Жанат Әскербекқызы: «Ағамыздың рухы шат болсын!»

ӘДЕБИЕТ
5680

Бірнеше күн бұрын қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың «Жаздың жұпар жаңбыры» атты жаңа кітабы жарық көрген болатын. Кітаптың шыққанын ести сала, дереу Жанат апамызға хабарласқан едік. Ондағы мақсат – «Жаздың жұпар жаңбырының» қалай шыққаны, кімнің шығарғаны жайлы толығырақ мағлұмат алу. Жанат апа қойған сауалдарымызға төмендегідей жауап берді. 

Мәдениет порталы: Жанат апа-ау, әуелі Өзіңізге, Светқали көкемізге, Жомарт ағамызға қалың қазақ оқырмандарының атынан рахмет айтамыз. Сіздердің көңілдеріңіз бен ниеттеріңізге Алла разы болсын. Есенғали көкеміздің қырқына орай «Жаздың жұпар жаңбыры» атты жаңа кітабы жарыққа шықты дегенді естіп, бәріміз іштей қуандық. Сүйсіндік. Қабырғамызды қайыстырған қазаның артынан бұл да бір жұбаныш дедік ішімізден. Енді осы кітаптың қалай шыққаны жайлы айтып берсеңіз? Кітап қалай шықты?Кім шығарды?

Жанат Әскербекқызы: «Сіздің поэзияңызды қазақ өлеңінің шыңы деп санайтын бір ініңіз эсселер жинағыңызды құрастырғысы келеді. Құрылымын жасап қойыпты. Сізден рұқсат сұрап берші деп өтініп еді», – деп рұқсат сұрағаным 2019 жылдың маусым айы, дәлірек айтсам, 28-маусым күні екен. Ағаның берген жауабы: «Өзің қадағалар болсаң, әлбетте, рұқсат». «Әрине, аға!».

Маған ағадан рұқсат сұрауға өтініш жасаған қарағандылық журналист, әдебиетке құрметі, әсіресе, Есенғали Раушанов поэзиясына сүйіспеншілігі ерекше Жомарт Оспан деген дос жігіт еді. Есенғали Раушановтың поэзиясын зерттегенімді жақсы білетін оның бұл өтінішін жерге тастамай, дер кезінде жеткізген және Ағаның рұқсатын дереу әперген және осы деректі айы-күніне дейін сақтап қалған WhatsApp қызметіне рахмет!

Сөйтіп, сол уақыттан эсселер жинағын құрастыру қарқынды түрде жүзеге аса бастады десем болады. Бұрынғы жарияланымдарды іздеп табу оңайға түсе қоймады. Ескі газет-журналдарда жарық көрген эсселерді іздестіру, жинақтауға біраз уақыт кетті. Ағаның өзінен сұраймыз, қарап көрсеңіз деп... Өзіміздің қолда барын түгендедік. Бәрін жинақтап, басын қосып, енді ағаның осы кітабына алғысөз жазуын өтіндік. Шет елге және ел ішіне жиі сапарлайтын ол кісінің қолы тие қоймады да, бұл мәселені Светқали Нұржан ағамен шешуіміз керектігін ескертті. Сөйтіп біраз уақытта «Ей, есті жыр – ескі жыр...» деген атпен алғысөз де дайын болды. Есенғали аға эсселерінің кейбірінің атын өзгертті, кей тұстарға түзету жасады. Өзгерткендері: «Шашасына шаң жұқпай өткен», «Сақи» эсселері. Сосын «Адалдықты аңсаудың» өзгертілетін тұстарын аудио смс арқылы жолдады («Өлеңнің Кенежирені» эссесіне «төрт-бес абзац қосармын, нашарлау, асығыс жазыппын ғой кезінде», – деді. Бірақ оған уақыты болмады, қолы да тие қоймады). 

Енді кітаптың атын қою керек. 2020 жылдың сәуір айының соңына қарай смс арқылы біздің сұрауымыз бойынша ағаның ұсынған аты: «Жаздың жұпар жаңбыры» болды. Күзде, яғни, қыркүйек айында кітапты баспа арқылы мемлекеттік тапсырысқа ұсыну үшін Есенғали ағаға жолдадық. 

Қаңтар, ақпан, наурыз айларында кітаптың шығуынан хабар бола қоймады. Ағадан телефон арқылы бірнеше рет сұрағанымызда: «Шешіледі, шығады ғой, асықпаңдар», – деген жауап алдым. Сөйтіп жүргенде ортамызды толтырып, өлеңнің өресін биіктетіп, өрісін кеңейтіп жүрген, қайталанбас, қайта тумас қайран ағамыздан айрылып қалдық...

Сәуір айының соңында кітаптың жоспарға енбегенін естіп-білдім. Маңғыстаудан Светқали ағаммен жиі хабарласып тұрдық. Әнуардың інісі қайтқанда көңіл айта алмай қысылыста жүр едім, бұл жайымды Светқали ағаға білдіргенімде: «Уақыт солай болып тұр ғой, карантин де біраз бөгеу болды. Түсінеді ғой, реніш бола қоймас», – деді. Кітап мәселесінің шешілетінін, қаржы табуға маңғыстаулық азаматтар қолдау білдіретінін нықтап айтты. 

Күн өтпей Әнуар інім звандады... Сасқалақтап қалдым. Кешірім өтініп, інісіне, сосын Есенғали ағасына көңіл айттым. «Ағаны жоқтап үлгереміз. Тез арада мына кітап мәселесін шешейік. Сіздер дайын етсеңіздер, қаржы жағын шешу мәселесін біз қолға аламыз», – деді. 

Эсселер қатарын қайталап сүзіп шыққанымызда, тағы да бір-екеуінің жетпей тұрғанын анықтап, оларды да таптық. Светқали аға тарапынан бірнеше рет оқылып, қателері жөнделіп, Жомарттың дайын қалыптауымен кітапты Алматыға, баспаханаға тапсырдық. Ағамыздың қырық күндік садақасына дейін дайын етуді жоспарладық, ол жоспарымыз орындалды. Ағамыздың алдындағы бір міндетімізді (әлі жүз міндет бар) ізінен ерген іні-қарындастары осылай орындағандай болдық... 

Қарап отырсам, кітаптың құрастырылып, баспаға әзірленуінің басы 2019 жылдың жаз айынан басталған екен. Араға екі жылдай уақыт салып, биыл жарық көріп отыр. Ағамыз осы кітабын көзімен көргенде ғой деген өксікті өкініш өзегімізді өртейді. Алланың ісіне шара жоқ...

Кітаптың жауапты редакторы Светқали Нұржан, құрастырушысы әрі қалыптаушысы, дизайнін жасаған Жомарт Оспан, кітаптың шығуына қаржылай демеушілік көрсеткен маңғыстаулық азаматтарға, осы істі үйлестіріп, жауапкершілікті мойнына алған Әнуар Бимағамбет інімізге айтар алғыс зор. Ағамыздың рухы шат болсын! Еліне, қазағына керек қымбат сөзі жерде қалмасы анық. 

Мәдениет порталы: Рақмет сізге! Есенғали көкеміздің жатқан жері жайлы болсын!

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,     

ақын, ғылым докторы, профессор


author

Есенғали Раушанов

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...