"Генералы песчаных карьеров"Бұрын да айтылатын, қазір де айтылып жүр: көркем әдебиеттегі с...
Әлібек Байбол. Бас изететін шындықпен суарылған
Сөз жазушы Нұрдәулет Ақыштың 2019 жылы жарық көрген «Махаббатпен арашалау» прозалық кітабы турасында. Бұл жинаққа «Махаббатпен арашалау», «Сыйлашы жұлдыздарын жанарыңның», «Зары өткен перзент», «Сотталуға дайындық», «Шала ұйқылы саудагер», «Байлар кварталында», «Үнсіз қоштасу», «Қалмақтан қашқан Қыстаубай», «Махаббаттың хрусталь шаңырағы», «Соңғы сынақ», «Амалсыз байыған момақан», «Сұлу үшін сабалған», «Қазақи қалау» тәрізді әңгімелер мен «Нағиманың тағдыры», «Рақымсыз көктем», «Шалғайдағы шаруа қожалығы», «Ақтаудан Алматыға дейін» секілді әңгіме-хикаяттар еніпті. Шағын мақалада бұлардың барлығына талдау жасау мүмкін емес.
Сондықтан да мен өз ойымды осылардың ішінен «Сұлу үшін сабалған» және «Сотталуға дайындық» деп аталатын екі-ақ туындының төңірегінде өрбітпекпін. Бұлар өзі бір қарағанда күлкілі ситуацияға құрылғаныменен, өкініш өрті өзегіңді өртейтін әділетсіздік хақындағы шығармалар.
Қабылхан – «құлағы қалқиған әлжуаздау сары жігіт», «ғұмырын қағаз-қаламмен тығыз байланыстырған, конспектісін қопарыстырып, ноутбугын арқалап, оқу сорып тастаған саяқ» студент, ешкімде шатағы жоқ момақан жан, тұзы жеңілдеу жігіт. «Саяси экономия» пәнінен өзіндік жұмысына дайындалып, ғылыми-практикалық конференцияда жасайтын баяндамасын аяқтап тастауды көздеп, жатақхананың бірінші қабаттағы бөлмесінде жападан-жалғыз отырған-ды. Кенет соғыс басталып кеткендей айнала тасыр-тұсыр, даңғыр-дұңғыр, тарс-тұрс ете қалады. «Алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қараса, терезенің қарама қарсы бетіндегі ақ қабырғада алақанның үлкендігіндей қоңыр дақ пайда болыпты». «Гүжілдеген әлденелер тарсылдап, гүжілдеген айбарлы үндер айқындала түсті.
Амалсыз құлақтарын алақандарынан босатқандай болды. Сол кезде барып еміс-еміс естігендері:
– Қайда? Қайда?
– Бар ма екен?..
– Көрсетші өзін көзімізге, – сияқты қоқан-лоққы көрсетіп, сес білдірген айбарлы қатқыл дауыстар».
Сөйтсе терезе арқылы төтеннен басып кірген бұзақылар Қабылханның курстасы әрі бөлмелесі Әлімбекті іздеп келіпті. Көздеріне көрінсе, жүндей түтіп, сабап тастамақ екен. Бірақ, ол жоқ болғаннан кейін, тиісерге қара таба алмай жүрген тентектердің көзіне түскен – құлағы қалқиған жалғыз студент. Шикіл сары Дубик бастаған қарулылар оны есінен тандыра соққыға жығып кетеді.
Сондағы сылтаулары – «Ақыры Әлімбекпен бірге тұрады екен ғой. Ең құрығанда осыны сабап кетейік». Бұзық жігіттердің басшысы, жатақхананы маңайлап жүретін жалпақ бетті Қабылхан танитын боп шықты. Соққы қатты батса керек, нақақтан-нақақ таяқ жеген жігіт дәрігерлік пунктке көрінуге мәжбүр.
Тегінде, әңгіменің төркіні талайдан бері жігіттердің көз құрты боп жүрген Ақжан сұлуда жатыр екен. Факультет студенттері арасында мінсіз ару саналатын бұл қыз ел ойлағандай онша тәртіпті емес көрінеді. Бұған мына деталь дәлел:
«Бірақ, бір күні кешкісін осы Ақжанмен екі кештің арасындағы апас-қапас уақытта ұшырасып қалған. Қыз жалғыз емес екен, әлдеқандай жалпақ бетті, төртпақтау жігіттің құшағында тұр. Талықсып, тамылжып тұр десе, артық айтқандық та болуы мүмкін. Сол бір ұнамсыздау сабазбен қол ұстасып тұрғанын кейін де байқаған. Өзі куә болған жайтты Әлімбекке айтсам қайтеді деп неше рет оқталды да. Сосын «Сөз тасығандай болмайын, өздері шеше жатар менсіз-ақ» деген ойға бекініп, отыз тісіне де бекітіп қойған».
Қабылханның еркек ретіндегі, адам ретіндегі ерлігі – «жігіттердің арасындағы сұлтаны, он екі мүшесі үйлесе біткен алпамса денелі, қоңқақтау мұрынды, қияқ мұртты» Әлімбекке жұрт жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрген қыздың бөтен біреудің құшағынан көргендігін тісінен шығармауы еді. Әлжуаз болғанына қарамастан, білімді, ойлы, сыр сақтай білетін ұстамды мінезі осы жігіттің бейнесін биіктетіп тұр.
Ал, Әлімбек болса Қабылхан курстасын кімнің сабағанын біледі: «Кувалда ғой матфактағы. Ақжанға ғашық мырқымбайлардың біреуі. Мен оны отшивать етіп, осы сұлуды тартып алдым емес пе». Жазушы Ғалымжан мен Әлімбек арасындағы диалог арқылы екіншісінің құлықсыздығын, адамгершіліктен алыстау әрі енжар жан екенін көрсетеді. Автор кейіпкерлер табиғатын ашу үшін, шығарма шынайылығын күшейту үшін «урод», «зараза», «дурак», «перестань», «тип», «давай» сияқты орыс сөздерін орынды қолданады.
Қайтадан оқып шыққан кезде байқағаным – осы «Сұлу үшін сабалған» атты шағын әңгіменің айтары көп. Бір қарағанда жай қызықты оқиғаға құрылатын сияқты көрінгенімен, бұл арада қалам ұшына ілініп отырған – пәтуасыз қоғамды жайлаған немкеттілік, адамгершілік пен махаббат сезімдеріне деген түсініктердің алшақтап бара жатуы, иманды жандардың көбірек қиянат көретіндігі. Өзіміз кейде куә боп қалатын кереғар көріністер.
Қаламгер «Сотталуға дайындықты» 2012 жылы жазыпты. «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүрген уақытымда осы газетте жарық көргені әлі күнге есімде. Сондағы алған әсерімді де ұмыта алмаймын.
Көңілді өтіп жатқан туған күн кешін әлдеқандай телефон шылдыры бұзып жібереді. Дағды бойынша тұтқаны үй иесі алып, біреумен ұзақтау сөйлеседі.
« – Немене, Ереке? Жайшылық па? – деді шеттеу отырған Нығметжан деген досы.
– Жайшылық қой. Осы адамдардың адамгершілігі жоғына таң қалам.
– Не болып еді? Бір түрлі абыржып тұрсың ғой өзі? Біз көмектесе алатын шаруа ма? – деп, Нығметжан да денесімен бұрыла қарады.
– Бірдемелерді қайтар деп жатыр ғой әлгі. Қайтарып-ақ бере салсаңшы құрғырды, – деді тағы бір қонақ. Өзгелердің де бұрыла қарасқандары – үй иесінің томпақтау шырайлы жүзі. Бәрінің көзінде де «Не болды екен?» деген әуестік нышаны».
Жазушы бұл тұста лирикалық шегіністі қолданады. Оқырман бар жай-жапсарды өз аузынан естиді. Жасы қырықтар шамасындағы бір әжімді еркек баласын қысқы сессиядан өткізу үшін Ертайға «блат» береді. Сондағысы: бір қап картошка, трико және қаяз балық. Халық тарыққан сонау бір сүреңсіз жылдардың шынайы көрінісі. Осы персонаждың: «Арба да майсыз жүрмейді ғой» деген сүйікті мақалы бар, соны үнемі қайталап жүреді. Ерекеңнің айтар уәжі тастай: « – Блат алу дегенді мен ойлап шығарған жоқпын. Бұрыннан келе жатқан нәрсе».
Араға уақыт салып, әлгі әжімді еркек университетке қайта келіпті. Баласы қысқы сессиядан өткенімен де, тағы бір пәннен сүрініп, стипендияға іліне алмай қалған-ды. Енді баласы сессиядан өтпей қалғаннан кейін әлгі әжімді еркек берген «блатын» қайтаруды талап етіп отыр.
Мұндай келеңсіздікті факультет профсоюзындағы орыс әйел біліп қойып, артынша жиналысқа да салыпты. Ертайдың болмысы қызық әрі әділеттілік туралы пайымы бөлекше кісі екендігін жазушы нанымды штирхтар арқылы бейнелеген. Өйткені, осы уақиғаға куә Нығметжанның ойынша «Біреулер алған параларының жымын білдірмеуші еді, мына Ертай жер-жаһанға жариялап жүреді екен».
Келесі күні Нығметжан Ертайдың үйіне келеді. Мақсаты – досының парақорлықтан жиіркендіріп, жанашырлықпен ақыл айту, жаман әдетінен тию, пәле-жаладан сақтандыру. Сөйтсе, өзі күнде көріп жүрген Ертайының адамгершілік туралы түсінігі мүлде басқаша болып шықты. Оның ойынша, мүмкіндігі бола тұрып пара алмайтындар – барып тұрған ақымақтар.
Дегенмен, ең қызығы бұл емес:
«Ертайдың Нығметжанды ертіп келгені – жеке үйдің бүйіріндегі бір кішкене бөлме. Іші ескіше жабдықталған. Сонау совет заманының шиқылдақ кереуеті, диваны мен стол-орындықтары. Ертай әлгі көне кереуеттің астына еңкейе берді де, лып еткізіп бір затты суырып алды. Бұл күнде антиквариатқа айналып кеткен валетка деп аталатын шағын шабадан екен. Соны кереуеттің үстіне қойды да, екі ілгегін бірдей сырт еткізіп басып қалды. Жуылып, үтіктеліп қойылған ер адамның іш киімдері. Өзінен бір жағымды әтір иісі аңқиды.
– Бұл не сонда? – деді ештеңенің байыбына бара алмай, дағдарып қалған Нығметжан.
– Түсінбедің бе? Бұл валетка ғой. Қазір мұндайды ешкім ұстамайды, айтшы.
– Көріп тұрмын валетка екенін. Сонда мынау кімнің киімдері?
– Өзің ойлашы. Жаңағы мені көрсетіп жүргендер ақыры мені ұстап берді делік. Бір түнде милиция келеді де, мені машиналарына отырғызып алып, түрмеге қарай ала жөнеледі делік.
– Тек, ойбай, ондайды айтпа.
– Сол кезде, – деді Ертай сабырлы қалпын бұзбастан, сөзін әрі қарай сабақтап. – Мен осы валетканы аламын да, милицияға ілесіп кете беремін».
Туындының идеялық өзегі, ядросы – осында.
Осы уақиғадан соң, бірер жылдан кейін Кеңес одағы күйреп, ел егемендік алады. Досының жағымсыз қылықтарын байқап, суынып та үлгерген Нығметжан одан бойын аулақ салып, жоламай кеткен екен.
Алайда, екеуі ойламаған жерден бір жиында кезігіп қалады. Сол сәттегі Ертайдың портреті: «Баяғы томпақтау келген етті бетінің ұшына дейін әжім жүгіріп, үлкен қой көздерінің жалыны да бәсеңсіп қалыпты». Зейнетке шығатын мезет те алыс емес. Ал, валеткасы сол күйі сақтаулы, тек ішіндегі заттарын көк тартатындықтан ара-тұра жаңалап тұрады екен. «Блатын» әлі алып жүрсе де, бұ күнге дейін заңнан, милициядан – дін-аман.
Бір жағынан әпенделеу, ал екінші жағынан өз есебіне мықты осы бір жанның болмысын шағын әңгімеде жазушы қиыннан қиыстырып сәтті ашыпты. «Сотталуға дайындық» – әзіл-қалжыңы қалың, тіршіліктегі біраз шындықтан хабар беретін және үлкен ауқыммен алғанда елеусіз қылығымен-ақ айналасын сескендіретін персонаж туралы шығарма. Өйткені «блат» шіркін дендеп тұрған айнымалы қоғамның ащы көрінісі еріксіз бас изетеді.
Біз осы екі әңгімемен танысып шыққаннан кейін, шеберлік деген ұғыммен бетпе бет келеміз. Жазушының құпиясы неде екендігін білгім келіп, қайта оқып шыққанымды да айтқым келеді. Сонда сезгендей болдым. Бірақ, ол құпияның не екенін толықтай жайып салғым келмей отыр...
Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
жазушы-драматург, әдебиеттанушы.