Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды, - деп хабарлайды &...
Ауғанстанның түркі әлемі тұрғысынан маңызы
2021 жылдың 15 тамызында «Талибан» күштері Кабулды басып алды. Осылайша Ауғанстан тарихында жаңа бір кезең басталды. Сарапшы мамандар «Талибан» мен Ауғанстан әскери күштері арасындағы ішкі соғыстың ұзаққа созылатыны жөнінде болжам жасап жатқанда «Талибанның» мұндай жылдам жеңісі аталмыш ел мен аймақтың келешегіне қатысты жаңа талдау жасауды қажет етеді. Осы тұста Ауғанстанның Түркі әлемі тұрғысынан маңызына тоқтала кеткен жөн. Ең алдымен Ауғанстанның, нақтылап айтқанда Ауғанстанның солтүстігінің Түркі әлемінің бір бөлшегі екенін атап өтуіміз керек. Оңтүстік Түркістан деп сипаттауға болатын бұл аймақта көбіне өзбек, түрікмен, қырғыз, қазақ және осы халықтармен мәдениеті ортақ, діни мазхабы бір тәжіктер, сонымен қатар, шиіт ағымына жатса да түркі тамыры бар хазарлар өмір сүреді. Сондықтан да Ауғанстанның келешегі турасында Түркі әлемінің бейжай қалуы мүмкін емес. Шынында да Ауғанстанда өзгерістер орын алып жатқанда соған тұспа-тұс Орталық Азия республикалары арасындағы ынтымақтастық күшейіп, әрі осы мемлекеттердің халықаралық саясаттағы белсенділігі арта түсуде.
5-6 тамыз күндерінде Түрікменстанның Аваза туризм аймағында өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының консультативтік кездесуі аймақтық ынтымақтастықта жаңа бір кезеңнің басталғанын паш етті. Жиын соңында қабылданған Ортақ декларацияда Ауғанстанға қатысты былай делінген: «Тараптар көрші Ауғанстандағы жағдайдың жуық арадағы реттелуі Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды факторларының бірі екенін растайды. Осыған орай, Тараптар Ауған қоғамындағы азаматтық бейбітшілік пен келісімге жедел қол жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Осы орайда Тараптар барлық мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, елдің әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге және оны әлемдік шаруашылық байланыстарға тартуға бағытталған күш-әрекеттерін қолдайды».
Бұл мәлімдемеге мән беріп қарар болсақ, Орталық Азия көшбасшылары Ауғанстанды қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысында Орталық Азияның бір бөлшегі ретінде қарастырып тұр. Бұдан да маңыздысы – Орталық Азия басшылары Ауғанстан мәселесінде барлық түрде көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдіреді. Осылайша аймақтағы мемлекеттер Ауғанстан мәселесінде ортақ ұстаныммен әрекет етуде. Негізінде соңғы күндердегі оқиғаларға зер салсақ, Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстандағы өзгерістерге дайын болғанын көреміз.
Аймақтағы елдердің Ауғанстандағы өзгерістер мәселесінде өте белсенді ұстанымда екенін айтуға болады. Бұрынғыдай тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан мен Түрікменстанның да сыртқы саясаттағы белсенді ұстанымдары назар аудартады. Аталмыш екі мемлекеттің Дохада өткен «Талибан» мен Кабул басшылығы арасындағы келіссөздерге қатысуы осы белсенділікті айқындай түседі. Әсіресе, БҰҰ тарапынан қабылданған тұрақты бейтараптық мәртебесіне қарамастан, Ашқабаттың осы белсенді саясаты ерекше назар аударуға тұрарлық. 2021 жылдың 18 тамыз күні Түрікменстанның Мазари-Шариф және Герат қалаларындағы бас консулдарының «Талибанның» өкілетті тұлғаларымен кездесуі Ашқабаттың сыртқы саясат ұстанымындағы маңызды өзгерістерге меңзейді.
Орта Азия аймағын Ташкенттің сыртқы саясаттағы басымдығы ретінде айқындаған Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев басшылығы бүкіл аймақты біріктіретін саясат ұстануда. 2021 жылдың 15-16 шілде күндерінде Ташкентте өткен «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық ықпалдастық. Қиындықтар және мүмкіндіктер» тақырыбында өткен халықаралық конференция Өзбекстанның жаһандық саясаттағы маңызды бастамасы болды. Конференция соңында аймақтық
ынтымақтастыққа бағытталған «АҚШ–Ауғанстан–Өзбекстан–Пәкістан» төрттік платформасының құрылуы Ташкенттің жауапкершілік алуға дайын екендігін көрсетті. Өзбекстанның тек Орталық Азия аймақтық ынтымақтастығына ғана емес, сонымен қатар Түркі Кеңесіне де мүше екенін ескерер болсақ, негізінде бұл төрттік платформа Түркі әлемінің Оңтүстік Азияға шығуы деген сөз. Бұл тұрғыда Өзбекстан мен Пәкістанның бірге жүзеге асырып жатқан «Мазари-Шариф–Кабул–Пешевар» темір жолы желісінің стртегиялық маңызы арта түседі.
Ауғанстанға көрші түркі республикалары ғана емес, сонымен қатар Каспийдің батысындағы түркі мемлекеттерінің де осы елге қатысты бейжай қалмайтыны анық. Осы орайда Түркияның Кабул әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әлі өзектілігін жоғалтпады. 2021 жылдың 18 тамыз күні бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасаған Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған түрік әскерінің Ауғанстанда болуы жаңа басшылықтың жұмысын жеңілдететінін білдіре келе, Кабул әуежайына қатысты «Қазір қалыптасқан жаңа жағдайға байланысты жоспарларымызды жасап, келіссөздерді де соған қарай жүргізудеміз»,– деді. «Талибанның» бұдан кейінгі кезеңде халықаралық деңгейде танылу қажеттілігі туатынын ескерер болсақ, Түркияның бұдан бұрынырақ өзінің талабы ретінде айтып өткендей, Венгрия және Пәкістанмен бірге Кабул әуежайына қайта айналып келері әбден мүмкін. Ердоған аталмыш мәлімдемесінде айтқан «Ауған халқының тыныштығы, сол елде өмір сүріп жатқан түркі текті туыс халықтардың амандығы және еліміздің мүдделерінің сақталуы мәселесінде барлық ынтымақтастыққа дайынбыз» деген сөздері де Ауғанстандағы өзбек, түрікмен және басқа да түркі халықтары тұрғысынан аса маңызды. Сондай-ақ Эрдоғанның «Талибан» басшылығын Түркияға шақыруы да өзіндік мәнге ие. Шындығында, Талибанның тез жеңіске жетуі оның сапындағы содырлардың негізінен пуштундар болуымен байланысты. Бұл тәліптер пуштундық бірегейлік негізінде ұлттық мемлекет құруы мүмкін, сондықтан елдегі түркілер қысымға ұшырауы мүмкін деген сценарийді күшейтеді. Бұл жағдайда түрік сарбаздарының Ауғанстанда болуы елдегі түркі тектес халықтардың қауіпсіздігінің кепілі бола алады.
Ауғанстан мен Түркі әлемі арасындағы байланыстар туралы сөз болғанда Пәкістанға да тоқтала кеткен жөн. Өйткені Пәкістан – тарих бойы Түркі әлеміне жақын тұрған ел. Қарабақ жанжалына байланысты Пәкістан – Арменияны мойындамаған жалғыз ел. Кипр мәселесінде де Исламабад Анкараны қолдайды.
Сол себепті Әзербайжан, Түркия және Пәкістан арасында белгілі бір деңгейде ортақ келісім орнаған. 2021 жылдың 27 шілдесі күні Әзербайжан-Пәкістан-Түркия Парламент мәжілісі төрағалары қабылдаған Баку Декларациясы – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар, Исламабад соңғы кездері Орталық Азия мемлекеттерімен де ынтымақтастығын күшейтіп келеді. Мәселен, 2021 жылдың 12-13 тамыз күндерінде Пәкістан Ислам Республикасы Қарулы Күштері Штабтар бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Надим Разаның Қазақстанға ресми сапармен келген уақыты да біраз нәрсені аңғартады.
Қорытындыдай айтқанда, Түркі әлемі мемлекеттері Ауғанстандағы өзгерістерге байланысты сыртқы саяси басымдықтарын қайта қарастыруда. Бұл тұрғыда жаһандық саясатта Орталық Азияның маңызы одан әрі артады деп айтуға болады. Сондықтан, бірінші кезекте, Орталық Азия интеграция процесі және кеңірек ауқымда Түрік әлемінің интеграциясы стратегиялық маңызды мәнге ие болады.