Әдебиет пен өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның отырысы жайынд...
Дәулет Жадырасын. Тәржімалап өңіме түс әлемін
8239
Бүгін жұма. Демек дәл бүгін Дәулет Жадырасынның жан жадыратар жақсы, "Иманы бар, имамы жоқ" өлеңдерін оқитын уақыт. Мархабат! *** Екеуміз, Уақыт шеңберінен шығып, Шетсіз, шексіз кеңістікке еніп кетсек қой, Құдай әлі жаратып үлгермеген, Тап-таза әлемге. Тәнімізді Жерге қалдырып, Ілкідегі Жан күйіне өтіп, Көлеңкесіз кеңістіктің ең биік нүктесінен, Құдайдың құдіретін тамашалап, жаратылыстар жайлы аңыздар мен ежелгі кітаптар айтып бере алмайтын Ғажайыпқа куә болайықшы, екеуміз. Нанымдар мен сенімдер пайда болмаған, саналмаған, өлшенбеген тап-таза әлемнің жаңа тұрғындарын қарсы алайық сосын. Күлімдеп қарсы алайық! Санақ Ішім пысып, өткен түн, болашаққа қарадым: Жер бетінде қалудың себептерін санадым, Жебеу етіп жаныңа, Жер бетінде қаларлық, Ондай себеп аз екен, саусақпенен санарлық. Ішім күйіп, содан соң, тағы ойланып қарадым: Жер бетінен кетудің себептерін санадым. Жер бетінен кетуге табылады қанша мұң? Санамадым, санауға жетпей қалды саусағым... *** Жан-жағым - жасыл, ақ, көк, қызыл, қара, қоңыр, Түсініксіз түстерге де боянғандар небір, Ұрандарын құлағыма құйғысы келеді жан ұшыра айқайға басып, Бейне бір Холи мерекесіндей өтіп жатқан өмір. Жылай-жылай кіршігі жоқ көлге айналса жасым! Кіршіксіз көл айнадайын көрсетер ме еді, расын?! Иә, біздікі мөлдірліктен ада қалған ғасыр... Сол сәт, қолына ебедейсіз қалам ұстаған дарынсыздау бала, айғыз-айғыз бояй берді ақ парақты жаңа. Айғыз-айғыз ақ парақтай шырматылған мың ой - мұныңыздан не шығады, Құдай? *** Мөлдірлігі таңдағы тұңғыш нұрдан, Жауыздың да жанына жыр құштырған. Қайдан менің аруым шығады екен, Қара шашқа сап-сары гүл қыстырған. Жақындады, білемін, білінеді, Жүрегімді қытықтап жылы демі. Суы да оны сылдырлап Бұлақтардың, Бақтардың да былдырлап тілі де оны, жалықпастан айтады, шаршамастан, құлағыма сыбырлап алшақ Аспан. Қанша шайыр жырлады бұрын оны, Бұрын оған жазылды қанша дастан? Сол сәт туса бақытым еселенген, Ақ жейдемді жолына төсер ем мен. Неше жерден от шашу жарқыраса, Бетховеннің сазы ойнап көшелерден! Тәржімалап өңіме түс әлемін, Меңгеремін содан соң құс өнерін. Мұғжизамды оятып неше жылғы, Қанатсыз-ақ қалықтап ұшар едім. Адамзатта болмаған алабөтен, Жанарыңа қадалып қарап өтем. Қарашығың мөлдіреп қарағанда, Қанша ісімнен ұялып қалады екем. Болады екен содан соң жазам қанша, Сен күте тұр түйсігім тазарғанша, саған арнап бір өлең ең кіршіксіз, ең бейкүнә жүрекпен жаза алғанша. Жүрші Жарығы жоқ шамдардан, Негізі жоқ заңдардан. Жалықтың ба, жалғызым, Жылуы жоқ жандардан. Жыламайтын жақтарға, Құламайтын жақтарға. Аттанайық екеуміз, Әлем кірпік қаққанда. Мейірімсіз жанардан, Еркіндік жоқ қамалдан. Жан жылуы жоғалған, Қара басқан қоғамнан. Күндемейтін жақтарға, Үндемейтін жақтарға. Аттанайық екеуміз, Әлем ұйықтап жатқанда. Жүрші, жүрші соңымнан, Сәуле-нұрдан соғылған, Бір ғайыпқа кетейікші, Ұста қолымнан! Күлімдеші, қайғырмай, Қанат қақшы жай тұрмай. Құс Жолынан адасайық, Табылмайтындай. Әуесханның жауабы Жазы дауыл, күзі дауыл, Көшкен құмы бұйралы жақ. Біздің ауыл - қызық ауыл, Иманы бар, имамы жоқ. Мешіті бар, атағы ірі, қол бастаған қабырғалы, бар қазақтың баһадүрі, Жанқожаның атындағы. Мұндай мешіт таптырмайды! Мақтансам ба, арлансам ба? Келген молда көп тұрмайды, Көшпелі елден болған соң ба? Биік күмбез, есік бүтін, Қойған әрлеп, жарын бояп. Молдасы жоқ мешіт бүгін, Жолдасы жоқ арудай-ақ. Қала жақтың молдалары, Болғаннан соң "жалдамалы". "Күні жақын" қариялар, Мәселені қолға алады. Сенім жоқ деп бұл ажалға, Молда іздеуге бекініпті. Кезекті бір құдажолда, Әуекеңе өтініпті: "Тиген сенің үлесің көп, Мешітке көп кіресің деп, Фатиха мен Ықыластан, Басқа сүре білесің деп". Қабылдар деп бұл "бақытты", Қарап тұрды сенгендер көп. Сонда Әуекең тіл қатыпты: "Маған сеніп өлмеңдер" деп. Split personality Барар жерін білмейтін жүргінші едім, Бір күн күдік жеңеді бір күн сенім. Ұрттап-ұрттап аламын, О, сол шақта, Жапырағы жұлынған гүлдің шерін. Көкжиекте ақырғы шұғылаға, Ұқсаймын да басымды бұғып алам. Әлдебіреу күрсініп, шылымының Қызыл шоғын үрлейді құбыладан. Қадам бассаң қарсы алар қақпан оқыс, Іңір келді, ібіліс шаттана түс! Көп бояумен әрлеген көңіл-күйім, Ақшам туса қайтадан - ақ-қара түс. Көшелерден іздеймін көңілді ырғақ, Сағат тілі барады өмірді ұрлап. Қоштасу да қоштасу көз ашқалы, Әне, тағы біреу тұр қолын бұлғап. Ойлар, ойлар қоршады оянғалы, Құр сүлдерім сол баққа аяңдады. Көз жасыммен суарам шөбін, гүлін, Мұңлы әуенді жаңғыртып қоям-дағы. Сосын кері қайтады құр сүлдерім, - Жо-жоқ, мен жыламадым, күрсінбедім деймін де, домбыраға салып қоям, Жан мұңын, жүрегімнің дүрсілдерін. Қайта ішімнен оянып бұрынғы адам, Айтып отыр екенмін ыңылдап ән. Мен - Гүлмін, жапырағы жұлынбаған, Құдайым, не болды екен бүгін маған...?
madeniportal.kz