Хамит Есаман: «Тірінің бәрі өзімен әуре, өлінің жасын сүртер кім?!»

ӘДЕБИЕТ
7717
ҚҰБЫЛЫС

Фәни дүние, дидарыңа көз салдым,
Өткен күндер өлі сәт боп байқалмай.
Бозаң қырда бұйығады боз шалғын,
Адамдарға әлденені айта алмай.

Шексіздікте күн өртеніп барады,
Ай жанады...бұл жүректі шалған мұң.
Жер бетінде жапырақтар жаралы,
Тұрған өксіп жанарында жалғанның.

Уақыттан да жүйрік жұлдыз ағады,
Көз жасымнан тыныш бірақ ол менің.
Шерге толса қызыл гүлдің сағағы,
Ал мен оның шуағына шөлдедім.

Құбылыстан Құдайды іздеп шарқ ұрдым,
Көз жетпейтін шексіздік пен шыңырау.
Жүрегіме жиналыпты бар кірбің,
Сен не деген беймаза едің ғұмыр-ау. 

Сен не деген құпия едің құбылыс,
Бәлкім сенің толқыныңда өлгенмін.
Маған бәрін көрсетеді ұлы күш,
Бірақ оны түсіне алмай сенделдім.

Талай іздеп тылсым ойдың бұлағын,
Жан дейтін бұл жанып түскен жапырақ. 
Еңіреп кеп етегіңе құладым,
Жайлы мекен жалғыз уыс топырақ.


ҚҰДАЙДЫҢ КІТАБЫ

Тағдыр үнсіз жасын ішке жұтады,
Кім бойлаған фәни-жалған мәніне.
Құпиялы Құдайдың бұл кітабы,
Адамзатқа ашылған жоқ әлі де.

Көктен түскен төрт кітаптың бәрі бар,
Жалғасуда түрлі-түсті тіршілік.
Бірақ пенде ақиқатқа зарығар,
Өзегінен от тамшылап... күрсініп.

Кітап қалды (пайғамбарлар жоқ енді),
Әр кезеңде парақтары ашылып.
Бүгін бөгде күй тербеп тұр әлемді,
Көзімізге түрлі күнә басылып.

Жалған күліп тұрса, іштен жылайды ар,
Жазмыш сол пенделерін мұқатқан.
Әр адамның ішінде бір Құдай бар,
Бірақ оны іздемейді кітаптан.

Жалған қиял, өлі сезім, соқыр мұң,
Осы күймен ой жүгірер таң асып.
Енді бүгін қара басып отырмын,
Хақ Құдайдың кітабынан адасып.

Тау теңселіп, жер қозғалған сыңайлы,
Сол кітапты таппай қалдым бір демде.
Сағынасың кей-кейде шын Құдайды,
Өзің Құдай болмасыңды білгенде...


* * *
Көңілімде көнерген күй шалқыған,
Жүрегімде бір қоңыр мұң балқыған.
Қиялымды жоғалтып ап күрсініп,
Арманымнан адасып қап алқынам. 

Тағдыр дейтін тартып берді тереңге,
Енді оның ізінен мен ерем бе?!.
Тағы қандай күй сыйлайды бұл фәни,
Уақытында пешенемнен көрем де.

Өзегіме өрт боп түскен шер-шемен,
Кейде мұны көтере алмай теңселем.
Тіршілікте мұңға салған тарқамас,
Жалған дүние, не сұрайын мен сенен...

Сол баяғы көне күйді шертемін,
Өмірде бұл өзімді-өзім өртедім.
Күйіп тұрған дидарында жалғанның,
Ей дүние-ай, дауасы жоқ дерт едім.

Біздің тарпаң тағдыр осы өлгенше,
Жанарымнан жарық сәуле сөнгенше.
Көз жасымдай күй әлдилеп тұрады-ау
Сүйегімді қара жерге көмгенше.

Жерден солай бір тіршілік көшеді,
Көңілінен көнерген күй өшеді.
Кеудесінен мұң сөнеді мәңгілік,
Ары қарай тылсым ғұмыр кешеді...


ШАБЫТТЫ ШАҚ

Өмірімді өлеңмен өрнектедім,
Тағдырымды қаламмен тербеткенім.
Сырымды сезімге орап, қалқатайдың – 
Оңаша отауында төрлеткенім.

Жүрегімде жырым бар – наркескенім,
Естен кетпес көңілден зар кешкенім.
Бұраң бел, бұла сұлу сол қалқаны,
Әсемқоңыр әуенмен әлпештедім.

Бұрым сұлу көрінер өрілгенде,
Жүрек тыным табар ма егілгенде.
Бүрген көйлек көңілге от салады,
Жыр туады сол бұрым төгілгенде.

Көріскен күн көркеммен сағынысып,
Жүрегіңді тыңдайсың алып-ұшып.
Алты қанат ақ үйде отырасың,
Қыз құйған күрең шайды қанып ішіп.

Қыз құйған күрең шайдың дәмі балдай,
Боласың бір бекзаттық танығандай.
Кешқұрым қоңыр самал аясында,
Жан сүйсінтіп салатын әні қандай?!.

Айдан көркем болатын, Күннен әйбат,
Бойжеткен бұла сұлу гүлмен ойнап.
Ол – сезімді сүю деп түсінгенде,
Ал мен жүрдім сезімді мұң деп ойлап.

Көркемдік болмаса көз көрмес еді,
Көңілін гүл дестелі бермес еді.
Дариға-ай, домбырамда толқыған күй
Сен үшін десем... бірақ сенбес еді...


ҚАЛАМ

Жапырақтар үзіледі бұтақтан,
Тылсым ойда тебірентіп ғаламды.
Әсем өлең жоғалады кітаптан,
Күнәһар қып ақын менен қаламды.

Заманалар салқынымен өше ме,
Ақ қағазға берген серті қаламның.
Естелік боп елес қалды көшеде,
Жалқы күйі секілденіп даламның.

Жаздың жұпар жаңбыры ылғи жауады,
Тамшысында тіршіліктің тәтті әні.
Ақ өлеңге тиеді оның сауабы,
Қырмызы гүл бүр ашқандай бақтағы.

Ұмытылып бір кездегі әдемі ән,
Кеңістікке тұрар көркін сүйгізіп.
Естелікпен сырласады және адам,
Ғасырларды кеудесіне сыйғызып.

Өткен күндер өксиді ылғи өлеңде,
Өңіріне мұңнан тұмар тағынып.
Мен де жалғыз жүрмін енді әлемде,
Өзім білмейтін нәрсені сағынып...


* * * 
Есіл тамыз, құшағыңда сарғайдым,
Самалыңа еріп түсті бар қайғым.
Тамылжыған сүт сәулелі сол түнге,
Ардақ тұтқан арманымды арнаймын.

Сол түнменен бір туғанбыз енді біз,
Екеуміз де өрімдей жас, өңдіміз.
Бізге қарап тарқатады бұрымын,
Ай дейтұғын аяулы сол меңді қыз. 

Әдемі күн, салды-ау еске әрнені,
Дидарында дірілдеген бар меңі.
Естелік боп егіледі бір әуен,
Сол әдемі ән, біз салмаған ән бе еді?!.

Алыс қалған жылдар ма еді сағымдай,
Сол сұлудың көзі ме еді лағылдай.
Есіл тамыз, бүгін қайта кездестік,
Жүрген кезде өз-өзіме бағынбай.

Ерке тамыз, естелік боп қаласың,
Мен жоқ кезде мұңлы әуенге саласың.
Ол бір кезең көктемі еді көңілдің,
Бірақ бүгін жалғыз тастап барасың...


 * * *
Бүлдірген терген бұла күндерді,
Сағынып бүгін жылағым келді.
Сезімнен алған естелік жалғыз,
Көзімде қалған шырағың-белгі.

Алаулы түнде егіліп көктем,
Түскендей жұлдыз сөгіліп көктен.
Мезгілдің жасы емес пе едім,
Көзіңнен сенің төгіліп кеткен.

Мөлт еткен жастан жаным ұшынған,
Бұл да бір тағдыр Тәңір ұсынған.
Кешігіп болсын кешу тіледім,
Сарғайып өлген сағынышымнан.

Көңілсіз жырды күзге арнап едім,
Сезімге солай сыз қармап едім.
Бүлдірген терген тұнық далада,
Еркелеп өскен қызғалдақ едің.

Бейуақта атты таңым күрсініп,
Оқиды үнсіз бәрін тіршілік.
Маңдайға сыймай кеткен күндерім,
Барады бүгін сағымға сіңіп.


ЕСТЕН КЕТПЕС ЭЛЕГИЯ

Даланы кезсем мола көремін,
Айналам қабір қаптаған.
Дерттенген күйде қала беремін,
Дауасын мәңгі таппаған.

Дүние бізді сынап тұр әлі,
Жүректі қайғы кернейді.
Бейіттер үнсіз жылап тұрады,
Адамдар оны көрмейді.

Аруақтар кейде түсіме енеді,
Мұңға малшынып ғазалым.
Жылқының бейуақ кісінегені,
Сезгендей қабір азабын.

Сүрте ме жалған тамған жасымды,
Теңселіп Күн де, шайқалды Ай.
Өлілер мәңгі арманда сынды,
Тіріге сөзін айта алмай.

Тағдырды Тәңір таңбалап айтар,
Пендеге сыйлап жалқы үміт.
Адамның бәрі Аллаға қайтар,
Шарқ ұрып жаны, алқынып. 

Кімнің кім қазір сырын ұғады,
Тұрса да жылап үркер мұң.
Өзімен әуре тірінің бәрі,
Өлінің жасын сүртер кім?!.

Бетімен жердің от өрілгенде,
Сөнгенде күннің жарығы.
Қабірден бәрі көтерілгенде,
Жебеушің жалғыз Тәңірі...


САЙТАН ӨЛТІРУ

Бағзы кезден болмысымды жайлаған, 
Ей, сайтаным, жүрегімді байлаған.
Тағдыр кешіп, тоз-тоз болған пендені,
Топ-тобымен тозақ жаққа айдаған.

Біз екеуміз отыз бес жыл дос болдық,
Күнәлі істі қызық санап, қош көрдік.
Сүйеніп ап бірімізге-біріміз,
Түгіміз жоқ, осы күнге бос келдік.

Әлі тұрмыз құшағымыз айқасып,
Көзімізде күллі ғалам шайқасып.
Мен күнәмнан қашқым келген кездерде,
Басқа әлемді жібересің қайта ашып.

Алпыс екі тамырымды жайлаған,
Ей, сайтаным, жанарымды байлаған.
Өз-өзімнен қашып жүрген кезімде,
Құтылмадым сен жасаған айладан.

Екеуміздің ес-дертіміз желік құр,
Алшаңдаймыз осы кімге сеніп бір.
Таңда құтылдым ба деп ем... о, тоба
Сол сайтаным кешке тағы келіп тұр.

Ал, сайтаным, бүгін бірақ құрбансың,
Жылдар бойы тамырымда тұрғансың.
Аластайын аруағыммен, өліп кет,
Жүрегіме жарық түсіп, нұрлансын.

Сөзімнен өш, көш сайтаным көзімнен,
Бейбақ болғам болмысынан безінген.
Өзегімнен у ақтарып, нұр құйып,
Мен Құдайды іздеп кеттім өзімнен...


БАСЫ ШАБЫЛҒАН БАЛБАЛ ТАС 

Шер көп шексіз ғаламда,
Бірі оқ... бірі жасын от.
Мынау ұлы даламда,
Балбал тас тұр... басы жоқ.

Басың неге шабылған,
Оны кімнен сұрарсың.
Әлдекімнің табынған,
Пұт-пірі емес шығарсың.

Жұтам үнсіз жасыңды,
Рухыңды оқып түн іші.
Шапқан болар басыңды,
Арабтардың қылышы.

Сен түркінің көзі едің,
Далам – түркі бесігі.
Ақиқаттың сөзі едің,
Айтылмаған есімі.

Діннің ұлы құрбаны,
Тулатады қанымды.
Бассыз балбал тұрғаны,
Боздатады жанымды.

Тағдырым бар тоналған,
Тағдырым сол өлеңім.
Мен де бүгін жоғалған,
Басымды іздеп келемін. 


ЖЫЛАУЫҚ ТАЛ

Жалғыз тал мұнда жылауық,
Аты да, заты солай-ды.
Көз салсаң оған бірауық,
Жаныңның гүлін тонайды.

Қайғысы бардай орасан,
Тұрады ылғи тосылып.
Жүзіне оның қарасаң,
Жылағың келер қосылып.

Жапырағынан жас тамып
Тұрғандай бейне жаныңа.
Мұң деген содан басталып,
Тарайтын сынды қаныңа.

Көзінің жасын бұлаған,
Көктем келсе де күрсініп.
Тек сен бе едің жылаған,
Жылайды бүкіл тіршілік.

Жылауық тал тұр ұлы ойда,
Жасына мәңгі тұншығып.
Құдіреті мол Құдайға,
Жасайды бәлкім құлшылық.

Мұнар күн тағы мұңайды,
Жалықпас жасын төгуден.
Тіршілік неге жылайды,
Қорқады бәрі өлуден.

Жалғыз тал көрдім жылауық,
Жасымен қуған кеселді.
Ойлантып қойған бірауық,
Тағдыр дегенің осы енді.


ШЕРКЕШУ

Кеуілден бұл сезімнің самғаса әні,
Жалған келіп жағаңа жармасады.
Бүтін болмыс бастауы бір жүректе – 
Періште мен ібіліс арбасады.

Пендеге пайда беріп сынаса бақ,
Ол да бола қоймайды-ау сірә сабақ.
Шер теңізін кеше алмай күйінесің,
Отырғанда күн сайын күнә санап.

Құдіреттен берілген қазина мың,
Иесіміз жан дейтін жазираның.
Сол бірақ бар бақыттан қорқып келем,
Өзіме бұйырмастай өз иманым.

Алапат көрінгендей алыс қырдан,
Тағдыр бақ және сормен табыстырған.
Күйген иман, жалған сөз, өлген уақыт,
Соны ойласам жаһанда жан ышқынған.

Тағдырдың түп иесі бір-ақ Құдай,
Жар Алла, бұйырта гөр жұмақ күн-ай!
Тылсымына тіл жетпес тақ Тәңірден
Күн кешуге болмайды жырақ бұлай.

Болмысыммен бүтіндей шер кешемін,
Бірақ түгел көрінер елге есебім.
Өмірді мен өзім деп ойлап қалдым,
Әуел бастан білгенде сенбес едім.

Жалғанға жоқ мен жақтан басқа талап,
Айнала әсем, жер ғажап, аспан абат.
...Аллаға дұға еткенде, қоя берді
Тіршіліктің көзінен жас боталап...


ҚАРАША ҚАЗДАР ҚАЙТҚАНДА...

Сен сол бір әнді айтқанда,
Тұнық боп атқан таң мүлдем.
Қараша қаздар қайтқанда,
Қамығып мұнда қалдым мен.

Жалғыздық деген жалқы дерт,
Күрсініс артқан көңілге.
Өзекті талай шарпыды өрт,
Өткелсіз мынау өмірде.

Тұнжырап атты тұнық таң,
Жаныма тағы жайдым от.
Жанымды менің жылытқан
Көзіңде қалғам қайғы боп.

Ән болып қала алмадың,
Бойтұмарыма балайтын.
Тағдырдың уын талмадым,
Теңселіп тұрып талай түн.

Көзімнен әлі танырсың,
Амал ет ақыр сөзіме.
Қаздардан қалған қауырсын,
Қайғымды жазды көзіңе.

Өшпейді ол таңмен таласа,
Түнмен де бірге сөнбейді ол.
Жылатып кеткен қараша,
Жұбатып енді, емдей гөр...


ШЫРАҚ-ҒҰМЫР

Түсімде көрдім, сен неден қашып барасың, 
Өзің де білмес өлкеге ғашық баласың.
Біз жүрміз мұнда өмірді өтірік сүріп,
Аяулы сол бір аспанға асықпағасын.

Шыныңды айтшы, сен шырақ қашасың кімнен,
Түсімде де ылғи мұңды әнге басасың мүлдем.
Жаныңда мәңгі ақ жауын сіркіреп тұр ма,
Тап маған қарай шұғыла шашасың гүлден.

Қаштың ба екен жалғанның жалғандығынан,
Көңіліңде тек мұнды қалған бүгін ән.
Тағдырыңды да сүйші бір маңдайынан кеп,
Қайта жаралып Тәңірдің тамған нұрынан.

Жүрегімде ылғи тұрады жылап тұнығың,
Ертеңің ұжмақ, ал бірақ сынақ бүгінің.
Құшағыма алсам ылғи да өшіп қалардай,
Көздерімдегі күнәсіз шырақ-ғұмырың.

Күнәсіз ғұмыр көктем боп көзімде қалсын,
Сен менің ең бір тағдырлы кезімде барсың.
Алары болса өмірдің өзіңнен емес,
Мендегі мұңға балқыған сезімнен алсын...


* * *
Кешірімшіл жүректе кінә болмас сірә да,
Қия алмайды ол сені арыла алмас күнәға.
Қызғалдақтың ғұмыры қара өлеңнің көз жасы,
Сондықтан да болады ол өзің үшін дұғада.

Мынау жетім ғасырды әлдилеген әніңді
Ерек көрдім... тағы да сол бір нәзік шағыңды.
Сол жүректе бірақ та күнә болса қайтесің,
Бұл жалғанға қалайша жасырасың жаныңды.

Бейкүнә сол бейнеңді сүйіп тұрып сағынғам,
Аққулардың мойнына алқа болып тағылған.
Махаббаттың мұңы жоқ болған күні өледі ол,
Бір дәруіш секілді бақытына бағынған.

Бейуақта көңілім қобыз болып боздайды,
Қоңыр күннің кәдімгі қасіретін қозғайды.
Сол арманшыл жүректе жұмбақ сыр бар тағдырлы,
Тағдыр деген тарпаң бұл, ешуақытта тозбайды.

Бақта айтылған кезінде балғын шақтың бал әні,
Кешірімшіл жүректен өлең болып тамады.
Менің мынау кеудемді жарып өскен қызғалдақ,
Енді сенің жаныңда естелік боп қалады.


ШАЛҚЫМА

Арғымақпенен түсімде шауып келемін,
Сезілмейді екен мұнда түк қауіп дегенің.
Қауырсыным бар қолымда құс қанатынан,
Тағдырдан іздеп мен осы күн тауыпты өлеңім.

Шауып келемін тәкаппар таулардан асып,
Жолымнан жалғанда бітпес жаулар да қашып.
Жаздың жұпарлы жауынын аңсадым тағы,
Көңілімменен – бұйығы бауларға ғашық.

Әсемқоңыр ән жанымды жарып ұшады,
Жазылмай келген өлең ол – 
сағыныш әні.
Толқынды бұлттар толқиды түпсізде әне,
Көзім алдында жұлдыздар шағылысады.

Қызыл Ай көкте баяулап жүзіп барады,
Сәулелі жұлдыз шеруін тізіп болады.
Жауқазын гүлді құшақтап қара жердегі,
Бұла бойжеткен жанарын үзіп қарады.

Арғымағымның тұяғынан от өріледі,
Қызықтырмайды жалғанның жетегі мені.
Қауырсынымды аспанға сілтеген сәтте,
Қобыз сарыны тылсымнан көтеріледі.

Түсімде жүрмін тұңғиық ғаламды кешіп,
Жанымдағы әрбір жасыннан жамандық өшіп.
Жылатады екен ақынды аспан дегенің,
Жұбатса егер жердегі адамды бесік.

Шалқыдым солай жалғанды жетегімде деп,
Өмірден енді өлең боп өтемін демек;
Бұйра бұлттарға жеткенде тізгінді тарттым,
Бұлттарға жетсем...
Шарт сынып кетемін бе деп...


* * * 
Шалқыған шақ шегірткенің шырылы,
Толқыған сәт айдын көлдің дірілі.
Шексіздіктің шұғыласына шомылсаң,
Жетпейтіндей жалғыз түннің ғұмыры.

Тұнық әуен төгіледі түнімнен,
Аяулы үміт көрінеді гүлімнен.
Тербетеді Айдың сұлу сәулесі,
Бұла қыздың бұрымына ілінген.

Сол суретті сезінетін шақ қандай,
Кеудеңе кеп көктем қонып жатқандай.
Күміс үнді бұлақ сырын шертеді,
Мұңын айтып алып таулар ақ маңдай.

Шалқытады түнгі саздың ырғағы,
Толқытады лала гүлдер қырдағы.
Арман жайлы әнге балқып тұрғандай,
Бақ ішінде ақ қайыңдар сырғалы.

Тылсым шаққа толған кезде түн іші,
Жүрегіңнің кетпей көрсін тынышы.
Баяу қалқып бара жатыр боз бұлттар,
Аппақ таңда ашылғанда тынысы.


* * *
Қалқам, жаңбыр жаумай қойды-ау, жаумады,
Көрдің бе анау күрең бұлтты таудағы.
Жырымды аяп жүрсің-ау сен күрсініп,
Ақ ләйлектер өзге жаққа ауғалы.

Ұшты ма екен барғысы кеп жұмаққа,
Әні бар ма біз білмейтін бұлақта.
Жүрегі осы жоқ па мынау аспанның,
Біз жүрексіз емеспіз ғой бірақ та.

Біз жаңбырсыз өткіздік те бұл түнді,
Ақ ләйлектер арман болып бұлқынды.
Жұбатуға жолға шықтым бүгін мен,
Тауға барып жылап тұрған бұлтымды.

Бұдан басқа көңіліме келмеді ой,
Сезіміме көрсетпедің сен де бой.
Бұлттар таудан өлең іздеп жүр ме әлі,
Өлең дейтін ол жақта емес, менде ғой.

Менің осы көңіліме не дейсің?!.
Не десең де жанымды кеп жебейсің.
Өлең менде... Қалқам, басқа сөзім жоқ,
Бұлтты көрсең, өлең мұнда дегейсің!


 * * *
Алтын арай аршылса күншығыстан,
Кеудемнен көне бір күй сыңсып ұшқан.
Бағына баян іздеп кеткен сол бір
Хабар жоқ әлі күнге жыршы құстан.

Әуенін қаламыма қондырамын,
Ұмытпай сақтап келем сол бір әнін.
Шер қозғап, сол әуенді шерткім келсе,
Келмейді құлақ күйі домбыраның.

Күнбатыстан түн келсе, қап-қара түн,
Басыма белгісіз бір бақ қонатын.
Сол кезде сол жыршы құс келеді ылғи,
Маңдайыма тигізіп ақ қанатын.

Өмір өтті күн мен түн арасында,
Жалғанның бағы осында, соры осында.
Беу, жыршы құс қайтадан келесің бе,
Қоңыр күй сен жанымда қаласың ба?!.

Қаламның күйі келмей қапелімде,
Жалғанның бара жатыр жетегінде.
Мұңды қозғап, қайдағы шерді қозғап,
Мен отырмын байырғы мекенімде.


ҒАЛАМ

Бұл ғалам біртүрлі... дегенмен,
Мұнда да табылар керегім.
Ешқашан жазбаған өлеңмен,
Әлемді мен айтып беремін.

Бұл әлем бейтаныс адамға,
Болмайды қиялмен кезбесе.
Тәңірдің нұры бар қаламда,
Дүние сөйлейді өзгеше.

Он сегіз мың ғалам тылсымы,
Адамның құпия өзегі.
Мендегі жүректің дүрсілі,
Әлемді басқаша сезеді.

Бәлкім мен өмірге келмедім,
Болар бұл бір елес күндегі.
Ал мүмкін ешқашан өлмедім,
Бәрі де түс шығар түндегі.

Жазбаған шығармын ештеңе,
Айтпаған болармын әлдене.
Мұңайып батады кеш неге,
Күрсініп атады таң неге,
Білмеймін...


ІҢІРДЕГІ ӨЛЕҢ

Ақ қайыңдар оқып жатты дұғасын,
Әуеніне жапырақтар жыласын.
Қасіреттен теңселеді қара жер,
Ауырсынып адамзаттың күнәсін.

Айдын көлдер дұға оқиды түнімен,
Ләззат алып сәулелі Айдың үнінен.
Құдіретке жалбарынып Жер-Ана,
Айырмасын деп әдемі гүлінен.

Суретіндей болып бәлкім ескінің,
Бұйра бұлттар көшіп жатты кешқұрым.
Алып таулар көне бір күй шертеді,
Мен олардың сол дұғасын естідім.

Ақ аспаннан билеп жауған қар аппақ,
Алланың ақ жолын тұрды мадақтап.
Аппақ жауын мөлдірлікке серт етті,
Құстар ән сап, оған тұрды қарап бақ.

Бұл дүние жаратылған дұғамен,
Шексіз ғалам шер арқалап күнә мен.
Әр құбылыс дұға оқиды өзінше,
Қияметке дейін тағы бұл әлем...


* * *
Жан сынды жаралғалы жұмақта өскен,
Күндер-ай, қыратта аунап, бұлақ кешкен.
Бұл күнде беймаза боп дүние тұр,
Аспаннан ақшарбы бұлт жылап көшкен.

Дидарында діріл бар дүрмек ғалам,
Қарайды екен бүгінде ол кім деп маған?!.
Тәңірімнің тылсымын тасқа қашап,
Тағдырымның өтінде дірдек қағам.

Ғазалымда күрсініп ғапыл-жалған,
Мен жетпеген арманнан ақымды алған.
Жырға ғашық көңілім нұрды аңсады,
Бәрібір бітпейді екен ақында арман.

Жалғыз жүрек жай буып алқынады,
Белгісіз бір сәулеге талпынады.
Жаратқанның нұры ма ол, кім біледі,
Кез болса мүмкін соған шалқымағы.

Көз алдымда бұлқынған бозғыл әлем,
Сол әлемде ән салған мәз бұлан ем.
Жанымды жұмақта да тербетсін деп,
Жалғанның маңдайына жаздым өлең.

Тағдырыма осы өлең басылады,
Тірлікте таусылмаған ғашық әні.
Көңілде енді алтын күн білтедей боп,
Көздерімнен күміс түн шашылады.


ЕЛЕҢ-АЛАҢ

Боп жүргенде шайырдың күні ғаріп, 
Көз ұшынан көрінді ұлы жарық.
Тылсым күйдің сәулесі бара жатыр
Жүрегімнің түбінде тұнып ағып.

Дүние сынды қайта бүршік жарған,
Тамырымда тербелді тылсым жалған.
Мұңшыл түннен жанымды ала қашып,
Қайта өзімді іздеймін сыршыл таңнан.

Таң тұрса бозғыл сәуле төгілдіріп,
Демдегендей болады көңілді үміт.
Көзіме түскен сол бір жарыққа енді,
Алар ма еді жүрегімді шомылдырып.

Не істеу керек шақта бұл елең-алаң,
Бұл артылған аманат және маған.
Бір жарықтан жалғанда қашып жүріп,
Бір жарыққа талпынып өледі адам.

Ұлы жарық сезімнің өлмегені,
Иманның тағдырға кеп төрлегені.
Шынайы көзден көңіл нұрланады,
Ақиқат сөзден жүрек емделеді.


* * *
Қар түсті Алатаудың бөктеріне,
Айнала оранды аппақ шекпеніне.
Басынан бағы тайған бұла мезгіл,
Жете алмай келеді көктеміне.

Қызғалдақ қар астында тұншығады,
Жетпейді оған әлі күн шуағы.
Ақ қарлы Алатаудан самал соқса,
Тірліктің сөнетіндей бір шырағы.

Басынан табиғаттың өткен бал шақ,
Сол сәттер қандай еді жеткенде ән сап.
Дариға-ай, дарияның жағасында,
Күлімкөз күрсінеді көктемді аңсап.

Жанының жапырағы жайқалады,
Айменен шағылысып ай қабағы.
Сұлу күткен көктемді келтіре алмай,
Шайыр шабытқа оранып шайқалады.

Көктем деген мезгілдің бұла кезі,
Муза боп мөлдірейтін тұма көзі.
Әр дәуреннің қимайтын күйі де бар,
Тағдырда қоңыр мұң боп тұнады өзі.

Күрсінеді көңілдің көне бағы,
Мезгілге бағынышты неге бәрі?!.
Шайыр болып, біресе сұлу болып,
Адамзат көктемді іздеп келеді әлі.


СҮМБІЛЕ ЖҰЛДЫЗЫ

Көктем бізге келмейді енді қайтадан,
Сыйламайды арман тұнған ақ гүлін.
Шақтарымды шабыт буып шайқаған,
Сағынышпен еске аламын тап бүгін.

Бейкүнә сәт мөлдірейді жырақтан,
Жалғыз тастап жазылмаған өлеңді.
Жанымдағы жұлдыз тектес шырақтан,
Күйіп бара жатқандаймын мен енді.

Бұла самал сүймейді ғой маңдайдан,
Адал үміт үйір болмас ұдайы.
Шырын күндер қол бұлғайды шалғайдан,
Шертілмеген шер секілді шынайы.

Су суыды, туғаны анық сүмбіле,
Жұлдыз салқын тартты бүгін расы.
Еш сұлуға сыйламаймыз гүлді де,
Бірақ оның бізде болмас күнәсі.

Қайта айналып келмес көктем қош, енді,
Енді қайта көрінбессің көзіме.
Есіл күндер сенде кеткен есемді,
Естелік қып айтып берем өзіңе...


* * *
Білмеймін тірімін бе, өлімін бе,
Тірлік тар жол сияқты тегі мүлде.
Бұл ғаламның беймаза болмысында,
Өксіп бара жатқандай өмірім де.

Үрей салып кеудеме түн бозарған,
Бақыт іздеп қайтармыз бұл базардан.
Тағдырмен тіл табыса алмадық-ау,
Дүния сырын ұқпай дүр ғазалдан.

Күрең тартқан баяғы тұнық арман,
Өткен күннің өзекте мұңы қалған.
Кеуде керген қоңыр күй бұл күндері,
Шер боп шығып жатқандай шыңыраудан.

Қара түн қолымызға қобыз алып,
Жалғанның жанына күй тамызалық.
Ескірмейтін ертегі бұл дүние,
Ол дүние тағы да аңыз анық.

Әуел баста жалғанның серті балдай,
Ал кейін болады екен дерті қандай...
Өмірде өкінішің басылмайды,
Шерлі күйді шындап бір шертіп алмай.

Мен бәлкім баяғыда-ақ өліп кеткем,
Өмірге өлең болып келіп, кеткен.
Әйтеуір тәкаппар сол тағдырыма,
Тұрады бір тылсым күш төніп көктен.
author

Хамит Есаман

АҚЫН

Жаңалықтар

БҚО-да аурудың бәрін емдеп, құлан-таза айықтыратын «ғажайып көрпені» 300 мың теңгеге сат...

Жаңалықтар

Көкшетаулық полиция жасырын есірткі салушының синтетиканы елордадан кофе пакеттерінде тасымалдағанын...