Ислам ренессансының жарық жұлдызы - Ұлықбек

КИНО
4828

Ұлықбек. Оның шексіз жұлдыздар әлемі. Оның әлемге көзқарасы. Оның өзгеше ойлары. Ұлықбек жайлы айтпақ үшін оның еңбектерімен танысып, олардың маңызын сезінбек ләзім. Өзі іргесін қалап жетекші болған мектеп ол өмірден өткеннен кейін-ақ орны орасан ойсырап, жойылып кетті. Тіпті ол тұрғызған обсерватория да қиратылып, едәуір қырғынға ұшырады. Алайда, бар жазбалары және пайдаланған кітаптары бізге жетті. Оның біз бір-ақ, әрі ең құнды еңбегі – «Зидж-и Гурәганиді» алып қарайық. Ол – Евклидтің «Негіздерімен», Птолемейдің «Әлмәгесімен», Бирунидың «Өткен буындар ескерткіштерімен», Галилейдің «Дүниенің екі жүйесі туралы екі кісінің әңгімесімен» қатар қоярлық маңызды шығарма. Ұлықбектің есімін ғылымдар тарихында қалдыру үшін осының өзі де жеткілікті. 

«Зидж» - парсы сөзі, мағынасы – «астрономдар мен географтар пайдалану үшін жасалған арнайы таблицалар жинағы». Сонда «Зидж-и Гурәгани» Ұлықбек Көреген жасаған таблицалар болып шығады. Ұлықбек оған ширек ғасыр еңбек сіңірді. «Зидж-и Гурәгани» негізінен алғанда 1437 жылы, Жәмшид Кәши мен Қази-зада Руми көз жұмғаннан кейін жасалып біткен, бірақ оны Ұлықбек өзі өмірден өткенге дейін толықтырып, өңдеп отырған.

Ұлықбек кітабындағы таблицалар үш түрлі: астрономиялық таблицалар, географиялық таблицалар және тригонометриялық таблицалар. Географиялық таблицаларда Испанияның, Суданның, Мысырдың, Сирияның, Византияның, Ирактың, Арменияның, Әзербайжанның, Иранның, Ресейдің, Орта Азияның, Үндістанның тағы басқа елдердің көптеген қалаларының, жалпы алғанда 683 елді пункттің, географиялық координаталары (бойлықтары мен ендіктері) келтірілген. Координаталар аса зор дәлдікпен берілген. Ұлықбек таблицалары карталарды жақсартты, география ғылымын өте жоғары сатыға көтерді. 

Тізіліп қойылған кілең таблицалар түсінікті бола бермейді, олардың қалай жасалғандығын, теориялық негіздерін баяндап беру керек. Осы мақсатпен Ұлықбек өз еңбегіне көлемді кіріспе берген. Кіріспе 4 бөлімнен құралады. 19 тарауға бөлінген уақытты өлшеу әдістері мен күнтізбелер жүйелері айтылған. 21 тарау екінші бөлімде астрономиялық есептеулер мен аспанды бақылау методикасы баяндалған. Үшінші бөлім (13 тарау) Күн мен Айдың, ғаламшарлардың қозғалыстарына арналған. Ақырғы шағын ғана төртінші бөлімде, дәстүр бойынша, астрологиялық «мағлұматтар» келтірілген. Бір сөзбен айтқанда, Ұлықбек бұрынғы-соңғы ғалымдардың еңбектерін тәптіштеп зерттеу арқылы өзінің зерделі зияткерлігін танытып, «біз бұрын анықталған жұлдыздарды қайта бақылап шықтық та, тек бұлардың ішінен Самарқандта көрінбейтін 27 жұлдызды ғана бақылай алмадық. Олар: Алтарь шоқжұлдызының жеті жұлдызы, Кеме шоқжұлдызының сегіз жұлдызы (отыз алтыншысынан қырық біріншісіне дейін және қырық төртінші, қырық бесінші жұлдыздары), Центавр шоқжұлдызының он бір жұлдызы (жиырма жетіншісінен ақырына дейін) және Бөрі шоқжұлдызындағы оныншы жұлдыз... Біз бұлардың орындарын хиджраның 841 жылына (яғни 1437 жылға) сәйкес келтіріп отырмыз, бірақ олардың әрбір 70 жылда бір градус ілгері жылжып тұратынын еске алып, кез келген уақыттағы орындарын тауып алуға болады», - деген сыңайлы анық-қанық тұжырымдар жасады. Одан бөлек, ол астрономияның тригонометриялық функцияларын қарастырып, олардың жалпы мәндерінің таблицаларын құрастырды. Өз кезегінде ол таблицалар алпыстық система бойынша бестаңбалы жоғары дәлдікпен беріліп отырды. Шындығында ғылымға осындай орасан үлес қосқан Ұлықбектің еңбектерімен танысып, оларды жете зерделеуге тиіспіз. Бұл келесі үлкен еңбектердің жүгі.

2017 жылы Каримовтың қызы Лола Каримова-Тилляева жұбайымен продюсерлік еткен «Ұлықбек. Ғалам құпиясын ашқан адам» деректі фильмі 74- Венеция кинофестивалінде «Үздік шетелдік деректі фильм» номинациясы бойынша «Kineo» сыйлығын жеңіп алған болатын. 

«Фильм түсіру туралы бұрыннан ойым бар еді. Ұлықбек энциклопедиялық білімі бар, танымал ғалым және бейбітшілікті қалаған басқарушы болғаны мәлім. Ұлықбектің аты адамзат тарихындағы белгілі - Галилео Галилей, Коперник, Джоанас Кеплер секілді дүниежүзілік ғылымға өлшеусіз үлес қосқан ғалымдармен бірге аталады. Ұлықбек билеуші болған тұста Самарқанд астрономия саласындағы алдыңғы қатарлы зерттеулер жасаған халықаралық орталыққа айналды. Ұлықбек салдырған расытхана (обсерватория) сол замандағы танымал ғалымдардың басын қосты», - дейді фильмді түсіруші.

Фильмді түсіруге Оксфорд университетінің Бодлианская кітапханасы, Британия музейі, Пристон университеті, Гриффита обсерваториясы, Көк жағалау обсерваториясы (Франция), Калифорния университетінің кітапханалары, The David Collection Копенгаген музейі, Оксфордтағы қасиеті Джон колледжіндегі Оксфорд тарих ғылымдарының музейіндегі деректері пайдаланылған.

Фильмге дүниежүзілік кинематографияның жұлдыздары - Винсент Кассель, Арманд Ассанте, Франциско Оваллелер қатысты. Сондай-ақ өзбекстандық кино шебері Мағруфа Отажонова, Жавахир Закиров мен Хашим Арслановтардың еңбегін айта кету керек.

Фильм сазын танымал Голливуд композиторы Уолтер Афанасьев жазды. Ол «Титаник», «Аладдин», «Нотр-дамдық бүкір», «Геркулес» және тағы да басқа киноларға музыка жазған.

Назарларыңызға Ислам ренессансының жарық жұлдызы Ұлықбек туралы деректі фильмнің бірінші бөлімін ұсынамыз. Жұлдыздар әлеміне Мархабат!

madeniportal.kz

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...