Өнер және бостандық: Египеттік сюрреализм

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
3373

Египеттік сюрреализм Каирде 1937 жылы Джордж Хейнин, Рамзес Йенан, Камил эл-Тилмисани және Фуад пен Энвер Камил ағайындылардың күшімен дүниеге келген қозғалыс. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл топқа Египетте тұратын көптеген мысырлықтар мен еуропалықтар қосылды. Олар бұл қозғалыстың шашбауын көтерген бірден бір себебі – қиялдың революциялық қорғанысын, еркін пікір білдіруді және әлеуметтік бостандықты насихаттайтын манифестолардың ұсынылуы еді. Дәлірек айтсақ, әлемдегі басқа да сюрреалистік топтардың ұстанымымен сәйкес келген қозғалыс либертариандық анти-капитализм, Фрейдтің бейсаналық теориялары сынды алғышарттарды алғашқы орынға қойды. 

Сюрреалистер академияның ескірген мәдени құндылықтары мен сол кездегі Египеттің зияткерлік және көркемөнер өндірісінде үстемдік құрған консервативті тар көзқарасты нысанаға алумен қатар, фашизмді, ағылшын оккупациясын, монархист египеттіктер мен либералды буржуазияны, мұсылман ұлтшылдығын, адамгершіліктің шегарасынан асып кеткен феодализм, жұмысшылар мен әйелдерді қыспаққа алған билікті сынға алды.  Египет сюрреалистері  соғыстың алғашқы күндерінен бастап Египет полициясы мен британдық оккупациялық күштер таратқанға дейін өз протестоларын жалғастыра берді.

Египеттік сюрреалистердің ең айтарлықтай алғашқы әрекеттерінің бірі «Өнер және бостандық тобының» құрылуы болды. «Өнер және бостандық тобы» кез-келген жолмен «қиялды барлық шектеулерден босатуға» міндеттелген интеллектуалды және шығармашылық қызметкерлердің ғаламдық желісі ретінде Халықаралық тәуелсіз революциялық өнер федерациясының (FIARI) Египет филиалы болып негізін қалағанын да айта кеткеніміз жөн. Тағы бір оқырман үшін нақтылай кетсек, FIARI 1938 жылдың жазында Мексиканың Койоакан қаласындағы Фрида Кахло мен Диего Ривераның үйінде сюрреалист ақын Андре Бретон мен қуғынға ұшыраған революционер Леон Троцкий жазған «Тәуелсіз және революциялық өнер үшін» манифесті аясында Египетке жол алды. Осы бірлескен жазбаша мәлімдемеде FIARI Гитлер, Сталин, Муссолини мен Франконың реакциялық мәдени саясатына сыни реакция ретінде ұсынылды. Нацистердің нәсілшіл «Жаңа дәстүршілдігі», Үшінші Интернационалдың пролетарлық социалистік реализмі мен пролетарлық әдеби режимдеріне, еркін ойға және кез-келген авторитарлық әрекетке қарсылық танытқан адамдардың барлығы үшін есік ашық болды. Енді осы орайда, бұқара халықтың толықтайы дерлік жоғарыда аталған режимдерге қарсы екенін ескерсек, топтың мүшелігіне адамдар жинала бастағанын бағамдай аламыз. «Тәуелсіз және революциялық өнер үшін» атты манифест FIARI-дің мақсаттарын қысқаша алға тартқан  «Біз не қалаймыз: Революция үшін - өнердің тәуелсіздігі». Өнерді абсолютті босату үшін - Революция» деген диалектикалық сөйлемдермен аяқталды.

Бретон мен Троцкийдің манифесінен кейін Нью-Йоркте, Лондонда, Брюссельде, Парижде, Форт-де-Франсада (Мартиника), Сантьягода (Чили) және Каирде Тәуелсіз Революциялық Өнер Федерациялары құрыла бастады. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы (1939 ж. Қазан), Троцкийдің өлімі (1940 ж. Тамыз) және Төртінші Интернационалдың бөлінуі сюрреалистік қозғалыстың интернационалистік әрекеттерін айтарлықтай теңселтіп жіберді. Арада көп уақыт өтпей-ақ FIARI 1940 жылдардың басында ыдырап кетті. Әрине, оның ыдырап кеткеніне Египеттегі «Өнер мен Бостандық» тобына ауыр соққы болып тиді, дегенмен мысырлық сюрреалистер FIARI бағдарламасын әрмен қарай қорғауды жалғастыра берді. Яғни антифашистік қозғалыс, антиимпериализм, радикалды білім беру реформасы, Фрейд теориясы, әйелдердің азат етілуі сынды мәселелерді баса назарда ұстады.  

1924 жылы бастан-аяқ араб тілінде шығатын Египеттің алғашқы социалистік «Эль-Татавур» журналы қозғалыстың мақсат-мүддесі, олардың ерекшелігі жайлы әр санында жариялана бастады: «Бұл журнал жеке адамның құқықтары мен әйелдердің еркін өмір сүру құқығын қорғайды» немесе «Бұл журнал заманауи өнер мен еркін ой үшін күреседі және жас Египетке бүгінгі қозғалыстарды танытады» деген сарындас ұрандар толассыз жариялана бастады. «Әл-Татавурдың» екінші санында Тевфик Ханааллахтың «Наразылық мектебі» деген шағын мақала египеттік сюрреалисттердің мақсаттарын қысқаша былай бдеп баяндады: «Біздің бірінші кезектегі міндетіміз - адамдарға оларды ұстап тұрған тізбектер мен өзгермейтін құндылықтарға қарсы қалай және неге наразы болуды үйрететін мектеп құру».

Билікке қарсы шыққан газет түгілі адамның өзін тыныш қоймайтын кез-келген мемлекетте мұндай басылымның өмір сүру ұзаққа созылмайтынын қазақ қоғамы жақсы біледі. Біле тұра үндемейді. Дәл сол сынды Египет премьер-министріне жіберілген полиция хабарламасында «Әл-Татавур»  журналы «анархияны тарату және  адамгершілік пен дінді құлатуға, ел үкіметі үшін маңызды әлеуметтік-құқықтық тәртіптің тіректерін бұзуға арналған басылым ретінде сипатталды.

Дегенмен «Өнер және бостандық» тобы күштеп таратылғанға дейін толассыз конференциялар, дебаттар, фильмдер көрсетілімдері мен көрмелер ұйымдастырды. Бұл көрмелер арасында Каирде 1940-1945 жылдар аралығында жалпы бес рет өткізілетін жыл сайынғы «Тәуелсіз өнер көрмесі» орын алды. Мұнымен бірге әртүрлі стильдер мен спектакльдердің көптеген жаңа жұмыстары қойылды. Сирия мен Ливан сияқты басқа араб елдерінің өнер туындылары да аталмыш көрменің төріне жайғасты. 1941 жылы «Египеттегі еркін өнер» атты манифестте «бұқара санасының жаңғыруы» және консервативті нео-классикалық имидждің басым формаларына қарсы ымырасыз күрес жүргізуге және қазіргі заманғы пікірталасқа түрткі болған визуалды мәдениеттің тенденцияларын құлатуға бағытталған мәтіндер жазылды. 1942 жылы шыққан «Еркін өнер туралы хабар» атты манифест шығармашылық күштердің фашизм күшейген кезден бастап «озбырлықтың құрсауында қайтыс болғандарды» тірілтуге жұмсалуын талап етті.

«Өнер және бостандық» тобының ұйымдастырған кез-келген көрмелерінк шығармалары қойылған көптеген суретшілердің ашық түрде өздерінің азаматтық көзқарастарын білдіре алды. Мұнымен бірге египеттік сюрреалисттердің ұйымдастырған Тәуелсіз сурет көрмелерінің ең таңқаларлық жақтарының бірі – әйел суретшілердің, әсіресе фотография мен кескіндеме салаларына енуі болды. Египеттің әйгілі солшыл феминисті Инчи Платон өзінің естеліктерінде Каирде орта мектеп оқушысы кезінде марксизммен танысқанын және бұған тәуелсіз көрмелеріне қатысуы себеп деп жазады.

«Өнер және бостандық» тобы араб тілінде сөйлейтін египеттіктер басқарған алғашқы социалистік ұйым болғандықтан, ол әкімшіліктің қатаң бақылауында болғаны айтпаса да түсінікті шығар деп ойлаймыз. Алайда Египет пен Ұлыбритания билігі де бұл топтың қызметіне антифашистік көзқарастары үшін төзімділік танытты. Өйткені сол кезде жас Египет [Әл-Фатат], Ұлтшыл Ислам партиясы немесе Мұсылман Бауырлар сынды сунниттік мұсылмандық ұлттық тәуелсіздік топтарының кейбір бөлімдері фашистік  Италия мен Германиядан келген шетелдік агенттермен ынтымақтастықта болды деп күдіктенді, сондықтан отандық және араб антифашистік үгіт-насихаттың кез-келген түрі болып жатқан соғыс үшін маңызды деп саналды. Бірақ қанша жерден төзімділік танытқанымен де, оның да сарқылатын күні алыс емес еді. 1942 жылға қарай Дамаск, Бағдад, Бейрут, Алжир және Иерусалимдегі жұмысшыларды босату үшін әскери интернационалистік күресті үгіттейтін байырғы араб тобы қауіп төндіре бастады. Осылайша египеттік сюрреалисттерге ауыр қысым жасалып, қуғын-сүргін күшейе бастады.

Әрине ауыр қысым жасау үшін де билікке белгілі бір себеп керек еді. Ал ол себеп тағы да өз алдыранан шыға келді. Дәлірек айтсақ, 1944 жылдың аяғында Египет пен Ұлыбритания билігі азаматтық соғыс жүріп жатқан Грецияға әскер жіберуге бет бұрды. Оның үстіне Грециядағы оңшыл хунта диктатураға қарсы партизандармен күресу үшін сырттан көмек іздегені де бар еді. Алайда, көтеріліс Каир мен Александриядағы солшыл бағыттағы ағылшын солдаттарының арасында басталғандықтан, олар жұмысшылар мен бұрынғы антифашистік көтерілісшілерді бүлікті басу үшін Жерорта теңізі арқылы жіберілетінін қолға алды. Британдық және грек сарбаздарын өз әріптестеріне қарсы күрестен бас тартуға шақырған египеттік социалистердің арасында «өнер және бостандық» тобының белсенді мүшелері де болды. Олар көтерілісшілерге су, тамақ және жеңіл қаруды контрабандалық жолмен өткізді. Тіпті олар көтерілісшілерді берілуге шақырған ресми британдық үгіт парақтары салынған ұшақтың жүктеріне керісінше мағынадағы хаттарды салып жіберіп жатты. 

Мемлекеттік репрессия 1945 жылғы жалпы сайлауда (сталиндік емес) социалистік майдан кандидаттарының қатты қолдауына байланысты күшейе түсті. Египет әкімшілігі ішкі істер министрлігіне қарасты полиция қызметкерлері мен Ұлыбританияның әскери барлау қызметкерлерінен тұратын «Жоғарғы қауіпсіздік соты» арқылы революцияшыл социалистерді нысанаға алды. Баспа, кітап дүкендері мен солшыл мәдени бірлестіктер жабылған рейдтерде сюрреалистік топтың кейбір мүшелері қамауға алынды. Осы қысымдарға жауап ретінде революциялық социалистер 1946 жылы ақпанда Фарук патшаға және британдық армияны басып алуға қарсы наразылық қозғалысын жұмылдыруға үлес қосты. Салдарынан Британдық солдаттар мен Египет полициясы наразылық акцияларында 28 демонстрантты өлтірді. Жаппай демонстрациялар мен ереуілдер 21 ақпандағы жалпы ереуілмен қоса ақпан айы бойы өтті. Сюрреалистік топтың кейбір мүшелері демонстрацияларды сарай сыртынан жұмысшылар кварталына көшуге шақырған үнпарақтар шығаруға көмектесті. Александриядағы 3000 студенттен құралған топ «Жұмысшыларға қарай» ұранымен 30 мың тоқыма жұмысшысы тұратын аудандарға аттанды. Полицейлер көпшілікке оқ жаудырып, бес адам қаза тапты. Осыдан кейін тағы бір тұтқындау толқыны болып, полиция қуғын-сүргін күшейе берді.

Жалпы ереуілден алты ай ішінде Египеттің сюрреалистік тобының 16 мүшесі және мыңнан астам саяси тұтқын түрмеге жабылды. Нәжитесінде «Өнер және бостандық» тобы күшпен таратылды. Топтың ең беделді мүшелерінің бірі, сюрреалист теоретик және суретші Рамзес Инан 1947 жылдың басында қамауға алынды, кейінірек Францияға жер аударылды. Оның достары Хенейн мен Икбал аль-Айлли де негізгі троцкистік ағымнан алшақтап, Парижге қоныстанды. Ал қалған сюрреалистер анархистермен қайтадан байланыс орнатты яки орнатуға мәжбүр болды. Осылайша Өнер және Бостандық тобы -  өнеркәсіптік капитализм мен буржуазиялық либералды демократияның күшімен басылып, тарих беттерінде ұмыт қалдырылды.

Жомарт Жылкелдіұлы

Қоғам

Астанада қонақүйден өрт шықты, деп хабарлады madeniportal.kz Ulysmedia.kz  сайтына сілте...

Ауа райы

Ауа райының бұзылуына байланысты Жамбыл, Түркістан облыстарында республикалық автожолдарда көлік қ...