Ақын Төлеген Меллаттың 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
1999

COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама пандемия болды. Бәрі де өтті. Ия, бәрі де өткінші. Бұл апат та өтер, кетер... Жайбырақат, жайдарлы күнімізге де оралармыз. Шыдайық, сақтанайық, жақынымызға жанашыр болайық! Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі ТаңжарықҰларбек НұрғалымұлыЫқылас Ожайұлы, Мирас Асан секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Төлеген Меллат! Мархабат!

Ақын Төлеген МеллатАқын Төлеген МеллатКелмеген көктем 

І

Мүлгіген көше. 
Мезгілдің реңі жүдеу. 
Гүлдерін көтеріп, 
Көктемді сатып жүр біреу. 

Ғажап-ау, сірә! 
Көктемнен тәбәрік гүл алсаң. 
О, бірақ тұшынтпады ешкімді, 
Иіссіз раушан...

ІІ

Өлімші уақыт, 
Көктем бір пақыр. 
Ғасырдың алқымын сығып, 
Кәрі жер жөтеліп жатыр. 

Тынымсыз ақ нөсер, 
Төпелейді ал, бірақ, 
Бүрлейді ағаштар, 
Бұтағы салбырап. 

Ақ нөсер аспанның
Ағылған жасындай. 
Ағаштар түндердің
Ағарған шашындай. 
Минуттар масылдай, 
Сағаттар ғасырдай. 
Жел неге гулейді, 
Желігі басылмай...?! 

16.04.2020

Түйеші

Басына бұлт қонақтап ала шабыр,
Аспаны айды ілердей аласарып.
Сусытып иығынан қара шәлін,
Созылып сортаң жақтың таңы атады.

Өктемдік,үстемдігін қуып тақтан,
Уақытты ұстасам деп құрып қақпан.
Келеден, кер үлектен көз айырмай,
Ой мүжіп отыр дөңде "ұлық баққан".

Кәрі үлек күркірейді, кекжиеді,
Емексіп, ернін тартып, ербиеді.
Қуарып қом жимаған айыр, мая,
Маңына бастырмаған сол күйі оны. 

Тығыршық, құман мойын, етті, пысық, 
Дүңкиіп, күжірейіп, дөп шығысып, 
Алдына көлденеңдеп тұра қалған, 
Қара өркеш құнаншадан кетті ығысып.

Қарадай қипалақтап, сыны кеміп,
Күбірлеп, күйін таппай, күңіреніп. 
Қабарып қас-қабағы қарт түйеші, 
Күрсінді қос иықтан мұны көріп. 

Қарамақ қалай енді бұл ыңғайға,
Келеде күй қалмаған сұрың қайда.
Жатаған, жасық, жабы, шау, шалағай, 
"Қырық жыл қоспақ салған күнім қайда?!"

Сол күні-ақ қарт түйеші суып тынған, 
Белін де бір бекімге буып тынған.
Қалдырмай қара тұяқ қала көшіп,
Ақысын алты ұлына "уық қылған".

Қария сол кеткеннен оралмаған, 
Сортаңға сонан ешкім жол алмаған.
Ызғытып "отарбамен" өтіп барам,
Бұлдырап көз ұшында бозаң дала.

Кейісті, ыңсыз, енжар емеурінмен,
Қарайды қара жолдың кемерінен.
Бетпақта қалған жалғыз бәдәуидей, 
Көтеріп басын нарау бедеу інген.

Күмбір

(Қайрат Айтбайға)

Адастым ба тағы да, 
Қай маң мынау қай мекен.
Кәрі еменге сүйеніп,
Күбірледім Қайреке.

Домбыраңның осы емен,
Сүйегі ме дей берем.
Сүйегіне тіл берер,
тиегі ме дей берем.

Қауақ па еді қаққаның,
Қалақ па еді сауырлы,
Күрпілдетіп төкші бір,
Кеуде тұсым ауырды.

Жұмбақ жымын жасырып,
Кіл қара түн сыр бүксе.
Сырын оның сөйлетер,
Екі ішекке тіл бітсе.

Қамыс бунақ, құс сирақ 
Саусақтарың жорғалап,
Қара қойдың ішегін
Сауып –сауып сорғалап,
Еңіреліні басқанда,
Ердің сойын көрем мен.
Еміреліні басқанда,
Еміреніп өлем мен.

Қаз табандап қарғытып,
Жаба тастап, аттатып,
Тайғанақтап, дірдектеп,
Байтақтатып, орғытып,
Перне басқан бес саусақ,
Бодандығым дер ем мен.

Қара шертіп, ілмелеп,
Түйдектетіп, төкпелеп,
Жаба қымтап, желдіртіп,
Сүрдектетіп, текпілеп,
Буырқанған бес саусақ,
Бостандығым дер ем мен.

Бозда қане «Боз інген»,
Бұйдаң қалды жырақта.
Құм астынан құмығып,
Үнің жетер Құлаққа.

Төрдесің бе «Бес төре»,
Көрдесің бе түрегел.
Есіктегі құл тулап, 
Келді есіме бұл өлең.

Бас жампозым, «сылқылдат»,
«Шалқыма»ны шарықтат,
«Қосбасар»ды құйқылжыт,
Артық бұрап бабын тап.

Оң тізеңе қондыра,
Теріс бұра, оң бұра.
Құдайдан соң құлдығым-
Осы қоңыр домбырам.

Ал, қоңырым озанда,
Үнің сенің ұран ба, 
Жазылмаған ғазал ма,
Айтылмаған азан ба?!
Пернелерің ізім бе,
Тентіреген тірлікте.
Екі әлем бе екі ішек,
Аралығы бір нүкте.
Үш тиегің үш қабат
Дүниенің шегі ме,
Күйін оның қос құлақ,
Келтіре ме теңіне?!

Мойыныңа мың құлаш,
Мұңы орылып ғаламның.
Мұнарытқан даламның,
Обалы мен сауыбын,
Шанағыңнан табамын.

Бозда қане, «Боз інген»,
Қозға шерді Қайреке.
Қолым жетпей созарға,
Жыр сарқылды жазарға.
Жырдың жайы не болар,
Күйдің күні не болар,
Бастан дәурен озарда...

Жалғыз үй

Мұңлық тау*. Мола басы. Қызыл іңір,
Құлпытас – құрбандардың тізімі кіл.
Қалқиып қара дөңде қараша үй тұр,
Қапталы қырық құрау үзігінің.

Сыңсытып сары селеу, боз қурайды,
Құлазып қыр қыңсылап, жел жылайды.
Жалғыз үй жар басында несіне отыр,
Несіне қашық қонған ел былайғы.

Кірмеген іздеп туыс, шулап көрші,
Сықпыты оқшау үйдің тұрмақ та ерсі.
Кермеде күлге аунаған қысыр бие,
Тірі емес, тері де емес тулақ дерсің.

Қора бос, көген иен, оқыр қаңсып,
Сонда да үй күзетіп отырғансып.
Сымпиып, сылтып басып, шоқия қап,
Шанда бір "шәу" етеді қотыр қаншық.

Қаптатып құржа салған төскейлерге,
Былайғы ел жалғыз үйді ескермейді.
Жұтаған жұрт иесін ілкідегі,
Белгісіз мекендерге көшкен дейді.

О, жалған, білінбей ме бір дерегі,
Қыр басы қызыл алау күйге енеді.
Қожасы мына таудың қайда кеткен,
Тау оны, тауларын ол сүйген еді.

Мұңлық тау. Мола басы. Қыр асты іңір,
Демінен тамып кетті бір ащы мұң.
Қараша үй құшнаштың қабірі ме,
Қалқиған қосы ма әлде шырақшының?!

*Баркөл жеріндегі тау аты

Оралу  

Бұл шеткері бақта, 
Тыныға алар ма екем. 
Бұлтсыздық сірә қай жақта, 
Ей, бағзы мекен!   

Ауама аңқытты кімдер, 
Бейтаныс әпсаналарын. 
Мінеу бір шешексіз гүлдер, 
Менің бастамаларым.   

Қолына ап қара ноқтасын, 
Біреулер желігуде ме. 
Кеміріп қара ағаш басын, 
Жалғыз жүр елігім неге.   

Қуыма қоспапты қосақ, 
Қанатын қалай ол жайсын. 
Сүйектен сыбызғы жасап, 
Баурымды езген бұл қайсың.   

Ауылым сенбісің әлде, 
Мезгілсіз мазалай берген. 
Сөнді ішім, көнді ішім әлде, 
Тек сенің ырқыңа ерген.   

Қаңғырған бұлттардан оқып, 
Өзіңді отырмын неге, 
Қаңбақтан жіберген тоқып, 
Мендағы жетім бір кеме.   

Мендікке сызылған сызу- 
әлі көп шиырлап алам. 
Бағымнан жел ұрса түзу, 
Түбінде оралам саған. 
Жәннәтім менің!

Есеңгіреу

Қорқа-қорқа достастым ,
әкесімен үрейдің.
Қашып шығып қара үйден, қопасына түнеймін.
Жаңғырып та қоймайды жан дауысыма Жартастар,
Сұрамаймын - Тілеймін!

Бір іздесе дос іздер,
Мен жоғалып кетті деп.
Үрей билеп жарылар кеудемдегі от жүрек.
Жарылмаса шығармын қопасынан «досымның»,
Тағы келіп тұрармын Жартастарды тепкілеп...

Гуанжоу көшеcіндгі түн


І

Іңірдің қызғылт демінен,
Бұрқырап шарап иісі.
Гуанжоу көшелерімен ,
Қауышар түн сүйісіп.

Мүлгиді үнсіз майып шал,
Ыңырантып ырхуын.
Қара да емес мына түн,
Қоңыр да емес қып-қызыл.

Қызыл түннің ішінде,
Қызыл шырақ сатып жүр.
Жазулы тұр бетінде,
Әлде кімнің нақылы:
«Шырақ сатып алғаның-
Жұмақ сатып алғаның.»

Сапырып саман шарапты,
Мәйханалар желпініп.
Қызыл қасқан ішінде,
Бу нан пісер ентігіп.

Дүмбілездеу сықпыты,
Таласа алар бәрі кеп.
Қасқанғада жазылған,
«Жұмақтың жұмсақ наны» деп.

Мәйханалар алдына,
Шарап тола тізілер,
Қызыл лента тағынған,
Доңыз қарын күбілер.
«Күбілерді искесең -
Жұмақ исі білінер.»

Кезіп кеткен жер-көкті,
Қызыл хаттар мың парақ.
Қызыл-қызыл «Құдайлар»,
Храмдардан тұр қарап.

Қауыштырар құдайға,
Қызыл храм қақпасы.
Маңдайшаға ойылған,
«Гуанжоу-Пейіш бақшасы».

Жұмақ жауаған көше бұл,
Күні, түні бәрін де.
Айырылмасқа әттең-ай,
Өлмеу керек әрине!

ІІ

Гуанжоу көшелері-
Өрмекші торындай шытырман,
Шытырман, мың қабат.
Мың қабат көшені меңіреу мұңға орап,
Күрп-күрп күй сауды бір Қазақ.

Күй сауды сығымдап жанының пернесін,
Шанақтан шер көшіп,
Күңірентті көшені,
«Құдайлар мекені, жұмақтар көрмесін».
Дауысы-ай тым ғажап!
Енжар әлемнің етегін селдетіп.
Боздауық, боздауық, боздауық әуендер,
Адасқан аққуды әкетті көлге ертіп.
Ұш енді шерлі аққу, сорлы аққу, қалмағын,
Жер қалай көтерген
 сорының салмағын.

Жылады майып шал, күрсініп бір сырлы,
Бүтіндеп болар ма  көңілдың жыртығын!
Кесілген тізеден сусып құлады,
Ыңырсып тоқтаған қып-қызыл ырхуы.

Майыпты жылатқан –ғайыптан келген үн,
Сезінді ол кенеттен «Жұмақтың өлгенін».
«Сынақ» деп зарлаған әкетті зарлы әуен,
Һәммесін аққудың қанатына өңгеріп.

Аққулар- аспанның шашындай ағарған,
Қып-қызыл түндерге қамалған ақ арман.
Қасірет түнініде қанаты қайырылмай,
Жетер ме көліне , көз жасы тамар ма?

Қалдырып артына қып-қызыл соңғы хат,
Күрсінген кім тағы-
мың шиыр жол жылап.
Шытырман көшеде адасқан домбыра,
Қайт енді күйіңе құлағыңды оң бұрап.
Гуанжоу...


author

Төлеген Меллат

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...