Мия Алғожаева. Қандай қиын адам болып өлуің!

ӘДЕБИЕТ
1836

Неге адамдар түніменен ұйықтамайды?

Ойлайды,

Ойлар оны улайды...

Мүмкін, түнде түс көреді,

Өзге жерді мекендеп. 

Мүмкін, түнде текке ереді,

Түсті өмір екен деп.


Таң күтеді,

Шулайды,

Ерегісіп,

Есіріп, 

Жан жарасын жырлайды.


Білінбейді,

...күндіз оның қайғысы.

Тәтті көйлек киіп алып,

Жұмысына зырлайды.


Жол жүреді, 

Жүрген жерін күлдіреді, 

Жүзге жылы сөздерімен, 

Мың бұралған билерімен, 

Шәйға қосқан бал секілді,

Мұңын өзі бүлдіреді...


Бәрі бітіп,

Үйге кіріп, 

Өз - өзіне келген соң, 

Сол баяғы қырға асып, 

Белден өтіп болған соң, 

Қайта келіп сол есікке,

Қайта еніп сол бесікке,

Тербетеді ойларын...

Ойланады, 

Ойлайды, 

Ойлар оны улайды!

***

Біз жиі құдайға ренжіп жүрміз,

Есігінен сығалап хәл сұраспай,

Бақыт тілеп өзімізден - өзіміз,

Егілеміз... жылауға да сұрықсыз түріміз.


Белгілі ғой сенің де менің сыйқым.

Мүмкін сырттай періштеміз,

Мүмкін сырттай пейіштеміз, 

Тым таршылық жатыр іште.

Іштей бірақ жеңілеміз,

Іштей жылап жерінеміз, 

Себебі, 

Тірі жүрміз. 


Тіршіліктің құлымыз.

Сан мың сауал қойып алып алдыға, 

Сарыламыз, сандаламыз таппаймыз. 

Себебі біз түк білмейміз, 

Себебі біз текке іздейміз бақытты. 

Сол үшін де жауапсыз күніміз. 


Қандай қызық адам болып туылу, 

Қандай қиын адам болып өлуің!

***

Түсімде жүрген бейтаныс адамдар жақыным сияқты, 

Күледі,

Содан соң жоқ болып кетеді. 

Біледі, 

Мені сол шақтардың есуас адамды етеді.

Сезеді,

Сезімсіз сенделген бейнеме карап тұр,

Айтқысы келеді, бірақ-та сөйлеуге кедергі болады,

Басқалар!


Тағы да көремін сол түсті, 

Тым арзан болса да оянығым келмейді.

Сеземін аяғын,

Сонда да жалғасын күтемін түсімнің.

Мен неге алданам сендерге, 

Кімсіңдер? 

Сол жылдар мені шын сүйсін де, 

Жоғалсын! 


Себебі жоғалттым сәттерді, 

Түсіме сақтадым, жастығым куәгер. 

Егер де қайтадан оралам десеңдер айтарым: Келмеңдер!

Кеткендер есігін қақпасын түсімнің. 

Жүректің түбінде  өшкен от, 

Екінші жанбайды, 

Келмеңдер, 

Кірмеңдер түсіме!

***

Ессіздіктің белгісіне мас болып,

Жас болғанға не жетсін... 

Тәңір сүймес ол қылыққа салынған.

Жастар жаны тазалықты сүймес тым.

...Мәнін іздеп шарқ ұруды жат көріп.

Қызыл-жасыл бояулармен сән құрып, 

Сезімдердің касетасын жасап ап,

Жас өмірдің қызығына қанбас шын.

Несі әбестік жас болғанда күлгенің, 

Көйлек киіп, далап жағып жүргенің, 

Қыздар жағы нәзіктіктен құралса, 

Ұлдар жағы гитарамен ән шырқап, 

Қысқа өмірдің тәтті балын ішкесін,

Көп билейді...

Мүмкін сезер өмір соңы мұң емес, 

Өмір шыңы гүл емес, 

Сол үшін де олар сондай шынайы,

Сол үшін де олар іштей жылайды...

Қандай жақсы ессіздікке мас болған,

Қандай жақсы жас болған...

***

Мен тірімін, 

Тіршілікте күймедім,

Білмеймін тіпті қай жерде сонда жүргенмін, 

Көңілсіз өткен күндерің бәрін тізіп ап,

Бақытты түрдің киімін алып кигенмін. 


Мен сонда кіммін, 

Денемде менің жан бар ма?

Тағдырдың өзі тарылтып мені тұрғанда,

Кеудеме менің бізін кеп тақап тұрса да,

Жабығып тұрып жылауды сонда білмедім.


Сезімбей қалай жүргенмін, 

Себепсіз сонда күлмедім,

Тілгілеп тұрған қайғыға сонда мән бермей, 

Бақыттың тәтті уын да ішіп көргенмін. 


Мен әлі жүрмін, 

Жүрекке сақтап бар мұңын.

Қағазға жазып сырымды мүмкін сақтармын, 

Сарылған жылдың тізбегі бір күн үзілсе,

Өзімнен туған өлеңнің бәрін жаттап ап,

Өзіңе ғана оқып мен сонда тұрармын.


Келмеске кетсе көп жылдар,

Өзгеріп мен де кетермін, 

Естелік те ескіріп мүмкін кетер тым,

Бәрі де өшіп…

Бәрі де ұмыт болғанда,

Аңсаған күннің есігіне де жетермін!

***

Артқа қайтып елестерді жинап алғым келеді. 

Көлеңкеде сақталған сырларымды, 

Тасқын суға ағызып тынышталғым келеді.

Кім біледі? 

Бәлкім олар тасып жатыр бұлқынып, 

Жанарыма сыймағасын жібереді жас қылып.

Кім біледі қашан, қайда кетерін,

Қайда барып қонар екен тұншығып!


Өшер мекен отты жалын, 

Бірақ қайдам шешілмесе сырларым, 

Ертең менен біреу келіп сұраса, 

Қандай жауап айтар едім,

Тағы айтарым өтірік!


Кешір!

Білем өкпелісің, 

Күлу сенің теңің емес екенін. 

Бір күндері жанарымнан отты жалын байқасаң,

Өтінемін өшірмегін!

Өшірмегін...

***

Қараңғы сәттің жалыны өртеп барады,

Жанымды сырттай жамаған болдым жасыммен.

Көздегі мөлдір жасымды менің алсашы,

Емделіп кетер жарасы мүмкін жанымның.


Қаптаған суық көздерден мені тасала,

Сырымды менің өртетіп таста сақтама,

Сарылған жылдар өтсін де кетсін келмеске,

Сол кезде мүмкін тыныштық менде қала ма?


Тыншымай жүрмін,

Тұншықтым мүмкін жүзе алмай.

Айдынның емес өмірдің көлі терең боп,

Шарасыз күйде таба алмай кетсем қайтем-ай !


Көп созбай кел де жарығын түсір жанымның,

Ескерткіш боп сол жерде өзің тұрушы ең,

Егер сен білсең ақылдың алғаш солатынын,

Сонда сен мүмкін бірінші қойып өзімді,

Жылауға емес күлуге себепші болатын ең.

***

Тыныссыз демің кеудемді өртеуде.

Әлі талай айтылатын әңгіме коп, 

Бірақ сен алғашқысын естуден жалыққан жоқсың неге?


Мен жүріп өтетін жол сондай алыс,

Сыр шертісудеміз сен жай ғана күлімде.

Жақын қалғанда сөздер жоғалады,

Жоғалтқан кім мен бе әлде сен бе?

белгісіз...


Білем,

Тыныштық құлақты жарып барады.

Сен тағы ән салдың, бұл жолы дыбыссыз,

Қағазға түссе тым көңілсіз,

Мен тыңдаудамын әуенді үнсіз!                                                               

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...