Өзбек кинематографистері Самарқан әмірі, Регистанды құрған атақты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрге арнап...
Ресей Федерациясының өнері. Кескіндеме, мүсін. 1950-жылдар
Соңғы бірнеше жыл бойы Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде күні кеше ғана кеңестік деп аталған музейдегі заманауи шет ел өнері қорының байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін көрмелер өтуде. Жоба аяқталып келеді, ал соңғы көрмелер Ресей Федерациясының бейнелеу өнерімен таныстыратын шеберлердің туындыларына арналып отыр.
1950-жылдар ұлан-байтақ еліміздің тарихындағы – ерекше уақыт. Соғыс аяқталды. Еліміз күйзелістен, ет жақын адамдарының қазасынан, уайым-қайғыдан шаршады. Суретшілердің түрлі жанрда жасаған жұмыстарында тұрмыс шаттығы, табиғаттың көркемдігі, өмірді қайта тірілткен адамның сұлулығы орын алды.
Владимир Рутштейннің 1957 жылы жазған «Жеңістен соң» деп аталатын жұмысы өзінің атауымен де, эмоционалдық мазмұнымен де бүкіл көрменің өзегін ұстап тұр. Суретте – көркем де жігерлі жас жігіттер футбол матчында жеңіске жеткен зауыт командасының өкілдері сияқты. Олардың жүздерінде – болып өткен ойыннан әлі құмары басыла қоймаған жеңіс қуанышы. Жаттықтырушының тұлғасы да есте қаларлықтай. Анна Костинаның «Мектеп бітіру кеші» деп аталатын жарық пен бақыт сезіміне толы серпінді жұмысы да құрылымы жағынан алдыңғы композицияға жақын.
Көрмеде Қазақстан тақырыбы да үн қатады. Бүкіл елдің басын қосқан тың игеру тарихи оқиғаға айналды. 1954 жылы көктемде он мыңдаған адам жаңа жерлерді бағындыруға аттанды. Суретшілер де шет қалмады. Көрмедегі лирикалық екпінге толы Валентин Богдановтың «Достардан хат», Ирина Витманның «Жаңа жерде», Ростислав Слетовтың «Тыңға» жұмыстары жас тың игерушілердің «шатырдағы» өмірін көрсетеді.
Бірегей экпонат болып саналатын Павел Кориннің Мәскеу метросындағы бекеттің сәндік жабдықтарына арналған эскиздері алғаш рет қойылып отыр. Олардың көпшілігі жүзеге асқандықтан бүгінде өздерінің көркемдік жетістіктерімен баурап алады. Әсіресе Новослаботская метросы витраждарының эскиздері ерекше қызықты. Олардың негізінде ескілікті маталардың өрнектерімен өрілген өсімдік тектес гүлді нақыштардан құралған күрделі композиция жатыр.
Көрмеде әйелдер бейнесі басым. Бұлар – Сергей Герасимов пен Леонид Кабачектің, Степан Дудник пен Александр Пушнинннің кескіндемелеріндегі ауылдың еңбеккер әйелдері. Көшпелі көрмеге келген жас жұмысшы қыздар Константин Дороховтың картинасының кейіпкерлеріне айналды. Саябақта демалушы құрбы қыздар Алексей Ткачевтың шабытына дем берді. Көшеде немерелерін ертіп қыдырып жүрген әжейлер Глеб Савиновтың қылқаламына ілікті.
Мүсін портрет жанрында көрініс тапты. Екатерина Белашова, Зинаида Иванова, Илья Слоним, Эдуард Озоль көрікті жас адамдар – соғыстан кейінгі жас буынның бейнесін қола мен мәрмәрда, ағаш пен гранитте көрсетті. 1960-жылдары Мәскеудің Көркемсурет көрмелері дирекциясы музейге барлық туындысын берді. Кейбірі авторлардың өзінен тікелей сатылып алынды, мысалы, Виктор Орешниковтің «Суретші А.Ф. Костинаның портреті». Петр Кончаловскийдің «Балалайка ұстаған бала» және «Суқұйғыштағы жұпаргүл», Аристарх Лентуловтың «Қырыққабат бейнеленген натюрморт», Александр Осмеркиннің «Ереван натюрморты» атты жұмыстары кеңес өнерінің ірі қылқалам шеберлерінің тікелей мұрагерлерінін алынды.
Галина Сырлыбаева
куратор
Шетел өнері орталығының жетекшісі