Нұрдәулет Омарбек. Батыстан соққан жынды жел

ӘДЕБИЕТ
4521

Әр кезеңнің өзіне тән құндылықтар жүйесі түзіледі. Қоғамдық формациялардың өзгеріп, саяси, экономикалық, рухани, әлеуметтік өзгерістерге сай құндылық атаулы түрленіп отырады. Себебі құндылық адамзат ақыл-ойының жемісі екенін естен шығармаған жөн. Адам баласы ес жиып, жан жағын танып, ақылымен саралай бастағаннан бастап әсемдікке, сұлулыққа, ізгілікке ұмтылып тұрады. Дәл осы ұмтылыстар адамзат қоғамының құндылықтар жүйесін құрайды. Әрине жалпыадамдық құндылықтарға қатысты пікірталастар жетерлік. Мұндай құндылықтар жүйесі жоқ, құндылықтар белгілі бір ұлт яки қауымдастықтар арасында ғана болып, басқа ұлттардың құндылығы ортақ құндылық болмайды деп санайтындарда табылады. Дегенмен жоғарыда келтірілген танымға байланысты тұрмыс-тіршілікке байланысты, дініне, нәсіліне, географиялық белдеулікте орналасуына қатысты материалдық құндылықтар өзгеріп тұрғанымен, жақсылық, сұлулық, әсемдікке қатысты «мақсатты» яки рухани құндылықтар бүкіл адамзатқа ортақ болмақ.

Дегенмен II дүниежүзілік соғыстан кейін империялардың дәуірі аяқталды. Африка, Азия, Оңтүстік Американың отар халықтары дәл осы кезеңде тәуелсіздіктерін алып, бірнеше ғасыр бойына еуроцентристік көзқарасқа, дүниетанымға байланған танымды жоққа шығарып, индустрализация тұсында жаңа өркениетке бейімделмеген ұлттық мәдениеттерін іздеуге ұмтылды. Өйткені модерн дәуіріндегі Еуропа империяларының жалпы адамзатқа ортақ еуроцентристік көзқарасты таңып, ұлттың негізі этностық топтардың бірлігінен емес, экономикалық игіліктер негізінде қалыптасады деген (XIX ғасырда «ұлттық мемлекет» ұғымы орнығып, ұлттық мемлекеттер қалыптаса бастағанда, ұлт термині бұған дейінгі этнос, тайпа, ру сынды ұғымдардан өзгеше әрі жаңа атау деген ойды айтқан зерттеушілердің қатары көбейді. Индустрализациямен қатар, еуропалық саяхатшылар мұхит асып, отарлық шекарасын кеңейткен соң, Америка сынды алпауыт мемлекет алтын алу үшін ерікті я еріксіз түрде мидай араласқан этностардың бірігуінен құралған еді. Аталмыш этностар мен халықтардың мемлекет ретінде ұйысуы этностық тамырының бірдейлігінен емес, экономикалық және идеялық тұтастығы, еркіндік пен азаттық рухының бір арнаға тоғысуының салдарынан туған еді. Аталмыш түсінікке иек артқан Сетон-Уотсон, Бенедикт Андерсон, Гелнер, Брюилли сынды тарихшылар мен әлеуметтанушылар осы ойды құптап, жаңаша теорияны ұсынған) танымға біріктіруі сәтсіз аяқталды. Өйткені ұлт болып қалыптасу үшін еркіндік пен рухтың бірлігі сынды ұғымдардан да кең түсініктер қажет. Мәселен, ортақ тарих, ортақ миф, ортақ естеліктер, ортақ мақсат, ортақ талғам, ортақ тағам, ортақ тұрмыстық заттар, ортақ тіл, ортақ тағдыр, ортақ эмоция, ортақ ауа-райы, ортақ музыка, ортақ өнер. Осы бір ортақ ұғымдардан ұлттық болмыс, ұлттық таным деген сынды түсініктер өрбіп шығады. Батыстық империялардың (Ресей империясы да осы қатарға енеді) отарлық талауынан құтылған халықтар XX ғасырдың екінші жартысында тәуелсіздіктерін алып, жоғарыда аталған құндылықтарын іздеуге кірісті. Аталмыш зерттеулер ғылымда «постотарлық зерттеулер» деген атау алғаны мәлім.

Дегенмен жаңа ғасырда, цифрлық технологиялар мен интернет, сонымен қатар жаһандану деп аталатын құбылыстың салдарынан жалпыадамдық құндылықтар жүйесі, этика һәм мораль түсініктері өзгеріске түсуде. Қазіргі құндылықтар жүйесі плюралистік таным негізде қалыптасып, бір қабатты емес көп қабатты құндылықтар жүйесі түзілуде. Соның салдарынан қоғам арасында «батыстық», «дәстүрлі», «шығыстық», «тәңіршіл» деген сынды қоғамдық «таптар» қалыптасып ұлттық құндылық ұғымының аясы кеңу үстінде. Осыған байланысты кері үдерісті те байқаймыз. Мысалы, көпқабатты қоғамдағы топтардың кейбірінің жекелеген құндылықтары сіңіріліп жалпы ұлтқа тән ортақ құндылықтарға айналып отырса, керісінше көптеген топтардың идеялық ұстанымдары азшылық деңгейінде қалып, ұлттық құндылық бағдарларының айқындығына кері әсерін тигізуде. Осыған орай бүгінгі жаһандану үдерісі мен кешегі отарлық сананың ықпалынан ұлттың «менін» сақтап қалуға тырысушы топтар да қалыптасты. Біздің қоғамымызда Батыс ықпалына жеріне қарайтын, «жау» санап, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлі танымды қиратушы сипаты бар деген ойдағы топ қалыптасқан. Мұны әсіресе егде тартқан қарт қаламгерлердің әңгімелерінен анық байқаймыз. 

Мәселен, Д. Әшімханұлының «Жынды жел» деп аталатын әңгімесі сөзімізге дәйек бола алады. Әңгімеде емші шалдың аузымен баяндалатын аңыз бойынша, ежелде Алтай тауларының етегінде дәурендеп тұрған Алас тайпасының батыстан соққан желдің салдарынан толық күйреп, ұшты-күйлі жоғалып кеткенін жайында айтылады. Әңгіме баянында, еркегі бас болып, әйелі қоштаған қоғам арасындағы сыйластық пен үйлесімнің шырқы қалай бұзылғаны сөз болады. Алас тайпасының ерлері толық тауға аңшылыққа аттанып кеткенде, көсемнің шешесі қайтыс болады. Ауыл арасында қалған кілең әйел ерлері келгенше қабірді өздері қазып, жерлемекке бекінеді. Құралдарын сайланып, қабір басына келіп, бір қабат қара топырақты сыпырған соң жылтыраған сары алтынға жолығады. «Алтын көрсе періште жолдан таядының» кебін киген бір топ әйел, әрбір жерді қаза түсіп, алтынның үлкен арқауына жолығады. Алтынның буына арбалған әйелдер бейбіт күнде бір-бірінің балтырын көрсе бет шымшып «ұятайлайтын» бірі де табылмайды. «Қызаратын қатын жоқ, қымсынатын қыз да жоқ. Бәрінің көзі алтында. Ал өлген кемпір боз үйде иістеніп жата береді.

«Әйелдерден ұят кетсе, ұлт құриды». «Ұлтты мықты етем десең қызыңды тәрбиеле». Осы сыңайдағы қазақ даналығы жетерлік. Сонымен автор ойынша ұлттың түбіне жеткен әйелдердің мал тауып, еркекпен тең болған оқиғасы болса керек. Мұнда мәтін астарында еркек қорғаушы әрі асыраушы болған патриархалды қоғам құлап, феминистік түсініктің өрістеуіне қарсылық анық байқалады. 

Аталмыш әңгіме бір кезеңдерде асығы алшысынан түскен түркі жұртының бүгінгі мұрагері қазақтың отар күйге қалай айналғанының тарихына шолу жасалғандай болады. Алас тайпасының құлауын қалаған Жебір, Ораман, Обыр тайпаларының архетипі сөзсіз Ресей, Қытай, Батыс елдері екені анық. Алтынның елесіне аталған үш тайпада арбалып, Алас тайпасын басып алуға қам жасайды. Ат үстінде ешкімге дес бермейтін Алас тайпасын қара күшке салып басып алу мүмкін болмағандықтан, жаулары түрлі айла-шарғыға барады. Осы тұста көмекке, қолында әртүрлі бейнені көрсетін айнасы бар кемпір келеді. Кемпір әйелі ұяттан безініп, рухани құлдырай бастаған Алас тайпасына келіп, айнасы арқылы жұртты азғыра бастайды. Мұндағы кемпірдің дуалы айнасы сөзсіз телевидение мен ұялы телефон әрі жаһандану үдерісі екені сөзсіз. Осылайша, заманында алапаты асқақтап тұрған Аластың ұлы әлсіз, қызы ұятсыз болады. Бұл нәубеттің себебі қазақ үйлеріндегі терезенің жоқтығы деген ұйғарымға келеген ақсақалдар, үйді ойып терезе салдырады. Батыс жақтан соққан жел терезеден кіріп, үйді ұшырып әкетіп, азғындаған тайпаның түбіне жетеді. 

Әңгімедегі Алас тайпасының аңызы бүгінгі қазақ жұртының тарихы. Автордың ойынша, батыстану (вестернизация) үдерісі қазақ танымын, құндылықтар жүйесін талқандайтын басты күш. Технологиялар мен нарықтық экономика, ұлттық шекаралардың жойылып, жер шарындағы барлық халықтардың жаһандануы, сонымен қатар «әлемдік үкімет» деген сыңайлы конспиралогиялық теориялардың үстемдік еткені көрінеді. Бұл батысты жау ретінде көретін «дәстүршіл» қазақ қоғамына ортақ ой. Әрі өткенді аңсау, өткен кезеңдердегі құндылықтарды аңсау, қоғамның өзгерісін, жүйедегі қателіктер мен қоғамның өз қателіктерін сыртқы ықпалдарға ысыра салу анық байқалады. 

Ұлттың қасіреті, құндылықтар жүйесінің құлдырауының түпкі себебін іздеп, ұлттық тамырға оралу үшін қоғамның жарақаттарын анық байқау аса маңызды. Яғни, постмодерндік, постотаршылық, гендерлік, жарақат және жад туралы түсініктерді қайта қарау, түбіне үңіліп баяндау, тарихи құрылымға мұқият зер сала отырып астарына үңілу бүгінгі қазақ қоғамы үшін екінші орынға қойылмайтын мәселе. Өйткені ұлттық бірегейлік қалыптастыру, ортақ идеология, ортақ мақсат, ортақ арман сынды ұлтты тұтастандыратын идеялар тудыру үшін сана түкпірінде жатқан жарақаттардан айығу керек. Біз мұнда физикалық жарақат емес, рухани және менталды жарақат хақында сөз етіп отырмыз. Себебі отаршылдық, құлдық, саяси қуғын-сүргін секілді ұлттың менталды жанына түскен залардарды «жарақат» теориясы жақсы айшықтап бере алады.

Аталмыш терминнен байқағанымыздай, бұл түсінік постотарлық зерттеулермен тығыз байланысты. Өйткені ұлттық деңгейдегі трагедиялар халықтың менталды жанына үлкен жарақаттар салады. Мәселен, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлеуметтануда және әдебиетте «жоғалған буын» сынды ұрпақтың қалыптасуы жарақаттың тек жеке индивидті қана емес, тұтастай ұлтты шарпи алатынын дәлелдеді. Отарлық езгі күшейгенде (мұнда алғашқы қағтығыстарды айтып отырмыз) отар елдің бойын күйректік сезімі билейді (XIX ғасырдың бірінші жартысында, Қазақ тарихында хандық билік құрып, алғашқы қақтығыстар орын алғанда «Зар заман ақындары» деп атау алған ақындар шоғыры қалыптасты. Ресей патшалығының отарлық езгісінің салдарынан қоғамдық жүйе өзгеріп, алғашқы адам шығыны, құнарлы жерлерді тартып алу сынды оқиғалар салдарынан «ақыр заман орнады», «күнің батты», «ұлт құрыды» деген секілді күйректікке ұрындыратын сөздер шығармаларда көптеп кездесе бастады. Бұл күйректік ауаны Құрманғазының «Кісенашқан», «Кішкентай» сынды күйлерінде, Біржан салдың «Жанбота», «Теміртас» әндерінде, Жаяу мұса, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Мәди сынды сал-серілердің ресей патшалығының қуғын-сүргіне ұшырағанда шығарған әндерінен анық байқалады). Демек аталмыш отарлық езгі тек жеке адамдарға емес, тұтас ұлттың менталды жанына, ұлттық санасына әсер еткен алапат жарақаттар саналады. Осы бір «тарихи жарақаттар» әлеуметтік және психологиялық зерттеулер арқылы шешімін табуға тиіс. 

Жоғарыда мысал келтіріп баяндаған Д.Әшімханұлының «Жынды жел» әңгімесі дәл осы жазылмаған жарақаттардың салдарынан туған шығарма болуы мүмкін. Әрі Кеңес үкіметі тұсында Батысты құбыжық ету үдерісі жүргендіктен, дәл осы ұғым дәстүрлі қазақ руханиятын қалпына келтіруге тырысқан дәстүршіл топтың санасына орнығып қалуы кәдік. Сонымен қатар, тәуелсіздіктен кейінгі исламдану үдерісінің енуі батыстан келер үрейді артырып жіберді. Осы бір отарлық үрей (тәуелсіздік алған соң, сыртқы күштерге жалтақтап қарау, қайта отарға айналудан үрейлену комплексі) батыстану үрдісінен жеруінуге алып келді. Дәл осы үрдіс 2000-жылдардың бас кезінде жүрген постмодернге қатысты дау-дамайлардың түпкі себебін айқындаса керек. Постотарлық зертеулерді дұрыс бағытта жүргізу арқылы және ұлттың «менін» іздеуде отар болған кезеңдерде туған вакумды толтыруда ұлттық құндылықтарды фундаменталистік догмаларға айналдырып алмау аса маңызды. Өйткені отарлық езгінің тудырған жарақаттарын дұрыс жазбау, ұлттық құндылықтардың заманауи әлемдік құндылықтардан оқшауланып қалуына сеп болуы ықтимал.

...жалғасы бар.

Нұрдәулет Омарбек

жазушы


Оқи отырыңыз: Нұрдәулет Омарбек. Рахат Әлішердің «Үздіксіз әуез» әңгімесі хақында

Нұрдәулет Омарбек. Досхан Жылқыбай және симулякр

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...