді», – деді. Басқа қалаға. Жас – тек өз сөзін ғана сөйлейтін қырсық тіршілік. Жолға шығып, кетті де қалды. Ағасы жұмысын реттегенше бірнеше жыл Түркияда сандалып жүрді. Басыңызды ауыртып жібердім-ау. Ұйықтатпадым. Бала адамды қандай күнге түсіретінін білсін деп ем.
Ұлдарыммен өңім мен түсімде сөйлесіп жүргеніме он жыл болды. Ұмытшақтыққа салынып, оларды естен шығарам ба деп қорқам. Күйеуім ұмытшақтықты береке, рақым дейтін. Ұлдарыма деген махаббаттан арылғанымда, басымды жерге қойып, өле салғанымда ғой. Алайда мен баламды көрмейінше басымды жерге тигізбеймін деп өзіме серт бердім.
Намаз оқығанда ұлдарымның аттарын қатты дауыстап айтатынмын. Көп айта бергенім сондай, ақыры құлақтарына жетті. Маған билет жіберді. Йаздан Теһранға келдім. Суһейла ханымның ағасы инженер мырзаның үйіне бардым. Инженер мырза көмектесіп, мені әуежайға жеткізді. Швецияда баялды жоқ деді. Бірнеше келісін әкеле жатырмын. Шіркін, сіз де Швецияға барғаныңызда ғой. Бүгін кешке баялды бұқтырмасын, содан кейін фесенжан[3] бұқтырмасын жасаймын. Йаздға қайтқысы келсін деп әр кеште мейірімсіз ұлдарыма әртүрлі ирандық тамақ пісіремін. Швеция деген қай жәһәннамның аңғарында? Суһейла ханым ол жерде ауыздағы түкірік қатып қалады, көздің жасы шынының сынығы сияқты мұздап, адам бір сәтте көр болады деген. «Құдай сақтасын, балаларым соқыр болып қалған жоқ па?» – дедім. Осы уақыт бойы не жегендерін бір Құдай біледі. Күйеуім: «Бұлар шошқаның етін жейді. Сондықтан әйел сияқты болып кеткен», – деді. Үлкен ұлым тоңмойын. Қасын жұлмағанымен қабағын шыта бергендіктен екі көзінің арасы бір-біріне жақындап кеткен. Жеткен соң кенже ұлымды құшақтаймын. Кеудеме қысамын. Түнде төсегінің аяқ жағында ұйықтаймын. Басымды аяғының үстіне қоямын. Кішкентай кезінде жалаңаяқ жүретін. Аяғынан шөптің иісі шығатын. Үсті-басын қалақай шағып тастайтын. Қазір беті-қолын еуропалық сабынмен жуады. Бөтендердің иісі шығады. Үлкен ұлымның үстінен туғаннан үлкендердің иісі шығатын. Үлкен кісілердің терлеген иісі. Күйеуім: «Мына ұл – бұзық. Иісінен белгілі», – дейтін. «Құдайдың хикметі», – дедім. Бәрінің үстінен жақсы иіс шығуы шарт емес қой. Әркімнің өз иісі бар. Ит пен мысықтан жағымсыз иіс шыққанымен жүректері пәк. Тауықтардан да күлімсі иіс шыққанымен тілсіз, зиянсыз. Күйеуім: «Мына ұлдың миы шіріп кеткен. Иіс басынан шығады. Аяғының иісі емес», – дейтін. Не деймін? Менің мұрныма раушан суының иісі келетін. Не десе, о десін, мен ұлымды жақсы көремін. Бұл менің еркімнен тыс сезім. Мәжнүнге: «Ләйлі қорқаудың кейпіндей» дегенде: «Уа, Алла! Қорқаудай түрінен айналайын», – депті. Ғашық деген осындай.
Кіші ұлымның мінезі жақсы. Ол маған еуропалық аспапта ойнайды, мен билеймін. Қалай билейтінімді келіп көр. «Апа, сен тамақты керемет жасайсың. Ирандық тағамдар мейманханасын ашамыз. Байимыз. Мейманхананы «Анар Бану мен ұлдары» деп атаймыз», – деп хат жазыпты.
Ауа райы жаман. Ұшақ біресе жоғарылап, біресе төмендеді. Анар апаға ұшақтың жоғары-төмен ұшқаны ұнады. Екі қолын айқастырып, қысқа аяқтарын тербетіп отыр.
Бұл әйел аспан мен жердің ортасында ілініп келе жатқанымызды, егер ұшақ құласа, мың бөлшекке бөлінетінімізді, өміріміздің қыл үстінде тұрғанын білмей ме?
- Ханымжан, дәрет сындыру үшін қайда бару керек?
Жауап бермеймін. Әлсіреп қалдым, жүрегім қатты соғып тұр. Минут санаймын. Уақыт өтпей қойды. Аяғым аласұрып жерді, қатты жерді іздейді. Анар апа тағатсызданып кетті. Белдігін шешіп, жартылай тұрды. Франциялық стюардесса оған отырыңыз деп ишаралады. Анар апа жұмыр санын бір-біріне қысады.
- Отыр, шыдай тұр. Құлайсың.
Тыңдамайды. Қысылып тұр. Баруға ыңғайланды. Аяқ киімі орындықтың астында. Тәлтіректеп кете барды.
Артқы жақтағы жолаушы көмекке келді. Жас, сабырлы ер адам. Білегінен демеп, жөн сілтеді. Ұшақ әуе шұңқырына түскенде айғайлады. Анар апа бір қолымен жас жігітке, екінші қолымен отырған бір жолаушының басы мен мойнына жармасты. Франциялық стюардесса ирандық жолаушылардан мезі болды. Үмітсіздікпен басын шайқап, қарсылық танытуды қойды. Қабағым ауырлап, көз алдыма Анар апаның ұлдары елестейді: тоңып, дірілдеп жүр.
- Жігіттер! Бұл сендер іздеген жер ме?
Жауап бермейді. Қара шаштарының үстіне қар қонған. Басқа қалаға аттанып барады. Таулар мен теңіздердің ар жағындағы қалаға. Жылы, таныс қала.
- Мен де барамын. Тұра тұрыңдар.
Пойыз ысқырды. Оның есіктері мен терезелерінен жолаушылар асылып тұр. Анар апа да бар.
«Сендер қайда барасыңдар?» – деп сұрайды.
Ешкім жауап бермейді. Ұшақтың қатты қозғалысы оятып жіберді. Құлағыма Анар Банудың дауысы алыстан талып естілді. Әжетхананың есігін жұдырықпен ұрып тұр.
- Ханымжан, көмектес, ханым...
Стюардесса шаршаған, көңіл-күйі жаман. Орнынан қозғалмайды. Жолаушылардың біреуі түрегеліп, оған есікті ашты. Беті-қолын жуыпты. Орамалының бұрышынан су тамшылап тұр.
- Ойбай, не деген тар. Құдай бастарыңа бермесін. Кешіріңдер. Асылық болмасын, бірақ мынау өзіміздің әжетханаға жетпейді.
Ұшақтың теңселісі біртіндеп азайды. Тынысым тарылды. Денем дел-сал, қолымда күш жоқ. Ұшақ тоқтағанша көзімді ашпау үшін көрпемен бетімді жабамын. Ұшақтың дөңгелектері жерге қатты тиді. Анар апа орнынан секірді. Жолаушылардың заттарын жинап жатқанын көріп, белдігін шешті.
- Ханымжан, жеттік пе?
- Иә.
- Швецияға жеттік пе?
- Жоқ.
- Сонда қайдамыз?
- Париж.
Жолаушылар асығыс. Дәлізде қатарласып, бір бірін итеріп тұр.
- Швеция келесі аялдама ма?
Ұлдарына басқа ұшаққа отырып баратынын оған нешінші рет түсіндіруім керек?
- Ойбай, Құдай! Менің сауатым жоқ. Білмеймін. Мыналардың тілін түсінбеймін.
- Билетіңді көрсет. Жөн сілтейді.
- Кімге көрсетем?
- Эйр Франстің қызметкерлеріне.
- Мен түспеймін. Орнымнан қозғалмаймын. Қалып қоям деп қорқам. Адасып кетем.
- Жүр, мен көрсетемін.
«Ханымжан, құрбаның болайын. Швецияға дейін менімен баршы», – деп жалынып, көзі жасқа толады. Басын төмен салбыратып, өзімен сөйлеседі.
- Анар ханым, тұр. Қорықпа. Жоғалмайсың. Өзімнен артық бір адамға тапсырамын.
Екі ойлы. Шарасыз. Қабылдайды.
- Қайдан білесің? Құдайдың қалауымен бәлкім, ұлдарым осы жерде шығар?
– Мүмкін.
Аяғы ісіп кеткен. Аяқ киімі сыймайды. Оны қолтығына қысып, ілбіп, мұңын шағып барады. Тізесі бастырмайды.
- Егер осы ұлдар болмағанда орнымнан қозғалмас едім. Өзіміздің Йазд жұмақтай. Революция қалалықтардың ісі. Бізге қатысы жоқ. Маш Акбардың ұлы сақшы болды. Жаман бала емес. Қалаға кетті. Оған: «Балам, сендер де кетпегендеріңде ғой. Қартайғанда қолғанат болар едіңдер», – дегем. Тыңдамады.
Стюардессалар ұшақтың есігінің алдында тізіліп тұр. Анар апа франциялық стюардессаға алғыс айтып, бетінен сүймек. Бойы қысқа. Аузы қыздың бетіне жетпейді. Стюардесса күліп, апаның қолын қысады.
Алдыда ұзын дәліз жатыр.
- Швеция бұл жерден өте алыс па?
Қол жүгін алдым. Не деген ауыр. Өзіне қайтарып бердім.
«Сен мына жаққа, мен ана жаққа баруым керек. Жолымыз басқа. Билетіңді ана екі ханымға көрсет», – деп ұшақ компаниясының қызметкерлерін нұсқаймын.
- Солардан көмек сұра.
Маған аңтарыла қарайды. Тұтқиылдан менен ажырауды күтпеген. Пенжегімнің етегіне жабысып алған.
- Ал, апатай… Жолың болсын! Баялды бұқтырмасынан мен үшін бір табақ алып қой.
- Мен бұларға қалай түсіндірем? Тілдерін білмеймін ғой...
- Билетіңді көрсет.
- Не деймін?
- Швеция де.
«Швеция» деп қайталап, билетіне тесіле қарайды.
- Ханымжан...
Өз жолыммен кеттім. Артыма қарамаймын. Бұл ұзақ әрі қажытқан сапар болды. Аяғымның жерге тигеніне қуаныштымын. Жер мен аспан арасындағы лағынет атқыр теңселістер аяқталды. Ирандық жолаушылар асығып, бір-бірінен озып барады. Жүгіріп барады. Бар ойым Анар апада. Кетті ме, кетпеді ме?
Жолаушылардың көбі менен бұрын жеткен. Төлқұжат тексеретін терезенің алдында ұзын кезек. Кезектің сол жағы – Еуропа азаматтарынікі. Оң жағы – шетелдіктердікі. Араб, ирандық, қара, сары, ауған және тағы басқа адамдар. Біреу иығымнан тартты. Бөтен ер адам.
- Жаныңызда отырған апа жүруге қауқарсыз. Сізді күтіп отыр.
- Көмектесетін басқа адам жоқ па? Мен асығып тұрмын.
- Сізді іздеп жүр. Сөз түсінбейді. Бөгделерден қорқады.
Мәссәған! Кейін қайтып, дәліздің соңына қарадым. Көзім дәліздің ортасында бір-бірімізден бөлінген жерде, еденде қол жүгін қапсыра құшақтап, жападан жалғыз отырған Анар апаға түсті. Жолаушылар қасынан жылдам өтіп жатыр. Алыстан мені көріп, қуанғанынан айқайлады. Жүзі нұрланып сала берді. Алға қарай еңбектеп, менің алдымнан шығып, қарсы алды.
- Ханымжан, кешір. Құдай-ау, құрбаның болайын... Екі аяғым құрысып қалды. Бір қадам баса алмаймын. Қасымнан өткеннің бәріне «Швеция, Швеция» деп бірнеше рет айттым. Итпісің, кісімісің деген жоқ.
Жанымыздан арбада отырған бір әйел өтті. Анар апа оған қызыға қарады.
- Осындай бір арба тауып бер, ханымжан.
- Жарайды. Осы жерде отыр. Мен келгенше орныңнан тұрма.
Эйр Франс компаниясының қызметкерлерімен тәжікелесіп, өтініп, жалынамын. Нәтижесіз. Арбаға алдын ала тапсырыс беру керек. Тапсырыс беріп, бірнеше күн күту қажет.
«Мына әйел Иранның бір ауылынан келе жатыр. Аяғы бастырмайды. Жүруге қауқарсыз», – деп түсіндіріп жатырмын. Алайда пайдасыз. Жаны ашығанымен, заңды орындау керек. Әр істің заңы бар. Алдын ала тапсырыс беру керек екен. Һарат[4] қаласы емес қой?!
Не істеймін? Тастап кете берейін бе? Жоқ. Өйте алмаймын. Көзім жүк таситын кәдімгі жүк арбаға түсті. Алды мен жан-жағы ашық арба. Отыруға болады. Тамаша! Асығып жүрмін. Анар апа аяқ киімін қолына ұстап, аяқтарын жайып, дәліздің ортасында еденде отыр. Қасынан немкетті адамдар өтіп жатыр. Қол жүгін арбаға салып, өзін қайтерімді білмей дағдарып тұрдым. Арбаның алды мен жаны ашық.
- Анар ханым. Тұр. Мына арбаға отыр.
- Ой, ханымжан...
Маған таңдана қарайды. Сене алмай тұр. Күледі.
- «Ой, ханымжан» деген болмайды. Қане, тұр.
…
- Тез бол...
…
Амалсыз келіседі. Қымсынады. Адамдарға қарайды.
- Мына арбаға ма?
- Иә, тұр. Жұмысым бар. Кеш боп кетті.
Қызарып, сасқалақтап, көзіне жас алады.
- Ханымжан, ұят қой. Маған жұрт күледі.
- Апатай, сені ешкім танымайды. Еуропада ештеңе ыңғайсыз емес. Қимылда, ханым!
Аяғы ауырып тұр. Көмектесемін. Ауырсынып, ыңырсиды. Тырмысып, құлайды. Жартылай тұрады. Тізесін қолымен демеп, бүгіліп, арбаға арқасымен сүйенеді. «Отыр», – деп иығынан басамын.
Баяу үнмен: «Ой, ханымжан...» – дейді.
Ауыр. Арбаны итергенде қисайып, басқа жаққа кетіп, қабырғаға қатты соғылады. Мұны көрген жолаушылар күледі. Анар апа бас орамалымен бетін жабады.
Мынадай салмақтағы арбаны итеру оңай емес. Бір орыннан қозғай алмай, оңға-солға бұрамын. Анар апа да көмектесіп, табанымен жерді итеріп, арбаны алға қарай жүргізбек болады. Бір өткінші көмектесті. Екеуіміз арбамен апаны алға сүйреп келеміз.
- Әй, ұлдар! Аналарыңды тамашалайтын ұлдарым, қайдасыңдар?
Билетін алып, қараймын. Гётеборг. Жағырапиядан мәліметім шектеулі. Швециядағы қала сияқты. Швецияның қай жері, білмеймін. Ұлдар сол жерде аналарын күтіп отыр. Әуе компанияның қызметкерлерінен сұраймын. «B» терминалына бару керек. Әуежайдың екінші басында. Он минуттық жол. Оның өзі автобуспен.
Анар апа басын көтеріп, құлақ қояды. Маған жәутеңдейді. Автобус аялдамасына дейін жол ұзақ. Анар апаның билеті қолымда. Мұқият қараймын. Париж-Гётеборг рейсіне бір сағат қалды. Көп уақытымыз жоқ. Арбада отырған Анар апаны дәлізге дейін апарам. Бұрылыста көзім эскалаторға түсіп, енді қайттім деп аңтарылып тұрып қалдым. Анар апа да эскалаторды көріп, орынынан атып тұрып, көзі бақырайып кетті.
- Ой, ханымжан… Мына баспалдақтар жүріп барады. Мен орнымнан қозғалмаймын. Басқа жолмен барайық. Ана жақпен. Ана жақтағы баспалдақтар дұрыс. Өзіміздің баспалдақтар сияқты. Мен бармаймын. Құлап қалам. Өліп қалам.
- Дабырлама. Тыныштал, әйтпесе тастаймын да кете берем.
Шаршадым. Төзімім таусылды.
- Апа, Швецияда нең бар еді?! Жиналып, жолға шыққанда не болсын деп едің? Бейшара боласың, құсадан өлесің...
Ашулымын. Тиісерге қара таппай келем.
- Сумкаңды төменге апарамын Арбадан түс.
Қолтығынан демеп, тұрғызамын. Ауырсынады. Тізесі бүгілмейді. Арбадан түсіп, қабырға таянады. Сумкасын алып, баспалдақпен төмен түсемін. Анар апа жоғарыдан қарайды. Қолымен қабырғаны қарманып, маған және қозғалмалы баспалдақтарға үрейленіп, аңтарылады. Бір-екі рет тұрып, алға екі қадам жасайды. Бір аяғын көтеріп, кейін басын шайқайды. Қорқып, артқа шегінеді. Алғашқы баспалдақтың үстінде ілініп тұрып қалатынына сенімдімін.
- Анар ханым, бірінші баспалдаққа отырып, төмен түс.
- Ой, ханымжан... Құдайым-ау, енді қайттім? Түсе алмаймын. Ұлдар: «Швеция дарбазаның артында. Машһадқа барудан да оңай. Ұшаққа отырасың да жетесің», – деген.
Шара іздеп тұрмын. Швециялық қапсағай денелі екі еркек баспалдақтан төмен түскілері келгенімен Анар апа олардың жолын жауып тұр екен. Оған бірнәрсе айтқанымен апа ұқпайды. Маған да швед тілінде сөйлейді. Мен де түсінбеймін.
Анар апаны абайлап шетке ығыстырады. Бірақ жолдары әлі жабық. Өзара сөйлесіп тұр. Маған ишаралап қояды. Түсіндіріп үлгергенше, олардың екеулеп Анар апаны қолтығынан демеп, көтеріп алғанын көрдім. Анар апа айғайлайды. Қытығы келеді. Ойбайлап жатыр. Тағы жиырылғанда бетінде кішкентай темір екі көбелегі бар қара аяқ киімі қолтығынан түсіп қалады. Қысқа, быртық аяқтарын ауада сермеп, тырмысып, еуропалық мырзаларға асылып алыпты. Ауыр, көтеріп жүру оңай емес. Қазір үшеуі де ілініп қалады деп көзімді жұмамын. Аман-есен жетті-ау әйтеуір... Шықпа жаным, шықпа десе де күлкісі тыйылмаған Анар апаны жерге түсіреді. Демін алғанша біраз уақыт өтеді. Бет-ауызын тер жауып кеткен. Орамалы бір жақта, өзі басқа жақта. Жартысы ақ, жартысы қызыл бір тұтам шашы жалбырап сыртқа шыққан.
- Ауылдың әкімі: «Анар апа, жеті тау мен теңізден өтуің керек», – деген. Бөтен еркектердің иығына да отыратынымды білмепті ғой...
Арба баспалдақтардың үстінде қалды. Ақсаңдап, шығатын есікке бара жатырмыз. Жұмыссыз жүрген бір жүк тасушы бізге қарады. Шақырдым. Ақшасын алып, Анар ханымды автобусқа апаруға келістік. Терминал «B» деп түсіндіремін. Біледі.
- Анар ханым. Бір-бірімізден бөлінуіміз керек. Мына мырза сені автобусқа дейін жеткізеді. Сені қайда түсіру керек екенін жүргізушіге айтады. Қорықпа. Бұлар жақсы адамдар.
- Сіз ше?
- Мен өз жолыммен кетем.
- Ханымжан...
- Бара ғой, аман бол.
Көзінен жас парлап ағады. Қолымнан ұстап алып, бетімнен үш-төрт рет шолпылдатып сүйеді. Сумкасынан анар алып, маған береді.
Махаббат анары...
- Шіркін, сіз де Швецияға барғаныңызда ғой. Бірге отырар едік. Менің қолымнан дәм татар едіңіз. Менің ұлдарым тамаша. Қандай жақсы, мейірімді екенін Құдай біледі. Мына қыбыламен ант етемін. Шын айтамын.
Қыбыланың қай жақта екенін өзі де білмейді.
- Жарайды. Келесі жолы.
- Келесі жолы деген жоқ. Менің мүбәда күнім дәл бүгін-ертең.
Жүк тасушы күтіп тұр. Күлкісі әдемі негр жігіт. Анар апа жаутаңдап, оған қол жүгін ұстатады. Оның білегінен ұстап, аяңдап, аяғын санап басып, алыстайды. Бұрылып, әлемдегі ең мейірбан көзқараспен маған қарайды.
Анары қолымда. Шабадандарымды тауып алуым керек. Бір сағат өтті. Менің сапарластарымның бәрі кетіп қалған. Жүгімді қоймаға қалдырып кеткен. Қойманың аузы кілттеулі. Ұйқыссыздық, шаршағандық пен қарнымның ашқаны берекемді кетірді.
Эйр Франстың қызметкері біреуге звондайды. Сәл күте тұруымды сұрайды. Сәл дегені жарты сағат, бір сағат, мәңгілік... Күтіп отырмын.
Анар бануды ойлаймын. Ұлдарына жетіп, тамақ жасап жатыр деймін. Ұлдары үстіне жаңа киім сатып берді. Үлкен қалың орамалының орнына басына жұқа жібек орамал тағады.
Қыдыртады, қаланың үлкен алаңын көрсетеді. Киноға, теңіздің жағасына, хайуанаттар паркіне апарады. Бүгін кешке, он жыл жырақтан кейін үлкен ұлының сасық аяғына басын қойып, ұйықтайды. Бұрын-соңды бастан кешпеген не деген тәтті ұйқы...
Сәрсенбі күнгі түстен кейінгі уақыт. Оралғаныма үш күн болған. Шабаданымды босатып жатырмын. Мұсылман сырт киімімді кір жуатын жерге тапсыру үшін шетке қойдым. Қалталарын ақтарып жатқанда жүз тұмандық екі банкнот пен бір қорап сағыз, төртке бүктелген бір қағаз, банктің түбіртегі мен ұшақтың бір билеті шықты. Ұшақтың билеті? Оқимын. Теһран-Париж-Гётеборг. Жексенбі, қыркүйектің жиырма тоғызы.
Жексенбі, қыркүйектің жиырма тоғызы.
Париж-Гётеборг.
Анар Бану Ченари.
Гётеборг, жексенбі, қыркүйектің жиырма тоғызы…
Қайғыға салындым. Ойым онға бөлінді. Мүмкін емес… Анар Бану кеткен. Ұшаққа мінді. Өзім көргем. Билетті үстелдің үстіне қоямын. Теріс қаратамын. Көргім келмейді. Ойлағым келмейді. Аузымнан ащы дәм сездім. Ішім удай ашып тұр. Мына лағынет атқыр билеттен көз алмаймын.
«Алаңғасар ханым... Қара, ештеңе ұмытып кеткен жоқсың ба?» – дедім.
Қарады. Қол сумкасын кеудесіне қапсыра құшақтап алды. Төлқұжаты қолында болған. Бірақ билеті ше? Билетті мен қолымда ұстап тұрғам. Сырт киімімнің қалтасына салып, ұмытып кеткем. Ақымақ басым. Басым айналған мен... Тауып алуым керек. Қайдан? Қалай? Санам санға бөлініп, басым істемей қалды.
Әттең, көмектеспегенімде ғой... Әттең, жолында кездеспегенімде ғой… Әттең, басқа адамға жолыққанда ғой… Не істеймін? Менің кінәм, ұлдарының кінәсі, ұлдарынан хат әкелген лағынет атқыр ана пошта тасушының кінәсі... Швецияға барам, Гётеборгке барам, Йаздға барам. Қайтсем де тауып алам.
«Ұлдарымды көргім келеді. Құшағыма аламын. Жүз рет беттерінен сүйемін. Соңсоң көңілім жайланып, басымды жерге қоямын да өлемін» деген.
Эйр Франс компаниясына телефон соғамын. Бос емес. Қайтадан теремін. Үш рет, он рет. Бос емес. Пиқ, пиқ, пиқ, пиқ… Алло, алло…
Қосылды бірақ ешкім жауап бермейді. Әуен ойнап тұр. Автоматты түрде жауап қайтарғыш: «Күте тұрыңыз. Сізге қазір жауап береді», – дейді. Қазір дегені бір өмір. Мәңгілік...
Жүрегім атқақтап кетті. Телефонның тұтқасын қоямын. Әуежайды теремін. Бұл жолы жауап береді. Париж-Гётеборг рейсі жолаушыларының тізімін сұраймын. Қыркүйектің жиырма тоғызы, түстен кейінгі сағат бір…
Үнсіздік. Дүниедегі ең ұзақ үнсіздік. Он минут. Әлде үзіліп қалды ма? Алло? Айғайлаймын... Алло! Жауап береді. Тізім жоқ. Болған күннің өзінде айтпайды.
Бейберекеттік! Өтініп, жалынамын. Анар Бану Ченари деген кәрі, ирандық ханым жоғалып кетті деймін. Билеті менің қолымда. Швецияға бара жатқан. Гётеборгке. Теһраннан келген. Алло? Дауыс біресе қосылып, біресе үзіліп қалады. Енді басқа адам сөйлейді. Басынан бастаймын. Түсіндіремін. Жолаушылардың тізімінде мұндай есімді адам жоқ. Париждегі Иран Ислам Республикасының елшілігіне телефон соғамын. Серіктестік жасауға, сұрастыруға уәде береді. Бірақ елшілік үш күн жабық. Швециядағы Иран елшілігіне хабарласамын. Мұндай ханым оларға келмеген. Стокгольмдегі бір досыма телефон соғып, Гётеборгте «Ченари, Анари» деген жігіттер бар ма, сұрап білші деп жалынамын. Йаздың жігіттері. Біреуінің шашы ұзын, боялған. Әнші. Екіншісі – қасы-көзі қара, мінезі жаман, ашулы.
Күтіп отырмын. Анар ханым бәлкім ақылы жетіп, менің телефонымды Париждің анықтамасынан сұрар? Бірақ қай тілмен?
Жұма, сенбі, жексенбі, дүйсенбі сейсенбі.
Келесі апта.
Келесі ай.
Келесі...
Анарын төсегімнің жанындағы үстелге қойғам. Махаббат анарын айтам. Өзімнен қайда, не істеп жүр деп мың рет сұрадым. Басыма түрлі ой келді. Жақсы, жаман ойлар.
Бүгін алаңсыз, жарқын күндердің бірі: терезенің алдындағы көзге көрінбейтін құстар шулап, қабағын түйіп жүретін көрші әндетіп, ысқырып өтетін, сарайдар[5] әйел оң жамбасынан тұрып, пошташы шалға сыпайылық танытатын сирек кездесетін күндердің бірі.
Мен құстардың көңілді дауысы мен терезенің сыртындағы тосын жарықты жақсы ырымға балап, өзіме Анар Бану да қазір сағынған ұлдарының қасында, фесенжан бұқтырмасын пісіріп, жолсоқтылықтан арылды деймін.
Ішімнен: «Бір күні ораламын. Жақсы, бақытты бір күні. Есігі мен терезелерін тау мен күнге қаратып салған үй, бақ немесе бақша сатып аламын. Анар апаның анарын егемін, жемісін айналамдағы адамдарға таратамын. Махаббат анарынан дәм татқандар бір-біріне бауыр екенін біледі.
Олар бір-біріне қараған сайын жүректері жақсы сезімге бөленеді», – деймін. Анар бану қай жерде болмасын, ұйқыда немесе ояу болса да алыс сапары туралы ойлайтынын, қалдырып кеткен шабаданын, өтірік белдікті байлағанын, қытығы кеп күлгенін, арбаға, бөтен еркектердің иығына отырғанын, жоғалған билеті мен мені ойлайтынын мен білемін. Сенімдімін.
Кейде түсімде көрем. Дауысы құлағымның түбінен естіледі: «Ханымжан, ұлдардан хат келді. Америкада да туыс-туғандары жоқ. Ғәріп. Тағы басқа бір жерге жолға шықты. Бұл жолы қайда?»
- Анар Бану. Қапаланба. Көп адам осындай. Үнемі барлық жерде бөтен. Бір жерде байыз тауып отыра алмайды. Күндердің бірінде ұлдарыңның қайтып келгенін көресің. Олар қуанышты. Анар ағаштарының саясына жатып, ұйықтайды. Қайтадан жақсы естеліктері ойларына түсіп, тағы алысқа жолға шығады. Кету мен оралу да өмірдің бір заңдылығы ғой.
- Өзіміздің Йаздың несі жаман?
- Анар Бану ұйықта, маған да ұйқы бер.
Үнсіз отырып, өзінің ұлдарымен сөйлеседі. Дауысы естілмейді, сурет көмескіленіп, бетін шаң басады. Ескі суреттердей ұйқының шырғалаң қатпарларының тасасынан баяу, ақырын алыстап барады.
[1] Анартай, Анаржан.
[2] Шынартай, Шынаржан.
[3] Иранның дәстүрлі тағамы. Оған анар тұздығы мен ұнтақталған грек жаңғағы, куркума, даршын, апельсин қабығы, кардамон және раушан тәрізді дәмдеуіштер қосылады. Ол әдетте баялды мен құс етінен дайындалады.
[4] Бұл жерде барлық іске рұқсат жер деген мағынада айтылған. Һарат, Һерат – Ауғанстандағы қала.
[5] «Сарайдардың» қызметі мен міндеттері біздің жатақханалардағы комендант пен вахтердің қызметі мен міндеттеріне ұқсайды.
Голи Тарағи (1939) – Иранның қазіргі заман әдебиетіндегі қаламы қарымды, танымал жазушы. Ол Теһранның Шамиран ауданында жазушы, журналист әкесі Лутфолла Тарағидің әулетінде дүниеге келді. 1954 жылы Америкаға оқуға кетіп, философия мамандығы бойынша білім алды. Қазір Францияда тұрады.
Жазушының ең атақты повестер жинағына «Мен де Че Гаварамын», «Шашыраңқы естеліктер», «Басқа жер», «Екі дүние» деген кітаптары жатады.
Тарағи «Қысқы ұйқы», «Оралу» және «Оқиға» деген романдар жазды. «Теңіз, пері және алтын кекіл» поэмасының авторы.
1985 жылы жазушының «Менің рухымның ұлы бануы» шығармасының француз тіліндегі аудармасы Францияда «Жылдың ең үздік повесі» марапатына ие болды.
«Анар Бану мен ұлдары» – Голи Тарағидің 2002 жылы жарыққа шыққан «Басқа жер» кітабындағы таңдамалы шығарма.
Парсы тілінен аударған: Айнаш Қасым