Басё. Мацуо Басё. Хайку поэтикалық жанрының қалыптасуында маңызды рөл атқарған жапон ақыны. Оның қал...
Гүлжан Амангелдіқызы. Әттең...
(әңгіме)
-Шіркін, ол келіп: «Мен сені сүйемін десе ғой!».
Шара өз қиялына елтігендей көзін жұмды. Кенет есіне бір нәрсе түскендей атып тұрды да, қасындағы құрбысына жалт қарады.
– Бақыт деген не?
– Сүйгенің сенен басқа адамға назар аудармай не айтсаң, соны орындаса – сол бақыт.
– Ха,ха,ха...
Терезе алдында сыртқа көз салып, алысқа қарап, ойға батқан Айгүл екі құрбысының пәлсапасына еріксіз мырс етті. «Егер бақыт деген ұғымды осымен өлшесек, онда бақытқа жету онша қиын емес екен.»Ұры иттей санасына мысқылдай кірген сайтан ой «ал сен ше?» деді. Кеуде тұсы удай ашыды. Ол тіпті ішкі ойымен бетпе-бет келуге де дәрменсіз еді. Бірақ қанша қашса да шындықтан құтыла алмасын біледі. Ақыры жараның аузы ашылды.Қотырға айналған жараның бетін тырнаса, орны дызылдап ашитын еді ғой. Өзіне қойылған сұрақ бұның жүрегін дәл солай ауыртты. «Бақыт» деген ұғымның өзінің еншісіне бұйырмағанын білсе де, әлдебір үміттен дәмелі еді. Мейлі Алла адам баласын қалай жаратса да, жүрегіндегі үміт отын өшіруге ешкімнің қақысы жоқ еді...
Шындық қандай ашты болса да, оны мойындауға тура келетін кездер болады. Сондықтан да дәл қазір ол өзінің бақытсыз жан екенін іштей мойындады. Өйткені... Өмірге шыр етіп, жарық дүниенің есігін ашқанда бақытсыздықты еншісіне байлап ала келген.
Бұл-ергежейлі. Сол үшін де бұны ешкім сүймейді. Қасындағы бөлмелес екі құрбысы да көзқарастарымен осыны түсіндірген. Яғни, нағыз бақытсыз адам. Мұңаюға табылып тұрған себеп. Бірақ бұл мұңаймайды. Өзіне аянышпен қарайтын адамдардың қатігез жанарларынан... өліп кеткен жүрегі.
Осы сәт ауыр ойдан құтқарғысы келгендей бөлменің бір бұрышында тұратын телефон безілдей жөнелді. Сонда барып, бөлмеде өзінен басқа адам қалмай қалғанын білді. Екі құрбысы бұған ескертпей (бәлкім ескерткен шығар) шығып кеткен екен.
– Әлеу...
– Бұл- «Адам» іздеп жүрген адам ғой.
Таным түйсігі пендеуи ойлардан жоғары тұратын осы адаммен сөйлессе сансыратқан ойлардан бір сәт жеңілденіп қалатыны бар.
– Қателестіңіз. Ол адамыңыз мен емес. Сау болыңыз...
– Өлердей жек көріп отырғаныңызға қарағанда уақытсыз уақытта мазаңызды алдым-ау деймін.
Бұл үнсіз қалды. Көмейіне кесек бір нәрсе келіп тығылды да, не ары өтпей, не бері өтпей тұрып қалды. Мезгілі жетіп, әбден қордаланып қалған нәрсенің көп күттірмейтіні бар. Тығылып тұрған көз жасы моншақ болып төгіле жөнелді.
– Сіз жылап отырсыз ба?
Ішкі сезімін, жан толқынысын көзбен көрмесе де сезетін осы адамға таңы бар.
– Жоқ.
– Жоқ? Мен білсем, сіз жылап отырсыз. Мұңаймаңыз. Дәрменсіздігін сезінген сәтте адам баласының бәрі жылайды. Ал, сіз күліңіз. Өйткені, сізді көңілсіздіктен құтқаратын мына пақырыңыз болады. Бүгін сағат 5-те орталық бақта сізді күтемін. Кешікпеңіз. Менің сізді көргім келеді.
«Көргім келеді» деген сөз қыз санасында жаңғырып тұрып алды. Қалай көрінбек? Түр-сымбатын көрген сәтте ол қандай күйде болады? Жарты жыл бойы сөйлесіп, алдап келгенін білсе, теріс айналмай ма? Сансыз сауал миының «қабырғасын» соғып жатты.
Жоқ, болмайды. Сырттай болмысына, жан-дүниесіне ғашық жігітті көру жоқ бұған. Қандай өкінішті! Алғаш рет қорланды. Лағнет айтты. Өкпеледі. Кімге? Неге? Белгісіз. Бірақ жүрегінде мұңның ізі қалып қойды.
Көп ойлану, күрсінуден кейін бәрібір барды. Бақтың елеусіздеу тұрған арқалы орындығына барып отырды. Әне ол келді. Қолында бір шоқ гүлі бар. Жан-жағына сабырсыздана қарайды. Жүзіне барлай қарағысы келген. Бірақ, көре алмады. Сыртқы сұлбасынан-ақ көрініп тұр сымбатты екені. Бәсе, өзі де білген тегін адам емес екенін.
Жүрегі бұрай ауырды. Көзінен өкініштің, мұңның мөлдір тамшылары үзіліп түсіп жатты. Өлгісі келді.
Кенет... Жаңағы бейне бұған, иә, иә, дәл бұған қарсы аяңдады. Күтпеген еді. Тыпыр ете алмай қалды.
– Сәлеметсіз бе? Тесіле қарады. Танитын адам сияқты. Әлде... шынымен сезді ме екен?
Қыз жүрегі тарсылдай жөнелді. Аспан айналып жерге түсіп, жер бетіндегі тіршіліктің тоқтап қалуын тіледі. Сонда мына келеңсіздіктен құтылар еді.
– Кешіріңіз, мен бір адамды күтіп тұр едім. Бәлкім, мен келгенше... ол кетіп қалмады ма екен? Сіз... сіз бұл жерде көптен отыр ма едіңіз? Өмірінде бұлай абдырамас. «Уф» деп демін бір-ақ алды.
Байқайды. Бұл да басқа адамдардай аяушылықпен қарады. Еті үйреніп кеткенімен, мына көзқарас өңменіне қадалды. Одан да су қараңғы неге болмады екен?
Тіл жақтан айрылғандай оның барлық сұрақтарына үнсіз басын шайқай берді. Кетіп бара жатып, ол бірдеңесін ұмытқан адамша кілт бұрылды да, қайта келіп, қолындағы гүлін бұған ұсынды. «Мына гүл сізге»...
Сөйтті де гүл мен қызды иен баққа қалдырып, көз ұшында ұзап бара жатты. Батып бара жатқан күнмен таласа шыққан қыздың «әттең-ай...» деген өкініш, нала мұңға толы күрсінісне ағаштар да үн қосқандай, бақтың іші күңіреніп кетті.
Әттең...