Анаң сені өлген екен деп түс көрді(Бұл недеген бұлдыр сағым іс болды)Осы жасқа келгенімше көрм...
Әлімжан Шөңгербай. Періште
"Мына бір жаңадан кезіккен шашы жалбараған біреу мені ығыр қылуға айналды.Ол үнемі көз алдыма көлбеңдеп,алды-артымды орай төңіректеп,соңымнан қалмайды.Мен мұны ұнатпаймын.Жалғыздықты жақсы көрем."
Ол шынымен жалғыздықты жақсы көретін.Бұл үзінді америка прозасының негізін қалаушы,реализм, романтизм, юмор, сатира,философиялық фантастика жанрында қалам тербеген жазушы Марк Твеннің "Адам ата күнделігі " фрагментінен алынып отыр. Аталмыш әңгімесінде ол Хауа ананың бейнесінде қоғамдағы әйел атаулыны әжуалап, жер бетіндегі алғаш жауыздықтың пайда болуын,сол жауыздықтан адамзат талай қорлық көретінін жазды.Адам баласының дүниеге келуімен өзін-өзі тануды жазды.Ол өзі өмір сүрген қоғамды да осылай бағалады.Оның шын есімі - Сэмюэл Ленгхерн Клеменс.
Сэмюэл Клеменс - 1835 жылы 30 қарашада Миссури штатының Флорида қаласында дүниеге келген. Балалық шағын Ханибал қалашығында өткізген. 1853 – 1857 жылдары ел аралап, түрлі қызметтер атқарған. 1865 жылы жарық көрген “Калаверасадан келген әйгілі секіргіш бақа” атты әңгімесі оны көпке танымал етті. Марк Твен әлем әдебиетіндегі тынбай жазғандардың бірі.Оның әйелі жазушыны шығармашылығынан қатты қызғанды. Твеннің жазғандарын өзінің де жан айқайымен бірге отқа тастап отырды. Бірақ оны бұлай тоқтата алмады.Әйелі өртейді,Марк Твен жазады.Бұл оқиға жазушы өзіне хатшы жалдағанша тоқтамады.Мүштігіне кепкен темекі жапырақтарын толырып қойып,оны баппен тұтатып,түтінін билете отырып,құшырлана сорыпхатшысына жаңа шығармасын баяндап отырды.Хатшы қыз оның әр сөзін мұқият теріп,жазбаларын аяқтаған соң тығып қойып жүрді.Жазушының әйелі қаншама шарқ ұрып іздегенмен,ештеңе таба алмай амалы құрып жүрді. Өзінің "қолжазбаларды өртеу"жұмысының дұрыс еместігін білетін ол ақыры іздеуді де доғарды. "Әйелінің цензурасынан" Твеннің "саясат иісі" шығатын шығармалары өтпей қалатын.Себебі, екеуі неке қиғанда Твеннің берген уәдесі бар еді. Әйеліне ұнамаған шығарма баспаға бармай жалынның құшағында Ажал табатын.
Ч.Д. Уорнермен бірге жазған “Алтынға малынған ғасыр” (1873) атты романында АҚШ-тағы Азамат соғысынан кейінгі адамзаттың азғындауы, қоғамдағы алдау-арбау, адами болмыстың арзандауы туралы шынайы жазды. Өмірбаяндық “Том Сойердің таңғажайып істері”, “Гекльберри Финнің басынан кешкен оқиғалары” атты еңбектерінде бақытсыз балалық шақ, пайдасы аз шіркеулік оқулар мен бай адамдар психологиясы өткір мысқылмен бейнеленіп, Американың өткені мен бүгінгі өмірі жан-жақты суреттеледі.
"Американың ашылуы керемет жетістік болды,бірақ Колумб сол жерден айналып өткенде жақсы болмас па еді?"-дейді ол бірде.Оған американдық байлардың құлдарды басынуы ұнамайтын. Бірақ өзінің де бай болғысы келді. Баспа машинасын сатып алып,сонымен кәсіп дөңгелетпекші болды. Алайда Твенге сәттілік серік болмады.Баспа машинасы бұзылып,өзі әбден қарызға батты.Оқырмандары оған көмектеспекші болды,бірақ ол оны қабылдағысы келмеді. Алған бетінен қайтпайтын жазушы шетел сахналарында елді күлдіріп өнер көрсетті. 1867 жылы Еуропада, одан соң Палестинада болды.Шетелде жүрген кезінде қызы бас ауруынан қайтыс болады.Ол тіпті қызының жаназасына да бара алмады.Қасіреттің бетіне күліп қараған Твен ақыры өз дегеніне жетті.Бір күні кілем тоқитын машина көріп қалып,сонымен айналысады.Ісі оңға басып,дәулетті жазушылардың біріне айналады.
"...өткенді еске алсам,мен Хауа Ана жайында қателескен екенмін.Жұмақта онсыз жүргеннен гөрі, жұмақтың сыртында онымен бірге болғаным жақсы екен.Біздерді мәңгілікке ажыратпай қосқаны,оның таза жүрегі мен көнбіс мінезін танып білгенім үшін бір кезде орынсыз айтылған әжуаларым қасиетті қалпында қалғай."
Қоғамды,адамзатты қанша сынаса да Марк Твен әлемді жақсы көретінін,жүрегінің мейірімділігін шығармаларын осылай аяқтауымен көрсететін. Ол дүниені мейірімділікке толтырғысы келетін "періште" еді. Қолына бақыт құсының қауырсынын ұстаған "періште."
Әлімжан Шөңгербай