Батырхан Сәрсенхан. Күзгі роман

ӘДЕБИЕТ
4195

Ақын Батырхан СәрсенханАқын Батырхан Сәрсенхан Қара түнде жорық қалды,
 Қара түндер түнеп өтті.
 үскірікті, жарықтарды,
 ыдыстарды, кереуетті,
 көне шамды, құмыраны,
 күміс қазан, зер кесені,
 құдық беті, шыныларды,
 бағзы әжей кимешегі
 ажал жұтты. Жұтты бәрін
 өкінгенді кешірмеді.
 оңай жықты мықтыларын,
 әлсізге де шешім келді.
 Олар көкті көрген еді,
 Олар шөпке сөйлеп еді,
 Олар түсте терлегені
 аптап іші шөлдегені
 өшті кенет. Мырзасы еді,
 олар таудың желкені еді
 олар сөздің құлжасы еді,
 олар ғайып зау терегін
 сезді ме екен?! Өмір кешті,
 жалғыз ару жер бетінде.
 жалғыз ару күбірлесті,
 жалғыз ару жер бетінде,
 өмір кешті, өмір кешті.


2.

 Сен Родосты көрмеп едің,
 Сен Критті білмеуші едің.
 Сен атомның дөңгелерін,
 жердің Хақпен тілдесерін,
 терең сулар жай ағарын,
 саяз мұхит көл боларын,
 Африка тайпаларын,
 көне Рим қалаларын
 білмеуші едің. Тек сүюді,
 тек сүюді білер едің.
 тек сүюмен жүрер едің,
 тек сүюді тілер едің.
 Ай бетіне үңілерде,
 күн бетіне көз саларда.
 кейіпсізден түңілерде,
 құлықсыздан жасқанарда,
 тек сүюді айтар едің,
 тек сүюді киер едің.
 Сен сүюмен көркем едің,
 Сен сүюді иелендің.
 Бұл –
 ұлылық қарапайым,
 Бұл –
 бекзаттық көк тіреген.
 Сені сүю деп атаймын,
 Сені сүю деп білемін!

3.

 Мен сыйлаған гүл күлтесін
 қайың ағаш қорабына,
 салған түні, шығып есім,
 қарағандай қаралыға
 Қалай?– дедім, – әрбір гүлдің,
 күлтелерін сақтағаның.
 сақтағаның салқындығын,
 өзге шара таппағаның?
 Миығынан жымиғандай,
 миығынан бұрылғандай
 бір иланып, бір иланбай,
 аспан рухын ұғынғандай,
 Гүлдің жаны,–дедің сонда,
 Мәңгілікке апарады.
 қай тарапқа бұрылсаң да,
 мәңгілік деп аталады!
 Ол ұғады бұл өлкені,
 екеумізді біз етеді.
 екеумізді бір етеді,
 екеумізді күзетеді!

4.

 Өмір дейді сақталғанды,
 Өмір, өмір, Тәңір ісі.
 сұраусыз мол сәттер қалды,
 бірінші сәт көрінісі:
 Түнгі қала. Ж. көшесі,
 «Екі ғашық» әні естілген.
 шұңғыл сезім көлеңкесі,
 ол аумайды нәрестеден.
 Өмір дейді өкінбесті,
 өмір, өмір, Тәңір ісі.
 сұраусыз сан кешім өтті,
 екінші сәт көрінісі:
 Қоп-қою бақ. Мұнарлы аспан,
 Қыз бен жігіт. Қоңыр күлкі.
 еркелескен, бұлаңдасқан,
 сенім кілті, сезім құлпы.
 Өзен ағар, ағар да ағар,
 Өмір, өмір, Тәңір ісі.
 абыржыған, алаңдаған,
 үшінші сәт көрінісі:
 Жаңа жыл ve толқыған сөз,
 Хат алысу, маржан әріп.
 белгісізге малтыған кез,
 демімізден тау жаңарып.
 Хат оралмас жыл құсымен,
 Өмір, өмір, Тәңір ісі.
 керуен жылдар дүрбісінен,
 төртінші сәт көрінісі:
 Неге? –
 жалғыз сұрау есім,
 Неге?
 жауап: қисық шеге.
 бір сұрақтың көлеңкесі,
 қадалар-ау түйсікке де.
 Неге?–дедің,
 егер білсем,
 егер білсем, неге екенін,
 егер білсем, сүрінбес ем,
 білсем егер неге екенін...

5.

 Алыс маңай. Бұзылған үй,
 қиранды там және шеті
 карта ішінен сызылған үй,
 қараңғылық шөбі өседі.
 Қараңғылық мұңы айтылар,
 Қараңғылық дәні егілер.
 Қараңғылық ұлғайтылар,
 Қараңғылық сөйледілер.
 Мұржасына қарға отырар,
 шатырына ашу қонар.
 қиырында балға тұрар,
 үрейлі көз өшіп-жанар.
 дәл сол үйдей кеудем менің,
 қаңсыды ғой, бір күндері.
 «осы ма екен семген жерім»
 деген ерін күбірледі.
 Күн айналды құбыжыққа,
 қыр айналды қаралы айға.
 жезге айналды жылылық та,
 шөлге айналып тарам ой да
 түгесілді. Көрдім бәрін,
 торғын етіп, түнек етіп,
 көрдім жаға қалбырларын,
 шұғыланы шідерлетіп,
 салдым зындан. Сәуір күні
 кезіктің бе, сонда маған.
 мендегі ойдың ауырлығы
 қасиетіңді қаумалаған
 ара сынды ызыңдады.
 Сен көріндің қарашадай
 сен көріндің қызыл жүзі,
 сұрға айналған алашадай.
 Кілт бұрылдым, оралмадым,
 оралмаған жыл ішінен,
 оралмаған күн ішінен,
 оралмадым, оралмадым...

6.

 Қандай ауыр, жолдар бізді,
 қырлар бізді сөз етпейді.
 қандай ауыр, қалған ізді,
 келген жылдар көзі етпейді.
 Қандай ауыр, қала шамы,
 қорғасынға жарық шашар.
 қандай ауыр, қарашаны,
 сүйіп адам қалыптасар.
 Қандай ауыр, қабырғаның,
 кеудесіне тіл бітпейді.
 қандай ауыр, бауырларым,
 күрсінгенін білдіртпейді.
 Қандай ауыр, күлетіні,
 сыңары өлген қарындас та.
 қандай ауыр, шын өкіну,
 ешқашан да бұрылмасқа.

7.

 ...жылдар ақты содан бері,
 жапалақтың жанарындай
 жылдар ақты сөйлемдегі,
 жатыс септік жалғауындай,
 Кімді іздеймін арашаға,
 кім ойланар бірге адаммен?
 кімді іздеймін тамашада,
 кім мұңаяр мұржалармен
 Мен ұғындым: 
 адам жаны,
 мүкке оранса құбырлардай,
 сол жүрекке тірлік заңы,
 қара түске құбылғандай.
 Мен ұғындым:
 адам жаны,
 жезге айналса бұлыңғырлай, –
 жез көрінер оған бәрі,
 жез түсіне боялғандай.
 Кешір мені, білінбедің,
 Кешір мені, сезілмедің.
 сөніппін ғой, күннім менің,
 сөніппін ғой, көзім менің.
 Мен бөтенмін бұл күндері,
 мен ештеме сезінбеймін.
 мен нүктеден көз алмаймын,
 мен түндерде көз ілмеймін.
 Мен құлыппын бұл күндері,
 мен жиырма бес жасқа келдім.
 мен он алты күзді көрдім,
 мен жұмысқа кешігемін.
 Мен доғардым ғалам жайлы
 бар дауыспен ән айтуды.
 мен үйрендім адамдарды,
 өлеңіммен мұңайтуды.
 Кешір мені, білінбедің,
 Кешір мені, көрінбедің.
 жоғалыппын, күнім менің,
 жоғалыппын, көрінбедің,
 Кешір мені, білінбедің,
 Кешір мені, аша алмадым.
 аша алмадым, күнім менің,
 тор көзімді аша алмадым.
 Сұлу Ләйлі ажары емес,
 сұлу Мәжнүн жүрегі еді!
 Кешір мені, бозаң елес,
 Кешірімге тіле мені.
 Қыркүйек. Күз түнерулі,
 бүгер жолдар жабығысын.
 Мен көремін жүрегімді,
 Сені көре алу үшін.
author

Батырхан Сәрсенхан

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...