Оңтүстік астананың танымал өнер ордасы Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар...
Салиха Қожақова: «Жақсылармен бірге жүрудің өзі – қуаныш»
Белгілі сахнагер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театр актрисасы Салиха ҚОЖАҚОВА ұлттық театр өнерінің аға буынындағы ерекше бір талант иесі, өзі де, өнері де өмірдің өзіндей табиғи актриса. Бұл буынды тұнып тұрған тарих десе болады. 80 жастың сеңгіріне шыққан сахна қайраткерін мәртебелі мерейтойымен құттықтай отырып, адами да шығармашылық көп қуаныш, мықты денсаулық тілейміз. Назарларыңызға белгілі сыншы, мәдени сарапшы Әлия БӨПЕЖАНОВАНЫҢ актрисамен сұхбатын ұсынамыз.
- Салиха апа, мерейлі жас – сексенге келдіңіз. М.Әуезов театры жанындағы екі жылдық студияда оқыған уақытыңызды есептемегеннің өзінде қара шаңырақта өнер көрсетіп келе жатқаныңызға алпыс жылдан асыпты. Бұл уақыт ішінде үлкен өмір-өнер тарихын бастан өткердіңіз.
- Мен өзі актриса боламын деп ойлаған адам емеспін. Өмір жолым атақты М.Әуезов театры жанындағы екі жылдық студияға алып келді. Ол студияға қаншама жас келіп, қаншамасы түсе алмады. Таңдаулы жиырма бестің бірі болып, оқуға түстім. Студияда небір мықтылар сабақ береді екен. Мен Әзекең Әзірбайжан аға Мәмбетовтің шәкірті болдым. Онымен қоса Нұрмұхан аға Жантөрин, Бәйтен Омаров, Хадиша Бөкеевалар сабақ берді. Солардан тәрбие, білім алдым. Осындай ұстаздарым болғанына бақыттымын.
Әзірбайжан Мәмбетов тікелей ұстазым, менің ғана емес, бүткіл театр қауымының ұлы ұстазы. Студияны бітірген соң Әзаға мені театрға алып қалды. Осы баладан бірдеңе шығар, деген болуы керек. Ұстазымның сенімін ақтаймын деп, осы кісілерге ұят келтірмесек екен деп қызмет еттік.
- Сізбен пікірлеспіз, өнер жолыңызды біршама білемін. Әзекеңнің сіз үшін, тіпті бәріміз үшін орны ерек. Әңгімелеріңізде Нұрмұхан Жантөрин де ұстазым дейсіз, ерекше ықыласпен айтасыз. Хас актердің ұстаздық келбеті туралы білу қызғылықты болар еді. Ол кісінің ұстаз ретіндегі тағлымы, ерекшелігі неде еді?
- Нұрмұхан аға нағыз ұстаз еді. Ол кісі көп оқиды, тіпті оқымаған кітабы жоқ, бәрін біліп тұрады. Өте білімді адам. Сол кеніш білімімен шәкірттерімен аямай бөліседі. Білімнің қадірі туралы көп айтатын. «Білім – тозбайтын тон» деуші еді. Есболған да (көрнекті актер Жайсаңбаев, Салиха апайдың жұбайы-ӘБ) сол кісіден оқыды. Кейініректе студия шәкірттерін, қырық шақты баланы екі топқа бөлді ғой. Бір топты Әзірбайжан аға, бір топты Нұрмұхан аға алды. Кейін бізге сабақ бермесе де, бізге келіп, әңгімелесіп, былай-былай деп ақылын айтатын.
- Есболған аға Жантөринмен дос-жаран болыпты.
- Ия. Нұрмұхан аға Есболғанды өте жақсы көрді, Есболған да қатты жақсы көретін, ағаны өте қадір тұттық. Ағамен көрші тұрдық, аралас-құралас болдық. Көп спектакльдерде бірге ойнадық. Нұрмұхан аға Гогольдің «Үйленуін» қойды ғой. Онда Есболған ойнады. Мен Әзірбайжан ағаның дипломдық спектаклі «Менің махаббатым» қойылымына қатыстым. Алдында «Айман-Шолпанды» қойды. Онда мен Айманды орындадым.
Аға үйге келетін, әңгімелерін айтатын. «Қалайсыңдар? Не күн көріп жатырсыңдар? Айналайындар, сендердің осылай адам болып, отбасын құрып, бала сүйіп, қатарларыңнан қалмай өнерде жүргендеріңе мен өте қуаныштымын» деуші еді. Аға келгенде мен кейде тамақ пісіріп жатамын. Ол кезде керогаз деген болатын. Бір жолы келгенінде мен лағманға сәбіз турап жатқан едім. Мән-жайды білген соң «лағманға сәбіз қоспайды» дегені бар. Біздің үйге Ыдырыс аға да келіп тұратын. Кейде Фарида екеуі келеді.
- Үйлеріңіз адамға жылы, шуақты болған ғой шамасы.
- Бір бөлмелі ғана шағын үй, жанында кішкене кілеті бар, орысша кладовка дейді ғой. Оны жұқа пердемен бөліп қоямыз. Бір күні сол жерде керогазда тамақ пісіріп жатсам, Ыдырыс аға келіпті, мені көріп, «ой, Салиха, сендер осында тұрасың ба?» деп таңданып қалды. Сонда, айналайындар-ай, олар театрдың беткеұстарлары, біздер театрға жаңадан кірген жаспыз. Есболған бәрі бірге жүреді, Сонда бізді баласынбайды, ақыл-кеңестерін береді. Жасаған тамағымды сүйсініп ішеді. Кейде дастархан басында спектакльдерді қызу талқылап кетеді. Мен «ой, аға, тамақтарыңызды ішсеңіздерші» деп қоямын, Қазір ойласам, қандай керемет сәттер!... Соларды ойлап, толқып кетемін. Фарида қандай еді! Фаридамен де бірталай спектакльде бірге ойнадық.
- Солардың бірі - «Ана-Жер-анада» Фарида апай – Толғанай, сіз – Әлиманның ролінде шықтыңыздар. Сонда Фарида апаймен қалай жұмыс жасадыңыздар? Ол кісімен сахна серіктес болудың ерекшелігі неде еді?
- Фаридамен жұмыс істеу деген бақыт. Ол өзі алдына кісі салмайтын актриса. Кейде ойлап отырамын: «А-ай, айналайын Факең қанша жұмыс істеп, қанша терін төккен.» Спектаклі бар, дубляжы бар, кейде киносы бар – бәріне үлгеретін. Фаридамен «Ана-Жер-анада» жұмыс істейміз, сонда тәй-тәй басқан мені жетектеп жүреді ғой, көзіне қарап-ақ ләззат аламын. Әуелі бәрін ұмытып кетіп, Факеңе қарап отыратынмын. Сонда бізді сахна серіктестерін сүйрелеп жүреді, алғырлығы сондай, сахнаға шыққанда жайнап кетеді. Сұлуланып кетеді. Грим салғанда мен таң қалам, қалай салады Факең! Өзі сахнаға жаратылған жан... Әруақтар қолдай ма, әйтеуір бірдеңесі бар.
- Харизмасы бар ғой...
- Мен сондай табынамын Факеңе. Ең алғашқыда «Беу, қыздар-ай!» комедиясында бірге жұмыс жасадық. Сонда да Факең үнемі алда жүретін. Өте еңбекқор. Ақылын айтып, құрдас болып кететінбіз. Өзі бізден бес жастай ғана үлкен ғой. Соның өзінде әңгімесін айтып, сырласатынбыз. «Беу, қыздар-ай!» комедиясымен гастрольдерге де бірге шықтық. Жолдастыққа, берік, көп сөйлемейді, өте ақылды адам. Біз сампылдап сөйлеп кетеміз ғой. Факең көбіне ақырын қарап отырады, сөйлеген өзі, істеген ісі өте тиянақты. Жинақы. Біздер студияда оқып жүргенде үйіне баратынбыз. Сонда ұлы Нұрланның киімдерін үтіктеп, қаттап-қаттап, тап-тұйнақ етіп жинап қояды. Ол кезде театрдың жанында тұрды ғой, бүгінгі Қабанбай мен Наурызбай көшелерінің қиылысында. Біз лағман жеуге баратынбыз. Факең әдемілеп лағман созады. Үйі тап-таза, сондай бір жылылық бар.
Нағыз әйелдік қасиетті мен Фаридадан көремін. Ер азаматты күтуі қандай! Ыдырыстай тұлғаға жар болды. Сондай елгезек. «Ыдеке, Ыдыке» деп зыр жүгіріп, бар жағдайын жасайтын. Өзі мықты актриса ғой, соған қарамастан үнемі кішік болып жүреді, ешқашан кеуде көтермейді, Мықты, өте мықты! Өмірде де, өнерде де тәрбие алатын адам Фарида. Айналайын, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
- Сіз өнер жолыңызда осы театрда жұмыс жасаған, спектакль қойған көптеген режиссерлермен қызметтес болдыңыз. Солардың шығармашылық лабораториясы, ерекшеліктері туралы әңгімелеңізші.
Сіз, мысалы, осы театрда бірталай жыл бас режиссер болған А.Мадиевскийді көрдіңіз ғой. Қазақ театрына көп еңбек сіңірген осы тұлға қойған «Қарагөз», Қарагөз роліндегі Зәмзәгүл Шәріпова көрерменге аңыз болып қалды.
- Абрам Львович Мадиевский театрда бірталай жыл бас режиссер болды ғой. Есболған «менің бағым тек орыс режиссерлерден жанады» деуші еді. Ол Мадиевскийдің «Аңсаған менің әнімсіңінде» Сейітті ойнады, ал, Утегенов есімді режиссердің «Намыс гвардиясы» спетаклінде де үлкен роль орындады. Өте жақсы кісі еді. «Аңсаған менің әнімсің» спектакліне мен де қатыстым. Әр режиссердің өз болмысы, жұмыс жасау әдісі бар ғой. Мадиевскийдің жұмыс тәсілі маған сондай ұнайтын. Өте мәдениетті, жаны жақсы адам, мықты режиссер болатын.
- Режиссура туралы айтқанда ұстазыңыз Ә. Мәмбетов туралы сөз қозғамау мүмкін емес. «Ана-Жер-анада» Фарида апаймен жұмысыңызды айттыңыз ғой. Әлиман туралы режиссер Мәмбетов не деді - рольді былай жаса, деді ме әлде өз шешіміңізге қалдырды ма? Дайындықтар қалай өтті?
- Шешім болғанда, әр режиссердің өзінің алдына қойған мақсаты бар. Меніңше, режиссерлер шешімді өз мінез-болмыстарынан алып шығаратын сияқты. Мен Әлиманды екінші құрамда ойнадым. Өте талантты қыздардың ортасына түстім. Фарида, Раушан, Торын, Нүкетай - бәрі жайнап тұрған кезі. Шолпан апа мен Зәмзәгүл де жас. Мен солардың ортасына топ ете қалдым. Бірақ мен қуанам, қуанам да мақтанамын: олар сүттің қаймақтары ғой, солардан үлгі алдым, үйрендім, бақыттымын, деймін.
Әзекеңнің басқа да көптеген спектакліне қатыстым. Актерлер бәріміз сахнада боламыз ғой. Әзекең алдымен түсіндіреді, сонда алып қалсаң алып қалдың, алып қала алмасаң, «ладно» дейді де кетіп қалады.
- Актерлерден ұшқырлықты талап ететін болғаны ғой.
- Солай. Басында мен режиссердің айтқанын бірден түсініп алып кете алмайтынмын. Ал, ол кісі тұрып қалғанды ұнапайды. Сондықтан әйтеуір жұмыс істей беруің керек. Ол кезде спектакльді екі-үш құраммен ойнаймыз. Екінші құрамда болсаң, бірінші құрамдағылар ой армансыз ойнайды, екі-үш премьера ойнайды. Екінші құрам сахнаға содан кейін барып шығамыз. Темірді қызған кезде соқ, деген бар емес пе, бірінші құрам ойнап біткенше біз суып қаламыз. Алатынымыз бірер репетиция. Бір жолы «Ана-Жер-ананың» бір дайындығында Әзекең: «Ладно. Сәбира апа, үйрет мына қызға» деді. Сәбира апай болса еш дайындаған жоқ: «Әй келін, ештеңе етпейді, ойнап кетесің, онан да мына иығымды уқалап жіберші, массаж жаса» дейді. Осындай қызықтар. Әзекең мені жақсы көретін еді, ешқашан қатты сөйлеген емес. Қазір ойлап қарасам, тағдырымыз ұқсас болған соң ба - Әзекең анасынан ерте айырылған ғой, менің анам да тым ерте дүние салды - маған сонау студияда оқып жүрген кезімнен бастап жаны ашыған сияқты.
Әзекең, бір байқағаным – актерлік ойын жетпей тұрған жерді музыкамен көркемдеп жіберетін, қандай шебер, білдірмей жіберетін.
- Әңгімелеріңіз сондай жанды. Өзіңіз үнемі кішік сөйлейсіз. Сізді, шығармашылығыңызды біршама білетін адам ретінде ой түйсем – былай қарағанда қарапайым ғана, сондай жұмсақ болып жүресіз, ал, орындаған рольдеріңізге, атқарған шаруаларыңызға қарағанда, сіз іштей мықты, стратег адамсыз. Өмірде жасап жүрген шаруаларыңыз, мысалы. Есболған ағадан жас қалдыңыз, алтын асықтай үш ұлыңызды өсіріп-жеткіздіңіз, бүгінде олар үлкен азамат, қанатыңыз. Есболған ағаның шығармашылығын кейінгі ұрпаққа жеткізу, есімін есте қалдыруға байланысты жасап жүрген шаруаларыңызды да жұртшылық жақсы біледі. «Есболған Жайсаңбаев» атты кітап шығардыңыз, туған жерінде актердің есімі мектепке берілді, мерейтойларының жақсы өтуіне көп жұмыс жасайсыз. Үлгі алатын нәрсе. Көп жұмысты өзіңіз жұртты сыйлай жүріп, өзіңізді сыйлата жүріп жасайсыз.
Сіздің әрбір жасаған роліңіз, сіздің театрдағы орныңыз ерекше деп ойлаймын. Фарида апайды көп айтасыз. Меніңше, екеуіңізде әлдебір ұқсастық бар, әрине, характерлеріңіз бөлек. Фарида апай харизмасы бар адам ғой, сахнаны толтырып жібереді. Актриса Фарида Шәріпованың мектебі күндердің күнінде зерттеледі ғой деп ойлаймын.
Сіздің жасаған кейіпкерлер ішті болып келеді. Мысалы, кейінгі рольдеріңіздің бірі, «Отыз ұлың болғанша» мұңлы комедиясындғы Бибіхан кейуананы алайық. Репертуарда көптен жүріп жатқан спектакльді білеміз ғой. Ылғи шеберлер, аға буын ойнайды. Қойылым басында кейіпкеріңіз төсекте жатады. Сіз біртіндеп-біртіндеп, бояуды қоса-қоса келе кульминацияға шығасыз, ішкі бір энергетикаңыз мықты. Осы рольді қалай дайындадыңыз? Жалпы рольге қалай дайындаласыз?
- Жаңа «Отыз ұлың болғанша...» деп қалдың ғой. Бибіхан ролін алғашында Шолпан апа орындады. Кейініректе ол кісі ауырып қалып, мен шығатын болдым. Содан кассетаны алып, спектакльді көріп шықтым. Қатысып жүргендер бірінен бірі өтеді. Фарида, Нүкетай, Зәмзәгүл, Абдолла шал ролінде Сәбит. Мұндай мықтылардың ортасына түсу оңай емес. Алғашқы рет шыққанда ойпырмай, «біссіміллә, біссіміллә» деп төсекте жатырмын. Сөзіңді айтып шығуға болады, бірақ, одан роль шықпайды. Оның үстіне кейіпкерім «р» дыбысын айтпауы керек. Мәселе қайда. Әйтеуір шықтым, шала-пұла болған сияқты, әйтеуір сөзін айтып шықтым. Ал, енді содан кейін «ойпырмай, осы роль маған келетін сияқты, осыны ойнауым керек» деген бір шешімге келдім де, жетпеген жерін жеткізейін деп, түнімен жүріп дайындалатынмын. Енді анадай кісілердің ортасына түскенде сын ғой.
- Жүйріктердің ортасына түскен соң жүйрік болып кетесің, дейсіз ғой.
- Өздері де алып кетеді ғой ары қарай. Сондағы әріптестерімнің барлығына мені қолдағандары үшін рахмет айтамын. Содан кейін қойылым режиссері Әубәкір Рахимовке үлкен ырзашылығымды білдіремін. Актердің өзіне еркіндік беріп қояды. Өзінің мінезі де сондай. Ақылды, ойлы жігіт. Өзі әу баста актерлікті бітірген ғой. Білімді, өте көп оқиды. Сіңлім айтатын «Әубәкір ағаның оқымайтын кітабы жоқ» деп. Мені Оразхан екеуі дайындап, сахнаға алып шықты ғой. Солардың арқасында «Отыз ұлыңда...» ойнап жүрмін қазір.
- Шеберлік құпияларын меңгерген кезіңіз...
- Ия. Шеберлік дегеніңіз уақыт өте келе, тәжірибе толыса келеді. Кейде жастарға сын айтып жатады ғой, сол онша дұрыс емес. Жас кезімізде бізде де жетіспеген тұстарымыз көп болды. Жастар жастығымен, әдемілігімен алып кетеді. Жас кезімізде біздер де қаншама спектакльде ойнадық, рольдерімізді жеткізе алдық па, жоқ па, деп қазір кейде ойлап отыратыным бар. Қанша режиссермен жұмыстас болып, роль жасадым. Осының өзі білген адамға үлкен қуаныш емес пе.
- Сол режиссерлердің бірі - қазақ сахнасына көп еңбек сіңірген суреткер Қадыр Жетпісбаев болды ғой. М.Әуезов театрында ұзақ жылдар режиссер болды, көптен мықты спектакльдер қойды. Шекспирдің «Юлий Цезарін» (Цезарьды А.Әшімов орындады), М.Әуезовтің «Дос-Бедел досын» қазақ сахнасында алғаш қойды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Хан кенені» қойды. Республикалық Ұйғыр театрында, Астана театрында бас режиссерлік етті. Қадыр ағамен Астана театрында жүргенінде (Ж.Омаров дүние салғаннан кейін) Алматыға бір сапарында жақсы бір сұхбат жасағанбыз. «Өнер – Ұлттың үйі» деді Қадыр аға сонда. Өнер – Ұлттың үйі. Қандай керемет сөз! Сонда ол кісі өздерінің буынына -Ж.Омаров, В.Пұсырманов, М.Байсеркенов, Есаға, Есмұхан Обаев, тағы басқалар бар мықты буын ғой – талдау, сараптама жасап, біраз ой толғады. Мен қойған бір сауалға байланысты күтпеген бір пікір айтты. «Біз режиссерлердің кәсіби алғашқы буынымыз. Кезең солай болды ма, біз жастау болған соң ба - ізденістеріміз кейде түсінілді-кейде түсінілмеді, деді. Және М.Әуезов театрына екінші рет қайта оралмауым керек еді, деп өкінді. «Өйткені Ә.Мәмбетов тұрғанда қандай да керемет дүниенің құбылысқа айналуы, оған атмосфера жасалуы қиын еді» деді...
Сіз режиссердің спектакльдеріне қатыстыңыз. Режиссер ретінде ерекшелігін айтыңызшы. Спектакль дайындағанда, актердің кілтін табатын, үндес болатын тұстары қандай еді?
- Қадырдың мен екі-үш спектаклінде ойнадым. Алғашқысы -С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалы». Өте жақсы спектакль, Жетім қыз ролін орындадым, сондай бір сүйкімді роль болды. Өкініші – кезінде сол дүниелердің ешқайсысы жазылып алынбаған ғой. Қадырмен жұмыс жасау да бақыт еді.
- Сондай бір қызуқанды, эмоционалды режиссер болды ғой.
- Ия, бұл жағынан Қадырға марқұм Қайрат Сүгірбеков ұқсайтын. Күйіп-жанып қалатын, кейде жылап та жіберетін, Қайрат та сондай еді ғой. Қадыр Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» қойды, онда Гүлжан Әспетова екеуміз ойнадық.
О.Бөкейдің «Құлыным меніңін» қазақ сахнасында алғаш қойды.
- «Құлыным менің» қандай еді! Қатысқан актерлер қандай! Матан, Құман, Әнуар Молдабеков, Фарида, Гүлжан, Есболғандар ойнады. Сондай мықты шоғыр ғой, бірін бірі көтеріп алып кетті.
- Қара шаңырақта үлкен режиссер Бәйтен Омаров та қызмет етті, бірнеше жыл бас режиссер болды. М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша атақты «Таңғы жаңғырықты» сахналады. Идеяны берген «Қараш-қарашқа» алғашқы болып мақала жазған сыншы Асекең, А.Сүлейменов екен. Сахналық нұсқаны көрнекті жазушы-драматург Қ.Ысқақ жасаған. Режиссердің тағы бір шоқтықты спектаклі Д.Исабековтің «Әпкесі» бойынша қойлыған. Онда сіз роль орындадыңыз ғой.
- Ия, көрші әйелді орындадым. Марқұм Раушан екеумізге берген ролі. Мінезі жұмсақ, актерлерге еркіндік беретін режиссер еді. Бұл жағынан Әубәкір екеуі ұқсас. Сондай бір зиялы адам, көп сөйлемейді, ал, спектакльдері көркем еді. «Майра» спектаклін керемет қойды. Мен онда Айбарша ролінде шықтым,
- Б.Омаров қазақ сахнасына қойылымдық жаңалықтар алып келген режиссер ғой. Сосын режиссер Мұхтар Қамбаров. Режиссер М.Қамбаров Ыдырыс Ноғайбаевтармен бірге Мәскеуден бітіріпті. Біздің театрда екі-үш жыл актер болыпты. Кейін режиссураға ауысқан. Атырау театырнда бас режиссер болып, мықты спектакльдер шығарған. Соңғы жұмыс орны Талдықорған театры. Ұлттық классиканы қойылымдық тұрғыдан жаңаша оқу тәжірибесін Б. Омаров, М. Қамбаровтар буыны бастаған, ал, биік шыңға жеткізген, әрине. Ә.Мәмбетов. Сіздер осындай мықты режиссерлермен шығармашылық серіктес болдыңыздар, ол бір үлкен тарих қой.
Келесі буындағы мықтылардың бірі – Жақып Омаров болды. Жақып ағамен екі жылдық студияда бірге оқыпсыздар.
- Ия, студияда бірге оқыдық. Айналайын, Жақып өте талантты, қызуқанды, жанып тұрған жігіт еді. Дайындықтарда ойындағы болмаса күйіп-жанып қалатын. Ән жағын өте жақсы көретін. Сол қатарлы режиссерлер әнге жақын, біздің Есмұхан да сондай ғой. Өздері жақсы ән айтады, музыкалық спектакльдерді көп қойған. Жақып та әнді жақсы салатын еді. Өнер жолын Қарағанды театрында актер болып бастады. Кейін режиссерлікке оқыды ғой. Біздің театрда бірнеше спектакль қойды. «Досымның үйленуі» спектаклі репертуарда көп жүрді. Кейініректе Бикен апам (Римова) «Абай жолы» бойынша жазған «Абай-Әйгерімді» қойды. Онда Абайды Әшірәлі (Кенжеев), Тоғжанды Торғын (Тасыбекова) ойнады. Мен Әйгерімнің жеңгесінің ролін орындадым, шағын роль болса да жақсы шыққан екен. Кезінде Торғын жазып алыпты, содан көрдім. Жақсы спектакль еді, онымен гастрольдерге де шықтық, халық жақсы қабылдайтын. Ол өзі бірнеше театрды басқарды ғой.
- Қарағанды, Шымкент облыстық театрларында бас режиссер болды, Астандағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың іргетасын қалап, аяғынан тік тұрғызған суреткер. Өзінің бір әңгімесі есімде. Қарағанды театрында Шекспирдің «Макбетін» қойып, басты рольге Н.Жантөринді арнайы шақырыпты. Ол қойылымды Алматыда, қазіргі Республикалық Ұйғыр театрының сахнасында екі күн көрсетіпті. «Сонда екі күн бойы аншлаг, залға сыймай қалған халық театрдың есігін сындыра жаздады. Жантөриннің Макбеті қандай, шіркін! Ондай суреткермен жұмыс жасау бақыт қой» деген еді Петропавлда өткен Республикалық театр фестивалі кезіндегі бір әңгімемізде.
Жақып ағаның қызуқанды мінезін сол фестивальда көрдім. Фестивальдағы Қазылар алқасы негізінен Мәскеуден оқыған орыс тілді театртанушы қыздардан тұратын еді. Талқылау кезінде олар, жастығы ма, тәжірибесіздігі ме әлде мінездері солай ма, режиссерлер Ж.Омаров, сондай-ақ Б.Омаров, М.Қамбаров, Х.Әмір-Темірлердің спектакльдерін бас-көзге қарамай, быт-шытын шығарып сынады. Мен ол кезде жаспын, «Қазақ әдебиетінен» барғанмын ғой, өз-өзімнен қатты ұялып отырамын. Сомадай-сомадай үлкен кісілер, белгілі режиссерлерге пікірлерін неге басқаша, мәдениетті түрде жеткізбейді екен деп ойлаймын ғой. Сонда Бәйтен, Мұхтар ағалар алдыңғы қатарда үндемей, әлгі сыншыларға көздерінің астымен қарап отырады. Қазір ойлаймын: «ей, қыздарым-ай, сендер не білесіңдер» деп үнсіз отырды ма екен... Ал, Жақып ағай болса, байыз таппай, орнынан қайта-қайта ұшып тұрып олармен келіспей, пікір таластырып, өзінің позициясын дәлелдеп бағады. Сонда талқылау аяқталып, сыртқа шыққанда әлдебір өкінішпен «мұндай фестивальге бекер-ақ келіппіз» дегені бар. Мінезінің ерекшелігі демекші, спектакльдерінің де энергетикасы мықты болған шығар.
- Жаңа айттым ғой, мінезі қандай, спектаклі де сондай болатын. Актерлік студияда оқығанымызда Әзекең қойған дипломдық спектакліміз «Менің махаббатымда» Жақып менің жігітімді ойнады. Жақып үйге келгенде марқұм Есболған: «Салиха, махаббатың келді» дейтін әзілдеп.
- Бұл режиссерлердің барлығы ұлттық құнары мықты болған, кеңестік кезеңде ұлттық құндылықтардың сақталуы, жаңғыруына спектакльдерімен үлкен үлес қосқан тұлғалар ғой. Бұл тұлғалар туралы көп айтуға болады. Жаңа бірер тұста Қайрат Сүгірбековті айтып қалдыңыз. Сіз оның қойылымдарында да роль орындадыңыз.
- О-ой, Қайрат деген бір ерекше бала еді. Ол қойған «Ғашықтық дертінде» ойнадым.
- Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» шығармасы бойынша қойылған спектакль ғой.
- Ия. Баян екеуміз (Имашева) бір роль, Сұлтан кемпірді ойнадық. Біріміз спектакльді тапсырғанда, біріміз премьерада ойнадық. Жұрт жақсы қабылдады. Кейін де кезек-кезек ойнап жүрдік. Кезек-кезек демекші, мана айттым ғой, бұрындары екінші-үшінші құрамдағылар сахнаға өлдім азар дегенде әрең шығатын. «Бірінші, екінші деген болмайды» деп, актерлік құрамдарды теңестірген жаны жәннатта болғыр Болат Атабаев еді. Болаттың ерекшелігін айтып кетейін – ол ең алдымен этюд жасататын, содан барып сөз туады. Кей авторлар жандарыңнан сөз қосасыңдар деп келіспей, пьесасын алып кететін. Негізінен Атабаевтыкі дұрыс, этюд жасатып, одан жағдай туғызып, біртіндеп алып шығады. Театрымызда Болат көп жақсы спектакль қойды.
- Режиссер Б.Атабаевтың қазақ театр өнеріндегі орны ерекше екені талассыз. М.Әуезов театрындағы бірталай спектаклі шынында да құбылыс болды. Ол сахнада демократиялық принцип орнату бағытында жұмыс жасап, театр иерархиясында актер статусының көтерілуіне ерекше мән берген режиссер еді. Соның бір басты көрінісі – өзіңіз айтып отырғандай, актерлік құрамдарды алаламай, бәріне бірдей мүмкіндік беруі болды.
- Болаттың осы ұстанымы өте дұрыс болатын. Ол өзі біздің театрда өте үлкен жұмыс жасады. Біраз спектаклінде ойнадым. Ол маған бірде: «Апа, өзіңнің табиғи даусыңмен сөйлеңізші. Зәмзәгүл апайлар сияқты әндетпей. Өзіңіздің әдемі, шынайы даусыңыз бар ғой, сонымен сөйлесеңізші» дегені бар. Соған қарағанда әдемілеймін деп, кейде жасанды дауыспен сөйлеген болуым керек.
- Режиссерлермен жұмыстарыңыздағы осындай детальдарды қызық әңгімелейсіз. Ендігі сөз көрнекті актер, режиссер, өздеріңіздің замандастарыңыз Райымбек Сейтметов туралы болса. Өнер жолын актерліктен бастаған Р.Сейтметов осы театрда керемет спектакльдер қойыпты. Оның көпшілігіне сіз де қатыстыңыз, куә болдыңыз.
- Райымбек театрға актер болып келді. Алғашқы ролі «Беу-қыздар-ай!» комедиясында Ақын ғой деймін. «Ана-Жер-анада», «Қара қыпшақ Қобыландыда» ойнады. «Асауға-тұсауда» Есболған екеуі жақсы дуэт болды. Сосын режиссерлікке кетті, өзімізде көп жақсы спектакль қойды. Атақты «Келіндер көтерілісі», «Сенім патшалығы», «Күйеу», «Баянсыз бақ», т.б. . Өзі сондай, сырбаз, дауысы құлаққа жағымды, еңбекқор. Поэзияны қатты сүйетін.
- «Сенім патшалығы» осы бағыттағы алғашқы жұмысы болуы керек, кейін Жасөспірімдер мен балалар театрында бас режиссер болып тұрған кезеңінде М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова жырларынан поэтикалық спектакльдер қойды. Поэтикалық театрдың негізін қалаған режиссер болды ғой. Ал, поэтикалық спектакльді алғашқылардың бірі болып Есаға, Есмұхан Обаев та қойыпты. Бір сұхбатында айтты, Жасөспірімдер мен балалар театрында үлкен ақын Ә.Тәжібаевтың «Монологтар» поэмасынан поэтикалық қойылым шығарыпты.
- Біздегі «Сенім патшалығы» керемет жүрді. Онда басты рольді Құман (Тастанбеков) ойнаушы еді. Өзі жап-жас, өте көрікті, гитарамен ән айтады. Райымбектің өзі де ән айтады ғой. «Беу,қыздар-ай!» комедиясында Ақынды қалай шығарды! Райымбектің спектакльдерінде де роль ойнадым. Өзі актер адам, спектакль қойып жатқан дайындық кездерінде кейде сахнаға шығып, өзі ойнап көрсететін.
Өзбек драматургы С.Ахмадтың «Келіндер» көтерілісі» комедиясын өте жақсы қойды. Оны Асекең, Асқар Сүлейменов те құтыртып аударған ғой. Бас кейіпкер Фармон бибі - Сәбира апам. Мен жеті келінінің бірін ойнаймын. Керемет жүрген спектакль, жұрт қырылып келеді, қыран-топан күлкіге кенеледі. Репертуарда ұзақ жүрді, гастрольге де көп алып шықтық.
- Салиха апа, әңгімелеріңіз мағыналы, қызғылықты және болмысыңызға сай мейірімге, адамға, досқа, әріптеске деген сыйластық, сүйіспеншілікке толы. Актриса қашанда сахнадан көрінгісі келетін болуы керек. Өзіңіз алдағы уақытта нендей спектакльдер қойылса екен дейсіз, қандай рольдерде көрінгіңіз келеді?
- Жұртқа ой салатын дүниелер, келген көрермен ойланып кететін спектакльдер көп болса дейсің ғой. Айталық, Есмұханның (Обаев) қариялар өмірінен «Жүрейік жүрек ауыртпай...» қойылымы сияқты. Ол спектакльдегідей ата-аналарын Қарттар үйіне өткізетін жағдайлар болмай-ақ қойсын, өзімен кетсін. Бірақ, сол спектакльді жақсы көремін. Келіп көрген қаншама көрермен ойланып кетеді. Ол қойылымға өзім қатысатын болған соң айтып отырғаным емес, қалың жұртшылықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын дүниелер қашанда қымбат. Сосын бізге, аға буынға лайық дүниелер болса, әлі де сахнаға шықсақ деймін. Бүгінде тәжірибеміз, Аллаға шүкір, жетеді, айтар ойлар баршылық.
- Қызғылықты, мағыналы бірталай әңгіме айттыңыз, көп рахмет. Сіз өмірде де үлкен табыстарға жеткен адамсыз. Тіл-көзден сақтасын, қандай ұрпақ тәрбиеледіңіз. Көзге қолпаш емес, сіздің өміріңіз өнерге келген қыздар үшін бір ойланатындай, үлгі болатындай. Қандай қиындықтар жолықса да, мойымай, адамгершілігіңізбен жеңіп, өмірде де, өнерде де үлкен берекеге жетіп отырсыз. Шөбере сүйдіңіз. Кейінгі ұрпаққа сіздің жолыңызды берсін. «Қариясы бар үй – қазынасы бар үй» дейді ғой халық. Сіздер, осы театрдың, қазақ өнерінің қазынасысыздар. Өзіңізді алдағы уақыттарда да жаңа спектакльдерде, қызғылықты рольдерде көрейік. Қуаныштарыңыз көп болсын.
Алматы
23 тамыз, 2021