Биыл қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл. Бүгін Ор...
Қара өлең мәтіндеріндегі символдар мен рәміздер
I
Өлең ұйқас пен көркемдік шеберліктен ғана тұрмайды ғой. Абайдың жыраулардан бөгенайын бөлек етіп тұрған басты айырмашылығы да ғылыми арифметикасы мен логикасында дер едік. Егер қазақ өлеңін Э.Тоффлердің әлеуметтану, З.Фрейдтің психологиялық тұжырымдамалары негізінде талдайтын болсақ, әңгіме мүлде басқаша болып шығатын еді. Осы орайда бір-ақ ғана мысал келтірейін. Ілгерідегі бәрімізге мәлім, алғашында арыстан, кейін жолбарыс, қасқыр, түлкі болып құбыла беретін Абылай ханның әйгілі түсін Бұқар жырау былайша жоритын еді ғой. «...Қылқұйрыққа мінгенің – хан тағына отырғаның. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады. Одан туған ұл да жолбарыстай қайратты, ержүрек, батыл болмақ. Жолбарыстай тұқымыңнан туған шөберең көкжал қасқырдай азулы, айлалы, күшті болып жаратылады. Ал одан тараған ұрпақ заманына қарай қызыл түлкідей қу, алайда сужүректеу келеді. Одан кейінгі тұқымың әлгі бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесірткедей майдалана түспек…».
Міне, осы түсті ту етіп қазақ поэзиясында қаншама өлеңдер топтамасы дүниеге келді.
«...Бәлкім, бұл түс:
Арыстандары адамның
айналуға жақын деп
заманның зәрлі шаянына
Абылай хан атамның
Алашқа айтқан аяны ма?!
…Ақырзаман таяды ма?» (А. Темірбай)
Мұндай өлеңнің мың шумағын дәлелге келтіруге болады. Көріп отырғандарыңыздай аға буын мен кіші буын ақындарының дені осы Бұқар ойын басшылыққа алып, қазақтың басына қара бұлт төндіре жырлайды. Өлеңнің соңғы түйінін «Мінекей, көрдіңіздер ме Абылайдың түсі айнымай келді» деп қорытынды жасайды. Сөйтіп сүйегіңді жасытып, қай тағдырыңа болса да мойынсал етуге іштей мәжүбір етеді. Ал бұл түстің негізгі жорылу әдебі мен шын ақиқаты қандай? Енді соған оралайық.
З. Фрейдтің 1900 жылы жарыққа шыққан әйгілі «Түс жору» еңбегінің негізінде философ Қанағат Жүкешев осы түске ғылыми тұрғыдан анықтама беріп былай деп жазады. «...Абылайдың түсінде өркениет аренасына Алтын Орданың шығуынан бастап Қазақстанда отарлық жүйенің толық орнығуына дейінгі тарихтың қысқа хронологиясы мазмұндалады. Хан өзінің құдіретті бабалары орнатқан ұлы империя туралы ойлаған. Әйгілі Шыңғыс хан құрған империя Абылайдың түсіне «арыстан» болып енген. «Арыстанның» билік құрған уақыты Алтын Орданың құрылу және дәуірлеу кезеңіне сай келеді. Сонан кейін XIV ғасырдың 80 жылдарынан XV ғасырдың екінші жартысына дейінгі кезеңде ұлы империяның біртіндеп әлсіреп, жеке мемлекеттерге бөлініп кеткені белгілі. Солай болса да, бұл мемлекеттік құрылымдар жеткілікті күшті болып тұрды. Ханның түсіне олар «жолбарыс» болып енді. Ал «Қасқырдың» басқаруы қазақ хандығының пайда болып, тарих сахнасына шығуына сәйкес келеді. Ол XV ғасырдың екінші жартысынан 1730 жылға дейінгі аралықты қамтиды. «Қасқыр» деп отырғаны Керей мен Жәнібек хандар және олардың ізбасарлары. 1731–1856 жылдар аралығы «Түлкінің» – басқарған жылдары. Абылай ханның өзінің өмірі мен қызметі (хандық құрған жылдары 1771-1781) осы уақыттық рамкаға енеді. «Түлкі» бейнесінде Абылай өзін көріп отыр. Нағызында да, оған екі алыптың – Терістіктің аюы мен Шығыстың аждаһасының арасында өз елінің еркіндігін қамтамасыз ете алмай, түлкібұлғалаққа салып өмір сүруге тура келді. Абылай қайтыс болғаннан кейін, небәрі 40 жыл өте салып, Орыс императоры Қазақ Ордасында хандарды бекітуді доғарды. Осылай, Абылай өңінде не туралы ойласа, түсінде соның символдық суретін көрген. Онда ешқандай да аян жоқ... Бұлардың бәрі – өзінің бас қатырып жүрген ойлары. Оны мазалаған, өңінде сана қалтарысында ұялаған хандығының жанкешті жағдайы түсінде, кәдімгі физиология заңдарына сәйкес, айнадағыдай экрандалған», – дейді.
Міне, қандай кәсіби пайым. Төбедегі жалғыз мысалдың өзі жазар дүниемізді қаншалықты зерттеп, толыққанды танып жазуды түсіндіреді емес пе?
Түс дегеннен шығады ғой, Имам Ғазали өзінің «Бақытқа жету әліппесі» кітабында адам түсіне кірген ит пен шошқа секілді хайуандарды жау мен дұшпан мағынасында қарастырса, қазақтың түс жору танымы да осыған келіп саяды. Ал Фрейдте бұл бейнелердегі түс символдары мен оның психоаналитикалық түсіндірмесі мүлде басқа. Символдық тұрғыдан ұсақ жануарлар кәдімгі балалар болса, патша мен ханшайым адам түсіне енсе, ол ата-ана есебінде. Әрине, мұны жекелей жазып таратсақ, әңгіме көпке созылып кете береді.
...Ақыры кәсіби поэзиядағы білімсіздік, мәтіндегі логикалық қайшылықтар деген екенбіз, ендеше қазіргі айтылып жүрген ән сөздерінде ұшырасатын мына бір мысалдарды да келтіре салайын. «Құдайым, енді бізді айырмашы, Махаббат бар екенін мойындашы...» немесе «...Анашым, қартаймашы жалынамын» жолдарының дені ақылға сыймас дүниелер ғой. Япыр-ай, Құдайға қай «махаббаттың» бар екендігін мойындатпақ едік. Дәл осы секілді анамызға қанша жерден жалынып-жалбарынсақ та қарттыққа жасар еш қайранымыз жоқ қой.
«Поэзия – қаныңның сияға айналуы» депті Т.Элиот. Бұл жердегі «сияның» телегей-теңіз білім мен ащы мехнат екендігі айтпасақ та түсінікті ғой.
II
Көрген түсіміздің символдық суретін қойып, әуелі реальды өміріміздің өзіндегі емеурін мен тұспалды ажырата алудан қалып барамыз ғой. Мақала мәні символдар мен рәміздер жайында болғандықтан, қазақ өлеңінің өзім аңғарған бірер мысалдарын қария тарих түбінен суыртпақтап көрсем бе деймін. Ол үшін Жұмекен Нәжімеденовтың мына бір өлеңін толыққанды келтіре кетейін.
Бұдан тәтті не бар дейсіз әлемде,
Бұдан ащы не бар дейсіз әлемде,
Тәттілігі: сол қызға бір тік қарауға бата алмау,
ащылығы: шешесінің болатыны қаталдау.
Әкесін де тағдыр тағы жасапты ғой қатты ғып –
Қой, қой достым, біле білсең мұның өзі тәттілік.
Сәл өкініп ұсынасыз қос қабақты жазып сіз,
Жай отырып қысыласыз,
жазықсыздан-жазықсыз.
Жұтқан шайың тамағыңда тарсылдайтын секілді,
бұққан сайын – күнәң ауыр, аршылмайтын секілді.
Әжесін де маңдайыңа жылжымас қып жазыпты-ай,
ақ тартқаны болмаса бұл, әйел емес қазық қой.
Көк дастархан мына жатқан – бейне түпсіз көк теңіз,
Көк теңізде маяк құсап төрт көз жанды – сөкпеңіз;
екеуі оның – жерде отырған момын қыздың өзі де,
екеуі оның – төрде отырған қонағының көзі де!
Қызға қарау қызық-ақ қой,
ал аңдысу – ауыр жәй,
аман кетсек жарар еді біреуіміз ауырмай.
Қыз құйған шай –
одан ащы не болады, білмедім,
Қыз құйған шай –
одан тәтті не болады, білмедім.
Ащылығы – тым ертерек әке болып қалғаным,
тәттілігі – айлар бойы аялайтын арманым.
Адам өз өкініші мен ішкі қалауынан ешқашан да айналып өте алмайды ғой. Бұл, әсіресе адамның жастық ғұмырына тән. Тәні байсал тартып, ыстық демі суыған кез келген жұмыр басты пенденің жас дәуренін бір еске алмай сарығы басылмайтыны да осыдан болса керек. Жоғарыдағы өлеңнің өн бойынан әке атанған (дұрысы егде тартқан) адамның қимас көңілін көреміз. Адам баласы түптің-түбі уақыттың алдында бәрібір тізесін бүгеді. Әмірін мойындайды. Неге десеңіз, шындық әманда көзге қамшы тигендей ащы. Ақынның «Ащылығы – тым ертерек әке болып қалғаным...» деп отырғаны да сол. Негізі жас пен кәрі жер үстінде ортақ ғұмыр сүреді демесең, мүлде екі бөлек параллель әлем. Әрине, көңіл жағынан. Ал алшақтығы мен қашықтығын танымдық тұрғыдан ептеп түсіндірер болсақ, о дүние мен бұ дүниенің тылсымындай жұмбақ. Жұмекен жер мен көктей осы қашықтықты ащы мен тәттінің өзара дәм айырмасымен суреттейді.
Бұл жердегі «Қыз құйған шай» көңіл қозғаушы жай себеп ғана.
Ендеше кеше бұла жігіт, бүгін шау тартқан адам ішіндегі осы бір алапат сезім мен қартаймас көңіл бұрнағы қара өлең дерегінен табылар ма екен? Бар болса, бірге қарастырып көрейік. Не нәрсенің болсын архаикалық тағаны болады ғой. Мінекей, жоғарыдағы Жұмекен өлеңінің жылғасы мен түп генезисі де төмендегі қара өлең жолдарында сайрап жатыр.
«...СЕН АР ЖАҚТА, ҚАЛҚАТАЙ, МЕН БЕР ЖАҚТА,
ҚАРА АРҒЫМАҚ ШҰЛҒИДЫ БАУ ШАРБАҚТА».
Тағы да түсіндірейін. Бұл жерде сөз болып отырған ар жақ пен бер жақ ұғымдары да екі кейіпкердің жас алшақтығы. Енді бұл екеуінің өзара бітімгершілігі мен ортақ тіл табысуы деген еш мүмкін емес.
«Қалқатай» деп отырғаны қыз ғой, бұл енді түсінікті нәрсе. Ал «қара арғымақ» дегені символдық ұғым (Мұны ер адамның жыныстық нышаны ретінде де ишаралауға болады). Осы жердегі «бау шарбақ» бөз матадан тігілген кәдімгі іш киім десек, арыны басылған «қара арғымақ» сол шарбақ ішінде «қаңтарулы» тұр. Ал «шұлғиды» ұғымын шаршау мен шалдығу есебінде пайымдауға болады. Бәлкім, сіз менің бұл талдауымды тым тұрпайы қабылдайтын да шығарсыз. Алайда жаз дәуреннің күз алмастырған сынық көңілін осыдан артық жеткізу еш мүмкін емес. Бұл шынымен де щедевр өлең. Тәніңе түскен «күз» бен «қысқа» көңіл шабақтап көндігудің бұдан өзге ешқандай да анықтамасы болмайтын шығар.
Мұндай астар мен тұспалдың неше алуан атасын меңгерген, қазақтың қара өлеңінен қанып ішкен шайырдың бірі Есенғали Раушан ғой. Кезекті Есенғалиға берейік.
Осы ауылда бір құдаша бар-ды,
Құдаша барды қылығы балдай.
Тарақ қып, айхай бұла самалды,
Тарқатылатын бұрымы қандай.
Сүйеді тауды, сүйеді желді,
Шырқайды кілең қағынған әнді.
Күміс пиаламен жиегі зерлі,
Боза ұсынғаны жадымда қалды.
Шолпан да еді өзі үркер де еді өзі,
Қиялдап соны кешкен ем елес.
Екі-үш жас менен үлкен де еді өзі,
Екі-үш жас, не ол ештеңе де емес.
Оянам ылғи түс көріп тәтті,
Айгөлек ойнап періштелермен.
Құдағи біздің тістеніп бақты,
Салқын бас изеп көріскен елмен.
Алағайлы шақ, бұлағайлы шақ,
Күрсінем ылғи күлемін дағы.
Тау біздің кәрі құдағи құсап,
Түнеріп алған, бұ не ғылғаны?
Айнала жым-жырт, қараңғы мүлде,
Ай тұр ілініп тыныш қияда.
Тынған болды ғой самал бүгінде,
Сынған болды ғой күміс пиала...
Әрине, Есенғали өлеңнің көркемдігі мен ондағы табиғат арқылы бейнеленген адам көңіл-күйіне тоқталсақ тым алысқа маңып кетеміз ғой. Өлеңді барынша қысқаша етіп баяндайын.
Мұндағы гәптің бәрі «алағайлы шақ» пен «бұлағайлы шақ» мезетінде тұр. Бәлкім, жас ару ойнақтап жүріп от басып қалғанға да ұқсайды. Ақын «Шырқайды кілең қағынған әнді» қателігімен осы бір жайды ептеп қана емексітіп өтеді (Бұл жерде «қағынған ән» жайдан-жай жазылып тұрған жоқ). Ал мәтін ішінде жүрген «Кәрі құдағиды» сіз қыз анасы дейсіз бе, жоқ әлде өзегін қуырған өкініші дейсіз бе, мұны енді өзіңізге қалдырайық. Өлеңнің ақырласар сәтіндегі арудың желдеген жастық шағы мен ширақ қозғалысы «самал» есебінде берілген. Сол самал кенеттен тына қалды. Бұла самалмен бірге бұрымды қыздың еркіндігі мен еркелігінің де бірге тынғандығын іштей сезе қоясың.
Енді мәтіннің ең негізгі шындығына оралайық. Өлеңнің бар ақиқаты соңғы жолында берілген. Ғазал «...Сынған болды ғой күміс пиала» деп, үздігіп барып өкінішпен аяқталады.
Бұл жерде сынған пиала «кетік кесе» есебінде қолданылып тұр. Ендеше «кетік кесе» немесе «кетік аяқ» ұғымдары дегеніміз не болды екен? Әуелі осыған тоқталайық.
КЕТІК АЯҚ – ОҢ ЖАҚТА ОТЫРЫП БЕТІ АШЫЛЫП ҚОЙҒАН ҚЫЗДЫҢ БІР ЕСІМІ.
Қазақтың байырғы танымында мұндай кепке осылай деп атау берілген екен. Құдай басқа бермесін дейік, «Кәрі құдағидың» неге ғана өңі өрт өшіргендей түнеріп, тістеніп жүргендігі де енді мәлім болды. Бұл өлеңді өз басым қаншама оқырмандарға оқуға кеңес еттім. Алайда бірде біреуі өлеңдегі «сынған пияла» ұғымын тап басып тани алмады. Көбісі оқиғаны тіке түсініп, «мұнымыз дәу де болса махаббат лирикасы» деді де қойды.
Бұл өлең ешқандай да құдашасына қолы жетпеген құдабаланың қуақы әзілі, я махаббат сезімі емес.
Сайып келгенде, мұның бәрі ұлттық психология мен төл түйіршіктен қаншалықты алыстап, қаншалықты тамыр үзіп кеткеніміздің ашық дәлелі ғой.
Символдар мен рәміздер, астар мен тұспалдар қазақ поэзиясының жаны мен қуаты. Мұны меңгермей ештеңе де болмайды. Өлең құр ұйқастан ғана тұрмайды ғой деп отырған ойымыздың негізгі байламы да осы болатын...
Ықылас Ожайұлы