Қазақстан Республикасының 2018 жылғы Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының иегерлеріҚА...
Жамбыл Жабаевтың шығармаларындағы «Әке» образы
Жамбыл Жабаев – қазақ ақыны, қазақ әдебиетінің біртуар перзенті һәм тұлғасы. 28 ақпан 1846 жылы Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етігінде дүниеге келген. Ғасыр жасаған Жамбыл туралы айтылған, айтылатын аңыздар мен тарихи дәйектердің тізімі де мол. Оның шын, жалғанын оқырман тек ақынның жырларынан ғана іздейді.
Ж. Жабаев поэзиясының әлемі - нұрлы, достық махаббатқа бай, кейде қайратты, өктем, кейде нәзік те көркем әлем. Бұл әлем соншалықты кең, ол өз бойына биіктеулер мен құлдырауларды, өкініштер мен қуаныштарды жинап, оқырманына ұсынады.
Жетісудің дүлділі Сүйінбайдан жас күнінде-ақ бата алған Жамбыл ақынның бойында өлеңнен өзге өнер түрлері жетерлік болған. Ол әуелетіп ән шырқағанда да алдына жан салмайтын. Қазақ пен қырғызға аты бірдей танылған Жамбыл Жабаевтың алғашқы жырлары патша өкіметінің зорлық-зомбылыққа қарсы көзқарастарынан туындады. «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» секілді жырлары сөзімізге дәлел. Демек, Жамбылды да ақын еткен қоғамдағы әділетсіздіктерге деген ішкі жан айқайы деп айтуға құқылымыз. Тек өмірінің соңғы кезеңдеріне қатысты түрлі тарихи деректерді көріп, пікіріңізді өзгертуіңіз де мүмкін. Бірақ бастысы тек нәтиже де ғана емес екенін ұмытпаңыз.
Бүгінгі зерттеу объектіміз ретінде біз Жамбыл Жабаев поэзиясындағы «Әке» образына тоқталмақпыз. Ақын поэзиясындағы «Әке» образын біз үшке бөлеміз:
- Бала Жамбыл;
- Әке Жамбыл;
- Баласын жоғалтқан әке Жамбыл.
Біздің айтарымыз Жамбыл Жабаев поэзиясындағы көп қырлы әкелік таным мен түсінік. Ақын шығармаларындағы өткеннің елесі мен ертеңнің келбеті балалық және әкелік көзқарастарда түрлі лирикалық образдар ұсынады. Бұл образдар оқырманға адам жанының қатпарларына үңілуге мүмкіндік жаратады. Жамбыл ақынның поэзиясы туралы сөз қозғалғанда, оның ақын ретіндегі әлеуметтік позициялары мен айтыстарындағы сөздік қолданыстары ғана көбірек көзге түседі. Бірақ кез келген қаламгердің ең елеусіз жырларында өзінің шынайы болмысы, өмірге деген сүйіспеншілігі мен қарсылықтары жасырынып жататынын ұмытпауымыз керек.
Бала Жамбыл әкесіне қандай ұл болды? Бұл сұраққа жауап беру үшін «Әкеме» атты өлеңге назар аударалық.
Сертінің ұрлап қара атын,
Жазықсыз киып қанатын,
Жапанда жаяу қалдырып,
Жайым жоқ қарғыс алатын.
Ел арасын егер қып,
Ойым- жоқ шұрқан салатын.
Қоныстан елді бостырып,
Неміз бар енді шабатын!
Өлең мен сөзді дос қылып,
Құрамын ақын санатын!
Бала Жамбылдың әкесіне шерткен сыры ма дерсіз немесе оның алдындағы қарызын өтеуге тырысқан бала ақынды көресіз. «Жапанда қиып қанатын, Жайым жоқ қарғыс алатын» деп ол әкесіне өмірлік мақсатын айтып отыр. Өз сөзі арқылы тек әкесіне ғана емес, замандастары атынан үлкен буынға үн қатқанын байқаймыз. «Қоныстан елді бостырып, Неміз бар енді шабатын! Өлең мен сөзді дос қылып, Құрамын ақын санатын!» ал мұндағы тармақтардан тек баланың сөзін ғана емес, елдің жағдайын ойлаған азаматтың, өнер, өлең жолын қуған ақынның болмысын көреміз. Расында, өз кезеңінде «Қоныстан елді бостырып, Неміз бар енді шабатын» деуі арқылы биік пен билікке ұмтылғаннан ешқандай мән жоқ екенін ашық жырлап отыр. «Өлең мен сөзді дос қылып, Құрамын ақын санатын» деп әкесіне өзінің өнер жолын таңдағанын нақты айтып отыр. Тек өлең арқылы бір мәнге жететінін бала Жамбыл ерте баста ұғынғаны қуантады. Демек бала Жамбыл Өлең жолына бабалар аманатын арқалап осылайша аттанды...
«Әсілі, балаға әкеден артық қорған жоқ»
З. Фрейд
Әке Жамбыл қандай болды? Бұл сұраққа тағы да өлеңдеріне үңіліп жауап іздейміз.
Сойған түлкі секілді
Сатышым жүр ырсыйған.
Тұрабымның тұрпаты —
Бұқашадай тырсыйған.
Аққулыға қарасам —
Ішін алған торанғы
Қызық көріп балаша
Отырамын соларды.
Жау-жапырақ секілді
Жартыбай жүр қаудырлап.
Мазамды да кетірді
Сөз сөйлесе саудырлап...
Құйымшағы бүріскен
Нағашыбек ешкідей.
Жымың-жымың күліспен
Жүре беред естімей.
Бәрі маған аян ғой,
Айта берсем тағы да.
Бірақ өліп қалам ғой
Мен солардың «бағына».
«Соған түлкідей», «Бұқашадай тырсыйған», «Ішін алған торанғы», «Жау-жапырақ Жартыбай» және т.б теңеулер арқылы Әке Жамбыл балаларға көз салады. Түрлі юморлық теңеулермен оларды еркелете отырып, қазақ халқының бойындағы балаға болған сүйіспеншілікті көрсетеді. «Бәрі маған аян ғой, Айта берсем тағы да. Бірақ өліп қалам ғой, Мен солардың «бағына»». Балалардың бағы үшін құрбан болуға дайын әкенің образы Зигмунд Фрейд айтқандай – ұрпақтың ең үлкен қорғаны. Қазақ халқының да «Әкені – асқар тауға» теңейтіні де осыдан... Демек, әке – қорған, асқау тау. Бұл Жамбыл ақынның шығармаларындағы «Әке» образымен үндес екеніне көз жеткіздік.
Жамбыл Жабаевтың поэзиясындағы «Әке» образын тану барысында жалпыадамзаттық құндылықтармен қатар ұлттық құндылықтардың бірлесе оқырманға ұсынылғанын және бұл құндылықтар тоғысқан тұста мәңгілік өмір сүретінін айта аламыз.
Әр жастың өз Жамбылы бар, себебі Жамбылда жас жоқ. Ол кез келген дәуір ұрпағының замандасына айнала алады. Әрине, бәлкім оның саяси, пафостық одалары ертең ешқашан оқылмас, бірақ оның да шығармаларында шындыққа ұмтылған автордық көркем әлемі мәңгі сақталады. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» деп Сәке Сейфуллин айтқандай, ақын әлемін басқа қырынан тануға ұмытылуымыз керек. Жамбыл Жабаевтың шығармашалығы мен болмысын тану барысында ақын туралы айтылған пікірлерге жүгіндік. Олардың ішінен Әбіш Кекілбаевтың төменде айтқан пікірі жан жүрегімізден ерекше орын алды, ақынды бізге таныта тұскендей болды.
«Ғасырға жуық ұзақ ғұмырында ол екі дәуірдің, көптеген әлеуметтік дүмпулердің куәсі болды, өмірдің ауыртпалығы мен тіршілік қуаныштарын да бір кісідей бастан кешірді, кедеймін деп мойыған жоқ, болдым-толдым деп тасыған жоқ. Жағымпаздық пен өтіріктің құнын жақсы білген Жамбыл ешқашан байлыққа да бас иіп көрген емес. Басқаның қасіретін терең қабылдап, зұлымдықпен де аяусыз күресті. Ақындар айтысында оған ешкім тең келе алған жоқ. Жамбылдың домбырасы – Жетісудың жан-жүрегі мен айдай ақиқаты еді.
Ол өзінің көп достары мен туыстарының қазасын көрді, кешегі соғыс қасіреті жүрегін тілгіледі. Тек алмастай айбарлы сөз ғана онымен өмір көшінің соңына дейін бірге болды, мәңгі өлмес топырағы ғана оны бауырына басып, алыстарға бастай берді».
Жетісудың жан-жүрегі мен айдай ақиқатына айналған Жамбылдың домбырасы, оның үні мен жырлары ғасырлардың қойнауында мәңгі қайнап жатқандай. Ет жақындарын көп жоғалтқан Жамбылдың өміріндегі ең үлкен қасіреттің бірі, ұлынан, Алғадайынан айырылуы еді. Яғни, «Әке» образы енді оның жырларында «Ұлынан айырылған Әкеге» айналды. Бірақ ол жырлары арқылы халықты ерлікке, өрлікке, бірлікке, ізгілікке шақыра білген. Осының нәтижесінде ол оқырманының әр біріне әкелік жасай алады.
«Сен өз ұлыңды тәрбиелеу арқылы, оның ұлын тәрбелейсің»
Талмуд
«Алғадай туралы әр бір ой»:
I
Түне күнгі кеткеннен
Ғали жаңа келдің бе?
Алғадайдың мүрдесін
Жол-жөнекей көрдің бе?
Топырағың торқа боп,
Тыныш ұйқта дедің бе?
—Қалай қыйып қалдырдың
Қарт әкеңді еліңде?
Елжірейді өзегім,
Ауырады белім де...
Қаза болып көзелім,
Халім қыйын менің де.
II
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сары-Арқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәріп адамға.
Күнде үйімде күңренем
Көзіме жас алам да.
III
Құр сүлдерім, есім жоқ,
Жүріп тұрған десім жоқ.
Деп қараймын сәбиге:
«Игіліктің кеші жоқ!»
Бала қалды жетім боп,
Келін қалды жесір боп,
Біздей кәріп кісіге
Көз салыңдар есіркеп.
IV
Темір өзек пенде жоқ,
Өлмес адам елде жоқ,
«Орынсыз деп өлімі»,
Ондай ойлау менде жоқ.
Көп жайланған жабының
Жал-құйрығы сұйылар...
Сол сыяқты Жамбылдың,
Жұқарыңқы түрі бар.
Көңілі бос — кәрінің,
Көкейлерің ұғынар,
Көтермей жан жалынын,
Көзден жасы құйылар.
Қартайған шағында ұлын жоғалтан әкенің мұңы кез келген заманда, кез келген оқырманды бей-жай алдырмайтыны шын. Себебі, «Әке» деген сөздің мәні мен мазмұны тым тереңде. Әке – ер адам, ұрпақ жалғастырушы, құрмет мен сыйдың иесі, көшбасшы, қорған, әскер. Жалпы әке деген сөздің мәні әркім үшін әрқалай. Бастысы, ол біздің өміріміздегі ең ұлы адам. Дәл осындай қасиеттерге ие бола білген Әке Жамбылдың қасіреті оның поэзиясынан ерекше аңғарылады. «Қартайып, қайғы ойлап, ұйқысы сергек» бола бастаған Жамбыл ақынның немерелерінің әкесі, келінінің жары, жұбайының перзенті, ал өзінің ұрпағынан айырылу оны тым қажытып жіберді.
Алғадайға арналған төрт бөлімнен тұратын жоғарыдағы жырында Жамбыл ақын бірінші бөлімінде-ақ ұлын жоқтап, Ғалиге мұң шағып отыр. Қартайғанда жалғыз қалған әкенің мұын... Екінші бөлімінде «Алатауды айналсам, Алғада йды табам ба» деп зарлаған ақын жүрегі оқырманымен тым жақындай түседі. Ал өлеңнің үшінші бөлімінде нмерелерінің әкесіз, келінінің жарынсыз қалғанын айтып тағы да сырын жалғай түседі. Тек өленің төртінші бөлімінде Жамбыл ақын «Темір өзек пенде жоқ, Өлмес адам елде жоқ, «Орынсыз деп өлімі», Ондай ойлау менде жоқ» деп өз-өзін жұбатып, өзіне өзі басу айтады. Осы арқылы да Жамбыл Жабаев оқырмандарына ер басына қандай күн туса мықты болу керегін ұғындырғандай.
«Әке» образы мен «Әкелік» екі бөлек әлем. Себебі, «Әке» болуға кез келген ер адам лайық, бірақ олардың бәрі де елге «Әкелік» жасай алмайды. Сіз шығармаларын оқып, айтқандарын бойыңызға сіңіре алған автор, қаламгер сізге «Әкелік» жасай алады деген сөз. Демек «Ғасыр ақыны» атанған Жамбыл Жабаев та көз қарасты кез келген оқырманына бүгін де «Әкелік» жасай алады. Оның барлық шығармашылығының өзегі де осы деп айта аламыз.
Азамат Айбаров