Лязиза Керімқұлқызы. «Пері қатын» қойылымы жайлы бір ауыз сөз

ТЕАТР
6863

М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрында Б. Брехтің “Кураж шешей және оның балалары” желісімен  “Пері қатын” қойылымы сахналанды.  Режиссер Елік Нұрсұлтан қойған бұл спектакль Бертольт Брехтің  “эпикалық театр” теориясының төл туындысы. 

Әдетте, көрермен  сахнадағы актердің толығымен өз кейіпкерінің бейнесіне  еніп, сол образбен астасып кетуін қалайды. Актерлік шеберліктің шыңы да осы екені құпия емес. Көрермен  театр шымылдығы ашылған сәттен кейіпкердің әр айтқан сөзі мен әрекетіне елтіп, оқиға ішінде жүреді. Кейіпкерлермен бірге күйінеді, қуанады, күледі, жылайды...яғни, сахна мен көрермен  арасында эмоционалды экспрессия орнайды. Аристотельдің  концепциясы бойынша орнауы керек. Шынымен де, ондай ойын актердің шабытына шабыт қосса, көрермен - қойылымнан ләззат алады. 

Ал Брехтің эпикалық театры актерден де, көрерменнен де өзгешелікті талап етеді.  Эпикалық театр теориясында қойылым барысында актер өзіне артылған міндеттен бөлек “баяндаушы” міндетін де арқалайды, әлсін-әлсін кейіпкерінің бейнесінен “шығып” оның тағдыры туралы не болмаса белгілі бір оқиғаны баяндау арқылы көрерменмен тікелей тілдеседі. Бұл теория актерге (әлде актерлік шеберлікке ме?) қосымша салмақ жүктейді. Актер өз кейіпкерінің бейнесіне еніп шабыт үстінде өзінің актер екенін ұмыта бастағанда, қалыптан шығып баяндаушы болуы керек. Шекспирдің трагедияларындағы хор естеріңізде болар? Эпикалық театрда хор міндеті актердің мойнында.

Мұндай тәсіл көрерменге сахнадағы оқиғамен өмір сүруден гөрі оған сырт көзбен қарауға мүмкіндік береді. Бұл теорияға сенсек, ол көрушіні сыни ойлауға жетелеп, қойылымды сезіммен емес зерде елегінен өткізіп барып қабылдауға шақырады. 

“Кураж шешей...” қойылымындағы басты образ – Кураж шешейдің бейнесі. Оқиға көп жылға созылған соғыс кезеңін қамтиды. Соғыс пен әйел бір-бірімен қабыспайды десек те, Кураж шешей соғыс кезінде жылы орнын тапқан адам. Ол оны қасірет деп қабылдағаннан гөрі, пайда табудың көзі дейді. Соғыс кезінде де адам ішеді, жейді деген Кураж сауда- саттықпен күнелтеді. Ол соғысқа кешіріммен қарағанмен, соғыс ешкімге кешіріммен қарамайтыны белгілі. Кураж шешейдің үш баласы да соғыстың, анығында соғыс кезеңі тудырған жауыздардың құрбаны болады. Әлде Кураждың ниетінің құрбандары ма?.. 

Кураж бейнесін Данагүл Темірсұлтанованың сомдауында көрдік. Актриса сөзден жеңілмейтін  пысық, пайдакүнем, қайсар Кураждың образына  құйыла кеткен.  Көз алдыңда эмоцияның сан алуан көріністері. Міне, соғыс кезі ширатқан Кураж. Күлкісі қандай зілді еді?! Міне, ашуланса долданып қасындағыларды жайпап жіберетін, сөйлесе шындықты тайсалмай айтатын Кураж. Және әйел табиғатына тән сезімге бөлене алатын Кураж. Иә, жаугершілік заманда да сезімін жұтатпаған Кураж. Кейіпкер өмірде болған адам болса (мейлі ол жиынтық образ болсын) оның дауыс ырғағы, қимыл-қозғалысы, темпераменті актриса Данагүл апайдікіндей-ақ болған шығар!

Брехтің жобасындағы Кураж - мінезін балаларының өлімі де өзгертпеген саудагер әйел. Сол үшін де тағдыр оның сазайын тартқызды емес пе? Қызының сүйегін бөтен адамдарға тапсырып, олар оның денесін аяқпен итеріп тастаған көріністің өзі біраз нәрсені аңғартады. Режиссер мен актрисаның да көздегені сол бейне болса керек. 

Дегенмен...орыс тілінде “надрыв” деген сөз бар. Маған сол  Кураждың ішкі күйзелісін айқындайтын “душевный надрыв” сезімі жетпей тұрғандай болды. Айқай емес, жан күйзелісін суреттейтін күй. Көрермен ретінде драматург, режиссер, актрисамен полемика жасап, кейіпкерді ақтағың келіп кетеді...  Кураж өзін ғана емес, балаларын да асырап жүрген бейбақ.  Ол соғыстан қашпағанымен, өз ұлдарын соғысқа жібергісі жоқ. Үш баласынан айырылып тұрып  “саудамды жалғастыруым керек” дейді ол соңында. Сын сағатында солай сөйлеуге жігері жетіп тұр. Сонда ол қара басының құлы ма? Әлде ол оның мықтылығы ма?.. 

Пьесадағы оқиға  католиктер мен протестанттар арасында отыз жылға созылған соғыс кезеңін қамтиды. Туындысын екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазып сахналаған Б. Брехт өз қолтаңбасымен замандастарына соғыстың азабы туралы үндеу жолдағанын аңғармау мүмкін емес.  Неміс драматургінің туындысын шығармашылық топ қазақ аудиториясына бейімдеген. Кейіпкерлердің есімі қазақшаланған. Қазақ сахнасындағы бұл спектакльдің аңдатпасында оқиға дәуірмен шектелмейді деген ремарка бар. Режиссер онымен бүгінгі қоғамның халін, адам арасындағы мылтықсыз майданды көрсетуді көздесе керек.  

Сөзге жүйрік Кураж және оның мылқау қызы Балауса (Индира Меңдібаева), қан төгуді батырлық көретін үлкен ұлы Алтын кекіл (Қайрат Набиолла) мен ізгілікке жаны жақын кіші ұлы Кавказдық (Алмас Шаяхметов).  Жақсылық пен жамандықтың, өмір мен өлімнің арпалысы. Осылардың символы болған ақ пен қара шарлар, қара түс басым сахна, қорғасындай  әуен. Адам мінезінің галереясы. Заман тудырған жандардың тағдыры.

Бірде католик, бірде протестант болып өзгере кететін Дінбасы. Енді бірде аузында “астапыралласы” жүр (қазақ сахнасы ғой енді). Бауыржан Қаптағаев сомдаған Дінбасы  - қойылымдағы сәтті шыққан бейнелердің бірі.  Актер мен мұндалап тұратын емес,  ақырын басып “анық” жүруді көздеген мысықтабан образды жасаған. Дінбасы зымиян, айлакер. Сөйтсе де оның іс-әрекетіне қарап еріксіз күлесің. Кейіпкер сөз саптауымен, мінез-құлқымен күлкі тудырады. Дінбасы бейнесінен баяндаушы кейпіне енерде актер көрерменіне “сөзімді ұмытып қалуым әбден мүмкін” деп ағынан жарылады. Ұмытып қалады да. Ары қарай қағаздан оқиды. Бұл - көрерменге күлкі сыйлайтын көп детальдің бірі ғана.

Данагүл Темірсұлтанова, Бауыржан Қаптағай, Төлеубек Аралбай сынды дарын иелерінің шабытына жастар да ілесуге тырысты. Қайрат Набиолла, Алмас Шаяхметов, Асан Мәжит, Елжан Тұрыс ойындары ұнады. Мылқау Балауса-Индира Меңдібаева мен Ақ бикештің-Лейла Тілеуова сынды актрисалар өз кейіпкерлерінің болмысын аша түсті. 

“Мамаша Кураж...” туындысын ресейлік театрдан тамашалап, пьеса желісімен түсірілген көркемфильмді де көргенім бар. Міне, енді бұл туынды қазақ тілінде сөйледі. Ұзақтау жүретін пьеса өткір диалогтардың, динамиканың арқасында шымыр. Осы ретте айта кететін жәйт, эпикалық театр заңдылығымен туындының авторын атап өткенде пьесаны қазақ тіліне тәржімалаған аудармашының да аты-жөнін айтуды ұмытпаған абзал болар еді. 

Көркемөнердің, соның ішінде театр өнерінің миссиясы туралы көп айтуға болады,  пафосқа да бой алдыру  артық етпейді. Ал қарапайым тілмен айтсақ театр өнерінің мақсаты - көрерменге көңіл-күй сыйлау. Мұндайда театр майталмандарының “қаруы” театр тілі, формасы, стилі.  Әкемтеатр қоржынын толықтырған “Пері қатын” қойылымы көрермен көзайымына айналады деген сенім мол.

Лязиза КЕРІМҚҰЛҚЫЗЫ, журналист

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...