ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Qazaq kuresi ұлттық федерациясының президенті бо...
Бексұлтан Нұржеке-ұлы шынымен «ұрлықшы» ма?
«Ісің ақ болса – көпке сал»
Редакциядан: «Ісің ақ болса – көпке сал» деп, халық мәтелін көлденең тартып отырған жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев: «Ұлы көш» атты романыма жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы «жиендік» жасады», – дейді. Біз бұл сөзге таңырқаудан бұрын сенуге қиналатынымызды білдіріп, Рыскелдиевтің мақаласын бір жылға дейін редакцияның суырмасында әбден-ақ «сүрледік». Алайда автор талап етіп қоймаған соң, мемлекеттік сыйлықтың иегері, бүгінгі белді қаламгеріміз Бексұлтан Нұржекеұлына хабарласқан едік, төмендегі мақаламен танысқан «Әй, дүние-ай»-дың авторы «Ұлы көш» дейтін романды оқымағандығын айтты. «Мен ол кітапты оқымасам, оған қалайша «жиендік» жасаймын?» – деді Бекең. «Егер мен «Әй, дүние-айдағы» деректерді бір жазушыдан алған болсам, ол – Ілияс Жансүгіров болуы мүмін», – дегенді қосып айтқан Бексұлтан Нұржекеұлы Рыскелдиевтің жазбасына қысқаша жауап қайырғандай болды. Ал, жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев болса, мынандай уәж айтады:
2018 жылы 29 маусым күні Жазушылар одағында өткен әдеби жыл қорытындысында жазушы Нұрлан Қами «Әдебиет – халық қазынасы» деп аталатын прозалық көркем шығармаларға баяндама жасады. Ол бірнеше авторлардың өткен жылы жарық көрген кітаптарына қысқаша тоқтала келіп, менің «Ұлы көш» тетрологияма өзінің төмендегідей бағасын берді: «Өткен ғасырдың екінші жартысында өзіндік мектеп болып қалыптасқан қытай қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қазір елімізде тұратын Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Ұлы көш» атты төрт томдық романы халқымыздың тарихындағы осы бір қасіретті парақтардың көркем бейнесі деп қабыл алдық. 1916 жылғы Қарқара көтерілісін қан-жоса етіп басқан Патша әкімдерінің қорғансыз халықты жас-кәрі, әйел-еркек демей жаппай қырып салғанын, ол аздай мәйіттерді қорлағанын көркем прозада алғаш рет көрнекті жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлы осыдан екі жыл бұрын «Әй, дүние-ай!» атты романында ашына бейнелеп еді. Бұл романда да сол оқиға суреттеледі. Албан көтерілісінен кейін үдіре көшкен ел, екі шығарманың да бас кейіпкері әйел адам, екеуі де қартайғанда елге қайтып оралады. Екі кітаптың да оқиғасы соларды еске алу түрінде беріледі. Ерекшелігі – Бексұлтан ағамыздың романында оқиға ірі планда үлкейткіш әйнек арқылы бадырайтып көрсетілсе, Тұрсынәлі ағамыздың тетрологиясы – панорамалдық шығарма. Кіндік кесіп, кір жуған қасиетті туған жерді үстем ұлттың азарынан амалсыз тастап кетіп, жүз жылға жуық уақыттан кейін, қайтып оралған қазақ әулетінің бір ғасырлық өмірі жан-жақты, егжей-тегжейлі суреттелген. Оқиға желісі бүгінгі мен бұрынғыға кезек ауытқып, әр заманның шындығы сол қалпында көрсетіледі. Соның бәрі орталық кейіпкер – Ақтоты анаға қатысты баяндалады немесе сол кісінің көзімен беріледі » - депті баяндамашы Нұрлан Қами ініміз.
Нұрланмен сырттай таныстығым болмаса, араластығым жоқ еді. Әдеби жыл қорытындысы өткен күні мен Алматыда болмағанмын. Кейін Нұрланға қоңырау шалып: «Баяндамаңды оқыдым, «Ұлы көш» атты романыма берген бағаңа рахмет, інім! «Ұлы көш» романының бірінші кітабы 2001 жылы «Өлке» баспасынан, екінші кітабы 2003 жылы «Елорда» баспасынан, үшінші кітабы 2009 жылы «Өлке» баспасынан Үкімет тапсырысымен жарық көрген. Бұл роман Бексұлтанның «Әй, дүние-ай!» романынан оншақты жыл бұрын жарық көріп отырса, қалайша оның романы менің романымнан екі жыл бұрын шыққан болады? – деп едім, ол менің романымның Үкімет тапсырысымен бұрын жарық көргенінен хабарсыз екендігін білдірді. Үкімет тапсырысымен шыққан кітаптардың тиражы 2000 дана, ол негізінен кітапханаларға таратылып, авторға санаулы ғана кітап беріледі. Кітапханадан алып оқығандар болмаса, қаламгерлерлер мен оқырмандардың қолына кітап тимейді. Өзіме тиген кітапардан араластығым бар бірнеше жазушыға таратып берген едім. Солардың қатарында Бексұлтанға да «Ұлы көштің» бірінші, екінші кітабын бергенмін. Оны қарымды қаламгер деп танып, «Әңгіменің жүрегі» атты мақаламда, Бексұлтанның «Кәріс қыз» деген әңгімесін – жүрегі бар әңгімелердің қатарында бағалағанмын.
Нұрланның баяндамасын оқыған соң, аң-таң болып, кімге кінә тағарымды білмей, басым қатып, көп ойландым. Үндемей тастап қояйын десем, «Қазақ әдебиетін» мыңдағын оқырман оқиды, әсіресе, көзқарақты қаламгерлер мені қалай түсінеді? Кімнің аузын жабасың? Шынын айтқанда, баяндама бойынша – мен Бексұлтанның «Әй, дүние-ай!» романының сюжетінен, оқиғаларынан, детальдарынан пайдаланып, «Ұлы көш» романының төрт томын жазғаным айдан анық болып тұрмай ма? Мұны қаламгерлер тұрмақ, естияр бала да солай түсіне алады. Тегіннен-тегін қалайша әдеби сұғанақ атанамын? Кімнің кітабы бұрын шықты? Кімнің шығармасын кім пайдаланды? Бұған қайткенде оқырман қауымның көзі жету керек қой? Нұрлан Қамидың не жазығы бар? Ол баяндамасында айтпаса, мен Бексұлтанның романы қалай, қашан жазылғанын білмейтін де едім. Нұрланның қолына «Ұлы көш» романының бұрынғы шыққан нұсқасы тимегендіктен, кейінгі қайталай басылған төрт томдығы туралы баға бергенде, Бексұлтанның кітабы екі жыл бұрын шыққанын айтып, екі кітапты салыстыра отырып, әділ бағасын айтуға тырысқан. Мен Бексұлтанның «Әй, дүние-ай!» романының мемлекеттік сыйлық алғанынан ғана хабарым бар, кітабын маған бермегендіктен – романдарымыздың ұқсас болып қалғанын білмедім. Оқып көрейін деп, романын іздеп, әуре сарсаңға түсіп жүріп, ақыры кітапханалардын тауып оқыдым. «Әй, дүни-ай!» романы Бексұлтанның өзі басқаратын «Жалын» баспасынан басылған көп томдығының он төртінші томы екен Баяндамашы Нұрланның айтқанындай, ұқсастық айна-қатесіз бар екеніне оқыған соң көзім жетті. Ал енді төмендегі ұқсастықтарға ой жүгіртіп көрерсіздер, қадірлі қаламгерлер!
- «Ұлы көш» романындағы басты кейіпкер Ақтоты мен «Әй, дүние-ай!» романындағы басты кейіпкер Шәйінің портреті ұқсас: екеуі де кең қабақ, жазық маңдай, пісте мұрын, жайтаң көз, сүйрік саусақ, сүйкімді ауыз.
- «Ұлы көш» романындағы Ақтоты екіге жарылып, кей жерде өзімен өзі айтысады. «Әй, дүние-ай!» романынындағы басты кейіпкер Шәйі де екіге жарылып, өзімен өзі айтысады.
- «Ұлы көш» романындағы Рақымберген деген ұлт сатқыны, ол патша қырғынына қарсы тұрудан бас тартады да, көтерілісшілерді басқан жау жағына шығады. Ал «Әй, дүние-ай!» романындағы Рақымбай да сондай кейіпкер. Портрет, образ, харектрлер – тегіс ұқсас.
- Он алтыншы жылғы патшаға қарсы көтеріліс мезгілінде қазақтарды қолдайтын, қзақтың тілін, салт-дәстүрін білетін орыс кейіпкер екі романда да ұқсас жазылған.
- Патша әскері мен көтерілісшілердің шайқасы кезінде жамбасына оқ тұрып қалған батыр «Ұлы көш» романында жамбасындағы оқты қылышпен өзі тіліп алады. «Әй, дүние-ай!» романындағы батырдың жамбасына тұрып қалған оқты бір емші пышақпен тіліп алады. Екі романда да жаралы батырды атқа өңгеріп алып жүреді.
- Патша әскерлерінің қанды қырғынына қарсы шыққан батырдың жамбасына оқ тиген жерінен аққан қанды тоқтату үшін «Ұлы көш» романында құрым кигізді күйдіріп басады. «Әй, дүние-ай!» романында тоқымды күйдіріп басады.
- Тұтқындалған көтерілісшілердің бірі абақтыда жатқан Жәмеңке батырмен бірге болып, батырға у беріп өлтіргені екі романда да ұқсас баяндалады.
- Көтерілісшілер мен орыс әскерлерінің шайқасы кезінде босқан қазақтардың келіндері мен қыздарын отағасының көзінше зорлап, масқаралап, үйлерін өртеп кеткені де екі романда ұқсас көрініс тапқан.
- Босқындардың үңгірге түнеуі, ондағы қимыл-әрекеттер, жеген тамақтары да, екі романда ұқсас баяндалады.
- Қолға түскен көтерілісшілерді өлтіріп, аузына аталығын кесіп қыстырып кеткен жауыздық та екі автордың кітабында қатар тұр.
- Баланың артын пышақпен ойып, қинап өлтірген сұмдық та екі романда ұқсас айтылады.
- Шекарадан аман өткізіп бермек болып, босқандардың малын алдап та, зорлап та алып, қыздарын алып қашқан қалмақтардың әрекеті екі романда да бар.
- Өлтірілген әйелмен бірге тірі баласын қосып, жарқабаққа көміп кету де екі романда қатар тұр.
- Босқындар жолындағы өлген әйелдің емшегінен қан аралас сүтін еміп жатқан баланы ажыратып алып, атын Жолдыбай қойып алып кету «Ұлы көш» романында баяндалы. «Әй, дүние-ай!» романында жол бойында өліп қалған әйелге жабысып жатқан баланы босқындар ажыратып алып, атын Әмен қойып алып кетеді.
- «Әй, дүние-ай!» романындағы әнші Қапездің образы «Ұлы көш» романындағы кейіпкер Әсет Найманбайдың образымен ұқсас баяндалып, Қапез тәрбиелеген шәкірті Қаратайдың образы – Әсет баулыған Таңжарық ақынның образына ұқсап кетеді. Екі романда да өткен тойдың барысы ұқсас баяндалады.
- «Әй, дүние-ай!» романындағы Тазабек атты кейіпкердің анасы – «Ұлы көш» романының басты кейіпкері Ақтотының қартайған шағындағы немересін бағып, қалай ойнатқаны, тәрбие бергені, екі кемпірдің сөзі мен әрекеті аумайды.
- Отызыншы жылдары колхоздасу тұсындағы оқиға-детальдардың баяндалу барысы бір автордың қолынан шыққандай.
- «Ұлы көш» тетрологиясында Таңжарық ақынның айтқан әні де, жесір әйелге жазып берген жоқтауы да – елдің қайғы-зары екені баяндалса, «Әй, дүние-ай!» романында Қапездің айтқан әнін – ән емес, қайғы-зар делінеді.
- Босқындар қыстағы жұтта, ашығып қатқан тулақты жібітіп, жүнін алып тастап, қайнатып жегені екі романда да ұқсастық тапқан.
- Ашығып өліп, жол бойында беті ашық қалған мүрделерді босқындар бертін жасырып көміп кеткені де екі романда ұқсас айтылған.
- Көтерілісшілердің бірі қашып жүріп, бір бейтаныс отбасын паналайды, соңына түскен қуғыншы сол отбасына тінту жүргізеді. Бұл қимыл-әрекет те екі романда ұқсас баяндалған.
- Аштан өлген балалардың аянышты хәлі, соғыста жараланып кемтар болғандардың тағдыры да екі романда егіз көрініс тапқан.
- «Ұлы көш» пен «Әй, дүние-ай!» романдарындағы басты кейіпкерлері - Ақтоты мен Шәйінің ғашықтарынан қалай айрылып қалғандары да ұқсас баяндалады.
- Еркек пен әйел (қыз) төсектес болған кездегі қимыл-әрекет, қылықтары, сезімдері, диалог-монологтар екі романда да ұқсас суреттеледі. Ұқсастық осылайша жалғаса береді.
Баяндамашы Нұрлан Қами айтқан ұқсастықтар мұның сыртында. Бексұлтан екеуміздің арамызда ешқандай бақталастық, көре алмастық, мүдде қақтығысы болмаған. Мен оның Мемлекеттік сыйлық алғанына, басқадай марапатқа ие болғанына іштарлығым жоқ. Ол Сәбит Досанов сияқты менің екі романымның – «Тау тағысы» мен «Ұлы көш» тетрологиямның сюжетін қаз-қалпында пайдаланбаған, мен қалай жазсам, ол да солай жазбаған. Өзінің де жасампаздығы бар. Оқиға-детальдарды Сәбит сияқты обырлана көшірмеген. Оқиға-детальдардан пайдалана отырып, шеберлікпен өз тұсынан баяндаған. Мен енді Бексұлтанмен айтысып-тартысып, соттаспаймын. Ондай ойым жоқ. Ондайға баруға уақытым да, шамам да болмас. Тек қана кімнің романы бұрын жарық көрді? Ұқсастық болған екен, кімнен кім пайдаланды? Сол шындықтан оқырман қауым хабар тапса болғаны. Нақақтан Бексұлтанның «екі жыл бұрын шыққан» романына ұқсатып роман жазған автор болуға келісе алмаймын. Төрелігін қалың оқырман қауым бере жатар.
Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ, жазушы
«Қазақ әдебиеті» газеті, №17
Аталған мақаласында автор жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлы «Әй, дүние-ай» романын жазу барысында «менің «Ұлы көш» романымының кей тұстарына «жиендік» жасады» деп, екі шығармадан өзі байқаған ұқсастықтарды тізіп көрсеткен еді. Араға апта салып Бексұлтан Нұржеке-ұлынан жауап келді. Мархабат, біз екінші тараптың да уәжін жариялауды жөн көрдік.