Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы. LIVE

Жаңалықтар
3636

Бүгін, 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет Қазақстан халқына Жолдауын 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жасады. «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» деген тақырыппен шықққан Жолдау бес бөлімнен тұрды. 

Ал 2020 жылғы Жолдау 1 қыркүйекте «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» деген тақырыппен шықты. Бұл жолы Жолдау он бір бөлімнен тұрды. 

Жалпы Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары айқындалады. 

12:20 - Парламент палаталарының бірлескен отырысының жұмысы осымен аяқталды.

12:18 – Мемлекет басшысы:

Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адамдарға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге отырғызған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айырылмауымыз қажет. Қазір ғаламтор дәуірі. Ондағы бейберекет ақпарат ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көрсететін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады.

12:172022 жылдан 2025 жылға дейін бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысын мемлекет жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсіретін болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

12:16Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс. Бұл - отаншылдықтың басты белгісі. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі - БҰҰ-дағы ресми тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

12:14 – Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту мемлекет саясатының басым бағыты екенін айтты.

Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі - шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр дегенге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі, - деді ол.

12:13Еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарастыру керек. Ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері көтерілмеген. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін көтеруді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

12:12 – Президент:

Қоғамдағы бірлік пен келісімді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап, кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз. Заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз адамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді.

12:11Халқымыз үшін зиялы қауымның орны әрқашан ерекше. Адасқанға жөн сілтеп, бағыт-бағдар берген ел ағаларының белсенділігі айрықша маңызды. Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы ісімен бағаланады. Отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық сияқты қасиеттер жастарымызға дәріптелуі қажет, - деді Мемлекет басшысы.

12:05Қазақстан қазір жаңа дәуірге қадам басты. Бірлігіміз – әр алуандықта. Бұл қағидамыз ешқашан өзгермейді. Пікір алуандығын қолдай отырып, біз радикализмнің кез келген түріне жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Адамды тіліне, ұлтына қарап кемсітуге жол жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

12:04 Мемлекет басшысы кезең-кезеңімен прокурорлардың айыптау актісін дайындау бойынша құзыретін арттыру қажеттігін айтты. Бұл олардың жауапкершілігін және тергеу нәтижелерін құқықтық бағалау тетігін күшейтеді.

12:03 – Мемлекет басшысы ішкі істер органдары профильдік емес функциялардан босатылғанын айтты. 

Кей өңірде пилоттық режимде полицияның серверлік моделі іске қосылды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

12:02 – Тоқаев:

Әйелдер мен жастардан басқа, билік органдарында ерекше қажеттіліктері бар адамдар болуы керек. Сондықтан ерекше қажеттіліктері бар адамдарға квота енгізу қажет.

12:002024 жылы азаматтар ең болмағанда, пилоттық жүйе бойынша аудан әкімдерін сайлауға мүмкіндік алады, - деді Президент.

11:58Саяси реформалар жалғасын табады. Мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін елімізге тән ерекшеліктерді ескере отырып, өзгерістерді жалғастырамыз – Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:57 - Үкімет көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын қабылдауы керек. Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушыларды қолдау қажет, - деді Тоқаев.

11:56 – Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Қоғамда масылдық үрдісі белең алуда. Мұндай адамдар мемлекеттен ала берсем деген түсінік қалыптастырады. Ал шын мұқтаж жандар көмектен тыс қалып жатыр. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:522030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы орын алуы мүмкін. Жыл бойы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ бірігіп қауіпсіз және экологиялық атом энергетикасы мәселесін зерттеуі қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:50Суды үнемдеуге көшуіміз қажет. Бұл - су тапшылығын жоюдың басты жолы, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:49Экология мәселесі басты назарда болуы тиіс. Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды. Батыс өңірлерін газдандыру бойынша 700 млрд теңге болатын 3 жоба бойынша жұмыс басталады. Бұлар – Қашаған, Солтүстік Мақат, Бейнеу-Жаңаөзен магистралді газ құбырын жаңғырту жұмыстары, - деді Мемлекет басшысы.

11:47 – Тоқаев:

Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым. Құзырлы министрлік осындай ғылыми мекемелерді іріктеудің және қаржыландырудың айқын әрі ашық ережесін әзірлеуі керек.

11:46 – Аймақтардың қаржылық дербестігін қамтамасыз ету үшін ШОБ корпоративтік табыс салығы өңірлердің өздеріне берілген болатын. Облыс орталықтары – аймақтың даму нүктесіне айналуы қажет, - деді Мемлекет басшысы.

11:45 – Президент 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырды.

Бұған дейін 2025 жылға дейін 800-ден кем емес мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін бұл санды 1000 мектепке дейін жеткізу туралы тапсырма беремін. Бұл мәселені шешуде мемлекеттен бюджеттен бөлек, жекеменшік ұйымдарды тарту қажет, - деді Тоқаев.

11:44Бюрократияны түбегейлі төмендету керек –  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:41Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Ғылым саласының гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға ұзартуды қарастырған жөн, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:38 – Мемлекет басшысы: 

Пандемия кезіндегі қашықтан алған білім ұлттық телекоммуникация желісінің тиімсіздігін көрсетті.

11:37 - Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25%-ға өсті. Келесі 3 жылда осы мақсатқа 1,2 трлн теңге бөлінеді. Қабылданған шаралар өз нәтижесін көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, педагогикалық мамандыққа түсетіндердің орташа балы көбейді. Мұғалімдерді қолдау саясатын жалғастыра береміз, - деді Тоқаев.

11:36«Қайғы» деп айтуға болатын жағдай орын алды. Балалар сабаққа құлықсыз. Білім саласы қолжетімді және инклюзивті болуы тиіс, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:35 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токио олимпиадасына байланысты әкімдерге балалар спортын дамытуды қолға алуды тапсырды.

11:34 – Мемлекет басшысы: 

Көптеген балаға бұрынғы жоспарлы екпелер салынбай қалды. Бұған жол беруге болмайды. Медицина саласына қаржы құю керек. Фармацевтика саласына көңіл бөлу қажет.

11:32ДДСҰ тіркелген вакциналарды сатып алуымыз қажет. Бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алуға дайындаған жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:30 - Мемлекет басшысы: 

Денсаулық сақтау саласы үшін коронавирус үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Біз уақыт ұттырмай, індетпен күрес шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы күресте вакцина жасап шығарған санаулы мемлекеттің бірі.

11:29 – Мемлекет басшысы Ауғанстандағы жағдай бойынша сыртқы шокқа дайын болуымыз қажеттігін алға тартты.

11:28 – Тоқаев: 

Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселелесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсететін қолдау тәсілдері жеке қосалқы шаруашылықтар туралы бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуі тиіс.

11:28 - Мемлекеттік қызметтің жүздеген түрі смартфон арқылы қолжетімді болады, - деді Президент.

11:27Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалануда өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адам иеленіп қалған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

11:26 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беруге және сатуға қатысты толықтай тыйым салынғанын айтты.

11:24 – Мемлекет басшысы: 

Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жоспарлау қызметі қиынға түседі. Соңғы жылдары субсидиялау тәсілдерін қайта қарап тұрақтандыру үшін 2 трлн-нан астам қаражат бөлінді. Өкінішке қарай, қозғалған қылмыстық істердің көбі субсидияны талан-таражға салуға қатысты болып отыр.

11:23 – Тоқаев егіс алқабына әр жылы әр түрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейтуді тапсырды.

11:23Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударуы қажет, - деді Президент

11:20 - Мемлекет басшысы: 

Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн.

11:20 – Мемлекет басшысы Үкіметке инфляция туралы Парламентке Заң жобасын ұсынуды тапсырды.

11:19 – Инфляцияның бақылауға көнбейтін өсімімен бетпе-бет келдік. Ұлттық Банк пен Үкіметтің басты міндеті – 4-6% дәлізіне оралуын қамтамасыз ету – Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:18 - Мемлекет басшысы бірыңғай ұлттық геологиялық қызметті құруды тапсырды. 

Оның рөлі - инвесторларға сервистік қолдау көрсету. Жер қойнауы туралы цифрлық мәліметтер базасын әзірлеу және инвесторлар үшін оларға қолжетімділікті ашу қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:17 – Жер қойнауы – ұлттық игілігіміз – Қасым-Жомарт Тоқаев

11:16 – Еліміздің ресурстық әлеуеті толықтай ашылған жоқ. Инвесторлардың сапалы геологиялық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету керек – Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:16 - ҚР Президенті мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

11:13 –  Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті  – Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:12 – «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін созу туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының көлемі кемінде 1 трлн теңге болады – Мемлекет басшысы.

11:12 - Елшілес компаниялар 2 есе азайды – Қасым-Жомарт Тоқаев.

11:11 – Қиындыққа қарамастан бағдарымызды берік ұстанып келеміз – Қасым-Жомарт Тоқаев

11:10 - Тәуелсіздік - біздің ең қастерлі құндылығымыз - Тоқаев

11:10 – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы мен жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы маңызды екендігін айтты.

11:08 - VII шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясы Мемлекеттік әнұранмен ашылды.

11:06 - Тоқаев: Құрметті депутаттар, құрметті Үкімет мүшелері ҚР Конституциясының 59-бабына сәйкес VII шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялаймын.

11:06 - Нығматулин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сөз берді.

11:04 - VII шақырылымның ІІ сессиясының ашылуына орай депутаттарға күн тәртібі ұсынылды.

11:03 - Парламент палаталарының бірлескен отырысына Мемлекет басшысы, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысуда.

11:02 - Депутаттар тіркеуден өтті. Сенаттың 47 депутаты, Мәжілістің 102 депутаты қатысып отыр - деді Нұрлан Нығматулин.

11:02 - Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды.

10:55 – «Қазмедиа» орталығына БАҚ өкілдері ақпарат тарату үшін жиналды.

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшілері – Мақпал Орынбек, Гүлжан Раманқұлова.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...