Қанат Тілеухан. Қайтқан қыз (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
19840

– Мына қаншықтың дауысының ашты­сын-ай. Тіптен ұйқы бермеді ғой, – деді ше­шем. Ал, әкемнің оянып кеткенін тама­ғын кенеп, ағаш төсекті шықырлатқанда бір-ақ білдім. Барлығымыздың ұйқымызды бұзған үш жастағы жиен қарындасым еді. Ақлима жылауын тоқтатпағасын шешем орнынан тұрып, әпкем жатқан бөлмеге барды. Оның ағаларына еріп, тоған суына шомылып жүргенін көрген едім. Содан суық тигізіп алса керек-ті. Шешем өзіме та­лай қолданған ем-домды Ақлимаға жаса­ғанын сезіп, білдім. Ол – ыстық сүт іш­кізіп, аяқ-қолды, арқа мен кеудені қой­дың құйрық майымен сылау. Ем жасалып біткесін, жарты сағаттан кейін барып, біздің үйде тыныштық қайта орнағандай болды. Барлығы да қалың ұйқыға кетті. Мен ұйықтай алмадым. Малды көріп, әрі байлаудағы Ақтабанды босатпақ болып тысқа шықтым. Жаздың соңғы күндері болатын, дала салқын екен. Қора жаққа қарай жүрдім. Қойлар жатқан қашарға жақындағанда қызыл шоқты көзім шалды. Оның шылым шеге бастағанын үйге келген күннен-ақ байқағам. Алғашында бұл қы­лы­ғына жыным келді. Пәленбайдың қызы қала барып, шылым шегіп бұзылып кетіпті деген әңгімелерді ауыл әйелдерінен талай естігенім бар. Кейіннен кешіріммен қарай бастадым. Әйтеуір көрші-көлең бас­қа­лар біліп қоймаса екен деп тілеймін. Әпкемнің түтіндетіп отырғанын бұл жолы да, көрсем де көрмегендей болып, үйге кіріп кеттім. Көзім ілінер емес, әпкемнің қазіргі күйіне жаным ашып кетті. Бәтимаш екеуміздің арамыз бар-жоғы төрт-ақ жас. Азан шақырылып қойған аты – Бибәтимә. Шешемнің айтуынша, осы Бәтимашты босанарда толғағы ауыр бо­лып­ты. Толғақ екі күн, екі түн қысқан екен. Уа, Бибәтимә пірім деп сиынып, Аллаға жалбарынып әрең босанғанмын деп айтып отырғанын талай естігем. Содан бесін­ші құрсағына Мұхаммед пайғам­ба­рым­ыздың қызының есімін беріпті. Алайда, әжем марқұм балаға бұл ныспы ауыр болады деп туу туралы куәлікке Бәтимаш деп жаздырған екен. Ес білген күнімнен маған қамқор болған осы әпкем. Алғаш мектеп табалдырығын аттарда үйдегі үлкендер­дің бірі де бармады. Бәтимашқа жетектетіп жіберген-ді. Ата-анам он бірінші сыныпқа дейін мен үшін мектепке барған емес. Тек аттестат аларда болатын «вешірге» келіп, думандатып кеткендері болмаса. Бәтимаш сабақтан келгенімде тамағымды беретін. Үй тапсырмасын да жаттатады. Костюм-шалбарымды жуу, үтіктеу де соның мойнында. Бұның барлығын ол ешкімнің нұс­қауынсыз, өзінің бар ықылас-ынтасы­мен жа­саушы еді. Әлі есімде, мені ұқыпты бо­луға да үйрететін. Қарашжан ана тілі пәні аяқталғанда қоңырауды ести сала, тысқа қарай өзгелерге еріп, жүгіріп кетуші болма. Келесі сабақ қандай пән? Мысалы, математика болса, математика кітабы мен дәптерін партаңа шығарып және қарын­даш, қаламсабыңды да дайындап қой. Сосын барып үзіліс қызығын көр. Сонда ке­ле­сі сабақ басталғанда сөмкеңді ақта­рып жатпайсың дейтін. Сол кезде әңгімеге тете әпкем Күләш араласатын. Қараш, қаламсабың мен қарындашыңды қалтаңа салып шық, ұрлап алуы мүмкін деп. Олай деме, Күләш. Адам бойынан жаман қылық іздеуге болмайды. Оқушылар тәрбиелі болады. Ешкімнің затын рұқсатсыз алмайды. Қарашжанның сыныбында ондай оқу­шылар жоқ деп сіңлісінің күдігін сейіл­тіп тас­таушы еді. Әпкем үй жұмысына өте пы­сық болатын. Сабағы да кілең бестұғын. Сондықтан оған әжемнің, әкем мен ше­шем­­нің дауыс көтергенін естімеппін. Үйдің сүт кенжесі, яғни еркесі болғасын менің де бетімнен ешкім қақпайтын. Ал қалғанда­рын айғайдың астына алып жататын. Үлкен болғасын ба, ағам Есімбек пен қыздың үл­кені Айна таяқ та жейтін. Менің жеке мен­шік әпкемнің бір қызық сүйікті ісі болатын. Ол құлақ тазалау. Әжемнен бастап маған дейін құлағымызды тазалап беруші еді. Тек қана анам ғана маңына жолатпайтын.

 – Осы қыздың құлақ шұқылауы несі, – деп жақтырмай отыратын. Монша жақ­қан күні барлығымызды кезекке тұрғызу­шы еді. Мен бесінші сыныпты аяқтап, ал­тын­шыға көшкенде Бәтимаш тоғызыншы сыныпты үздік аяқтап, мектеппен қоштас­ты. Қазір есімде жоқ үлкендердің бе, әлде өзінің шешімімен бе, қалаға оқуға аттанды. Көп кешікпей колледж студенті атандым деп жақсы жаңалықпен барлығымыз­ды қуан­т­қан еді. Қаладан екі апта сайын келіп тұрды. Маған құр қол келген емес. Мен тоғызыншы сыныпқа ауысқанда ол менің бетімді сығуды әдетке айналдырды. Маған әпкемнің құлақ тазалап, бет сығуы ғана оғаш көрінетін. Қалған барлық жасаған ісіне сүйсіне қарайтынмын. Мектепті бітірген жылы ол колледжін қызыл диплом­ға аяқтады. Ауылда көп аялдамай Талды­қор­ғаннан асып, Алматыға кетті. Ол жақта университетке сырттай түсіп, білек сыбана жұмысқа кірісті. Біз қаламыз ба, Алматы қайдасың деп Талдықорғанды «менсінбей» Алатаудың баурайынан бір-ақ шықтық. Алайда, Бәтимаштай жолым жеңіл болмады. Оқуға түсе алмай, Медеуді көргеніме риза болып ауылға қайттым. Біздің сыныпта 15 бала оқыған. Барлығы да колледж, университет студенттері атанып, ауылда алшаң басып жүр екен. Араларында өз күшімен оқуға түскендері бар. Енді бірлері ақылы бөлімге құжаттарын тапсырып келіпті. Шешем өмі­рінде алғаш маған ұрысты. Ұрысқанда Алма­тыдан келген күні: «Әй, ойының осыл­ғыр! Оқы дегенде оқымай, қыста шаң­ғы деп, жазда доп деп далабезер болып ең», – деп бастаған еді. Бірақ әжем жарық­тық: «Қақабайға сөйлеме», – деп арашалап алды. Әкем үнде­меді. Қойдың соңына салды да жіберді. Тамыз айы аяқталарда мені қойдан әкем­нің өзі құтқарды. Өмір­бақи мал дәрігері бол­ған әкем: «Балам, малдың жаманын лсп-ға, баланың жаманын спту-ға деген. Бір жылың құр өтпесін. Талдықорғандағы кәсіби-техникалық мектепке барып, ертең құжатыңды өткіземіз», – деді. Бір жылдың ішінде фермер-арен­датордың дипломын, көлік жүргізу куәлігі мен тракторшының мамандығын алып шы­ғасың. Қазір ауылда трактористер ғарыш­кер­лердей сыйлы. Ауылға келгесін трактор алып берем», – деп және қызық­тырып қойды. Алайда, тракторшы болмадым. Әкей­дің мақсатын быт-шыт қылған осы Бәтимаш болатын. Талдықорғандағы бір жылдық оқуым аяқ­талы­сымен әпкем мені бірден Алматыға алып кетті. Шешем­нің: «Әй, мынау оқуға түсіп қарық қылмас», – де­гені екінші жыл тағы да расталды. Үн­жыр­ғам түсті. Маған үміт артқан, мені жа­нын­дай жақсы көретін әпкемнің алдында өзімді қатты жазықты сезіндім. Бірақ ол қабақ та шытқан жоқ. Оқу­дың ақшасын өз мойнына алып, құж­а­тымды ақылы бө­лім­ге тапсыртып: «Қыр­күйек­ке дейін демалып кел», – деп ауылға аттандырды да жі­берді. Бұның бәрін мен қалай ұмы­тайын? Ол кезде Бәтимаш бар-жоғы жиырма төрт жаста еді ғой. Оның жасын­дағы кейбір қыздар ойын-күлкі қуып жүргенде ол мені оқытты. Ата-анамызға көмектесіп тұр­ды. Әлі есімде, анамның туған күніне сауып ішіп отырыңыз деп сиыр да сыйлаған еді. «Вот это оригинальный подарок для аулбайских», – деп орысша оқы­ған Айна әп­ке­міз күлген болатын. Ол сиыр құтты болып, кейін үйдегілер он бұзауға дейін тар­татын болды. Айтып-айтпай не керек, Бәтимаш барлығымызға көмектесті ғой. Бос уақыты болмайтын, Түркиядан тауар тасиды, оны сатады. Арасында тіл меңге­рем деп арнайы курстарға барады. Оның сыртында көлік жүргізуді де бір достарынан үйреніп жүретін. Ал, қазір болса, міне, бос. Таңнан кешке дейін әйтеуір үш баласын айналдырады. Бұрынғы­дай емес, үй шаруасына қол тигізгісі кел­мейді. Күйеуінен ажырасып келгелі бері көңілсіз. Еш нәр­сеге зауқы жоқ. Барлы­ғы­мыздың қаба­ғы­мызға қарап тұрады. Өз үйінде өзін бөтен сезінеді. Жоқ, бәлкім, ол қазір бөтен үйде жүрген болар. Өйткені, қазақ қызды жат жұрттық демеуші ме еді? Алайда, шешем: «Ішіме сиған бала сыртыма да сияды», – деп көшіріп алып келді. Бәл­кім, Бәтимаш мен бұл үйге сияры сияр­мын-ау, үш балам сия қояр ма деп ойлайды ма? Әрине, ойлайды ғой. Әмбе, әкемнің қыздардың балаларын: «Бұл немере емес, жиен ғой» деп шеттетіп отыратыны бар. Қай ана бала­ла­рының әкесіз өскенін қа­лай­ды дейсің. Өліп қалса, бір сәрі. «Мама, біз неге папамызбен бірге тұрмаймыз?» – десе, не деп жауап береді? Бәтимаш папаларың наркоман болып кетті деп айта алмайды ғой. Әрине, жазығы жоқ өз ба­ла­ла­рының жанын жараламайды. Қазір әпкемді мен білетін де, білмейтін де небір ой жегідей жеп жатыр-ау. Осылайша өткен-кеткенді еске алып жатып, сағат тілінің түнгі төртке жеткенін де байқамаппын. Қой кезекке тұру керек­тігім есіме түсіп, тез ұйықтауға тырыстым. Енді бар-жоғы екі жарым сағаттан кейін қайтадан тұру керек. Алда тағы бір таусылмайтын жаздың ұзақ күні.

 * * * 

Жазда күн шіркін, жердің бетін шыжғы­рып, ұясына зорға дегенде кіреді емес пе? Біздің жақта қой қорадан алты жарымда өріске шығады. Түскі он бірге дейін жайылады да, сағат төртке дейін үйездейді. Міне, осы уақыт аралығында көзді іліп алуға болады. Содан кейін түнгі тоғызға дейін малды жаясың. Бүгінгі қой кезекке Бәти­маш­тың үлкен баласы Ернарды қасыма алып алған болатынмын. Маған күні бойы ермек болды. Мен қойдан шаршап, түнде ұйықтамағандық көзім-көзіме жабысып келгенде Ернар сыр білдірген жоқ. Қой қоралап жатқанымда ол кешкі асын да іш­пей атасының артына мінгесіп өрістен кел­мей қалған тайыншаларды іздеуге кетіп қалды. Үйге кірсем, шешем ашулы екен. «Көшкен үйдей болып жатырмыз. Мынау заттарыңды жинасаңшы. Бір жерге реттеуге болмай ма? Не болған саған, Бәтимаш? Түске дейін екі бүктетіліп жата­сың. Сен ғана байдан шығып жатсың ба? Ел­дің барлығы қазір ажырасып жатыр. Қай­та сол наркоман байдан құтылғаныңа тәубе деп айт» .

 – Мама, балалардың көзінше олай айтпасаңызшы, – деді бағанадан бері үнсіз шешемнің сөзін тыңдап тұрған Бәти­маш.

 – Білсін әкелерінің қандай екенін. Ақ­ли­ма қыз бала, ол сені түсінеді. Ал, мына екі ұл ертең әкесін іздейді. Сені жазғы­ра­тындар да солар болады. Неге біз әкесіз өстік деп. Айтпақшы, Ернарың қайда?

 – Қарашпен қой бағуға кеткен. Осы кезде мен келдім дегендей есік ауызынан ас ішетін бөлмеге қарай: «Сәле­мет­сіздер ме!», – деп өтіп кеттім. Мені көр­ген бойда шешем бірден:

 – Бәтимаш, тыстан самауырынды алып кел. Қараштың тамағын берейін, – деп бұйыра сөйлеп, дастарханын әзірлей бас­тады. Әпкем самаурынды алып келгенімен, дастархан басына отырмай, балаларын қасына ертіп түпкі бөлмеге кетіп қалды. «Әй, барлығыңа жеке-жеке шәй қайната береміз бе? Бауырыңмен бірге отырып тамақ ішсеңші!», – деді шешем. Бәтимаш жауап қатпады. 

– Әй, мына қатын меңіреу болып қал­ған-ау, шамасы! – деп маған шайын құя бастады. Кешкі асты ішіп біткенше апам Бәтимаш жайлы айтты. Жалқау болып кетіпті. Ешкіммен сөйлеспейді. Бәлкім, анау қаныпезер күйеуі басын оқытып тастады ма екен? – дейді арасында маған сұ­раулы жүзбен қарап. Енді Бәтимаштың балаларын ертіп суға түскенін айтып шамданды. – Жас қыз болса бір сәрі, екі санын жалтыратып суға шомылғаны несін алған. Үйде душ бар емес пе? Мен шешемнің айтқанына бас шұлғып қана отыра бердім. Бағанадан бергі әңгімені әпкемнің естіп жатқанын ішім сезеді. Сондықтан тез-тез тамағымды ішіп алып, жататын бөлмеме кетуге асықтым. 

Күн артынан күн еріп, уақыт өтіп жатты. Кісікиіктеніп кеткен әпкем бұрынғы қал­пы­на түсе бастады. Жүзінен күлкі де көре­тін болдық. Әр кезде қыз бала өзіне әр түрлі құрбы іздей ме, кім білсін?! Әпкемнің араласатын ендігі достары да өзі сынды күйеуінен ажырасқандар. Және бұрын-соң­ды тұрмыс құрмағандар мен үйде отырып бала тауып алған келіншектер. Солармен кездеседі, солармен ым-жымдары бір. Кей күндері үш-төртеуі бас қосып, қа­ла­ға қыдыруға кетеді. Қалта телефоны ар­қылы біреулермен хат жазысуды да шығарды. Ешкімге көрсетпей сыра да іше­тін болды. Бір күні әпкем қаладағы кезекті бір серуе­нінен келгенде шешемнің кәріне қатты ілікті. Кешкі уақыт болатын. Тайлы-тұяғы­мыз қалмай тамақтанып отыр едік, Бәти­маш келді. Барлығымызбен амандас­ты да қос ұлы Ернар мен Бегнардың беті­нен сүйіп, Ақлимасын бауырына басты. Анам жақтырмай қарап:

 – Саған бала не керек? Тағы да қыдыр­мадың ба?

 – Мама, қойыңызшы.

 – Не қойыңызшы? Бұл менің «бабам» бір. Бірдеңе десең, қойыңызшы деп ауызымды жабады. Бәтимаш бұл жолы қарсы сөйле­ген жоқ. Балаларын ертіп өз бөлме­сіне кетіп қалды. Шешем орнында отыра алмады. Түрегеліп, артынан барды. Бұл жо­лы даусы тіптен қатты, әрі ашулы шықты.

 – Әй, сен осы сөзді неге аяғына дейін тыңдамайсың. Тіпті, өзің бойжеткендей бұраңдап кеттің ғой.

 – Мама, ертең сөйлесейікші, басым ауырып тұр.

 – Басым ауырып тұр. Іш пиваңды. 

Бәтимаш бұл жолы шыдамады білем, айқайлай сөйлей жөнелді.

 – Ішем бе, тартам ба, мен өзім білем. Мен қазір жас қыз емеспін. Я же женщина.

 – Ә, бәлем, тілің шығайын деген екен ғой. Пәленбай жыл анау наркоман байың­ның күңі болғаныңды ұмытып кеттің бе? Бәрі маған дәу. Мына түрімен мені жұлуға да тайынбассың. Мықты болсаң дүкеніңе, астыңдағы машинаңа ие болмадың ба? Ең ақыры алтындарыңа дейін ана байың алып алған. Көрінгенге жем болып келіп, енді отқа айдасам боққа қашады. 

Бәтимаш та қарап қалмады: «Сіздің ойлайтыныңыз ақша, дүние. Иә, бәрінен айырылып қал­дым. Оның бәрін маған сіз алып бердіңіз бе? Ең ақыры, төсек-орнымды, ұзату тойымды да өзім жасағам. Осы уақытқа дейін маған қандай жақсылық жасадың? Қазір менің түгім жоқ. Содан кейін саған керек жоқ­пын». 

Шешем үндемей қалды. Менімен бірге, бәрін тыңдап отырған әкем орнынан тұрып, шешем мен әпкем ұрысып жатқан бөлмеге енді.

 – Бәтимаш-ау, шешеңе олай сөйлеме, қарағым, – деуі мұң еді, «Мына алқаш бай­ға қырық жыл қатын болып, жетеуіңді аман-есен жеткізгеніме риза болыңдар. Маған қандай жақсылық жасадың дейді ғой. Сен менің ақ сүтімді ақтай алмассың» – деп шешем баж ете түсті. Қос тарапты татуластырам деп келіп, таяқтың бір ұшы өзіне тигеніне жыны келген әкем еденді бір теуіп, тысқа шығып кетті. Анамның ауыр мінезі маған жақсы таныс. Сондықтан әпкемді сабырға шақырып, ортаға мен де килігіп көрген ем.

 – Араласпа! Сенің де мені жақтырмай жүргеніңді білем. Мені естімейді дейсің-ау! Өткенде үйге кіріп келіп, мамама: «Анау ханшайым әлі ұйықтап жатыр ма?», – деп кекетіп қоясың. Кіп-кішкентай баламды ол қойға саласың. Еще мені өзі аңдып жүреді. Менің бір ағам сияқты. 

Осылайша, менің ауызымды жаптырып тастады. Бірдеңе айтқым келді. Ауызға сөз түспегесін, мен де әкемнің артынан кеттім. Менің соңымнан Ернар шықты. Мінезі қиқар бала есік алдында өзімен-өзі отыр­ған мысықты бір теуіп, қораның төбесінде жинаулы тұрған шөптің үстіне жайғасты. Ағасының артынан іле шыққан Бегнар Қарауыздың бауырын көтеріп қалған күшіктерін қойнына қысып, әкем екеумізге жалтақ-жалтақ қарап, екі көзі мөлдіреп, үйдің бұрышына барып отырды. Үйдегі ай­ғай біразға дейін жалғасты. Сосын барып кішкентай Ақлиманың жылағаны естілді. Оған шешем мен әпкемнің өксіген дауыс­тары қосылды. Содан кейін барып шаңы­ра­ғымыз мамыражай күйге оралғандай бол­ды-ау, әйтеуір. Мен бұл жолы Бәти­машты емес, оның балаларын аяп кеттім... 

Осы оқиғадан кейін әпкем араға бір апта салып, қытайдың үлкен екі ала сөм­ке­сіне киім-кешегін жинап, үш баласын ертіп Алматыға тартты да кетті. Ішімнен ендігі күндері қандай болады екен деп мен қалдым. Әкем сыр білдірген жоқ. Бәрі ішінде. Шешем: «Елдің қисық-қыңыр қыздарына дейін байға тиіп жатыр ғой. Алматы үлкен қала, бір жақсы ер-азамат кезігер. Өз күнін өзі көрсін. Аяқ-қолы сау емес пе?», – деді. Анамның соңғы сөзі бекер екен. Ертеңнен бастап: «Құдай-ау, үш баласымен қаңғып, өліп қалмаса етті?! Не жасап жатыр екен? Қайда тоқтады екен?» – деп уайым жей бастады.

 – Бәтимашты үйге сиғызбай қуып шық­қан өзің. Енді зарламай тыныш отыр, – дейді ондай кезде әкем. Балаларға үй­ре­ніп-ақ қалыппыз. Тып-тыныш. Үй-іші ел көшкендей құлазып қалғандай болды.

 * * * 

Ауылдан Бәтимаш кеткелі бір жылдан да асты. Желтоқсан айының бел ортасы болатын. Әкем соғымға үлкен бір өгіз сойды. Баяғыда бір сақау кемпір бір ешкі сойып: «Үйдің іші де майи, щырты да майи» – депті ғой. Сол айтпақшы, үйдің іші-сырты етке толды ғой деп, шешем мәз болып жүр. Әкем екеуі ақылдаса келе, мені Алматыға жіберетін болып шешті. Үш әпкеме бөлек-бөлек соғымның сыбағасы, басқа да ауыл­дың дәмдерін арқалатып, қалаға жөнелтті. Ауыл өмірінен зеріккен мен үшін бұл сапар жаңажылдық сый болды десем де болады. Сонымен қойшы, алты сағатта студенттік шағым өткен Алатау баурайындағы Алматыма жеттім. Бірінші ат басын Жайнаның үйіне бұрдым. Қырыққа келіп қалған бұл әпкем тұрмыс құрмаған. Алматы маңын­дағы Шаңырақ дейтін ықшам ауданда біреудің ауласындағы кішігірім үйді жалға алып тұрады. Мен келгенде ұйықтап жатыр екен.

 – Қараш, жеттің бе? Мамам бағана звон­дап, сен шықты деген болатын. Ауыл­дарыңда сотка ұстайтын болыпты, – деп көзін әрең ашты.

 – Иә, қазір сотка ұстайды, – дедім.

 – Маған беріп жіберген пакетті анау бұрышқа қоя сал. Қарның ашса, тоңазыт­қыш­та жейтін тамақ бар. Мен тұрмай-ақ қояйын­шы, суткадан келіп едім, – деп жас­тығына қайта жантая түсті. Жайна қала­дағы ауруханалардың бірінде мейірбике болып жұмыс жасайды. Ақшасы аз, жұмы­сы көп, – деп шешем айтып отыратын. Мен сәл бөгелдім де: «Жайна, Айна мен Бәти­маш­қа да беріп жіберген заттар бар еді. Әрі курстастармен де жолығуым керек. Кете берейін», – дедім.

 – Жақсы. Бірақ кетерде міндетті түрде кел. Мамама беріп жіберетін дәрі-дәрмек бар, – деп қайта көрпесінің астына кіріп кетті. Қоғамдық көлікке отырып, ең үлкен әпкем Айнаның үйіне тарттым. Жасы қы­рықтан асқан Айна болса, тұрмысты кеш құрған. Балаларының алды мектепті де аяқтап үлгермеген. Арты енді ғана сөйлеп үйренген-ді. Барсам, қызыңқы екен. Кеше қонақ күткен бе, үйдің іші шашылып жатыр. Мені жылышыраймен жақсы қарсы алды. Жиендердің қабағы түсіңкі. Шешелерінің мына күйіне ренішті екені айтпаса да түсінікті. Беттерінен сүйдім. Айна шай бермек болып, үстел бетін жинастыра бастады. Алайда, онысынан еш нәрсе өнбеді. Теңселіп барып орындыққа әрең отырды.

 – Аружан, – деді. Аружан келді. Не «иә», болмаса, «неге шақырдың?» деген жоқ. Шешесіне бедірейе қарап тұр.

 – Что стоишь? Видишь же, к нам дядя Караш пришел. Шай берейік, үстелді реттеші, – деді.

 – Қойшы, өзің жаса, – деп компьютеріне барып қайта жайғасты. Мен орнымнан түрегеліп, түннен қалған ыдыс-аяқтарды жууға кірістім. Ұйпа-тұйпа болған шашын тарап, Айна әр нәрсені айта бастады. Неге екенін білмеймін, өмірден қатты шаршап жүр екен. Таңнан кешке дейін бала бағудан мезі болғанын, төрт жастағы қызын бала-бақшаға орналастыра алмай жүргеніне шағымданды. Балалары өскен сайын екі бөлмелі пәтердің тар бола бастағанын да тілге тиек етті. Жездемнің жалғыз табысының жетпейтінін айтып, жылап та алды. Мен сөзін бөлгенім жоқ. Жас кезінде бір кәріс жігітімен болған махаббат хикаясын да айтқандай болды. Бір кезде «он умер» деп жылады. Әңгімесін жалғастырмақ еді, өз түкірігіне шашала бастады. Тіпті, сөйлеу­ден қалған соң, Айнаны төсегіне апарып жатқыздым. Аружан компьютердің алдынан шықпай қойды. Одан кейінгі ұл қалта телефонын шұқылаумен болды. Ал, кішкен­тай Ақнұр анасының қасына барып ұйық­тап қалды. Ас үйде жападан жалғыз қалған мен бір нәрсе түртіп жегендей болдым. Түннің бір уағында жездем келді. Қолында екі бөтелке сырасы бар екен. Шаршап келсе керек, көп әңгімесін айтқан жоқ. Екеуіміз бір-бір бөтелкеден төңкердік те жатып қалдық. Ертеңінде ертерек тұрып, Бәтимаштың үйіне кеттім.

 * * * 

Күн жексенбі болатын, сондықтан есікті баяу қақтым. Ондағым – балаларды ұйқысынан оятып алмайын деген ой. Есік мен ойлағаннан тез ашылды. Бәтимаш құшақ жая күтіп алды. Сағынып қалған екен, бала күндегідей құшырлана екі бетімнен иіскеп, сүйді.

 – Мен де бір таң атпастан ел тұрмастан келіп, балалар оянып кететін болды ғой, – деймін ыңғайсызданып.

 – Ештеңе етпейді. Күнде келіп жатқан жоқсың ғой. Әмбе, жексенбіде ерте тұрып алатын әдет бар емес пе, – дейді әпкем. Оның сөзі рас боп шықты. Біз мысық­табан­дап ас үйге өтіп, сыбырласа сөйлессек те балалар төсектерінде көп жатпады. Жиендер де сағынып қалыпты, арқама шығып, мойныма асылып, мәз болып жүр. Ернар мен Бегнар жарыса ауылдағы кү­шік­терінің жайын сұрады. Жазда ауылға баратындарын айтады. Өжет мінезді Ернар өзінің үлкен болғандығын айтып қояр емес.

 – Сілеусін аулауға апарасыз ба? – дейді. Менің «Кертауда сілеусіндер мекен­дейді» деген әңгімемді әлі ұмытпапты. Бәтимаш сілеусін соғып аламыз деген ұлы­ның әңгімесіне езу тартты. Зияны жоқ өті­рік болғасын, Кертауда сілеусіннің жоқ­ты­ғын бұл жолы да жария еткен жоқпын. Улап-шулап таңғы асымызды ішуге кірістік. Екі ұлдың маған айтар әңгімесі әлі де таусылар емес. Ақлима үндемейді. Мінезі өскенде орнықты болатын сияқты. Сөз арасында Бегнар: «Мама, Қараш ағам барлығымыз бүгін Медеуге барайық. Коньки тебейік. Қазір машинамыз бар ғой. Ав­тобуспен ұзақ жүрмейміз», – дейді қулана қарап.

 – О, машина алдыңдар ма? – дедім қуанып.

 – «Гольф-3» қой. Арзандау бағаға таныс­­тардан алғам. Ұл балаға тән қызығушылықпен ма­ши­на­ның түсі, моторы жайлы білмек ем, әпкем менен жұмыс жайын сұрады. Сәл бөгеліп барып: 

– Кезінде заң факультетін бекер таң­да­ғанмын. Ауылда заңгерге жұмыс жоғын ескермеппін ғой, – дедім күмілжіп.

 – Енді, сен ол кезде ішкі істер саласына барам деп жоспарладың емес пе? – Иә. Бірақ онда әскери билетсіз алмайды екен...

 – Енді не істемексің?

 – Міне, алдағы оқу жылы мектепке ор­нала­самын. Сөйлесіп те қойдым. 

Әпкем бірнәрсе айтқысы келді. Алдын орай денешынықтыру пәнінен сабақ бере­тінімді айтып үлгердім. Балаларға доп ойнатып, жүгіртіп қойсам болды емес пе деп күлгендей болдым. Ол да езу тартып күл­ген­дей сыңай танытып, одан ары жұмысым жайлы әңгімені қузаған жоқ. Арадағы сәл ғана үнсіздікті бұзбақ болып, Айна мен Жайнаға барғанымды айттым.

 – Соларды қойшы, – деді тыжырынып Бәтимаш. Не болып қалды дегендей, оған жалт қарадым. Бірден жауап қатпады. Сәл бөгеліп, тамақтарыңды ішіп болсаңдар теледидар көріңдер деп балаларды келесі бөлмеге жіберді де әңгімесін бастады.

 – Осыдан 2-3 ай бұрын Айна өзінің курстасымен таныстырды. Есімі – Талғат. Біз­дің жақтікі екен. Маған жаман жігіт емес сияқты көрінді. Кафеде отырғанбыз. Кеш бойы құрметін аяған жоқ. Машинасы бар екен. Айна екеуімізді шығарып салды. Содан жақын араласып кеттік. Маған отба­сының бар екенін бірден айтты. Жасырған жоқ. Сонысы ұнады. Қазір көп жігіттер бала-шағасының барын жасырып, қырын­дайды емес пе. Содан не керек, күнде жұмыстан кейін үйге шығарып сала бастады. Сыйлыққа келгенде де аянып қалмай­ды. Гүл, әтір, жүзік дегендей. Талғатпен кезіккелі өзімді әйел ретінде сезіне бастадым. Өйткені, Ернарды босанғаннан кейін жездеңнен тек қана боқтық естіп, оның сат­қындықтарына куә болдым... Он сегіз­дегі қыз емеспін. Үш баласы бар келіншек­пін. Жасыратыны жоқ, кездесіп тұрдым. Алайда, кейін өзімнің әкесіз өсіп келе жатқан балаларым сияқты оның да екі ұлы ертең аналарының қасында мө­лейіп қала­тынын ойлап, онымен арамыз­дағы қаты­нас­ты тоқтату керек деп шештім. Талғат мен үшін әйелімен ажырасуға дайын еке­нін айтқан да болатын. Ал, Айна осы кезде менің сыртымнан Талғатқа мені айт­ты­рып та үлгеріпті. «Сіңілім менің айтқаным­ды екі етпей орындайды. Сен сабырлы бол. Оның көңілін барынша аулай түс» деген сыңайлы әңгімелер айтады екен. Онысымен қоймай оған коньяк, шоколад алып кел деп, неше түрлі тапсырыстар береді. Талғат құрдай жорғалап, Айнаға «қалың мал» тасыйды. Бұны білгенімде екеуіне бірдей жыным келді. Әрине, бірінші Айнаға. Былайша адамды пайдалануға бола ма? Талғатқа да қаным қайнады. Мен тек өз қалауыммен отбасын құратын жан емеспін бе? Содан әлгі «күйеу» жігітті шақырып алып, курстасыңмен бірге құры. Енді келме деп ат құй­рығын кесістім. Талғат бұр­ты­йып, Айна­ға кетеді. Барып мұңын шаға­ды. Қайдан келгенін білмеймін, оларға кеп Жайна қосылады. Үшеуі бірігіп ішеді. Сонымен не керек, «Мәжнүн» байғұс Жайна­ның құша­ғында «көз жасын» құрғатыпты... 

Әңгімесін осы жерден үзіп:

 – Терезені аша салшы, – деді де өзі ас бөлменің есігін жа­уып, қалтасынан шылымын шығарып тұтат­ты.

 – Осы темекіні қойсаңшы, – деймін даусымды баяу шығарып.

 – Қоям десем қойып кетем, – дейді те­мекі тұқылын кесе ішіне түсіріп. 

Одан ары мен тіл қатқаным жоқ. Ұрлана жүзіне қарағандай болам. Көзінде жас я болмаса бір мұңның табы байқалмайды. Байқағаным, менің алдымда қазір мүлдем басқа Бәтимаш отыр. Өмірдің өзі шынықтырған Бәтимаш. Әпкем темекіні құшырлана терең сорды да әңгімесін қайта жалғап кетті.

 – Талғат сүйінші сұрағандай Жайна екеуінің арасындағы қарым-қатынасты маған өзі баян етті. Көрдің бе дегендей, Жайнаны машинасына салып алып, жұ­мы­сыма да келді ғой. Ит екен. Жарайды ол ер­кек. Оның несі кетті. Ал, Жайна... Туған әпкем ғой. Түсінбеймін, мен оған не жаздым? Мен одан Талғатты еш қызғанбаймын. Мен оны сүйген де емеспін. Туған әпкелерім маған осындай опасыздық жасайды деп ойламаппын. Эх, Жайна! Талғат оны кейін тастап кетті ғой. 

Төбемнен жай түскендей болды. Не айта­рымды білмедім. Мен де үстел үстінде тұрған темекінің қорабына қол создым. Көп қабатты үйлердің арасынан күн бірде көрініп, енді бірде бойын жасырып, баяу көтеріліп келе жатыр. Жексенбіге қара­мас­тан қала көшелерінде көліктер қарасы көбеюде. Бәтимаш екеуіміз будақтатып үнсіз ғана темекі шегіп отырмыз..

. * * * 

Аңғарғаным, Бәтимаштың қазіргі тұр­мысы жаман емес. Кезінде бірге бизнесті бастаған құрбысының компаниясында есепші екен. Өмірге деген құштарлығы се­зіліп тұр. Алдағы уақытта кәсіпкерлікпен шұғылданам дейді. Жоспарлары да көп екен. Маған «жаңа жылдық сыйлығым», – деп керемет қыстық куртка сыйлады. Өзі сондай жеңіл әрі жып-жылы. Мен мәзбін. Бүгін ауылға қайтатын күнім. Бәти­маш ет алып келген сөмкемді толтырып бер­ді. Жолға ақшаң бар ма дейді бұнымен қой­май. Соғым уақытысы ғой, ақша болсын деп әкем екеуіміз бір өгіз байлап сатқан­дығымызды айтып жатырмын. Бәти­маш қояр да қоймай автобуспен тепең­де­мей таксимен бар деп, қалтама үш мың теңге салып берді. Қарсыласқандай болып, бергенін алдым. Бала кезімдегідей бетім­нен құшырлана иіскеп, шөлп-шөлп еткізді. Мен кезекте тұрған жиендерді шеттерінен сүйіп шықтым. Есіктен шыға бергенде: «Қараш!» – деді. Жалт қарадым. Бетімнен қайта сүйгендей болып, мамама мен айт­қан әңгімені айтпа деді. Мен «мақұл» дегендей басымды изедім. Әрине, айтпаймын ғой. Апамның жүрегін ауыртып қайтемін. 

Автовокзал. Құжынаған адам. Жаңа жыл қарсаңында жұрт аяғы тіптен басылмайды емес пе. Мен Бәтимаш айтқан та­к­си­ге отырғаным жоқ. Автобустың соңынан әрең дегенде орын таптым. Айттым ғой, алда Жаңа жыл! Ауылда сыныптастар өзіміз жиналамыз. Ақша артық болмайды. Автобус ырғатылып, орнынан әрең қоз­ғалды. Кептелісі көп қала көшелерін әзер де­генде артқа тастап, Алматы сыртына да жеттік. Енді Сарыөзекке жетпей Арқарлы асуында бір аялдап, Талдықорғанға 4-5 сағаттың ішінде жетіп барамыз-ау. Ары қарай ауыл алыс емес

 

author

Қанат Тілеухан

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...