Біз білетін Бекен Қайратұлы – ақпарат аламанында бәйгенің алдын бермес ақтаңгер журналистердің...
Танымал журналист Бейсен Құранбек туралы жаңа кітап жарық көрді
Қазақ журналистикасында жарқырап, талайға ұстаз-аға болған Бейсен Құранбектің кітабы жарық көрді. Жинаққа телесөзгердің басылым беттерінде жарияланған мақала-репортаждары мен сұхбаттары, ой-толғамдары топтастырылған.
Бейсен Құранбек. Бұл есім иісі қазақтың көкейінде жатталып, көңілін толғайды. Қалың көрерменге «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы кең танылған журналистің өмірден өткеніне жылдан асты. Әріптес-бауырлары мен шәкірттері құрастырған «Парасат биігі» ендігіде өз оқырманын Бейсен Абайұлының еңбегімен таныстырмақ. Бейсен Құранбекті жұрт «Айтуға оңай», «Қарекет» секілді әлеуметтік ток-шоулардан тележурналист ретінде ғана біледі. Оның алдында президент пулында істеген, жаңалықтар қызметінде істеген. Оған дейін бұл кісі спорт газетінде, «Жас Алашта» спорт журналисі боп еңбек жолын бастаған. Мына кітапқа сол кездегі тырнақалды мақалалары, спорт репортаждарын қостық, – деді кітаптың құрастырушысы Есболат Айдабосын.
Кітаптың тұсаукесері Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өтті. Әркімнің өз Бейсені бар. Қоршауда қалғандарды қарекет етуге шақырып, қараңғы бөлменің есігін табуға көмектескен аяулы аға туралы естелік айтылды, шер тарқатылды. Жиналған жұрт «Өмірде парасат биігін көрсеткен Бейсен Құранбектің бұл кітабы өскелең ұрпаққа мол мұра» дейді.
Уақытқа қарай, сәл беделі түсіп тұрған саланың жарқ етуіне, өз жолына түсіп, танылып кетуінде Бейсен ағаның қолтаңбасы бар. Бейсен ағаның аяулы алақаны бар. «Шетелге барғысы келгендер, Ғазизаның кітапханасына барыңдар» деп қалжыңдайтын, – деді Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапхана меңгерушісі Ғазиза Құдайберген.
Айта кетейік, «Парасат биігі» 500 дана болып жарыққа шығып отыр. Оқырман қауым кітапты өзі қалаған бағада сатып алып, қайырымды іске үлес қоса алады. Ал жинақтың жарыққа шығуына Бейсен Абайұлының әріптестері мен шәкірттері, жанашыр замандастары мен Алматы облысының әкімдігі атсалысқан.