Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету – мемлекеттің...
Елордада Шоқан Уәлихановтың өмірі мен мұрасына арналған кітап таныстырылды
Нұр-Сұлтан қаласында «Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
Жаңа кітап қазақтың ғалымы, саяхатшы, этнограф, ағартушы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына орай жарыққа шықты. Автордың айтуынша, туындыда бұған дейін көпшілікке белгісіз болған деректер берілген. Және ол кітапты жазу барысында Ұлттық ғылым кадемиясының кітапханасында, Ресейдің сыртқы саясат және мемлекеттік тарих мұрағатында көптеген зерттеу жүргізген.
«Бұл туынды да Шоқанның өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын-соңды жария етілмеген дүниелер бар. Оның архив және басқа да дерек көздерін зерттей келе анықтадым. Осы орайда Шоқанның өмірбаяны мен оның қалдырған мұрасы толыға түсті десем де болады. Әрине, Шоқан Уәлихановқа қатысты әлі де ашылмаған сыр мен дерек жетіп жатыр. Оған қатысты зерттелетін дүние көп. Мысалы, ғалымның қайтыс болған күніне қатысты әлі күнге дейін нақтылық жоқ. Бірде Әлкей Марғұлан Шоқанды өмір бойы зерттеу керек деген еді. Сондықтан да Шоқан тақырыбы қай уақытта да маңызды. Мен өз шығармамда Шоқанды ғалым, ағартушы емес қарапайым адам ретінде зерттеп, оның адамгершілік қасиетіне тереңірек тоқталып өттім. Толығырақ кітаптан оқып жатарсыздар деген үміттемін», - деді тарихшы, Шоқан туралы жарық көрген жаңа кітаптың авторы Жарас Ермекбай.
Автор қазақ ағартушысы жайлы мәлімет жинауға 25 жылға жуық уақытын жұмсаған және бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын айтты. «Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» атты кітаптың тұсаукесері елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өттін және оған қоғам қайраткерлерімен қатар ағартушы қауым өкілдері қатысты.
Айта кетейік, аталған туындыны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» институтының қолдауымен «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі басып шығарды.