Ұлттық музейде ғалым Ө. Озғанбаевтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті

Жаңалықтар
3400

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының докторы, професссор Өмірзақ Озғанбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай «Озғанбаев және тарихи ғылым» тақырыбында ғылыми конференция және «Тарихқа тағзым» атты 5 томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. 

Іс-шара мақсаты – ғалымның қажыр-қайратқа толы тағылымды ғұмыры және қазақ тарихына қосқан үлесі, ғылым-білім мен руханияттың заңғар биігіне сай іргелі еңбектерін жан-жақты насихаттау.  

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов, Абай Тасболатов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің проректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы, профессор, ф.ғ.д. Серік Негімов, алаштанушы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Дәметкен Сүлейменова және т.б. бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Салтанатты жиынды ашқан ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы жиынның мақсаты мен міндетіне, ғалымның тағылымды ғұмырына тоқталып өтті.

«Бүгін – қазақтың аса көрнекті ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлының мерейтойына орай «Озғанбаев және тарихи ғылым» тақырыбындағы ғылыми конференцияда бас қосып отырмыз. Сонымен қоса, ағамыздың 5 томдық «Тарихқа тағзым» атты шығармалар жинағының тұсаукесері де өтеді. Ғалымның қажыр-қайратқа толы тағылымды ғұмыры және қазақ тарихына қосқан үлесін өскелең ұрпаққа ұлықтау, ғылым-білім мен руханияттың заңғар биігіне сай іргелі еңбектерін жан-жақты насихаттау да бүгінгі шараның негізгі міндеті»,-деді А. Мұхамедиұлы.

Шара аясында Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың құттықтау хатын жеткізді.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы ғалымның қазақ тарихына қосқан үлесін атап өтіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан  Нығматулиннің құттықтау хатын табыстады.

Бұдан өзге, жиын барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың құттықтау хаттары ұсынылды. 

Сонымен қоса, ғылыми конференцияда Ө.Озғанбаевтың 2021 жылы қаңтар айында жарық көрген «Тарихқа тағзым» атты 5 томдық шығармалар жинағы таныстырылды. 

Бес томдық «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Тарих тағылымы», «Қазақтың шешендігі мен көсемдігі астасқанда», «Жарық жұлдыздар» және «Тағзым» атты жинақтардан тұрады. Еңбектерде халқымыздың тарихына, қазақтың тарихи тұлғаларының, атақты көсемдері мен шешендерінің ел еңсесін көтеру жолындағы жанкешті іс-әрекеттеріне шолу жасалған. Сондай-ақ, бес томдықта оқырман қауымға кезінде Ресей Мемлекеттік Думасына Қазақстаннан депутат болып сайланған қазақ қайраткерлері өмірінің бұрын-соңды аз зерттелген қырлары ұсынылған.

Іс-шара аясында Ө.Озғанбаевтың 26 ғылыми кітабы мен мемлекеттік марапаттары (орден, медальдары) және 60-тан аса фотосурет топтамасынан шағын көрме жасақталып, жеке өміріне қатысты бейнефильм көрсетілді. 

Сөз соңында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ө.Озғанбаев ғылыми конференция жұмысын қорытындылап, жиналған қауымға зор ілтипатын білдірді.

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Германияның Майндағы Франкфурт қаласында Frankfurter Buchmesse-2024 кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Астанада алаяқтар танымал Дубай шоколадтарын сатамыз деп ақша жымқырған, деп хабарлайды madeniportal...