Тұрсын Жұртбай. Оразадағы ойлар. Көзтүрткі.

ӘДЕБИЕТ
2980

Тұрсын Жұртбай

Бақыт – төрт құбылаңның түгелдігі мен тыныштығы, айналаңның амандығы, тілегіңнің қабыл болғандығы.

Егер осы үшеуі қалпында тұрған жағдайда:

Өмір сүрген қоғамыңа сыймасаң, онда сен – бақытсыз тұлға болғаның. Жұбанышың – ойыңды бөлісетін ортаң, сырласатын досың, жанындағы түсінетін жарың, үмітіңді жалғайтын балаң бар.

Егер, жоғарыдағы үш жағдай қолыңда тұрып, қоғамыңмен ымыраға келіп, ой бөлісетін орта тапсаң, онда сен бақытсыз тағдырдың иесісің. Жұбанышың – ымырамен өмір сүретін қоғамың, жаныңды түсінетін жарың, мейріңді төгетін балаң бар.

Егерде, төрт құбылаң түгел әрі тыныш, айналаң аман, тілегің қабыл, қоғамың – қормал, ортаң – толысып тұрса да, отбасыңа симасаң сиғызбаса, сүйкімің кетіп, көзтүрткі болсаң, шипың бітті деп онда сен нағыз бақытсыз сорлының өзі болғаның!

Оған жұбаныш табылмайды!

Өйткені: отырсаң – опақсың, тұрсаң – сопақсың, жатсаң – жайылсың, жүрсең – жүгірмексің, сыртқа шықсаң – сұғанақсың, үйге кірсең - өмеқапсың, көптің ішіндегі қорысың, қысқасын айтқанда, үй – ішіңнің құтылмайтын сорысың.

Себебі, оларға; күлкің – кекесін, мейірің – мекерлік, ақылың – мазақ, іздегенің – азап? Түрің – маймыл, тегің – неғайбыл? Тілің – мүкіс, белің – бүкіс, табысың – тапшы, ашуың – апшы, ішкенің – ірің, жегенің – желім, демің – сасық, денің – пасық, дұрысың – бұрыс, бұрысың – дұрыс, оңын – теріс, терісің – оң, кеңесің – керіс, өкпең – ұрыс, қайрымың – қастандық, достығың – дұшпандық, құрметің – қорлау, алғауың – алдау, қойның – күндесің, балаң – бақасын, өзің – жексұрын, сөзің жиренішті боп көрінеді.

Демек: үйге де, түзге де, қоғамға да сыймағаның, сыйғызбағаны, сия алмағаның және сыймайсың, сыйғызбайды, сыя да алмайсың!

Өйткені сен – көзтүрткісің!

Сені, - өзіңнің отбасыңа сүйкімі кеткен, сені, өз отбасың – қатының мен балаң - өз ағайындарың мен өзінің ымырашыл қоғамыңның ортасына таланға тастап отыр: Ал олар сені талайды! Сөзсіз талайды! Талағанда қандай!

Сенбесең: ешкімнің тобына қосылмай, көп жыиылған жерге жоламай, олардан бойыңды аулақ салып, өз бетіңмен кетіп бара жатып, кілт бұрылшы. Сонда: сұқ саусағын шошайтып сені нұсқап тұрған қолды, сығырая сұғын қадаған көзді, жымсиған жымысқы ерінді көрсең: «Ана жексұрынды қарашы! Түк білмегенсіп кетіп бара жатқанын. Бұл пәле ішіне бір қулық сақтап, әдейі қыр көрсету үшін жон арқасын көрсетіп барады!» - деген күнкілді есітіп қаласы. Бетіңді беріп тура қарай қалсаң – сөз сап тиылады. Шошайған саусақ түседі. Көздері мүләйім, өздері мүттәйім бола қалады. Бетіңді теріс бұрып әкетсең болды – сұқ саусақ қайта шошаяды, көз – сұңқа, сөз – сыбырға айналады.

Жиылған топтың ішінде елеусізідеу жерге отырсаң «Қасықана бойтасалады жымысқысын қара!» - дейді.

Топ пен тобырға қосылмасын: «Қатын – баласына сүйкімі жоқ саяқ неме! Кісімсуін қарашы. Оны кім сағынып отыр екен:!» - дейді.

Сонымен, сен енді үйіңде де, күзде де, қоғамда да: отырсаң – опақсын, тұрсаң – сопақсың… Тағысын тағылар. Неге?

Себебі: қоғамның қалауымен, ағайынның алдауымен, қатын – балаңның тілеуімен тағдырдың.

- Көзтүрткі атану қарғысы саған бұйырды!

Құтты болсын!

Өйткені сен: «Көзтүрткі» болу арқылы бақытқа бөлендің!

Өйткені: отбасың, айналаң, қоғамың өзін бақытты сезіну үшін оларға. Бір сүйкімсіз. Бір Жексұрын, Бір Көзтүрткі керек еді. Әйтпесе, олар кімді келеке етеді, кімді күндейді, жаным – ау, өзінің бойындағы кемшілік пен күмәні кімнен көреді, кімге жаласын артады, кімді күнәға батырады!

Әрине, сені!

Өйткені сенің – үйден де, түзден де, заманнан да табатын жұбанышың жоқ!

Үйде де, түзде де, қоғамда да қорғанышың жоқ!

Ерінбегеннің тепкісінің астында өмірің - өмір емес, ит тірлікпен өтеді солай!

Көнсең де – сол, көнбесең де – сол бір тепкі!

Бақытсыздық – төрт құбылаң түгел әрі, әрі тыныш, ағайының аман тілеуің қабыл бола тұрып, өз отбасыңа сыймағаның, сыйғызбағаны, сия алмағандығың!

Алла, оның бетін аулақ қылсын де!

 Ей, Алла;

 Ағайынның аласынан,

 Қатынның табасынан 

 Баланың бақасынан сақта!

Немістердің қағып кеткен намысын оятып, дүниені дүр сілкіндіріп, екінші рейхты құрған «Темір канцлер» Отто Бисмарк:

«Революцияны данышпандар даярлайды, фанатиктер жүзеге асырады, қызығын азғындар көреді», – деген екен!

«Қасиетті Рим империясының» алманиялық рейхы – кеңесі арилік – германдық идеяны дүниеге әкелді, Бисмарк араға 5 ғасыр салып барып оны жүзеге асырды. Ал, Гитлер мен Муссолини «қасиетті одақ» құрып. «одақ - фашизм» - деген италян сөзін жексұрын ұғымға айналдырды. Рейхтың қызығын шыжық етті. Кенесары – Абай тұсындағы «зар заман» ақындары дайындады. 

Бізде «Алаш» идеясын «Алашорда» үкіметі мен кеңесінің Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Б. Құлманов, Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышбаев, Х. Габбасов, Е. Омаров, Т. Шонанов, М. Жұмабаев, А. Бірімжанов сияқты ұлт көсемдері құрды, ұлттық автономия алды.

Автономияның қызығын кеше «коммунист - колонизаторлар» (С. Сәдуақасов), бүгін сіз бен біз көріп отырмыз.

Сонда біз кімбіз?

«Адам бол!» - деме! әуелі өзің адам болып көрші қалған ақылды содан кейін барып айтарсың.

Сенің шамаңды өзгелер біледі – ау, бірақ, өзіңнің шамаңды өзің білмейсін – ау деп қауіптенемін.

Өзіңнен басқаның бәрін өзіңнен кем санасаң – онда нағыз хайуанның өзі болғаның; ал өзіңді көзгелерден кем санасаң адам болудан әлі де үмітіңнің болғаны; егер өзіңді өзгелермен тең санасаң – хайуандықтан кетіп, адамдыққа жеткенің, онда жеріңе – тұтқа, еліңе – тұлға болуға толық мүмкіндігің бар! Сәтін салсын!

Сүйкіміңнің кеткенін білу - өте ауыр жағдай, ал сүйкімсіздігіңді сезбеу – қасірет!


author

Тұрсын Жұртбай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Павлодар облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ алтын өндіру кәсіпорны салынады. Бұл өндіріс жылына 15...

Жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды ​​облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының...