Шәрбану Бейсенова. Мизамшуақ

ӘДЕБИЕТ
4282

Шәрбану БейсеноваАқжамал бүгін өзін ерекше сергек сезінгені: тап бір қолтығының астына қанат байлап, қалықтап ұшып жүргендей. Мұндай күйді, сірә, ол көптен бастан кешпеген тәрізді. Таң құланиектеніп атар-атпастан бері талай істің басын қайырып-ақ тастады. Келіні мен баласын оятып алмайын дегендей аяғының ұшымен лыпып басып жүріп, екі үлкен немересін тұрғызып, алдап-сулап киіндіріп, ертеңгілік астарын ың-шыңсыз ішкізіп, үйден алып шығып кетті. Үлкенін жолдың қарсы бетіндегі мектеп ауласына кіргізіп жіберіп, екіншісін орталықтағы балабақшаға апарып келді. Бұл оның күнделікті істеп жүрген тірлігі, бірақ бүгін осының бәрін өзгеше құлшыныспен, жігерленіп атқарып жүр.

Таңғы ұйқы тәтті ғой. Оны өз басынан біледі. Жас уақытта ұйқысы бір қанбаушы еді. Ерте тұрып, кеш жататын. Сонда ол: «Шіркін-ай, алаңсыз бір ұйықтайтын күн болар ма? Ұйқысы қанып тұратын адамның арманы бар ма екен?» деп ойлаушы еді. Сол ұйқылары бүгінде іс-түзсіз қайда кеткені белгісіз, енді жамбасына тас батқандай дөңбекшіп, түні бойы көз іліндіре алмайтын кездері болады.

«Жас қой, ұйықтай тұрсыншы» деп келінін ертеңгісін оятқысы келмейді-ақ. Балажан неме, өбектеп өзі ғой тұрып алатын. Кеше кешке түн ортасына дейін күйбеңдеп жүріп алып еді, бүгін тұруға шамасы келмеді білем.

Балаларды апарып тастап келіп, ашытып қойған қамыры көтерілген екен, күн жұма болған соң жеті шелпек пісіріп, аруақтарға бағыштап дұға оқыды. Бала мен келінге ыстық бауырсақпен шайларып беріп, қызметтеріне шығарып салды. Сол екі арада кішкентай немересіне қарайтын күтуші әйел де келіп кірді. Баланы соған беріп, өзі асықпай баптанып, сыланып таранды, жеңілдеп боянды, қатты жарасатын әдемі көйлегін тауып киді. Кейінгі кезде жүріп-тұруға ыңғайлы көріп, үнемі шалбармен жүретін болған. Бүгін бір көйлек кигісі келгені. Сосын қолына әдемі сумкасын ұстап, «Дастархан» дүкеніне тартты.

Келіннің айтуына қарағанда, қаладағы ең дәмді торттар осы дүкенде ғана болатын көрінеді. Сол рас па, жоқ па, өз көзімен көріп қайтпақ. Бүгін ортаншы немересі – Толғанайдың туған күні. Сол шалдуар қара тентегінің мерекесіне тәтті-дәмді базарлық, жеміс-жидек алып, бақшаға апарып бермекші болып шыққан беті. Түсте тәрбиеші тәтейлері тобында туған күнін атап өтпекші. Заманына сай үрдіс те! Келіні мен баласының мұндайға мұршалары мүлде жоқ, мұрындарынан шаншылып жүргендері үнемі.

- Апасы, өзің реттейсің ғой, − деп бұған қарай ысыра салатын әдеттері. Ақжамал ондайға шаршаған ба? Қайта құлшына түсіп:

- Жарықтарым-ау, мен тұрғанда несіне алаңдайсыңдар. Қызметтеріңе сөз келмесін, жұмыстарыңды істей берсеңдерші, - деп, мектебіне де, бақшасына да, ондағы толып жатқан жиналыстарына да баруды өз міндетіне жүктеп алғалы қашан?

Бозала таңнан бері зыр қағып, қапылып жүргенде аузынан «тәубасы» бір түскен жоқ. «Ырыс алды – қыз» деген. Осы жалбыр шаш, жаман немерелерді бергеніңе мың да бір шүкір! «Тәуба, тәуба, тәуба», - дейді күбірлей. «Құдайға тәуба» − оның аузынан түспейтін сөзі. Ақжамалға немерелерінің бәрі де ыстық. Нұрсәулесін «Қамыққан көңілімді жұбатқан, сүйсем мейірімді қандырған. Көзімді ашып көргенім, аузымды ашып сүйгенім, төлбасым» деп айналып, толғанса, Толғанайды – «Мырза Құдай жомарттықпен атасына ұқсатып бере салған» деп ерекше емірене жақсы көреді. Томпаңдаған кішкентай ғана тәмпіш мұрын қара қызының кескін-келбеті атасынан аумайтын. Қыл аяғы – саусақтарына дейін, қолымен көзін, аузын сүрткендегі қимылына шекті ұқсайтын. «Алла Тағаланың шеберлігінде шек жоқ қой» деп ойлайды Ақжамал. «Әйтпесе, Секен өмірден озғаннан кейін сегіз-тоғыз жылдан соң туған немересінің қимыл-қозғалысына дейін атасынан аумай тұрса, Құдайдың құдіреті емей, немене?!» Жатқан жері жарық болғыр, қайран Секені қыз баланы қатты жақсы көруші еді ғой. Өздерінде қыз болмады, туысқандарының қыздарын өбектеп, өліп қала жаздайтын. Енді міне, Секеннің сол тілеуінде, Құдай келінінің етегінен жарылқап, қыз сүйіп отырғанына шүкір.

Әр немересі туған сайын Ақжамал жүрегі жарыла қуанатын, кей кезде осы сәтті Секен көрмеді-ау деп өкінетін шақтары да бар. Сөйтсе де жанын жеген мұңын іште тұншықтырып, арқа-жарқа қуанышқа ерік беретін де өкшесі жерге ана тұстан бір, мына тұстан бір тиіп базар мен перзентхананың арасын жол қылып, құйындатып, жас босанған келініне сорпа-су тасып, шапқылап жүргені. Қыз түгіл, қызыл жүнге зар болып жүргендер аз ба? Өйтпегенде, Құдай, Аруаққа шет болармын деп қорқатын. Кішкентай Ардағының жөні тіпті бөлек. Сүт аңқыған бөбегінің иісі жұпар, былдырлаған тілі – балдан тәтті. Құртақандай болып-ақ, екі әпкесіне әмірін жүргізгенге бапандай, айтқанын істетпей қоймайды.

Бірде Ақжамал Нұрсәулеге:

- Жөнсіз еркелегенді қашан қоясың? Құдайдың жоғын сұрайсың да жүресің. Әжептәуір үлкен қыз болып қалдың, ақылың қашан кірер екен осы сенің? – деп кейісе, келіні Айжан күліп:

- Апасы-ау, құртақандай Ардағың өзінің құқын талап етіп, жер тепкілегенде, мұнікі енді жөн емес пе? – деп жатыр.

 Иә-ау десеңші. Әрқайсысының қылығы – әр басқа. Осылардың қызығын қызықтап, қуаныштарын қуаныштау – оның қазіргі тірлігінің бар мәніне айналғандай. Бұған да – тәуба!!! Ақжамал енді Тәңірден бауырынан өрген ұрпағының жапырақ жайып, желі тартқан бақытын ұзағынан сүйіндіруге нәсіп етуді тілейді...

Ақжамал жұмысының бір жерден біткеніне қуанды. Келінінің айтқаны рас екен. Тәтті-дәмді дегенің бұл арада молшылық көрінеді. Сөрелері қайысып-ақ тұр. Ол «Дастарханның» ең бір әдемі тортын таңдап алды. Қазір табиғат көктен алтын шуағын аяусыз төккен сарыала күздің бас кезі. Жемістің қандайы керек – самсап тұр. Алматының өзінде өсетіні бар, оңтүстік өңірден әкеліп, үйіп-төгіп қойғаны бар, көздің жауын алардай. Ақжамал уылжып піскен будан шиеден, баданадай-баданадай шабдалыдан қалағанынша салдырып алды. Базарға барып жүргенше деп, ет бөліміне соғып, түрілген семіз қазы мен бір кесек жаяны да осы арадан ала салғанды жөн көрді. Сөйтіп, ол қоржынын да, көңілін де тоғайтып, көшеге шықты.

Қолындағы осыншама заттарымен енді автобус, троллейбусқа отыру қиындау шығар. Аялдамаға бармастан тұрған жерінде жеңіл көлік ұстауға оқталды. Көп күткен де жоқ, қол көтергені сол еді, тайпалған ақ сұр машина көлденеңдей келіп, аддына тұра қалғаны.

- Абай даңғылы мен Сейфуллин көшесінің қиылысына дейін апарып тастамас па едіңіз? – деп өтінді ол, машинаның ашық терезесінен жүргізушімен сәлемдескен соң.

- Әлбетте, неге болмасын?! - деп, лып ете қалған жүргізуші машинадан шығып келіп, мұның қолындағы заттарын алып, артқы орынға жайғастырып, алдыңғы орынға өзін қолтығынан демеп отырғызғаны. Ақжамал ойланып қалды. «Бұл мені танып, әдейі тоқтады-ау, шамасы» деп түйген ол көзінің қиығымен қарап еді, бұрын-соңды көрмеген адамы сияқты. Мейлі, апарып тастаса болды ғой, оның кім екенінде менің шаруам қанша деп қойды ішінен.

Біраз жүргеннен кейін:

- Сіздей сұлу келіншек қол көтеріп тұрған соң, оны-мұны заттарыңызды көріп, апарып тастайыншы деп, әдейі бұрылдым, - дейді жігіт ағасы жасындағы шашын қырау шалған, сыптай киінген сырбаз жүргізуші шыны болса да, жалған айтса да ағынан жарылған түр танытып. Ақжамал қол сөмкесін тізесіне қойып, қары талған қолын уақалап отыр еді, қапелінде сасып қалды.

- А – а! Сұлу келіншек дегеніңіз мен бе? Алла разы болсын, ендеше. Жасартып, «келіншек» деп, көңілімді өсіріп тастадыңыз ғой, - деп күліп, әзілдей жауап қатты.

- Нағыз хан орталықта тұрады екенсіз ғой.

- Е-е-е, ағасы, сіз бізді үйге бара жатыр деп ойлап отыр екенсіз ғой. Жоқ, балабақшаға бара жатыр едім. Сейфуулин көшесі мен бұрылып, сәл көтерілсеңіз, жолдың қарама-қарсы бетінде «Болашақ» деген үлкен бақша бар. Сол араға жеткізіп тастасаңыз болар еді.

Жүргізуші де бір сөйлеп қалған кісі екен, оны-мұнының басын шалып отырып, ә дегенше бақшаның тұсына да келіп қалыпты.

- Жолды кесіп өтіп жүресіз бе? Одан да мен айналып келейін, - деп, Сәтбаев көшесіне дейін көтеріліп, бағдаршамның тұсынан бұрылып келіп, балабақшаның дәл есігінің алдына тоқтады.

Шын риза болған Ақжамал алғысын жаудырды.

- Базарлығыңыз мол екен, бір той бар-ау мұнда?

- Иә, қызымның туған күні еді. Беске толды. Соған әкеле жатқаным ғой, - деді. Үйге алған заттарын салған сөмкесі де ауыр еді, соны ойлаған Ақжамал «Осы көлікпен үйге дейін бірақ жетіп алсам, қандай жақсы болар еді» деп отырған. Оның үстіне, баласының түскі асқа келетін уақыты да таяп қалды-ау. Келінінің жұмыс орны қашықтау, жолын қиынсынған ол үзіліске келмейтін, баласының кеңсесі таяу жерде, содан болар, түсте мұның шәйін ішпесе көңілі көншімейтіндей, үнемі үйге келетін, үйкүшік неме. Әкесі де сондай еді.  Диеталық асханадан түстігін ішіп, жол-жөнекей үйге соғып, мұның бір-екі кесе шәйін ішіп кетпесе, асы батпайтындай көрінетін. Е-е-е, өткен күнде белгі жоқ деген осы екен-ау!

Ақжамал батылсыздау:

- «Сый қылсаң, сыпыра қыл» делегендей, мен мұнда көп айналмаспын, кіремін де мыналарды беріп, кері шығамын, күте тұрмас па екенсіз? – деді қиыла.

- Неге болмасын? Бірақ ұзаққа кетпессіз. Уақыт қымбат дегендей, - деп қойды.

Ақжамал түсіне қалды.

- Күтіп тұрған уақытыңыздың ақысын жемеспін, - деп, оны-мұнысын көтеріп, лыпып басып бақшаның кең ауласына еніп кетті. Ақысын төлермін дегенде жүргізуші мырс етіп, миығынан күлгендей көрінді.

Ақжамал әкелген заттарын тәрбиеші қызға өткізіп, жемістердің жуылмағанын ескертіп, балалармен қызу ойнап отырған томпиған тентегін сыртынан көріп, «Атасынан аумай қалған кішкене күнім менің» - деп еміренген бойы тысқа беттеді. Дәл осы сәтте, ойына алған ісі тәмамдалған жанның әдетіндей, көңілінің бір марқайып қалған шағы еді. Әлдебір қуаныштың хабаршысындай жүрегі құрғыр да елегізіп, өрекпи соғады. Бүгін бір ерекше күн болды деп қойды іштей. Мына машина да оңынан ұшыраса кетті. Адамға өзін жақсы сезіну үшін көп нәрсе керек емес екен-ау!

Ақжамал қазір өзін төрт құбыласы сай адамдай сезінді. Бірақ, бұл – бір сәттік қана сезім еді. Өйткені, тіршілікте оның жаны жабырқау тартып жүретін кезі де аз емес-ті.

Осы бақшаның ауласы да бұған қатты ұнайды. Бұл өзі заманның бір жайбарақат кезінде кең, молынан салынған ғимарат болса керек. Айналасы – ат шаптырым. Ағаштың неше атасы, гүлдің небір түрлері егілген. Көкке бой созған қарағай-шыршасы – көз сүйсіндіреді. Нағыз қызқарағайлар.

Кешке жақын Толғанайды алуға келген кездері асықпаған күні оны аулағы еркін жіберіп, Ақжамалдың өзі қарағайдың қасындағы орындыққа отырып, дем алатыны бар. Сонда күні бойғы шаршағаны демде тарап, бойы жеңілдеп сала беретіндей көрінетін. Аула әдеттегісіндей гүл жайнап, құлпырып, көз тартады. Қыркүйектің жаймашуақ тамылжыған күні бүгін шуағын аяусыз-ақ төгіп тұрғандай. Төңірек сағым нұрға бөленіп, ақ сары сәулеге шомылғандай. Тотияйындай зеңгір көк аспан таза жуалған кірдей өңі ашылып, биіктеп кеткендей. Үлбіреген жібек орамалдай ақша бұлттар әр жерде бір қалықтап, жеңіл сырғиды.

Машинаға қарай келе жатып Ақжамал табиғат пен адам жаны қандай егіз еді деп топшылады. Неше күнгі жаңбырдан кейін шәйдай ашылған күнмен бірге мұның да басынан сақинасы тарқап, қан қысымы орнына түскен түрі бар. Көңілі жадырап, бойы сергіп, бейне көкірегі ән салып тұрғандай – қунақ.

«Бүгін бір жақсы күн екен» деді тағы да өзіне-өзі. «Жасаған ием, тамылжыған осы күннің нұр-шуағын көрсеткеніңе мың да бір тәуба», - деп күбірледі.

Ақжамал бақша ауласынан шығып, машинаға қарай асыға басты. Жүргізуші сыртта темекі тартып тұр екен. Бұл жақындаған кезде темекісінің тұқылын қоқыс жәшігіне апарытп тастап, алдыңғы есікті ашып, Ақжамалды тағы да қолтығынан демеп отырғызды. Ақжамалдың бұл көптен көрмеген құрметі еді. Содан қолайсызданғандай қызарып кетті білем, екі беті ысып жүре берді. Жүргізуші келіп, өз орнына жайланып отырған соң бұған күле қарап:

- Ал, не бұйырасыз? Қалай қарай жүреміз? – деп сұрады. Ақжамал баратын жерін айтты. Машина қайтадан Абай даңғылына шығып, шығысқа қарай заулады. Оңға қарай бұрылып, тауға көтерілетін үлкен көшеге түспекші еді, оларды жол қызметкерлері еріксіз тоқтатқаны. Әзірше, жоғары қарай жол жабық көрінеді.

- Иә, анда-санда жабылып қалатын біздің көшенің осындай бір әдеті бар.

- Кеше теледидардан Мысыр елінің падишахы келеді деген еді. Сол қаланы аралап жүрген болды ғой.

- Қап-ай... – Ақжамал қыпылықтап, қысыла бастады. – Мен сіздің басыңызға бір әуре болдым ба? Әлгіндегі күттіріп қойғаным аздай, тағы тұратын түріміз бар.

- Оқасы жоқ. Мен бір тал шылым шеккенше кірдіңіз де шықтыңыз ғой. Уайымдамаңыз, мен сізді көшеге тастап кетпеймін. Бұл көше жабық болса, басқа жол табамыз.

Машина төмен құлдилап, одан оңға бұрылып Салтанат сарайының артына орай, үлкен даңғылмен қапталдас кішілеу көшеге түсіп, жоғары өрледі.

Бұл көшені Ақжамал да білетін. Бірақ, көптен жүрмеген екен. Бұрын көшенің екі жағы ауласында жеміс мәуелеп тұратын бақтары бар кілең жатаған үйлер секілді еді. Енді қараса, иін тірескен, бірінен бірі өткен кілең екі-үш қабатты сәнді коттедждер бой түзепті. Ақжамал «ойпырым-ай, мына көшенің келбеті қалай өзгеріп кеткен?» деп қайран қалды. Иін тіресіп, ұмсына салынғандары соншалық – онсыз да енсіздеу көше одан сайын тарылып кеткендей. Бұрынғы мәуелі бақтардың жұрнағы да жоқ, қаптаған үйлер. Осындай сәнмен қатар түзеген үйлерді Алмания, Мажарстан еліне сапар шеккенде көрген еді. Сондағы көргендерінен айырғысыз-ақ. Ол жан-жағына қарап, таңданысын жасыра алмай:

- Мына көшенің адам танымастай өзгеріп кеткені-ай! Тіпті басқа қалада келе жатқандаймын. Мына үйлер қашан пайда болған? – деп, таң-тамаша болды.

- Е, несіне таңғаласыз? Заман өзгерді, заманына сай адамдар шықты. Дөрекілеу естілсе, алдын ала кешірім өтінемін: бұрын «Қазақ байыса – қатын алады, өзбек байыса – үй салады» деуші еді ғой, ол мақалдың бүгінде күні өткен. Қазір қазақтар байыса, өзбекті жалдап, үй салдыратын болған. Қыбын тапқандар «Өзімдікі дегенде – өгіз қара күшім бар, өзгенікі дегенде анау-мынау ісім бар» дегенді дәлелдеп беріп жатыр ғой. – Ол мұны тіпті Ақжамалға да емес, өзіне-өзі айтып отырғандай болып көрінді.

- Болса, болар, - деді де қойды Ақжамал. Қазір оның есіне Секен екеуінің осы арамен талай жүргендері, жас уақытта осы көшемен жаяу «Арман» кинотеатрына киноға келетіндері түскен еді. Айтты не, айтпады не, көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай дүние болған соң... Қазір ойлап отырса, ол тіпті баяғыда, лезде өте шыққан елестей ғайып болған күндері екен. Өмірден Секен атты адам өткенін де ешкім білмейтіндей. Ол тек Ақжамалға ғана аян.

Машина жайымен баяу сырғып келеді. Ақжамалдың терең ойға кеткенін байқаған жүргізуші, оның көңілін бөліп:

- Змандас, жаңағы бақшадағы қызыңыздан басқа балалар да бар шығар? – деді әдейі, сөзге тартып.

- Үш қызым бар. Бақшадағы ортаншым.

- Жақсы екен. Дегенмен, бір атұстар керек-ау.

- Қызын берген жомарт Құдай ұлын да берер...

- Иә, қартайып тұрған жоқсыз, жастықтың соңында бір қайырмасы болмаушы ма еді? – деді жүргізуші күліп.

Мұны естігенде Ақжамалдың көзі шарасынан шығып кетті:

- Сіз, сіз мына менен үміт етіп отырсыз ба? – дегенді кекештеніп, бөліп-бөліп әрең айтты. Сосын ал келіп күлсін. Көптен бұлай күлмеген шығар-ау. Көзінен жас аққанша күліп алған соң көңілі ашылып, қол орамалымен көзінің жасын сүртіп, әрең басылғаны. Жүргізуші оның жүзіне жылы ұшырай, зер сала қарап, қалыпты. Қарасында Ақжамалдың күлкісін әбес көруден гөрі, қайта күле түссе екен дегендей үнсіз тілек бар секілді. Әлгіндегі мұңданған жүзі лезде жадырап, бұлттан шыққан күндей күлімдейді. Ол «бір ауыз қатқыл сөзді көңіліне дық алатын, оның есесіне шын жүректен шыққан бір ауыз жылы сөзге баладай жұбанатын кірпияз да сезімтал жан боларсың?» деп шамалап отырғандай. Күлгені де сондай әдемі көрінді. Әйелге күліп жүрген қандай жарасымды! Өзінің күлкісін оғаштау болды ма деп қысылған Ақжамал:

- Немерелерімді айтқаным ғой. Ой-бу-у, Құдай-ай, енді қайтейін, сіз маған ұл таптыра жаздадыңыз ғой, - деп жүргізушінің жүзіне мойын бұрып, алғаш рет көз тоқатып күле қарады.

- Қызым деген соң қайдан білейін?.. Қайдан білейін?.. Қазіргі қыздар оқу деп, тоқу деп ерге кеш шығады. Баланы кеш көтереді. Сондайлардың бірі ме деп қалғаным ғой, - деп енді ол сасқалақтады. 

- Туайын десем де туа алмаймын. Күйеусіз бала туған әйелді көріп пе едіңіз? – деп Ақжамал тағы да күлді. Бұл сөздің еркінен тыс аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды.

- Отағасыңыз қайда?

- Ол кісі бізді тастап кетіп қалған. – Дүниеден ертерек озғанына Секеннің өзі кінәлідей-ақ Ақжамалдың оған деген өкпесі ұшан-теңіз. «Орта жолда тастап кеттің» деп оны іштей жазғырып алатын. Қазір де оны дүниеден озған деп айтуға аузы бармады. Олай десе, мына адам оған мүсіркей қарайтындай көрінді. Көңілін аулау үшін әлденелерді қиыстырып айтуға мәжбүр болады. Ақжамалдың одан кейін жасып қалары сөзсіз. Ол өзінің жан жарасын сырт көзге білдіргісі келмейді-ақ. Одан да күйеуінен ажырасқан көп әйелдің бірі деп ойласа, ойлай берсін... Кім ажыраспай жатыр бүгінде?..

- Жақсы әйелден еркек кетуші ме еді, тәйірі. Оның бір себебі болған-дағы...

- Алды-артына қарайламай, бір түнде ғайып болғанына қарағанда біздің жақсы әйел бола алмағанымыздағы... – Әзілдің арты тұңғиық мұңға айналды.

- Е, солай деңіз...

Жүргізуші оның көңілінің пәс болып қалғанын сезіп, бір жылы сөз тауып айтқысы келді:

- Дегенмен, мен кісі танысам, сіз де бекер адам емес тәріздісіз.

Ақжамалдың жүзіндегі кіреукеленген көлеңке аз-кем серпілгендей, езуіне күлкі үйіріліп, жымиғандай болды.

- Мұнымен не айтқыңыз келді?

- Сіз жақсы келіншек тәріздісіз дегенім ғой.

- Япырым-ай, бір көргеннен оны қайдан біле қойдыңыз екен? – деді Ақжамал, жүзінде әлгі мұңайыстың ізі де жоқ ашық-жарқын үнмен.

- Қалжың түсінетініңіз маған ұнап отыр. Қазір жұрт қалжың көтермейді, қалжыңдаса білмейді. Бір нәрсе десең, «- Ну и что?.. Подумаешь...» - деп қарап отырады.

- Е, қалжыңның түбін түсіретін небір от ауызды, орақ тілді келіншектер бар ғой, кісесіне кездеспей жүрсіздағы».

- Маған сіздің сыпайы әзіліңіз майдай жағып барады. Әдемі күлкіңіз, әсем көркіңіз артық-кемі, қосып-алары жоқ үйлесім тапқан. Табиғат тал бойыңызға жарастырып-ақ берген екен. Көзіміз көріп отыр ғой, «товар на виду» дейтін бе еді?

- Сіз бізді тіпті тауарға теңеп тастадыңыз-ау! Осы жасыма дейін талай мақтау сөз естіп едім, бірақ бұрын ешкім мені тауарға теңемепті, - деп, сыңғырлай күліп ала жөнелді. Ол өз атына айтылған тосын теңеуге шынымен рахаттанып күліп алды.

- Сөздің реті де...

Ақжамал күлкісін тыйып «осы мені бүгін қандай сайтан иектеп отыр?» деп өзін іштей сөгіп қойды. Соншама күлгені несі?

Алайда, Ақжамалдың осы бір көрген бейтаныс адамға деген бір сенімі іштей көңіліне берік орныққандай. Ол мына жігіт ағасы жасындағы тоқталған жанның өзіне деген ықыласының шынайылығын, ағынан жарылып айтып отырғанын әлдебір әйелдік түйсікпен ұғынды. Содан жүрегі шым ете қалды. Бойынан жағымды толқын жүгіріп өткендей.

Бұл кезде машина Көктөбеге баратын көлденең көшеге тіреле тоқтаған болатын. Бұл арада да бірталай машина жиналып қалыпты. Соған қарағанда жол әлі ашылмаған сияқты. Мұны көргенде Ақжамал абыржып қалды.

- Әлі көп тұрар ма екенбіз? Сіздің уақытыңызды алып, әуреге салып қойдым ба? Мына сөмкем болмаса, жаяу да кете берер едім...

- Ол не дегеніңіз! Мен тіпті ешқайда асығып отырғаным жоқ. Маған салса, осы жол бүгін ашылмаса да өкінетін жайым жоқ.

Қол созым жердегі Көктөбеге көз тастап, өз ойымен өзі болып отырған Ақжамал оның сөзінің астарына мән де бермеді. Ол енді бұдан көп жылдар бұрынғы көңіл түкпірінде көмулі жатқан көріністерді парақтап отырғандай күйде еді. Қайран, Көктөбе! Бұл да Секен екеуінің жас уақыттарында көп қыдырған жерлерінің бірі ғой. Көзге жылы ұшырап, жастық шақтың есте қалған елестеріне бастап барады. Ол қайтқалы бұл жаққа да аяқ баспапты ғой. Қалай өзгеріп кеткен десеңші!?

Айналасындағы өзгерісті ол бүгін көріп, таңырқай қарады.

Жотаның қия беткейінен төбесіне дейін үй салып тастапты... Секен екеуінің балаларды ертіп жотаға бір жолы жаяу көтерілгендері есіне түсіп отыр. Кіші баласының бес-алтылардағы кезі сияқты. Жаз уақыты болатын. Әкесі мен үлкен баласы алға озыңқырап кетті. Тік беткейге көтерілгенде бұл алқынып қалып, ақырын жүріп келе жатқан. Кіші баласы ұзай алмай, бұған қарайлай берді. Сосын ағаштың жуандау бір бұтағын тауып алып, бір ұшын өзі ұстап, бір ұшын бұған ұстатып, тіркесіп жүрді. Ана көңілі баласын демеп, бала көңілі анасын сүйреп, таудың басына дейін бірге жүріп отырды. Тағдырдың жазуы-ай! Әкесі мен үлкен баласынан сондағы адасқаны адасқан екен. Содан бері кіші баласы ғой мұны әлі күнге сүйеп, сүйреп келе жатқан...

Ақжамал тұнжырап, енді қайтып Көктөбеге қарамауға тырысып, жүзін оңға бұрып, ашық тұрған машина әйнегінен гүрілдей ағып жатқан өзенге қарады. Басын қар суынан алатын кіші Алматы бүгін арындап-ақ жатыр екен. Буырқанған өзеннің гүрілін тыңдап отырудың өзі мың да бір ем көрінеді. Ақжамал есіне түскен көріністерді қайта ойға алмауға күш салып, судың шуылына құлақ тосты. Таудан екпіндей, бұлқына аққан мол су қойтастарға соғылып, көбік шашып, кемерінен асып төгілердей жағалауға дейін лықсып келіп, кейін шегінеді. Гүрілдеген осы жойқын үнді тыңдап отыра берсе ғой. Еш жалықпас еді. Ол жеңіл күрсініп қойды.

 Әлгінде ғана ашық-жарқын отырған келіншек неліктен тұнжырай қалғанын жүргізуші ұғына алмады. Оның көкірегінде тау өзеніндей ағыны қатты бір өкініш, бір үміт – алапат сезімдердің кемерінен асардай, жағалауға лықсып келіп, кейін серпілген толқындардың арпалысындай күйді кешіп отырғанын ол қайдан білсін? Қырық қабат әйел жанының ұңғыл-шұңғылына кім бойлап көрген? Әйтеуір, тегін жан емес екені анық.

Ол қалай да Ақжамалды сөзге тартып сөйлеткісі келеді. Тұңғиық ой құшағынан шығарып алудың амалын іздеді. Төгіліп күлсе екен дейді. Қалай күлдірерін білмеді. Ол Ақжамалдың мысықтың баласындай сүйкімді сөмкесінің үстіне қойып отырған сол қолын алып, алақанына салып, уысында бір сәт ұстап отырды, сосын бір қолымен аялай сипап:

- Саусақтарыңыз қандай әдемі, - деді. Осы әрекетім қандай әсер етті дегендей, бұның жүзіне бағдарлай көз тастады.

Өз ойымен өзі болып отырған Ақжамал абдырап, қапелімде аузына сөз түспей, не дерін білмей қалды. Жас қыздардай шошаң етіп қолын тартып ала қоюды да жөнсіз көрді.

- От пен суға кезек түсіп, ыстық пен суықтықты қатар көріп келе жатқан, күтімі аз қол ғой бұл. Оның несі әдемі болыпты, - деді жайлап қолын босатып алып жатып, байсалды үнмен.

- Табиғатында бір бекзаттық бар бәйбішенің берекелі, қажырлы қолы сияқты...

- Рахмет, - деді ол өз қолына зер сала қарап. Әрине, тырнағын қырнап, бояп қойса, бұдан да сәнді көрінер ме еді, бірақ бір үйдің майлық-сулығы өзі болып жүретін бұның әдетінде ондай дағды жас кезінен жоқ-ты, ал, саусақтарының өнерлі жандарға лайық біткен сүйріктей салалы екені рас. Бұның тарапынан пәлендей қарсылық болмағаннан кейін білем, жүргізуші оның қолын тағы аялай сипап қойды.

- Ақырында сіз бізге қырындайын дедіңіз-ау, - деді Ақжамал сәл тосылыңқырап барып, қабақ шыта, салқын үнмен.

- Қолымнан алды деп ренжімеңіз. Бір нәрсеге өкпелеген жандай теріс қарап отырып алдыңыз. Сізге томсырайған жараспайды екен. Ой тұңғиығына батып кетпесін деп, қолыңыздан тартып шығарып алайын дегенім ғой. – Ер адамның сөзі орнықты шықты. Әрі бұның көңіл толқынысын қалт жібермей, қапысыз бақылап отырғанын Ақжамал сонда білді. Қысылып, ыңғайсызданып қалды.

- Мына судың ағысына құлақ түріп отырғаным еді ғой, - деді жалтара.

- Ал, қырындады десеңіз – деңіз. Сіз қырындауға тұрарлықтай келіншек емессіз бе? Әлде мен қырындауға жарайтындай жігіт емеспін бе? Оның несі айып, болса да басыңыз бос екен, неден қысыласыз? – деп, Ақжамалдың жүзіне сұраулы кейіппен қарады. Ақжамал болмашы езу тартты.

- Ғайыптан-тайып, қасыма періштедей бір сұлу келіншекті, Құдай айдап отырғызса, жолды бөгеп, оңаша әңгімелесіңдер деп тұйыққа тіреп қойса, қырындамауымның өзі күнә ғой...

- Немере баққан кемпірлеу келіншек десеңізші.

- Е-е! Сізді Құдай кемпірлікке жеткізсін. Бірақ сізге кемпірліктің ауылы әлі алыстау секілді. Өзңізді тым ерте қатардан шығарып тастауға асықпасаңызшы, - деп біраз күліп алды да, бұның құлағына тақала даусын бәсеңдетіп: - Әлі барталай шаруаға жарайтын түріңіз бар көрінеді; - деді.

Алдында жатқан сөмкесінің бауын саусағына орап ширатып отырған Ақжамал оған жүзін бұрып қарамаған күйі:

- Ол қандай шаруа екен, білсек болмас па? – деді тұншыға күліп. Жүргізуші келіншектің көңілі көтеріліп, қабағы ашылғанын сезіп, көңілденіп қалды. Сол кезде алдарындағы машиналар легі жылжи бастады. Осы лекпен олар да орындарынан қозғалып, оңға бұрылып, даңғыраған көшемен үлкен даңғылға қарай зымырады.

- А... Қап, әлі біраз тұрғанда, оны айтуға болар еді, - деді жүргізуші жорта өкінгендей.

Даңғылды кесіп өтіп, аула-аулалардың арасымен тағы бірталай жүріп, Ақжамал үйіне де жетті-ау. Үйінің тұсына келгенде жүргізушіге ризашылыққа толы жанарымен жалт етіп бір қарап, алғысын білдірді, ақысын төлеуге сөмкесін аша беріп еді, ол үлкен алақанымен бұның қолының сыртынан қапсыра қысып, сөмкесін қайта жапқызды.

- Мен кісі тасып, тиын-тебен тауып жүрген жан емес едім.

- Қап! Ұят болды ғой, соншама уақытыңызды алып, жолыңыздан қалдырдым...

- Несін жасырайын, бағана сізді «Дастарханның» алдында алғаш көргенде бір құрдас жігіттің келіншегіне қатты ұқсатып, сол екен деп бұрылып барғаным рас.

«Е-е-е, бәсе» ойлады Ақжамал.

- Бұрылып барып тұрып, өзіңіздей мөлдіреген келіншектің көзін қиып тастап кетуді өзіме мін санадым. Сіздің тіпті сол құрдастың келіншегі болмай шыққаныыңызға шын қуанып отырмын.

- Оның несіне қуанасыз?

- Жаңа таныс таптым дегендей. Менен олжалы адам жоқ. қарсы болмасаңыз, танысып қоярлық, - деп қолын ұсынды.

- Ақжамал.

- Атыңыз қандай әдемі.

- Әйтеуір, менің мақтауымды әбден келістірдіңіз.

- Шынын айтсам, сізбен жүрген осы аралықта өзім қатты дем алып қалдым. Сізден бір жағымды леп есетіндей. Аураңыз таза екен. Сіздің жаныңызда отырып-ақ қарадай көңілім көтеріліп келеді.

- Тү-у, бір көрген әйелдің бәріне осылай деп айта бересіз бе? – Ақжамал мұны қалжыңсыз, шын абыржып айтты.

- Менің жасымда, менің жағдайымда артық-ауыс сөйлеу, әрине, келісімсіз, бірақ айтатындай адамы кез келді-ау деп айтып отырғаным, - деді ол байсалды үнмен.

Ақжамал тағы бір қайтара алғысын айтып, машинадан түсуге ыңғайланды.

- Ақжәкесі, сәл отыра тұрыңызшы.

 Ақжамал селк ете түсті. Секені ғана осылай «Ақжәкесі» деп еркелетіп, аялай айтушы еді ғой. Ол абдырап, отырып қалды. Бұл тосыннан кезіккен осы бір жанның өзіне деген ықыласын қалай қабылдарын білмеді. Жүргеі тағы солқ етіп, бордай егіліп барады. Енді аз отырса, бейтаныс жанның алдында сыр беріп алармын дегендей, бойын тез жинап, түсуге ыңғайланды.

- Мынау менің телефондарым, көлік керек болған кезде хабарласып тұрыңыз, - деп, төс қалтасынан алып, тілдей қағаз ұсынды.

Ақжамал визиткадағы ірі әріппен жазылған аты-жөнін оқыды да одан кейінгі ұбаған-шұбаған көп майда жазуларды оқи алмады. Көзілдіріксіз көруі қиын. Көзілдірігін тауып, оқып жатуды қолайсыз көріп, визитканы сөмкесіне салып қойды.

- Алла разы болсын. Көлікке көп зәрулігім жоқ, - деді сыпайы.

- Дегенмен де, мынау азық-түлігіңіз аз күнде таусылмай ма? Сонда базарға бармайсыз ба?

Ақжамалдың езуіне күлкі үйірілді.

- Базарға көлікпен барған ұнап қалып, үнемі машина сұрап, мазаңызды алсам қайтер едіңіз? – деді Ақжамал жарқын үнмен оның жүзіне еркелей, наздана көз тастап.

- Шіркін-ай, мені сондай жағдайға жеткізсеңіз арман бар ма? Бар машақатыңызға көніп, боз жорғаны есігіңіздің алдына байлап қойып, босағаңызды күзетер едім-ау!

- Паһ, паһ! Қандай мәрттік?! Осы сөзіңізге шын нанып қалсам, өзіме қиын болады-ау...

- Бірақ, бірақ, шын көңіліңізді бермей, күлкіңізбен ғана алдап отырсыз ғой... Тым болмаса, үміттеніп жүрейін, өтірік те болса, «Жарайды, телефон соғамын», - дей салыңызшы.

- ?!

Жүргізуші машинадан шығып, айналып келіп, алдыңғы есікті ашып, Ақжамалды қолтығынан алып, түсуіне көмектесті. Артқы орындағы заттарын шығарып:

- Жеткізіп берейін, - деді.

- Рахмет, өзім-ақ көтеремін ғой.

- Тым болмаса, есіктің аузына дейін апаруға рұқсат етіңізші.

- Үнемі көтерісіп жүрмегеннен кейін, бір жолғы көмек не болар дейсіз? – деді Ақжамал тағы тілінен қағынып. Айтарын айтып алып, тілін тістей қойды. Ол осылай іштей ойлаған еді, сол ойының еркінен тыс аузынан шығып кеткені. Ол өзінің осы сөзімен екеуара енді ғана тартыла бастаған достықтың нәзік жібін үзіп алғанын кеш сезді.

- Түсіндік, - деді мұның сөмкесін көтерісіп, подъездің есігіне таяп қалған жүргізуші жымиып, - Түпкілікті болмаған соң, былайғы нәрсені қайтейін дейсіз ғой. Жөн-ақ...

Ақжамал подъезд есігінің код түймелерін басып ашып:

- Рахмет, жақсылығыңыз Алладан қайтсын, - деп сөмкесін оның қолынан алып, ішке еніп кетті.

Үйге кірісімен ас бөлмеге өтіп, әкелгендерін жайғастырды. Баласы түске асқа келіп кеткенге ұқсайды. Оны үстелдің үстіндегі сол бойы жиналмай қалған ыдыстарынан көріп тұр. Ардағын аулаға ойнатуға алып кеткен болу керек, күтуші келіншек те үйде жоқ.

Ол демде киімін ауыстырып, білегін сыбанып жіберіп, үй шаруасына кірісіп кетті. Алақандай ас үйді айнадай жарқыратты. Қолы-қолына жұқпай лыпылдап жүріп, тамақ асатын үлкендеу ыдысын шығарып, ішін шайып, су құйып, отқа қойды. Әлгінде әкелген жас етке тоңазытқыштың түкпіріне салып тастаған сүрі етінен қосып, «Бисмиллаһ-ир, рахман-ир рахим! Балаларымның қуаныш, қызығына бұйыртып жегізе гөр. Алла, асыма береке бере гөр, ырыздық-несібемізді ортайта көрме», - деп күбірлеп, қазанға ас салды. Осының бәрін жымиып қойып, әлде неге риза көңілмен істеп жүргенін өзі аңғарар емес. «Осы мен сезімсіз жанды роботқа айналып кеткен жоқпын ба?» деп ойлайтын шақтары да болатын. Неге көңілі селт етіп, сергімейтінін түсінбейді. Жоқ, роботқа айналмапты. Әйелдік менмендігі, әйелдік сезімтал табиғаты әлі сөнбепті. Ол бүгін соны ұқты. Соны ұққанда көңілінің түкпірінде жаңа бір талпыныстың бас көтергенін сезді. Әр нәрсеге құштар көңіл құлшынып-ақ тұр...

Тек осының жақсылық екенін де, не жамандық екенін де Ақжамал ажыратып ұға алмай, жүрегін үрей биледі. Ол жеңіл жуынып-шайынып, өз бөлмесіне өтіп, бетін құбылаға беріп, жұмсақ креслоға тізе бүгіп, өзімен-өзі болып, біраз отырды. Сосын, Тәңірге жалбарына бастады: «Әстағфирулаһе уә әтубу иләйһ» - деп бастап ұзақ-ұзақ дұға оқыды, тілеу тіледі. «Пендесіне мейір шапағаты шексіз Жаратқан ием, менің біліп істеген, білмей істеген, тілімнен жазықты болған күнәларымды Өзің кешіре гөр. Ашық күнде адастыра көрме. Оң жолына бастай гөр. Ей, Алла! Менің ұятты жерлерімді өзің бекіт, менің жүрегімді қорқыныштан ада ет. Ей, Алла! Мені алды-артымнан, оң жақ сол жағымнан, төбемнен де Өзің сақта! Өз нәпсімнің кесірінен бір пәлеге ұшыраудан, шайтанның азғыруынан сақта, Сенің ғана ұлылығыңа сыйынамын», - деп, өзі үшін Алладан жарылқау тілеген соң, әдеттегісіндей: «Жаппар Алла, Жалғыз Құдай, баламды қолдай гөр, баламның бағын аша гөр, жалғыздың жары Құдай дегендей, пәле-жаладан өзің қорғап, жолын оңғара гөр, соның жаманатын көрсете көрме», - деп Тәңірден баласына тілеу тілеумен жалбарынуын аяқтап, «Аллаһу акбарын» айтып, бетін сипады.

Осылай ішкі сезімдерін тәртіпке келтіргендей, бойындағы үрейден, әр түрлі бөгде ойлардан арылғандай, орнынан сымдай тартылып, ширақ тұрып, ас үйге беттеді. Бүлк-бүлк қайнай бастаған еттің көбігін алып, астының отын баяулатып, сағатқа қарап қойды. Балалары жұмыстан келгенше пісіп қалатын түрі бар. Сол екі арада келіні телефон соғып, Толғанайды өзі ала келетінін айтты. «Тіпті жақсы».

Ақжамал мектептен Нұрсәулені алып келуге жинала бастады. Оның сабағы баяғыда біткен. Бүгін қосымша сурет студиясына қалатын күні еді. Жаман қызы ала қағазды шимайлауға әуес. Талабын Аллам қолдасын дейді. Ақжамал есік бекітейін деп сөмкеден кілтін ала бергенде қолына бағанағы тілдей қағаз ілікті. Ол көз әйнегін тауып киіп, енді асықпай оқи бастады: ... ғылымдарының докторы, профессор, академик,... лауреаты деген, бағана көзі көрмеген көп лауазымдарын оқып, қатты ұялып қалды. Ол өзінің күнде академиктің машинасына мініп жүргендей-ақ, мән бермегендей болғанына бір қысылса, мынау бір салиқалы адам екен ғой, оның алдында тәлпіштеніп әптер-тәптер сөйлегенім парықсыздау болды-ау деп екі ұялып, қатты өкінді. Өкінгенмен орнына келер ме?!

Бәсе, сөз саптауы мен өзін ұстауында зиялылықтың табы бар ерекше тәрбиелі жан екенін сезгендей еді-ау. Марқұм анасының жиі айтатын: «Тегін адам таз болушы ма еді?» деген мақалы есіне түсті. «Е, тегін адам академик болатын ба еді!» деп қойды. Бірақ, көңіл шіркін әлденеге елегізіп, әлдебір үміт елес беріп, әлдебір өкініш жанын аяусыз тырнап өткендей. Өкінді, не, өкінбеді не, қас-қағым сәттік сезім, өтті-кетті дүние... Басқаның басындағы, өз маңдайыңа жазылмаған баққа қол созғанмен болар ма?! Жолдарының енді тоғыспасы анық... Ол визитканы ескі қағаздар жатқан жәшікке тастай салды...

... Осыдан кейін Ақжамал көшеден машина ұстағанда алдыңғы орындығына отырмайтын болды.

author

Шәрбану Бейсенова

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...