Шығарма жазылғалы он жыл ішінде еліміздің талай жерлерін аралады, тіпті ағылшын тілінде де сөйлеп үл...
Этнографиялық энциклопедия - рухани темірқазық
Қазақ қоғамы, әлемнің этнографтары көптен күткен көп томды энциклопедиялық жинаққа қол жеткізді.
Бұл кітап – тұтас ұлттың яғни Қазақ елінің этнографиялық категориялары, ұғымдары, атаулары туралы. Қазақ халқының сан ғасырлық рухани бары мен нары туралы. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, көрнек өнері мен тірнек өнері туралы. Осы күнге үзілмей жеткен ұлттың мәдени мұрасы туралы.
Иә, бұл 5 томдық энциклопедиялық анықтамалықтың толық аты - «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». Ғылыми редакторы әрі жоба жетекшісі - Нұрсан Әлімбай. 2017 жылы Алматы қаласындағы «Әлем. Даму. Интеграция» ЖШС басып шығарған.
Бес том атан түйеге жүк болғандай. Үлкен пішімді, түрлі-түсті көрнекілікпен безендірілген. Ұзын саны 10 мыңнан астам этнолингвистикалық бірлікті (ұғым, сөз, тұрақты сөз тіркестері) қамтыған 4. 500 бетті құрайтын әлеуетті елдік ғылыми-танымдық, тарихи-ағартушылық, мәдени-философиялық, тілдік-этнографиялық жоба.
Жалпақ тілмен айтсақ, «Қазақ елінің рухани-мәдени салт-сана, дәстүр-ғұрып, таным-түсінік қоры» дегенге саяды.
Бұл – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің (Алматы) елге сыйы, елдіктің баянды бағына, сәулетті болашағына сыйы.
Энциклопедиялық анықтамалықтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасы ұйытқы болған «Рухани жаңғыру» жария етілген жылы (2017) басылып шығуының рәмізді-символды мәні бар ма? Әрине, бар!
Енді мұның нәтижесін, жемісін Қазақстанның бар өңірі, күллі азаматы, барша буыны, қала берді әлемнің ғылыми орталықтары бір кісідей көруі тиіс. Көлемді кітаптың әр томын парақтап, оқып, қазақ ұлты туралы ой түюі қажет!
Өйткені, бұл кітап – Қазақ елі этнографиясы мен тілдік құндылығының айнасы!
Халықтың ақылы, парасаты, зейіні, шеберлігі, көркемдігі, сабыры, тереңдігі, тапқырлығы, қажыр-қайраты, мейірімі, төзімі, көрегенділігі!
Елордалық біраз зиялы, білім саласының мамандары бұл энциклопедияны оқып та, тоқып та рухани олжаға кенелдік.
Біріншіден, бұл энциклопедиялық анықтамалық – ширек ғасырлық іргелі еңбектің нәтижесі, тұжырымдамалық белесі. Біз, әдебиет тарихшылары, мемлекетшілдік, ұлттық, халықтық қалыптасуымыз бен дамуымыздың тілдік-этнографиялық негіздерін байыптайтын және әрбір ұғым-түсінігіне баға беретін өрелі де қомақты еңбекті күтіп жүргенбіз. Оны Мемлекеттік орталық музей білікті ғалымдарды тарта отырып жазып шығуы – еліміз үшін де, елдігіміз үшін де үлкен оқиға деп білеміз.
Екіншіден, Алматыдағы Мемлекеттік орталық музей – Тәуелсіздігіміздің атмосферасын қалыптастырған, кеңестік аса қиын да жауапты кезеңде ұлттың жігерлі, мемлекетшіл ой-аңсарын рухани, материалдық жәдігерліктер арқылы көрсете білген мәдениет орталығы. Сондықтан осы фактордың энциклопедиялық анықтамалық асыл арқауы болғанын ұмытпалық. Ендеше бұл еңбек – қазақ халқының рухани-мәдени тағдырын, қажыр-қайратын өз қолымен, өз бастамасымен там-тұмдап жинаған орталықтың әрі қазынасы, әрі ұрпаққа аманат етер мұрасы.
Үшіншіден, Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан Елбасы және елшіл азаматтар «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» т.б. қадау-қадау бағдарламалар, жобалар қолға алынса, соның жуан ортасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі жүрді. Тәуелсіздікке дейін-ақ біртуар қайраткер Өзбекәлі Жәнібековтің кәсіби, азаматтық, мемлекетшіл мектебінен өткен этнограф, осы мекеменің басшысы Нұрсан Әлімбай сол жобаларға жетекшілік жасады. Жоба ішінде этнография мен мәдениеттанудың, тарих пен әдебиеттанудың, лингвистика мен философияның, психология мен әлеуметтанудың білікті мамандары, танымал ғалымдар жүрді. Басқа-басқа, ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында Мемлекеттік орталық музей даярлаған «Абай өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар» атты екі томдық бар ғылыми түсініктері қамтылған факсимиле-жинақтың өзі не тұрады! Ауызекі тілде мұны «ізденіс пен зерттеудің көкесі» дейді.
Сонымен, 5 томдық энциклопедиялық анықтамалық – қазақ этнографиялық категорияларының, ұғымдарының, атауларының тұғырнама кілті, шежіре дерегі, байсалды қоры.
Осы арқылы 19 миллион Қазақстан халқы, Отанымыздағы және әлемдегі 17 миллион қандасымыз, жалпы түркі дүниесі мен әлемнің ынталы азаматтары зор рухани-танымдық байлыққа кенелді деп толық сеніммен айта аламыз.
Қазақ ұлты этнографиясы ұғымдары мен атауларын жаһандық ғылымның жаңа талаптары негізінде жүйелеген энциклопедиялық анықтамалықтың оқырманы болу - біз үшін де, сіз үшін де, олар үшін де зор мәртебе. Осы орайда мынаны ұсынамыз:
1. бұл 5 томдық еңбекті оқу-әдістемелік кешеннің құралы ретінде білім жүйесінде кеңінен пайдалану қажет;
2. энциклопедиядағы тұжырымдамалы категориялар мен маңызды ұғымдар жүйесі бойынша түрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастыру керек;
3. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» кітабы – елдің руханият тарихын, мәдени-қолданбалы ізденістерін жан-жақты танытатын еңбек. Мұны кешікпей БҰҰ тілдеріне аударып, әлемге таратқан жөн.
4. Технология дәуірінде энциклопедиялық анықтамалықты цифрлік жүйеге түсіріп, түрлі форматта насихаттаған мақұл.
Ұлы Дала елінің өткен тарихын жазуда және Отанымыздың тарихи-мәдени мұраларын әлемдік кеңістікте насихаттауда біз енді 5 томдық «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» еңбегін рухани темірқазық етіп алатын боламыз.
Біртұтас ел мен жер, тағылымды дәстүр мен салт, өркенді халық пен ұлт, бірегей тіл мен мәдениет, отаншыл қағидат пен сана, байыпты ізденіс пен тәжірибе, елдік пен мемлекетшілдіктің алтын арқауы – міне, «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» бүгінгі және болашақтағы тұжырымдамасы.
Ұлттың рухани береке-бірлігі, тілдік-әдеби әлеуеті, тарихи-танымдық, қолданбалы-материалдық тіршілік-байыбы, өрнек және тірнек өнерінің іргетасы, тұғыры, сабақтастығы - әлем келісімі мен үйлесімінің көрінісі.
Энциклопедияның әр бөлімінде, әр тарауында, әр бетінде Отанға деген жауапкершілік, тарихқа деген адалдық, мәдени мұраға деген жанашырлық, тілдің, ой-сананың жаңғыруына деген үміт бар.
Мұра мен ұрпақ арасын жалғаған құнды да қомақты анықтамалықтан алар білім-білігіміз, сіңірер үлгі-өнегеміз көп болғай.
2021 жылы 16 шілдеде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде 2021 жылғы Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы комиссиясының алғашқы сынынан өткен үміткерлерінің тізімі жарияланды. Осында 5 томдық «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиялық анықтамалығы және осы елеулі ғылыми жұмысты орындаған ғылыми топ – Нұрсан Әлімбай (жетекшісі), Қалиолла Ахметжан, Нұргелді Уәли, Рүстем Шойбек көрсетіліпті. Бәрі де – танымал, өз саласында биік нәтиже көрсеткен ғалымдар. Төртеуін де ғылыми қауым, халық білікті маман ретінде қадірлейді.
Этнографиялық мәні бар ұлтымыздың бір нақыл сөзі ойымызға оралып отыр:
«Қаланған кірпіш – кәдеге асқаны,
Қадалған шеге – орнын тапқаны,
Жігіттің халыққа жаққаны – шырақ жаққаны».
Дәл осы ата сөзді мақаламызға тиек болып отырған энциклопедияға байланыстырып айтуға мүдделіміз. Бұл елеулі жұмыс – ғылымға қаланған кірпіш. Ол кәдеге асып отыр. Еңбектің мық шегесі – категориялық ұғым-түсініктер. Ал, енді көнеден жеткен халық мұрасының шырағын жаққанға яки шырақшыларына рахметтен басқа айтарымыз жоқ!
5 томдық «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиялық анықтамалығы үшін авторлар тобы - Н.Ә.Әлімбай, Қ.С.Ахметжан, Н.М.Уәли, Р.Н.Шойбек Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына лайықты деп есептеймін.
Дихан Қамзабекұлы,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі