Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Жазушылар одағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігін...
Амангелді Кеңшілікұлы. ТАҒДЫРМЕН БЕТПЕ-БЕТ (эссе)
...так кто ж ты, наконец?
Я – часть той силы,
что вечно хочет
зла и вечно совершает благо.
Гете, Фауст.
Флоренцияның ұлттық музейінде Италияның ұлы перзенті, Ренессанс дәуірінің аса көрнекті өкілі Микеланджелоның «Жеңімпаз» деп аталатын мәрмар тастан қашалған мүсіні бар. Дене бітімі керім, аласа маңдайының алдында бұйра шәші желбіреген жалаңаш жігіт, басы салбырап, өлімге мойынсынған жауын тізесімен басып тұр. Бірақ жеңімпаз кезінде қанын ішкісі келген дұшпанына енді көзінің қиығын да салғысы келмей, оны өлтіруге да асыға қоймайды. Өйткені осыдан әрі қарай оны бұл жеңістің ләззаты қанағаттандырмайды да.
Саябақта орнатылған Мұқағали ескерткішінің алдына келгенімде менің ойыма Микеланджелоның «Жеңімпазы» оралды. Уақыт таразысымен өлшесек араларында талай ғасырлық алшақтық жатқан, көңіліңе алуан-алуан ой тағалайтын екі ескерткіштің рухани үйлесімінде бірін-бірі толықтырып тұрған үндестік бар.
Жалған дүниенің ауыр бейнетінен құтылған Мұқағали да мына өмірге бейқам қарап, кеудесінің қоңыр күмбірін тыңдап, саябақтағы жайқалған ағаштардың ортасында, өмірінде зәру болған жеңістің бәріне түк мән бермей, түпсіз терең ойының түйінін шеше алмай, қабағы түксиіп, салқын тұнжырайды.
Енді ақынға бәрібір. Ол – жеңімпаз. Тіпті, әлдекімдердің сойылын соғып ақынның жүрегін жаралағандар да уақытында қателескендерін мойындап, рухынан кешірім сұрап, оны мақтап мақала жазып, жыр алыбының сыртынан талай қауесетті қарша боратқан дұшпандарына дейін жамырап Мұқағали туралы естелік айтып үлгірді.
Аруағын разы қылу үшін, жүгіріп жүріп, көзі тірісінде көре алмаған атақ-даңқтың бәрін ақынға алып бердік. Кітаптары том-том болып басылып шығып жатыр. Ең бастысы ақынның жырлары халықтың жүрегінің төрінен ойып тұрып орнын алды. Бір сөзбен айтқанда Мұқағали ұлттық мақтанышымызға айналды. Енді Мұқағали туралы шын ниетпен де, тіпті, қызғанышпен айтылған сөздер де тек ақынның мерейін биіктете түспек.
Осыдан артық ақынға қандай жеңіс керек? Шаттанып, жеңістің қуанышынан басың айналатын бақытты сәт осы емес пе? Алайда рухы мүлде бөлек жеңісті күткендей болған ескерткіш Мұқағали басқа бір ойлы дүниенің тұманына оранып, мұңаятын секілді. Не ойлап отыр екен, ол?
Бала күнінде қырында ойнақ салған, өмірдің боранындағы адасқан шақтарында түсіне жиі-жиі кірген ауылын ойлай ма? Әлде тағдыр деген асауға ауыздықсыз мініп, қор болған жылдарын есіне алып, өкініп отыр ма екен? Немесе, мына өмірді өтпейтіндей көріп, адамгершіліктің сәулесін ұмытқан пенделерге әлі күнге дейін жаның ашып, қамығып отырсың ба, абызым?
Неге үндемейсің? Жазылмай қалған жырларың мен айтылмай кеткен сырларыңның сандығын ашып, көңіліңді жасытқан кедейліктен серпіліп, өмірімнің өліарасында менімен бір мезгіл сөйлесіп, жүрегімнің қайғысын тыңдашы. Мен де сенің ескерткішіңнің алдына жетіскеннен келіп тұрған жоқпын, аяулым. Өмірдің аязынан жаурап, рухсыз қоғамнан жалығып, мына жалған дүниеден сырласуға тұратын бір адам таба алмағандықтан келдім, қасыңа.
Неғылған ой жаншып тұрған мұншама,
Нені аңсаймын,
Кімге барып, мұң шағам?!
Әуре ететін әлде жырым, сенбісің?
Әлекке сап, әр нәрсеге жұмсаған?!
Не көксеймін?!
Неге мұнша жалықтым?!
Әлде өмірді енді білдім, жаңа ұқтым?
Қолың жетпес қуатыңа құмар қып,
Әурелеген әлде сен бе, жарық күн?!
Аңғал, ақыным-ай! Неге сонша асықтың бақи дүниеге? Тағдырдың шылбырына сүйретіліп өлген аянышты өліміңмен кімге, нені дәлелдемек болдың? Өзіңді шын сүйетін жандардың жүрегін жаралап, жанын жылатқаннан басқа, сен бұл өліміңмен ештеңені де дәлелдей алған жоқсың - қатігез заманға.
Қайта сен кеткен соң зұлым заман онан сайын ызғарын төгіп, қаһарына мініп, қабағынан қар жауып, қатулана түсіп, жанымызды тоңдырды. Нағыз ақындардың бәрін сұм ажал әлі де баяғыдай қырықтың қырқасынан аса салысымен өлтіріп жатыр. Тағдырыңды қайталап, қаншама ақын қыршыннан қиылып, артыңнан кетті. Сенің жаның олардың Рухымен ендігі қауышқан да болар.
Тасбауыр заман халықты аямақ түгіл, қайта оларды бұрынғыдан бетер жаншып, сүліктей сорып, рухын сындырып, аздырып-тоздырып бітті. Тәуелсіздік алып, азаттықтың таңы ата ма дегенімізде, барлығы керісінше болып, құлдықтың қамыты мойнымызға киіліп, армандарымыз суалып, жанымыз қуарып, жүрегіміз тозып, ұятсыздықтың дауылы қоғамымызды долы желдің айдауына түскен ұсақ қардай ұшырып әкетіп барады. Өңшең надан, иманнан безген, қазақтың қанын қанша ішсе де тоймайтын, қанша езсе да айызы қанбайтын, байлығын тонаған сайын араны ашыла түсетін қоғамның жалмауыздарымен күресетін дәрмен де қалмады кеудемізде. Қалай күресеміз? Аяғымызда - құлдықтың шынжыры, қолымызда – құлдықтың кісені.
Халықты құлдық санадан құтқарғысы келген арыстай азаматтарымызды атып өлтірдік. Тәуелсіздіктің арқасында жеріміз сатылып, ырысымыз жатқа бұйырып, рухымыз бауыздалып кетті. Егер тірі жүрсең қазақ болып туғаныңа өкініп, Абай кешпеген қасіретке белшеңнен малшынып, біреулері тойып, біреулері тоңып секіретін рухсыз қоғамнан запа шегіп, құсалықтан өлер едің. Заманның дәл осылай азғындалуы арғы-бергі ғасырымызда болған емес. Қоғам – жиіркенішті, заман – жиіркенішті, қайда барып күн көрем, Мұқағали?!
«Райымбек! Райымбек!» поэмаңда сен ақтабан шұбырынды замандағы шаңырағы ортасына түсе жаздаған қалың еліңнің қайғысына қабырғаң қайысып, қымызымыз жауымыздың таңдайында, қыздарымыз дұшпандарымыздың борбайының астында кеткен нәубатты жырлап едің.
Ақтабан шұбырынды,
Қадарсың қайда барып тұғырыңды?!
Қазақ жері – алып бір қара қазан,
Қазанда қайран жұртым қуырылды.
Ақтабан шұбырынды.
Қарғаған кім болды екен ғұмырыңды?
Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды,
Шаппай тұрып үйрендің тығылуды.
Ақтабан шұбырынды,
Ақ туың жығылуылы.
Олақ қатын тоқыған алашадай,
Өрмегіңнің арқауы суырылды.
Жәннатыңды жамсатып жау орнады,
Жатқаны анау өртеніп қара орманың.
Туырлығы туралып тоқым болып,
Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың.
Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға,
Өтті күнің, сор қатып маңдайыңда.
Кетті қымыз жауыңның таңдайында,
Кетті қызың жауыңның борбайында.
Ақыныңа, серіңе, батырыңа,
Туысыңа қимаған жақыныңа.
Тұяғымен ор қазған тұлпарларың,
Тулап кетті жауыңның тақымында.
Нәлет айтып, кеш кірген ақылыңа,
Ана сүтің аузыңа татыды ма?..
Ал, мен ауылдың қирап, халықтың босып, үйсіз-күйсіз қаңғырған қазақтың жер асты, жер үсті байлығының тоналып, несібесінің жатқа бұйырып, қайран жұртымның тағдырының қара қазанда қуырылған ақтабан шұбырындысын көзіммен көріп, жүрегім жылап, жанарымнан жас емес, қан сорғалап «Қазақты сүюді» жаздым.
«Қазақстанның бір үлкен қаласына бара қалсам, жүрегімді қуаныш сезімі емес, керісінше қайғы мен мұң билейді. Қазақ болып өмір сүрудің –қасірет екенін ұғамын. Қай қалаға барсам да ең алдымен көзіме қайыр сұрап, қаңғырып, жұмыссыз жүрген қазақ оттай басылады; тәнін сату арқылы сол қаладағы бір үлкен көшенің атын шығарған қазақтың қыздарын көремін; араққа салынып айналасын зәр сасытып жатқан қазақты кезіктіремін. Адам өлтіру, қыз зорлау, ұрлық жасау секілді ауыр қылмыстардың бәрі де тұрмыс-тіршілігі ауыр осы қазақтардың арасынан шығып жатады. Құдайшылығыңды айтшы, мұндай қазақты қалайша сүюге болады? Рухани мүгедекке айналған бұл адамдардың жан-дүниесінің ұсақ болатындығы соншама, оларды сүюге қанша талпынсаңыз да еш нәтиже шықпайды. Әлемнің рухани тынысынан сұлулық іздеген сіздің биік жаныңыз нұрлы дүниені сүйгісі келеді. Міне осы сәтте неміс, ағылшын немесе француз болып тумағаныма қатты өкініп, тілдесетін қазақ таба алмай, көз жасымды көлдетіп, жылай жаздаймын». (Амангелді Кеңшілікұлы, «Қазақты сүю» кітабынан)
Жауатын бұлттай түнере бермей, менімен бір уақыт сырласшы, ақыным! Мен өмірде ақын қалмағандықтан, ұры мысықтай жасырынып, ұлылықтың сәулесін сағынып, сенің ескерткішіңнің алдына өлген Рухымды іздеп келдім, Мұқағали. Кезінде сенің асқақ дауысың саңқылдаған өмірдің биік аспанынан бұл күндері атақ-даңққа таласқан құзғын қарғалар мен билікке ар-ұятын, рухын сатқан байғұстардың аянышты үні ғана естіледі.
Ендеше жүректегі қайғымның, жанымдағы дертімнің сенікінен он есе ауыр, заманымның жүз есе қиын екенін түсінші, қымбаттым. Сен ең болмағанда келешегіңе сеніп, арыз жазып кеттің. Ал, мен болсам замана дауылының келешегімді қайда ұшырып әкетіп бара жатқанын да білмеймін.
Келешегім! Бар ма, ол? Бар болса, менің жаным неге оны сезбейді? Ал, жоқ болса, онда өмірлік мәнін жоғалтатын мына баянсыз тіршіліктің ендігі уақытта маған керегі қанша?
Жаз едім кеше,
Айналып күзге барам ба!?
Жалын жоқ,
От жоқ, жасыған мына жанарда.
Ауытқып кетті, аймалап тұрған самал да,
Кеулеп тұр міне,
Дауыл ма, әлде боран ба?
Кіреуке күз. Сұрғылт аспандағы солғын күн дүниені қуанта алмай, шаршағандай болып таудың арғы жағындағы күркесіне кіріп барады. Ымырт үйіріліп, айналаға қараңғылықтың қою тұманы жайыла бастаса да саябақтан кете алмай, удай мұңның уызы жүрегімді шаншып Мұқағали ескерткішінің алдында ойға шомып, әлі тұрмын. Суықтың көрігіндей болып теріскейден ызғарлы жел соғып, денем тоңғанмен, баяғыдан таныс ескі мұң мені осы жерге әкеліп жіпсіз көгендеп тастағандай, тіпті, орнымнан қозғала алар емеспін.
Қайта-қайта ескерткішке қарап Мұқағалидың ұлы рухын түсінгім келіп, сезімдерімді қопарып, ойларымды ақтарып, жалқын сәуленің жұмбағын таппақ боламын. Назарымды оның алып кеудесіне аударғанымда ғана адамдардың мейірімін сағынып, дәуірдің тайғақ өткелінде талай-талай қиналған ақынның тағдырын түсінгендей болып, ой мұңына жаным қажалып, көзімнен мөлдір моншақтар үзіліп-үзіліп түсті. Неге жылағанымды өзім де білмеймін. Түннің бір уағында айта алмай жүрген сырымның бәрін саябақта отырған Мұқағалиға ақтарып, бейнебір Құдай мені тағдырмен бетпе-бет жүздестіргендей, ақынның өлеңдерін ішімнен күбірлеп оқып, жүрегімдегі шемен болып қатып қалған шерімді тарқаттым.
Құрып кетпей, жер басып тұрғаныңда
Қалай ғана жағарсың бұл қауымға?
Талай рет мойныма арқан салып,
Талай рет шақ қалдым жындануға.
Біле тұра бірісі білмегендей,
Теріс қарап кетеді, тілге келмей.
Жабыла кеп жармасып олжалайды,
Жаудан түскен түйені жүндегендей.
Ал, Мұқағали... Жоқ, ол мен түгіл, емешегі үзіліп, еміреніп сүйген мына өмірге де мүлде назар аудармай, сол баяғы мұңайған қалпында маған беймәлім басқа әлемнің мұнарына батып барады. Оның рухы тынышталды ма? Білмеймін. Әлде, сағым бақытты қуып, үміт-шоққа көбелектей күйгенде қайта-қайта оны бұралаңға салған өмірге, анасындай жұбата алмаған тағдырына әлі өкпелі ме? Білмеймін... Жыландай жиырылып, жақсылықтың қалдығын да қимаған тажал тағдырмен өмірдің бұрқасынында бетпе-бет кездескенде де ақын оған бағынбай, ноқтасын басына салғызбай сүйреген жоқ па еді!
Хабар жоқ саған кеткен елшілерден,
Ей, тағдыр!
Сөйлесейік, келші бермен.
Қаншама соқпақтарға бастасаң да,
Сенімен сөйлесуді ерсі көрмен.
Білесің бе?
Мен саған бағынбаймын!
Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!
Көлденеңдеп жолымда тау боп тұрсаң,
Мен –мұнартқан басыңда сағымдаймын!
Сондықтан да жібер деп жалынбаймын.
Көзімнен тағы да ыстық-ыстық жас тамды. Не болды саған? Неге қайта-қайта әлденені ойлап, қамығып, жылауық аспандай көз жасыңды сыға бересің, жанарым? Өміріңде бір рет те көрмеген адамың үшін неге соншама егіліп, күйзелесің жаным?
О, ғаламат! Дәл осы сәтте ғана ұзақ жылдар бойы кілті табылмай жүрген ойымның құлпы ашылып, бала күнімнен бері менімен бір бесікте тербеліп келе жатқан ақын поэзиясын неге соншалықты қатты сүйетінімнің сырын түсінгендей болдым.
О, Мұқағали! Мен сенің отты жырларыңды оқығанымда болмыспен бетпе-бет жолығып, өзімнің тағдырыммен сөйлескендей қапаланады екенмін. Гетенің Фаустындағы Жер рухының «Сен өзің танымақшы рухпен теңесесің» деп айтатынындай, шындығында мен саған құрмет көрсету үшін ғана емес, өзімнің рухымды тану үшін ескерткішіңнің алдына келіп тұр екенмін. Мен сенің тағдырыңа қарап, өзімнің қайғымды көреді екенмін. Мен әкемнің алақанындай мейірімді сағынғанда көңілім жабырқап, көзім жасаурап сенің жырларыңдағы адамгершіліктің сәулесін іздейді екенмін.
Жаның ашып,
Жарылқама,
Жарылқама, қымбаттым.
Жан ауырып баратқасын
Жасыра алмай тіл қаттым.
Барса келмес сапарында түсім қашып, түн қаттым
Бір нәрсемді жоғалттым да,
Бір нәрсемді ұрлаттым.
Сан соқпақты сапарымда
Мықтымын ғой деуші едім.
Биіктіктің барлығын да бойымменен өлшедім.
Жарылқама!
Берме маған жауыздықтың семсерін,
Мейірім бер, мұңайғанда жасың сүртем мен сенің
Ойпырмай! Көзі тірісінде осы алып кеуденің астындағы лүпілдеген жұдырықтай ғана жүрек Арқаның ақтүтек боранында адасқан сәбидей жаурап, адамдардың мейірімін, жан жылуын сағынып қаншама рет маңдайы тасқа соғылып жылады десеңізші. Қақаған қыстың саршұнақ аязында да, қардың суы көлдерге құйып дүркіреген көктемде де, жер жіпсіп, жауқазын гүл қырларды құлпыртқан жазда да, жапырағы сарғайып, кілемдері тозған күзде де қапыда қан құсқан ақын жүрегі сол мейірімді анасының құшағын аңсаған сәбидей сағынды емес пе.
Мейірім бер,
Мейірім бер, жүрегімді тас қылма,
Үйдегі Ана мейірін бер түзде жортқан қасқырға.
...Сенесің бе, сезесің бе?..
Сенің үшін бас құрбан,
Естілмеген әніңмін мен алты қырдың астынан.
Бір нәрсемді жоғалттым мен,
Бір нәрсемді ұрлаттым...
Соны іздедім,
Айдын көлдің аққуларын шулаттым,
Барса келмес сапарында түсім қашып, түн қаттым.
Мейірім бер, Мейірім бер...
Саған келдім, қымбаттым.
Қаншама рет осы алып кеуденің астындағы алтын жүрек дүрсілдеп, қайтқан қаздай қоңыр төбесіне қонып, Мағжандардан соң өмір көсеп тастаған кәусардай сезімді іздеп, тыныштық таппай аласұрды. Дүниеден түңіліп, дәтке қуат таба алмай, қаншама рет ғазиз жүрек жанын аямаған жауларына тістеніп, өлеңінің дауысын, долы үніне қайрады. Емхананың керуетіне таңылып жатқанда да жүрегі жараланған таудың жабайы тағысы, жаны жылап адамдардың мейірімін зарыға күтті.
***
Дүние түн құшағында маужыраған сайын күн суытып, жел тербеген ағаштың басындағы сарғайып, мезгіл тоздырған жапырақтар, көбелектей ұшып, сонау биіктен жерге құлап барады. Көшенің шамдары әлі сөнген жоқ. Бәрі баяғыдай болғанымен, күн батысымен саябырсып, сабасына түсетін бұрынғы тыныштық ізім-қайым жоғалған. Арлы-берлі зырылдаған көліктер толастар емес. Көңілімде басылмайтын алаң бар. Ненің алаңы? Түсінбеймін. Көңіліме қонақтаған беймаза алаңнан құтылу үшін, жаныма ұялап алған әдемі мұңнан айырылғым келмей, Мұқағали ескерткішінің алдында әлі отырмын.
Жырласам ба екен, жыласам ба екен, білмеймін,
Алдымда тұрған адамды мынау кім деймін?!
Алдымда менің адасып кеткен арман тұр,
Жылытсам ба екен, жұбатсам ба екен, білмеймін?!
Алдымда менің адасып кеткен тұр арман,
Айыру қиын бейнесін сұрғылт мұнардан,
Жетілмей жатып жемісін мұның кім алған?
Алдымда менің ағаш тұр көктей қуарған.
Осыдан он шақты жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде сыншы Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық, сені қайтейін?» деп аталатын бір әдемі эссесінің жарық көргені есіме түсті. Тереңнен толғанып жазған сыншының мақаласында жалғыздықтың зарын тартқан Абай, Мұхтарлармен қатар адамдардың мейіріміне зәру болып өткен Мұқағалидың аянышты тағдыры туралы да әңгіме қозғалған-тұғын.
Расымды айтсам, шын көңілмен жазылған сыншының мақаласынан соң замандастары тарапынан Мұқағалидың рухын тануға талпыныс жасалатынын асыға күткенмін. Бірақ өкінішке қарай сыншыға қарсы дау айтушылардың сөзі Мұқағали ақын қоғамнан да, замандастарынан еш қиянат көрген жоқ, көзі тірісінде жыр жинақтары үзілмей жарық көріп жатты, қаражат жағынан да таршылық көргені шамалы... деген сыңайдағы мүлде басқа әңгімеге ауып кетті.
Бір сөзбен айтқанда көзі тірісінде Мұқағалидың жағасы жайлауда болып, еш қиындық көрмепті. Тағдырынан таяқ жеген ақынның замандастарының мейіріміне зәру болғаны да, жалғыздықтың зарын тартқаны да ойдан шығарылған өтірік екен.
Құдайым-ау! Қалайша біз Мұқағалидың аруағынан ұялмай мұндай сөздердің саумалын сапырамыз. Ұлы ақынды коммунистік партияның да, Жазушылар одағының қатарынан да шығарып, бала-шағасымен тентіретіп жібергеніміз күні кеше емес пе еді. Осыдан артық ақынға қандай қиянат жасауға болады? Айтыңызшы, қандай?
Алайда ұзақ жылдан бері мені «неге ақынды коммунистік партияның, ал содан соң Жазушылар одағының қатарынан шығарып тастады?» деген сұрақтан гөрі, «неге кезінде өлімге басын тігіп, Мағжанның ақындығын жүрегімен арашалаған Жүсіпбек Аймауытов сынды Мұқағалиды қорғайтын бір замандасы табылмады?» деген сауал көбірек, әрі жиі мазалайды. Неге?
Ақын шығармашылығын сөз қылғанымызда біздің бәріміз де Мұқағали өмірінің осы бір жанды жарасына тиіп кетуден жүрексініп, ол туралы әңгіме айтудан қашқалақтаймыз. Ал, шындығында бұл тек Мұқағалидың ғана емес, әлі күнге дейін жазылмай келе жатқан қоғамның жарасы екенін айтпай кетуге болмайды. Міне сондықтан да ғасырдың басындағы Мағжандар мен ғасырдың бел ортасындағы Мұқағалилардың кімдерден қиянат көргені туралы ащы ақиқат айтылмайынша, қоғамдағы осы қылмыс әлі де, алдағы уақытта да жалғаса береді.
Сосын, ит басына іркіт төгілген кеңқолтық совет заманының қаламгерлерді арқасынан қағып, еркелетіп жасаған шарапатының ақынға да тиіп кеткеніне бола Мұқағалиды бақытты ғұмыр кешкен адамдардың санатына қосуға бола ма? Жоқ, болмайды.
Рас, ақынның жыр жинақтарының биттің қабығындай болып, баспалардан бірнеше рет жарық көргені ақиқат. Алайда қатырма қағазбен шыққан Мұқағалидың таңдамалы жыр жинағының ақын өмірден өткен соң ғана халықтың қолына тигенін қалай ұмытамыз? Мұқағалидың талай замандастары советтік заманның игілігін артығымен пайдаланып, том-том кітаптарын үсті-үстіне шығарып жатқан мезгілдің әдемі өліарасында ұлы ақынның жұртқа мақтанып, ұялмай көрсетуге болатын бір қалың жинағын шығара алмағаны, оның жанына батпады деп ойлайсыз ба? Бала шағасын асырай алмай бірнеше жыл бойы күйзелген қазақтың ұлы ақынына жұмыс тауып беру де аса қиын шаруа емес еді ғой, адам түгіл итіне дейін тойынған советтік заманда.
Бақытымызға орай мұндай әңгімелердің бәрінің де басына су құятын Мұқағали Мақатаевтың ұзақ жылдар бойы жанын жегідей жеген мұңын шағып Димаш Ахметұлы Қонаевқа жазғанымен, жолданылмай қалған хаты табылды. Дүние саларынан екі жыл бұрын жазылған осы хатты оқи отырып ұлы ақынның өзегін өртеген мұңын, жұмыссыздықтан күйзеліп, табанынан тозып таусылып, төрт баласын асырай алмай қайғырған абзал әкенің жан қиналысын көріп, жүрегің қан жылайды. Мұқағалидың қаншалықты ауыр азап шеккенін, тағдырының қаншалықты аянышты болғанын оқырман көзіне елестету үшін қайғылы хаттың кей жерлерінен үзінді келтіре кеткенді артық санамадық:
«...Қымбатты Димаш аға! Жоғарыда айтқандарымның бәрі мүлде із-түзсіз кеткен емес. Нақтылай айтсам, менің ауданым мен ұжымшар жойылып, «Социалистік Қазақстаннан» шығарылып, қызым қайтыс болып, оған қоса бірнеше ет жақын туған-туысқандарымның қазасынан кейін күйініп, бәрінен баз кештім... Сол тұста мен өмірімде түзелмейтін қате жібердім. Қасақана ма, жоқ па, өзіңіз төреші болыңыз, дер кезінде уақытылы жарна төлемей, СОКП қатарынан өзімнен-өзім шығып қалдым. Билетті Совет аудандық партия комитеті тартып алды. Сырғабекова хатшы болатын Ол тап болған жағдайда шығуға жол таба алмай тығырыққа тірелдім. Қалай дегенде де өз кінәмнан тазару үшін шығармашылыққа шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім.....
Өкінішке қарай, қаншама тер төгіп еңбектенсем де, бұдан он жыл бұрын жіберген қателік еш тыным бермейді маған. Кейде туған әдебиетке қарақан басының қамын күйттейтін көлденең көк атты көріндім. Сондықтан қателігім ешқандай жөнделместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым, әлдекімдер мені де көлеңкеде ұстауға әрекет етті. Не істеген ләзім? Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді...
Әдетте адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты нәжіс. Ол адамға, әсіресе мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупиықсыз қарап, әсіресе ішіп алғанда имансыздыққа бой ұрып, көп қателікке бой ұрыппын. Ешкімді күстаналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын. Кезінде мен Жазушылар одағының аппаратында да, «Жұлдыз» журналында да қызмет еттім. Бірақ бәрібір өзімді әрқашан басы артық сезіндім. Ол әріптестерімнің маған деген салқын қарым-қатынасынан сезіліп тұратын, менің атыма жамалған жаманат ұдайы қаныма сіңгендей.
Құрметті Димаш аға! Қазір мен бәрінен де түңілдім. Жолдас-достардан да, әмпей ымыраластардан да, жаман әдеттерден де. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі? «Сырым саған, Отаным» атты жаңа кітаптың қолжазбасын дайындадым. Егер «Жазушы» баспасы немесе Қазақстан Жазушылар одағы 1975 жылғы жоспарға енгізбей, сызып тастаса тағдырым қалай болады? Екі жыл болды еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр.
Таяу арада менің «Аққулар ұйықтағанда» атты жаңа жинағым жарық көрді. Чилидің ұлы ақыны Пабло Нерудаға арнаған поэмам жарияланды. Сөйтсе де мен ертеңнен күдерімді үзбей жазуды жалғастырып жатырмын. Жақында ғана «Халқыма хат» деген өлеңімді тәмамдадым.
Ардақты Димаш аға! Мен қырық екі жасқа толып, жан тыныштығын басқа тараптан іздегенімді түсіндім. Өзіме-өзім келіп, кінәмды жуып-шайып, өз ақымақтығымнан жоғалтқанымды қалпына келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз! Сіз қалай шешсеңіз, солай болады.
Ізгі ілтипатпен М.Мақатаев. 17.V.1974 ж. («Мұқағали шығармалары, көп томдық толық жинағы, V том, 228 ші бет).
Аянышты хат! «Қазір мен бәрінен де түңілдім.. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі?... Екі жыл болды еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр… Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз! Сіз қалай шешсеңіз, солай болады». Сияға емес, қаламын жүрек қасіретінің қанына малып жазған қандай ауыр сөздер.
Хат жазылды. Бірақ сезімнің дауылы соғып өткен соң «жүрегімен қан жылап тұрып айтқан» иесінің қолына тисе Мұқағалидың өмірін өзгертуі де әбден ықтимал, тағдырының ең қиын өткелінде жазылған, ақынның бүкіл қасіреті баяндалған мұңлы хат жолданылмай қалды. Неліктен?
Мұқағалиға хатты жазған соң, оны жібере салу да оңай іс болып көрінді. Алайда барлық мұңын қопарып, жан сырын ақтарып осы ұзақ хатты жаза салысымен ақын бойындағы бүкіл тәуекелін сарқып алды. Жо, жоқ, тіпті олай де емес. Ақиқатында оның бойында басқа бір долы сезімдер буырқанып оянып кетіп, тағдырына бағынғысы келмеген сотқар ақынды онымен ерегістіріп, қайтадан төбелестіріп қойды.
Егер хат жіберілсе арыстан Мұқағали қандай жақсы адам болса да биліктің аяғына жығылған, тағдырына көнген пенде болып шықпай ма. Содан соң ақынның, уақыттың ауыр сынына төтеп бере алмай морт сынатын, пендешіліктің таңбасы басылған қарапайым тіршілік иелерінен қандай айырмашылығы болмақ?
Егер адуын Мұқағали өмір-күресте тағдырынан оңбай жеңілсе жаулары, әдебиеттегі күндестері мәз болып мазақтап, сықылықтап, артын ашып күлмей ме, сосын ол жүрегіндегі бар қазынасынан айырылып, шөл далаға айналмай ма. Бұл Мұқағали үшін өлімнен де ауыр қасірет болар еді.
Ал, содан соң «Сөредегі кермені кесіп өтсем, Маған әлі жетпейді құдайдың да» деп Тәңіріне шабаланған немесе көнудің орнынан қайта айбат шегіп «Білесің бе? Мен саған бағынбаймын! Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!» деп тағдырына арыстандай атылған Мұқағали ақынның өжет мінезінің болғанына келер ұрпақ қалай сенеді? Басқасын айтпағанда атағы төрткіл дүниеге дүрілдеп тұрған Расул Ғамзатовты да аса мойындамай, құрдасындай қалжыңдасып:
Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай,
Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай.
Расулдай...
Бағым да жүр ашылмай,
Құсбегінің қолындағы лашындай
-деп оны әзіл аралас шындығымен қағытқан Мұқағали емес пе, бұл? Ендеше неге ол Құдай сыйлаған талантына лайық құрметті, көшедегі қайыршыдай халықтан сұрап алуға тиіс? Өлеңдерінің рухы қазақ поэзиясының биігіне көтерілген уақытта, өнерді әйелінен, тіпті, бала-шағасынан да артық сүйген Мұқағали отбасының қамы үшін де мұндай қадамға барғысы келмеді. Осылайша ақын мұңайып, жүрегін ауыртып, көзінің жасы сорғалап отырып жазған аянышты хатты тартпасының суырмасына салып қойды.
Тау халқы жыр алыбы Расул Ғамзатовты алақанына салып аялап, көкке көтеріп, атағын аспандатқан уақытта, одан таланты бір мысқалдай да кем емес, өлеңдерінің рухы Шекспир, Байрон, Лермонтовтардың жұлдыздарының қатарында жарқырауға лайық, қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев бала-шағасын асырай алмай, жұмыссыздықтан күйзеліп, көшеде қаңғырып қалды. Ішіндегі алай-дүлей болып соққан боранды қалай басарын білмей, ішкілікке салынды. Ешкімге керегі болмаған Мұқағалидан замандастары да безіп, ат-тонын ала қашты. Дүниеден түңіліп, көкірегі қайғыға, көзі жасқа толған байғұс ақынның әуреге салып қойған нәлет тағдырына өкпелеп, ащы суды сіміріп, сүйегі баяғыда қурап қалған Омар Һәйамның аруағын күңірентіп, мұңын шаққаннан басқа амалы қалмады:
Бәрібір,
Бізді ішкіш деп жүр ғой
Аяулым,
Ішіп қайталық,
Басына барып Һәйәмның.
Көземіз майға,
Көзіміз жасқа кенеліп,
Азан салайық
-Оянғын, баба оянғын.
Хан менен бектен,
Молда мен шонжар күштіден,
Дейді ғой Сізді қиянат көріп ішті деп.
Оянғын, баба,
Отырайық бір кәйіп қып.
Біздің шараптар Сіздің майлардан күштірек
емірдей төзімді болсаң да тажал тағдырмен тайталассаң ол сені қамырдай илеп, табанының астына салып, таптап тастайды. Ал, бетпе-бет келгенде тағдырына бағынғысы келмей, азуын көрсетіп онымен тірескен, жаны қауызын жаңа ашқан гүлдей нәзік Мұқағалидай ақынға жүз есе қиын. Өмірде алдына ұлы мақсат қойып, соған жету үшін мойымай, барлық қиындықтарға төзіп, кездесетін кедергілерді сабырмен жеңіп, соңына дейін күресетін адамдар бар. Бірақ амал қанша? Мұқағали ондай адамдардың санатынан емес-тін. Ол күрескер болған жоқ. Дүрдиіп, тағдырына, кейде тіпті Құдайға құр босқа кіжінгені болмаса, шындығында, ол сол тағдыр мен Құдайдың бір тамшы мейіріміне зәру қорғансыз адам еді.
Алайда тағдыр оны ботадай боздатып, зар жылатқанымен, Құдай ақынды ешқашан тастап кеткен емес. Мұқағали зарлағанда оның жүрегінде өмір сүрген Құдай да оған қосылып, ақынмен бірге жылады. Сүйікті құлының тілегін орындап, оны ақын етіп жаратып қана қоймай, оған нағыз ақындық тағдырды сыйлаған да Құдай болатын. Өмірінің қиын сәттерінде ақын адамдардан емес, аспанға қарап Алладан қолдау сұрап, жалбарынды.
Я, Аллам!
Жаратушы жалғыз ием.
Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем!
Хал сұрар, жәй түсінер бір пенде жоқ.
Жүрек жүн, ойым опат, жанды жүйем.
Әрине ақын пролетариаттың көсемдері туралы да поэма жазды. Бірақ ол поэмалары оқушы көкірегіне тереңдеп дари алмады. Арагідік ақын шығармашылығы әңгіме болғанда, осы бір дерек мысалға келтіріліп, Мұқағали поэзиясының кейін қалыптасқандығы хақында қате пікір айтылып жүр. Шындығында бұл мүлде олай емес. Ақиқатында Мұқағалидың жүрегінде поэзиямен бірге имандылықтың нұрына шомылған Алланың сұлу сәулесі өмір сүрді. Сол ғажайып сәуленің қалауынан басқа дүниені жырлау ақын табиғатына жат құбылыс еді. Міне сондықтан да пролетариат көсемдері туралы тақырып Мұқағалидың стихиясы емес-тін.
Ал, енді сол жылдардағы сұм ажал сүйікті қызынан айырып, ақынды тағдыр зар еңіреткен мезгілдегі Мұқағалидың жүрегін жарып шыққан жырларын оқып көріңізші, Бетховеннің ұлы музыкасы «Көз жасы мелодиясын» тыңдағандай елжіреп, еріксізден көзіңізге мөлдір моншақтар үйіріледі. Және сүйікті қызына арналған бес өлеңнің әр қайсысы қандай үлбіреген нәзік сезіммен, таңғы шықтай мөлдір махаббатпен жазылған десеңізші. Әр өлеңнен Мұқағалидың боранды жылдарындағы сүйікті қызын сағынған шақтағы әр түрлі жағдайдағы көңіл-күйінің қайғылы музыкасын тыңдағандай боласың.
Байқайсың ба, көңіліңді ерекше толқытатын Мұқағалидың бұл тағдырлы бес өлеңі мен ұлы композитор Бетховеннің «Көз жасы мелодиясының» арасында көзге көрінбейтін жібек сәуледей байланысқан бір әдемі үндестік бар. Уақыт тауып сен де бір мезгіл осы бес бәйітті Бетховеннің ғажайып мелодиясын тыңдап отырып, оқып көрші.
«Көз жасы мелодиясы» көңіліңде пайда болған өксікті ойға салатын музыкадан басталады. Сосын кенеттен көзден тамған жасты еске түсіретін мұңлы әуен жүрегіңді шымшып қоя береді. Ғайыптан пайда болған қайғылы әуеннің ырғағынан, жанардан сырғанап түскен ол мөлдір моншақтың қасіреттің жасы екенін түсінгендей боласың. Бірақ сәбидің кіршіксіз жүрегендей таза жаста, кенеттен басына орнай қалған қайғыға әлі аса иланбайтын сенімсіздік бар сияқты.
Бірте-бірте Бетховеннің музыкасы шарықтап, жанардан үзілген гауһар тамшылардың үдей түскенін байқатады. Ия, көзден сыртылдап түскен гауһар тамшылар, жүректегі қайғының отын онан сайын қоздырып, үдеп барады. Енді әуеннің тылсым құдіреті басыңды сағымдаған қайғы мұнарының сенікі екеніне анық көзіңді жеткізгендей болады. Сол сәтте әуен шарықтап, тоқтай алмай жылаған көңіл-күйдің көрінісі көз алдыңа елестейді.
Содан соң музыканың сиқырлы әуені енді ол мөлдір моншақтардың көзіңнен емес, жүрегіңнен тамшылап тұрғанын сездірткендей әсердің бесігіне бөлейді. Бір уақытта көз жасы төгіліп қана қоймай, өзін жылатқан қасіретпен сырласа бастайды. Ақыр соңында қасіретке малшынған сенің бүкіл жаның көз жасына айналып кеткендей күйге түседі.
Енді Мұқағалиға келейік. Оқып көріңіз. Қызы қаза таба салысымен оған арнап жазылған Мұқағалидың алғашқы бәйітінде, әлі сол қайғының растығына иланғысы келмейтін ақын жүрегінің сенімсіздігі анық байқалады. Мұқағалиға қызы әлі өлмегендей, өкпелеп уақытша бір жаққа кетіп қалғандай болып көрінеді. Расында да жер гүлін, көк нұрын төккен арайлы көктемде келген сүйікті қызыңнан бір күнде айырылып қалғаныңа қалай сенуге болады? Бұл ақын жанарының қарашығынан сырғанап түскен алғашқы тамшысы, жүрегінің алғашқы күрсінісі
Сол өмірге несіне өкпеледі?!
Ал өмір оны сыртқа теппеп еді.
Қайғырмаймын, жырым ғой жазылмаған.
Күрсінткені болмаса текке мені
Өлең 1962 жылдың 14 қарашасында жазылыпты. Енді бір күн өте салысымен, яғни, сол жылдың 15 қарашасында ақын жүрегінен туған жырды оқығанда, қас-қағым сәттің ішінде сол қайғының орнының тым тереңдеп кеткенін көресің. Тарқаудың орнына қайғының бұлты одан бетер қоюланып, жараның орны онан сайын сыздай түсіп, жүректі кеміріп, жанды ауыртып барады. Не істеген ләзім?
Қызы түсіне енген соң байғұс ақын жүрегінің бақшасындағы балбырап пісіп тұрған жүзімін тажал тағдырдың жұлып әкеткеніне көзі жетті. Мойнына асылып ойнаған тәтті қылықтарын есіне алған Мұқағали енді сүйікті қызының рухын сәбилік сөздермен әлдилеп, жұбатпақшы. Жаңа ғана тілі шыға бастаған бейкүнә сәбидің уіліндей әлидеде, абайсызда өртеніп кетіп, қайғының қара орманына айналып, жараланған ақынның жанын сыздатқан қаншама қасіреті жатыр.
...Түсімде қызым мені шақырады,
Өзеннің ар жағында отыр, әні..
Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын,
Мен деген – жер бетінің «ақымағы»
Мен деген –жер бетінің «ақымағы»,
Алдымда асқар асу жатыр әлі.
Сабыр балам, қай жаққа қашар дейсің
Сені жапқан қара жер топырағы
Қасіретпен уланған ақын жүрегін қайғының дерті шоқтай күйдіріп барады. Жылжып жылдар өтті. Мұқағалидың қайғысы жазылған жоқ. Қараңызшы, күні-түні еңірей берген соң ақынның көз жасы да таусылып, енді оның ғазиз жүрегі жылай бастады.
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Жиылып досың тұрғанда,
Жиырып сені жентектер,
Жымысқы қайғы-мұң бар ма,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Қызығы тайып, қызы өлген,
Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?!
Қыс қайтып, жасыл көктемде,-
Қызғалдақ өсер қырларда
Өзін-өзі жұбатқысы келгенімен, өлеңнің рухы басына түскен ауыр қайғыдан ақын жүрегінің қарс айырылып, онан сайын күңіреніп, күрсініп жылап жатқанын аңғартады. Не амал істеуге болады удай мұңның уызы улаған, сезімтал жүрекке? Қызын сағынып, қайта-қайта кеудесін соққан жүректің дүрсілін қалай тоқтатасың? Тоқтату мүмкін бе, оны?
Қызым менің,
Гүлім менің,
Аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қоянның
Құлпытастың құны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын.
Жо, жоқ, мүмкін емес екен. Қайта жылдар өткен сайын қызының сүйегі жатқан зират жақтан ескен сағыныштың самалы бұрынғыдан бетер күшейе түсіпті. Жанын ауыртқаны аз болғандай, енді ол дауыл аласұрып, бұрқасындатып ақынның ішінде соғып, көңіл бұлты сөгіліп, жүректің жасы нөсерге айналды. Жүректегі нөсердің алапат екпіні байғұс ақынды өлтіріп тынбаса игі.
Қойман, ботам
Керегі не көк тастың.
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер,
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.
Керегі не көк тастың
Бұлқынып, жүрекке мықтап байланған қайғыдан босана алмаған ақын жаны тұншығып барады. Қайғы теңізіндегі үміттің қайығы қирағанымен, төгілген көздің жасы тоқтамай о дүниедегі қызының рухын оятып, елесін тірілтті. Удай қасіреттің мұңын емген дариға-жүрек те шаршады. Жан тыныштығын іздеген Мұқағали енді алдамшы елестен құтылғысы келіп, көр азабына түскендей қиналды.
Қайтсем сенің құтылам елесіңнен?!
Отырасың қасыма келесің де.
Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін.
Мен тірімін,
Тірімін!
Көресің бе!!!
Көңіліне ұялап алған қайғы, бүкіл болмысын билеп, ақынның әппақ жүрегі уайымның аязынан шытынап кетті. Уайым мен қайғыдан тозған ақынның, ішіндегі монтаны күйініштің сөзін сыртқа шығарғаннан басқа қолынан не қайран келеді? Соңғы өлеңнен тіпті Мұқағалидың өлімге мойынұсынып, өмір шырағының сөнуге айналағаны байқалай ма, қалай?
Көнген жаным жазаға, қазаға да,
Өкпелеме,
Сен енді жазалама.
Шын болса, табысармыз ахиретте,
Әзірше, жаным мені мазалама!..
Қайтесің, «өкінішсіз өмір, қайғысыз қаза жоқ». Өмір жылжып өте берді. Аяудың орнына, тышқан ұстап алған мысықтай оның өмірімен ойнаған қызталақ тағдыр ақынды одан бетер жылатты. Алда, әлі ақынды талай рет ботадай боздататын тағдырдың сыбағасы дайын тұр.
«Қаныңмен жаз, сонда сен Рухтың не екенін түсінесің» дейді Фридрих Ницше. Тағдырдың ноқтасын басына салғызбай сүйреген Мұқағали ғажайып жырларының бәрін қаламын қанына малып отырып жазды. Және жанын сыздатқан әр өлеңінің толғағы да ауыр болды.
Тағдыры онсыз да қиын болып жүрген Мұқағалиды ақындық мінез бұрынғыдан да күрделі сергелдеңге салды. Атағына, лауазымына, кім екеніне де қарамай бәріміздің де тамағымызда жыбырлап тұратын шындықты айтқан ақынды мына қоғам құбыжықтай көріп, шеттетуге тырысты.
Қаншама күндер мен түндер бойы көз шырымын алмай жазылған жауһар жырлардың лайықты бағасы берілмеді. Заманға бейімделіп алған пысықайлардың шығармашылығы мақталып, кітаптары жарқырап шығып жатты. Ал, кең дүниеге сыймай, өмірдің биік аспанын іздеген Мұқағали түзелудің орнына, тағдырмен бетпе-бет келгенде қайта-қайта ерегісіп, тіршіліктен бір рахат көре алмаған ғұмырын тығырыққа әкеп тірей берді. Бірақ, ол үшін қоғамды да, заманды да, ақынның замандастарын да кінәлауға болмайтын шығар.
Лев Толстойдың шығармашылығын талдаған философ-сыншы Лев Шестов («Дүниені күйретуші, әрі жаңартушы құдірет») орыстың ұлы жазушысының не себептен өзін қайта-қайта тығырыққа әкеп тірей беруінің себебін, ұлы дүниелер туғызу үшін оған сол ұлы азаптардың да ауадай қажет болғанымен түсіндіреді. Ендеше босанатын әйелге толғақ қалай керек болса, өлеңді жазбай, оның бәрін жүрегінен туғызған Мұқағалиға да толғағы ауыр азаптар соншалықты керек болды. Сол үшін ол нағыз ақындық тағдырды таңдап, өзін-өзі аямады. Қиналды. Қайғырды. Жылады. Қорқудың, тіпті қашудың орнына, қасіреттің ауылына барып жатып алды. Қайғы-қасірет пен толғағы ауыр азапты ізденістерде ғана ұлы өнер туатындықтан, ақын тағдырының басқаша болуы мүмкін де емес еді. Жылдар өткен сайын ол толғақтың, жанын қинаған азабы да күшейе түсті. Дүние-жалғаннан түңіліп, өмірінің соңындағы Фаризаға арнап жазған өлеңі – Мұқағали ақынның ең толғағы ауыр жыры.
Ақынның бұл зарлы толғауын тебіренбей, жанарыңды жасқа шыламай оқу мүмкін емес. Бұл аяғына кісенін салғызбай, нәлет тағдырына қарсы атылған қыран ақынның өмірінің дауылындағы - ең соңғы, әрі ең азапты шайқасы. Ақынның бұрынғы өлеңдерінде өмір мен өлім бір-бірін жеңе алмай арпалысып келсе, Фаризаға арнаған жыр бәйітінде ажал шеңгеліне ақынның оңбай түсіп қалғаны анық байқалады. Мұнда күйікті ойдың салмағынан шаршап, бөлекше бір ауруға шалдыққан ақын, енді тіпті ажалдың құшағынан босанып шығуға талпынбайды да. Ақынның өмір шырағы да майы таусылып сөнуге айналған шамдай әлсіреп барады.
Мұқағалидың жасы қырықтың қырқасынан асты. Дариға-жүрегін аямай, нағыз ақындық ғұмыр кешіп, ұлы дүниелер туғызса да, уақыт өте келе ұлтымыздың асыл қазынасына айналатын жауһар шығармалардың бағасын білетін халықты ақын көріп тұрған жоқ. Жұмыссыздықтан да, көңіліндегі қайғының тұманын сейілту үшін қайта-қайта улы сусынды жұта бергеннен де ақын шаршады. Үміттің соңғы арқаны үзіліп, тірегі сынды. Келешегі белгісіздік тұманымен қоршалған. Қайтпек керек? Әлде тағдырына көніп, сабасына түсіп, жұрт қатарлы өмір сүрсе ме екен?
Ал, жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз – жүректеріндегі имандылықтың сәулесі сөнген, уақыттың ығына бейімделіп алып, екіжүзділікке салынған алаяқтардың айтқанына көну ма? Жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - адамшылық қасиетіңнен айырылып, биліктің семіз малайы болып, итаяғынан ас ішіп, әр кімге бір жапалақтай жалпылдау ма, сонда? Жұрт сияқты өмір сүру дегеніңіз - Құдай сыйлаған асыл қазынаңды пендешіліктің тезегіне айырбастап, бақытыңды күл-қоқыстың арасынан іздеу ма? Жұрт сияқты өмір сүрудің, хайуанға айналудан қандай айырмашылығы бар? Ендеше сол жұрт сияқты өмір сүргеннен гөрі, өлген артық емес пе екен, адам болып қалғысы келетін, ақынға? Өмір бойы оттай жанған Мұқағалидың жаман тезектің шоғындай болып бықсығанын қашан көріп едіңдер?
Көрер едің,
Шаламын ба, отпын бар,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе.
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!
Сырым да – осы,
Жырым да- осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
...Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Қызталақ тағдыр! Аямасаң, аяғыңның астына салып, таптап таста. Бірақ сен басқаларды болса да, Махамбет пен Мағжандардың сарқытындай Мұқағалидай ұлы ақынды жұрт сияқты өмір сүруге көндіре алмайсың. Поэзия пайғамбары Абайды да көндіре алмағансың жұрт сияқты өмір сүруге. Қайғыңмен, беретін зарыңмен ақынды қорқытпақсың ба? Қорқыта алмайсың. Ақынды өлтіру үшін беретін тағы қандай уың бар? Мұқағали ақын оны да уыстап ішуге дайын.
Тәуекел! О ұлы Жаратушы, егер дүниенің бүкіл жаманшылығы менімен бірге қара жерге көмілетін болса, адамзаттың бақыты үшін Алла сыйлаған жанымды да сол ұлы мақсаттың жолына құрбандыққа шалайын. Тек содан кейін тажал тағдыр, өмірге әлі талай келетін таланттарды тағы да зар жылатып, аруағымды күңірентіп, арамдық жатқан, жауыздық жатқан көрімнің қақпасын келіп, қақпасыншы!
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүние мынау сел өтсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе.
Адамның бүкіл айыбын
Арқалап алып,
Азабын өзім көрер ем.
Жамандық басқан денемен,
Жандырып жатқан,
Тоңдырып жатқан тамұққа
Жамандығыммен төнер ем.
Бүкіл дүние жамандықтарын
Артыңдар маған көтерем!
Қарызым болсын өтеген,
Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,
Бүгін-ақ өліп кетер ем.
Армансыз барып,
Көрімнің аузын жапқасын,
Дүниедегі тірілер
Жамандық іздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрімнің
Қақпасын келіп қақпасын.
Міне, осылайша тағдырдың қайта-қайта жылатқанына төзе алмаған байғұс ақын тамұқтың тұңғиығында жатса да сүйе беретін өмірімен қоштасып, базыналық жырын жазып кетуге белін бекем буды. Дегенмен, ол өлеңді ақын кімге арнайды? Өмірінің соңында жанында дос деп айтуға тұратын бір адам да қалмапты. Жұмыссыздық тұрмысын ауырлатып, жанын қинағаны аз болғандай, көмектеспек түгіл кешегі достардың бәрі де күйіктен ішіп кеткен ақынды алыстан танып, тұра қашады. Тағдырдың қиын өткелінде қарайласпағандарды дос санауға бола ма, өзі?
Шыныменен дос жоқ-ау,
Дос жоқ менде.
Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?!
Осылай бір байламға келдім бүгін,
Қарадым да сүйіскен қос кептерге.
Менде арамдық жоқ еді алабөтен,
Доссыз өмір жалғанда қараң екен.
Қақ жарылған қауымға қайран жүрек,
Қашан ғана қаңырап қалар екен?!
Бір сәтте Мұқағалиға ғаламат ой келді. Өмірмен қоштасатын базыналық өлеңін жалған тіршіліктен дос таба алмай күйзелген ақын әйел затына арнап жазып кеткенді қош көрді.
Ия, ия, әйелге. Ақпанның ақтүтек боранында, дүниені қуантып ақынға өмір сыйлаған әйел болатын. Мұқағалидың бойына керемет ұлы сезімді дарытқан да әйел-өмір еді ғой. Құдайдың ғажайып сұлу сәулесіндей жырларын ақын қызғалдақтай құлпырған қазақтың ару қыздарына ғашық болып жүргенде жазды емес пе?
Кім біледі? Бәлкім, біздің Құдай деп жүргеніміздің бәрі әйелдің жүрегінде жасырынған таңның шұғыласы шығар. Неге біз еркектер қанша күшті болсақ та, өміріміздің ең қиын сәтінде Құдайға ғана шағатын мұңымызды, сағымыз сынып әйелге айтамыз? Ендеше дүниеден түңілсе де, досы жоғына күйінсе де, тағдырын қарғаса да Мұқағали ақын әйелдерді кіналай алмайды екен. Осылайша әйел затын ғана қимай мына өмірмен қоштасқан ақын, қолына қаламын алып, базыналық жырының алғашқы шумағын жазды.
Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз.
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз
Қайран, арыстаным-ай! Ешкімге тең келмейтін алып кеудеңдегі біресе асау теңіздей тебіренетін, біресе долы дауылдай буырқанатын күшің қайда кетті? Қаралы тор бұлбұлындай зарлаған үнің қандай аянышты еді!
Қараңызшы, барлық үміті үзіліп, арманы күйреген бақытсыз ақын қайғының теңізіне батып барады. Өмірдің үскірік-аязынан жаны жаураған, «жігітінен қазақтың дос таба алмаған» ақын маңдайынан бір сипайтын мейірімді іздеп, соңғы сөзін әйелге айтып жатыр. Әйелге! Фаризаға!
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге?
Құр айтып қоймай, тағдырдың наласынан жүрегі өртеніп жатқан Мұқағали әйел затының ғана оның нәзік жанын түсінетініне сеніп, жылан-ажалға арбалған торғайдай шырылдап, көзінің жасын тоқтата алмай, қайта-қайта өксіп-өксіп жылайды. Жазбақ түгіл, мұндай өлеңді оқудың өзі қандай ауыр еді. Қайғының әуені еркіңді билеп, аза бойыңды қаза қылып, денеңді түршіктіріп, неше түрлі ойға шомылдырады.
Әкесінің құны бардай, жалмауыз тағдыр ақынға неге соншама өшікті? Ақындық жүрек сезе-дүр. Ертең өлген соң жұрттың бәрі де оның ұлылығын мойындайды. Ер-тұрманы түгенделмей кеткен ақын еді, деген сыңайдағы неше түрлі естеліктер жазады. Қара түнекті жарып шығатын мейірімнің таңы да сол уақытта атады. Мұқағалидың рухын аялайтын мейірім де, ақынның талантына табынатын мойындаулар да сол кезде болады. Дегенмен, сол мейірім мен мойындаудың ақынға дәл бүгін, көзі тірісінде керек екенін тасбауыр жандар неге ұқпайды? Ешкімге керегі болмай қалған ақынның, күресуге жаралмаған пендесінің жарық дүниенің жылуын сағынып, әйелге мұңын шағып, өмірімен қоштасып жатқанының себебін түсінетін кім бар ма, мына жалғанда?
Замандастарының естеліктерін оқысаңыз бәрі де Мұқағалиға бір жақсылық жасағанын айтып, ақталып жатады. Бәрі де шетінен көзі тірісінде-ақ ақынның ұлы талант екенін мойындап, зор құрмет көрсеткен.
Лайым, солай болғай! Дегенмен, мен мұндай сөздердің ешқайсына сенбеймін. Сенейін десем, Мұқағали өлеңдерінің рухы жалған дүниеден жақсылық көре алмай, маңдайынан сипайтын алақанға зәру болғанын айтып, зар жылайды. Кімге сенейін? Ақынға ма, әлде замандастарына ма?
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
...Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын,
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...
Салыстырмалы түрде өнердегі адамдарды үшке бөлуге болады. Алғашқылары мағыналы ештеңе жасамаса да, қыбырлап-жыбырлап, төменде жүріп-ақ барлық тірлігін бітіретін бауырмен жорғалаушылар. Өмірдің бүкіл рахатын солар көреді. Ар-ұятын сатып, тіршіліктің қамы үшін пендешілікке салынып, әр кімге бір жалтақтап өтірік өмір сүреді. Мағыналы ештеңе тындыра алмаса да, мансапқа жетіп, атақ-даңққа бөленеді. Бәрі шетінен пысық келеді. Том-том қылып, жарқыратып кітаптарын шығарады. Мақталады. Дұрысы – битін салып жүріп, өздерін мақтатқызады. Өнерде жүргендердің басым бөлігін, салмағы жоқ, өлген күні шығармашылығы да өздерімен бірге суық көрге көмілетін, қанаты жоқ осындай адамдар құрайды. Олар – дарынсыздар.
Өнерде белгілі бір биіктікке дейін ғана ұша алатын үркердің шоғырындай ғана топ бар. Олар көп оқып, көп ізденеді. Өнерге мейлінше адал болуға тырысады. Жағымпаздыққа, екіжүзділікке, көрсеқызарлыққа салынбай, ондайдан бойын аулақ ұстайды. Өмірдегі де, өнердегі де ұстанымынан таймайды. Олар – таланттар.
Алып қанаты бар, әр ұшқан сайын тек биікте самғайтын, дүниеге сия алмай өтетін ерекше жаратылған адам да келеді өмірге. Ол қоғамдағы әділетсіздікке төзбей, тағдырына бағынбай, онымен күресіп өмір бойы азап шегеді. Өмірдің биік аспанын іздеп аласұрып, жаны тыныштық таппай қиналады. Дүниенің бүкіл рухани байлығын гауһар тастай уыстап жүрегіне жинайды. Қоғамның заңдылығына бағынғысы келмей, ағысқа қарсы жүзеді. Шығармаларын сиямен емес, қанымен жазады. Ол рабайда, ғасырда бір туатын – ұлы ақын.
Таудай биік Мұқағали да - Құдай алып қанатымен жаратқан сондай ұлы ақын еді. Әділін айтсақ, осынау биік аспанның астында ұшу да ақынның құлашын кеңінен жаюына аздық етті. Өйткені Мұқағалидың өз ішінде өмір сүрген ұлы аспаны, дүниенің аспанынан биік-тұғын. Сондықтан да ұлы ақын, дүниенің аспанын жарып шыққысы келіп, әр ұшқан сайын қайта-қайта барып оған алып қанатымен соғылды. Әр соғылған сайын, ақын болып жаратылғанына өкініп, қанатының қауырсынын оңдырмай сындырып алып, қатты күйзелді. Бірақ қанаты жазыла салысымен биік аспанда ала алмаған өші бардай қыран-ақын қайтадан қанатын жазып, сол жаққа қарай ұшты.
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің,
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке құл болып, аяң басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын
Жауһар жырлары миллиондаған адамдардың жүрегін жаулаған ақынның да дәл осындай қасіретті өкініші болады екен-ау! Кәусардай мөлдіреуге жаратылған Мұқағалидың жанарын неге кіреуке мұңның кірбіңі басты? Ой қабырғасы сөгіліп, шабыттың дария толқыны тасып, бойына сыймағанда дауылдарға да, жауындарға да қарамай, ағындарға қарсы жүзіп, дамылдамай, қара нөсердің қағынғанын да елемей аспанға қарай самғайтын қыран-ақынның шынымен де күннің қара суығы тоңдырған торғайдай шырылдап, гүлдей нәзік әйелдің жанынан пана іздегені ме?
Бұл не сонда? Кірпігіне үміт ілдіре алмай өткен Мұқағалидың бәрінен де түңіліп, мезі еткен ойларынан шаршап, ақыр соңында тағдырынан жеңілгені ме? Жоқ, олай болмаса керек?
Ақын жеңілген жоқ. Тағдырымен болатын ақырғы шайқасқа шығу үшін, өмір майданында қанатындағы қауырсынының бәрі сынған жаралы қыран соңғы күшін жинап жатыр. Өмірлік базынасын айтып болған соң, ол қайтадан биікке самғап, бұзып шыққысы келіп, жаралы қанатымен тағы да дүниенің аспанына барып соғылады. Тағдырымен шайқасып өлуге тәуекел етіп, қанаты майырылып, көзі қанталаған қыран-ақынды енді ешкім тоқтата алмайды.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды.
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипайтын бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Заманның қоңырауындай кеудесі бар ақынға тағдырдың құлпы бәрібір кісенін сала алмады. Мұқағалидың «бүлікшіл-бунтарлық» бұзақылығының себебін түсіне алмағандар оны тіпті ақыл-есінен айырылған жындылардың қатарына да қосып қояды. Шындығында оның бәрі «бұзақылық» та, «жындылық», «сотқарлық» та емес, Мұқағалидың ақындық мінезі болатын.
Тағдырмен бетпе-бет келгенде ақынды талай рет тура жолдан тайдырып жіберген де, сонымен қатар оны өнердің биік шыңына көтерген де сол мінез еді. (Жүрек пен мидың қатпарында жасырынып жатқан ойдың кенішін іздеген Мұқағалидың өлеңдерін өміршең етіп тұрған да сол мінез емес пе. Тереңірек үңілсеңіз, Мұқағалидың ақындық мінезінде тек ашу мен ыза ғана емес, жүректегі мұзды майдай ерітіп жіберетін күннің шуағындай жылы лиризм мол. Ақиқатын айтсақ, жиырмасыншы ғасырда туған басқа еш ақынның өлеңінде де табиғат пен өмір соншалықты нәзік лиризммен жырланған емес.)
Өнердегі мінезінің арқасында тек аспанмен таласқан биікте ғана ұшқан Мұқағалидың, жүрегін жарып шыққан ақберен жырлары ылғи да қайшылықта туып, ақынның жанына бір сәт тыныштық бермей, оны үстін-үстін қинады. Ақын өлеңдерінің рухынан Мұқағалидың жүрегінен туған әр жырының толғағының ауыр, әрі қатерлі болғанын аңғарасың. Фаризаға арнаған өлеңінде осы ерекшелік тым айрықша сезіледі.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!
Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсең де көмбеймін жырды құмға!
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мыңды мыңға..
Дария тілдің ағынымен, ақын аузымен айтылған сөздің бәрінің де ақиқат екенін мойындамасқа лажымыз жоқ. Өңкей нөлдерге күйінген ақынды шегіп жатқан азабынан құтқаратын бір-ақ құдірет бар – Өлім. Амал қанша, егер жүрегінің есігін қағып тұрған ажал болса, Мұқағали ақын одан да шошымай, Құдай айдап әкелген қонағындай қарсы алуға әзір.
Көкірегінде өмірге айтылмаған талай ғашық әні кетіп бара жатқаны болмаса, итке тастайтын сүйегін де ақынға қимаған қу тіршілікте не қызық қалды? Құдай аузына салғанда, көріпкелдікпен өзінің есебінде жазғандай қырықтың бесеуінде, өмірден түңіліп ішкілікке салынып кеткен, отты жырлары миллиондаған адамдардың жүрегін нұрландырған Мұқағали ақынды ажал жердің азабынан құтқарып, мәңгілікке құшағына алды.
Өзімнің есебімде
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі..
Ендігі қалған өмір
Неше жылға жетерін,
Неше күнге?
Ұмыт болып есебің, есегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде
Қырықтың бесеуінде.
Адал едім,
Артынша «арам» болдым,
Адам едім,
Ақыры «надан» болдым.
Жиылып бұл жалғанның жамандығы
Ақыры маған қонды.
Жаман болды.
Айтыңдар,
Қайсысың бар ардақтаған.
Таразыға тең қойып, салмақтаған?
Басылған маңдайыма қарғыс таңба,
Қарауға жан батпаған,
Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,
Қыранмын екі көзін қан қаптаған.
Ақыры, байғұс ақын өліп тынды. Оны өлтірген кім? Заман ба, қоғам ба, әлде адам ба? Жоқ, олардың ешқайсысы да емес. Ақынды өлтірген оның жүрегінен туған өлеңдерінің ұшқыны. Уақыт өте келе сол ұшқын жалынға айналып, отты жырлармен қауышқан ақынның жан әлемін өртеді. Қатты қиналған күндерде ақын ішінде жанған оттың жалынын сөндіре алмай, талай рет азапқа түсіп, арпалысқан жоқ па еді.
Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлыңғыр.
Әлсіреп дымым құрып жүр.
Адасып менен кеткен бе?
Айналайын құлын-жыр.
Айтатын саған сырым бұл,
Бастаудың мұздай суымен
Мерт болып кетсем жуындыр.
Өртенген жанды суындыр
Біз ылғи да дүниеге келетін ұлы ақындардың қасіретке белшесінен батып, азап шегіп, жарық дүниеден жақсылық көре алмай өтетінінің себебін өмірдің заңдылығымен түсіндіруге тырысамыз. Шындығында мұның басқа да себептері бар.
Ұлы ақындардың мына біз сияқты қарапайым пенделерден бір үлкен айырмашылығы табиғат та, тіршілік олардан тыс жерде емес, ішінде өмір сүреді. Табиғаттың дүлей дауылдары олардың кеудесінде соғып, үскірік аяздары жүрегін тоңдырып, аптап ыстықтары жанын күйдіріп жатады. Тіршіліктегі әділетсіздіктер, қайғы-қасіреттер олардың ішіне түсіп кетіп, оны оттай жандырады.
Қазақ поэзиясының жарқыраған күні Мұқағали Мақатаев ағат басқан қадамдары үшін халқынан кешірім сұраған бір өлеңінде, төсіндегі тыным бермейтін заттың жүрек емес, от екенін жырлаған-тұғын. Ақынға ғажайып жырларды жаздырған да, тағдырына бағындырмай қойған да, қайта-қайта азапқа салған да сол лаулаған оттың құдіреті болатын.
Ақыр соңында жанғанға да көңілі көншімей, мына дүниені, Жарық күнді бар жан-тәнімен еміреніп сүйген Мұқағали жүрегіндегі оттың жалынына өртеніп өлді.
Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.
Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағын,
Сезгемін білгем,
Мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені,
Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін,
Шөп болып, мейлі шығамын.
Қомағай көңіл құмартып өткен әрнеге,
Тірлікте, сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та – барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе.
Бір күндік сәуле..
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі –бөтен ғой.
Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!..
Аянышты өлім! Аққу жырдың қанатына жазылған ақынның қаншама арманы орындалмай, ішінде кетті. Міне сол үшін өмірден түк қызық көре алмай өткен Мұқағалидың опасыз тағдырына қалай өкпелеуге де қақысы бар.
Ақын да - адам баласы. Көнгісі келмегенімен, бәрібір ол да барлық адамдар сияқты тағдырдың жазуымен басына бақыт құсының қонғанын армандады. Бірақ ылғи да тағдыр Мұқағалидың айналасын қалың тұманмен қоршап, оның басына бақыт құсын қонғызбай қойды. Алайда мына біздер, оның жырлары жүрегімізде ізгіліктің шырағын жаққан қарапайым оқырмандары, ақын поэзиясының миллиондаған табынушылары Мұқағалиды зар жылатқан тағдырды, сол үшін жазғыра аламыз ба? Жоқ.
Есіңізде ме, Гетенің Фаустында ақын өзінің әзәзіл тағдырынан оның кім екенін сұрағанда ол, «мен өмір-бақи зұлымдық жасағысы келгенімен, өмір-бақи тек игілік туғыза беретін құдіретпін» деп жауап бермеуші ме еді. Мұқағалидың тағдыры оның жеке басы үшін ғана – трагедия, ал қарапайым халық, яғни мына біздер үшін – игілік. Егер тағдыр ақынды қинамаса, ауыр азаптарға салмаса, зар еңіретпесе біздің бәрімізді де ерекше елжіретіп, оқығанда есімізден тандырып жібере жаздайтын ғажайып жырлар Мұқағалидың жүрегін жарып шығар ма еді. Жарық дүниеге Мұқағалиды әкелген құдай ол туғанда ақындық тағдырын да онымен бірге жаратты. Ұмытпасаңыз, Мұқағалидың «Бесік балағындағы жылан» поэмасында бұл көрініс жыланның символдық белгісімен әдемі суреттеледі.
Қызылшақа сәби Мұқағалиды шешесі ұйықтатып, бесікке бөлеп, керегеге сүйеп, жылғадан су алуға кетіп қалады. Әжесі де тезек теруге кеткен. Күлуге де, қуануға да мұршасы жоқ әкесі шөп шауып жүр. Әлдебір уақытта шешесінің құлағына нәрестесінің шырылдаған үні естілгендей болып, жүрегі су етіп, бәрін тастап үйіне қарай жүгіреді. Жүрегін ұстап үйіне жетсе, затын бөтен шошырлықтай дәнеңе жоқ. Сәбиі томпиып, қаннен-қаперсіз бесікте тәтті ұйқыда жатыр. Бір уақытта ине-мұрты танауына шаншылған ала мысық үдірейіп, бесікке қарап бырылдап, қоя береді. Сол кезде ғана анасы тал бесіктің балағында оралып жатқан қарашұбар жыланды көреді. Қапелімде не істерін білмей, зәре-құты қалмаған анасының сәбиін бесіктен шешіп алуға да дәрмені болмай қалады. Дәл осы сәтте үйге әжесі кіріп келіп, ақынның анасы оған ымдап бесіктегі әбжыланды нұсқап көрсетеді. Әжесі болса немересінің тірі қалғанына көзі жеткен соң, жыланды қысқашпен ұстап алып, дұшпанының аузына сүт тамызып, өлтірмей жөніне қоя береді.
Дастандағы бесік балағындағы жылан ақынға тұңғыш рет жолыққан тағдырдың символдық көрінісі. Ең алғаш ол тағдыр ақынға жылан кейпінде жорғалап келді.
Мен жатыппын есен-сау бесігімде,
Алда болып ажалым, несібем де.
Титтей-титтей қырық күн сығалапты.
Қырық жамау құрым үй тесігінде.
Әлде сақтап, періштем қақты ма екен?!
Әлде қорғап мысығым жатты ма екен?
Әлде менің дұшпаным өзі қорқып,
Менен келіп қорғаныш тапты ма екен?!
Неге менің үйіме төте кірді?!
Бесігіме неліктен көтерілді?!
Неге мені шақпады?!
Сезді ме әлде?!
Мен өзіне жау емес екенімді.
Қарашұбар жылан қалпындағы тағдыр кейін Мұқағалиға адам кейпінде жолығып, кездескен кезде талай рет ақынды аямай шақты. Шындығында тағдыр дегеніміз көзге көрінбейтін құбыжық емес - дәл өзіміз сияқты адамдар ғана. Ақынның қиналған сәтінде көмектеспеген, өміріне қарайласпаған – замандастары, жүрегін жаралаған –сыншылары, маңдайынан сипамаған –достары, талантын бағаламаған, құрметтемеген, қадірін кеш білген – жұрты, алақанына салып, аялай алмаған – қазақтар.
Әр ақынның өз тағдыры бар. Махамбеттің басын кескен –жауыздар, Абайды сабаған – қасиетсіздер, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Әлихандардың басын жұтқан – жалмауыздар, күні кеше ғана Алтынбекті өлтірген – опасыздар... Бұлар да тағдырлар.
Бетпе-бет келгенде сол тағдыр Мұқағалиды зар жылатты. Дегенмен ақынның көзінің жасын жауын қылып, қайта-қайта ботадай боздатқанымен еш уақытта да Мұқағали ұлы өлеңді тағдырынан өш алудың құралына айналдырған жоқ. Өмірінің соңына дейін ол замандасы Фаризаға арнаған өлеңіндегі «өлтірсең де көмбеймін жырды құмға» деген уәдесін бұзбаған Мұқағали болып қалды. Сөзімізге сенбесеңіз, Мұқағалидың жырларын оқып көріңіз. Ақынның шалқар поэзиясынан замандастарын қарғап-сілеп жазған бір өлеңін таба алмайсың.
Қайта керісінше, әр кездескенде ақын тағдырын аяп, таңдайына ақ құйып, жолға салып жіберіп отырды. Басқаша сөзбен айтқанда тағдыр ақынды қыспаққа салған сайын Мұқағалидың жүрегінен бұрынғыдан да сұлу, бұрынғыдан да керемет, адамгершіліктің әдемі сәулесіндей жарқыраған ғажайып жырлар туа берді. Ақыр соңында ақын өлгенде тағдырдың өзі оны жоқтап жылады.
Мына дүние зұлымдық пен мейірімділіктің бітіспейтін майданы. Екі аяқты пендесін Алланың түзу жолына салғысы келетін Құдайға қашан да қиын. Өйткені ол зұлымдыққа қарсы алаяқтық, екіжүзділік, опасыздық, сатқындық сияқты оның қаруымен күресе алмайды. Ондай қаруды қолына алса Құдайдың өзі зұлымдыққа айналады. Ұлы Жаратушының зұлымдықпен күресетін жалғыз ақ қаруы бар – жүректің сәулесі. Ол жүрегінде сәулесі бар - кемеңгер. Ол жүрегінен имандылықтың нұры шашыраған – ғалым. Ол жүрегі от болып жанған – ақын.
Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев жүрегі от болып жанып, миллиондаған оқырмандарының жанына адамгершіліктің шуағын шашқан, Құдайдың халыққа сыйлаған сұлу сәулесі еді. Ендеше дәл осындай Жердің ғажайып сәулесінің мәңгілікке сөнуі қалайша мүмкін болмақ? Сене алмаймын, оған.
Мұқағали өлген жоқ. Ақиқатында Алла-Тағала - көзі тірісінде халық қадірін білмеген, адамдар бағалай алмаған, тағдыр аямаған Жердің таңғажайып сәулесін, баршамыздың көзімізді қызықтырып, жарық күндей жарқыратып, аспанға апарып жағып қойды.
Амангелді Кеңшілікұлы