Владимир Яворивский,украин жазушысыҚұтырынған Джип никелденген тұмылдырығымен қарлы боранды соққылап...
Мұхаммед Салық. Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті
Мұхаммед Салық – 1949 жылы 20 желтоқсанда Өзбекстан Республикасы, Хорезм облысы, Үргеніш ауданында туған. Хорезмнің ақсүйек бектерінен тараған зәузәтті зерек бала 1966 жылы орта мектепті бітіреді. 1968 жылы әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтейді. 1970 жылы, яғни 21 жасында Ташкент Ұлттық университетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға түседі. 1977 жылы алғашқы өлең жинағы басылып шығып, жинақ ақынға біршама танымалдылық әкелді. Оның поэзиясының басты ерекшелігі – Батыстың авангардтық, мистикалық, сюреалистік поэзиясының Шығыстық суфизммен біте қайнасуында еді. Суфизмдегі негізгі тірегі өзі ұстаз тұтқан Мәулана Руми болатын. Ол поэзия мен эсседен құралған 20 шақты кітаптың авторы. Ақын өзбек тіліне жазушы Франц Кафканың және жиырмасыншы ғасырдағы француз ақындарын аударды. Оның өлеңдері әлемнің көптеген тілдеріне тәржімаланған.
Ақынның азаматтық көзқарастары өзі өмір сүрген қоғаммен қабыса қоймады. 1984 жылы желтоқсан айында алғашқы саяси манифесін жазды. Бұл манифест – билікті ащы сынға алған пікір еді. Мұнан соң, ақын «Бірлік» партиясының жетекшісі болды. 1989 жылы «Ерік» партиясын құрды. 1990 жылы Жоғарғы Өзбекстан Советіне депутат болып сайланды. Кейін Өзбекстанның бұрынғы Президенті Ислам Каримов режимімен сыйыспай, алыс-жақын шет мемлекеттерге қоныс аударды. Мұнымен қоса, оның көптеген жақтастары мен туыстары да Өзбек билігінің қуғынына ұшырады.
Мұхаммед Салық – жаңа поэзияның негізін қалаушы, бірегей өкіл. Ол жасаған образдар, бейнелер, құрылымдар бүгінде көптеген жас ақынның поэзия жолындағы темірқазығы іспеттес. Оның жұлдызы – биік, жоғары. Назарларыңызға ақынның соңғы жылдары жазған өлеңдерін өзбек тілінен қазақ тіліне аударып ұсынып отырмыз. Мархабат!
ТЫНЫШТЫҚ БАР ЕЛІМДЕ СОҒЫСТАН ДА ҚАУІПТІ Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті, және оларда мұң жұқпас денсаулық бар қалыпты. Жаназалық күлкідей шаттығы бар елімнің, мастығы бар бейне бір хәліне ұқсас өлімнің. О, ұлтым-ау, ұйықтаудың үйретші енді өнерін, көз жұмылмай, отыз жыл ұйықтай алмай келемін. Маужыраған ұйқыңнан титтей ғана бере гөр, сол ұйқыға апарар тыныштығыңнан және бер! Мен де сенің перзентің емес пе едім, ұлтым-ау, көкірегімнен мұңды алып, шідерлесін бұл бұғау! Тыныштығыңды сыйлай гөр, мұңды қайтем масыл ғып күрсінейін содан соң қорлығыңмен ғасырлық. Айтшы, сені бұл күйге зұлымдық па түсірген мәңгүрт қылды айырып баһадүрдей күшіңнен. О, ұлтым-ау, бұл күйің тұр өзіңе неге ұнап? сені бұлай көргенше өліп кеткім келеді-ақ! Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті... 29.09.2017 жыл 1989 – 2019 Дәл отыз жыл бұрын маған бірі кеп «отыз жылдан кейін де енді мұңы көп жарымайды Өзбекстан» десе егер, сенбес едім ақымақтың жыры деп. «Халқың қазір шыдаса да зорлыққа, куә болар бұдан өткен сұмдыққа! Ұлмен қоса немерең де күні ертең көз жұмады шет елдегі құлдықта» «Қара халқы Өзбек деген ұлыстың Ресей кезер, жайын іздеп жұмыстың. Тіпті өзбек боп туғанына ұялып, «сіз» деп сөйлер итіне де орыстың.» Мұны маған болжаса егер бұрында, мұны маған сөйлесе егер бұрында, жұлып алар едім тілін тәуіптің, мың тоғыз жүз сексен тоғыз жылында! Енді мұнда қалған дым жоқ бүлінбей. Біз бұл жайдан өте алмадық сүрінбей. Заманында жоғалмады зұлымдық, жұлынбаған сол тәуіптің тіліндей 16.07.2019 жыл ҚАЙТУ Мынау сүргін, тар сүргін, зарлы сүргін, қол астында қалғандай жалшы мұңның. Бірақ дімкәс хәліммен әр сәт сайын қиянатпен соғыстым, қарсы тұрдым! Беті қайтып жыланның жалаңдаған; әлде солай көрінді-ау, алаңдағам – жеңгендей боп әділет зұлымдықты ашқандай боп есігін Отан маған! Радио айтады –түремін мұңға құлақ – Біздің Отан зұлым мен сұмға тұрақ: ұры қайтты, кінә мен күнә қайтты, Салық мырза қайтпады мұнда бірақ! Бұйырмапты ешқандай жай, құт маған. Бірақ, қара, ешкімнен шайлықпағам! Жетпіс жаста Нажмиддин Кубра сынды Отанға емес, соғысқа қайтып барам. 2019 жыл КҮРЕСКЕР – Солиҳ, тоқта деймін, айнаға қарап, міндетің бітті дәл осы бір жерде, өзіне тартпасын сені ешбір тарап мұны енді қаламас жүрегің мүлде. Лайықты болсаң ел кебінсіз көмер әдебиет емес бұл күрестің заңы – алдыңда жетпіс жыл бар болған өмір жартасқа қадалған қанжардай, ән-і! Сағыныш дегенге берме енді мұрша, көз жасың көл болып кетпесін, ғаріп. Егер бұл құдайға жақындаттырса Отаннан жырақта өлу ғой – бақыт. 17.01.2017 СҮРГІНДЕГІ ДӘРУІШТІҢ ДҰҒАСЫ Халқыма атпаса әділет таңы – о, Раббым құлыңа тыныштық берме зұлымдық жалғасып жатқанда әлі хақым жоқ тыныштық сыйлашы деуге. Тілімді сайратпа Жаратқан, Раббым, мүмкіндік болмаса шындықты айту аяққа тапталып жатқанда халқым маған харам болсын Отанға қайту. 17.10.2019 СОҢҒЫ СӘТ Раббым, міне, аманатың, қабыл ал – бір сексен төрт сантиметр денемді ескірдім деп ағзаларым аһ ұрар, олар мәңгі қалмайды ғой, көр енді! Кей бөлігін жоғалтыппын жолда мен тіс деп берген інжулерді мысалы, солай, Раббым, тым өзгерді мұндағы өң тіспен қоса шаш да түсті, құсалы! Енді ойлаймын; бәлкім олар асықты, мойын басты көтере алмай тұрғасын! Бірақ қазір мойным емес жазықты, ауыр ұяттан иіліп тұр бұл басым! 07.04.2020 ҚАЖУ Әрине, мен де бір адаммын құсырлы, бірақ бұл қазіргі ең оңай шешімім: әсілі, мен деген, М. Салық есімді жетпіс жыл күрескен соғыстың өзімін. Ия, оның ішінде қан аққан күні –түн, күні-түн дұшпанмен тынымсыз тірескен, қос даңқты сардар бар – Сабыр мен Үмітім, Нәпсіммен бетпе-бет аяусыз күрескен. Белбеудің орнына бел сынып соңында Уа, менің Үмітім, шеһит боп кеттің-ау, Сабыр да іс-түссіз жоғалды жолыңда солайша, сендерсіз жеңіске жетті жау. Бірақ мен бір күні айнаға қарап ем, шошыдым бейне бір келгендей ақырым: көзімнің алдында тұрды үнсіз – жаралы өң кешегі соғыста жоғалған Сабырым!
өзбек тілінен аударған Файзулла Төлтай